Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3494 0 пікір 29 Шілде, 2009 сағат 08:48

«100 мәселе 100 түйткілге» айналып бара жатқандай

Араға жұтқыншағы кең, жалақтаған шенеуніктердің еніп кетуінен, жауапты болған мекемелердің өз ісіне жүрдім-бардым қарауы кесірінен «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы «100 мәселе 100 түйткілге» айналып бара жатқандай. Елбасының ел ілтипатына ие болған игі идеясының қазіргі жүзеге асуына көңілі көншімеген Премьер Кәрім Мәсімов Министрлер Кабинетінің барлық мүшелеріне сауын айтып, осы мәселеге арнап, кеше жеке Үкімет отырысын жыйды. Отырыста президенттік бағдарламаға басымен жауапты қос тұлға - Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым салаларының басшыларына бар шындықты еш бүкпесіз, ашық жайып салуға тура келген. Естіген көп жайт Кәрім Қажымқанұлын еріксіз бас шайқауға мәжбүр етті...

Араға жұтқыншағы кең, жалақтаған шенеуніктердің еніп кетуінен, жауапты болған мекемелердің өз ісіне жүрдім-бардым қарауы кесірінен «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы «100 мәселе 100 түйткілге» айналып бара жатқандай. Елбасының ел ілтипатына ие болған игі идеясының қазіргі жүзеге асуына көңілі көншімеген Премьер Кәрім Мәсімов Министрлер Кабинетінің барлық мүшелеріне сауын айтып, осы мәселеге арнап, кеше жеке Үкімет отырысын жыйды. Отырыста президенттік бағдарламаға басымен жауапты қос тұлға - Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым салаларының басшыларына бар шындықты еш бүкпесіз, ашық жайып салуға тура келген. Естіген көп жайт Кәрім Қажымқанұлын еріксіз бас шайқауға мәжбүр етті...

Бұған қалай жол берілгені беймәлім, бірақ шенділер Елбасының ізгі бастамасын іске асыруға деп бөлінген қаржыны да талан-тараж етіпті. «Министрліктің бөлімшесінде құрылыс мәселелері бойынша мамандардың жоқтығына қарамастан, әлденеше мәрте тексерулер жүргіздік. Олардың нәтижелері құқық қорғау органдарына бағытталды. Қазіргі уақытта қаржы полициясы мектептердің құрылысы мәселесі бойынша 16 қылмыстық іс қозғады» деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев. Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің мәліметінше, «биылғы жылдың бес айында ғана «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру барысында мемлекетке шамамен 800 миллион теңге шығын келтірілген». Білім шенеуніктерінен «ақ халатты» шенділер де қалысатын емес. Қаржы полициясы президенттік бағдарлама аясында бой көтеруге тиісті ауруханалар құрылысы бойынша да 3 қылмыстық іс қозғаған. Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі ендігі 6 қылмыстық істі сотқа тапсырған. Олар бойынша ел қазынасынан талан-тараж болған қаражат көлемі - 781 миллион 400 теңге. Құзырлы орган жемқорлардан қанша қаржыны "құстыра" алады, әзірге белгісіз.
Әрине, істі болған шенділердің айыбы әртүрлі "бағаланады": 6 қылмыстық іс, мәселен, мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға жауапты жергілікті мансаптылардың өз лауазымдық өкілеттіліктерін асыра пайдалануына қатысты болып отыр. Ел қаржысын ешкімнен тайсалмай, ашықтан-ашық иемденіп, өз қалауынша шығындаған шенділер де анықталды, оларға қатысты қазір 4 қылмыстық іс бар. Сосын түн жамылып, бетперде кимегендерімен, әлгі мансап иелеріндей ашық ұрлаудан именіп, халық қаржысын алаяқтық жолымен алып кетуге талпынған мердігер ұйымдардың басшылары да ұсталып отыр. Қаржы полициясы органдары олардың қарау ниеттерін "сипаттауға" 4 қылмыстық істі арнапты. Бұған қоса, Елбасының идеясына өмірге жолдама беруге жауапты бірқатар биік лауазымды тұлғалардың көзбояушылық жасап, жалған құжат жасауға (служебный подлог) барғандығы әшкереленген. Мұндай деректер бойынша 2 қылмыстық іс қозғалыпты.

Әрине, жүздеген миллион халық қаржысы құмға сіңген судай, жемқорлардың жұтқыншағына құйылып кетіп жатқан соң, бағдарламаны іске асыруға қаражаттың жетіспеуі түсінікті жайт сияқты.
Мүмкіндікті өз орайына пайдаланған Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев пен Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев биік мінберден Үкіметке "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасын іске асыруға қосымша қаржы бөлу туралы өтінішпен қайырылды.
Жансейіт Түймебаев "100 мектеп" бағдарламасы аясында биыл тапсырылуы тиіс мектептердің құрылысын биыл аяқтаймыз десек, қосымша қаржы беру қажет дегенге келтірді. Бұлар бұған дейін биылғы "Білім күніне", яғни қыркүйектің 1-іне дейін еліміз бойынша 22 мектепті пайдалануға беруге уәде еткен болатын. "Бірақ құрылыс саласындағы қымбатшылық пен құрылыс жұмыстарының баяу жүргізілуі салдарынан осы нысандар уақытында тапсырылмауы мүмкін. Қазіргі кезде аталған мектептердің 19-ның құрылысы бойынша Білім және ғылым министрлігіне 5 миллиард 908 миллион теңге қажет. Осыған орай біз Үкіметтен қосымша қаржы бөліп, жергілікті билік орындарына осы құрылыстарға белсенді түрде атсалысуын тапсыруды сұраймыз" - деді Ж.Түймебаев. Тұтастай алғанда, білім және ғылым саласының басшысы өз министрлігінің 41 білім беру объектісі бойынша жалпы сомасы 12,2 миллиард теңге қосымша қаражат бөлуді сұратқанын хабарлады.

Ал Жақсылық Досқалиев өздері жауапты "100 аурухана" бағдарламасын жүзеге асыруда бірқатар проблема барлығын атап көрсетті. "Атап айтқанда, бұлар - аймақтардың 12 объектінің құрылысында жөнсіздіктерге жол беру фактілері, сондай-ақ 2009 жылы аяқталатын 3 объектінің құрылыс-монтаждау жұмыстарының 961 миллион теңге сомасында қымбаттауына байланысты бірлесіп қаржыландыруға, сосын 7 объектінің құнын жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес келтіру үшін 2 миллиард 65 миллион теңге сомасында бірлесіп қаржыландыруға қатысты мәселелер" - деді ол. Өзіңіз байқағаныңыздай, бұл саладағы бар мәселе де сайып келгенде, ақшаға тіреледі! Министрдің мәліметінше, объектілердің құнын жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес келтіруге және қымбаттаушылыққа орай бюджеттік қаражаттарға деген қосымша қажеттілік "100 аурухана" бағдарламасы бойынша ғана 145,8 миллиард теңгені құрайды! Ол - ол ма, Жақсылық Досқалиевтың айтуынша, 2010-2012 жылдары "объектілердің құнын жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес келтіру" үшін тағы да 38,5 миллиард теңге көлемінде "бюджеттік қаражаттарға деген қосымша қажеттілік" туындамақ. "Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі Агенттікке әкімдермен бірлесе отырып, әзірленген жобалық-сметалық құжаттамалардың сомасын арттыру мәселелерін қарастыру қажет!" - деді Үкімет басшысына қайырылған Ж.Досқалиев.

Қос министрді қабағынан қар жауа тыңдаған К.Мәсімов осы тұста эмоциясын жасыра алмай қалды. "Қаржылық дағдарыс жағдайында бұл не қылған "қымбатшылық" өзі?! Бұл мүлде түсініксіз!" - деді ол. Сосын "жиі жөн біліп отырмасам, болмас" деген байламға келіп, "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы бойынша 17 тамызда қайтадан арнайы селекторлық кеңес өткізу жөніндегі шешім шығарды. Оған дейін Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы министрлері мен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі агенттік басшысы барлық облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп, үш апталық мерзім ішінде Елбасының тапсырмасымен түзілген "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты барлық кедергі келтіріп тұрған түйткілдерді тарқатуға тиіс. "Сол селекторлық кеңесте біз бәріне "нүкте" қоямыз!" деп шарт түйді Кәрім Мәсімов. Ал айтылған сөз айтылған жерде қалмауын, әлгі аталған жауапты тұлғалар шындап бірлесіп жұмыс жасауын бақылау вице-премьер Ербол Орынбаевқа жүктелді. "Мен сендерге үш апта беремін, Мемлекет басшысы берген тапсырма орындалатын болсын. Қазіргі дағдарыс жағдайында қымбатшылықтың қалайша орын алып отырғандығы тіптен түсініксіз. Бұл жерде жаңа Агенттікке өте мұқият қарау қажет, ал Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі оның барлығын есептеп шықсын!" - деп түйді Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.

 

 

Айхан ШӘРІП,

«Айқын» газеті, 29.07.2009

 

0 пікір