Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Жаңалықтар 15441 0 пікір 14 Желтоқсан, 2012 сағат 07:38

Роза Бағланова: «Қазақтың әнін, ұлттық киімі мен салт-дәстүрін өмір бойы серік еттім»

Ән мен сұлулық бәйгесінің тәжін қоса киген алаштың ай маңдайлы аруы, жер шарындағы ең әдемі әйелдердің бірі, Ұлыбританияда өтетін жыл сайынғы «Әлемнің әйгілі әйелдері» атағын алған мега-жұлдыз, қазақ  ханымы Роза Бағланова өмірден озғанына екі жыл болды. Жаратқан оған талант, ұзақ, бақытты өмір берді.

Бұл сұхбат-портрет 1992 жылы «Қазақ теледидары» мен «Оcтанкино» арналарынан көрсетілген Роза Тәжібайқызының 70 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған «Содружество» бағдарламасымен «Семь встреч в Алма-Ате», «Ах, Самара-городок», және «Айналайын халқымнан еркелеткен» деректі хабарларынан эфирге берілмей қалған, әншімен журналисттің бірнеше мәрте кездесу  барысындағы сақталған естеліктері (бейнетаспадан қағазға түсірілген нұсқасы) алғаш рет жазбаша жарияланып отыр.

Роза Бағланова 1922 жылы Сыр бойы Қазалы өңірінде дүниеге келген.1939 жылы Қызылорда педагогика институтына түседі, тұрмыс жағдайына байланысты 1940 жылы Ташкент тоқыма институтына ауысады.1941жылдан Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші-солистік қызмет атқарды. 1949 жылы ғана елге оралады. Бағланова - туа біткен дарын иесі, талантты әнші. Оның орындауындағы әлем халықтары әндерін тыңдау ғажайып ләззатқа бөлейтінін әлденеше  ұрпақ әлі талай жылдар есіне аларына күмәніміз жоқ.

Ән мен сұлулық бәйгесінің тәжін қоса киген алаштың ай маңдайлы аруы, жер шарындағы ең әдемі әйелдердің бірі, Ұлыбританияда өтетін жыл сайынғы «Әлемнің әйгілі әйелдері» атағын алған мега-жұлдыз, қазақ  ханымы Роза Бағланова өмірден озғанына екі жыл болды. Жаратқан оған талант, ұзақ, бақытты өмір берді.

Бұл сұхбат-портрет 1992 жылы «Қазақ теледидары» мен «Оcтанкино» арналарынан көрсетілген Роза Тәжібайқызының 70 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған «Содружество» бағдарламасымен «Семь встреч в Алма-Ате», «Ах, Самара-городок», және «Айналайын халқымнан еркелеткен» деректі хабарларынан эфирге берілмей қалған, әншімен журналисттің бірнеше мәрте кездесу  барысындағы сақталған естеліктері (бейнетаспадан қағазға түсірілген нұсқасы) алғаш рет жазбаша жарияланып отыр.

Роза Бағланова 1922 жылы Сыр бойы Қазалы өңірінде дүниеге келген.1939 жылы Қызылорда педагогика институтына түседі, тұрмыс жағдайына байланысты 1940 жылы Ташкент тоқыма институтына ауысады.1941жылдан Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші-солистік қызмет атқарды. 1949 жылы ғана елге оралады. Бағланова - туа біткен дарын иесі, талантты әнші. Оның орындауындағы әлем халықтары әндерін тыңдау ғажайып ләззатқа бөлейтінін әлденеше  ұрпақ әлі талай жылдар есіне аларына күмәніміз жоқ.

Аты аңызға айналған ханыммен дидарласу бала кезімнен бергі арманым еді. Себебі, әнші жайлы ата-анамнан көп естігем. Роза Тәжібайқызы елуінші жылдары Аралға ән сапарымен келгенде біздің үйде қонақта болған. Анамның айтуынша содан бері әкем әншіге ғашық екен.

...Cәті түсіп, әкем ғашық болған, әлемді тамсандырған хас сұлудың алдында қобалжып отырдым. Әйгілі әншінің дидарына қараған сайын ажарына көз тоймайды. «Сонда бұл кісі жас кезінде қандай болды?»,- деген пенделік сауал көмейімде кептеліп еді. Мінсіз ажар мен жайнаған жанарынан көз алмайсың. Бірақ ән мен сәннің Розасы 70-ке толады (1991 жыл. Қараша  айы. Журналист дәптерінен.)


-Роза Тәжібайқызы, әлемді түгел араладыңыз. Қай мемлекеттің ілтипатын бөле-жара еске аласыз?

- Жер бетінде мен бармаған ел, ән айтпаған сахна аз шығар. Қай елге барсам да, сол елдің бір әнін үйреніп қайтатынмын. Чехословакия сапарында бір қарт адам іздеп келді. Өзін Новакпын деп таныстырды. Қолында менің суретім басылған журнал мен раушан гүлдестесі бар. Новак журналдағы жазуды «ақ маңдай, қарақат көз деп сыйпаттаған екен»,- деп аударды.Ол: «Қызым, даусыңды жұрт ерекше деп мақтайды. Мынау - менің халқымның әні «Биле-биле». Достығымыздың белгісі болсын, өз еліңе ала бар» деп, ән жазылған күйтабақты ұсынды. Әнді ақсақалмен қосылып бірнеше рет қайталап айттым. Ертеңіне «Биле-биле» әнін словак тілінде концертте орындадым. Көрермендер қошемет білдіріп, залдағы халық маған бірнеше мәрте қосылып, сахнадан жібермей қойды. Мен айтып жүрген «Биле-биле» словак полькасының тарихы осылай еді. Сол сапарда Прага мен Вена қалаларында менің екі метрлік биік портретім  ілініп тұрды. Венадағы кезекті концерт аяқталған соң 5-6 жастар шамасындағы бала мен жас әйел сахнаға көтеріліп, маған баланың салған суретін ұсынды. Ол менің суретім еді. Әйел былай деді: «Балам көшеге ілінген сіздің суретіңізді көріп, маған балмұздақ әперме, мені мына тәтенің концертіне апар деп, сіздің афишадан көрген суретіңізді салды. Сізге ескерткіш болсын»,-деп суретімді сыйға тартып еді.

Америка  сахнасында 1957 жылы ән айттым. Кеңестер елінен келген әншiлердiң құрметiне дастархан жайылды. Мен қонақасы кешіне қазақтың ұлттық киімін киіп кіріп барғанымда мені көре салып, 100 шақты музыкант «Ах, Самара-городокты» құйқылжыта тарта жөнелді. Оркестрге қосылып, әндi орысша, ағылшынша, французша орындап шықтым. Американың зиялы қауымы айрықша ілтипат көрсетті.

- Жетпісінші жылдары орыс әншілері « Батыста Роза Бағланованы экзотика деп қарайды» деп айтып қалыпты. Шындығы қалай еді?

- Мен қайда жүрсем де, қазақтың әнін ғана емес, қазақ қыздары киген ұлттық киімі мен салт-дәстүрін де өзіммен бірге өмір бойы серік еттім. Кезекті бір сапарымда Ұлыбритания еліндегі әйел басшының бірі (Елизавета патшайым болар.-автор) «Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады», - дегені бар. Сол жолы «Киіміне қарай қарсы алып, ақылына қарай шығарып салады» деген сөздің мағынасына көзім жетті. Сапарларда  қасымда орыстың әнші  қыздарынан гөрі маған айрықша ықылас танытты. Өзге елдің сахнасына шыққанда, Сырдың ерте көктемдегі қызғалдағын теріп жүргендей шаттанатынмын. Киімдерді Орталық Комитеттің тапсырмасымен арнаулы шеберлер тігетін. Бірақ түсін, үлгісін өзім таңдадым. Өздерің көрсеткен киноархивтегі москвалық операторлар түсірген көріністе сол көйлекті киіп талай ән айттым.

- Әлемнің қай шаһары сізге айрықша шабыт беретін?

-Алматы.

-Сізден шет елдік журналистер не туралы сұраушы еді?

-КСРО-ның заңы қатал. Сауалдар шектеулі. Бізді орыс деп қабылдайды. Бар білгенімше қазақ деген ел барын айтуға тырысып бағам. Бірде  «Қазақтың қыздары сіздей көрікті ме?»,-деп сұрады журналистер. Мен Қыз Жібек, Баян сұлу, батыр Мәншүк, Әлияларды айттым. Және Қыз Жібектің тарихи отанынан болатынымды да мақтанып айтып қалдым. Аудармашының Қыз Жібек, Ромео мен Джульетта  деген сөздерін ғана түсіндім. Мен басымды изедім.

- Сіз жоғарыда: «Мен қазақтың әнін ғана емес, қазақ қыздары киген киімі мен салт-дәстүрін де өзіммен бірге өмір бойы серік еттім», - деп айттыңыз. Ежелден еуропалықтар «киімге қарап бағалайды», олар  таңданатындай қандай  киімдер кидіңіз, киімдерді кім таңдаушы еді?

- Будапештке барғанда үлбіреген дүрия жібектен тігілген көйлек кидім. Көйлектің етегі мен жеңі толқын тәрізді үш қатар желбір. Әннің әуенімен қозғалған сайын, көйлек майда самал соққандай тербелетін. Белдің қыналып келген тұсына кемер белдік тақтым. Белдік таза күмістен жасалып, алтынмен апталған. Сол біркиер көйлекті кигенде, қуыршақтай болып жайнап шыға келетінмін. Басымда үкіленген барқыттан тіккен тақия. Тақия небір асыл тас, алуан маржанмен көмкерілген. Шағын қызыл пүліштен тігілген қамзол. Көйлек ашық сарғыш, қызыл қамзол. Қамзолдың екі өңірін жиектей жүргізілген әшекей қымбат тастармен оюланып, жібек кестемен айшықталған. Осы киімде өзімді хор қызындай сезінетінмін. Бір мақтаныш сезімі менің көңілімді шарықтата жөнелетін.

- Будапештте дүние жүзі жастарының әлемдік ән сайысы туралы «Құмырысқа бел, жайнаған  жанарынан нұр шашқан шығыстың қыпша бел періштесіне ешкім тең келмеді»,- деп жазыпты Бельгия газеті «De Standaard»1949 жылғы қараша айындағы санында. Қазіргі әнші қыздардың талғамы мен сахнадағы бейнесін қалай бағалайсыз?

-  Мәдина, Роза мен Мақпал талпынып жүр, ізденеді, табиғат берген дауыстары бар.Ана қара қыздар да ізденіп жүр...

- Роза Тәжібайқызы, орындауыңыздағы қай ән жүрегіңізге етене жақын, айрықша?

- «Таң самалы», «Ақ маңдайлым», «Әдемі-ау» ғажап әндер. Махаббат, сұлулық, сезім...

-Сізге сезімін білдірген еразаматтар аз болмаған болар?

- Ия, болса, болған шығар.Бірақ мен оларға онша сене бермейтінмін.

- Неліктен?

- Ер азаматтың жаратылысы солай, айналайын. Өзінің әйелінен басқалар оларға керемет көрінеді. Үйіне барғасын сені ұмытып кетеді. Махаббат дегісі келеді...

- Сонда махаббат емес па?

- Шын махаббат басқа, ол сезімге сен тәуелдісің. Бәрі жүрегін қолына ұстап  жүгіріп жүргендер.

-    Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін, олар, «жүгіріп жүргендер», кімдер еді?

- Олар мемлекет басшылары, маршалдар, генералдар, хатшылар, колхоз председательдері, совхоз директорлары, шахтерлар, қарапайым азаматтар. Мен өнер үшін жаратылған жанмын. Ерекше есте қалған украиндық шахтер жігіт еді. Москвада съездер сарайында концерт жүріп жатқан. Қонақ үй кезекшісі: «Үш күн болды,сізді бір жігіт кездестіре алмай жүр. Қолында гүлі бар»,-деген еді.Арада біраз күн өткенде оны қонақ үйдің алдында кездестірдім.Ұзын бойлы, келісті азамат екен. Сонау Днепропетровскіден арнайы келіпті. Гүлін алып, рахметімді айттым. Майданан хаттар келетін.

Әлі есімде жауынгер жігіттің аты  Константин болатын.  Хатының мазмұны : «Сіздің әніңізді бірінші рет Австрияның «Скала» театрында естіп, даусыңызға тәнті болдым. Әсіресе «Ах, Самара городокты» ешкім де сіздей орындаған емес. Осы әнді естіп, майданға қанаттанып аттанатынбыз». Майданнан осы мазмұндас талай хат алдым.

- Білетіндер «сізді Сталин ұнатыпты» дейді ғой?

- Сталиннің үйінде арнайы шақыртумен үш рет болдым. Үш ретінде де сол бір кительде, қарапайым қалыпта болды. Үйінде үш ретте де байлық, барлық көрген жоқпын. Жиһаздары да жұпынылау болатын. Екі сөзінің бірі - «совет халқы, халқым» деген сөздері есімде жатталып қалды. Ол кісі мені ресми қабылдады. Қос бұрымыма мақтау айтты. «Әйелге қос бұрым жарасады. Грузин қыздары да шашын қос бұрым етiп өрiп қояды, саған жарасқандай олар да сондай ажарлы көрінеді» деп қалды. Ол да пенде, еркек, сезімі бар, әдемілікті көретін көзі, әнді еститін құлағы бар. Сталин қазақтың сән-салтанатын паш еткен үстімдегі ұлттық киімнен көз алмай қарады. «Грузин қыздары да ұлттық киімде соншалықты әдемі көрінеді» деп қайталап айтып қалды. Мен темірдей қатал, жарты әлемді аузына қаратқан құдіретті адамның көзінен ұлтының қыздарына, халқына деген шынайы сағынышын байқадым.

- Ол қай жылдар еді?

- 1949 жыл. Жастар мен студенттердің Будапештте өткен II Халықаралық фестивалінің лауреаты атандым. «Ах,Самара-городокты» айтып, бас бәйгені алып қайтқан бетім болатын. КСРО елінің атағын асырған сәтім ғой.

Орамалым батар-батпас,

Қалқып қана ағады.

Сүйген жарым сүйер-сүймес,

Уақыт өтіп барады.

Ах, Самара, жас қала,

Барамын сөнгелі.

- Ия, Будапешт аспанында сіздің даусыңыз бүкіл ғаламды шарлап, аспанда қалықтады, бас бәйгені жеңіп алдыңыз. Қазақ деген кім деп кәрі Еуропа көрермені кеңестің картасына қарайлай берді. Сахнада сирек орындалатын ойнақы,   байырғы халық әнін қазақ әншісінің орындауында миллондар ықыласпен қабылдады. Сіз бір естелігіңізде: «Әнді орыстың зиялылары аса жоғары бағалады. Әсіресе мемлекет басшылары, әскери қолбасшылар» депсіз. Құжаттарда Сізге табынушылар қатарында Бас хатшы Хрущевтің аты жиі айтылған. Тек қана әніңізге ғана емес шығар?

- Ия, айтқаным рас. Бірде Хрущев Қазақстанға келгенде, қонақжай дастархан тарқағанда бәрі мені біріншінің қасында қалдырып кетті. Бас хатшы оқыстау қимылмен қолымнан ұстағысы келді. Қолын қағып жібергенде құлап қала жаздады. Өзім де байқамай қалдым. КГБ-ның жігіттері сау ете қалды. Мұным ағаттық болды.Үлкен ағалар да ренжіді: «Сол шалға қолыңды ұстатқанда ештеңе болмайтын еді»,-деп. «Ол Қазақстанға қырын қарайтын болады»,-деді Димекең. Димаш аға өте текті адам ғой, ренішін жай ғана байыппен жеткізді. Иә, әскери атақты қолбасшыларды майдан даласында көрдім. Маршалдар-Жуков, Малиновский... Бәрі де әніме, үстімдегі қазақтың қынама бел жарасымды ұлттық киіміне қызықты, «дала қызғалдағына ғашық болдық» деді әскер басшылары.Айтылды, өтті, кетті. Ғашық болды дегенді қай мағынада түсінуге болады? Ер болсын, әйел болсын әдемі нәрсеге көз салады, ән тыңдайды. Бұл заңдылық деп білем.

- Білетіндер «дала қызғалдағына» қарап тамсанғандар қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев,  жазушылар Шыңғыс Айтматов, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Жұбан Молдағалиев, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов секілді әкелер және Брежнев, Ким Ир Сен, Мао Цзэдун секілді әйгілі тұлғалар бар» дейді?

- Ия, айтады.Ол азаматтардың бәрі жылы көзқараспен қарады. Дінмұхамед Ахметұлы - елдің маңдайына жаратылған асыл азамат. Ардақты аға мен қарындас ретінде сыйластықта болдық. Зухра жеңгемізге біреу бірдеңе деді ме, білмеймін, біраз маған қырын қарап жүрді. Димаш ағаның жары Зухра тамаша жан еді. Дінмұхамед Ахметұлы маған әрдайым оң көзімен қазақтың ән жаршысы, халқының ерке Розасы деп қана қарайтын. Талғат батыр ғой, батырға бәрі жарасады.Өнерге кім қызықпайды. Ол азаматтарды аға деп сыйласқаным рас...жұрт айта береді ғой. Брежнев, Ким Ир Сен, Мао Цзэдун әнімді тыңдады, дастархандас болдым.

- Сізден қамқорлық көрген, шапағаты тиген адамдар аз болмапты, сізге қол ұшын бергендер болды ма?

- Жалпы, менің өмірімде ерекше із қалдырған адамның бірі - әжем. Жан-жақты талантты адам еді. Тамаша дауысы бар әнші болатын, поэзияны, әсіресе, қазақ эпосын ерекше жақсы білетін. Он саусағынан өнері тамған ісмер еді. Сыр бойының дүлдүл ақындарының жырларын жатқа айтатын. Дәл біздің елдегідей сөз шеберлерін кездестіре алмадым.Менің әнге деген ықыласымды марқұм әжем ерте байқапты. Ол кісі халық әндерін де жақсы айтушы еді. Қандай әнді болсын бір рет айтса, мен қағып алам,өзіне қайтып айтып берсем, қуанып ағынан жарылатын. «Менің қызым әнші болады» деп,  мақтап қанатандырып қоятын. Анам Ақкүріш те тамылжыта ән салатын қабілетті жан еді.

Мектеп ауылдан шалғай болатын. Ол кезде қыс аязды, бет қаратпайтын боранда анам мені көрпеге орап, аяғыма байпақ кигізіп, басыма шарқат байлайтын. Бірде жаяу, бірде шанамен мектепке барамыз, киер киім, ішер ас болса да жоқ. Күнде бір адам өліпті дегенді естиміз. Бала болсам да аштан өлген адамдарды көзіммен көрдім.

Мектеп бітірген соң 1939 жылы Қызылорда педагогика институтына түстім, бірақ кенеттен әкем қайтыс болып, туыстарды жағалап, тұрмыстық жағдайға орай сол жылы Ташкент тоқыма институтына ауыстым. Институт жатақхана мен ішер асыңды беріп, болашақ тоқымашы қыздарға қамқорлық жасайды екен. Менің балалық, бойжеткен, жастық шағым ашаршылық пен аласапыран  жылдар болатын. Тағдыр айдап, ағайындарды паналап, күнкөріс қамымен туған елден жыраққа - Ташкентке солай кеткенмін... Әдетте үйдің тіршілігін жасай жүріп, ән салатын әдетім бар еді. Өмірде күліп жүрген, ән салып жүрген қандай жақсы. Әлі есімде, есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен қыздың даусын естіп, өзбек филармониясының директоры «Ән айтқан кім?»деп іздеп келді. Менің әншілік өмір жолымды, бағымды ашқан Кари Якупов әка еді. Содан Кари әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болдым.1941 жылы Москва консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кетті.Сол ансамбльмен Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп,1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатыстым. Мен өзбек халқының қамқорлығын көп көрдім. Өзбекстаннан Қазақстанға келуіме тікелей себепші болған - ақын ағамыз Жұбан Молдағалиев. Москвада Жоғары партия мектебінде оқып жүрген ол Өзбекстан атынан ән салып жүрген қазақ қызы бар деп естіп, арнайы іздеп келді. «Перизаттай қыз екенсің, қарағым! Өзбекстанда не бітіріп жүрсің?» - деді өктем дауыспен. Қандай келбетті жігіт еді. Жұбан ағаның қолдауымен 1949 жылы елге келдім. Маған әкемдей қамқоршы болған біртуар азаматтың жақсылығын қалай ұмытам. Будапештте өткен ән жарысына мені мәпелеп қосқан да Жұбан аға болатын. Қалқам, мен жұрт ойлағандай Роза болып, қолымды жылы суға малып, әдемі көйлекпен сахнада тұра қалған жоқпын. Өзім туралы небір жағымсыз сөздер де естідім.

- Сізді қажытқан қандай өсек?

- 1944 жылы  жауынгерлерге концерт қойып жүргенде, майдан даласында бетімді снарядтың жарықшағы жанып өтіп, көзіме зақым келді. 1979 жылы екі көзім бірдей көрмей қалды. Сол жылы жоспарлы  Павлодар қаласындағы концертімнен де қалмадым.Сахнаға жетектеп шыққан адамдар куә. Алдымен Жаратқанның, содан соң  дәрігерлердің құдыретімен  жанарымды сақтап қалдым. Көпшілікке топырақ шаша алмайсың, көзін әдемілеймін деп пластикалық операция жасатып, соқыр бола жаздапты деп жұрт гуілдеп жүр ғой.

-Үнемі халықтың құрметіне бөленіп жүресіз. Кейде осындай шақта айналыңыздағы адамдардың мұң-мұқтажын, сізге деген қарапайым жандардың ықыласын байқамай қалатын секілдісіз. Әлде, мен қателескен шығармын. Қалай ойлайсыз?

- Пендемін ғой, мүмкін, солай болуы...

- Киіктің үйірілген лағындай

Ойнақшып тәтті әндерге басуын-ай!

Таулардан, өзендерден, мұхиттардан

Үнінің кідірместен асуын-ай!..

Сізге  арналған жыр жолдары. Авторы есіңізде болар?

- Сен менен емтихан алдың ғой. Есіме түсіре алмай отырмын...

- Жазушы Сәбит Мұқановтың осы  жыр жолдарын сол кездегі шыққан газет беттерінен алдым. Сондай-ақ алуан ұлт өкілдері,  ақындар мен композиторлары шығармаларын сізге арнапты. Солардың бірі  1950 жылы «Огонек» журналының желтоқсан айындағы санында орыстың атақты композиторы Василий Павлович Соловьёв-Седой сізге арнаған әні туралы естелік  жариялаған. Қай ән еді?

- Ия, маған арналған ән-жырлар баршылық. Соловьёв-Седой ән арнағаны рас (жадырап күлді). Бірде Москвада кезекті ән сапарында  «Ах, Самара- городокты», «Самовары-самопалы», «Темная ночь» әндерін Борис Бэрнестен бұрын орындап шықтым. Соловьёв-Седой маған арнайы  келіп, бетімнен сүйіп: «Ты, черноглазая, я обязательно для тебя песню сочиню. Ты прекрасная...» -деді. Көп ұзамай «Тальяночка» әнін жазды. Сол күні қасындағы келбетті, жауырыны қақпақтай жас жігітті Андрей Фатьянов деген ақын деп таныстырды. Ақын Андрей де маған ықылас таныты. Әнін Соловьёв-Седойдың өзі жазды, сөзі Фатьяновтыкі.

Иә,...Играй, играй, рассказывай,

Тальяночка, сама

О том, как черноглазая

Свела с ума...   (Роза Тәжібайқызы осы жолдарды керемет бір шабытпен тақпақтап айта жөнелді.)

- Әйгілі маэстро Соловьёв-Седой, Андрей Фатьянов болса  орыстың атақты ақыны ғой. Сізбен қатарлас жүрген халық әндерінің шебер орындаушылары Людмила Зыкина, Лидия Руслановалар бар. Орыстың қыз-келіншектері, әншілері Сізді қызғанбауы мүмкін бе?

-Жоқ. Ондай пендешілікті байқамадым. КСРО халық әртісі Лидия Русланова маған «Саратовские частушки», басқа да орыстың халық әндерін айтқанда былай деп естелік жазды: «Молодец, Роза, учи наших русских как народные песни петь, как петь настоящие частушки» (Әнші орыс әріптестерінің естелік суреттері мен құжаттарын  көрсетті).

- Сізден бірдеңе сұрайын десем бата алмай отырмын...

- Айта бер...

- Адамдардың бойындағы ең асыл, ең ардақты сезім  - махаббат сезімі. Махаббат, ғашықтық деген не? Өмірде құлай ғашық болған кездеріңізді еске алсаңыз. Сіздің жүрегіңіз де бір азамат деп соққан шығар?

- -Қарап отырмай қай-қайдағыны қозғадық-ау! Әрине, менде де жүрек бар, сезім бар, әйел емеспін бе?!  Өнер адамы ғашық болмай жүре ме?! Әлі де ғашықпын (күліп алды). Бірақ сезімнен күшті ұят, ар, намыс деген құдірет бар. Одан аттасаң абыройдан айрыласың. Халық өзі қаласа төрге шығарады, қаламаса төрдегі басыңды табалдырыққа тебеді, лақтырады.              .

-Кешіріңіз, кімдер десем әдепсіздік бола ма?

- Дегенмен, менің шығармашылығымды көп зерттедің,саған сенейін. Телевидениедегі қыз-келіншектерге жайып жүрме (жақын отыр дегендей қолын созды.) Қазақтың жігіттеріне ғашық болдым. Жас кезімде «жігіттің сұлтаны» сырттай ... аға ұнайтын. Өмірден ерте кетті. (Апаның өтініші, берген уәдем бойынша қазір арамызда аман-сау жүрген әкелер мен  танымал тұлға ағалардың атын атай алмадым-Ұ.Д.).

- Қателеспесем сіз тұрмыста болдыңыз?

- Сұрайсың да, «қателестім бе?» дейсің. Талай журналисті көріп едім, ізімнен қалмай қойдың ғой... Менен журналистер бақыт туралы  сұрайды. Сен басқа бірдеңелерді сұрайсың. Жалпақ қазақтың Розасымын. Ұлымның анасымын. Ия, тұрмысқа шыққанмын (сәл күрсініп алып, әнші әңгімені басқа жаққа бұрды). Мен саханаға жаралған өте бақытты әйелмін.

- Сіздіңше әйелді сүріндіретін не?

- Өтірік, өсек айту. Жасандылық. Өзіне қарамай салпы етек әйелге айналуы.

- Әйел қауымы сіздің ажарыңызға қызыға қарайды. Қалай күтеді деп білуге ынтық. Ажарыңыз  мінсіз, айрықша. Сырын білгіміз келеді...

- Біріншіден, жаратылыстың сыйы. Өзімді күтуді  жас кезімнен бастадым. Менің әкем екі әйел алған адам. Және ұлты неміс тәрбиеші, күтушім болды. Аналарым мен тәрбиешім сол заманның сауатты адамдары, әрі  текті әйелдер еді. Гәп, адамның ішкі жанының тазалығы. Іші  арам, біреуге қиянат ойлап, менікі  ғана дұрыс деп, бажылдап, беттен алатын әйелдердің жүзінен-ақ көрініп тұрады. Мен тамақты тойып ішпеймін, қарным қанша ашып тұрса да, тартынып ішем. Бойым сұңғақ көріну үшін үнемі биік өкше аяқ киім кием. Тамақты тойып ішу  - әдеміліктің жауы. Адам өзін шектей алуы керек. Нәпсіні тыю үлкен табыстарға бастайды. Бет, мойын, қол, шашыма  пісірілмеген сүтке жұмыртқаны араластырып жағам, біраз уақыттан кейін жуып тастаймын. Бар сыр - сүт, айран, жұмыртқада...

- Сіз мүлдем крем жақпайсыз ба? Француз кремдерін де пайдаланбайсыз ба?

- Дүкеннің кремін пайдаланбаймын. 1949 жылдан бері Орталық Комитеттің, біріншілердің әйелдері мен қыздары жағатын москвалық кремль дәрігері, косметолог Ирина Шилова дайындаған  арнайы кремді қолданам. Ол әйел маған өзі: «Ах, Самара-городок» әнін орындағаның үшін, Розочка, тек саған ғана жасап тұрам»,-деді. Осы күнге дейін мен сол дәрігердің кремін ғана қолданам. Бірақ Ирина кремді қалай жасайтын құпиясын ешкімге айтпайды, құпиясын ашпайды.

- Халқымыз сізді қазақтың бірінші сұлуы деп бағалайды. Замандастарыңыз, апа-сіңлілер арасында кімді сұлу деп ойлайсыз, мойындайсыз?

- Сұлулық деген не? Қай жағынан алсаң да, қарасаң көз тоймаса, ол адам ба, зат па? Сол әдемі. Туа біткен сұлулық бар, оны қолдан жасайтындар бар.Туа біткен сұлулықты ешқандай косметика құралы өзгерте алмайды. Қалай да оның жасандылығы белгі бермей тұрмайды. Косметика көмегі болады, әрине. Ол нәтиже беру үшін де тер төгіп еңбектену керек. Біреулер  дене бітімі мен бет-әлпетінің ажарын ғана сұлулық деп ойлайды. Әйелдің жан дүниесі мен сыртқы келбеті үйлессе, екеуі де сұлу болса, ол - жаратушы сыйы. Ішкі жан дүние - мінез-құлық. Сондай әдепті, білімді, кішіпейіл, қайырымды, оған қоса таланты болса, сұлулығы айқындалып, даралана түседі. Бірақ адам пенде ғой. Бәрі бірдей бір әйелдің  бойынан табыла бермейді. Өмірде көріп-білгендерімді түйіндесем, қазақта сондай сұлулар бар. Мен көрген сұлулар арасында нағыз хас сұлу, жанымызда жүрген хас сұлулар Шара Жиенқұлова, Гүлфайруз  Исмайлова, Бибігүл Төлегенова. Оларға ешкім тең келмейді-ау! Бірі атақты биші, бірі актриса, талантты суретші, әнші. Олар жаратылысынан, туа біткен, боямасыз сұлулар, жаны да, тәні де мінсіз жандар. Бірақ оларды азаматтар бағалай алды ма, жоқ па -айта алмаймын. Менің білуімше,Гүлфайруз өмір бойы актер Жантөринге ғашық болыпты дейді. Сондай жанға көз салмаған қандай еркек, кім біледі?! Қосыла алмады. Гүлфайруз Нұрмұхан болмаса бәрі бір деді ме, өзге ұлттың жігітінің етегінен ұстады. Мен ойлайтынмын, Гүлфайруз неге қызықты, сол «сығырайған көзі» ғана деп. Мен қателесіппін. Ол нағыз жігіттің сұлтаны, асқан талант иесі, сол көзі, экранда үндемей тұрған бейнесі, қайталанбас дара тұлға екен, оны уақыт көрсетті. Асыл туған Гүлфайруз «әлгі көзге» тегін ғашық болмапты-ау.

-Сіз Гүлфайруз Мансұрқызының өзге ұлттың жігітіне тұрмысқа шықанына көңіліңіз толмайтын секілді. Қазақ зиялыларының басым бөлігі «импортный» шешелерімізбен өсіп өніп отыр емес пе?

-Ол рас.Өкінішке орай, ол аналарымыздан туған балалардың  қазақ  болғанын көрмедім. Қазақ қызы ұяң, ибалы, сезімін жарқылдатпайды. Басқа да себептері бар шығар...

-Сіз қаласаңыз өзге ұлттың бір алыбына  шығар едіңіз. Солай емес па?

- Мен бірақ қазақтың еркесі болар ма едім?...

- Роза Тәжібайқызы, атақ-даңққа, дүниеге, құрметке, ақшаға зәру емессіз. Сізге аса қымбаты не? Әлде кім?

- Менің ең қымбатым - жалғыз ұлым Тәженім. Мен халқымның арқасында ештеңеге зәру емеспін. Қазақ деген халықтың еркесімін.Тағдырыма, еліме ризамын.

- Сіз Тәженді бесікте тербеткенде ән айтушы ма едіңіз? (Тәженнің атын айтқанда әдеміленіп, көзі күліп, жайнап сала берді.) Қандай ән?

- Тәжен қазір жігіт болды. Айтуын айттым ғой, ыңылдап әндетсем тынышталатын еді... Қай ән еді? Ұмытып қала берем. Үйленсе, немерелі болсам деп армандаймын.

- Келініңізді көз алдыңызға  елестеткен де боларсыз?

-Тәженім текті, келісті жігіт.Ұяңдау. Қазақтың бір ажарлы, ақылды аруы жар болса, келінім мейірімді, сабырлы, текті болса деп тілеймін.

Екінші қымбатым - мені еркелеткен халқым. «Айналайын халқымнан еркелеткен»...

Р.S.

Апа армандағандай  келіні Марал қазақтың ибалы текті қызы екен. Бұл күнде Марал енесінің жоқтаушысы,іздеушісі. «Бiздi «Ақтәженiм», «Бозторғайым», деп асты-үстiмiзге түсетiн»,- дейді. Атақты әнші немерелері Тәжібай мен Маржанды «Алтынсақам», «Ақмаржаным» деп еркелетіп, олардың тілегін тілеумен өмірден озыпты.

Бұл сұхбатты араға 21 жыл салып қайталап жаңғыртуға «Азаттық» радиосының веб-сайтында 2011 жылдың 24 наурызында жарық көрген «Ашқұрсақ қыз «биліктің байлыққа да, атаққа да жеткізетінін» түсінді» атты мақаланың жариялануы түрткі болды. Мақалада:«Айналайын халқымнан еркелеткен» атты кітаптың авторы - Роза Бағланова. Кітап 2007 жылы қазақ тілінде жарық көрген. Егер Роза Бағланованың өмірбаянын зерттесеңіз, онда оның "ертегілеріне", оның ішінде соғыс туралы "ертегілеріне" аса көп көңіл бөлмеңіздер. Мен тек кітаптан оқығанымды әңгімелеп қана бердім»,- дейді Гүлбану Әбенова. Әншінің көзін көрген, қуатты кезінде жүзбе-жүз дидарласқан, әрі өмірі мен шығармашылығын туған жерінен бастап,  мұрағаттарды ашып, зерттеген журналист ретінде көргенімді, ханыммен бірнеше мәрте дидарласып деректі хабар дайындау барысында «Останкино» мұрағатынан алған деректерге сүйене өз аузынан естігенімді жаздым.

Гүлбану, Даланың ұлы қыздарының жалғасы, «Әлемнің әйгілі әйелдері» қатарынан орын алған дара жұлдыз Роза Тәжібайқызының атына бұралқы сөз айттыңыз. Бұл «тарихқа, үлкендерге  сенбеу, аруақты,өзіңді сыйламау, сөз бағу» деп түсінем. Бұл - жеке пікірім.

Ал, ақын Қадыр Мырза Әлі сөзімен айтқанда «Лайық емес адамға даңқ жоламайды».

Ұлдай Ибайдуллаева, тележурналист

Алматы-Мәскеу-Қазалы. Қазан

1991жыл. Желтоқсан айы

Алматы, 2012.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1591
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1489
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1235
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1210