Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2651 0 пікір 20 Қараша, 2012 сағат 13:21

Жастар саяси авангардқа айналды

 

 

Өткен жұмада Астанада «Арман! Еңбек! Сенім!» ұраны­мен «Нұр Отан» халық­тық-демок­ратиялық партия­сы «Жас Отан» жас­тар қа­на­тының ІІ съезі өтті. Елдің барлық өңірінен келген 1100-ден аса жас делегаттың Сары­ар­қа велотрегіндегі осынау жиы­ны жас­отан­дықтардың ғана емес, барша Қазақстан жас­тары үшін ерекше маңызды оқи­ға болды. Олай болатын себе­бі - алқалы жиында жастар сая­са­тын дамыту, келешектер ісіне жаңа­ша қарқын беру мен соны ба­ғыт­тарға жол ашу жайы сөз бол­ды. Нәтижеде «Жастар - Отан­ға!» аталатын 2020 жылға де­йін­гі стратегия қабылданды. Ең бастысы, еліміздің келешегі сана­ла­­тын жастар саясатын дамытуды ұдайы назарда ұстайтын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да осы жиын­ға қатысып, күні ертең ел тұтқа­сына айналар жас өрендерге арнау айтты.

Қабылданған стратегия - «Жас­тар - Отан­ға!» құжатының аты «жас отандікі» бол­ғаны­мен, заты - бар­ша қазақстандық жас­тар­дікі. Сон­дықтан да бұған дейін страте­гия жо­ба­сы елдің түгел аймақта­рын­да жан-жақ­ты талқыланып, кез кел­ген ықыласты жас оған өз ұсы­нысын жа­сауға мүмкіндік алды. Осын­­дай ілкі ұсыныстарды ірікте­ген сарап­шы­­лар сапалы білім, жас­тардың әлеу­­меттік еңбекке бейім­де­луі, мә­де­­ни даму және бірлік, жас­тар кә­сіп­керлігі мен ғылымды да­­мы­­ту, ерік­тілер қозғалысын өр­кен­дету се­кіл­ді келелі мәселелерді қамтып, ақы­ры «Жас Отан» страте­гиясының 11 басты бағы­тын ай­қын­дапты. Он­дай бағыттар туралы съезд бары­сын­да жастардың өзі де айт­қан бо­ла­­тын. 

Дегенмен стратегия қабылданбас бұ­рын Мемлекет басшысы жастар алдындағы ке­лелі мәселелердің біршамасының басын қа­­йырды. Мемлекеттік жастар саясатын одан әрі жаңғырта, жандандыра түсу үшін Үкі­мет пен «Нұр Отан» партиясына да қа­дау‑қадау тапсырмалар жүктелді. Ең бас­ты­сы, Елбасы жастар тарапынан тартыла­тын тың бастамаларға қашанда қолдау бо­ла­тынына сендірді. Жастар да Елбасы­ның ер­теңге деген сенім үдесінен шығуға уәде бер­ді. 

«Қазақстан - қай жағынан да жас мем­лекет. Ел азаматтарының 5 млн‑ға жуығы - 14 пен 29-дың аралығындағы жастар. Тәуелсіздіктің алғашқы күн­інен бастап жастар мәселесі менің де, мемлекеттің де басты назарында болды. Бұл салада «Бо­лашақ», «Жасыл ел», «Жастар - Отанға!», «Дип­ломмен - ауылға!», «Жастар тәжіри­бе­сі», «Жас мамандар қоры» сияқты көп­те­ген бағдарламаның жүзе­ге асуы соның айғағы», - деді Елбасы жастар алдындағы сөзінде. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы жастар сая­саты саласындағы жобаларды қаржылан­дыру соңғы 7 жылда 10 есеге артқанын, тек биыл­­­дың өзінде жас маман­дар­дың баспа­налы болуына 12 млрд теңге жұмсалғанын, сосын 2020 жыл­ға дейін жас отбасыларға арнап 1,2 миллион шар­шы метр тұрғын үй салуды тапсырғанын жет­кізді. Әрине, бұның бәрі құрғақ цифр ғана емес, әрбір көр­сет­кіштің артында ора­сан еңбек пен жастарға деген шексіз қам­қорлық жатыр. Сондықтан да Мем­лекет басшысы «осынау еңбектің же­місі мен қамқорлықтың жылуын жастар­дың жақ­сы білетініне кәміл сенемін», - деп мә­лім­­деді.

Жастар қанаты саяси авангардқа айналды

Бұдан бөлек, Елбасы өз сөзін осыдан төрт жыл бұрын құрылған «Жас Отан» атты жас партияшыларға арнады. Есте болса, сол кезде Мемлекет басшысы «Нұр Отан­ның» жас мүшелеріне өздері­нің болашақ­тағы стратегиясын айқындауға мүмкіндік беру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл дұрыс шешім болғанын бүгінгі жан‑жақты же­тістіктер паш етеді. «Бірін­ші­ден, бізде өзіміз­дің саяси авангардымыз пай­да болды. Екіншіден, «Жас Отан» жас­тар­дың неғұрлым белсенді әрі жауапк­ершілікті бөлігін бірік­тірді. Үшіншіден, «Жас Отанның» төңі­ре­гіне сту­денттердің, жас фермерлер мен жұмыс­шы­лардың, ға­лым­­дар мен шығармашылық қызмет­кер­лер­дің кең ауқымды коали­ция­сы қалып­тас­ты. «Жас Отан», «Жас Қыран» және «Жас Ұлан» секілді жаңа балалар ұйымда­ры­ның тә­лім­геріне айналды. Төртіншіден, сіздердің біздің партияның Мә­жі­лістің соң­ғы сайлауында, соның ішінде кезекті пре­зиденттік сайлаулардағы жеңісіне қос­қан үлес­теріңіз зор. Бесіншіден, бүгін съезде «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі стра­те­гиясын қабылдайсыздар. Бұл жо­баны өз тәжі­ри­бе­лері­ңіз­дің негізінде әзірле­діңіз­дер. Стра­те­гияның барлық мін­дет­тері жас­тарды индус­триялық-инно­ва­ция­лық даму, еліміз­дің қау­іп­сіздігі мен тұрақты­лы­ғын нығай­ту мін­дет­теріне тартуға бағыттал­ған», - деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Пре­зиденттің па­йы­мынша, жастар қана­тын­да жастар өмір сүруге, сөйлесе білуге, бір-бі­рі­мен араласу­ға үй­ре­неді. Іс жү­зінде өз­дерін түрлі жағ­дай­­лар­дағы өмірге да­йын­дай алады. Сон­дықтан жастар ұйымда­рын­дағы белсенді жұмыс жас­тардың өз өмі­рінде пайдаға асатын бола­ды.

Біз кім едік? Тынымсыз еңбектің арқасында қазір кім болдық?

Сонымен қатар сөз арасында Мемлекет басшысы өткенді саралап, ел болып ба­ғын­дырған бүгінгі биікті де бағамдады. «Осыдан 21 жыл бұрын біз Қазақстанның Тәу­елсіз­ді­гін жарияладық. Ал 15 жыл бұрын еліміздің даму кө­гін­дегі темірқазығы болған «Қазақ­стан - 2030» стратегиялық бағдар­ла­масын қабыл­дадық. Қазақ елі­нің жаңа дәуірдегі болашағын айқындап бер­ген тағдырлы құжат бізді биік мұраттарға баст­ады. «Қазақстан - 2030» стратегиясын дайын­дасқан менің серік­те­рімнің көпшілігі 30-ға да толма­ған жас азаматтар еді. Со­дан бері еліміз айтулы стратегиядан ай­ны­май, қарыш­тап дамып келеді», - дей келе, Ел­басы ұлт болып ұйысып өткен елдіктің даң­ғы­лына да көз жүгіртті. «Біз кеше кім едік? Тәуел­сіздік алған тұста бұ­рынғы Ке­ңес Ода­ғы­ның соңында қалған республика бола­тын­быз. Экономикамыз әлсіз, қолда бар өнді­рістер, зауыттар әбден ескірген. Мұ­ғалім­дер мен дәрігерлерге жалақы, зей­неткерлерге зей­нет­­ақы тауып берудің өзі қияметтің қиыны болатын. Қазақстан­ның өзі түгіл, аты әлем елдерінің көпшілі­гі­не бей­таныс еді. Бірақ біз еш уақытта мо­йыған жоқ­пыз. Жеріміз бай, хал­қымыз са­уат­ты, жас­тарымыз отан­сүйгіш болды. Ар­маным орын­­далды. Қазіргі күндерге жету үшін біз­дің буын, сендердің әкелерің, ата­ларың көп тер төкті. Елдің сыртын жау­дан, ішін даудан аман алып қалу үшін деп күндіз-түні тынбай жұмыс істедік. Қараң­дар­шы, сол тынымсыз еңбектің арқасында біз қазір кім болдық?» - деді Мем­лекет бас­шысы. Қазір кім болға­ны­мызды әлем мо­йындайтын көрсеткіштер­дің өзі айқын­дайды. Мәселен, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 16 есеге өсіп, 12 мың дол­ларға жетті. Бұл - Қазақстанның Түркия­мен, Малайзиямен, Шығыс Еуро­па мем­лекеттерімен терезесі тең болды деген сөз. Ал индустрияландыру картасы аясын­да жалпы құны 9,6 трил­лион теңге бола­тын 600-ден астам жоба жүзеге асуда. Бұл әсіресе жастар үшін 370 мың жаңа жұмыс орнын береді. Бұдан бөлек, Қазақстанды бәсекеге барын­ша қабілетті 50 елдің қата­рына қосу туралы Президент тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалып келеді. Дү­ние­жүзілік экономикалық форум мәлі­меттері бойынша соң­ғы бір жылда Қаз­ақ­стан өзінің ұстанымын 21 сатыға көтеріп, 51-ші орынға шық­ты. Ендеше, бәсекеге қабілетті 50-дің табалдырығында тұрмыз. «Қазақстан - халқы татулыққа ұйыған, жас­тары жасампаздыққа ұмтылған елге ай­нал­ды. Бір буын ауыспай-ақ, мүлдем ба­сқа си­пат­тағы жаңа ұлт, жаңа ел бол­дық. Күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекетпіз. Мұның бәрі бір күнде, бір сәтте бола салған жоқ. Жиырма жылда екі ғасырға татитын еңбек сіңіргендіктен ғана қос ғасырға бергісіз табысқа жеттік. Бұл та­быс­қа күллі қазақ­стан­дықтардың, оның ішінде жаста­р­дың қосқан үлесі ора­сан зор», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Президент пайымдарынан:

Арабтың киімін үстімізге жапсырып, қызда­рымызды орта ғасырға қарай тарта алмаймыз! 

Бәріміз де жас болдық. Біздің жас кезі­міз­де көңіл­де түрлі толқулар болды. Ал қазіргі өмір­де де неше түрлі теріс нәрселер бар. Біз­дің дініміз - мұсылман, біз одан кеткеніміз жоқ. Дегенмен оның ішінде де қаншама ағымдар бар­. Сондай ағымдар­дың жетегіндегі жас­тарды жасотандықтар тәр­бие­леулері керек. Мұсылман екен­­біз деп хал­қымызды орта ға­­сырға тартпай­мыз. Біз мұсылман өркениетінің өсіп-өркендеуін қол­­даймыз. Ата-бабамыздан ұстанып келе жатқан сүн­нит­тік жолымыз бар, сол бағыт­ты ұстанамыз. Мұсылман­дықтың да, біздің де өз жолымыз бар. Әрине, басқаларын да сый­лаймыз, ой-пікірлерін құр­мет­­тей­міз. ­Бір­ақ арабтардың киімін үстімізге жапсы­рып, қыз­да­рымыз бен әйелдері­мізді орта ғасыр­лар­ға кейінге тартсақ не бо­лады? Біз - қазақпыз, көш­пе­лі­лер ұрпа­ғымыз. Аттың үстінде ер­­лермен бірге қазақ әйелдері де, қыздары да жүретін. Біз сондай ха­лықтың өкіліміз. Ер­жүрек ел­дің ұл-қыз­дары­сыз­дар.

11 млн қазақ үш жүзге бөлінсек, ел бола алмаймыз!

Қазақты ешкім де жаулап алған жоқ, тек қана елдің ішіне іріткі жасап, жаулады. Ре­сей­дің отарында болғанда қазақты жүзге бөлу, солай­ша билеу жүзеге асатын. Біз - қазақпыз. Кеше де айттым, 11 млн қазақ бол­дық. Енді соны үшке, үш жүзге бөлетін болсақ, онда ел бола алмаймыз. Ресейдегі Екатерина ІІ-нің бұйрығы болған «әр сұл­тан­дарды, тайпаларды, байларды бір-біріне қарсы қойып, байларды соғыс­тырып, бір-біріне ата жау қылып, қан шы­ға­рып жау­лап алыңдар» деген. Барлық жағы­мыз­дан, Қоқаннан, жоңғардан кел­ген жау да солай істемек болған. Осын­дай қулық­пен халқымызға қарсы әрекет жасаған. Сон­дықтан Тә­уел­сіздігіміз қолы­мызда тұрғанда біз бір халық, бір ұлттың баласы екенімізді еш­қа­шан ойымыздан шығармауымыз ке­рек. Біздің қа­нымыз бір, сыртта жүрсек те, іште жүрсек те осыны ұмыт­пайық. Тәуел­сіздіктің күші мен мы­ғым­дығы - бірлікте. 

Көрдіңіздер ме, жаңа Татьяна қазақша қалай сөйледі!? Теледидардан хабарлар жүр­гізіп отырған өзге этнос өкілдері кейбір қазақ­тардан артық сөйледі. Тіл мәселесін сөз еткенде кейбіреулер алып қашып, «ой­бай, оң­бай жатыр, неге Президент қа­зақ­ша сөйле­мей­ді» дейді. Менің қалай сөй­лей­тінімді көріп отыр­сыздар. Мен Пре­­зи­­дент болған­дық­тан, сөзімді барлық қаз­ақ­стан­дықтар түсінуі тиіс. Өйтпесе мен қа­лай Президент боламын, сондықтан сіз­дер де осыған үй­ренулеріңіз керек. Өзіміз оты­р­­ғанда өзіміз қазақша сөйлейікші алды­­мен. Сонда бас­қалар да қазақша сөй­­­лей­тін болады. Үйре­не­мін дегенді бауы­ры­ңа тарт, қателесіп жатса - түзе.

Жастар саясатының жаңа міндеттері белгіленді

Жиын барысында Мемлекет басшысы жастар саясатының жаңа міндеттерін де ай­қындап берді. Атап айтқанда, Елбасы Үкімет пен «Нұр Отан» партиясына жастар сая­саты жөніндегі жаңа заң жобасын бір­лесіп сапалы толық­тыруды және Парла­ментк­е мүмкіндігінше жедел енгізуді тап­сырды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбіш­­ұ­лы жастар саясатының жүзеге асуы әр­бір қалаға, әрбір ауылға дейін жетуі керек­тігін, ірі өндірістік ұжым­дар­дағы жас­тар істері жөніндегі комитеттердің рөлін күшейту қажеттігін, сондай‑ақ дәл осын­дай жұмыс­тар барлық ұлттық ком­панияларда жүргі­зілуі тиістігін айтты. Жас кә­сіпкерге ерекше көзқарас, төтенше қол­дау болатынын тап­сыр­ды. «Үкімет жаңа бастаған кәсіпкерлерге несиелік және кон­салтингтік көмек туралы мақсатты сег­мент­ті қамту үшін «Биз­нес­тің жол картасы - 2020» бағдар­ла­масына өзге­ріс­­тер ен­гізуі керек. Жас адам өз бизнесінің бо­ла­ша­ғын шынайы танытатын болса, онда оған елеулі кө­мек қажет. «Жұмыспен қам­ту - 2020» бағ­дар­ла­масы да толықтыру ен­гізуді қажет етеді. Мен «Жас­тар­дың еңбек биржасы» бірегей веб-порталын құру­ды ұсынамын», - дей келе, Елбасы жас­тарды толғандыратын еңбекпен қамту мәсе­лесіне кеңінен тоқталды. Әсіресе мына­дай дерек­терге баса назар аударыл­ды: 2012 жылы 161 мың жас қазақстандық орта мектепті бітірген. Олардың 43 мы­ңы кә­сіптік кол­ледж­дерге түссе, 93 мыңы жо­ғары оқу орындарына қабылданыпты. Ал қалған 28 мың адам техникалық және кәсі­би білімсіз еңбек нарқына енуге ұм­тыл­ған, яғни не колледжге, не универси­тет­ке олар түскен жоқ. Әрине, барлық жасты тұтастай жоғары біліммен қамту еш бола қоймайтын шара. Дегенмен Мем­ле­кет басшысы басты мәселе мамандық алу­да, кәсіп иесі болуда екенін алға тартады. Өйт­кені мамандықсыз жақсы жұмыс пен еңбекақыға иек арту еш мүмкін емес. Осы жағына тереңірек тоқтаған Елба­сы орта мектеп бітірген әрбір жастың ма­ман­дық алуға мүмкіндігін қамтуды Үкіметке міндет етіп жүктеді. «Мен Үкімет алдына орта мек­тепті бітірген әрбір қазақ­стан­дықтың ма­мандық алу мүмкіндігі болсын деп мін­дет қойдым. Бірақ барлығына бірдей жо­ғары білім соңынан жүру қажет емес. Эко­но­микаға дәнекерлеуші, электрик, меха­ни­ка және басқа да орта буындағы тех­никалық жұмысшылар да керек. Сон­дық­тан мектепте оқу аяқталысымен бірден мем­лекет мони­торинг жүргізуге тиіс. Басқаша айтқанда, жоғары оқу орын­да­рына түсе алмағандар колледждерге түсудің барлық мүмкіндіктерін иеленулері керек», - деді Елбасы. Ал жұмыспен қам­тылу­ға келсек, Қа­зақ­станда жастар ара­сын­дағы жұмыссыз­д­ық жоғары емес. Эко­но­ми­калық белсенді халықтың шамамен 3,8%-ын құрайды. Алайда ағымдағы жылы жоғары оқу орнын бітірген 161 мың тү­лектің 38 мыңы, 131 мың колледж бі­тіру­шінің 19 мыңы әлі күнге жұмысқа ор­на­ласпаған. Осы жағын оңды шешу үшін Президент Үкіметке арнаулы нақ­ты бағ­­дар­­ламаны әзірлеп, қабылдауды тапсыр­ды. 

«Келесі бір маңызды мәселе - жастар­ды уақытша баспанамен қамтамасыз ету. Жас­тардың мобильді бөлігі алғашқы кез­дерде тұра алатын студенттік және жастар жатақ­ханаларын көбірек салу қажет. Осы бағыт­тар­дың барлығы Үкіметтің жұмыспен қамту бағ­дар­ламасында қарастырылуы керек», - деді Н.Назарбаев. Бұдан бөлек, Ел­басы Үкіметке жастар бас­та­маларының қо­рын құру мәсе­ле­сі­мен айналысуды да жүк­теп, бар­лық министрліктер мен әкім­дік­тердің стратегиялық жоспар­ла­рына жас­тармен жұмыс жөніндегі индикатор­лар­ды енгізу қажеттігін баса айтты. 

Елбасының бір арманы - жаңа Жастар сарайын салу

«Бүгін мен «Жас Отан» съезі делегатта­рын менің көптен бергі тағы бір арманым­ды жүзеге асы­руға қолдау көрсетуге ша­қырғым келеді. Мен Астанада Жастар са­ра­йын салу­ды ұсынамын! Егер сіздер қол­дасаңыздар, жаңа сарай Астананың ең үздік архитек­ту­ра­лық шедеврлерінің бірі бо­луы тиіс. Бесін­шіден, «Жас Отан» жастар қа­на­ты - елді жаң­ғырту үде­рі­сін­дегі қазақ­стан­дық жастар­дың бас­ты саяси үйлестіру­шісі. Жастар қана­тын қалалар мен аудан­дар деңгейінде күшейтуді қамтамасыз ету қа­жет. «Жас Отан» -  болашақ саясаткерлер үшін мектеп. Сон­­дық­тан жасотандық депу­таттар санын өкілет­ті органдарда, жергілікті мәслихаттар­да, Парламентте көбейту мәселесін шешу маңыз­ды. «Нұр Отан» ХДП бас­шы­лы­ғына осындай жұмысты жүр­­гізуді тапсырамын», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы. 

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев жастарға арнап адал еңбектің тез баю мен ұстамсыз тұтынуға ұмтылумен ауыс­қаны жайында әңгіме өрбітті. Сосын бұл бағытта бірнеше мысалдарды назарға салды. Мәселен, бүгінгі таңда «үлкен жиырмалық» елдерінде жұмыссыздар саны 20 млн-ға жуықтаған. Ал Италияда, Испанияда, Оң­түс­тік Африка Республикасында - әрбір екін­ші жас, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Фран­ция­да, Канадада, Бразилияда, Түр­кияда - шамамен әрбір бесінші жаста жұмыс жоқ. «Жаһандық экономиканың даму болжамы көңіл көнші­тер­лік­тей емес. Сарапшылардың көпші­лігі жаһандық дағдарыстың жаңа толқынынан қашып құтылу мүм­кін емес дегенді айтады. Қазақ­стан - осы күрделі әлемнің бір бөлшегі. Әрине, біз превентивті шаралар қабылдап, дағдарысқа қар­сы бағ­дарламалар түздік. Сон­дықтан болашаққа «же­ңіл саяхат жасау» деген бізде де болмай­ды. Мен сіздердің, жас қазақстандықтар, осы­ны білгендеріңізді қа­лаймын! Осы себеп­ті көп нәрсе сіз­дердің еңбексүйгіштікте­ріңізге, тө­зімділіктеріңізге, белсен­ділік­те­ріңіз­ге, табандылықтарыңызға жә­не жауап­кер­шіліктеріңізге тәу­ел­ді болады! Мен бұлар сіздердің ең жақсы қасиеттеріңізге айна­лады деп сенемін!» - деді Н.Назарбаев. 

Елбасы сөзінің соңын: «Енді тура бір айдан соң ел Тәу­елсіздігінің 21 жылдығын атап өт­келі отырмыз. Асылын ардақтай білетін халқымыз Тәуелсіздіктің қадірін бір сәт те түсірген жоқ. Тұғырын нығайтып, түтінін түзу ұшыруға барын салып келеді. Алға, Қазақстан! Алға, «Жас Отан!» - деп түйіндеді.

Нұрлан СЫДЫҚОВ, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты ат­қа­ру­шы хатшысы: 

- Съезде өткенді таразылап, болашаққа бағдар жасау арқылы жастар саясатының жаңа парағын ашып, жаңа сындарға қа­дам басуға негіз болды. Осылайша «Жас Отан­ның» бір күн­дік бұл жиыны көпкүндік келе­шекті айқындайтын болады. Ал «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» жастар қана­тының 2020 жылға дейінгі страте­гия­сы­ның негізгі мақсаты жастарды еліміздің қуат-күшін арттыру жолында нақты істерге жұ­мыл­дыру болып табылады.

Татьяна КУШТАЕВА, қызылордалық делегат: 

- Қазақ халқы қашанда парасаттылық пен достықты қадір тұтып, шыдамдылық пен төзімділік секілді асыл қасиеттерді ерек­ше қадірлейді. Соның арқасында біз қа­зақ жерінде барлығымыз тату-тәтті өмір сү­ру­деміз. Сол үшін мен өзімнің ана тілім­мен қоса, мемлекеттік тілді үйренуді парыз сана­дым. Ұлтым орыс бол­ғанымен, мен қа­зақ же­рінің ерке қызы болып өстім, туған жерімнің тарихын, мәде­ниетін, салт-дәстү­рін жә­не тілін білуге барынша талпындым. Енді Елбасы айтқандай, ағылшын тілін үй­ренуді мақ­сат етіп отырмын. Ал біздің алдымызда «Жастар - Отанға!» атты 2020 жыл­ға дейінгі стратегияны қабылдап, оны жүзеге асыру міндеті тұр. Сол үшін Елба­сы­ның «Қазақстанның бола­ша­ғы - қазақ тілінде» деген қа­нат­ты сөзін басшылыққа ала отырып, мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейтіп, қазақ халқының салт-дәс­түрін, әдет-ғұрпын, тілін меңгеруді жо­ғары дәрежеге кө­те­ріп, ұлттар арасындағы дос­тықты нығайту мақсатында жұмыс істеуге барша қазақстандық жастарды ша­қыра­мын.

Нұрлан ӨТЕШЕВ, Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитетінің төраға міндетін атқарушы: 

- Қазақстан жастары Қазақстанның ке­лешекте қандай жолмен жүретіндігін өзде­рі анықтайды. Сондықтан жастардың жағ­дайы­на, олардың біліміне, өмір салтына мем­­лекеттің көңіл бөлуі ұдайы назарда. Әри­не, қай кезде де жастардың басында проб­­ле­малар аз болмаған. Бүгін де олар бар­шы­лық. Алайда біздің еліміздің жаста­рын­­да басқа елдерге қарағанда жағдайы тәуір деуге әбден болады. Мәселен, Қазақ­стан­да Еуропа елдерімен салыстырғанның өзінде жұмыссыздық деңгейі төменірек. Екін­­шіден, білімнің қолжетімділігіне қатыс­ты елімізде біраз шаруа жасалуда. Үшінші­д­ен, енді жастардың әлеуметтік лифтілерін жасау жолдарын анықтап, оның бәрі мем­ле­кеттік жастар саясаты тұжырымдамасында көрініс табатын болады. Ал бүгінгі страте­гия­­ға келсек, ол барша қазақстандықтардың тұрмысын жоғарылатып, жастар игілігіне қыз­­мет ететін болады. Осының өзі «Жас Отан­ның» шынымен де дамудың жаңа биі­гіне көте­рілгендігін көрсетеді.

Автор: Қанат ҚАЗЫ

«Алаш айнасы» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2119
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2528
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2238
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1636