Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Әдебиет 2347 0 пікір 25 Шілде, 2022 сағат 14:39

Қазақты оятқан Алаштың арыстаны

2022 жылдың басты оқиғасы Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы десек еш артық айтпаймыз.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өзінің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында: «Биыл қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өшпес із қалдырған белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толып отыр. Жазушының ел мүддесі үшін атқарған еңбегі мемлекет тарапынан жоғары құрметке лайық. Бұл ретте қолданыстағы «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» Үкімет қаулысына сәйкес жекелеген тұлғалардың мерейтойлары алғашқы жүз жылдықта – жүз жылдығы, одан кейiнгi жүзжылдықтарда әрбiр жиырма бес жылда аталып өтедi. Осы орайда Ш.Мұртазаның мерейтойы заңнамаға сәйкес мерзім толған кезде мерейтойлар тізбесіне енгізіліп, тиісті жұмыс жүргізілетін болады...

Ал білім мекемелерінің біріне жазушы есімін беру ұсынысы алдағы уақытта өтетін қалалық ономастика комиссиясының отырысына енгізіледі. Сондай-ақ туған жері Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Талапты ауылында Шерхан Мұртаза әдеби-мемориалдық үйінің ашылуы, «Ауылды, сені сағындым...» атты Ш.Мұртазаның қолжазбалары жинағының тұсаукесері, республикалық ғылыми-практикалық конференция, «Шерхан оқулары» байқауы, облыстық ақындар айтысы, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, салтанатты жиындар, «Шынның жүзі - Шераға» республикалық ақындар мүшәйрасын және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы ұлттық кітапханаларда тұлғаның кітап көрмесі мен дөңгелек үстел, Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр...

Аталған мәселе бойынша киножобалардың авторлары тарапынан ашық конкурс арқылы ұсыныс берілген жағдайда, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы белгіленген тәртіпке сәйкес кеңес пен комиссияның қарауына жинақтап енгізеді. Әрі қарай мәселе заңнама аясында қарастырылады. Сонымен қатар мүдделі мемлекеттік органдарға Ш.Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу және тиісті жұмысты ұйымдастыру тапсырылды», - деп атап өтті.

Әлихан Смайылов берген дерек бойынша бүгінгі күні тұлғаның есімін ұлықтау мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда Ш.Мұртазаның есімі Жамбыл мен Түркістан облыстарында 6 объектіге (білім беру, мәдениет мекемелері), Ақтөбе облысы мен Алматы қаласында көшелерге берілгенді мәлім болып отыр.

2018 жылдың 11 Қазанында Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында болған ұлт сөз зергерімен мәңгіге қоштасу барысында ақын, драматург Нұрлан Оразалин Шерхан Мұртазаға қатысты қаралы сөзінде: «Адам баласы мына өмірге белгілі бір міндетті атқару үшін келеді. Дәл осы тұрғыда Шерағам ұлттың алдындағы міндетті атқару үшін иығына түскен жүкті көтерген алаштың арыстаны», - деген болатын. Қаламгерлік дүлдүлдігін айтпай-ақ, бір өзі  «Бір кем дүние...» деп күңіреніп қойып, Әлихан, Ахметтерден кейінгі қарапайым халықтың мүддесіне жұмыс істеген Шерхан Мұртаза тіліп түсер турашылдығымен ел есінде қалған қоғам қайраткері болып табылады.

Оның 90 жылдық мерейтойын өз деңгейінде атап өту үшін түрлі шаралар жыл басынан бастап, оның кіндік қаны тамған Жуалы ауданы Талапты ауылында кеңінен қолға алына бастады. Бұның өзі туған жерінің өз ұлын мақтаныш етіп, болашақ ұрпаққа үлгі етуінің бір айғағы болып табылады.

86 жасында 2018 жылы қайтыс болған қаламгердің артында ұлтына сыйлаған асыл мұрасы,  шынайылығымен халықтың сүйіспеншілігіне айналған шығармалары "Ай мен Айша", "Қызыл жебе", "Тамұқ"Қара маржан", "Белгісіз солдаттың баласы", "Мылтықсыз майдан", "Сталинге хат", "Бесеудің хаты" қалды.

Шерхан Мұртазаның тек қана қаламгер, қоғам қайраткері ғана емес, білгір басшы болғандығын көзін көрген тұстастары мен ізін басқан інілері: «Мәселен Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас» газетіне келген кезде оның таралымы 30 мың данаға әрең жететін шамада болған, ал Шерағаң оны 150 мың данаға дейін көтерсе, кейін «Жұлдыз» журналы ол басқарған уақытта таралымы 4-5 мың данадан 255 мың данаға дейін өсіп, рекордтық көрсеткішке жеткен! Бұл халыққа не керегін біліп, уақыттың тамырын дөп басқан тұлғаның салада мықты менеджер болғанын аңғартады» деп жыр қылып сөз ететіндігін осы орайда айта кетпекпіз.

Бүгінде қазақ журналистикасында Шерағаң басқарған тұста қазақ баспасөзінің ерекше түлегенін әріптестері аңыз қылып жіберді.

Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында болған ұлт сөз зергерімен мәңгіге қоштасу барысындағы тағы екі пікірге орын бере кетейік. Бауыржан Байбек:

«Бүгін біз ғасыр адамы – Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салу үшін жиналдық. Ол қазақстандық журналистикада өшпес ізін қалдырды. Тіпті қазақстандық басылымдардың бәрін дерлік басқарды. Парламент депутаты болды, мемлекеттің қоғамдық өміріне араласты, халық үшін жұмыс істеді. Біз өр тұлғаны ұмытпаймыз», - деп зор баға берсе;

Академик Оразалы Сәбден: «Шерхан Мұртаза туралы көп айтылады, айтамыз да. Ол ұлы Абайда кейін қазақтың үнін үндеп, жоғын жоқтаған адам. Ол тірісінде не айтпады, не жазбады? Мұның бәрі халыққа мәлім. Жоғарғы кеңестің депутаты тіл мәселесіне орай «Жылан да ғана қос тіл болады» деген. Жер мәселесіне келгенде «Жер ананы сатпаймыз, ешкімге бермейміз» деп кесіп айтқан. Бойындағы тектілігін жоғалтпаған алып тұлға еді. Сонысы бізге үлгі болу керек», - деп жұрт ойындағы пікірді ағынан жарыла сыртқа шығарған болатын.

Шығармашылық пен басшылықты қатар ала жүріп, әр кездері "Лениншіл жас", "Социалистік Қазақстан" газеттерінің редакторы, Қазақстан мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарып ұлт игілігі үшін ерен еңбек етті. Қаламгер шығармашылығында ерекше орына латын бір дүние Шерханның аударма саласына қосқан үлесі дер едік. Қаламгер аудармашылығы оның студент кезінен бастап алып, қашан қаламы қолдан түскенге дейін жалғасты. Шерхан Мұртаза Лагиннің “Хоттабыч қартын”, Кәрімнің “Біздің үйдің қуанышын” Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, ең бастысы Ш.Айтматовтың “Ботагөз”, “Қош бол, Гүлсары”, “Теңіз жағалап жүгірген тарғыл төбет” повестерін, “Боранды бекет”, “Жанпида” романдарын қазақ тіліне аударып қазақ оқырмандарын қуантқан болатын.

Елінің тілінің, ділінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, шындықтың шырақшысындай болған сөз зергерінің қаламынан шыққан қай туындысын алсаң да, төл тарихты танытып, ұлт бірлігінің беки түсуі мен қажетті кезде келеңсіздікке қасқайып қарсы тұра білуге үйретеуімен құнды. Алаштың жоғын жоқтап, намысын қамшылаған қайтпас тұлға ұлт жадында мәңгіге сақталары хақ.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1797
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1794
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1508
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1404