Жұма, 26 Сәуір 2024
Ел іші... 3612 2 пікір 4 Тамыз, 2022 сағат 12:57

Қостанайда қазақ әні естілді

Кейінгі кездері Қостанайда көше әншілері қаптап кетті. Олар шаһардың ортасынан ойып тұрып орын алады да, аппаратын қондырып, қолына микрофонын алып, неше түрлі жанрда әулете жөнеледі. Алдарындағы қағаз қорапқа біршама ақша жиналып қалады. Оған өздері де мәз, халықта та риза. Тек бір жаман жері, олардың бәрі тек бір тілде ғана, көршіміздің өздері "ұлы" деп санайтын орыс тілінде ғана дамылсыз шырқалып жатады. Тіпті бұған біздің де құлағымыз үйреніп, еріксіз тыңдап кете беретінбіз.

Ал бүгін бір ғажайыпты көріп, өз құлағыма өзім сенбедім. Қалың орысы қаптаған қаламыздың қақ ортасында жанды дауыспен шырқалған қазағымның ғажайып сазын өз құлағыммен естіп, біразға дейін сенбей тұрдым. Сөйтсем саябақтың жанында, осындағы мәдениет басқармасы ғимаратының жанында қазақтың әп-әдемі жігіті қазақтың сазды әуендерін құйқұлжытып тұр. Қуанышым қойныма сыймады. Бейне бір Ресейден елге оралып, елімнің әндерімен қайта танысқандай болдым. Сосын жанына барып таныстым. Аты Асқар, Алматы облысының тумасы. Қостанаймен танысуға келіпті. "Табыс қалай?" десем, "Жетеді ғой" деп биязы күлімсірейді. Әй, қайдам, Қостанайдың орыс болып кеткен қазағынан қандай мырзалық күтерсің? Мұны осы жерде отырған бір-екі кісі мен бірер келіншектен де көруге болады. Мен солардың бір-екеуінен: "Мына жігіттерге бірдеңе бердіңдер ме?" десем, "Біз мұндайларды теледидар мен радиодан естіп жүрміз ғой", - деп қарап отыр. Енді бұған не дерсің?

Ал мен болсам, қалтамдағы 500 теңгені қоржынына салдым да, Асқарға өнерде табыс тілеп кете бардым. Мүмкін, сараңдық танытқан да шығармын?

Жайберген Болатов

Abai.kz

2 пікір