Сенбі, 27 Сәуір 2024
Аймақ 3395 8 пікір 5 Тамыз, 2022 сағат 12:59

Тәлібтер тәжікке шүйлікті. Неге?

Тәлібтер Тәжікстанды бір аптада басып алатынын мәлімдеді. Бұл бірінші мәлімдеме емес және соңғысы да емес. Душанбеге тәлібтердің шүйлігуі артып келеді, оның себебі де жоқ емес. Тәлібтер "Тәжікстан ішкі саясатымызға араласып отыр" деседі. 

Талибан "Біз Тәжікстанды бір аптада басып аламыз, егер оны қолдаушы елдер болмаса" деп мәлімдеме жасады. Тәлібтер Тәжікстанның Ахмад Масудты қолдап, ақпараттық деңгейде жәрдемдесіп жатқанына наразы. Ахмад Масудқа қару-жарақ бойынша және ұрысты жүргізу бойынша тактика құрып, көмектесуде дейді тәлібтер. Масуд 2021 жылы 15-тамызда тәлібтер Кабулды басып алып, елді өз қолына алған сәтте, Талибанға қарсы соғыс жариялаған болатын. Әйгілі Ахмад Шах Масудтың ұлы әкесінің жолын қуып, Панджшер шатқалы мен Бағлан аймағында ұрыс қимылдарын бастады. Бүгінде оның жасағын 5-10 мың сарбаздан тұрады деген ақпарат бар. Ахмад Масудтың өзі не Тәжікстанда, не Еуропа елдерінің бірінде дейді ашық дереккөздер. Ол Ауғанстаннан тыс аймақта келіссөздер жүргізіп, тәлібтерге қысым жасау амалдарын қарастыру үстінде.

Тәлібтер Ауғанстанның солтүстік аймақтарында "Талибанның Тәжікстандық ұйымы" атты бөлімше құрды. Ол Тәжікстанмен шекаралас аймақта әрекет етпек және басты мақсаты Тәжікстанның ішкі тұрақтылығына кері әсер ету деген болжам бар. Оны қалай іске асырары белгісіз. Әскери жолмен тәлібтер қандай да бір жетістікке жете алмасы анық. Себебі Тәжікстан ҰҚШҰ құрамында, оған жасалған шабуылға ұйым мүшелері көз жұма қарамайды. Орталық Азия елдері де тәлібтерді Орталық Азияда тайраңдатып қоюға ниетті емес. Тәжікстанда Ресейдің 7 мың сарбазы бар ең ірі әскери базасы барын есепке алатын болсақ, ендеше тәлібтердің Тәжікстанға ашық соғыс ашуы олар үшін өліммен тең. Оны тәлібтер де жақсы біледі. Сондықтан да олар Душанбеге қысым жасаудың басқа амалын іздестірері анық. Мысалы Таулы Бадақшанның орталық билікке деген наразылығы артып келеді. Душанбе мен Таулы Бадақшан арасында көктемде қақтығыс болып, ондаған адам қаза тапты. Міне, осындай наразылықтар сәтінде ақпараттық шабуыл жасау амалын жасауы мүмкін. Әлеуметтік желілер арқылы билікке қарсы көңіл-күйді күшейтуі де ықтимал. Дей-тұра тәлібтердің оған ресурсы да, тәжірибесі де аз.

Тәжікстанның өз ішінде билікке деген наразылық жыл өткен сайын артып келеді. Оған себепкер елдің экономикалық жағдайы мен оны реттеуге байланысты биліктің қандай да бір реформа жүргізуге құлықсыздығы. Рахмон Орталық Азияда отыз жылға жуық тақта отырған жалғыз басшы болып қалуда және ол жақын аралықта билікті ұлы Рустам Эмомалиге беруі мүмкін. Орталық Азияда ұлына тақты қалдыру тәжірибесі бар. Түркіменстан президенті солай етті. Бұл халықтың наразылығын күшейтері анық. Тәжікстан халқының басым бөлігі еңбек мигранты болып күн көреді. Басым бөлігі Ресейге баратын. Алайда Ресей-Украина соғысының салдарынан Ресейде бірқатар жұмыс орындары жабылды, ал мигранттар басқа бағытты іздеуге, көбі кері қайтуға мәжбүр болуда. Бұл елдегі қарсылықты арттыратын көптеген фактінің бірі ғана. Тәжікстанда 1992-1997 жылы азамат соғысының болғанын естен шығармауға тиіспіз. Соғыс о баста әлеуметтік наразылықтардан басталып, соңы қанды қырғынға ұласқан еді. Артынша оған Ауғанстанның бірқатар лаңкестік ұйымдары да қатысып, қан-қасап болды.

Тәжікстанда жағдайдың тұрақты болуына мүдделі тараптың бірі Қытай. Қытай тәжік экономикасына айтарлықтай қаржы құйды және оның жемісін көруге ниетті. "Ақша тыныштықты сүйеді" формуласы бойынша қызмет ететін Қытай билігі, тәлібтердің әрекеттерін құптамасы анық.

Abai.kz

8 пікір