Жұма, 26 Сәуір 2024
Төртеу түгел болса: 3129 2 пікір 17 Маусым, 2022 сағат 14:00

Еуропа басшылары Киевке неге барды?

Киевке соғыс басталғаннан кейін алғаш рет Германия, Италия, Франция және Румыния басшылары барды. Франция мен Германия басшылары Ресейдің Украинаға жасаған агрессиясында қатаң позиция ұстанбай, үнемі келіссөзге шақырушылардың қатарында болды.

Берлин Украинаға беруге уәде еткен қару түрлерін әлі жеткізбеген, ал әуе қорғанысы мен ауыр артиллерия түрлерін жаздың соңында немесе күзде береміз дегенді айтады. Нақты уақытын айтқан емес. Бұл сарапшылардың ойынша, уақыт ұту және жеңімпаз тарапқа қарай ығысу тактикасы.

Франция Украинаға атыс қаруы мен ауыр артиллерия түрлерін жеткізген, алайда Макрон үнемі Ресей басшысы Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, «соғысты тоқтатып, келіссөз жасауға шақырушылардың» бірі болды.

Кешегі кездесу барысында тараптар Украина билігіне толық қолдау білдіретінін айтып, нақты мәлімдемелер жасауға тырысты. Зеленский өз тарапынан Мәскеуге салынуы тиіс санкциялық соққылар тізімін берді.

Мемлекет басшылары өзара мәлімдеме жасап, пресс-конференция ұйымдастырды. Зеленский Рамштайн кездесуіндегі ақпараттарға сүйене отырып, Киев жақын арада қуатты қару түрлерін алатынын және сол арқылы Ресей қолындағы аймақтарын азат ететінін айтты.

Эммануэль Макрон Украина әскеріне қуатты «Цезарь» артиллериясының алты данасын беретінін айтты. Бұған дейін Украинаға жеткізілген «Цезарь» артиллериясы соғыстағы ең қуатты қарудың біріне айналып үлгерді. Алыс қашықтыққа ату мен жылдам орын ауыстыру мүмкіндігі оны теңдессіз қаруды біріне айналдырды.

Германия басшысы Олаф Шольц болса, бұған дейінгі Германияның позициясына тоқталмай, Украина қоғамына барынша ұнамды сөздерді айтуға тырысты. Мысалы ол: «Украинаны Еуропалық Одаққа қабылдауды созбалақтамай жылдам іске асыруға тиіспіз», - дегенді айтты. Ол сонымен қатар, Молдованы да ұйымға қабылдау керек деген ойда. Германия басшысының мәліметінше, бүгінде 800 мың украин босқыны Германиядан пана тапқан.

Италияның премьері Марио Драги Киевті ЕО-ға мүше болуын ресми қолдайтынын айтты. Алдағы аптада өтетін Еуропалық Кеңесте аталмыш ұсынысты көтеріп, «Украинаға кандидат статусын беруді талап ететінін» мәлімдеді. Драгидің ойынша, соғысты жылдам аяқтау үшін дипломатиялық қадамдарға да бару керек дейді.

Еуропа лидерлерінің сапары ең алдымен Ирпень қаласынан басталған болатын. Оны Зеленский де дұрыс қадам деп бағалады.

«Енді олар орыс әлемінің шынайы келбетін көрді», - деді Зеленский. Ирпень қаласында Украина халқына геноцид жасалған болатын және Буча қырғынының бір бөлігі саналады. Қалада сау ғимарат қалмаған.

Танымал Bild басылымына Германия басшысы Олаф Шольц: «Біз тек қана қолдау көрсететінімізді білдірмей, сонымен қатар қаржылай, гуманитарлық және қару түріндегі көмекті тоқтатпайтынымызды көрсеткіміз келеді», - деді. «Украина өз азаттығы үшін күресті тоқтатпаса, біз көмек көрсетуді әсте тоқтатпаймыз», - деп өз сөзін қорытындылапты.

Алайда Шольцтің сөзін аудитория көңіліне қарай жасалған мәлімдеме деп қабылдасақ та болады. Германия басшысы Ресейге саланған санкциялар Мәскеуді есеңгіретіп тастағанын және жақын арада олар соғысқа қатысты шешімдерін өзгертетінін айтты.

Украинаға Еуропа басшыларының жасаған сапары жайында Ресей саясаткерлері де пікір білдірді. Песков: «Украинаға қару беру түкке тұрғысыз және украин халқының қайғысын созу амалы», - дейді. Песков Еуропа басшылары керісінше, Зеленскийді келіссөзге шақырып, жағдайға шынайы қарауына әсер етуі тиіс деген ойда.

Ал Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев өз туиттер парақшасына Еуропа басшыларын мазақ етіп, ұлттық намысқа тиетін мәтінде пост жазды.

«Мен оларды жеккөремін. Нағыз оңбағандар, сілімтіктер. Еуропаның құрбақа жегіштері, ливер мен макаронды сүйетіндері Киевке баруды жақсы көреді. Ал оның түк пайдасы жоқ. Тағы да ЕО-ға кіруге уәде беріп, ескі гаубицаларын беріп, поездарына отырып, үйлеріне қайтты. Тура жүз жыл бұрынғыдай. Алайда бұл Украинаны бейбітшілікке әкелетін жол емес. Сағат тілі жылжып, уақыт зырғып жатыр дегендей», - дейді Медведев.

Еуропа елдері Украинаға қару беруді жылдамдататынын айтты, ал Украина «айтылған сөздің атылған оқ екенін» ескертті.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

2 пікір