Жұма, 26 Сәуір 2024
Ел іші... 2892 6 пікір 25 Тамыз, 2022 сағат 15:34

Шенеуніктерді шаршатқан халық па, жүйе ме?

Президент Тоқаевтың билік пен халықтың арасын жақындатуды көздейтін «Еститін үкімет» жобасының мәнін шенеуніктер әлі күнге дұрыс түсінбей, түсінсе де ескі әдеттеріне басып, бойына сіңіре алмай келе жатқаны анық байқалады. Үзеңгі бауы алты қарыс атқа мінерлерге қаралы қаңтар оқиғасы да сабақ болмаған сияқты. Ел іші бүлінген сол алмағайып кезде Алматы обылысының әкімі Қанат Бозымбаев ереуілшілерге боқтық сөз айтып есте қалса, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ереуілшілердің де, елдің де алдына шықпай, қатаң сынға ұшырап еді. Нәтижесінде лауазымынан босатылып, орынын Ерболат Досаев басқан. Досаев келе сала сенбілікке қатысып, тал егіп, жаңа қырынан көріне бастаған. Кешегі қала халқымен кездесуінде ашуға бой алдырып, соның бәрін селге кетірді.

Алматыдағы қымбат ресторанда ұлының тойын дүркіретіп өткізген Қызылорданың жаңа әкімі Нұрлыбек Нәлібаевке қарағанда Республикамыздағы ең ірі мегаполис саналатын Алматының тізгінін ұстаған Досаевтың арқалаған жүгі де, мойнына алған жауапкершілік те салмақты екені белгілі. Оңтүстік астанамызға Тоқаев тілге тиек еткен «Ұятсыз блогер», «Жағымпаз зиялылар» мен саясатсоғарлар топтасқан. Қазіргі күнде қымбатшылыққа ұрынып, тапқанын тамағына жеткізе алмай отырған ашулы жұрттың көңілін табу Досаевқа ғана емес, елордадағы ақжағалыларға да қиын соғып тұр. Президент жақында ғана үкіметтің атқарған жұмысына көңілі толмайтынын айтып, бірнеше министрге сөгіс жариялады. Бақыт Сұлтановты лауазымынан босатты.

Досаевтың қала тұрғындарымен кездесуінде айтқан: «Барахолка менің құзырым да емес», «Сізбен сотта кездесемін», «Арызыңызды менің қасымдағы прокурорларға қалдырыңыз», «Сіздің талабыңызды орындау үшін қолданыстағы заңды өзгертуге тура келеді» деген сөздерінен халықтан емес, ескі жүйеден, өнімсіз жұмыс тәсілінен, бұрыннан қордаланып қалған мәселелерден әбден шаршағаны аңғарылады. Жүйкесі сыр берген шенеунік жалғыз Досаев емес екені мәлім. Оның алдында Мәдениет және Спорт министрі Дәурен Абаев та ел руханиятына қатысты орынды пікір айтқан ақсақалдарға қисынсыз сөз айтып, қыңыр мінез көрсеткен. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым мырза да әріптесі саясаттанушы Досым Сатаевқа шүйлігіп: «Бір-екі күн құжатпен айналысып көр, әуселеңді көрейін» деген мазмұнда сөз айтқан. Ашық айтпағанмен оның да қағазбастылықтан әбден қажып, баяғы «Басы бос» опозиция кезін аңсап жүргені сезіледі.

Көпшілікке жүгіріп жүріп қызмет көрсетуге тиіс шенеуніктердің халық алдында өзін асқақ ұстауының түп-төркіні әкімді халық дауыс беріп сайлайтын емес, жоғарыдан тікелей тағайындайтын ескі жүйеде жатқаны ақиқат. Шын мәнінде шенеуніктердің соңғы уақыттағы халық алдындағы сабырсыздығы, өзін ұстай алмай, дүрсе қоя беруі елдің экономикалық, әлеуметтік ахуалының мүшкіл екенін, түйінді мәселелердің шешілудің орнына күрделіленіп бара жатқанын көрсетеді. Оны шешудің ұтымды жолы бұрынғыдай кадр ауыстыру емес, батыл саяси реформа екені айдан анық.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

6 пікір