Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3206 0 пікір 21 Қараша, 2012 сағат 07:47

Таласбек Әcемқұлов. Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы... (Басы)

Өткен өмірдің бір оқиғасы еді. 1968 жылы Ресейден орыс тілінде шығатын «Пионер» журналы жазушы Л.Воронкованың «От - өмірдің ізі» («След огненной жизни») атты, балаларға арналған романын жариялай бастады. Журналдың әр санын асыға күтетінбіз. Әлемді жаулап, ұланғайыр мемлекет құрған, ақырында скифтерді бағындырам деп келіп ұлы далада Томирис ханшаның қолынан қаза тапқан парсының патшасы Кирдың өмірі жайындағы есіміз кете оқыған бұл қызғылықты роман, шындығында тарихтың әкесі болып саналатын Геродоттың кітабынан алынған көп хикаяның бірі ғана екенін біз кейін, есейгенде білдік. Бала едік. Туғанынан өлгеніне дейінгі өміріне куә болған біз үшін Кир патша (ескі парсы тілінде Құрыш патша) әлемдегі ең ұлы тұлға болатын. Шаң жуытпайтынбыз. Оның жауы - бізге жау, оның досы - бізге дос, істегенінің барлығы дұрыс болатын. Ақырында есейіп ержете бастап, түрлі ғылымдармен, тарихпен айналысып оң мен солымызды тани бастағанда сонау ықылым алыста қалған балалық шақтан алып шыққан ең асқақ идеалдар бір-ақ күнде күйреген еді. Жабайы жау саналған скифтер - өзіміздің көне бабаларымыз екеніне, ал бала жасымнан ерлігіне, мемлекеттік, елдік істеріне сүйсініп келген Кир патша біздің Отанымызды, кіндік қанымыз тамған қасиетті топырағымызды жаулауға келген, ешқандай аяушылықты білмейтін, бітіспейтін дұшпан болғанына көзім жеткен күні мені бір үрей биледі.

Өткен өмірдің бір оқиғасы еді. 1968 жылы Ресейден орыс тілінде шығатын «Пионер» журналы жазушы Л.Воронкованың «От - өмірдің ізі» («След огненной жизни») атты, балаларға арналған романын жариялай бастады. Журналдың әр санын асыға күтетінбіз. Әлемді жаулап, ұланғайыр мемлекет құрған, ақырында скифтерді бағындырам деп келіп ұлы далада Томирис ханшаның қолынан қаза тапқан парсының патшасы Кирдың өмірі жайындағы есіміз кете оқыған бұл қызғылықты роман, шындығында тарихтың әкесі болып саналатын Геродоттың кітабынан алынған көп хикаяның бірі ғана екенін біз кейін, есейгенде білдік. Бала едік. Туғанынан өлгеніне дейінгі өміріне куә болған біз үшін Кир патша (ескі парсы тілінде Құрыш патша) әлемдегі ең ұлы тұлға болатын. Шаң жуытпайтынбыз. Оның жауы - бізге жау, оның досы - бізге дос, істегенінің барлығы дұрыс болатын. Ақырында есейіп ержете бастап, түрлі ғылымдармен, тарихпен айналысып оң мен солымызды тани бастағанда сонау ықылым алыста қалған балалық шақтан алып шыққан ең асқақ идеалдар бір-ақ күнде күйреген еді. Жабайы жау саналған скифтер - өзіміздің көне бабаларымыз екеніне, ал бала жасымнан ерлігіне, мемлекеттік, елдік істеріне сүйсініп келген Кир патша біздің Отанымызды, кіндік қанымыз тамған қасиетті топырағымызды жаулауға келген, ешқандай аяушылықты білмейтін, бітіспейтін дұшпан болғанына көзім жеткен күні мені бір үрей биледі. Жо-жоқ, бұл аруақтардың алдындағы үрей емес еді.

Лермонтов бір өлеңінде айтады емес пе, «Мен бұғауда өсіп темір торда отырған бүркітпін» деп. Тоталитарлық системада туып, «сананың тепкісінде», бір шындығы жоқ өтірік тарих атмосферасында өскен советтік балаларға әлдебір кінә қою, айыптаудың өзі - әбестік. Мен «советтік тарих» деп аталатын ғылымның қалыптастырған жалған ғаламының масштабынан шошындым. Сыртқы түрі шын тарихқа ұқсайтын, аты шыққан авторитеттерге сілтемелері бар ұланғайыр жалған хикая. Тұтастай хикаяға емес, оның кейбір тұстарына ғана күмән келтіріп көріңіз, содан соң не болатынын көресіз. Берісі - қоғам тарапынан, ғылыми әулет, әріптестер тарапынан айыпталып, атақ-абыройдан айырылып жұмыстан қуыласыз. Арысы - абақты мен бір түйір қорғасын. Бүгінгі қазақ біздің бұл айтқанымызға сенбеуі мүмкін. Бірақ совет заманында тарих ғылымының сиқы осындай болатын. Басқаша болуы мүмкін де емес, себебі тарих - идеологияның ең басты құралы. Адамдардың барлығы бірдей ойлайтын, бірдей түйсініп-сезінетін коммунистік қоғам құру үшін, адам санасында биттей алалық болмау керек. Сол үшін халықтарды өзінің табиғи менталитетінен, ұлттық санасынан айырады, сол үшін ақылды, білімді, жөн білетін адамдарды жояды. Орыстың бір философының айтқаны бар, «Совет Одағында тарих ғылымы жоқ. Біздің тарих деп жүргеніміз - өткен заманға сәулесін түсірген, өткен заманға төңкерілген бүгінгі саясат» («В Советском Союзе нет исторической науки. Наша история - это наша политика опрокинутая в прошлое») деп. Анық сөз саптасы есімде жоқ, бірақ мағынасы тура осындай.

Әрине, тарихи деректе күнә жоқ. Егерде ол адал тарихшы келтірген шын дерек болса. Тарихи жәдігерде күнә жоқ. Егерде ол, әлдебір әміршінің, әлдебір билеуші әулеттің қас-қабағына қарап жазылған емес, тек қана шындықты таяныш еткен жәдігер болса. Тарихты бұрмалайтын, жалған сөйлейтін тарихшы қазір де бар, бұрын да болған. Өзі куә болғанды адал жазған, бұрынғы тарихты ақиқат елегінен өткізіп қолдан келгенше шындықты қалыптауға тырысқан арлы, жауапкершілікті тарихшы қазір де бар, бұрын да болған. Демек, өткеннің бәрі шындық емес екен. Барлық уақыттағыдай, дән менен топанның аралас болатындығындай ақиқат пен жалған үнемі қатар жүреді екен.

Енді, құрметті оқырман, осы қағидаларды ойға ала отырып өзім бүкіл саналы өмірімде зерделеумен өткен, әлемдік ғылымда Кир менен Томиристің соғысы деп таңбаланатын, ал бізше, осыдан екі жарым мың жылдай бұрын сахарада болып өткен ұлы қантөгісті, біздің қасиетті Тұмар әжеміздің Құрыш патша бастаған көне парсының батысқа, түн түбіне жасаған ұлы жаугершілігін тоқтатқан, осылайша мәжүсилікте, жабайылықта жатқан Еуропа жұртшылығын, қаншама халықты өз еркінен, өз әрекетінен тыс құлдықтан құтқарған ұлы күресін шама-шарқымша баян етіп берейін.

Әлқисса, ерте-ерте заманда Мидия деген елде Астиаг деген патша жасапты. Мидияның астанасы Экбатан, әлденеше шақырым биік дуалмен қоршалған, дуалдың сыртын айналдыра қазып су толтырған терең оры бар, қамбаларында неше жыл жесе таусылмас астығы, құдықтары мен кәріздерінде неше жыл ішсе таусылмас суы бар, алынбас берік қамал екен.

Қазіргі тарихқа сүйенсек орта ғасырларда Әмудария мен Сырдарияның арасы Мәуреннахр деп аталған екен. Парсы мен түріктің ортақ лексикасында «нехир» - «өзен» дегенді, ал «мәурен» - «екі аралық» дегенді білдіреді. Яғни, Мәуреннахр - екі өзеннің арасындағы жердің аты. Бірақ, ерте заманда Месопотамиядағы Тигр және Евфрат өзендерінің арасы да Мәуреннахр деп аталған. Кейіннен бұл бүкіл Ғажам өлкесінің екінші атына айналыпты. Міне, біз әңгіме етіп отырған Экбатна шаһары осы абат өңірдің қолқа-жүрегіне орналасқан екен. Астиагтың бала кезінде бұл өлкені көшпенді скифтер жаулапты. Сол кездегі отырықшы елдердің тарихнамасындағы ресми дәстүр-салт бойынша, көшпенділер ықты-жарды тыңдамайтын жыртқыш, сырт келбеті адам демесең табиғат құбылыстарына ұқсас мылқау күш бейнесінде көрінеді. Астиагтың әкесі Қиақсар патша, елге ауыр салмақ болған көшпенділерден құтылудың амалын ойлайды.

Осылайша күндердің күнінде скифтерді мол дастархан жасап қонаққа шақырады. Қонақтар тұтастай қақталған сиыр мен қойдың етін опырып жеп, шарапты сабасымен төңкеріп, ақырында мас болып, әр жерге қылжиып ұйықтап қалады. Осы кезде Қиақсардың дайындап қойған әскерлері келіп өлі ұйқыда жатқан скифтерді қырып салады. Рас-өтірігін кім білген, бірақ ескі жәдігерлер осылай баян етеді.

Әкесінің тағын иемденген Астиаг бір күні түс көреді. Түсінде өзінің қызы Мандана төбесі көк тіреген терекке айналыпты. Теректің көленкесі бүкіл әлемді жауыпты. Шошып оянған Астиаг күні бойы қобалжып жүреді. Келесі түні тағы түс көреді. Бұл жолы патшаның қызы ұшан дарияға айналыпты, жайылып бүкіл дүниені алыпты. Айқайлап шошып оянған Астиаг сарайға дереү жұлдызшы ғалымдарын, түс жоритын сәүегейлерін алдырады, болған жайды айтады. Сонда сәүегейлер ақылдаса келе айтыпты, «сіздің басыңызға бұлт үйірілген екен, қызыңыз Манданадан туған жиеніңіз сіздің алтын тағыңызды алады, жихангер болып ақырында бүкіл әлемді жаулайды» деп. Сәуегейлер кетіп қалғаннан кейін патшаның бір ақылшысы айтыпты, қызыңызды қолынан ештеңе келмейтін бір езге беріңіз, ар жағын көре жатарсыз деп.

Қазіргі Иран, бұрынғы Парсы ол кезде Мидияның құрамында отырған Аншан деп аталатын шағын ғана уәлаят екен. Астиаг ойлап-ойлап қызын осы Аншанға өзі билеуші етіп тағайындаған, ұрыс-соғысқа жоқ, момын Камбиз есімді адамға ұзатады. Кейіннен Мандана айы-күні жетіп, босанып ұл туғанда, сол ұлды ұрлатып сарайға алдырады. Баланың жөргегін ашып көрген Астиаг өзінің бас уәзірі Гарпагты шақырып алып, нәрестені соған табыстап, тауға апарып өлтіріп таста, тағылар жеп кетсін депті. Гарпаг, бәрінен бейхабар, маңдайы жарқырап күліп жатқан нәрестені өлтіруге қолы бармай өзінің қойшысы Митридат деген адамды шақырып соның қолына табыстайды. Митридат баланы үйіне алып келгенде, сол күні оның әйелі Спако да босаныпты. Баласы өлі туған екен, сол мәйітті тауға апарып, кейіннен қол басындай ғана қаңқаны бас уәзірге әкеліп беріпті. Гарпаг баланың өлтірілгеніне патшасының көзін жеткізіпті. Сонымен Астиаг көңілі жайланып тыныш тауыпты.

Осылайша Құрыш есімді бала тумай жатып осындай өткелектерден өтіп тағдырдың қалауымен тірі қалыпты.

Құрыш алғыр, қажырлы болып өседі. Әкесіне еріп патшаның қойы мен сиырын бағып жүріп ат құлағында ойнайтын шабандозға айналады. Бірде балалар патша сайлап ойын ойнайды. Құрышты патша қылып тағайындаған екен, ол жарлығын орындағысы келмеген бір баланы қатты жазалапты. Ол байдың баласы екен, әкесіне жылап барыпты. Бірден-бірге кеткен дау-дамай ақырында Астиаг патшаның алдына жетіпті. Құрышты алғаш көргенде, оның патша тағында отырған өзінен айнымайтынын көріп Астиаг айран-асыр таң қалған деседі. Митридатты шақыртып алдырып, «мынадай бала саған қайдан келді» деп сұрапты. «Өзімнің балам» депті Митридат. Астиаг жендетті шақыртып, мына қойшы шынын айтсын, азаптаңдар дейді. Ақырында отқа қыздырған қанжармен жонынан таспа тілгенде Митридат барлық шындықты айтыпты.

Астиаг патша жиенінің құрметіне той жасайды, күндізгі тойға Құрышпен жасты балаларды шақырады. Бас уәзірдің баласы да шақырылған екен, бала үйден шығарда бір жамандықты сезгендей әкесіне қимай-қимай қарапты. Гарпаг, ойында ештеңе жоқ, «бара ғой, құлыным, құрбы-құрдастарыңмен көңіл көтеріп қайт» деп баласын шығарып салады. Бірақ, уәзірдің баласы тойдан қайтпай қалады. Қобалжыған Гарпаг кешке тойға өзі барады. Астиаг уәзіріне нешетүрлі дәмді табақ-табақ қылып тартқызады. Ең соңында «мен саған бұрын жеп көрмеген бір тамағыңды татырайын» деп қолымен белгі береді. Даяшы Гарпагтың алдына бетін жібекпен жапқан бір керсенді әкеп қояды. «Ашып, дәм тат» дейді Астиаг. Уәзір керсенді ашып, ішінде мүшеленіп бұзылған өз баласының етін, еттің үстінде тұрған басты көреді.

«Бұл әмірімді орындамаған, мені алдаған уәзірге ғана емес, маған арамдық істегендердің барлығына менің жасайтын сыйым» деген екен Астиаг. Гарпаг қажырлы ер екен. Патшасының істеген сұмдығынан көзі қарауытып, бүкіл дүниесі төңкерілсе де, ішіндегісін білдірмей, орнынан тұрып иіліпті де «кешіре көріңіз, әміршім, бұл маған лайықты жаза» депті. Депті де керсенді алып сарайдан шығып жүре беріпті. Баласын арулап қойғаннан кейін, Гарпаг енді ішіне қан қатып, патшадан қалай кек алуды ғана ойлаған екен. Бірақ, сыртқы түрінде еш өзгеріс жоқ, күнде сарайға келіп, патшаға адал құл болып, міндетін қалтқысыз атқарып жүре беріпті.

Астиаг сәуегейлерін шақыртып, болған жайды баян етіпті. Сәуегейлері айтыпты, «Сіздің жиеніңіз ойын кезінде ойнап болса да патша тағына отырды осымен аруақтардан келген аян орындалды, енді қорықпай-ақ қойыңыз» депті. Астиаг көңілі жайланып, баланы Аншан уәлаятына, әкесі мен шешесіне аттандырады. Ал енді Матридат пен Спаконның жайы не болыпты? Құрыш ата-анасының қолына барғаннан кейін, өзін ажалдан алып қалған, асырап-жеткізген осы екі адамның тағдыры не болғанын білмек болып, қолынан келгенше талай рет іздеу салыпты. Бірақ, олардың не күйге ұшырағанын анықтай алмапты. Кейіннен нағашы атасының астанасын алып тағына отырғаннан кейін ғана шындыққа жетіпті. Астиаг патша осы қазіргі әміршілердей-ақ екен. Кейін жиенінің төңірегінде түрлі қаңқу әңгіме өрбімес үшін Митридат пен Спаконы сарайға алдырып азаптап өлтіріпті. Ал, бақташының кішкентай ғана құжыра үйі тып-типыл өртелініпті. Міне, патшаның әулетіне жазатайым жұғысқан, тіпті жақсылық жасаған адамның өзі көп жағдайда осындай кепке ұшырауы мүмкін екен.

Құрыш есейіп ержетеді. Міне, осы кезде оған бір құпия хат келеді. Хат иесі баяғы уәзір Гарпаг екен. Ол кезде де уәлаяттардың арасындағы торап жолдарда кеден тұрады екен, ары-бері өткен адамды тексеретін күзетшілер болады екен. Гарпаг кеудедегі бас кететін аса қатерлі іске барғанда, әлбетте, барлығын ойластырады. Хатты жабайы таушан-қоянның ішіне тігіп жіберіпті. Гарпагтың хатын жеткізетін адам аңшылар сияқты киініп, кеденнен осылай өткен екен. Кеденшілер ойында ештеңе жоқ, беліне бірнеше қоянды асып алған адамды Аншан уәлаятына қарай өткізіп жібереді. Міне, Мидияның күйреуіне, Астиагтың тақтан айрылуына, Құрыштың билікке қол жеткізіп қазіргі Индиядан бастап Балкан түбегіне дейінгі жерді жаулап Ұлы Парсы империясын құруына, осылайша адамзат тарихын мүлдем басқа арнаға бұрған ерекше оқиғалар тізбегіне себеп болған бір жапырақ қағаз өзінің адресатына осылай жеткізілген екен.

Енді хаттағы мән-жайға келейік. Бұл кезде Астиагтың ішкі-сыртқы саясаттағы қателерінен әлеуметтің ахуалы шиеленісіп, ушығып кеткен. Сарайда, патшаның жанында отырып мемлекеттегі ахуалды қалт жібермей қадағалаған бас уәзір Гарпаг, Астиагтың бірнеше осал жерін жазбай таныған. Ең әуелі патшаға Мидияның ақсүйек әулеті, билік жүйесін ұстап отырған аристократия мен шенеуніктер қарсы. Содан соң бүкіл дін мен мемлекеттегі барлық діни рәсімдерді атқарып отырған сахабалар қарсы. Ең соңында әскербасылардың дені патшаның орасан қаталдықтарынан жүрегі шайлығып, тек бастарын қосып бұлғаққа бастайтын адамды күтіп отыр. Осы факторлардың барлығын есептеп келген Гарпаг қимылдайтын кез жетті деп шешеді. Әрине, сарай өмірінің қыр-сырына жетік тәжірибелі, әккі уәзір үлкен сақтықпен қимылдаған. Өзіне керек адамдарды әлденеше тексерістен өткізген. Ақырында істің сәті білінгенде қапысыз қимылдаған. Әлбетте, аяғы алмағайып бұндай бұлғақты бастау үшін патшаның өзі және жанындағы адал ақылшылары сенетіндей үлкен бір оқиға себеп керек. Кәріні де, жасты да, тіпті, дүние есігін жаңа ашқан нәрестені де қолы қалтырамай өлтіретін, адамның қадірін білмейтін тексіз патшадан кек алуды көздеген бас уәзір, ойлап отырып ақырында баяғы өзі өлімге қимай қоя берген Құрышты есіне түсіреді. Аншан уәлаятында, уәли деген аты ғана, ел қатарлы қоңыртөбел тіршілік кешіп жатқан Камбиздің ұлы, болашақ ұлы патша Құрышқа кемеңгер уәзір Гарпаг өзінің хатын осындай жағдайда жолдаған екен.

Тағдырлы хаттың тағдыры

Гарпаг өзінің хатында Мидияның ішкі-сыртқы ахуалын қысқаша айтып береді, билеуші әулеттің, әскербасылардың патшаға қарсы екенін білдіреді. Өздерінің Астиагқа ашықтан-ашық қарсы шыға алмайтындықтарын, бұл ұлы істі бастау үшін әлдебір сыртқы себеп керек екенін айтады. Сөз соңында Құрышқа, Аншан уәлаятының халқын көтеріліске бастасаң деген ашық ұсыныс жасайды.

Кейінгі зерттеушілер (мен бұл жерде біздің заманның ғалымдарын айтып отырмын) осы таңғажайып оқиғаны көп зерделеген. Ел ішінде бұлғақ ұйымдастырудың, мемлекетті құлатудың технологиялары барлық уақытта бірдей, бір-біріне ұқсас болып келеді. (Алысқа бармай-ақ, бізбен қандас саналатын осман түріктерінің тарихына жүгінейік. Бірнеше лек болып Азиядан қоныс аударған селжүк тайпалары қазіргі Түркияның Иракпен шекаралас бір шағын аймағын Византияның императорынан сұрап алады. Есен Бұға бастап барған жауынгер ел саны көбейіп жерге симай бара жатқанда, іздегенге сұраған дегендей, гректің жергілікті шаруалары императордың үстінен арыз айтып түріктерге келе бастайды. Ақылға симайтын салық жүйесі Византияның түбіне жетті деп жазады ғалымдар. Гректің шаруаларына жаны ашып, салық жинауға келген салықшылармен ілініскен жанжал ақырында түрік-грек соғыстарының себебіне айналып, Византия, императордың үстемдігінен құтылып, көне өркениеттер бесігінде бүгінгі Түркия пайда болыпты).

Кәмелетке жетіп қалған, шешесі мен әкесінің шым-шымдап айтқан әңгімесінен өзінің биік несібесі, ұлы болашағынан толықтай хабардар Құрыш көп ойланыпты. Өзін аңдыған жау көп, ал ең үлкен жау - нағашы атасы Астиаг бұның әр қадамын қадағалап отыр. Алғашында ұшбу хатты Астиагтың арандатуы ма деп те ойлайды, бірақ ол ойынан айниды. Сонымен болашақ жарты дүниенің әміршісі тәуекелге барады.

Әуелі Аншанның шаруаларын жинап алып бір күн бел жаздырмай ауыр еңбекке салыпты. Ертеңіне әкесінің азынаулақ дәулетін шашып, егін даласына дастархан жасатып, жұртты кәуапқа тойғызып, шарап ішкізіп мәз-мереке қылыпты. Үшінші күні жұртты жинап, «ал, кәне, айтыңдаршы, қара терге малшынып еңбек еткен жақсы ма, әлде ішкен мас, жеген тоқ, өмірді мерекемен өткізген жақсы ма» деп сұрайды. Әрине, жұрт ішіп-жеп, көңіл көтергенді қалайды. Ендеше, қашанғы Мидияның, оның тойымсыз әміршісі Астиагтың құлы болып жүре бересіңдер. Мен сендерді еркіндікке, тәуелсіз өмірге шақырамын. Еріңдер менің соңыма. Менімен бірге болыңдар, бірге өліңдер. Не еркін ел болайық, не бүйткен тіршіліктің керегі жоқ, барлығымыз жер жастанайық» дейді. Дені өзінің жасөспірім замандастары, қолдарында кемел қаруы да жоқ бірнеше мың адам осылайша қатерлі, жанкешті жолға түсіпті.

Алғаш хабар келгенде Астиаг сенбеген көрінеді. Көтерілісшілерге қарсы тіпті әскер шығаруды керек деп таппаған екен. Осының арқасында Құрыш бастаған, енді белгілі бір тәртіпке бағынып, жүйеленіп, әскер болып қалыптана бастаған жасақ жергілікті жердегі Мидияның бірнеше гарнизондарын талқандап, қолдары қаруға жетіп, енді басқа ұлттарды, уәлаяттарды өзіне қосып ала бастайды. Оның үстіне Астиагты қайтқен күнде соғысқа ұрындыруды көздеген әскерилер, көтерілісшілердің істерін, олардың жетістіктерін әлденеше есе өсіріп жеткізеді. Империяға қауіп төнгенін сонда ғана түсінген Астиаг үлкен әскер жарақтап Құрышқа қарсы аттандырыпты. Адамды Құдай ұрарда, әуелі оны ақылынан алжастырады ғой. Астиаг патша жер қайысқан әскерге бас сардар қылып өзінің уәзірі Гарпагты тағайындапты. Гарпаг осы әскермен, Аншаннан аулақта, ала-құла қаруланған жасақты бастап әрі-сәрі күйде тұрған Құрышқа келіп қосылады. Осылайша, бозбала Құрыш, көзді ашып-жұмғанша әлемдегі ең күшті армиялардың бірінің сардары болып шыға келеді.

Сұмдық хабарды естіген Астиаг күйіктен өліп кете жаздапты. Ең алдымен тындырған ісі - бүкіл сәуегейлерін, жұлдызшы ғалымдарын жинап алып, жалынып-жалбарынып, жылағанына қарамай барлығын қырып салыпты. Құрыш патша туралы жазылған көп романдардың бірінде мынадай эпизод бар. Астиаг сәуегейлерге ақырып, «Сендер мені алдадыңдар, сол үшін осы жерде барлығыңның басың шабылады» дейді. Сәуегейлер мен ғалымдар жылап-еңіреп патшадан рахым сұрайды. Сонда бір ғалым басын биік ұстап үндемей тұрады. «Сен неге жалбарынбайсың?» депті Астиаг. «Оның не керегі бар» депті ғалым, «сен тек тұрғанды да, жалбарынғанды да өлтіресің». Содан соң күледі. «Неге күлесің?» дейді Астиаг. Сонда ғалым, «баяғы аспаннан түскен аян орындалып, бірнеше күннен кейін сендей қанішердің билігінің аяқталатынына қуанып күліп тұрмын» дейді. Әрине, бұдан кейін оның басы шабылады. Осы шаруаны тындырып болған Астиаг шұғыл сауын айтып, Мидияның қалған әскерін ең соңғы сарбазына дейін бір тудың астына жинайды. Сөйтіп қол бастап жауға қарсы өзі аттанады. Бірақ, басынан бақ тайған патша алғашқы ұрыста Құрыштан, дәлірек айтқанда өз ақшасымен жарақтаған әскерден масқара болып жеңіліп, майдан даласынан шегініп, астанаға қайтып келеді, қақпаның барлығын бекітіп, орды суға толтырып қорғанысқа көшеді. Ар жағы тіпті оңай. Құрыш келіп астананың алдына ту тіккенде қала халқы қақпаны ашып береді. Месопотамия, бізше Мәуреннахрда алғаш құрылған, заманына лайық озық экономика, биік мәдениет қалыптастырған империялардың бірі болып саналатын Мидия осылай құлаған екен. Жаңадан құрылған Парсы империясының құрамына осылай кірген екен.

Құрыш өзінің нағашы атасына кеңшілік жасапты, Гарпагтың айтуымен алыс бір уәлаятқа уәли қылып тағайындапты. Астиаг кетерінде Гарпагқа «Кегің қайтты ма, қайтса мені неге өлтіріп тастамайсыңдар?» дейді. Сонда Гарпаг айтыпты «Сен сияқты бейбақ үшін тақтан айрылып қатардағы құлдың дәрежесіне түсудің өзі өліммен тең емес пе? Ал менің құлмен кек алысатын әдетім жоқ» деп. Астиагтың бұдан кейінгі тарихы бұлдыр. Қартайып өліпті деп куәландырады бір жәдігер. Жеңіліп тақтан түскен күні күйіктен өліпті деп куәландырады енді бір жәдігер. Тағы бір романда мынадай эпизод бар, өтірік-шынын кім білсін. Жылдағы салықты астанаға алып кетуге келген зекетші Астиагтың жер жебіріне жетіп ұрсады. Мына салықты неге аз жинағансың, мен сені осының үшін дүрелеп алуға хақым бар дейді. Бір кездегі өзінің зекетшісі, өзінің құлы айтқан сөзге төзе алмаған Астиаг сол жерде өзіне-өзі қанжар сұғып өледі.

Қонған бақтың ұшардағы тарихы...

Таққа отырған Құрыш, мемлекет басқару деп аталатын зілдей ауыр міндетті мойнына артады. Вавилон, Ассириямен екі арадағы жер дауы, бұрынғы болған соғыстардың ізі, алыстағы Мысырмен екі арадағы дипломатиялық ойындар, Грекиямен (Юнан) болашақ соғыстарға дайындалу... толып жатыр. Бірақ, жас патша іске ерен қажырмен кіріседі. Әуелі Вавилонға (бізше Бабыл) қарсы соғыс ашады. Бұл соғыс ұзаққа бармапты. Құрыш қаланы қоршауға алып азғантай ғана қамайды. Содан соң Вавилонның атаусыз патшалары, шын билік иесі сахабалар Набонид патшаны тұтқындап қаланың қақпасын ашып береді.

Азғантай уақыттың ішінде Құрыш патша қазіргі солтүстік Индия, Ауғанстаннан бастап жарты дүниені жаулап үлгереді. Осы жеңімпаз соғыстардың тарихын қарап отырсаңыз таңғажайып бір құбылысты байқайсыз. Көптеген қалалар қақпаны өздері ашып беріпті. Неге? Әлбетте, жаулаушы, қарсыласпай, соғыспай бас игеннің жаны қалады деп уәде береді. Барлық соғыстарда дерлік солай болады. Қоршауға түскен қалалардың халқы көп жағдайда қаланы қиратпай аман алып қалу үшін, және ең бастысы өз жанын сақтау үшін жауға беріледі. Бұл түсінікті. Бірақ, бұның сыртында тағы бір кілтипан бар. Ол кезде ұлттық мемлекеттер әлі пайда болмаған сияқты. Халыққа кім билесе де бәрібір, әйтеуір патша өзі билеген жұртына жайлы болса болды. Ал, жайлы болмаса, онда мәселе басқаша. Көп жағдайда қала халқының жауға берілген сатқындығына ... әміршінің өзі кінәлі. Әскери міндеттен (бітпейтін соғыстарда қолына қару ұстай алатын еркек кіндіктінің барлығын тауысып бітіретін ақымақ патша кімге керек), қолындағы барын сыпырып алатын ауыр алым-салықтан, адамдығын таптайтын езгі мен қорлықтан әбден шаршаған халық ғайыптан келген жаулаушыға қақпасын ашып, патшасын өз қолымен ұстап әкеп беріп жатса, оның қайран қалатын ештеңесі жоқ. Ол кездегі отырықшы халықтар елдік үшін, еркіндік үшін күреспейді - тыныштық үшін, еселі, тірнекті еңбекке кедергі келтірмейтін тыныш өмір үшін күреседі. Құрыш патшаның таңғажайып жеңістерінің сыры, аз уақытта ұланғайыр жерді алып, пәленбай патшалықты бағындыруының сыры осында жатыр.

Бірақ, тұтас патшалықтардың, тұтас халықтардың өз еркімен берілуінің артында сұмдық салдары бар. Қақпасын ашып қаласын өз қолынан берген, жерін өз еркімен ұсынған халық жай қуанбайды, «бізді азат ететін, тыныш өмір беретін патша келді, бұндай патшаны Құдайдың өзі жіберіп отыр» деп аспанмен астасқан мадақ жырларды жырлайды. Жаулаушы өзінің әлемді азат етуге келген жихангер екеніне шынында да сене бастайды. Содан соң бұл сенім ақырсоңында үлкен жаһандық идеяға айналады. Содан кейін жаңа патшаның маңайына ұйысқан, билікке, байлыққа аш жаңа элита да оны жаугершілікке итермелей бастайды. Құрыштың Мәуреннахрды жаулаумен шектелмей, тоқтай алмай ары, Грекия (Юнан) тарабына қарай аттануына осы екі фактор әсер еткен. Жеңімпаз патшалар бітпейтін соғыстың жолына осылай түсетін болған.

Құрыштың грек дүниесіне қарсы аттанып Кіші Азиядағы жаулаған алғашқы мемлекеті Лидия деп аталған. Мермнад деп аталатын патша әулетінен шыққан Алиатт патша елін белгілі бір кезеңнен асырып көз жұмғаннан кейін таққа оның баласы Крез отырады. Лидия патшалығы қазіргі жөнмен алатын болсақ Түркияның оңтүстік-батыс аймағын алып жатқан Измир уәлаятына сәйкес келеді. Патша әулетінің бағына орай мемлекетті қақ жарып суында еріген алтыны көп Паттол өзені ағады екен. Осы өзеннің табанына қойдың терісін төсеп, біраз уақыттан соң алып кептіріп, жүнін қырқып отқа жаққанда, бір қойдың терісінен жұдырықтың үлкендігіндей алтын қорытылып шығады екен. Осылайша тонналаған алтын өндірген Крез сол кездегі ең бай патша саналыпты.

Бірде, көне дүниеде ақылымен, ой-өресімен аты шыққан данышпан Солонды Крез өзінің астанасы Сард қаласына арнайы шақыртумен алдырады. Ақылгөй философқа тиісті сый-сияпатын жасаған Крез соңында оны өзінің қазынасы тұрған сарайға алып кіріп аралатыпты. Бірақ, Солон тау-тау болып үйіліп жатқан алтын-күміске, кеспектерді сындыра жаздап тұрған інжу, зүбәржат, гауһар тастарға немқұрайды көз тастап, шығып жүре беріпті. Сәл тіксініп қалған Крез артынша бір отырыста данышпаннан «Әлемдегі ең бақытты адам кім деп ойлайсыз?» деп сұрайды. Солон өзін айтады деп үміттенгені белгілі. Бірақ, Солон ерлікпен қаза тапқан, өлгеннен кейін халықтың құрметіне бөленген бір адамды, содан соң жегетін ат таба алмай, аналарын арбаға отырғызып Құдайлардың пантеоны тұрған ғибадатханаға жаяу сүйреп келіп, сол жерде ұйықтап кетіп оянбай қалған, халқының аяулы есімдеріне айналған екі бозбаланы айтады. Шамданып қалған Крез, сонда осынша байлық жинаған, осындай үлкен жұртты билеп отырған мен, менің басыма қонған бақ түкке де тұрмағаны ма дейді. Сонда Солон айтты дейді «Мен адамның басына дәл осы сәтте қонған баққа көп сене бермеймін, себебі бақ аумалы нәрсе. Адам өмірінің немен аяқталғанын көріп барып қана оның бақытты я бақытсыз екенін айтуға болады. Сондықтан сіз жайында мен ештеңе айта алмаймын» деп. Ашуланған Крез, ақылгөй Солонды салқын ғана шығарып салыпты.

Осы кезде Кіші Азияның шетінен парсы әскерінің алдыңғы легі көрінеді. Крез патша пәлекеттің алдын алмақ болып, Дельфтегі сәуегейлерге сияпат ретінде мол алтын жіберіп, мен Құрыш патшамен соғысайын ба, әлде соғыспайын ба? Соғыса қалсам, елімнің, өзімнің тағдырым не болады деп сауал жолдайды. Дельфтің сәуегейлері ешқашан нақты жауап бермеген ғой. Бұл жолы да Крезге адам түсінбейтін екіұшты жауап беріпті, соғыссаң, сен гүлденіп тұрған ұлы мемлекетті күйретесің, депті.

Бұл сәуегейлікті Крез өзінше жориды, гүлденіп тұрған мемлекетті Парсы деп шешеді, Құдай жолымды болдырайын деп тұр екен дейді. Сонымен, Крездің армиясы парсыларға алдымен шабуыл жасайды. Үлкен жазықта болған күнібойғы шайқаста екі әскер тең түскендей екен, бірақ күн түстен ауғанда Крез өзінің атты әскерін алдыңғы шепке шығарады. Құрыш Лидияның кавалериясына қарсы Азиядан алып келген түйе мінген шерікті қарсы қояды. Лидияның жылқылары бұрын көрмеген жануардың сабалақ жүнінен, жаман исінен шошып, тулап кері бұрылыпты. Осылайша лидиялық әскердің шебі бұзылып опыр-топыр болады. Осыны пайдаланып Құрыш шешуші шабуылға шығады. Көп ұзамай жарым-жартылай қырылған Крездің армиясы тізе бүгеді. Крез тағынан, Лидия егемендігінен айрылады. (Кейіннен Крез, «сендер мені алдағандарың не, арандатып соғысқа ұрындырғандарың не?» деп дельфиялық сәуегейлерге өкпе-назын айтқанда, олар «біз саған гүлденіп тұрған мемлекетті күйретесің дегенді сенің өз мемлекетіңді айтып едік» деп жауап беріпті).

Парсылар Крезді отқа өртемек болады. Биік үйілген отынның үстінде байлаулы тұрған Крез, от алғаш лапылдағанда «О, Солон, Солон, қайдасың данышпаным!» деп айқайлап жылапты. Құрыш, бұл не деп тұр, кәне отты өшіріңдер дейді. Аздан соң алдына келтірілген Крезден сұрапты, Солон деген кім, оның атын айтып неге жыладың деп. Крез баяғыда болған жайды айтып келіп, мен әлемдегі ең бай патшаның бірі болдым, алтын мен күмісті, гаухарды құм есепті шаштым, бақыт деген осы шығар дейтінмін, бірақ Солонның айтқаны рас болып шықты, сен мені жеңіп, өртемек болып алаудың үстіне шығарғанда сол қисапсыз байлық менің бір сәттік өмірімді сақтап қала алмады, депті. Тамаша ғақлия әңгімеге риза болған Құрыш, жарлығын өзгертіп, Крезді жанына ақылшы қылып алыпты.

Бір қызығы, Құрыш скиф даласына өзінің ажалды жорығын бастағанда, оның штабында парсының қолбасшыларымен бірге осы Крез де болған екен. Бірақ, оның одан кейінгі тағдыры белгісіз, скифтер оны өлтірді ме, әлде өлтірмей қоя берді ме, ол жағы беймәлім. Осылайша Кіші Азиядағы ең бай және ең қуатты мемлекет құлаған екен. Осыдан кейін аз уақыттың ішінде, Құрыш, Грекиядағы бөлек-бөлек болып отырған мемлекеттердің барлығын бағындырады. Афина, Милет, ешкімнен жасқанып көрмеген жауынгер Спарта, бәрі-бәрі парсының табанының астына түседі. Эллин әлемі үшін бір заманға созылған кіріптарлықтың, құлдықтың кезеңі басталады.

Құрыштың соңғы жорығы

Күші бойына симай тұрған жеңімпаз парсылардың ендігі бағыты көне дүниенің барлық білімін, тылсым сырларын мұраланып қалған, перғауындар билік құрған жұмбақ ел Мысыр еді. Алайда, Грекияны бағындырған Құрыш аяқ астынан нілдей бұзылады, бүкіл әскерді Дәштіге, солтүстік-батыстағы скифтердің даласына бұрады. Жауланған елдерден қосылған соғыс өнерінің білгірлері, әсіресе, гректің стратегтері, басқа да ақылды адамдар Құрышты бұл жорықтан сақтандырмақ болады, дәл қазіргі сәтте қаншама қалалары бар, экономикасы дамыған, қазыналы Мысырды жаулаған жөн, ал тарихта ешкім бағындыра алмаған скифтерді, соғысып, жеңіп бағындыру үшін оларды әуелі сол қиян даладан тауып алу керек. Ұшарын жел білетін жұртты іздеп таба алмай, бүкіл әскер аштан, шөлден қырылса масқараның үлкені сол болады дейді.

Бір гректің қолбасшысы, скифтер бұрын парсылармен жауласып па еді, соғысып па еді деп сұрайды. Жоқ, жауласқан да, соғысқан да емес деп жауап береді парсылар. Олай болса соларға тиіспей-ақ қойсақ қайтеді дейді аталған қолбасшы. Бірақ, Құрыш ешкімнің уәжін тыңдамайды. Сонымен парсы империясының әр жерінде дамылдап жатқан қалың әскер батыс шекараға қарай жылжи бастайды. Күз, қыс өтіп көктем келгенде Құрыштың армиясы Әмудариядан өтіп бұрынғы Бактрия мен Согдиананың немесе қазіргі Өзбекстан мен Тәжікстаның жерін басып Дәштіге қарай аттаныпты. Дені жаяу шеріктер болғандықтан парсының әскері баяу жылжып шамамен екі ай уақытта қазіргі Қызылорданың Шиелі ауданының тұсында ақыры скифтің әскерімен беттеседі.

Құрыш патшаның әскерінің саны жөнінде әлемдік ғылымда бірауызды пікір жоқ. Біреулер елу-алпыс мың десе, біреулер жүз-жүз елу мың, кейбіреулер екі жүз мың деген сандарды айтады. Тағы бір ғалымдар төрт жүз елу мың әскер дегенді айтады. Біздіңше осы сан шындыққа жақын. Оның себебі мынада. Құрыш Солтүстік Индиядан бастап батыста Грекияны бағындырып шамамен қазіргі Балкан түбегіне дейін жеткен. Оңтүстікте қазіргі араб мемлекеттерінің жерін бағындырған, солтүстікте Кавказға дейін жетіп көне армян мемлекеті Киликияны жаулаған. Осы парсының дәргейіне қараған жұрттан, аталған төрт жүз елу мыңды шығару әбден мүмкін. Оның үстіне Құрыш жеңілген, бағынған елдердің армияларын өзіне қосып алып отырған. Сол себепті төрт жүз елу мың - ақылға қонымды сан.

Соғыстың болған жері жайында да әртүрлі пікір айтылады. Бір топ ғалым, Құрыштың армиясы қазіргі Ауғанстанның жерінен көктемде аттанып шілденің аяғы - тамыздың басында қазіргі Оңтүстік Қазақстанның жерінде Тұмар патшаның әскерімен кездесті деген пікір айтады. Біз де осы пікірді ұстанамыз. Енді бір топ ғалым Құрыштың әскері қазіргі Түркменстанның жерімен жүріп отырып Маңғыстаудың жерінде Узбой деген өзеннің жағасында скифтің әскерімен кездесті деген пікір айтады. Құрыш соғысқан массагеттердің қоныстанған жері осы көне Маңғыстау болғандығын бұл ғалымдар басты уәж қылып айтады. Бірақ бұл маршруттың неге мүмкін емес екенін пайымдап көрейік. Біріншіден, жарты миллион әскерден тұратын армияның интенданттық, яғни азық-түлік және басқа да керек-жарақ қызметінің өзі әлденеше мың адамдардың қызметінен тұратын ұланғайыр жүйе. Әскердің ашығып, көтеріліске шығып, патшаларын өлтіріп жан-жаққа тарап кетуі, соғыстардың тарихында талай рет қайталанған оқиға. Армия уақытында керек-жарақпен қамтамасыз етіліп, тоқтаусыз жүріп отырып Маңғыстаудың даласына жетті дейік. Жеткенде скифтер... жоқ болып шықса ше? Отырықшы халықтарды ешқашан адам деп, соғысуға татитын жау деп есептемеген скифтердің, кең даланың басқа бір түкпіріне көшіп кетіп қалуы ғажап емес. Әбден мүмкін. Содан кейінгіні көзіңізге елестетіңіз. Төңірек жүздеген, мыңдаған шақырымға созылып жатқан дала. Күн шіліңгір, күйіп тұр. Ал ең басты қорлық, осыншама әуремен неше ай жүріп жеткенде жаудың жоқ болып шығуы. Содан соң, көптеген жиһангерді қор қылып қорлаған тағы бір нәрсе бар. Ол кәдімгі ... іш ауруы. Қазіргі тілмен айтқанда дизентерия. Скиф үшін әрбір тау-тасының ешқандай құпиясы жоқ, кең жайлау жазира, жер жайытымен таныс емес басқа адам үшін ажалды мекен болып шығуы мүмкін.

Құрыш та ақымақ емес. Ол әр кезде Дәштіге керуен тартқан саудагерлердің естеліктерін, саяхатшылардың жазбаларын байыптап зерделеп, өзі жаулауға бекінген өлке жайында барынша мол мағлұмат жинауға тырысқанына ешқандай күмән жоқ. Міне, сол себепті парсының әскері Маңғыстауға емес, қазіргі Оңтүстік Қазақстан жеріне шеру тартқан. Ол кездегі Бактрия мен Согдиана отырықшы ел жайлаған, өзен-суы мол, астыққа бай ел. Әскер осы абат өңірмен жүріп отырып діттеген жеріне шаршамай жетеді. Оның сыртында Құрыштың стратегиялық және бір есебі болған сияқты. Парсының әскері скифтың дәргейіндегі осы отырықшы елдерді жауласа, кең далада «қаңғып», ұстатпай жүрген скифтер соғысу үшін парсыларды өздері іздеп келеді. Содан кейін үлкен майдан ашылғанда Құрыштың аңсаған массагеттері өздерінің аталастарына көмекке келеді. Осылайша ұланғайыр Дәштінің даласында шашырап жүрген скифтер бір майданға жиналып, бала-шағасымен осы жерде қырылуға тиіс. Тамаша стратегия. Және бұл әскери-саяси есеп жартылай іске асқан да. Массагеттер шынында да Бактриядағы қандас ағайындарына көмекке келген.

Ал енді Томирис - біздің Тұмар әжеміздің әскерінің саны қанша еді? Бұл сауалға жауап беру өте қиын. Салық жүйесі біршама қалыптасқан отырықшы елдердің санын салық құжаттарындағы мәлімет арқылы шамамен шығаруға болады. Содан соң халықтың санына қарап отырып әскерінің санын да шамалап есептеуге болады. Алайда, скиф дүниесіне келгенде статистикалық заңдылықтар жүрмей қалады. Әр кезде Дәштіге келіп-кеткен саяхатшылардың, көне тарихшылардың жазғандарынан ештеңе аңғару мүмкін емес. Біздің заманымыздың кейбір авторлары, скиф аса үлкен халық емес еді, сол себепті әскерінің саны да аз болған деген пікір айтады. Кейбіреулері Тұмардың ертіп келген әскері парсының армиясынан екі жарым еседей аз еді деген жорамал жасайды. Осы, таянышы жоқ дерекке сүйенсек, онда Тұмар әже Жиделі - Байсынға жүз сексен мыңдай әскермен келген болып шығады.

Аз ба, көп пе? Скиф үшін немесе әдепкі екі халықтың соғысы үшін көп. Ал парсы мен скифтің соғысы үшін аз. Неге дейсіз ғой? Себебі, бұл соғыс скиф пен парсының соғысы емес. Бұл - скифтің бүкіл әлеммен соғысы. Құрыш Дәштіні қайткен күнде аламын, скифті қайткен күнде жердің бетінен жоямын деп ниеттенген. Скифтің қиын жау екенін білетін Құрыш жаңа империядағы соғысқа жарамды деген еркек кіндіктің барлығын өз туының астына жинаған. Яғни, скиф даласына сол кездегі бүкіл әлемнің әскері жиналған. Құрыштың армиясында Солтүстік Индиядан бастап Балкан түбегіне дейінгі аралықтағы халықтардың барлығының жауынгерлері болған. Осыған қарап біздің бабаларымыздың қандай қан кешкенін шамалай беріңіз.

Соғыстың алдында скифтер үшін, олардың патшасы Тұмар әжеміз үшін бір қасіретті оқиға болған. Тұмардың немересі (баласы емес) Аспара (гректің интерпретациясында Спаргапис) жанындағы азғантай ұланмен, ешкіммен ақылдаспай парсының көшін шауып тұтқынға түседі. Осының алдында ғана Құрыш патша Тұмар падишаға хат жолдайды, қан төгспейік, екеуміз үйленіп бейбіт шешімге келейік деген ұсыныс жасайды. Жасы келіп қалған Тұмар әже елшінің сөзін тыңдап болып күліпті. Содан соң былай деп жауап беріпті: «Сен қу адамсың, Құрыш. Бүкіл өмірі ат үстінде өткен мені қайтесің, гаремің толған сұлу қыз. Саған мен керек емеспін. Саған менің елім мен жерім керек. Бірақ менің елім еркіндіктен басқа ештеңеге көнбейтін асау ел, сен оны бағындырам деп әуре болма. Ал шынында да қан төккің келмейді екен, олай болса әскеріңді ал да еліңе қайт».

Аспараның (Спаргапис) тұтқынға түсуінің өзі жұмбақ жайттарға толы. Геродоттың және басқа авторлардың куәландыруы бойынша, Құрыш массагеттердің артынан қуалай-қуалай шаршағаннан кейін мынадай бір қулыққа барады. Ауырған, сырқаған әскерлерді, жандарына торсыққа, сабаларға құйып көп шарап, тұтастай қақталған қой мен сиырдың етін қалап қойып (оны қайдан ала қойды екен?), қалған әскерді алып шегініп кетеді. Түн ішінде Аспара осы ауру-сырқаулардың ауылын шабады, барлығын өлтіріп, содан соң тойлауға отырады. Етті опырып жеп, шарапты төңкеріп ішіп, ақырында мас болып, қылжиып ұйықтап қалады. Қайтып келген парсылар барлығын тұтқындайды.

Әрине, бұл, парсының нәсілшіл, ұлтшыл тарихи ғылымының тудырған «шежіресі». Астиаг патшаның әкесі Қиақсар да скифтерді осылай ішкізіп-жегізіп, мас қылып барып қырып салады. Көне парсы мен қазіргі Иранның тарихнамасында үнемі қайталанып отыратын бұл эпизодтың көздейтін астарлы мақсаты - скифтерді ішсе тамаққа, кисе киімге жарымаған, қолына шарап пен тамақ түссе өлерін білмей іше беретін, жей беретін, яғни, даланың тағы айуаны сияқты тек қана инстинктке бағынатын әлдебір махлұқат қылып көрсету. Түп мұрат - Иранның адамдық, инсаниаттық, мәдени, т.б. тұрғылардан алғанда Тұраннан өлшеусіз биік тұрғанын көрсету, парсының бойында, көңілінде, қанында далалықтарға деген өштікті өшірмей, үнемі қоздатып отыру. (Осы орайда Қазақстанның Ирандағы елшілігінде біраз уақыт жұмыс істеп келген бір адамның әңгімесі есіме түседі. Оның айтысына қарағанда қазіргі Иранның Шираз қаласынан 70-80 шақырым жерде жатқан Парсының ескі астанасы Персепольдің тас сынықтары ғана қалған ескі жұртына жыл сайын наурыз айында мыңдаған адамдар жиналып скифтердің Парсыны қалай шапқанын баян ететін сахналық қойылымдарды тамашалайды екен. Бұл да бүгінгі қызылбас жұртын ақырындап үстем санаға баулу болып саналады).

Аспараның жау қолына қалай түскенін біз енді ешқашан да біле алмаймыз. Ал өз басым оның мас күйінде тұтқынға түскеніне сенбеймін.

Қолына ханзададай қымбат тұтқынды түсірген Құрыш енді саяси шантажға көшеді, скифтерге зор талаптар қоя бастайды. Өзінің саяси саудадағы ойыншық тұлғаға айналғанын көрген Аспара, бірде Құрыштың алдына жауапқа келгенде парсының бейғам тұрған бір әскерінің қанжарын қыннан жұлып алып өз жүрегіне қадап өліпті. Тақтың мұрагері, Ишпақай әулетінің ең соңғы еркек кіндіктісі өмірмен осылай қоштасқан екен. Хабар дереу Тұмар әжеге жетеді. Қайғыдан күйзеліп, ілезде жүдеп қалған Тұмар әже есеңгіреп отырып Құрышқа соңғы сәлемін жолдапты. «Сен аяр, қанішер Құрыш, менің баламды алдап қолыңа түсірдің, қанын төктің. Мен кешеге дейін сені аяп, өлтірмей қоя берейін деп келіп едім. Енді саған ешқандай аяушылық жоқ. Ажалыңа дайындал. Қалай соғысқанды қалайсың? Өзеннің арғы жағасында соғысқың келсе, жағадан шегініп біздің әскеріміз сиятындай жер қалдыр. Бергі жақта соғысқың келсе, онда жағадан біз шегінейік» депті.

Құрыштың армиясы өзеннің бергі жағасына өтеді.

Сонымен біздің дәуірімізге дейінгі 529 жылы тамыз айының бір күнінде, су анасы Сырдарияның жағасында, жүзден астам халықтың ұлдары қатысқан әлемдегі ең ұлы қантөгіс басталады. Геродот жазады, адамзат тарихында бұндай соғыс бұрын-соңды болмаған екен деп. Бұл соғыстың қанша күнге созылғаны жайында да әрқилы пікір айтылады. Геродот бір күнде бәрі де аяқталған екен дейді. Кім біледі. Бірақ соғыстың тоқтаусыз қызу жүргені анық. Қадым заманының авторлары скифтің ерлігін сипаттағанда, «ешбір өлшемге симайтын ашу, ыза, кек» деген бейнелі сөзді пайдаланады («ярость, которая не поддается никакому описанию»). Осы ұрыста әлемнің ең ер халықтары скифтің садағы мен жебесі, скифтің найзасы, скифтің семсері дегеннің не екенін таниды. Парсының әскері тұтастай қырылыпты. Соғыстан кейін Тұмар әже Құрыштың мәйітін іздеп таптырыпты да, басын кесіп, «қанға тоймадың ғой, енді қанып іш» деп қан толтырған көн дорбаға салдырыпты.

Парсылардан сарай төңірегінде жүретін, ұрыс-соғысқа қатысы жоқ азынаулақ адам ғана тірі қалады. Тұмар әже, Құрыштың басы салынған көн дорбаны осылардың қолына ұстатыпты. Тағы бір дерек бойынша парсылар бір жылдан кейін әлденеше арба алтын мен түрлі қазына алып келіп Құрыштың мәйітін сатып алыпты.

Мәйіт елге жеткізілген соң келесі патшаның әмірімен Құрышқа арналып мавзолей салыныпты.  Мавзолейдің құрылысы сол кездегі сәулет өнерінің ең басты жетістіктерін бойына жинақтаған. Ені жалпақ алты баспалдақтан тұратын биік тұғырдың үстіне табыт-камера орнатылған. Камераның өлшемдері 3,17 х 2,11 х 2,11. Құрыш өлгеннен кейін екі ғасыр өткен соң біздің дәуірімізге дейінгі 330 жылы мовзолейге Александр Македонский келіп кетіпті. Ол келгенде Құрыштың дәріленген мәйіті бар ма, жоқ па, белгісіз. Тек қана сахаба-шырақшылар бар екен. Александр Индияға жорыққа кеткен кезде мавзолей тоналыпты. Индиядан қайтып келгеннен кейін Александр тонаушылардың барлығын өлім жазасына кесіпті. Парсы империясының негізін қалаған ұлы жиһангер өзінің өмірін осылай аяқтаған екен.

Аталған мавзолей Иранның Шираз қаласынан 130 шақырым жердегі Персеполь археологиялық аймағында, ескіліктің көп мұрасының бірі ретінде әлі тұрған көрінеді.

Әйгілі архитектор Щусев, Қызыл алаңдағы Лениннің мавзолейін жобалағанда осы Құрыштың мавзолейін үлгі қылып алған екен.

Ал енді осы ұлы жиһангерді жеңіп, қаншама халықтарды парсының жаугершілігінен, құлдығынан құтқарған біздің Тұмар әжеміздің мәйіті қайда? Әрине, оны ешкім білмейді. Құдай осындай ерекше несібе иесі қылып, ұлы міндет жүктеп жаратқан әжеміздің қасиетті сүйегі осы даладағы сансыз обалардың қайсысында жатыр, немесе қазақ жерінде бар ма, әлде бір уыс топырақ мүлдем басқа жерден бұйырды ма, біз оны ешқашан анықтай алмаймыз. Скиф әулетінен туған ұлы ұрғашы, ұлы анамыз, ұлы әжемізді біз тек қана мақтан ете аламыз. Бірақ, ешқашан жатқан жеріне барып тәу ете алмаймыз. Ең өкініштісі сол.

Құрыш патша дүниеге не берді? Оның бүкіл әлемді бағындырып, әділетке, иманға ұйыған біртұтас космополиттік империя-мемлекет жасаймын, бүкіләлемдік біркелкі тәртіп орнатамын деген жаһандандыру әрекеті, ақырсоңында ұшы-қиыры жоқ парсы-грек соғыстарын тудырды, кейіннен енді Македондық Александр - Ескендір Зұлқарнайынның Шығысқа қарай жасаған кері жаугершілігіне, адамзат тарихындағы әлі күнге дейін бітпей келе жатқан қан төгістер тізбегіне, адамзатқа, адамдыққа қарсы жасалған ұланғайыр қылмыстарға ұласты.

Құрметті оқырман, осы бүгінгі жер бетінде болып жатқан шым-шытырық шиеленісті оқиғалардың барлығында да сол екі жарым мың жыл бұрын жасаған Құрыш патшаның саясатының ізі, ұшығы бар десем, ол менің асырып айтқандығым емес. Тізерлеп тұрған құл халықты, нәсілі құл халықты, әлемді билейтін әмірші халыққа айналдырам деген нақұрыс идея осылайша екі жарым мың жылдық адамзат трагедиясына айналған екен.

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2091
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2506
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2171
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1617