Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3416 0 пікір 22 Желтоқсан, 2012 сағат 06:17

Шегiнетiн жер қалған жоқ! Артымызда – ...

Ресей заң қабылдады. Ендi бұдан былай Ресейге қоныс аударып барғандардан, уақытша жұмыс iстеуге келгендерден және т.т. орыс тiлiн бiлу талап етiледi. Орыс тiлiн бiлмейсiз бе, сiз үшiн Ресейдiң есiгi тарс жабық.

Ресей заң қабылдады. Ендi бұдан былай Ресейге қоныс аударып барғандардан, уақытша жұмыс iстеуге келгендерден және т.т. орыс тiлiн бiлу талап етiледi. Орыс тiлiн бiлмейсiз бе, сiз үшiн Ресейдiң есiгi тарс жабық.

Орыс тiлiн бiлмейтiндер үшiн арнайы курстар (үш айлық, жетi айлық, сегiз айлық, бiр жылдық) ашылды. Курсты бiтiргеннен кейiн мiндеттi түрде емтихан тапсырасыз. Емтиханнан қанағаттанарлық баға алсаңыз ғана сiзге Ресейдiң қақпасы ашылады. Мұның бәрi не үшiн? Орыс тiлiнiң беделiн көтеру үшiн. Орыс тiлiнiң мәртебесiн онан әрi биiктету үшiн. "Тiлдiң мәртебесi" дегенiмiзден шығады, жақында Германияда мынадай оқиға болды. Германияда 4 миллионға жуық түрiктер тұратыны да белгiлi. Осылардың iшiнен бiр әйелдi Германия үкiметi Түркияға қайтарып жiбердi. Неге? Сөйтсек, бұл әйел немiс тiлiн бiлмейдi екен. "Маған немiс тiлiнiң не керегi бар?! - деп зар жылады егде тартып қал­ған әлгi әйел, - Мен ертелi-кеш үйде отырамын. Үй шаруасындағы әйелмiн. Керек десеңiз, көшеге де шықпаймын. Күйеуiм, балаларым жұмыс iстейдi. Мен тек үйдiң төрт қабырғасын күзетiп, кiшкентай немерелерiме бас-көз боп отырамын...". Немiс үкiметi илiкпедi: "Немiстiң елiнде, немiстiң жерiнде тұрсыз ба, немiстiң тiлiн бiлуге мiндеттiсiз!". Бұл да немiс тiлiнiң беделi мен мәртебесi үшiн жасалып отыр. Қош, Ресей жоғарыдағыдай заң қабылдады. Ал бiз неге осындай заң қабылдамаймыз? "Ойбай-ау, қазағыңның тең жартысы қазақша бiлмейдi, мұндай заңды қалай қабылдайсың?!" дейдi бiрсыпыра азаматтарымыз. Бiздiңше, қабылдау қажет. Ештеңеге қарамастан! Ешкiмге жалтақтамастан! Өз елiн, өз тiлiн құрметтей бiлетiн мемлекеттердiң баршасы да осындай заң қабылдаған және қабылдап отыр. Қазақ тiлiнiң беделi мен мәртебесi үшiн бiз де бұл заңды қабылдауға тиiспiз. Өйткенi шегiнетiн жер қалған жоқ! Артымызда - құлама жар, терең құз! Ендi шегiнсек, ендi көткеншектесек (әдеттегiдей), терең құзға құлаймыз! Қазақ тiлiнен бiржолата айырылып қаламыз...

Әмiр Нұртайұлы.

"Жас Алаш" газеті

 

0 пікір