Жұма, 26 Сәуір 2024
Мәлімдеме 2808 21 пікір 7 Қыркүйек, 2022 сағат 11:54

Тұңғыш Президент күні – мемлекеттік мереке емес

Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталады.

Депутаттар жыл сайын бірінші желтоқсанда аталып өтетін даталы күнді қарапайым күнге айналдыруды жөн көріпті.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына түзетулер енгізуге ұсыныс айтылды. Мәжілістің бейінді комитетінің қорытындысында анықталғандай, құжатта депутаттар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 маусымдағы Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау үшін "ҚР-дағы мерекелер туралы" ҚР Заңына бірқатар түзетулер енгізген.

Олар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 маусымда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау үшін "ҚР - дағы мерекелер туралы" ҚР заңына мынадай түзетулер енгізді: 25 Қазан ұлттық мереке – Республика күні болып белгіленсін; 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленсін, - деп жазылған құжатта.

Бұдан басқа, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнін мерекелеуді Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні және басқа да қоғамдық маңызы жоғары өзге де күндер сияқты, оны мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастау ұсынылған.

Тұңғыш Президент күнін Қазақстанда 2012 жылдан бастап мемлекеттік мереке ретінде атап өтеді.

2011 жылы 10 желтоқсанда ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" ҚР Заңына толықтырулар енгізу туралы" Заң қабылданды.

"1-бап. "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңына мынадай толықтыру енгізілсін: 3 – бап мынадай мазмұндағы тоғызыншы абзацпен толықтырылсын: "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні-1 желтоқсан".

2 бап. Осы Заң қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі",-делінген құжатта.

Жылда қазақстандықтар мерекеге орай бір күн демалыс алады. Телеарналар Назарбаевтың өмірі мен оның президенттік уақыты туралы фильмдерді көрсетеді. Күні бойы бүкіл ел бойынша Қазақстанның ұлттық-мәдени құндылықтарына арналған іс-шаралар өтеді. Атаулы күні туған сәбилерге сыйлықтар таратылады.

Осыдан тура 31 жыл бұрын - 1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстанда алғашқы президенттік сайлау өтіп, мемлекет басшысы болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланған болатын.

Abai.kz

21 пікір