Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2696 0 пікір 21 Қараша, 2012 сағат 07:00

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

«Сауаннан шыққан жылқы жоқшысы» болғандығым үшін құмнан із қуып келе жатқан бейнемен екі жерде екі малшы қосына қонып Қарамай тұсынан өтіп едім. Үшінші күні Жәйір күнгейін бөктерлей тарттым. Одан құлдап жап-жазық бауырмен қызыл тұзға тұра беттесе су табылмайтыны белгілі болатын. Тау адырына кірмей қазақтардың да, қоналқылық малшы қосының да табылуы қиын еді. Бауырдағы жылқы үйірлері мен түйе келелерін шолып қайтып бара жатқан жалғыз атты алдымнан тауға қрай көлденеңдеп өте беріп тұра қалды да, қайта бұрылып келіп сәлем берді. Түс ауып, күн еңкейген шақ. Амандаса тұрып жөнімді сұрады. Елулер шамасындағы қызыл қоңыр, семізше адам. Қашқын қылпымды сездірмей, жоқ іздеп жүргенімді айтып едім. Тақауырлап мұқияттай сұрады. Совет шекарасына қарай тура беттеп бара жатқан жолаушыны тергеу нысайы байқалды. Дағдылы жауабымды толықтап, анықтай сөйлеп бердім де, жоғалған жылқыларымның түсі-түгін айғырдан бастап айтып өзінен жауап алуға кірістім:

- Ізі осылай келіп жоғалды, көрдіңіз бе?

- Ондай бөгде жылқы көрмедік!

- Мына жылқыларға сіз қарайсыз ба?

- Біздікі де бар, басқа әтіреттердікі де бар.

- Әтірет бастығыңыздың тұрағы қайда?

- Әтіретте бұйымтайыңыз болса сұрай беріңіз, мен!

- Ісіміңіз кім болады?

- Уәлибек.

IV

«Сауаннан шыққан жылқы жоқшысы» болғандығым үшін құмнан із қуып келе жатқан бейнемен екі жерде екі малшы қосына қонып Қарамай тұсынан өтіп едім. Үшінші күні Жәйір күнгейін бөктерлей тарттым. Одан құлдап жап-жазық бауырмен қызыл тұзға тұра беттесе су табылмайтыны белгілі болатын. Тау адырына кірмей қазақтардың да, қоналқылық малшы қосының да табылуы қиын еді. Бауырдағы жылқы үйірлері мен түйе келелерін шолып қайтып бара жатқан жалғыз атты алдымнан тауға қрай көлденеңдеп өте беріп тұра қалды да, қайта бұрылып келіп сәлем берді. Түс ауып, күн еңкейген шақ. Амандаса тұрып жөнімді сұрады. Елулер шамасындағы қызыл қоңыр, семізше адам. Қашқын қылпымды сездірмей, жоқ іздеп жүргенімді айтып едім. Тақауырлап мұқияттай сұрады. Совет шекарасына қарай тура беттеп бара жатқан жолаушыны тергеу нысайы байқалды. Дағдылы жауабымды толықтап, анықтай сөйлеп бердім де, жоғалған жылқыларымның түсі-түгін айғырдан бастап айтып өзінен жауап алуға кірістім:

- Ізі осылай келіп жоғалды, көрдіңіз бе?

- Ондай бөгде жылқы көрмедік!

- Мына жылқыларға сіз қарайсыз ба?

- Біздікі де бар, басқа әтіреттердікі де бар.

- Әтірет бастығыңыздың тұрағы қайда?

- Әтіретте бұйымтайыңыз болса сұрай беріңіз, мен!

- Ісіміңіз кім болады?

- Уәлибек.

- Әббәле, Уәлибек жолдас, сіз арқылы бұл маңнан сұрастыратын ісімнің де бір сыпырасы анықталса керек. Қане ауыыңызға бастаңыз!

Өктем талапкерге басқа жауап қайырмай, бастай жөнелді.

- Өз атыңыз кім? - деп сұрады біраздан соң.

- Өз атым Қаукен. Әкем аты Қалижан. Сүйегім уақ, жаныс. Әкем Сауанға ерте барып сіңген екен. Қазір өзім аудандық үкімет малындамын, - деп шұбыртып жібердім де, алдымен бұл тұстан Ұты бекетінің қанша жерде екендігін сұрадым. Іле-шала Бұғыты мен Саржақ қыстақтарындағы мектеп мұғалімдерінің аттарын сұрастырдым. Бұл тергеушіме сөйтіп қайта сұрау қойғызбай, өзін етекбасты жауапқа малшындыра бердім. Мұғалімдерінің аттарына не дауым барын сұрай қалса, осы районға мұғалім болған бөлем барын естіп едім дей  салмаймын ба. Әтірет бастығы ондай сұрау да қоя алмады. Өзі баяндаған мұғалімдердің ішінен маған ең толық таныстары Ұты мен Саржақтан табылғандығын «жауапкерім» сезбей де қалды.

Уәлибек бір төбенің жартасты-ықтасынды қойнауында жартылай-жартылай қазылып қаланған аласа тас үйлерге күн көкжиекке еңкейгенде әкеліп түсірді. Бөлек-бөлек мал қора, тошалаларымен недәуір үйлі ауыл болып көрініп еді. Үш қана түтінді ауыл екен. Ортадағы, терезе әйнегі үлкенірек үйге кіргізіп, төрге таза сырмақ салдырып, отырғызып, әйеліне шай жасатты. Сөйлесе отырып, алғаш кездескендегі күдігін үйренісе келе айтты өзі:

- Сіздің жүрісіңіз алғашында сөдегейлеу көрінді маған. Иә, жоғыңызды мал аралап іздеу емес, иә, қыстаулық аралап сұрастыру емес...

- Ие, жоғалған жылқымның ізі сондай сөдегей, суыт айдалып бара жатқандай. Ішінде емшек тағалы екі ат бар еді. Анда-санда сол екі аттың ізі көзіме оттай басылды да отырды. Қызылтұзға түсіріп әкетті ме екен деймін.

- Сол тұспен шекараға қашатындар бар. Жақында сондай сөдегей жүрістен екі қашқын ұсталды. Ұтыдағы әскерлерден сол жақтағы шеткері төбелерге, Ұланбұлаққа қарауыл қойылатын болыпты. Жазық, еңіс даладан олар күндік жердегіні көреді. Ал, осы жақпен ел аралап тау асып өтетіндер із-түзсіз кетіп жатыр. Қазір мұндай қазақ баласының ондаймен шатағы жоқ.

- Менің жылқы іздеуге алған документім толық. Ондайдан қаупім жоқ! - дей сала дәптерімнің арасынан жолқағазымды алып, алдына тастай салып едім, әтірет бастығы қарқылдап күлді.

- Мені астыртын тексеріп отыр ма деп қалдыңыз-ау деймін. Алла біледі, ондай міндетім жоқ! - деп қағазымды бүктеп, өзіме қайтарып бере салды. - Тегінде, бір жерде Уәлибек дейтін дүйжаң жолқағазымды тексерді дегендей күлкіге қалдыра көрмеңіз! «Мәдениет төңкерісі» дейтін топалаң осы Толы ауданында аса қатты жүрді. Көп азаматтарын белсенділер сүйреп ұрып өлтірді. Аса қараңғы ел екенбіз. Ал, қазір шүкіршілік, көздері ашылып, пайда мен зиянды ойлай алатындар көбейді. Біреудің өкеңе белсенділік істегенін естісе сықақтап жер түбіне жетеді.

- Болмыстың өзі үйретіп жатыр, біздің аудандағы әпербақандар да жуасып қалды! - дей салдым мен.   - Жолқағазымды, шекара түбіндегі аудан болған соң, қырағылықтарыңыздың меселдесін қайтармайын деп көрсеткенім ғой.

«Қырағылықтарыңыздың меселдемесін» дегеніме үй иесі мен әйелі қатты күлді. Мұның да өткір мысқыл екендігін білетін, қалжың өнерін игерген, сұңғыла жұбайлар көрінеді. Алдымызға ет келісімен бір көкмойын бөтелке де шықты. Арақ іше отырып, жұрт ауқымын ішкерілей, ұзақ әңгімелестік. Бұл аудандағы халықтың да террорлықтың дәмін тату арқылы жөнге келіп, ақыл тауып қалғанын, ел аралап өте беруге болатындығын біліп қуандым.

Сонда да бұл таудан алғаш кездескен әтірет бастығын «қашқын емес, жоқшы» екендігіме мықтап сендіріп қоюдың зиянсыздығын ескердім. Әтірет бастығы екенін айтқанында өзіне жайлап сөйлесетін ісім барын да білдіргенмін ғой.

- Жә, жолдас Уәлибек, бұл маңдағы алысқа жортуыл жасап тұратын мал ұрыларын, көз-құлақты сіздің білуіңіз керек. Жоғалған жылқым сондайлардан табылса, сүйіншісіне жақсы бір ат мінгіземін!...

- Жо-жо-жоқ, Қаукен жолдас, білсем ғой сүйіншісіз-ақ, қай жақтан іздеу керектігін айтып берер едім ғой. Мал іздеудің азабын басымнан мен де көп кешіргенмін. Бұл маңда қазір алыстан алатын қыран ұры барынан хабарым жоқ. Ал, түн ішінде жаяу қаптап келіп тонайтын, ет пен астық бұлаушы қаптесерлер әр жерден шығып тұр. Олар, ішкеріден Шыңжанды гүлдендіреміз деп ұрандап келіп, осы таудан дәрішөп іздеу сылтауымен тіміскілеп жүретін жаңа қонақтарымыздан шығып жатқанын естиміз. Аса қорқынышты, пышақты, шоқпарлы тонаушылар көрінеді. Сондықтан біз де шопан таяғын емес, сойылды көбейтіп жатырмыз! Ұйықтар алдында осы тақырыпта көбірек әңгімелесіп едік. Қатты ұйықтап кетіппін. Үйдегі сасқалақ дабырдан ояндым. Ауылды қарақшы қоршап алғандығын Уәлибек айтты.

- Жатардағы әңгімеден қорқынышты түс көргеннен саусыз ба?

- Жо-жо-жоқ, күзетшімізді байлап тастапты. Аттандап жатыр. Қарақшылар шақылдатып аттардың кісендерін де шағып жатқан сияқты. Қараңызшы терезеден, басыңызды сақтай қараңыз!

Үй иесі бір көзін алып тастаған терезеден сығалап қарасам, ыңғай қара киімділер қоршап, есік-терезелердің алдына тұрып алыпты. Үш үй де ұлар шу. Балалары жылап, әйелдері бажылдап жатқаны естілді. Күзетшінің аузы тығындалып таңылған сияқты. Аулағырақ бір жерден дауысы әрең естіледі. Тыпыр етіп сыртқа шыққан ешкім көрінбейді. Мен анықтап қарағым келіп, терезенің ашық көзіне жүзімді сұға бергенімде, шақ ете түсті темір шоқпар. Терезе жақтауына тигенінде жалт беріп шегіндім де, апыл-құпыл киініп, алтыатарымды жең ішіне ала ұмтылдым есікке.

- Шықпаңыз, шықпаңыз, өлтіріп кетуден тайынбайды бұлар! - деп Уәлибек алдыма тұра қалды.

- Сойылыңыз үйде ме, әкел! Есікті мен ашайын, ұмтылғанын аямай соғыңыз! Қорықпа, қорықпа!

Ауыз үйдің есігі сыртынан байланған екен. Жұлып алдым есікті. Екеуі қатар жетіп келгенде біреуін Уәлибек ұзын сойылымен көкіректен түйіп қалып, шалқасынан түсірді. Босағаға тұра қалған мен, біреуінің алдымен кірген темір шоқпарын жұлып алдым. Кимелеп қаптап кеп берді есікке. Сермей берді пышақ пен шоқпарларын. Мақсаттары бізді сыртқа шығармай қорқытып тастау сияқты. Алтыатарды бастарынан асыра екі рет атып қалдым да, ханзу тілінде «көтер қолдарыңды!» деп ақырдым. Қарақшылар бірін-бірі қаға-соға зытты. Көрші үйлер шу көтерді мылтық дауысынан. «Қырды! Қырды!» деседі. Қарақшылар атты деп білген екен.

Жау тым-тырақай қашты. Соңдарынан қуа шығып айқайладым ауылға:

- Шығыңдар, жау қашты, қуып соғыңдар! - дегенімде, алдымен екі-үш сойылды шықты. Бақан, оқтау, көсеу ұстап әйелдер де, ересек балалар да шықты.

- Кісен кілті міне, менің атымды тез алып шық!... Қашып құтыла алмайсыңдар, тоқтаңдар! -деп ханзуша барылдап-барылдап жіберіп, ауыл адамдарына қазақша айқайладым. - Тез хабарлаңдар жақын ауылдарға. Енді қорықпаңыздар!...

Екі ересек бала мен қойшы дереу хабарлауға жүгірісті. Қарақасқаға жайдақ міне салып құйындатып, қашқан бір топтың алдына өттім. Бір оқ шығарғанымда алдыңғылары кідіре қалып, бұрыла қашты. Орай шапқылап жетіп, төбелеріне таяулата атып тоқтаттым. Ауылдың жайдақ ат мінген екеуі арттағыларын түре соққылап, қиратып келеді екен. Бірі Уәлибектің өзі. Сойылдан жығылмағандарын лезде иіріп үлгердік. Ауылдан жаяу қуған бақанды, көсеулілер де жетіп еді. Тонаушыларды тұс-тұсынан соққылап, шулатушылардың өздерін бақыртты олар. Жаңа ғана үй-үйде шулаған кішкене балаларша түгел шырқыратқанда ғана тоқтау айттық.

- Қайсысыңда құрал қалса, аяусыз жазалаймыз! -деп ақырдым қолға түскендерге. Әтірет бастығы бір-бірден шығарып, құралдарын тастатты. Қайта тінтті де, сойылдан жығылғандарын өздеріне көтертіп, ауылға айдады. Ауылға жеткізіп, атқораға санап қамадық. Қатты мертігіп, сойылға жығылғандарымен он төрті қолға түсіпті. Басқа ауылдан шыққан азаматтар екеуін тауып айдап әкелді. Ұсталған қарақшы сөйтіп жалпы он алты болып маталды.

Ауылға жау алғаш кіргенінде байланып, бір шұңқырға апарып тасталған күзетшінің бір қолы сыныпты. Басқа қатты жараланған ауыл адамы жоқ көрінеді. Үш үйдің үш тошаласындағы ет пен астық, тіпті, мал жеміндік күнжара, кебектері де түп-түгел далаға шығарылып, екі өгізге төрт қап астық теңделіп те үлгерген екен. Ауылдың қорадағы екі аты мен менің атымның кісені шағылмай бөгепті.

Уәлибекті оңаша шығарып алып, тұтқындарды қалай тергеп, қалай басқаратындығын сұрап едім. Әтірет бастығы алдымен алғыс жаудырды маған:

- Ойпырай, бүгін сіз болмасаңыз, біздің мына үш үй құриды екен! Бала-шағамыздың ақ тілеуіне кезігіпсіз! Ендігі қалған ісімізді, ел адамдарын, коммуна кадрларын жиып алып, өзіміз шешеміз. Осы жеңіс арқылы мұндай қарақшыларды бұл маңнан мықтап шектейтін болдық. Сізге бала-шаға, ел-жұртымыздың атынан көп-көп рахмет!  Мұндағы ұзақсонар тергеуге сізді қосақтап уақытыңызды алмайық. Өз ісіңізге жөнеле беріңіз. Әйтеуір ешқайсысына оқ тигізбей қолға түсіріп бердіңіз ғой. Сізді дауға байланыстырмаймыз.

- Мына тұтқындар мылтық жөнінен сөз шығарса не айтасыздар?

- Іс жөнімен ел аралап жүріп-тұратын әскери адамдар да, жасырын заң кадрлары да бұл жақта аз емес. Олар бізге өз жөндерін айтқан емес. «Бізді қамаудан құтқарып, қарақшыларды ұстастқан соң өз жөнімен кетті» дей саламыз. «Өз жұмысым тез біте қалса, Ұтыға мен де барып қалармын деп кеткен болатын» дейміз, солай емес пе?

- Дәл солай! - деп бұл дала саясатшысына разылықпен күлдім. Менің не іздеп жүрген «жоқшы» екендігімді іші білетін тәрізді. Жымиып қана қойып, үйіне бастады. Таң жаңа біліне бастаған шақ еді. Көрші ауылдардан келгендер естісін дегендей, жорта сұрады сонсоң.

- Сіз, мұншалық асықпасаңыз да болар еді ғой, мына істің соңын көре кетуіңізге болмай ма?

- Бұл істеріңіз, біткен іс қой, ұрыларыңыз қолға түсті. Ал, менің өз ұрымның ізі өшпей тұрғанында қуып көрейін, қайтар жолымда соға кетермін!

Үй иесі әйеліне түннен қалған етті жылытқылап жіберіп, сорпасымен алдыма қойды да, бір жігітті дауыстап шақырды:

- Мына кісі болмаса, мал жемі түгіл бала-шағамыздың жемінен де айырылып, қызыл қанға боялып қалатын едік. Атын ерттеп, мөшегіне молырақ арпа салып бер! - деп бұйырды да әйеліне қоржынымды алдырып, азық салғызды.

- Жолыңыз болсын, құтқарушы қонақ болдыңыз! -деп қалды әйелі.

- Мал іздесеңіз де, неғұрлым ішкерілей іздеңіз! Екеуміздің әңгімеміз осында қалар! - деп күбірлеп қоштасты Уәлибек. Әтірет мүшелерінің көзінше әдейі жолды көрсетпей аттандыра салды. Тұтқындар ыңырсып жатқан атқораның сыртымен өтіп, кешегі келген жолыма түсе жөнелдім де белең асып алып, із түспейтін тастақпен Саржақ жаққа қиырлай жорттым.

Саржақ - Жәйірдің күнгей жонындағы бір биік адыр жотаның батыс жақ бауырындағы шағын ғана қыстақ еді. Бұрын Дөрбілжін аудандық оқу-ағарту бөлімінде тұрған кезімде мектебін екі рет тексере келіп көргенмін. Маңайын қыстап, жайлайтын ауыл көп болғандықтан оқушылары да недәуір болатын. Ал, одан бұрын Үрімжіде оқып жүрген шағымда Шиху мен Үрімжіге жүретін арба жолының жағасындағы қоналқылық бір бекетіміз еді. Қазір ол жол өшкіндеп қалыпты. Кейінірек жасалған тас жолдан алыс қалып, мендей іздеп баратын саяқ жолаушы болмаса сырттың көп қатынасы жоқ, оңаша қыстаққа айналғанын да білетінмін.

Мұндағы мен іздеп келген мұғалім, бұрынғы «Дөрбілжін аудандық қазақ ерлер мектебінің» орталау сыныптарында бірге оқыған сабақтасым еді. Менімен бірге алтыншы класс бітірген соң оқымай, осы жайырдағы зәңгі туысының көмегімен өз ауылына мұғалім болып алған. Мен 1949-50 жылдары инспекторлық қызметпен келгенімде осы мектепте мұғалім еді. Әлі де осында екен. Сұр жүзі апиын, иә, наша жеңген адамдай өңезденген қатпарлы, семізше, сирек бурыл сақалды шал болыпты. Аса момын сабақтас ол келгенімде қонақасы үшін жап-жас әйелін сойып бере жаздап қарсы алып еді. Онысы қазір отаулы немерелі лақса кемпір екен. Таныса сала екеуі екі жағымнан бас салып жыласып көрісті. Әйтеуір менің келгенімді осы екеуіңнен басқа ешкім білмесін деп іле-шала тапсырып үлгердім. Ақылдасып жіберіп, Орқашардағы нағашылары етіп ала қойды.

Алыстан әрең келген «нағашыны» күтіп алу үшін үлкен ұлының Ұты магазиніне түнделете кеткенін білмей қалыппын. Кешегі жүрістен нараулап келген атымның жайына қарап, сәске көтеріле жүруге дайындалғанымда, үй иелері «базарға кеткен ұлдың» қайтып келуіне бірер сағат қана қалғанын айтып, зорлап тоқтатып еді. Сол базаршы түс ауғанда да келмей тостырып, сол күнгі жүрісімнен үміт үздірді.

Күн батқан шақта аты да, өзі де алқына жеткенінен шошып қалдық.

- Ойпыр-ау, мына «нағашың» жүруге асығып, кешке дейін тыныш таппады. Неге кешіктің осынша? -деп әкесі соңынан ере кірді. Оған жауап бере қоярлық базаршының да дегбірі жоқ сияқты:

- Нағашы, алдыңғы күні сонау бөктердегі Уәлибектің ауылына қонған сіз бе едіңіз? - деп жігіт асыға кіріп менен сұрады.

- Ие, мен!... Саржақ тұсынан адасып өтіп кетіппін.

- Бәсе, бәсе, менің бүгін Ұты базарына барғаным жақсы болыпты! Әңгімені жол жөнекей айтармын. Тоқтаубай кіші жиеніңіздің үйі Бұғытының осы тұсында. Жақын. Қорықты, паналы жерде. Дереу сонда жетіп алалық. Сізді ендігі бейғам күтер орнымыз сол жер ғана болып қалды!

«Тышқақтың құйрығы өзіне аян», тағы не айтар екен дегендей жігітке үнсіз қарап қалып едім, әкесіне сұрау қойды:

- Әке, нағашымның келгенін осы ауылда неше адам көріп еді?

- Мұнда кеше кеш бата келді ғой, - деп жалтақтады әкесі. - Осы үйден басқа ешкім көрмеген сияқты еді ғой. Біреу көріп, айтып барып па?

- Жоқ, мені осы қыстақтың өзінен осы үйден басқа ешкім көрген жоқ! - деп өзім толықтадым оның жауабын. - Мына адырдың теріскей тұмсығынан бері өте бергенімде қыстақ толық көрінген соң, «Бақтыбай мұғалімнің үйі қай тұста» деп бір қойшыдан ғана сұрап алғанмын.

- Ол өзі жарыместеу жігіт, ендігі ұмытып та қалған шығар. Ал, әке, қарақасқа атты бүгін күндіз көрген біреу бар ма?

- Суғаруға апарғанымда анықтап қараған ешкімді көрмедім. Онан соң қорадан шығарылған жоқ!

- Жақсы болыпты! Нағашымның қасында өзің боларсың, екеуіңіз тез дайындал! Мен былай шыға ахуалды сіздерге айтып беріп, осында боламын да таңертең Ұтыға қайта барып, тың тыңдаймын!...

Омырық кемпір өз қолымен бір-екі күн күте алмағанына қынжыла-қынжыла аттандырды мені. Баласының Ұтыдан әкелген арағы мен тәттісін әкесі бөктерді де, солтүстікке жұқа қарлы қыратпен төтелеп, бастай жөнелді. Ымырт түскен шақ, көрші-қолаңнан қарап тұрған ешкім болмаған соң базаршы жігіт атпен соңымыздан қуып жетіп, Ұтыда болған ахуалды жүре әңгімелеп берді.

Уәлибектер тұтқын қарақшыларын Ұтыға айдап, бүгін түс ауа жеткен екен. Қолы сынған күзетшісін емханаға жатқызып, тұтқындарды қалашық үкіметінің алдына апарғанда сақшыға апарып қамау бұйрығы шығыпты. Сойылға жығылған он алты қарақшы түгелімен мертіккен болып, ұлар шу зар көтеріп барып кіріпті бақтыға. Қалашық үкіметінен ешкім келмей тұрып сақшы тергеушісі тергей жөнеліпті. Ішкеріден келген көшпенділердің қылмысын тергеуге жергілікті ұлттық қызметкерлердің батылы жетпейтін, тістері өтпейтін көрінеді. Ханзу сақшылар тергеген болып, қарақшылардың арызын ғана тыңдап шығыпты да, ұстап әкелгендердің өздерін тергепті.

«Неге мұншалық таяққа жығасыңдар?.. Кулиден келген туыстарға соншалық неліктен өштесесіңдер, бәрің ұлтшыл! Ханзу халқына, партияға түгел қарсы элементсіңдер!» деп шақылдаған екі бастықтың қоқанлоқысына айдап әкелгендер де, басқа тыңдап тұрған жерлік қазақтар да қарсы шу көтеріпті.

«Иендегі үш үйлік қана малшыны қоршап, қамап-шоқпарлап тонап жатқан мұншалық көп қарақшыны аясақ өзіміз қырылатын болдық. Күзетшіміздің қолын шағып, тұншықтырып өлтіріп тастай жаздады! Бала-шағамыздың, тіпті малымыздың жеміне дейін түйір қалдырмай тонап жатқанда қарап тұрып, тып-тыныш қырыла беріңдер демекшісіз бе!», «Ішкеріден келіп жатқан алал еңбекші халыққа кім тиісіпті! Біз сондай қатерлі тонаушыларды әрең ұстап, үкіметтің жазалап тиюына әкеліп тұрмыз!», «Өз ауылымызды, коммунаның мал-жанын қарақшылардан қорғауымыз ханзу халқына, партияға қарсылық болмақ па?» «Ей, сақшы, өз аузыңмен жауап берші, қане, осы қарақшыларды ханзу халқы деп, компартия деп танисың ба?», «Ей сақшы, мынау ханзу халқының, компартияның құралы ма!» деп, айдап келгендердің біреуі шанадағы темір шоқпарлармен сапы-қанжарларды мөшегімен әкеліп төге салыпты сақшылардың алдына.

«Тоқтат шуылды! Мылтықтарың қане шығарыңдар! Үкіметке қарсы болмасаңдар тапсырыңдар дереу! - деп сақшылар шақылдағанда қазақтардың үні өше бастапты. - Мылтықтарың бар, бұлар ауылдарыңның қасынан өтіп бара жатқанда мылтық атып тоқтатып, байлап алып шоқпарлағансыңдар! Факт дайын!»

Алдыңғы террорлық науқандарда «мылтықтарың бар, факт дайын» деген жаламен қолға алынып, нақақ атылып кеткендер аз ба, жүрек шайылы көпшіліктің үні бұл сөзге келгенде өше қалыпты. Осы базардың өз тұрғынынан бір-екі шал ғана қарсы дау айтыпты бұған:

«Мылтықтары болса тінтіп тауып жазаларсыңдар, бұлар осында! Сақшы деген алдымен мына қарақшыларды жазалауға міндетті!», «Оңаша ауылдарды түнде барып тонайтын қарақшы-бұлаңшылар көбейіп кетті, алдымен осы қолға түскендерін жазалап, басқаларына үлгі етіп тиым салу, «халық үкіметінің» қазіргі ең жедел міндеті!».

«Қарақасқа ат мініп, сары киім киген мергендерің қане, табыңдар!» деп сақшы айқайласымен Уәлибек жауап беріпті бұл сұрауына:

«Ол, менің білуімше, үкіметтің әлдене бір ісімен асығыс кетіп бара жатқан заң кадры. Сөйлесуге мұрсамыз болмады. Ел жата келіп менің үйіме түскен. Іле-шала мына қарақшылар келіп ауылды қоршап, күзетшімізді бақыртқанда не болғанын білейін деп жүгіріп едім, есік сыртынан байланып қалыпты. Келіп терезе аша бергенімде сыртынан бірнешеуі пышақтарын жалаңдатты. Үйден шықпайсың дегені екенін біліп, шегіне қалдым. Төрде отырған әскери ішікті қонақ ханзуша ақыра сөйлеп, сырттағылардың жөнін сұрағандай болды. Олардан жауап шықпаған соң түрегеліп барып терезеден қарай бергенінде темір шоқпар шақ ете түсті. Терезе жақтауына тиіпті. Қонақ жалт беріп шегінді де, есікке барып, жұлып ашып ақырды. Артында мен тұр едім. Бірнеше темір шоқпар есікке ұрыла-соғыла қаптағанда ол кісі шегіне қалып, мылтық атты. Оның «қолдарыңды көтер!» деген бұйрығына мына қарақшылар бойсынбай қаша жөнелді. Үй-үйден біз шығып қуып едік, қонақ атына міне қуып алдынан тосты да, тағы да мылтық атып тоқтатты. Бұл қарақшылар үш үйдің кілетін бұзып, норма азықтарымызды, тіпті, мал жемін де далаға шығарып, екі өгізге төрт дағарын теңдеп қойған екен. Мылтық атылған соң оны да тастай қашыпты. Күзетшіміздің аузы мен қол-аяғы таңылып, өлімші болып жатқан жерінен таптық. Қарақшылар қоршалса да, мына құралдарымен қарсы атылып, қатер төндіре берді. Біз сойылдап ұрып жығып, құралдарын әрең алдық. Мылтықты қонақ онан соң ұрғызбай байлатып, ауылға айдасып әкеліп қаматты. Оғанға дейін таң атып еді. Ұтыға, сақшыға айдап апарып беруімізді тапсырды да, өзінің жұмысы тез бітсе, Ұтыға бара қайтатындығын айтып кетті. Үкімет кадры екендігі осы сөзінен де анықталды».

«Сол кадрың қайда кетті, тап соны!» деп зекіріпті бір сақшы.

«Мен тұтқындарымызбен әуре болып жүріп, қайдан шықтың деп те, қайда барасың деп те анықтап сұрай алмай қалдым!»

«Олай болса, соны тапқаныңша қамаласың! Демек, сен Совет шпиондарымен байланысқансың! Қама, қама!» - деп бұйырыпты, сақшы бастығы.

Уәлибек көпшілікке айқайлап сөйлей барып кіріпті абақтыға:

«Жауымызды оқ атып ұстасып, ұрмай-соқпай Ұты сақшысына тапсырып беріңдер деп бұйыратын қайдағы шужұңжуи шпионы? Бұл, өзімізді жалалап қамаудың ғана сылтауы! «Ұрысы күшті болса, иесі өледі» деген осы! Аудандық үкіметке телефон беріңдер! Осындай жалаларды тез айыра алатын азаматтардың бәрі хабарлансын!»

«Уәлибек, сенің шужұңжуи мен жерлік ұлтшылдарға ымырасыз қарсы азамат екеніңді бәріміз білеміз. Бұл жаладан сен қорықпай-ақ қой!», «Мұншалық көп қарақшыны төрт-бес адаммен ғана қолға түсірген батырлығыңа бар халық алғыс жаудырады, қамсыз жата тұр!» - десіп көпшілік телефонханаға беттеп кетіпті.

- Уәлибек қамалған соң, мен тез жетіп сіздерге хабарлауға, сақтандыруға асықтым! - деп тоқтады Бақтыбайдың базаршы баласы. - Асығатыным, қарақасқа ат та, сары киім де сіздікі. Ертең Ұтыға тағы барып, мәселенің қалай тынғанын біліп қайтамын. Нағашы, менің әкемнің басқа өнері болмаса да, тығылуға аса шебер кісі екендігін білетін шығарсыз?

Күліп жіберіп, үйіне қайта қайтқан жігітке әкесі жымия қарады да, мен бірге күліп алып, алғыс айтып қалдым.

- Әйтеуір қақас қалдырмай анықтап біліп қайт! - деп тапсырды әкесі. Бұл оқиға жөнін әкесі мен шешесіне өткен іңірде өзім сөйлеп бергенмін. Сондықтан, баласы әкелген хабарға таңданбады.

- Осы балам маған тартпай, жақсы жігіт болды. Әлгі кәрі сайтанның кімнен тапқанын қайдан білейін, мендегі ынжықтық та, қорқақтық та жоқ мұнда!

Қарқылдап күлдім сабақтасымның бұл қарапайымдылығына:

- Осы балаңның менен болғанын әлі білмейсің бе, ей, Бақа? - деген қалжыңыма Бақтыбай тағы да түзу жауап қатты:

- Өзім деген адамға қастық ойламайтыныңды білемін ғой сенің! Япырай, өзің өлімнен әрең қалып, қашып-пысып жүргеніңде де жас кезіңдегі турашыл, жауынгерлік мінезіңді қоймапсың-ау әлі! Бір балам саған тартса арманым не?

Бұғытының бас жағы тік заңғарлы, терең шатты, қалың қамыс-құрақты, шалғын болатындығын 45-ші жылы күзде Үрімжіден қашып келе жатып, бір көргенмін ғой. Ықтасынды-бүкті сол қорыққа Бақтыбайдың інісі Тоқтаубайдың да қыстайтын болғанын, келгенде білдім. Баласының, «тығылуға келгенде әкем, аса шебер кісі» дегені күлкімді тағы келтірді: жасырақ та жеңілтек Тоқтаубайды осы терең жықпылға зорлап қыстатып қойып, қоғамға өзі сескенетін бір науқан пайда бола қалғанда кемпірі мен балаларын да, мектепті де тастап, өзі осында тығылады екен. «Өзіне тиіспейтін науқан екендігін білмей шықпайды» деп ертеңіне Тоқтаубай қалжыңдағанда сендім бұл қылығына.

Ұзақ сапарда шөпке жарымай келген атым пішен маясына басын шайқап-шайқап жіберіп, ойнақы мінезбен кірді. Түнде келгендігімізден тамақ істетпей, шай ғана ішіп, жата кетіп едік. Бөтелкелерді жаудыратып қойып, «ауыз тимей» жата қалғандықтарына ағайынды екеуі де ішқұста екен: таңертеңгі шай үстінде қуырдақ қуыртып жіберіп, араққа екеуі екі жағымнан қыстады-ай келіп. Ұтыда өрбіп жатқан оқиға бір жақтылы болғанша ақыл-есімді дұрыс сақтауға-ішпеуге бекіп, шаймен ғана болып едім. «Нағашысының» өздерін іздеп келгенін Тоқтаубай лепіре құттықтап жіберіп, шыны толы арақты көмейіне лақ еткізіп құя салды. Ағасы, ол сөйлеп бола бергенде-ақ сыбдырсыз жүйіткіп үлгерген екен. Ағайынды екеуіне кезек қарағанымда келін күліп жіберді. Екеуінің әндем жарасып алғандықтарын ибалы келіннің сол күлкісінен түсіндім.

Бөтелкені енді ағасы алып құйды.

- Жә, Тоқан, сен менің мына сабақтасымның... әй, осы ұмытшағым-ай менің... нағашымыздың, сасқанда мен ғана келіп тығылатын осы отауға қалай түнде келіп қалғанын білемісің?.. Сонау бөктердегі Уәлибектің ауылына шапқан жиырма шақты қытай қарақшыны қирата соғып беріп келіп отыр!... Алдымен осы батырлығы үшін бір алып жіберелікші!

Мынау неғып көки қалды деген оймен қарай бергенімде, екеуі тағы да қағып салды. Інісі ағасының әлгі жаңылысына да, «қытай қарақшыларды қирата соққан батыр нағашысының» тығылатын сайға неліктен түнделетіп жеткеніне де ой жүгірте қоймады. Екі көзі тұп-тұнық бөтелкеде отырып, ондай сұмдықты ескермей де қалған көрінеді. Екі «қытай қарақшыны» қырықтар шамасындағы сида ғана сіріңке қараның өзі қалай ұстап соққанын айтып мақтана жөнелді:

- Мен әнеукүні сондай екеуін етке қонған шыбынша қақтым, нағашы! - Інісі сөзін осылай алысып бастай бергенінде, Бақтыбайға «менің өз атымды әлгіндей жаңылып атап қоймауын ескертіп едім. - Нағашы, нағашы тыңдашы! - деп Тоқтаубай өзіне қаратып алып, асыға сөйлеп кетті. - Сол күні ел жатарда тошалаға кіріп, ат жем алып жатыр едім. Төбеден екі қытайдың күбірлескенін естіп, түңлік астына барып қарап тұра қалдым. Біреуі қолшырақ жағып қарағанда арыстағы еттің астына жасырына қойдым. Кендір арқанға байланған жуан қармақты тастап, бір кесек етке іліндірген соң шырағын өшірді. Қармақтың арқанға байланған жерінен ұстай алдым. Тартып шығара алмай, «үлкен ет, үлкен ет!» дегендей болды да, арқанның төменгі жағынан ұстап тартпақ болып қолын созды. Білегінен шап беріп ұстап тартып кеп қалып едім, түңліктен топ ете түсті жерге. Басы діңгек астындағы тасқа тиіпті. Бір бақырып қалып, үні өше қалды. «Айқайлама, айқайлама, әкел қолыңды!» деп сырттағысы қолын созды. Ұстай алып оны да топ еткіздім де, сыртқа ыршып шығып есікті баса аттандадым мен. Екі көршім үй ішімен жүгірісе шықты. Менің мына мықты бәйбішем де шықты. Жайды ұқты да жабылып келіп байласты. Ал, соқпаймысың келіп. Сүтке тиген күшікше шәңгірлетіп, шыңғыртып-шыңғыртып алып, әлсірегенде босаттық та, екінші рет келсеңдер өлтіреміз деп қоя бердік. Бірдеңе іздеген болып, осы ауылды үш күн торыған сол екеуі қайтып көрінбей жоғалды.

Тоқтаубайдың бұл әңгімесі маған бір өкініш ойлатты: сол он алты қарақшыны біз де өлімші етіп соққылап, құралдарын алып қалып қана қоя берсек, бізге де мұндай кесір жоқ еді. Ештеңе бұлап әкете алмай қолға түсіп таяқ жеген бұл туыстарын қытай сақшылар қаншалық жазалай қоймақ!... Енді бар күшімен менің ізіме түседі деші!...

Ағайынды екеуі қуырдақты тақырлап болып, сүзбе қатық әкелдіріп алып ішті арақты. Ішкен сайын бөртеді екен де, бөрткен сайын мақтанысады екен. Өлең айтысқандай бәсекелесе мақтанысты. «Жеңгең» деп үлкені кемпірін мақтап еді.

- Жеңгемнің жайын білемін ғой, бірақ, қартайып кетті ғой қайран кемеңгер, аузында тісі де қалмапты! - деп інісі асығыс қорытынды шығара салды да, «келініңіз» деп бастап, шай құйып отырған өз әйелін мақтай жөнелді. Оның күштілігін, ісмерлігін, балаларымен өзінің бар киімін өзі пішіп, өзі тігетіндігін айта келе арақ ішпейтіндігін, өзі зорлап әліге дейін бір ұрттата алмағандығын қосып кеп жібергенде семіз әйел төмен қарап сылқылдай күлді.

- Үй, Бақа, үй, анау кемпірің де ішетін болған ба? - деп қалыппын.

- Ішкенде қандай, нағашы, - деп Тоқтаубай тізгін үзе ойнақтап шыға келді. - Ол кемпір араққа келгенде тұп-тура жайынның өзі, осы ағайынды екеумізді тырайтпай қойған емес!

Айтыстың бұл белеңіне келгенде Бақтыбайдың тілі күрмеліңкіреп барып ашылды:

- Е, келінімнің жайын мен де білемін ғой, - деп інісінің әлгі бір сөзіне қарымжы таба қойды. - Қалың малды жасырын төгіп отырып өзім алып бергемін ғой. Семіздігі болмаса, әлі жап-жас қой, шіркін!.. Ой әлгі менің саңылақ кемпірім арақ жөнінен осы өз келінінен ғана жеңілетіндігін бірнеше айтқан ғой маған!

- Аға, ол, жаңсақ сөз! - Келіні қызара күліп, шыға жөнелгенде қайын ағасы түре шабуылдап қалды соңынан:

- Қарағым-ай, сені тыныш қояйын десем де мына қу Тоқтаубай қоразша қоқаңдап жеңгесінің құйрығын кеулеп барады, қайтейін енді!... Анау күні осы келінім біздің үйге барып, үш күн тұрып қайтқан ғой, сонда қасымыздағы қудың қатыны үйіне қонаққа шақырыпты. Қайтып келе қылжиды кемпірім. Сөйлей де алмай балпылдай берді. «Күлсынай, келінің құдық екен, тіпті түпсіз құдық! Жабылып қанша құйсақ та міз бақпай, мені араққа тұншықтырып тастады!» дейді. Бұған не айтасың, Тоқан?.. Ертеңіне тағы бір үй шақырған екен, қу келінім тағы тұншықтырыпты.

- Жеңгесі қағындыра берген ғой тегі, ерегесіп ішкені шығар, әйтпесе ғой, рас айтам, намазын үзбейді келініңіз! - Тоқтаубай осы «жеңіспен», босаған ыдыстарына арақ құйды. Өз ыдысын ала бергенде ағасы тағы да жұтып салып, кекіріп те үлгерді. Інісінің жеңілмей қойғанына «қарт мұғалім» ширығып отырған сияқты. Сөйтсе де, қарымжы сөзден азықсырап қалғандай, ойлана қарады маған:

- Сабақтас, сен неге ішпей отырсың? - дей қалды сонсоң.

Сабақтас екендігін әшкерелеп қалғаны үшін тізесін қысып тоқтатып едім. Тоқтаубай дүрсе қоя берді ағасына:

- Үй, аға, өзіңіз де алжып қалғансыз-ау тегі, нағашы десеңші!

Ағасы, ұтатын өлең ұйқасын енді тапқандай, шабыттана, көтеріле қарады інісіне. Маған өзінің сабақтас екендігін айтып, бір мақтанғысы келгені байқалды. Сөзді мен өз көкейімдегі бір тақырыпқа бұра қойдым:

- Жә, үлкен жиен, сен өзің момақан ғана сопы едің ғой. Араққа мұншалық неліктен беріліп, желігіп кеткенсің? Момын Жәйірді арақ жыны жайлап алған ба, қалай?

- Бәле, наы, талай мәселе бар мұнда, «мәдениет төңкерісі» бізге мәдениеттің зорын үйретті ғой! Мәселен делік, басыңа қатер төнгенде, жүрегің күндіз-түні тулағанда осы жарықтықпен бастық. Қашып келіп осындай үңгірге неше күн-неше түн тығылғанда осы жарықтықпен тыныстадық. Мұны ішпесек, тұншығып, ызадан булығып өлетіндей болдық. Ұдайы ішкен екі-үш жыл ішінде-ақ жұртшылық түгел маскүнем болып шыға келіпті. Ассалаумағалайкум дескенде-ақ насыбай шақшасын суыратын қазақ, құйрығы жұп-жуан бөтелке суырысатын болды. Бірге ұрттаспай көңіліміз көншімейтін болыпты. Ал, бәрінен қызығы, дастарқан иесі қатындардың құтыруында екен. Басқасын қойшы, өзімнің омырық кемпірім мас болып алып, үстіме аунайтынды шығарды.  Ішіп алып мен де құтырмасам түсе ме үстімнен. Мен де өзінен артылта ішіп алып, адамға өшіккен бураша көлбеп, үстінде ұйықтап өш алатын болдым. Ал, ендеше, оны да айтайын!

Біз қарқылдап күлгенімізде есік сыртынан келіннің де шиқ ете түскен үні естілді. Тоқтаубай мықтысының тыңдап тұрғанын біліп, есік жаққа бір қарап қойды да, жеңер ақынның қарымжысын бүлк еткізді:

- Нағашы, арақты маған үйреткен осы кісінің өзі болды. Тығылып жатып ішуге қарызданып қоржын-қоржын арақ ала келеді де, жалғыз іше алмай мені зорлайды!

- Тоқан-ай, сенің наданың-ай осы! - деп қалды ағасы, тілін шайнай сөйлесе де жеңермен өлеңді енді тапқандай боз көзі ежірейе түсті. - Бағанадан бері өзімнің бірге оқыған сабақтасым екендігін айтып отырсам да бір түйсінбей нағашы-нағашы дей бердің ғой! - Бұл сөзден тию үшін тізесі мен санын қанша мытсам да өршелене түсті. - Ей надан, ей, анықтап қарашы өзің мынау кім? Сенің үп-үлкен оқушы кезіңде келген шонжар инспектор ғалымды көрмеп пе едің? Менің бірге оқыған сабақтасым екендігін сонда-ақ талай айтып едім ғой, «ақпақұлаққа айтсаң ағып кетеді» деген осы емей не!... Бұл кісінің Үрүмжіде не істеп әлемді қалай таңдандырррғанын да... ұмытып қалдың ба?

Ашқарында ішкен арақтан болдырып отырған Тоқтаубай алара қарады маған:

- Биғабірріл а...ғма.. осы кісі... борлғаны ма?

- Е...е... осы кісі бормай, меннің ба-ба-балшықта...н жасап әкелген бұррқаным ғой деп пе ең! Кеше... алдыңғы күннен берррі не сырлын айтпады маған.. ең жақын, е...ең жа...қын сабақта...сым дә-дәл осысы ақбас бұ-бурра... теріс а...ззу жауыз далды, булаша ша-шайнап тастап кететінін.... де брілмейсің ғой... се...сен надан! -Осылай былжырап-былжырап алып шалқасынан ағасы түскенде, інісі бір жамбасынан айырылғандай қисая кетті.

- Ей-ей, қатын, ей-ей... кім еділ аты құррылғыр, ей, Күлсынай!

-Ау! - деді сырттан әйелі.

- Мына кісі Биғабріл ағға... екен! Ал... ал, сен күт.. жақсырлап күт!...

Лезде қор ете түсті, ағайынды екеуі тағы да жарыса қорылдады. Семіз әйел шәугім ала кіріп, зорланып иіле амандасты менімен.

- Мазаңызды әбден кетірді-ау, шай іше отырыңызшы! - бір тізелеп отыра қалып, шай құя күбірледі. - Мынау нақұрыстау болғанымен, ағамыз аса салмақты кісі еді, екі жылдан бері осылай болып қалды!

Арақкешке айтылған сыр әлемге тарайды-ау енді деп көңілсіз ойда отырғандығымнан шайды жауапсыз ұрттай бердім. Келін қайта түрегеліп барып, ауыз үйде асып жатқан етінен бір табақша ет әкеліп алдыма қойды да, пышақ ұстатты.

- Мастың мағынасыз айтыстары сізді қатты зеріктірді ғой, іше отырыңызшы! - деді де жалғыз шыныға арақ құйып маған жақындатыңқырап қойды. - Бәрі де ішқұсталықтан пайда болған дерт. Ағаны кінәлағым келмейді. Менің де ұстазым еді бұл кісі. Сіздің есіңізде жоқ шығар, 50-ші жылы Саржақтағы мектепке келгеніңізде мен он алты жастағы ғана оқушы едім. Бастан-аяқ осы кісіден оқып, соңынан осы кісінің құрметі үшін қарсылық айта алмай, келін боп түскенмін. Қазір үш баланың анасымын. Ересектері үлкен үйде тұрып оқып жатыр. Әліге дейін жаңа түскен келінше құрметтеймін. Жасына қарай орны да зор ұстазым ғой. Жаңағы сөзінен сіз де шіміріккен шығарсыз. «Келіннің жайын білемін ғой, семіздігі болмаса, жап-жас қой, шіркін-ай!» дейді. Тетелес емес, әкеміздей үлкен қайын аға. «Шіркін-ай» дегенінде қаншалық арсыздық жатқанын өзі де білмей қалды! Сау болса, мұны айтудан өлімді әлдеқайда жеңіл көрер еді ғой, амал не ар-намысын араққа тонатып қойған соң!... Осы елдің түбіне осы тұп-тұнық  у жететін сияқты. Түгел азғындап барамыз!...

- Қарындас, жай қарындас емес, мәселені терең ойлай алатын қарындас болдың, рахмет, жатсынбай үлкен сыр айтқаныңа! Осы сөзіңді бұзбай-шашпай, сау уақытында өзіне айтып, ауырырақ сындап кетейін. Арақтан біраз болса да шектелуіне пайдалы кеңес болатын сияқты!

- Сізге өзім де сол оймен баяндап отырмын! - деп күлді Күлсынай. - Бірақ, сол сөзін өз естігеніңіз бойынша, өз сөзіңізбен масқаралай сындасаңыз, қаттырақ сабақ болар еді!

- Мақұл, мақұл!

- Қайын ағаны арақ жөнінен жазғырып отырып, өзіңіздің ішуіңізге бөгет болды-ау! Сіз өзіңізді араққа билетпейтіндігіңізді білдім. Зерігіп қалдыңыз, біраз ішіңізші! - Күлсынай өзіне бір шынының түбіне ғана тамызып алып, менің шынымды қузады. Бөтелкені алып, шынысына мен құйып көбейтіп беріп едім, қарсылық етпеді. Қағысып жіберіп іштік. - Тарымнан аман қайтқандығыңызды ана кісінің сөзінен сыртта тұрып естіп қуанып қалдым. Қалай қайтқан әңгімеңізді кейін естірмін! -деп күрсінді сонсоң.

- Мен сенің омырық жеңгеңді араққа еркін «тұншықтыра» алатын болғаныңа қуандым! - деп қалжыңдап едім, семіз қарындасым шаңғырлап күліп жіберіп, аузын баса қойды. Қорылдап жатқан ағайынды екеуіне жалтақтай қарап күбірледі.

- Мен ол кісінің де арақкеш болып кеткеніне сол жолы ызаланып, әдейі масқаралайын деп ішкенмін. Әйтпесе, осылардың осыншалық ысырап болғандықтарын көре жүріп, өзімді арақтан қатты шектеп келіп едім. Ал енді бұлар осы бойы үдетіп кете берсе мен де қосылып кетермін деп қорқамын. Тіпті балалар да түгел маскүнем болып кететін сияқты! -Күлсынай осыны дұп-дұрыс сөйлей отырып тағы да құйды арақты. Бұл жолы өзіне де баса құйды. - Сізге құйып отырып өзім тартынсам, тағы да болмас!

- Тартынуға неге болмасын, - деп жымидым мен. Ұялтып қоймай ғана епті тойтарыс айтқым келді. -Өзің тартынбасаң, арақкеш аяй ма, бұл да әйелдердің арақ тұзағына басын өздігінен сұғып алатын қатерлі жосыны. Қонақ иесі дастарқанға арақ қойса да, өзі құймаса құтылып қалады!

- Әрең қайтқан сізге.... өзімнен басқа құйып ішкізетін ешкіміміз қалмады ғой! - Күлсынай шыныны күрсіне қағыстырып жіберіп, менің ішкенімді көрген соң, жұта салды. Су ішкендей тыжырыныссыз тамсанып қойып қана жалғастырды сөзін. - Бұл кесапаттың улатып мастандырудан сырт, басқа зияны тіпті көп екен. Бағанағы мына есірігімнің «екі қытайды шыбынша қақтым» деп мақтанғаны, өз ісі емес, мен ұстап берген ұрылар болатын. Ол ұрылар келгенде өзі тошала түгіл үйде де емес, көрші үйге барып араққа сілейіп отырған. Менің көзімше көпе-көрнеу батырлығым деп мақтанудан титтей шімірікпейді. Сондайының бәрін тыңдап, мен де шыдай алмайтын болып барамын! Адамды мақтаншақ, бөспе, қырт, суайт өтірікші, уәдесіз... мардымсыз адамға айналдырып, тіпті қайдағы азғындықтың бәрін арақ өзінің сіңген жеріне ала кіретін жау екен!

- Ып-ырас, аса дұрыс қорытынды! Өзің недәуір-ақ зерделі екенсің, қарындас! - Шыныларға арақты өзім құйып, бұл жолы әдейілеп ұсынып ішкіздім. -  Мына екеуінің мылжыңынан жаурап, жүдеп қалып едім, Күлсынай, осы үйде әңгімелесіп, көңіл аша отыратын кісімді енді таптым ғой!

Тағы да сақылдап күліп жіберген Күлсынай, аузын тағы да баса қойып күбірледі:

- Мені қайын ағамның қатарына сұлатып, тағы да шіркін-ай дегізгелі отырсыз-ау деймін!

Екеуміз қатарласа, қатты күліп жіберіппіз. Ағайынды екеуі ыңырсып, керіле-созыла оянғанда Күлсынай екі шыныға апыл-құпыл арақ құйып жіберіп, өзі бірін жұта сала жөнелді. Мұнысына езу жия алмай күліп отырғанымда, Тоқтаубай басын көтеріп алды:

- Жалғыз неге күліп отырсыз нағашы?

- Мына арақ ағайынды екеуіңнен басқа құтырта алатын адамын таба алмай, көз жасын мөлтілдетіп тұрғанына күліп отырмын!

- Келіңіз нағашы, мен бар! - Інісі ұмтыла келіп отыра қалғанда ағасы зекіп қалды:

- Тағы да «нағашы» деп қалдың ба, есалаң неме!

- Е, нағашым емей кім? - деп қарсы зекіген інісінің сөзін мен дұрысқа шығара қойдым:

- Сенің ғана нағашың ба едім, әрине мұның да нағашысымын!

- Япырау, осы мен жаңа ғана айтып ап ұйықтаған сияқты едім ғой? Астағыпыралла, түс! Түсімде айтыппын! Бәсе, мен өзім оншалық мас болып көки салатын жырық ауыз жігіт емес едім! Мұндай есалаң есірікке айта салатын жынды деймісің! -деп Бақтыбай күңгірлей ұмтылды араққа. Бос тұрған шынысын аузына апарып жел қаба оуып кеп жіберді. - Үй, маған қоймапсың ғой! - Інісінің алдына лақтыра салды шынысын. Лезде құйылып алдына келісімен жұтып алып бір лоқсыды. -Осындайда таптырмайтын дәрісің-ау, жарықтық!

Келіні үлкен табақ ет көтеріп кіріп, ортамызға әдеппен ғана қоя, өтінді:

- Осы уды қоя тұрыңыздаршы, аға енді, қонақ ет жесін! Иісі арақ ішпейтін адамның жүрегін айнытады екен! - дегенінде жалт қарадым. Ештеңе көрмегендей, ақсұр өңінде ешқандай белгі жоқ. Моп-момақан бола қалуына менің күлкім қыстағанда, ол томсара түсті...

Қыстың қысқа күні маған жылдай көрініп, әрең батып еді. Ағайынды екеуі үшінші рет қылжиып, әрине соңғы ретте құсып қаттырақ жығылып, семіз келін екеуміз екінші рет қағыстырып отырған іңірде ит үрді.

- Келді, келді, Азкен келді! - деді Күлсынай. -Құдай-ай тыныштық хабар әкелсе екен! Әңгімеңізді өте қысқартып қойдыңыз, аға, сұрап тыңдайтын жерім әлі көп! - Жүгіре шықты сыртқа. Азыкен деп аталған базаршы жігіт асыға кіріп сәлем берді де, қарқылдап күлді:

- Бәле, мына екеуінің жатысын қара, айттым ғой тығылуға шебер деп, о дүниеге кетіп, нағашымды жалғыз қалдырыпты! Жеңеше, шектей алмағанбысың бүгін?

- Сыйлы қонақ отырғанда... екеуі біріккен соң бой беруші ме еді! - деген «жеңеше» жауабы тыңдаусыз қалды да, Азыкен алдыма жүгініп отыра қалып, баяндауға кірісті:

Кеше кештегі телефоннан хабарланған аудандық үкімет әкімнің өзі жеңіл машинамен бүгінгі сәскеде жетіп келіпті. Аты Долан екен. «Долан ағаның өзі келген болса, қазақ баласын ешкімге нақақ жегізе қоймас!» деп қалған жеңешесіне Азыкен бір қарап қойып, алдымен Доланның өзін көкке ұшыра мақтап алды.

Ол, кілең қазақ халқы орын тепкен осы малшаруашылық ауданына әкім болып тағайындалысымен-ақ, ереже-принципшілдігімен аудандық парткомға да ықпалын өткізіп алған өткір қабілетті азамат екен. Малшы халықтың тұрмыс ерекшелігі мен хал-жайына жетіктігі арқылы өз халқының тұрмыс күйін оңалтуға алдымен күшепті. Таптық күрес, «стиль түзету», «зор секіріп ілгерілеу» мен «халық коммунасы» аталған «жеті ағайынды» әсіресе солшылдық ашаршылыққа басқа аудандардан ерекше жайлатып, қырғындап тастаған ауданды сақтап қалу қияметтен де қиын еді. (Сол шақта Ынтықбай марқұмның төменге түсіп, осы ауданнан көргендеріне шыдамай, жынданып қайтқаны оқушылардың есінде шығар.) Өршіл, аса жігерлі жас Долан қайыспай көтеруге тырысыпты осы зіл ауыртпалықты.

«Коммуна малының етін жемей, сүтін ішпей бағып өсіру» дейтін мызғымас принципіне қарсы ереже көтеріпті алдымен: «Малды өсіру үшін малшының өзі шектелмей, ет жеп, сүт ішуі қажет. Олай болатыны, малды малшының жілігі, күш-қуаты ғана қорғап өсіре алады. Ғасырлар бойы талай апат, талай жұт, сан мың қасқыр жеп қырып, азайта алмай келген мал тұқымы осы, жемей-ішпей көбейтеміз деп соңындағы малшылардың өздерінің аузын кептіргенімізде таусылып бара жатқаны қалай? Демек, мал деген жемеу-ішпеу арқылы емес, пайдасын көріп, ішіп-жеу арқылы өседі!» Долан осы дауын көтере жүріп, Бижінге дейін айтысып барып қайтыпты. Содан-ақ «партияға қарсы, төңкеріске қарсы, социализмге қарсы элемент» аталып, социалистік тәрбие науқанында соғылған Долан «мәдениет төңкерісінде» қызыл қорғаушылардың найзасына әр күні ілініп, байланып, аспаққа асыла беріпті. Денесінен сау жер қалмай мылжаланып жатқанында да осы пікірінен қайтпай, айтыса берген екен. Оның көрген соққысынан әйелі жынданып кетіпті.

Ал, халқы Доланның пікірін естіген соң үкімет шектеуіне шектеле қоймай, бағып жүрген қалдық малдарынан ұрдап-жырдап жей беру арқылы ашаршылықтан құтылып, қуаттанған кезде мал да қуаттанып, қайта өрбіп, қауырт көбейе бастаған екен. Доланның мойнындағы арқан сол шақта ғана алынып, әкімдік қызметіне қайта орналастырылыпты.

Бірақ қазір қабілетін пайдалану үшін ғана аты әкім аталғанымен, заты әкімдік құқықтан әлі де алыстау көрінеді.

Ұтыдағы осы ұсталған қарақшы мәселесін тексеруге жеңіл машинамен өзін бақылайтын ханзу хатшысын ғана ертіп келіпті Долан. Сақшы мекемесіне өздерінің ешқайсысының арызын тыңдамай, суық қабақпен кіргеніне қарап, арызшылар Доланның осы құқықсыздығы жөнінен күмәнданған екен. «Есіл азамат қорыққанынан қуыршақ болып қалған-ау, жауға өзімізді жығып айыптап кетер ме екен!» деген күдік кеулей бастапты.

Әкім отырған тұстағы кеңсе терезесінің сыртынан тыңдаған Азыкен, бастабында оның сақшылармен недәуір ұзақ сөйлескен сөзінен де ештеңе ұға алмай қалған екен. «Менің сұрауымды да, бұлардың жауабын да қалдырмай жаз!» деп хатшысына бұйырған әкімнің дауысы бірте-бірте өрлегенде ғана ұғыла бастапты Азыкенге.

«Ол қарақасқа аттың шет ел шпионы екендігіне жан мылтығынан басқа факттерің бар ма?» -сақшы бастығының жауабы өте ақырын айтылып, Азыкенге естілмей қалыпты. -«Ал оның мылтығындай жанмылтық, біздің шолғыншылар мен жасырын тексеріп көруге шыққан заң кадрларымызда жоқпа еді?» «Үй, халыққа не іспен жүргенін, қайда баратындығын жарияламай, қонып-түстеніп қана кете беретін кадр мен шолғыншы аз ба? Осы өздерің кейбір құпиялы, күдікті іс туралы жүрген жерлеріңе жар салып айқайлап жүруші ме едіңдер?» «Не дейсің бұған?.. жауап бер!» «Сол қарақасқа атты, мылтықты адам егер шет ел шпионы болса, өзіне жау ел халқының ұры-қарақшыларын ұстасып, мен - мылтығы да бар бейтаныспын дегендей жанмылтығын атып, өзін әшкерелей жүре ме?» «Кулиден шығып, қолға түссе де, қарсыласқан құралды қарақшыларды жерлік малшы қазақтардың ұруынан шектейтін қандай мейірімді-қайырымды шпион ол? Шужұңжуи шпиондарын осындай адамшыл, халықшыл деп ойлайтын қандай сақшысың өзің? Жауап бер!» «Ей мақұлық, сол қарақасқа атты шпион болса, тіпті өз ішімізден шыққан кері төңкерісші болса да, «мыналарды ұрмай-соқпай айдап апарып, Ұты сақшысына тапсырып беріңдер» дей ме?.. Біздің сақшылық орындарымызды соншалық құрмет тұтатын қандай шпион, қандай кері төңкерісші ол?»

Долан осы сұрауларына сақшыдан жілігі татыр жауап ала алмаған соң, қарақшылардың өздерінен жауап алуға шақыртқан екен. Сақшы бөлімшесінің бастықтары ол қанқұйлыларды тобымен екі сағат қана қамап, кеше кеште қараңғы түсісімен қоя беріпті. «Жарақаттары ауыр болып, қақсай бергендіктен абақтымызда өліп қалмасын деп қоя бердік» деген ғана сылтаулары бар. «Енді ұрлық қылып қолға түссек, атып тастауларыңызға да разымыз» деген жалпылық тілхат жаздырып алып қалған екен. Ол қағазға қойылған он алты қарақшының қолдары да, әдірістері түгіл аты-жөндері де белгісіз.

- Үкіметке мәлімдеп нұсқау сұрамай, заң орындарына көрсетпей, қарақшыларға өз беттеріңмен кешірім жариялап, құтқарып жіберуге дейін жеттіңдер ме енді? - Доланның дауысы, бөлімше сақшысының осы бассыздықтарын естіген соң тіпті өрлепті. - Мұны істеген қайсының?.. Жаз, анықтап жаз! Бұл, тұп-тура зор ханзушылдық қылмыс! «Ей, сен тұр орныңнан! Жауап бер! Қаншалық жапа-машақатпен ұстап әкеліп берген жерлік халық не боп қалды сенің алдыңда? Аудан бойынша осындай қарақшылардың бұлап-тонауынан қыс ішінде аш-жалаңаш шулап қалған халық аз ба? Өздерің құралды сақшы болып тұрып, халықты қорғап, бұрынғы тоналған нәрселерін тауып берудің орнына, тағы да тонай түс дегендей тексертпей қоя берулерің кім істейтін іс?» «Ей, өздерің солармен ортақтасқан қарақшы болып қалғаннан саусыңдар ма? Егер солармен бұрыннан теңшерік емес болсаңдар, дереу тап, бірін де қалдырмай дереу жиып әкеліп, аудандық тексеру комитетіне тапсырып бересіңдер! Егер тауып бермесеңдер, тексеру комитеті өздеріңді сол қарақшылардың орнына қолға алып, сотқа тапсыруға қақылы, ұқтыңдар ма? Тоқтаңдар, мына жауаптарыңды оқып көріп, қол қойыңдар алдымен!»

Осыдан соң Долан аудандық бақылау комитеті мен сақшы мекемесіне телефон беріп, қашқан қарақшыларды барлық район, ауылдарға хабарлап қоюды тапсырыпты. Ұтыда тұратын гарнизонның саяси комиссарымен телефонда сөйлесіпті сонсоң:

- Мен, Толы ауданының шанжаңы - Долан. Қазір Ұты сақшысында отырмын. Комиссар жолдас, сізден көмек сұрайтын екі түрлі іс туылып қалды. Бірінші, шекара сызығынан бергі барлық күзет орындарыңыздан жақын арада өткен-кеткен күдікті із болса, сұрастырып берсеңіз!... А...а...а. демек, қазір тыныш болғаны ғой?.. Олай болса, екінші өтінішімді айтайын, осы районның шетіндегі малшы ауылдарды алдыңғы күні түнде он алты адамнан құралған бұлаңшы тобын соғыспен ұстап, осы сақшы бөлімшесіне әкеліп тапсырып берген екен. Бұлар заң орындарынан жасырып, өткен түнде қоя беріпті. Халықтың, гүңше әтіреттеріміздің мұндай бұлаңшылардан қаншалық тоналып жатқандығынан әрине хабарыңыз болса керек. Бұларды қатал тергеп, қылмыстарын анықтау, біздің қазір халық алдындағы ең зор жауапкершілігі бар борышымыз. Қайта ұстап әкелуге адам шығармақпыз. Көмектесіп іздесуге бір звод атты әскер босатып берсеңіз!.. Әббәле, жетіп қалар, рахмет!.. «Халық үшін қызмет істелік!» Сау болыңыз!» деп телефон тұтқасын қоя салған Долан, сақшы бөлімшесінің бастықтарын қузай жөнеліпті. - «Қол қойып болдыңдар ма?.. Гарнизон бір звод атты әскер көмек береді. Бөлініп, тұс-тұстан іздеп, мына тізім бойынша бірін қалдырмай табасыңдар! Тағы бір ескертіп қояйын, қарақшыларды түгел тауып, Толыға жеткізіп бермесеңдер, өздерің сотталасыңдар!... Ей, Уәлибек қайда? Дереу босат, мұнда кірсін! Қой қырып жүрген қасқырларға үрмей, қойшының өзін қабатын ит те жоқ шығар, солай ма? Сен екеуің қайдан шыққан азғынсыңдар?»

Сақшылар бүрсең қағып шығысымен Уәлибек босатылып, Доланның алдына кіріпті. Оның қолын әкім қос қолдап ұстап сілкілеп амандасып отырғызыпты да, алдыңғы түнде қарақшы ұстауға қызмет көрсеткен серіктерін сұрап тізімдепті.

«Жарайсың, батыр дүйжаң! Тонаушыларды тыю үшін берілетін аудандық бірінші сыйлық сендердікі болады. Бұл қарақшылардан қолға түсірген барлық құралды өздеріңе алып беремін. Балаларға ұстатпай, мықты сақтаңдар! Мұндай сақшыға тапсырып берулерің де қате болыпты! Ал, ауылыңның осында бар азаматтарын түгел шақырып кіргіз, бұл қызметтеріңнің қаншалық маңызы барын ұқтырайын!»

Уәлибек жүгіре шығып айқайлап, қарақшыларды айдасып келген серіктерін түгел шақырып кіргізіпті. Олармен аса бәсең сөйлескен Доланның сөзін Азыкен сырттан тағы да ести алмай қалған екен. Жау түсіргендердің жамыраса шығып, қуана даңғырласқандарынан ұғыпты сөз түйінін. Бүгіннен үш күн өтіп, төртінші күні кешке шейін Толыдағы аудандық үкімет мекемесіне жиналатын болып шығыпты. Бесінші күні клуб залында халық жиналысы ашылады екен де қарақшылардан қорғанудың үлгісі ретінде Уәлибек бас сегіз адамның сайлану рәсімі өткізілетін болыпты.

Долан әкім қарақшылардан алынған құралдарды Уәлибекке санатып өткізіп берісімен хатшысын ертіп, жеңіл машинасына қайта кіргенде кешегі жауынгер екі қария алғысты ұран көтерген екен. Ұты базарының халқы ду көтеріп, бірге ұрандасыпты.

«Көп жаса, Доланымыз! Төбеңдегі қара бұлттан түйір қалмай жоғалсын!»

Мұны естіген Долан кабинкадан басын шығарып, қарқ-қарқ күліпті:

- Менің еңбегім емес, алғыстарыңызды анау батырларыңызға айтыңыздар! Ең үлкен табыс пен жеңіс, халықтың береке-бірлігінде ғана! - Долан осыны айтып жүріп кетісімен Азыкен атына міне шауып, бізді хабарландыруға асығыпты.

- Ал, нағашы, енді өзіміз ақылдасып алалық! - Азыкен күрсіне тоқтатты сөзін. Күлсынай шай құйып, қонағы мен базаршының алдына жаңа ет пен бауырсақты қатар үйді де жаңа бөтелкеден біреуін шығарды:

- Тоңып келдің ғой, біраз ауыз жылытар ішемісің? - деп күбір ете түскенде, Азыкен мырс ете түсіп, шытынай қарап қойды жеңешесіне.

- «Ауыз жылытар» атап, шешем мен жеңешем мына екеуін жылыта-жылыта жидітіп жіберді, нағашы. Сондықтан ішпейтін болғанмын. Сізге ғана құйып қояйын! - деп қана маған құя бастағанда, ішіп болғанымды айтып тоқтатып қойдым.

- Жарайсың, балам, осы үйдің ақыл айтары да, көз-құлағы да өзің болып қалыпсың. Өркенің өссін!

Күлсынай маған жалтақ-жалтақ қарап алып сөйледі:

- Аға, осы екі үйде сізге көмектесе аларымыз - осы баламыз ғана екендігін түсініп болған сияқтысыз. Осындай оңашада өзіңізді анықтап таныстырып қойсам қалай? - деп сұраған рұқсатына бас изей салдым. Күлсынай өте бәсең үнмен таныстырды мені. - Азыкен, мына кісі біздің Биғабіл ағамыз екен!

- Бәсе! - дей сала басқа сөзді тоспай, тіземді қос қолымен құшақтап алып, бас қоя амандасты жас жігіт. Күлсынай таныстыруын жалғастырды.

- Тарымнан қайтқанына бір жыл болыпты. Бала-шағасын таба алмай, Іледегі қайынбикесінен сұрауға жасырын кетіп барады екен! - Таныстырушымның өзі жылап жіберіп, Азыкенді қоса жылатты. Мас болып жатқан әкелеріне қарап қойып сұрады Азыкен:

- Биғаділ деген кісі сіздің ініңіз ғой, аға, Тарымға барғаныңыздан соң шежяу[1] жылдары одан хабар алып па едіңіз?

- Жоқ! Оны көріп пе едің өзің?

- Көргенім жоқ, естігенмін! - Азыкеннің үні сәл ыңырси шығып, көз жасын парлатып жіберді де, сыртқа шыға жөнелді. - Атымды жайластырып келейін! - дегені әрең естілді. Мен Биғаділдің тірілігінен секем ала қалдым. Азыкеннің көз жасын тиып, әлденеге беки кіргені байқалды.

- Ал, Азыкен, Биғаділді не деп естіп едің, сөйлеші? 1962 жылы Қазақстанға өтіп кетпеп пе екен ол?

- Ие, кейін сөйлесерміз. Алдымен сіздің мына сары киім мен қарақасқа ат жөнін ақылдасып алайықшы!

- Мұны жасыру қиын емес, - дедім де артында сөз барын байқап, асыға жауап бердім. - Аттың қасқасын, дәл өз денесінің түгіндей бояумен бояй саламыз. Ашудас қосып боясақ, біраз уақытқа дейін оңбауы мүмкін. Ал, сары киім қоржынға кіреді де, орнына әкеңнің бір көне шапаны мен тымағын кие саламын!

- Ашудастан басқасын мен де осылай ойлап едім. Сонда да сақшылар мен әскерлердің қарақшы іздеуі тоқтағанша осында жасырына тұруыңыз дұрыс! Ал, сіз, өзіңізді әке-шешеме ашық таныстырып па едіңіз?

- Ие, маған, Орқашардағы нағашымыз бола тұр! -деп ұқтырған сол екеуі. Бірақ, әкең осында келіп арақ ішісімен інісіне айтып қойды.

- Сөйтеді бұлар, арақ ішкен соң-ақ радио болып шыға келеді!

- Бірақ, ағаң бір ұйықтап оянысымен ұмытып, мені «нағашы» деп атай берді. Әкеңнің «сабақтасым» деп тағы да көйтіп қоюынан әрең сақтап отырмын!

- Әй, арақ-ай! - деп кіжінді баласы. - Әлі де тыя тұралық, арақ тоқтаса бұл екеуінің радио-телефондары да тоқтар еді. Бірақ, сізді күту үшін қазірше оны тоқтатуға болмас!

- Неге болмасын, мен енді ішпеймін!.. Әкең есін жиған соң арақты мүлде қоюына өзі ұмытпастай ант алып тоқтатуым мүмкін! - Күлсынай күлімсірей изектеді бұл сөзіме.

Азыкен оған дереу ашудас табуды тапсырды да, өзі ала келген қара бояуын шығарды. Ашудас Күлсынайдың бір қобдиынан табылды. Құр мен шым ши тоқу үшін жүн бояуға алдырған екен. Дәл сол жерде қарақасқа атқа лайықты бояуды жасап та үлгердік. Шөп маясына үшеуміз бірге барып, ат қасқасын сол бояумен өшіріп қайттық. Әскери пальто мен сары малақайды қоржынға тығып, сол үйдің өзінен табылған қазақы киімді киіп ала қойдым.

- Ал, сөйлеші, Азыкен, менің Биғаділім жөнінен естігеніңді ірікпей сөйлеші! - Бұлай қыстағанымда жас жігіттің әкесіне жалтақтай түскені байқалды. Өзім тұстас сабақтасымның сөз бастап естіртуі лайық екендігін күтіп отырған тәрізі бар.

- Биғаділ аға асқан ер ғой... Ол кісінің әңгімесі көп қой. Кейінірек асықпай тыңдарсыз, қадірлі аға, қане тамақ ішелікші!.. Әкемді оятайын ба?

- Бұл қазір оятқаныңмен де тірі болып жарыта қоймас! - деп қатты күрсіндім.

- Олай болса, жеңеше, қонақ бүгін сіздікі, күтіп қузасаңызшы!

Жеңешесі суыңқырап қалған етті ыстық сорпамен жылытқылап, екі шыныға арақ құйды. Бірін менің алдыма, бірін Азыкеннің алдына қойып еді. Жаңа өсіп келе жатқан әдемі мұртты жігіттің сұрғылт жүзі қызғыш тарта қалды. Жүгіне қалып, ең үлкен ибасы мен қолқасын білдіре, жеңешесінің өзіне ұсынды:

- Ішпеуге ант еткенімді білесің ғой, жеңеше, анау екеуінен соңғы үлкеніміз өзіңіз!

Биғаділ жөнінен тулап кеткен жүрегімді баса тұру үшін араққа құмарта қалып едім.

- Мақұл, мақұл, қузауды талап етпей өзім-ақ ішейін! - дей сала шыныны алғанымда Күлсынай да алып қағыстырды. Жұтып салып, шыныны бөтелкесіне жақындастыра қойдым. Тағы да құйды. Тағы да қағып салдым. Ал, төкпеймісің көз жас дегенді.

- Аға, аға, сізге не болды? - дей түрегелді Азыкен. Әкесімен айқаса сұлап жатқан Тоқтаубайды табанынан теуіп-теуіп қалды.

- Үй-үй, бәйбіше, не болды, ұрмашы, ұрмашы! - Басын көтеріп алды Тоқтаубай. Бақтыбай оның дауысынан оянып, ыңырси зекірді оған:

- Тү...сіңнен шошып жатырсың-ау, ынжық, ә!... мені де шошытқанын қарашы! - қайта қор ете түскен әкесін екі иығынан ұстап тік көтеріп алды Азыкен.

- Үй, кемпір, үй, басым ауырып жатыр. Бүйткенше үстіме аунай бер, өнеріңді таң атқан соң көрермін!

- Әке! - деп қатты дауыстады баласы. - Тұрсаңшы!

- Әй, мына сайқалдың баланы қайрап салуын қарашы енді! Басым ауырып жатыр, Азыкен, көзім ашылар емес!

- Жә, балам, енді қузамай-ақ қой оны! - дедім мен. - Үлкеннің естіртуі не, кішінің естіртуі не, бәрі бір ғой, сөйлей бер өзің!

- Аға, сіз... сіз... Биғаділ аға туралы секем алып... күмәнданып қалдыңыз ба, қалай? - деген Азыкенге жалт қарасам, кең маңдайынан тер ағытылып тұр екен. Енді қинамай, сезбегенсіп сабыр ете тұруымның жөн екендігін түсіне қойдым. Жылаудан не өнбек!

- Жоқ, күмәнданғаным емес, есіме түсіп, сағынғандығымнан шығар. Ал, қоя тұралық оны, алаң болма балам, саған өте разымын! Кел қарындас, екеуміз іше тұралық енді! Ал, өздерің де тамақ ал!... Алыңдар, осы табақты тауысалық!

Етті жеп болып, бата істеп қол жудым да, сыртқа шықтым. Азыкен қасымнан екі елі қалмай бірге шығып, бірге жүрді. Інімнен қамсызсынып сөйлесе барып ат көріп қайттық. Сіріңке шағып, енді қара ат деп атауға болатындығын байқадым. Күлсынай салып қойған орынға келіп Азыкен екеуміз шешініп, жайланып жаттық...

Түнімен аунақшып, таңертең ерте тұрып кетіп едім. Соңымнан шыққан Бақтыбайды қолынан тартып апарып, бір қалтарысқа жүрелеттім-де, тергей жөнелдім:

- Жә, сабақтас қақпас, балалардың алдында былжырай бермей, енді сөйлеші, мына келініңмен қандай байланыста болып едің?

- «Байланысы» несі, бұл, әрі шәкіртім, әрі келінім менің! Астағыпыралла, астағыпыралла! Келе салып не айтып отырсың өзің? Үй-үй, адамзаттың сөзі емес қой мынауың!

- Кеше мас болып ініңмен айтысып отырып көкігеніңді білемісің? Тыңдап отырған сол шәкірт келінің кірерге жер таба алмай қысылды: «келінімнің жайын білемін ғой» демедің бе, жайын қалай білгенсің?

- Ойбай-ау, қарабасқыр Құдай-ау, сөйдедім бе?

- Не деп шатқаныңды білмейтіндей өзіңді қара басты ма? «Келінімнің семіздігі болмаса, жап-жас қой, шіркін-ай!» дегенің қандай намыссыздың айтатын сөзі? Мұны естіп келінің құлағын баса жылап жіберіп, жүгіріп шығып кеткенін де көрмедің бе?

- Сөйдедім бе тағы да?

- Мен жала жабам ба саған, бетімнен от шықты соны естіп! Бұрын адам сияқты, ар-ұяты бар сабақтас едің, қартайғанда не боп кеткенсің?... Адамшылықтан кетіпсің ғой бір жолата!

Бақтыбайдың ісінген топырақ сары жүзі бүлкілдеп кетті. Басындағы малақайын алып жерге бір ұрды да, ыршып тұрды орнынан, сырт айланып, өз бетін өзі шапалақтап-шапалақтап жіберді.

- Енді ит ішсін осы арақты! Ішпейтін кезімде-ақ көрге кіріп кеткенім жақсы екен-ау! Құдай-ау енді қайттім, қай бетіммен көріндім балаларға!

- Үй, ішсең де ақыл-есіңді, ар-намысыңды сақтап ішсең болмас па еді!

- Жоқ, енді татпай-ақ өлейін, абыройым қалпында тұрғанда-ақ өле салсамшы!

- Енді өкінгеннен не пайда, қан басымнан өле салғың келіп тұр ма! Балалардың алдында кешірім сұрап, ант беріп, оларға сол антыңнан аумай көрінетін болудан басқа абыройыңды қалпына келтіретін жолың қалмады! Соны істемей, өлсең де бәрі-бір, ішіп ап келініне көңіл жүгіртетін, ар-ұятсыз арақкеш атыңмен өлесің!

- Ұқтым, сабақтас, ұқтым! Енді қайталамашы мына масқара сөзді, жүр, үйге қайталық!

Күлсынай шай жасап, Азыкен бізді шақыруға енді шыққанында кірдік үйге. Тоқтаубай басын шытпен таңып, о дүние мен осы дүниенің арасында салбырап отыр екен. Алдына шай қойылысымен алақтай қарады ағасына:

- Аға, қал қалай? - Ожырая қарады ағасы. -Қайтармасын ішпесек, мына аурудан жан қалар емес! - деп күңкілдегенінде ағасы ақырып қалды:

- Жаныңның барында қой енді арақты! Бүгіннен бастап, арақ лағынаттың атын атамайтын бол маған! Осы тапқан абыройымыз да басымызды жей жаздады! Балалар, менің арақ ішіп алып былжыраған сөздерімді кешіріңдер! - Бақтыбай, келіннің төмен қарап бедірейе қалғанына қарап қойып жалғастырды сөзін. -Қазірше кешіре алмайтын жөндерің де бар сияқты ғой! Мұнан соң арақ ішсем, ит екен деп таныңдар! Барыңның алдыңда антым осы болсын, айнысам, бетіме қара күйе жағыңдар!.. Анау үйдегі жалмауызға шама жетер ме екен, бұл, Азыкеннің есінде болар, Құдай тағала оған да таупиқ берсін!

Соңғы сөзіне Тоқтаубайдан басқамыз қарқылдап күлдік.

- Әкем осы уағдасында тұрса, жеңешем екеуміз, басқасынан қорқа қоймаспыз! - деп Азыкен жымыңдай түсті. - Мың шүкіршілік, әкемнің осы анты еді, менің аңсайтыным! Тілегімді Құдай көктен берді ме, жерден берді ме! - Маған қарап күрсінді жігіт...

Сол шайдан соң дәрет сылтауымен сыртқа жалғыз шығып кетіп, қары тапталған жалғыз аяқ жолмен талай жерге жүріп, көз жасымды оңаша төгіп-төгіп қайттым. Биғаділдің өлімі жөнінде сыпыра масқа айтпай, Азыкеннің өзі ғана сақтап келген сыр болса, әкесі мен Күлсынайға айтып, маған естірту жөнін ақылдассын деген оймен жалғыз кеткенмін. Мөлшерім тура шығыпты. Қайтып барып, үйге кірісіммен Бақтыбай барылдап жылап бас салды мені... Күлсынай да, Азыкен де өксіп-еңіреп жыласты.

Олар естірту жөнін оңаша сыбырласып жүргендерінде Тоқтаубай арақ тауып іше қойған көрінеді, ол тіпті өкірді:

- Іні деген бауыр ғой шіркін, оның қадірі өлгенде білінеді ғой! - деп тұрып жылады. Бәрі мені көкке көтере мақтай отырып көңіл айтты...

Биғаділ Азыкеннің естуінше «социалистік тәрбие» науқанының алдында оқтан өліпті. Менің бір дұспанымның (Азыкен оның атын атай алмады, білмесе керек.) сыртымнан жапқан жаласына шыдай алмай, қатты кек сақтап келген екен. Мені өлді деген бірінші реткі радио хабарын ести сала сол жалақорды өз үйінен басып, бауыздап кетіпті. Іздеп соңына түсіп жүрген қызыл қорғаушыларға гранат тастап қирата қашқанында сыртынан көздеп атылған оқ тиіп, Дөрбілжіннің шетіне шыға өліпті.

Әділетті тергеушім, «еккенің тікен болса, орарың балауса болмас» дейді. Менің жалғыз інімнің де «орманы» сол болғаны ғой. Ондай өнімсіз істі қазірше қоя тұралықшы. Сіздердің коммунизм жолындағы қасиетті төңкерістеріңізге төнген мендей қатерлі кері төңкерісші екі дүниеде де жоқ. Жерімізді гүлдендіру үшін жіберген көшпенділеріңізді шімірікпей қарақшы атап ұстатқаным, жанымызды гүлдендіру үшін көбейтіп жіберген арақтарыңызды екпіндеп қабылдаушыларға тастатқаным, осы тарауда айқын әшкереленіп отыр. Мұндай ішті-тісті гүлдендірушілер халыққа енді қайдан табылар! Шектен бұлай асқан мендей орушы қаскүнем қылмыскерге тиетін оқты тездетіп сайламасаңыздар, арақ заводтарыңыз кәсіптен тоқтап, зор-зор қырғын құралдар сатып алатын ақша таба алмай қаласыздар ғой. Көкейлеріңіздегі «қытайша коммунизм» алдында бұдан зор қылмыс бар ма?!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Шежяу (ханзуша қысқартылған атау) - социалистік тәрбие.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2092
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2506
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2172
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1617