Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2172 0 пікір 20 Қараша, 2012 сағат 06:28

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IІІ

Қапас екеуміз күн райы мен Аманбектің райын бағып, сол күні жүрістен тағы тоқтап қалып едік.  Түстен кейін қосында Аманбек жоқ деген хабар бір келді де, іле-шала оған жуығырақ отырған үйден кемпір келіп мәлімдеді: қосынан мен шығысыммен Аманбек бүкшеңдеп барып, осы кемпірге жалыныпты. Қайын енесі мен қонақтарды үйіне шақырудың жөнін таба алмай, «Мағрипаны шақырып алып, екеуіңіз көмектессеңіздер!» деп, енді адам болатындығына ант етіп жалбарынған екен.

«Алдымен отын әкелмесең ол молаңа қуалаған ит те кірмейді!» деп кемпір ұрсып-ұрсып алыпты да, «бүгінше көмектесуге» ұлын қосып беріпті. Осыны айта келген кемпірге мен жөн үйретіп қайтардым.

Күн екінтіге таман еңкейгенде бір арқа ғана тырбық жыңғыл теңдеген өгізді құм боранда бүкшеңдей жетектеп келе жатқан Аманбек көрінді. Көмектесуші жігітті бір ауылдан қой сұратып жіберіпті. Кеңесші кемпірдің ақыраңдап тұрып, өзіне от жаққызғаны да естілді.

Сол кеште Аманбек ауыл ақсақалдары мен үш кемпірді ғана шақырды қосына. Мағрипаны шешесінен айырып, Аманбектің жұмысына салуды мен шектеп қойғанмын. Мұндай малға айналып кеткен адамды қайтадан үйлі-баранды адамға айналдыру үшін алдымен ата-ананың, бала-шағаның қадір-қымбатын таныту қажет екендігін айтқанмын.

IІІ

Қапас екеуміз күн райы мен Аманбектің райын бағып, сол күні жүрістен тағы тоқтап қалып едік.  Түстен кейін қосында Аманбек жоқ деген хабар бір келді де, іле-шала оған жуығырақ отырған үйден кемпір келіп мәлімдеді: қосынан мен шығысыммен Аманбек бүкшеңдеп барып, осы кемпірге жалыныпты. Қайын енесі мен қонақтарды үйіне шақырудың жөнін таба алмай, «Мағрипаны шақырып алып, екеуіңіз көмектессеңіздер!» деп, енді адам болатындығына ант етіп жалбарынған екен.

«Алдымен отын әкелмесең ол молаңа қуалаған ит те кірмейді!» деп кемпір ұрсып-ұрсып алыпты да, «бүгінше көмектесуге» ұлын қосып беріпті. Осыны айта келген кемпірге мен жөн үйретіп қайтардым.

Күн екінтіге таман еңкейгенде бір арқа ғана тырбық жыңғыл теңдеген өгізді құм боранда бүкшеңдей жетектеп келе жатқан Аманбек көрінді. Көмектесуші жігітті бір ауылдан қой сұратып жіберіпті. Кеңесші кемпірдің ақыраңдап тұрып, өзіне от жаққызғаны да естілді.

Сол кеште Аманбек ауыл ақсақалдары мен үш кемпірді ғана шақырды қосына. Мағрипаны шешесінен айырып, Аманбектің жұмысына салуды мен шектеп қойғанмын. Мұндай малға айналып кеткен адамды қайтадан үйлі-баранды адамға айналдыру үшін алдымен ата-ананың, бала-шағаның қадір-қымбатын таныту қажет екендігін айтқанмын.

Әтірет бастығы сол қостан ел жатарда әрең қайтты, күліп қайтты. Кеңесші болған кемпір менің айтқанымды екі етпей орындап, кешегі таяқтан мүкшиіп қалған Аманбекті өзінің Уаң қожайынынша жорғалатқан екен. Отты өзі жағып, қонақтарына шайды өзі құйып, жалбарынып бәріне де жылай отырып ант беріп, кешірім сұрапты. «Мағрипадай жап-жас қызымыздың бағасын жеткіземіз деп сөйлесіп отырып, өз кемпірлеріміздің өзімізге қаншалық қымбат зат екендігін, өзіміз осы талқыда ғана толық түсініп қайттық!» деп күлді әтірет бастығы. Мағрипа мен шешесі терең күрсініп қана жымиысты маған қарап. Біздің ертең де еру болатындығымызды білген соң ұйықтау үшін балаларын көтеріп есепшінің үйіне кетті.

Ертеңіне таңертең күн көтеріле оянып түрегелдік. Сыртқа шығып қарасақ, Аманбектің жалғыз адамдық қана суық абақтысы жығылып, бергі үйге іргелесе төрт қанатты бүп-бүтін киіз үй тігіліпті. Әр үйден, тіпті басқа ауылдардан да жылу жиылып, киіз, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ жағынан да көмек келіп жатқаны байқалды. Бұрынғы селтиген сері арақкештің өзі жыртық тон-шалбар киіп алған екен. Бүкшеңдеп-шойқаңдап, үш-төрт өгізге тоқым салып, ашамай ерттеп жүр. Отынға бармақ сияқты. Біз ол жаққа көз қиығымен ғана қарап қойып, дүзге барып қайттық. Аманбектің жылап-еңіреп берген антына қарай көпшіліктің де жібіп, елдік қамқорлыққа кірісіп жатқанын Ақатай айтты. Жылу әкелген әр жігіт бір зекіріп, «мұнан соң бұрынғы әдетін тастамаса» көресіні өзінен көретінін ескертеді екен.

«Қыр да жой» жендеттікті ғана біліп келген мәңгүрттің өгіз тоқымдағанын тексеріп, түртіп көрсетіп жүрген қарттың таяғына күле қарасып біраз тұрдық та, үйге кірдік.

Әтірет есепшісінің үйіне түнеп шыққан Мағрипа мен шешесі қайтып келіпті. Жүздеріне қан жүгіріп, естерін жиып қалған екен. Үлкен жиенін алдына алып, еркелете сылағыштаб отырған мұғалім ана үй иесі бәйбішеге «ел іші - алтын бесік» деген тақырыпта шешіле сөйлеп, разылық айтып отырған үстіне кірдік. Тозаңдай тозып жоғалған Мұратбек марқұм үйелменінің тірі қалған жұрнақтары бас қосатын баспана құралып жатыр ғой!

Отыннан күн еңкейе қайтқан Аманбектің келе сала бүкшеңдей жорғалап барып, Ақатайды мектеп жолынан тосып тұрғаны естіліп еді. Мұғалім оған қарамай, тоқтамай өтіп кеткен соң соңынан қиралаңдап барып үйіне кіріпті. Босағасына жүгініп отыра қалып, «інісіне» көптен айыпты екендігін еңкілдей айтып, бас қойған екен. Ақатай жауапсыз-үнсіз қайтарыпты.

Ол қайтып, біраз уақыт өткен соң ауыл қарты да сонда барып, Ақатай мен әйелін өз үйіне бастап әкетті. Іле-шала кемпірі шығып, шешесі мен Мағрипаны да үйіне шақыра келді. Ауылдың ең үлкені басалқа болып, алдымен өзара келістіріп, татуластыру үшін шақырғанын, Аманбекті аяқтарына жықпақ екендігін білдік.

«Шешеме құрмет етпейтін күйеуді мен де танымауға ақылымын» деп көпшілік алдына Мағрипаның тартынбай шарт қоюын ескертіп қойғанмын. Сол бойынша қабақ астымен ымдап шығардым.

- «Күштінің құйрығы тиірмен тартып» отыр деші! - деп Қапас күлді маған. Әтірет бастығы қарқылдап күлді де, мен бастыққа өз жөнімді түсіндірдім:

- Аманбектің ең түпкі мақсаты, мені қолға келтіру ғана. Енесін үйіне шақырып алған соң, мінеки үй болдық, татуластық, көріп разы болыңыз демекші де, мен кеткен соң бұрынғы әуеніне қайта баспақ! Мұның ауруы оңайлықпен жазылмайтын ауру. Сондықтан бұл шақыруына мен бармай, қорқынышын жүрегіне матап, отарлап кетемін. Сол үйдің үй болуы үшін қажетті шарттарды сіз өзіңіз барып қойыңыз да, мұнан соңғы бақылау міндетін Ақатай мен өзіңіз өтейтіндігіңізді мықтап ұқтырыңыз. Аманбекке қойылатын ең үлкен шарт, зорланып келген ақылды Мағрипаға енді қабақ шытпайды, оған сөзсіз бағынады!

Қария өз үйінде Аманбекті шешесі мен Мағрипаның, онан соң Ақатайдың аяғына жығыпты да, «бір жолға ғана кешіріңдер, егер осы анттарын толық орындамайтын болса, айтқандарыңа көнбей арағын ішіп алып, бұрынғы әуеніне басатындай болса, сонан соң көрелік, қазірше бір сеніп байқаңдар!» деп Мағрипа мен шешесін Аманбекке қосып қайтарыпты.

Айтқанымыздай-ақ, кеш түсе Қапас екеумізбен ауыл бастықтарын Аманбектің өзі шойрыла келіп шақырды үйіне. Мен, мұндай асқан қылмыскердің үйінен, мәселелері бір жақтылы болмай дәм татпайтындығымды айтып тойтардым. «Уаң шужи екеуіңнің үстілеріңнен тексеру жүргізіледі. Тағдырыңды осы ауыл белгілейтін болады, ұғып қой! Мен сол қызметпен келіп, иә, телефонда сұрап, ахуал иелеп тұрамын. Есіңе және бір сақтайтын мәселе, Мағрипада титтей мәселе де, қалпақ та жоқ. Ол, сен түгіл менен де қорықпайды мұнан соң! Ал, оның әкесі мен шешесі жақын уақытта ағарады. Ол екеуіне артылған қылмыстың түгел жала екендігі дәлелденіп жатыр! Құйрығыңды енді мықтап қыспасаң, ажал сол қуысыңнан кіретін болады! Бар, жоғал! Қылмысыңды жеңілдету жөнінде өз ауыл адамдарыңмен сөйлес!»

Аманбек әтірет бастығына иіле қарап ымдап, шойқаңдай зытты. Оның үйіне артынан барған әтірет бастығы ел ұйқыға кеткенде күле қайтты: Қойға ауыл қариясы бата істеп, сол қойдың қанына Аманбек өздігінен қолын малып қайталап ант еткен екен. Мағрипаға бағынып, «мұнан соң Мағрипаштың пікірі бойынша ғана жүретіндігін» бірінші шарт етіп қойыпты өзіне. Ауыл иелері осы анттың орындалуы жөнінде үй ішіндегі ең ұсақ-түйек жұмысқа дейін тәптіштеп сөйлеп, мәңгүрт миына құйып бергендей, Мағрипаның шешесін разы етіп, өздері де разылықпен дастарқанға жақсы тілеу тілеп қайтыпты.

Әтірет бастығы өзінің де бүйірінен қадалған дерттен құтылғандай маған бар алғысын айтып, мол жол азығы мен жол бастайтын аңшыға қосып, таң көріне аттандырды бізді. Шешесі мен Мағрипа да шығып, маған сәтті жол тілеп, қоштасып-жыласып айырылысты.

Құм бораны тоқтаса да, ызғырығы тоқтамай, қарсы алдымыздан кейде ырылдап, кейде ырсиып қана өткізе берді. Ойпаң-жықпылдардан басқа жерде қар қалмапты. Құмы таяз, татыраңдау жазаңда жеделдетіп, желе жортқанымызда, жел әлі де арсылдай тосады алдымыздан. Соқпақ жолдар борасыннан өшіп, көшпелі құммен басылып қалған. Бізге адам баласы да, аң да басып көрмегендей біркелкі таңдай құм мен жолбарыс қапталды тарғыл белдер ғана көрінеді. Жол бастаушымыздың соңынан атымызға кейде құм омбылатып, кейде шашалатып ілесе бердік. Бұлыңғыр аспан күні кешке дейін бұлдырап, әрең көрініп барып, көкжиекке еңкейгенде жел тақырлап кеткен, тықыр жусанды, тырбық бұталы алаңқы тауып, ат жайылымы үшін сонда түстік. Маңындағы төбе-төмпешіктерде отындық жыңғыл мол екен. Жол бастаушының құдық бар еді деген мөлшерлі ойпаңынан құм аралас үрдесін қар ғана табылды. Аңшы бақырына ертіп, тұндырып, қайнатып, тамақтандық та сонда түнедік. Бұл маңда ауыл жоқ екендігін естігенбіз.

Ертеңіне ертерек жүріп, түс уақытында жол бастаушымыз құм шетіне ілінгендігімізді айтты. Бір биік құм шоқының үстіне шығарып, маңайымызды түгел көрсетті. Күнбатыс жақ қарсы алдымыздан шоқы-шоқы құм төмпешіктер мен бұталы борбас көрінеді екен. Соған қарап құм шеті аталғаны болмаса, оң-сол жақтарымыз көз жетер жерге дейін құла тарғыл құм. Жолбастаушы аңшы алдымен Жайыр тауының «бас жақ тұсы» деп боз борбасты нұсқап көрсетіп, Қарамайдың желке жағынан өтетіндігімізді айтты да, «Қобық тұсы» деп батыс-солтүстік жақты, әлі де тұтас белең-белең құмды көрсетті. Құм шетіне бұл жақтан әлі де бір күндік жол барын айтты. Бүгінгі қоналқылық ауылымыз, Қобық тұсы делініп таяудан көрініп тұрған құм адырдың бергі бауырында екен.

Жол бастаушымыз сол жерден қолдасып қоштасып, кейін қайтты да, біз оған алғысымызды айтып, құм адыр жаққа тарттық. Бұл жақта атын атап іздейтіндей «көздеген ауылымыз» болмағанымен, үкіметтің тектеп-тергеуінен шалғай, бейғам ауылдар деп естігенбіз. Екеуміз де «Сауан ауданынан шыққан», таныстырулары мықты «мал іздеушілерміз» ғой.

Бір шұқанаққа тығылып, жиы тігілген төрт киіз үйдің әрқайсысы өз есіктерінің алдынан ғана жер қазып, үстін березентпен, туырлықпен күркелеген тошалалары бар екен. Ортадағы үлкенірегіне келіп түстік. Жөнімізді жолқағазымыз бойынша ғана баяндап, сирек сары мұртты үй иесінен «жоғалған» бір үйір жылқымыздың түс-түгін айтып сұрадық. Амандасып жөн сұрай кірген ұзын бойлы жылқышы қара жігіт те көрмепті ондай саяқ жылқыны. Ұры-қарақшының бұл жақта тіпті көбейіп кеткенін айтты.

Аттарымыз суығандықтарын білдіріп тықыршығанда өзіміз шығып, ер-тоқымдарын алдық та, құдықтан суғарып әкеліп, атдорбалары мен өзіміз бөктеріп жүрген жемнен ілдік. Мұндай таңдаулы аттарға ұры-қары көптен де көп болса керек қой. Жайылымға шығармай, кісендеп қойып кірдік үйге. Шағын ғана қонағасыдан соң жатудан басқа жұмыс та, әңгіме де жоқ еді. Шөл сахараның құбылмалы ауасы енді күншығыс жақтан құйындатты. Қапас шығып аттарды үйдің ық жағына байлап кірді. Қатты ұйықтаппыз.

Таңға жақын аттандап келген екі дауыс оятты. Желкеміздегі құм адырдың сырт жағында тағы да үш-төрт үйлі ауыл бар екен. Көп қарақшы түн ортасында келіп, адамдарын қамап қойыпты да, жылтырар үй жиһаздарын, тошалаларындағы ет пен астықтарын, өгіз-сиырларына дейін түгел тонап кетіпті. Хабаршылардың қамаудан есік бұзып шығып, жылқы күзетінен көлік алып мініп жеткендері осы екен. «Қобық жаққа әкетті, ағатайлар, көмектесіңдер!», «Жиылып, іздерін өшірмей қуып жетіп қайтармасақ, аштан қырылатын болдық!» деседі. Мал күзетшілері мен жасақтарына түгел хабарлауға жүгірісті ауыл адамдары.

Қапас екеуміз де шығып, ат ерттедік.

- Жау Қобық жаққа кетсе, Қапия да құмның осы тұсында, жақын. Осы қуғыншылармен бірге жүріп кетейін. Сіздің жолыңыз тым алыс. Қарақшы іздеспей-ақ, осы бетіңізбен кете беріңіз! - деп Қапас мені алдымен жөнелтпек болды. Алтыатарымды беріп кетпек болып едім, алмады. - Ендігі жолыма мына қайың сойыл-ақ жеткізеді. Сіздің жолыңызда талай машақат бар!

- Олай болса, көп қарақшы мына ауыл қуғыншыларына мылтықсыз бой бере қоймас, бірге барып қайтайын! - деп қуғынға бірге шықтым.

Жау шапқан ауылға біз жеткенде таң ағарып, із көрінетін болып қалып еді. Бірақ, шығыс бораны әлі ұлып тұр. Малшылар әтіретінің бастығы екі-үш жасағын ертіп, Қарамай сақшысына кетіпті. Маңындағы екі-үш ауылдан жиналған азаматтарға қосылып, із қуа жөнелдік. Алғашында тонаушылардың ұлы құмға кіргені анық еді. Іздері бораннан өшкіндеп барып, мүлде жоғалды. Енді шеп жая іздедік. Із тастап алдап кетер деген пікір бойынша құм шетіне - күнбатысқа қарай жарым-жартысы бөліне жайылды. Шебіміз сирей берді. Біраздан соң жақын қатарлас келе жатқан Қапас екеумізден басқасының қарасы көрінбей, боран шаңытына сіңіп, алыстап кетті. Буалдыр түтек Қапасты да біраз уақыт көрсетпей кетіп еді. Менің алдымнан бір ғана жаяу адамның жаңа ізі табылып, соны қуа бердім. Қарақшылардың көбі жаяу деп естігенбіз. Сойылын тақымына қысқан Қапас қайта көрініп, маған қарай ойысып келеді екен. Оның да қуып келе жатқан бір ізі бар сияқты. Қапас қайта алыстап, тағы да көрінбей кетті де, бір белеңнен асқан соң маған қарай төтелеп келіп жақындасты. Осы екі жаяудың да бірдеме іздеп жүргендер екендігі байқалды. Қатарласа жүріп біраз ақылдасып алғандай, тіке қайтадан алыстады екі із. Екеуміз де сол іздерден айырылмай қудық. Қапас тағы бір құм белеңнен асып көрінбей кетіп еді. Мен қуған іздің иесі қараңдап көрінді алдымнан. Ол да мені көре салып, тұра қашты. Атымды қамшылап жіберіп, жете бергенімде, жаналқымға келгендей шырылдап қашып еді. «Тоқта!» деп зекіргенімде екпетінен құлады. Сұрауымды да, әмірімді де тыңдамай, үн қатпай жатып алды.

Алтыатарды қолыма ала түстім аттан. Кигені ыңғай құмды сұр тері бешпет-шалбар мен ұзын қонышты тері байпақ, қалыңырақ теріден шақай тартып алыпты. Бауын мықтап байлаған бір түрлі бас киімі де тері. Бәрі де қара құйрық, елік терісі. Бір жағына аунатып түсіріп едім, тағы да шыр қақты. Жүзін қолымен басып алды да тағы да бүк түсті. Дауысы тым жіңішке, қап-қара, түксіз көсе адам екен. Мүйіз сапты ұзын пышағын қайыс белдігіндегі қыннан суырып алып өз қонышыма тықтым да, тиіспейтіндігімді ханзуша да, қазақша да, ұйғырша да айтып, жөн сұрадым. Жауап берер емес. Тағы да шалқалаттым да, жіңішке ғана екі білегін екі тіземмен басып, бас киімінің бауын шештім. Елік терісінен күлапараға ұқсатып, көктей салған бас киімін басынан жұлып алып едім. Тағы да шыр ете түскенде тұқыл тілінің түп жағы бұлтыңдай қалғанын көріп, өзім де шырқырап жібере жаздадым. Кесілген тіл!... Өте олақ қырықтықпен қырқылған бурыл шашы жаңа қырқылған қой жүніндей білеу-білеу. Нәзіктеу жүзіне тексере қарағанымда құлағының сырғалығынан тесік көрінді. Кәдімгідей сырға тағылған тесік. Үстінен ыршып түрегелдім. Әйел екен, қазақ әйел!... Қолынан көтеріп тұрғызып, жерден бас киімін алып бере еңкілдедім өзім.

- Тілің кесілген екен-ау, қарындас! Білмеппін, білмеппін, кешір!

Шаң топырақ басып әрең жылтыраған көзін маған аса суық қадап, қарай қалды. Әскери сары пальто-ішігіме, сары тісті әскери малақайыма қарайды.

- Қорықпа, қарындас, мен де өзің сияқты қашқынмын! - Жөнімді айта тұрып, жанқалтамдағы мылтықты қолтығымдағы қабына салмақ болып жұлып алғанымда шыр ете түсті де тұра қашты. Елікше ыршып, ұзын бұтымен лезде талай жерге кетіп болды. Атпен қуып жетіп, боран дүрілінен асыра, қатты дауыспен сөйлей ердім соңынан.

- Қашпа, қарындас, қашпа менен! Мен де өзіңдей қашқынмын! Ұсталып қалмауым үшін ғана киген киімім, саған суық көрінді! Мылтықты қарақшы қытайдан тартып алғанмын. Жүгірме деймін, бекер шаршама, қашып құтыла алмайсың! Сенен жөн сұрамақшы едім, сөйлей алмайды екенсің, енді өз жөніме кетемін. Жатқан ауылымды тонап қашқан қытайды іздеп шыққан көп адамбыз. Бәрі қазақ, алдыңда да солар бар. Олардан қорықпа!

Қарсы қарап тұра қалды әйел. Менің сөзімді ұғып келеді екен. Сендіре түсу үшін қонышыма тыққан пышағын алып, алдына тастай салдым. Бас салды да жалма-жан қынына тықты. Шөлдегенімді айтып, суды өзінің қайдан тауып ішетіндігін сұрап едім, солтүстік жақты нұсқады да, өзі оңтүстік жаққа бет алып жүре берді. Мен оның нұсқаған жағына беттеп жүрген болдым да, ол қырқадан асып кетісімен қайта бұрылып келіп, асқан қырқасынан баспалап қарадым. Әйел артына жалтақтай қарап, біраз жүрді де, келген жағымызға қайта бұрылып зыта жөнелді. Өзінің қатты шөлдегені белгілі еді. Сусындайтын мекеніне тез жетуге асыққанын тұспалдадым да, сол қырқаны далдалай желіп барып, тағы да баспаладым. Әйел менің өз тұсына келіп тұрғанымды білмей, менен айырылысқан тұсқа біраз қарап тұрды да, алдындағы бір құм төбені айлана жөнелді. Мен қырқадан аса жортып барып, сол құм төбеден баспалап едім, көрінбеді. Атқа қайта мініп, ізіне түстім.

Құм төбені ол өз ізін жасыру үшін айланыпты: айлана бере ыршып барып тықыр керіш қыратпен жөнеліпті. Ізі табылмады. Соңғы ізіне қарағанда беталысы батыс-солтүстік. Демек, бұл мылқаудың түлкіден де сұм болғаны ғой. Бұл жақ, бір сыпыра жерге дейін жазық дала болып көрінді. Атымды бір жыңғыл түбіне байлай сала ыршып барып, құм төбеге шыға құладым. Осы жазықтан шыққанынша қарасы бір көрінуге тиісті ғой. Өзі тұла бойымен таңдандыратын сыр. Ал, осы құмдағы бар сырды білетіндей аса құпия сыр болып сезілді. Қапастың қайда кеткенін де білмей қалдым.

Алдымдағы жазықтан көз алмай жарым сағаттай жатыппын. Үстіндегі құмдай қуқыл терімен сәл алыстаса, көрінбей кететіні белгілі еді. Сол керіш жазықтың орта шенінен бірдеме қылтыңдап көрінгендей болды да, көзімді сығымдап жіберіп қайта үңілгенімше жоғалды. Ол да жата қалып, маңайын шолған екен. Өзіне қауіпті еш нәрсе көрінбеген соң тік түрегелді жатқан жерінен. Бір-екі қадам ғана жүріп, қайтадан ғайып болды. Сол жерде тік шұңқыр бар сияқты. Төбеден түсіп барып, атқа міндім де төтелей шаптым солай қарай.

Батыс-оңтүстікке қарай сәл созылып барып, құмды жазыққа айналып кететін, ені тар ғана терең жыра екен. Жыңғылды, шөптесінді жыра. Маңайы жап-жазық керіш. Сол жыраның тұйық құлама басына тап болыппын. Бағана әйелді алғаш қуалаған тұсыма жақын екен. Әйел бұл орынның құпиялығын сақтау үшін мұнда бұрылмай, беталдындағы қалың құммен қаша беріпті. Жардың бір кетігінен атты жетектеп түстім.

Жырамен құлдап әйелдің ізін таппақ болып біраз жылжып едім. Сыбдырынан да ешқандай дерек табылмады. Майсалы соны шөптің із түсіп жапырылған жері жоқ. Тұрып қалдым. Жанмылтығымды жеңіме жасырып, жан-жағыма қарай бердім. Иісшіл қара қасқаның дүр сілкініп алып, ауыздығын шайғылауынан бұл жырада құдық бары сезілді. Жыңғыл томарына атты байлай салып, алдымен ат маңайынан далда қалдырмай аралап тексеріп шықтым. Жабайы болып кеткен әйелдің сыртымнан шыға келіп пышағын сап еткізуінен сескене қараймын арт жағыма. Шөлдеген ат оқыранып, шылбырын төмен қарай тарта берді. Мен әйелді алдымен тауып, тездетіп құралсыздандыруға асықтым.

Жыраның оң жақ іргесін қайталап тексергенімде тұйықтан он бес метрдей ғана төмен өскен маржыңғылдың ірге жақ далдасынан еңбектеген адам сипатындай ғана елеусіз үңгір табылды. Сыбдырсыз барып, атымды кісендеп шөпке қойып қайта келдім. Үңгірге бас сұғып қарасам, қап-қараңғы, ештеңе көрінер емес. Апанының бір жақ бүйірінен аңдып тұрып пышақ салса біткенім. Қайда тұрғанын анықтау үшін тың тыңдап біраз жаттым. Қараңғыға көзім үйрене келе түп жағынан әлсіз бір сәуле жылтырады. Недәуір терең үңгір сияқты. Ауыз жағының ғана тарлығы болмаса, еңкейіп, аяқпен жүруге келетіні байқалды. Оның мылтықтан қаншалық қорқатындығын білгенім бойынша мылтық кезеніп, аса сақтықпен ішкерілеп барғанымда қабырғадағы таушада жанып тұрған майшырағы көрінді. Бірақ, иесінің қайда екендігі белгісіз. «Қарындас қорықпа, қас қылсам ант атсын!» деп дыбыс бере ілгеріледім. Шырақ астындағы сәкіден бері есік тәріздес үш ойық бары көрінді. Соның төменгісінен «қарындасымның» тері күлапаралы басы қылт еті түсті. Мені аңдып тұр екен. Пышағы қолында, қалтырап үнсіз жылап тұрғандай. Жүгініп отыра қалып тағы айттым қас қылмайтындығымды. Үн жоқ.

Ең түпке көлденеңнен текшелеп жасалған керіш сәкіге аң терілерін қабаттап төсеп қойыпты. Жатын орны сол сияқты. Жерге қоя салған құлуы мен сапты аяғы да көрінді. Түрегеп барып құлуынан сол аяққа су құйып іштім де, алдына қайта келіп малдас құра отырдым. Қанша ымдасам да отырмады. Пышағын дір қақтырып, мені есіп жіберуге ыңғайлап қымтап ұстады да тұрды. Батылы сәл жетіңкіремей тұрғаны байқалды. Малақайымды басымнан алып, ішігімді шешіп тастай отырып сөйледім.

- Қарындас, сен өзімнің қазағымның қызысың. Мен елу сегізінші жылдан бері «қазақ ұлтшылы», «кері төңкерісші», «оңшы» аталып, Үрімжіден сонау Такламакан шөліне айдалып кеткенмін. Адам баласы көрмес деген қорлықтың бәрін көріп, үшінші рет қашып шыққаным осы. Үрімжідегі әйелім мен жалғыз ұлым жоғалып, енді сол екеуін іздеп Жайыр тауына кетіп барамын. Бүгін қонған ауылымның қасындағы бір ауылды көп қарақшы келіп тонап кеткен екен. Ізі осы құмға келіп кірді де жоғалды. Ауылдың көп адамымен бірге із қуып, осында келгенімде жалғыз сенің ізің ғана табылды. Ауылдың қуғыншылары шеп жайып тарап кеткен. Сенімен қатар келе жатқан бір ізге менің жолдасым түсіп қуып кетіп еді. Одан да айырылып, сені тауып отырмын. Мақсатым, ауыл тонаған сол қарақшыларды табу үшін сенен жөн сұрап қана кетпекпін! -дедім де төсқалтамнан қағаз бен қалам алып, алдына қойдым. -Сөйлей алмайды екенсің, мынаған жаз, бүгін таңертең алыстан болса да көрген адамдарың болса, солардың қай жаққа беталғанын жаз!

Бірдеме дегісі келген әйел шүлдірлеп қалды да, маңдайын бір нұқып, қолын шайқады. Хат білмеймін дегені сияқты. Сонан соң көзін көрсетіп, төңіректі ишаралаған қолын тағы шайқады. Бұл маңнан ондай адам көрмедім дегенін түсіндім. Бұл жауабы, ақылының сап-сау екендігін білдірсе де, өштескен рақымсыз көзі маған әлі қадалып тұр. Адамзатқа сенуден қалған әйел екендігі байқалады.

- Мына мылтық үкіметтікі емес, өзімді анау тауда өлтірмек болған қарақшы қытайдан тартып алғанмын! - дей сала бешпетімнің қолтығынан суырып алғанымда тағы да шыр ете түсті. Кілттеулі қалпында алдына тастай салдым. - Егер керек болса сен ал, аң атып жеуіңе керек! - Әйел жалт-жұлт қарады менің жүзіме. - Сенің мені атпайтындығыңа сенемін, қарындас. Мына оқ қалтасын да сен ал! - Беліме байланған оқ белдікті де ағытып алып, алдына тастадым. - Жүз оқ бар.

Әйелдің қиықша қара көзіндегі өштіктің ызғары сонда да қайтар емес. Қолындағы пышағы әлі де қалтырап тұрғанына таңдана қарадым. Бір түрлі ащы үнмен шүлдір қақты да мылтық пен оқ белдікті аяғымен өз алдыма серпіп-серпіп тастады. Қолымен үңгір аузын нұсқады сонсоң. Кет дегені еді. Үнсіз қарасып қалдық бір-бірімізге.

Бұл әйелден сыр білудің мүмкіндігі жоқтығын түсініп, торыға түрегелдім орнымнан. Сынау үшін киімді де қаруымды да алмай, сыртқа беттедім. Шүлдірлеп киімім мен қаруымды серпи берді аяғымен. «Алып кет» дейді. Үңгірден шығып барып, атымды жетектей жөнелдім құдық жаққа. Артымнан шығып қарай қалды да сып етіп апанына қайта кіріп кетті. Күн екінтіге ауып қалған екен. Құм боран әлі гулеп тұр.

Әйел енді мылтықты алып шығып атар ма екен дегендей күдікпен жалтақтап бара жатыр едім. Үңгір аузынан бірдеме салдыр ете түсті. Жуан ағаш астау мен бақыр лақтырыпты. Құдықтан ат суғаруға менен көрі ақылдырақ болғаны ғой. Қайта келіп, ыдыстарын алып қайттым.

Еңкейгенде қол жететіндей ғана таяз құдық екен. Шөлдеп қалған қарақасқа осқыра тұрып бес астау су ішті. Апан аузына әкеліп, ер-тоқымын алып кісендеп қоя бердім де, бөктеріншегімдегі азық қоржыны мен ат жемін алып, апанға қайта кірдім. Мен жоқта мылтық атуды үйренсе, осы келе жатқанымда атар-ақ деген сезіммен түйіліп, сақтана кіріп едім. Жатын тұрағын адамзаттан жасырғысы келсе, мені өлтіруі қажет болмай ма! Келіп қарасам, мылтығыма да, киіміме де қол тигізбегендей, теуіп тасталған орынында қалыпты. Әйелдің өзі жоқ. Төсек сәкісінің ауыз жағынан жандаса қазылған үш үңгірге де кіріп қарадым. Сәкіге таяу бірінші үңгірге ет қойыпты. Басқа ештеңе көрінбеді. Одан үш метрдей ғана төмен екінші үңгірде отын бар екен. Үшінші үңгір бос. От жаққан ешқандай белгі жоқ. Ауа алмастыру үшін ғана болса керек, әр үңгірдің төрінде тышқан ініндей ғана тесіктер барын көрдім. Әйелдің үңгір аузынан шығып кетпегені анық сияқты еді. Екінші кілеттегі отынды қайта барып ақтарып, ештеңе таба алмай, ет қоймасына кірдім. Іргеге бөлек-бөлек жайылған аң еттерін астыларына төселген терілерімен көтеріп, бір-бірден қарап жүрсем, төр бұрыштың біріне жайылған еттің астында тағы бір үңгір аузы бар екен. Үш-төрт тал жыңғылды айқастырып, теріні соның үстіне жайыпты. Еңбектеп кіре жөнелдім. Аузы жер астына қарай қазылған бұл үңгір сатылап жоғарыға қарай қайта көтеріле берді. Артқы құпия есігі осында болғаны ғой, шығып кеткен екен-ау деп асыға еңбектеп едім, кеңи қалды. Бір баспалдақтан шығып басымды көтеріп алдым. Әйел дәл алдымда ет жеп отыр екен. Төбесінен саңылауы бар, жарық түсетін үйшік. Жалт қарап, ыршып тұрды әйел. Пышағын қымти ұстады. Сұрлана қалды өңі. Қыдырыстанып-қисайып кеткен қызғылт көзі аса суық қадалып, атылуға оқталған ашулы тағыдай рай көрсетті де, қолындағы қақталған етті қарсылдата асады. Сөйте тұра корридордың кеңіген бұрышына үйілген ағаш көміріне бір қарап қойды. Тамақ жеп алып қашпақ болып келген артқы жолы осында екендігін тұспалдадым.

- Асықпай тамақтан, қарындас, үйіңе қонақ келгенде қашпа, ұят болады! - дедім де алдындағы дастарқандық терісінен бір турам ет алып, дәмін таттым. Сәл шала қақталғаны болмаса, аңның бабында тұздалған, дәмді еті! Әйел ар жақ бүйіріндегі керіш қуысына еңкейіп қол салып, еттің бір кесегін суырып алды да ұстата салды қолыма. Мұнысы ыстық ет екен. Жұмсақтығынан жас ет екені де байқалды. «Кет» дегендей, кірген жағымды тағы да нұсқады сонсоң. Ет алған керіш қуысы - ағаш көмірімен қызатын, моржасыз ошақ көрінеді. Ет қақтап қойып, көбінше сонымен тамақтанса керек.

Осы «ас үйінен» жер үстіне шығуға, жаңағыдай сатылы үңгірмен енді көп болғанда екі метрдей ғана өрлеуі мүмкін. Ол үңгірдің аузы үйілген ағаш көмірінің астында екендігі, бұл қуыстың басқа ыңғайлы жері жоқтығынан да анықталды.

- Осыншалық күрделі пананы жалғыз өзің жасадың ба, қарындас?.. Жоқ, басқа аса мықты ұста серігің бар сияқты  ғой? - дегенімде әйел тіпті уыттана қарады маған. Сол мықты серігінің ізіне түсіп кеткен Қапас жазым болды ма екен деген оймен қауіптене қалдым. Үюлі көмірді аяғыммен сиырып-сиырып жіберіп едім. Тері жабылған үңгір аузы көріне қалды.

Әйелдің көзі шоқтай шашырады маған қарап, пышағын көтере оқтап, басымды көздей сермеп қалғанында шап беріп білезіктігінен ұстай алдым. Шырылдағанына қарамай пышағын алдым да қонышыма тағы тықтым.

- Жүр, төмен түс! Айтқан антым-ант, саған қастық істемеймін! Жалғыз-ақ серігіңнің қайда екендігін, уақыт алмай айтып берсең болғаны! Оған да тиіспеймін, жөн сұраймын!

Төмендегі жатын орнына қарай еңкейіп-бүгіліп, үнсіз түсті де, ет қоймасынан сәкісіне келіп отыра кетті.

- Қарындас, сен тіпті де жалғыз емессің, мынадай керіштен ойып жасалған керемет баспананы жалғыз өзің жасаған емессің! Шебер де асқан қайратты серігің бар. Ізін қуып барған менің жалғыз жолдасымды өлтіріп кетті ме екен? Маған соның орынын тауып беріп қайт!

Әйел «ол өлтіре алмайды. Жүрегі жұмсақ, жақсы шал, өзі ұсталса осында ертіп келеді!» дегенін ишаралап ұқтырды.

Мен барып киімімді кидім де азық салған қоржынымды әкеліп, теріге ет пен бауырсақ төктім.

- Же, жей ғой, ауыл тамағын қаншалық сағынғаныңды түсінемін. Осы құмдағы Сауан ауданына қарасты бір ауылдың пысырып берген жол азығы, - дегенімде үңіле қарады да бір бауырсақ алып аузына сала түрегелді. Үнсіз егіле жылады сонсоң. Тері бешпетінің етегінен тартып отырғыза сөйледім. - Түсінемін, қарындас, жас-шағыңдағы өз үйіңнің, ата-анаңның пысыратын тағамы есіңе түсіп жыладың! Такламакан құмында жүргенімде осы тағамдарды ойлап, мен де талай жылағанмын!..

Осы сөзге келгенімде менің де көзімнен жас парлап, сөйлей алмай қалып едім. Уытты көзінің қиығымен ғана қарап қойып, семіз жамбасты қолына алды да, аузын толтыра жұлып алып, жей отырып жылады. Бұл қылығына мен солқылдап жібердім де, құлудан сапты аяғына су құйып, алдына қойдым.

Үңгірдің ауыз жағынан сыбдыр естілді. Қолтығымдағы мылтықты жұлып алып едім, әйел тағы да шыр ете түсті де, ыршып тұрды орнынан. Тон етегінен ұстай алып, ымдап күштеп әрең отырғыздым. Екі адамның аяқ дыбысы жақындап келіп тоқтады. «Келіңдер!» деген дауысыма Қапас күліп жіберіп шыға келді. Дәл осы әйелдің киіміндей ыңғай жеңіл тері киінген ақсақалды шалды итермелеп әкелді. Құрысып айқыш-ұйқыш әжім басқан жүзін бүлкілдете сәлем берді шал. Әйел оған жалтақтай қарады да, жеңімен де, қолымен де жүзін сүртіп жымиып, жылыұшырай қалды. Шалдың тізесі қалтырап тұрғанын байқаған Қапас сөйледі оған:

- Қорықпаңыз, үлкен кісі, бағана айтқанмын ғой, менің сапарласым, Биғабіл деген кісі осы. Қашқындығын сыртынан байқатпау үшін осылай әскери түстес киінген.

Қапастың дауысын алғаш естігенімнен-ақ мылтықты жанқалтама салып үлгергенмін.

- Отырыңыз, отырыңыз! Мына ауыл тағамынан жей отырп сөйлеселік! Бір-бірімізге қас қылсақ, осы дәм атсын, қорғанбаңыз! - дедім.

- Су, су! - деді шал, әйелге қарап, бір тізерлеп отыра қалды. Әйел тез түрегеліп, шалдың сыртынан өте шықты да сапты аяқты толтыра су құйып, алдына қойды.

- Бағана сен қуған із осы кісінікі ме екен? - Сұрай қарадым Қапасқа.

- Ие, осы кісі екен. Соңынан баспалап барып, үңгірінен таптым. Жауап бермей көп әуреледі. Ауыл тонаған қарақшыларды көрмегені анық екен. Жаңа ғана сендім ол сөзіне. Бұл кісіні айдап келе жатқанымда күнбатыс жақтағы биік төбеге атты адам шығып, тымағын бұлғалақтатуынан түсіндім: қарақшыларды күнбатыс жаққа бөлініп кеткендер тауыпты. Тонап кеткен мал-мүлкін қолға түсірген сияқты. Ауылдастарын тұп-тура ауылға қайтуды ишаралады!

- Әббәле, олай болса, басқа алаңдайтын ісіміз қалмады! Бүгін осында түнеп кетелік. Ат жайылымына табылмайтын соны жыра екен! - дедім.

Екеуміздің сөзімізді елең қағып тыңдаған екі тағы бір-бірінен көз алмай қарасты. Әйелдің білінер-білінбес қана бас шайқауынан, шалға шыныңды айтпа дегендей ым байқадым. Саптыаяқтан су ішкен Қапас шалды тамаққа қузады. Суық суды кезектесе ұрттап отырып тамақтандық. Маузыдұңның өткен күз басында өлгенін айтып едім. Тілсіз әйел шақ ете түсті маған қарап. Екі қолындағы он саусағын жұмып-жазып бір неше рет көрсетті де, аспанға қарап басын шайқады. «Мәңгі жасайды» дегені екенін түсініп қарқылдап күлдім.

- Саяси жақтан қателесемін деп бізден қорықпай-ақ қойыңдар! - дедім де қашан өлгенін, орнына Хуагопың дегеннің отырғанын, үкіметтің бұрынғы баскесер қытымырлықтан жуасып қалғанын айқындап қысқаша сөйлеп бердім.

Әйел шалға қарап, басын тағы бір шайқап қалды. «Бұған сенбе» деп отырғандай.

- Жә, мына қарындас сіздің неңіз болады? - деп сұрағанымда:

- Менің балам! - деді шал бөгелмей.

- Күйеу балаңыз қайда?

- Жоқ, әлі тұрмыстанбаған бала.

Әйелдің ишарасы бойынша өтірік айтып отырғандай сезіп, шалдан «қызының» су қайнатып беруін өтіндім. Екеуі бір-біріне қараса қалды да әйел басын тағы шайқай түрегеліп, бақыры мен құлуын ала жөнелді. Ет қоймасынан өтіп, бос үңгірге барып кіргенін байқадым. Онда да ошақ бар сияқты.

- Анау бос үңгірде ошақтарыңыз бар ма еді?

- Ие, үлкен ошағы соның үстінде, - деді шал. Әйелдің соңынан жетіп барсам, бос үңгірдің арғы қалтарыс босағасынан бір үңгір ашылып, соған кіріп кетіпті. Бұл шеберлікке іштей таңдана келіп, шалдың қасына қайта отыра сұрадым:

- Бұл, әлі тұрмыстанбаған балаңыз болса, неліктен  бірге тұрмай, екеуіңіз екі жақтағы иен үңгірлерде жасайсыздар? Мұныңыз өтірік болып қалды-ау, ақсақал! - Күліп жіберіп жалғастырдым сөзімді. - Алла атына ант етейін, сіздерге қастық-зиянкестік істемейміз, расын сөйлеңіз. Шын ахуалыңызды айтсаңыз, қолымыздан келісінше көмектесіп кетеміз. Егер жасырып, бізді күмәндандырсаңыз, маңайдағы ауылдардан сұрастыруымызға тура келеді. Олай болғанда мына жасырын тұрақтарыңыз елге әшкереленіп қалады. Сөйтіп, жасырсаңыз-ақ мына таңғажайып тұрмыстарыңызға зиян жеткелі тұр, білмеген у ішеді ғой, анығын ұқтырыңыз бізге.

- Шырағым, мен, 52-ші жылы елу-алпыс қана қой-ешкім бар, малшы едім, - деп бастады шал өз әңгімесін. Қобық ауданына қарасты, баласыз, жарымжан әйелі бар, екі басты ғана шаруа екен. Көп балалы інісінің бір ұлын асырап алыпты да, малына қаратып, өзі аңшылық істепті. Соны көрген үкімет, малай істеткен мал иесі - «помещик» деген принципіне сиғызып жазалап, оңтүстікке айдатып жіберген екен. «Кеңшілік еттік» деп жарым жылдан соң қайтарыпты өзін. (Бұл, Уаңжынның қате саясатын түзету үшін Шижұшынның жасаған кеңшілігі екенін есіме түсірдім.) Ауылына қайтып келсе, үйі жоқ. Ауру әйелі «помещиктің ханымы» деген қалпақпен күреске тартылып, қинауда өліпті. Үй мүлкін белсенді бадырақтарға таратып беріп, аз ғана малын үкіметтің өзі жиып алған көрінеді. Нақақтан мұншалық ойрандалғаны басына симай жүргенінде әйелін ұрып өлтірген қандықол жендет оңаша кездесе қалыпты бір күні. Шоқпармен ұрып аттан құлатыпты да, бас салып бауыздап өлтіріпті. Оның атын қосарланып ала жөнеліпті сөйтіп. Совет одағына өтіп кетіп сіңе алмайтындығын естігені бойынша осы құмда қаңғып жүріп аттарын өлтіріпті де, бұрын өзі көріп жүрген осы үңгірді тауып орнығып, қақпаншылығымен аң аулап күнелте беріпті.

Өзін іздеуші-ізшілерден қауіптенген сайын бұл тұрағын балталап теселеп жүріп тереңдетіп түзеп, арт жағынан жасырын есік, далдалы қуыстар шығарып алыпты.

1962 жылы туысқандары түгелімен Қазақстанға қашқанда олардан мүлде бейхабар қалған екен. Артынан іздеп шекараға екі рет барып, өте алмай соңғы ретінде ұсталып қалыпты. Қытай әскерлері мылжалап-мылжалап әкеліп, беңтуанның бір майданына түрмелеген екен. Қанша жатқанын өзі білмейді. Есіне келген соң ессіз есірікке айналған болып, бұрынды-соңды істеген қылмыстарынан да, тіпті, өскен аудан-райондарынан да дерек таптырмай қойыпты. Әйтеуір, Сауанның Шая дүйіне айдалатын болғанын естіп, тағы қашыпты да, осы үңгірін қайта тауыпты. «Топырағым осы үңгірден бұйырған сияқты ғой!» деп кеңкілдеп жылады шал. Сол соққыдан сынған қолының қисық біткен шынтағын, шодырайып біткен иығын көрсетті, оң жақ қабырғасында да екі-үш буынтақ бар екен. Теріден басқа ішкиімнен ештеңесі жоқ екендігін, шешініп сынықтарын көрсеткенде білдім.

- Мына қызыңыздың киімі де осылай ма? - деп сұрағанымда әңгімеледі оның жайын. - Балам деп оның көз алдында айтқаным болмаса, бұл бала екеуміз әлі де толық таныспаймыз, - деп күрсінді шал. - Өзінің қайсы ауданнан екендігін де білдіргісі келмейді. Тілі болмаған соң қузамаймын. Мен 67-ші жылы күзде әр жерге құрған қақпандарымды шолып жүргенімде, бір ұзын етекті әйелдің құмнан қараңдап, әрең жүріп келе жатқанын көріп, алдынан тосып жатып ұстадым. Жайыр жақтан келе жатқандай көрініп еді. Ондағы барлық киімі де, өң-мүсіні де, қаншалық жүдесе де, жаңа өспірім ғана қыз екендігін айқындаған болатын. Тартқан күйігі мен ыңғай тері киген мына тұрмысы өңін алып, тез қартайтып жіберді! - деп бір кідірген шал жалғастыра берді әңгімесін.

Бұл екеуі әке-бала болып бірге күн көріп жүргелі он жылға жуықтап қалыпты. Шал қыздың аты-жөнін расында да білмейді екен. Басынан кешкен оқиғаны ым-ишарамен сұрап жүріп, әрең түсніпті: малды-ауқатты бір ата-ананың әлпештеп жүрген жалғыз қызы сияқты. Бірақ, оқу жасына жеткен шағында қалпақты бай шаруаның қызы болған соң оқуға кіре алмай, сауатсыз қалыпты. Әкесіне кигізілген нақақ қалпақтың күйігінен шешесі бұрынырақ өлген екен. Мәдениет төңкерісінің алдындағы бір қырғында (шалдың межелеп айтып отырған қырғыны - «социалистік тәрбие» науқаны болса керек) әкесі атылу жазасына үкім қылынған екен. Өз тіршілігінің жалғыз ғана тірегі болып келген әке, майданға шығарылып атылғанда, көріп тұрған жалғыз қыз шырқырап бақыра жөнеліпті. Мүлде нақақ атылғандығын, «кері төңкерісші емес» екендігін жиылған халыққа жар салып жариялай беріпті. Жендеттер қыздың аузын тұмшалап, қолға алып қорқытып бірқанша күн қамапты. Мылтық дүмімен соққылап, «Егер екінші рет мұндай кері төңкерістік ұран көтерсең, өзің де атыласың!» деп кесетіп шығарған екен. Қыз шыға сала «Маузыдұңның қаны да осылай төгілсін, жоғалсын!» деп ұрандай қашыпты. Есіріп жынданған қыз, қуғыншыларға жеткізбей, адастырып кетіпті.

Жанашыр адамдар оны жасырып, тамақтандырып, мұндай ашық ұран шақырса үкімет өзін де ұстап атып тастайтындығын түсіндірсе, ақылға көнген болып бас изеп шығады екен де, тағы да бір көшеге шыға келіп, әкесінің мүлде нақақ атылғандығын айқайлап сөйлейді екен. Тағы да ұрандап жіберіп қашады екен сонсоң...

Өзіне жанашығансып жүретін біреу (сақшы жағынан қатты тексеріліп қорқып, қызды ұстап беруге міндеттелген адам сияқты.) Ымырт түсе көшеден кездесе қалыпты бір күні. Тамақтандыру сылтауымен қолынан тартып апарып, көше мүйісінде тұрған маскалы, көз әйнекті екі жендетке ұстата қойыпты. Екеуі қыздың аузын тығындап байлап мотоциклмен ала жөнеліпті д,е белгісіз бір жерге апарып тілін кесіп, дәрілеп қанын тиып қоя беріпті.

Мүлде сорланған қыз әр адамның алдына барып бір шүлдірлеп жылап жүріп, сөзін ешкімге ұқтыра алмаған соң бет алдына қаңғып кете беріпті. Құмдағы аңшыға кездесіпті сөйтіп.

Менің мылтығымды көрген сайын шыр ете түсетін себебін де, сары киімдерден безер болған мінезін де аңшы шалдың осы айтқан әңгімесінен түсіндім: әкесін атқан мылтық, сол қанды майданда есінен адастырған үрейлі қорқынышты елестетеді де, өзіне жақсылық істеп жүрген «жақсы» адамның жендетке ұстап бергендігі, жан-жүйесіне бүкіл адамзат дүниесін жиренішті жыртқыш етіп орнатқан тәрізді.

Қыз бастапқы бірер жылда осы қамқор аңшыдан да бірнеше рет қашыпты. Бұл құмнан жол тауып шыға алмай шөлден өлетіндігін білетін шал су толтырған құлуын арқалай жүріп іздеп, бірнеше рет өлгелі жатқан жерінен тауып құтқарыпты. Сөйтіп, жас жан өзінің әке-шешесіндей бірден-бір жанкүйері осы жабайы шал ғана екендігін іс жүзінен түсініп жеткен сияқты. Ес жиып, аңшылығына көмектесіп бірге шығатын, жыртылған тері бешпет-шалбарын жамап беретін, тіпті аң терілерін илеуді шалдың өзінен үйреніп алып, жаңадан киім тігіп те беретін болыпты.

- Ал, осындай жанкүйер «әкелі-балалы» адамдар бола тұра неліктен айырылысып, екеуің екі жақтағы үңгірге бөлініп кеттіңдер? - деп сұрадым мен. - Жалғыздық деген мынадай иен құмда сізге де, әсіресе қызға аса қиын тозақ емес пе?

- Дұрыс айтасың шырағым, адам баласының басына түспесін. Құдайдың да бұдан қиын тозағы жоқ шығар! Сөйтсе де жалғыздыққа үйреніп жабайыласып кеткен адам, тіршілік дүние қызығынан күдер үзгенде жалғыздық - тыныштықтан басқаны іздемей ме екен деп қалдым. Бізді осындай халге түсіріп қойған адамзат қана деп есептейтін сияқтымыз. Қызым дәл осылай, кейде менен де қастандық көріп қалатындай секем алып, қауіптене қалатындығын байқаймын. Бірақ, оған кінә таққым келмейді. Өйтетіні, дүниеге алғаш көз ашқаннан-ақ әкесі тап жауы аталып, басқа адамдар жағынан теперіш көріп, таяқ жеп келген ғой. Ал, қалпақтылардың басқалармен тату байланысы шектелген. Адамдардың бұрынғы салтын бұл қыз білмейді. Бұл дүниеде бірін-бірі аңдымай, тепе-тең, тату-тәтті өмір сүретін адамдар да болатындығын көрмеген. Ыңғай аңдысып, бірінен-бірі қорқып, қалтырап-сақтанып жүретін жатбауырларды ғана біледі. Жиын болса-ақ әкесі жұлмаланады. «Сенен басқа кім бағады мені, әке, сен өлмеші!» деп қолтығына тығылып жүрген әкенің қаны, сол жұлмалап жүрген сыпыра тасбауыр жағынан қалай төгілгенін көрген осындай қыз адамзаттан не опа күтпек! - деп ауыр күрсінді шал. Бұл қисыннан шалдың ақыл-ойы толық адам екендігін білдім. Солай болса да, бір жақтылы пікір толық сендіре алмады мені.

- Сөйтіп, осы иен құмдағы екеуіңіздің бөлініп тұруларыңызға себеп болған қайсыныңыз?

- Осы мылқау қызымның шүлдірлеп-шәңгірлеп болса да бірге тұрып, бірге жүруін бүкіл дүниенің базарындай көретін болып қалғамын ғой мен.  Бір күні қызым маған ілесіп барып, анау жақтағы тағы бір апанымды көрген соң-ақ, ондағы тесем мен күрегімді алып соны жөндеуге кірісті. Ар жағындағы қақпандарымды көріп қайтуға өзім жалғыз кеттім. Қайтып келсем, терлеп-тепшіп, үңгірді недәуір тереңдетіп қойыпты. Жалт қарап, менің аяғымды құша жығылды.

«Осы үңгірді түзеп, өзім жалғыз тұрайын!» деп жалынғанын түсіндім. Ал, ол шақта мына үңгірдің барлық жұмысы біткен, дайын, және маңайына ізі түспейтін, қатерсіз. Бір қауіп сезіле қалса тығылатын қуыстары да, қашып құтылатын артқы аузы да бар, өзімше ең кемелді панамыз болатын. Қызымды аяушылықпен осы таңдаулы пананы соған беріп, ол үңгірді толықтап түзеп алуға өзім қалдым. Айырылып тұруға жоғарыда айтқанымнан басқа себепті әліге дейін таба алмай жүрмін. Менен жиренгендіктен, иә, қорыққандықтан айырылды дейін десем, ауық-ауық өзі барып киімімді жамап, суымды әкеліп, арқамды ысқылап жуып, әкесіндей аймалап-еркелеп қайтады. Қақпан көруге, оларды қайта құрып қайтуға, қақпан алып қашқан аңды іздесуге үнемі менімен бірге шығады. Бүгін де бір қақпанымызды жоғалтып, іздеп жүргенімізде, өз ізіміз сіздердің көзге түсіп ұсталып отырмыз.

- «Ұлы сөзде ұят жоқ қой», ақсақал, өзінің әкесіндей көріп жүргенінде, әлдеқандай бір еркектік көрсетіп, шошындырып қойған жоқсыз ба? - деп күле сұрадым мен.

- Астағыпыралла, шырағым, өйдеме! - Қарт маған енді шошына қарады. - Қайдан келсе де өлгенде көрген жалғыз балам болып өздесіп қалғанында оған басқаша нәпсі көзімен қарасам, не болғаным, о дүниеге көк есек болып бармақпын ба!

- Жасыңыз нешеде?

- Биыл елужетідемін. Және жасымнан көрген азабым, соққы, тепкі, қайғы-қасірет еңсемді ерте басып қалған. Әсіресе, балам болып қалған соң... әйелденуге қайтып беттерсің!

Шалдың аса момын екендігін түсіндім. Рақымсыз тағдыр бұл бейшараны тіршілік үміттен де ерте айырып, көңілін мүлде өшіріп тастаған. Мұндай халдегі момын шал енді көп жасай алмайды. Бұл өлсе, енді иен құмда жалғыз қалған сорлы қыз, қыршын қалпында өледі ғой! Мұнан соңғы қайтадан табылмайтын жалғыздан-жалғыз тірегінің түнек қараңғы көңіліне шырақ жағып көрейін дегенге келдім.

- Қойыңыз, ақсақал бұл алдануды, бұлай жеке тұрып, мағынасыз өле салмаңдар! - деп бастадым сөзді. - Бұл қыз, балам дегеніңмен өздеспейді, бала бола алмайды сізге. Жас шамасы отызға еркін жете қоймаса да, қазір елуден асқан өзіңіз құралпы ақ бурыл кемпір болып қалыпты. Енді сізден басқа сыралғы еркек тауып тұрмысты болу қасиетінен айырылған, адамзаттан безген, көңілі семген, жүрегі сөнген әйел, мұндай дара тіршілікпен енді көп өмір кешіре алмайды. Балам болып қалсын деп жүріп, тіпті ерте айырылып қаласыз! Ал, сіз де иен үңгірдегі мына тозақта жасай бере алмайсыз! Өмірден зерігіп, қу томарға айналып барады екенсіз. Тілі болмаса да ақыл жағынан кәмелетке келіп болған бұл қыздың көңілінде қазір сізден басқа ешқандай үміт жоқ. Сондықтан екеуіңізден жақын адам жоқ. Бағана сіздің келгеніңізді көре сала бой түзеуге талпынып, жүзін сүртіп, жылы шырайға келе қалғаны соның ғаламаты. Ал, жеке апанда болуды талап еткені - әйелдік сыпайылықтың, ұяттың мұқтажынан болған. Сізді өз әкесіндей көрсе, айырылмай бірге тұра бермес  пе еді! Апаныңа жиі барып, кіріңді жуып, арқаңды сипалап тұратыны, сізді оятып, ер-әйелдік тұрмыста болғысы келгені. Екеуіңіз некеленсеңіз, оның әке өлімі жөніндегі күйігін жеңілдетіп, бой жаздырып, қасіреттен сергітеді. Сіз де жаңа бір тұрмыстық күйге келіп, жаңа үмітке-жігерге ие боласыз. Құдай берсе, балалы да боласыздар. Елубек, тіпті, Алпысбай, Жетпісбай дейтін кісілер, сіздейлердің ұрпағы емес пе! Сөйтіп екеуіңіздің де өлмей жасай бергілеріңіз келетін болады. Жаңа тіршілікке бой ұратын, жасаратын боласыздар. Дәл осы кеште екеуіңіздің некеңізді қиып кетпесек, шынымды айтайын, мына жабайы хал-жағдайларыңыздан біз де алаңдап, жарым көңіл болып кететін сияқтымыз. Сіз бастап, некелену ықыласыңызды білдіріңіз оған!

Әйел, су қайнатқан бақырын көтере келіп, жалтақтай қарады екеумізге. Шал төмен қарап тұқырып алып еді. Шалым жылап отыр ма дегендей әйел үңіле қарағанда, жымың ете түсті «қу» шал.

Қапас аттардың қасына кеткен болатын. Әйел ет қойған мына қуысқа келіп, менің кейінгі сөзімді естіп алған сияқты. Бақырды қоя салып, киімсымағын түзегендей болды. Бір тізелеп қана отыра қалды сонсоң. Сапты аяққа қайнақсу құйды да, алдыма қойды. Ызғарсыз, жылы шыраймен қарады маған. Тері дастарқанға орап әкелген аң етін жайды. Мен қоржыннан ет пен бауырсақ алып, сол дастарқанына төктім. Қапас келіп, менің қасыма отырысымен, «Құдай қосқан үй иелеріне өздерінің маған сездірген талаптары бойынша» неке қиятынымды жарияладым. Шалға ым қағып, серігіне тізелесе отыруды бұйырып едім. Жымия сырылып келіп отыра қалғанында, қыз сәл ғана қымтырылып, тұқырды. Саптыаяқтағы суға тұз салып, дұға оқыған бейнемен аузымды жыбырлата түстім де, алдымен шалдан сұрадым:

- Сіз, мына Гүлайымды шын ықыласыңызбен қабыл алдыңыз ба?

- Бұдан басқа жанашырым бар ма! - деп төмен қарап міңгірледі шал.

- Мұныңыз шариғат жолында жауап болмайды, анықтап айтыңыз, сүйесіз бе, сүймейсіз бе?

- Сүйемін, тіпті... сүйемін!

Қыз, бетін баса қалды. Мен енді өзінен разылық сұрағанымда, іркілмей иек қағып тұқырды.

Тағы да дұға оқыған болдым. Қол жайғаныма Қапас бастап екеуі де қол жайып, Аллаһу акбар айтып бет сипағанымда екеуі де бет сипады. Тұқырып отырып қалған екеуіне саптыаяқты «неке суын» ұсындым. Шал бір ұрттап алып, қызға ұсынды. Қыз оған көз астымен күлімсірей қарап қойып, екі қолымен алды да, үш рет ұрттап, Қапастың алдына қойды. Некелесулеріне куәлік ету белгісімен екеуміз де ұрттадық. Түрі мен үлкен-кішілігі ұқсас екі бауырсақ алдым да екеуіне ұстаттым.

- Осы бауырсақтай теңдік-ұқсастықпен тату-тәтті өмір кешіріңдер! - деп бастап, ақыл айта отырып, бірге тамақтандық. «Қызға» қойдың төсін, «жігітке» асықты жілік ұстатқанымда, екі «жабайы» бір-біріне күле қарасып қабылдады. Бірінші рет естігені болса керек, қыздың жағымды-қуанышты күлкісіне шалы да таңырқағандай жымия қарап қалыпты...

Қапас екеуміз аттарымызды күзете жататындығымызды айтып, сыртқа шықпақ болып едік, шал бізге бас изеп рахмет айтып, сыртқа бірге беттеді. Ыдыс-аяқтарын орын-орнына қойған әйел, таушадағы шырағына тоңмай салды да, құлуын ала шықты бізбен бірге. Апан аузынан еңбектеп шығысымызбен құлуды шал алып суға кетті де, әйел жар үстіне киікше ыршып шығып, жан-жағын барлады. Көрінбей ары кетті сонсоң. Дүзге барған сияқты. Біз ат қасына барып, ішігімізбен қисайдық.

Шал құдықтан су алып қайтқанда, әйел жардан тік ыршып түсті.

- Абайлап, сатылап түссеңші! - деп күбірледі шалы. - Аяғың оқыс болмасын! - Құлуды әйелі алып үңгірге кіріп кетті де, шалы бір кетікпен дүзге барып қайтты. Жыңғыл шырпысымен үңгір аузынан із өшіре кірді.

- Кәсіптік қашқынның дағдысын қарашы! -Қапас күле күбірледі. - Қайраты қайтпаған, әлі орта жастағы кісі көрінеді, тіп-тік жүреді екен. Ал, әліге дейін осы қартайған қызды зарықтырып қойған неткен нысапты адам!

- Көңілі өліп қалған адам ғой, мына қыз енді баптайды бірақ, мұны тірілтуге уақыт керек шығар. Бұл жайын да біліп шығайын! - Ішікті тастай салып күле түрегелдім. Ептеп басып барып кірдім үңгірге.

Некелі болғанына разы әйел, сәкідегі тері төсеніші мен жастығын кеңітіп салып, көрпеге арналған құрама, мол терісін аяқ жағына дайындап қойған екен. Бергі жағында теріс қарап жалаңаш отырған шалының арқасынан су құйып жуындырып бола бергенінде кіріппін. Төменгі бос үңгірдің аузын далдаланып отыра қалдым. Ғауратын қолымен басып теріс қараған беті төсекке ыршып барып бүк түскен күйеуін тері көрпесімен жаба қойды келіншек. Өзі қайта келіп басы мен аяғын жуды да бешпет-шалбарын шешпей бетін басып, төсек алдында тұрып қалды.

- Енді бір-бірімізден ұялмай-ақ қоялықшы! - Шалы сол теріс қарап жатқан қалпында күбірледі. Өзі де ұялып жатқандай, ішкиімсіз келіншегін ұялмай шешініп жатсын дегендей басын да бүркеп алды да, қолын созып, бешпет етегінен тартып қойды. - Мұнан соң әлгі әулиенің Күләйім деп атағаны бойынша өзіңді «Күләй» атайыншы, жаным, ұялмай-ақ қой енді! Құдай қосты, бірге жатамыз, шешіне ғой енді!

Әйел шырақты өшіре салып шешінді де, көрпеге кірді. Мен сыбдырсыз барып, дәл қастарындағы ет қоймасының аузына отырдым. Шалы бері қарап құшақтай алды білем. Әйел қытығы келгендей сықылықтап күлді.

- Менің Күләйім, жаным, күлкіңнен айналдым! -Емірене түсті еркегі. Қыз сәлден соң шиқ-шиқ күле бұлқынды. - Дірілдейсің ғой, періштем-ау, тоңдың ба? Қорықпа менен, қорықпа! - қапсыра тартып құшқандай болды ері. - Міне осылай жатамыз мұнан соң, несі бар екен? Құдай қосқан соң бар денеміз қосылсын!

Жым бола қалды екеуі. Әйел де құшақтап, арқасын сипалағандай, шалды тіпті емірендірді.

- По-по-по, шіркін-ай, шіркін-ай! Әйел көрмегеніме көп заман болып еді, күнім-күнім! Есіме қайдағыны түсірдің ғой, по-по-по! Өмірден үмітім үзіліп болғанда қайта жанған шырағым боларсың, күнім! Бақытым боларсың! - деп сайрады шал. Әйел де еріп, қолтығына кіріге түскендей, тұншыға, жиі алды демін.

Іле-шала серпіліп құтылмақ болғандай тосын қарсылық қимылға келе қалды қыз: «Үй-үй-үй!» дегені ғана анық, бірдеме деп қынжыла шүлдіреп жіберіп тынды. Шал қаһарға келгендей қатты алқына жөнелді. Жарыса алқынды екеуі.

Сылқ-сылқ күлгенінен білдім, Қапас та келіп, арт жағымдағы отын қоймасының аузында отыр екен. Шалдың сөзі естілді аздан соң:

- Мен бұрынғы марқұм әйеліме тым аз жолыққанмын. Аңға құмар едім. Көбірек жолаушылап кете беріппін. Кейінірек, әйелім бір түсік тастады да, сонан соң-ақ сарғайып, арықтай берді. Бір тері бір сүйек, аурушаң болып кеткен соң тіпті аяйтын болдым... Ендігі барлық қызықтайтыным, күнім, жансерігім, қорғайтыным, өзің ғанасың! Тірілігімде... тірілігімде табаныңа қадалатын тікенге маңдайымды тосып өтермін. Ал енді өзім де қайта жасарармын-ақ! Анау қоймадағы терілер мен бөкен мүйізін базарға ептеп-ептеп апарып, ақша тауып, киім-кешек, астық әкелудің қамын істейін!...

Күләйі базарға бару ісіне қарсылық білдіргендей, еңкілдеп шүлдірей қалды. Сол пәлелі жаққа - адамдар арасына шалын жібергісі келмей жатқанын мен де ұқтым. «Қауіптенбе жаным, ұсталып қалмайтын жағдайда ғана, үлкен сақтықпен барып тұрамын, алдымен сені киіндіремін. Қайтсем сенің тұрмысың жақсаратындығын білемін! - деп тасқынды шал. -Андай-мұндайымыз толықтанған соң адам аулайтын жаққа бармай-ақ қоярмыз!

Аймаласқан сыбдырлары естіле келе ірге жақтағы пәлесі тағы да көтеріліске аттанғандай болды. Бұл жолы ырқына қарсылықсыз көнді Күләй...

Қапас екеуміз, жер ойылып кетпесін дегендей ептеп басып сыртқа шыққан соң күлістік. Үңгір аузындағы мол жыңғылдан мен де шырпы алып, ізімізді майқандай қайттым.

- Күндері бітіп қалған екі тағының доқтыры расында да сіз болғандығыңызды мойындадым! - деп күлді Қапас. - Жындымды тапсам, мен де осылай емдеймін ғой тегі, ха-ха-ха-һа-һа...а...

- Үй, ақырын күл, ана екеуін шошытып, күйітін қайырып тастарсың! Қапия ғой сені көрісімен-ақ жазылады!

- Айтпақтайын мына шал, Қобық малшыларының қыстаулық құмын толық біледі екен. Жолда келе жатып сұрағанымда ендігі жолымды айқындап ұқтырды. Бір дөңге шығып, тұсын көрсетті. Менің ендігі жолым жақын сияқты.

Таңертең күн шыға ояндық. Боран тоқтапты. Ат суғаратын астау мен бақырды шал әкеліп қасымызға қойып, өзі жар үстіне шығып қарауылдап тұр екен.

Аттарды суғарып, қайтадан отқа қойғанымызда келіншек шығып, жас балаша жүгіріп келді қасыма. Жұмсақ теріден тәуірірек тігілген жаңа киімдерін киіп шығыпты. Үйге кіріп шай ішіңіздер дегендей ымдады. Еркелей қарады маған. Тіршілік оты қиықша қара көзінен жарқырай қалыпты. Тап-таза жуынып алған екен. Кешегі қатпарлы қара қошқыл жүзіне қан жүгіріп, жылы қызғылт шырайлы жап-жас ажар байқатты. Қолынан ұстай алып, арқасынан қақтым. Нақтылы күлапараға ұқсап тігілген жаңа бас киімін алып, қырықтықпен қырқылған бурыл шашына қарадым.

- Жылы сумен әр күні жуып тұрсаң тез өседі. Саған енді бұрым қажет! - дегенімде басын изеп-изеп қалып жетектеді «үйіне» қарай.

- Ендігі ең жақынымыз, сен екеуің болдыңдар! - дей түсті шал жыраға. - Жеңгеңнің шырайынан байқаған шығарсың. Бүгінше аял болып, жас ет жеп, сорпаланып алып жүріңдер!.. Құдай берсе, бүгін қақпандарымыздың біріне бөкен де түскен шығар. Түспесе бір қоймамызда дайыны бар. Екі жұбын, екеуіңнің қанжығаңа байлаймын! - Үңгіріне еңбектеп кіріп, төріне дейін еңкеңдей еріп, саңғырлап барды.

Кешегідей құр жер емес, астымызға терілерінен төсеп, тері дастарқандарын жасап қойыпты.

- Бізге бермек жолдығыңызды осы қарындасымның киім-кешегіне, әйелдік мүлкін толықтауға жұмсаңыз! -дедім мен. -Бұл бала жасынан сорланып өскен, шексіз кемтілген, қасіреті зор бала ғой, мұны ерекше, тіпті ерекше күтіңіз! - дегенімде Күләй, көз жасын бір ыршытып алып жымиды. Қарындасымның өзінің де ашу-ызаны, көне қасіретті мүлде тастауын, мына жалғыз қамқорымен аса тату болуын, ерлі-зайыпты адамзаттың «бақыт» деп тілейтіні тату махаббатта ғана екендігін айтқанымда Күләй тағы да изектеді. Алдымызға үлкен саптыаяқпен шай шөптен қайнатқан шай құйып, басын шайқай жымиды.

- Ұқтыңыз ба, дәл қазір неге мұқтаж бола қалғанын? - деп шалға қарадым.

- Түсінемін, түсінемін шырақтарым, аман болсақ бәрі де тез толықтанады енді! - деп ол изектеді. Қақтап пысырған еттерінен жей отырып, зәтте жүректі әйелдің қауіп-күдігін жою үшін қазіргі қоғам жөнінен түсінік сөйледім сонсоң: енді бұл екеуін іздеп, қатер төндіретін ешкім жоқ екендігін ұқтырып, жалғыз-ақ өздеріне бұрын қас қылған жендеттер кезіге қалса, өздерін танытпай өте берулерін тапсырдым. Олар өз қылмыстарын жасырып кету үшін, егер көріп тани қалса әлі де жасырын қастық ойлауы мүмкін ғой. Қазіргі халық бұрынғы біз көргендегідей алданған қалпында емес, тегіс оянып, кімнің қас, кімнің дос-өз адамы екендігін біліп болған жайларын, бұрынғы таныс-білістерінің құшақ жая қарсы алатындығын, өзім көріп келе жатқан бауырмалдық-қамқорлықтарды мысал етіп сөйлеп бердім. Екі «жабайы» таңданыса тыңдап, үлкен ауыртпалықтан жеңілдегендей күрсіністі. Тері сатып алатын дүкен, қазір, коммуна орталығы болған қыстақтарда да бар екендігін айтып, бірақ, бөкен мүйіздері мен терісін ол жерге көрсетпей, айырым адамдарға сауда жолымен жасырын сатудың әдісін түсіндірдік. Осы құмда адам сияқты киініп, тұрмыстарын адам қалпына келтіріп алған соң алдымен Күләйдің ауылына көшіп барып орналасудың қауіпсіз екендігін айттым. Шал Қазақстанға өтіп кеткен туыстарының аты-жөндерін, бұрынғы мекенін дәптеріме жаздырып, сәлем айтты. Күләй қоржынымның босаған басын аң етімен толтырып қойыпты.

Қапас екеуміз шалдың жол көрсетуімен сол жырадан сәскеде айырылысып, екі жаққа аттандық.

Тақыр керішті жазықтың күнбатыс жақ шетіне жетіп, бір құм жотаға жаяулап шықтым. Қашқынға аса қолайлы осы жыраның орнын еске сақтау үшін, маңайын түгел барлап, белгілеп алғым келді. Көз жетер жері дәптеріме сызылып та орнады. Әлгі қосақталған қос тағы қақпандарын көруге шыққан екен. Бір-біріне тығылыса сүйеніп, жиі тоқтап құшақтасып, қол сілтей ымдасып сөйлесіп барады. Өздерін тозақтай қинап келген иен құм бүгін сайран бақшасына айналғандай. Жабайылықтан адам қалпына келтіріп ,өлген жүректерін еркін құстай самғатқан мына махаббаттарына қызыға қарап күрсіндім де, асыға жөнелдім атыма мініп. Менің сүйікті, ұзақ сағынышты, көкейкесті махаббатым әлі алыста ғой!...

Әділетті тергеушім, бұрынғы бұзық заманның жауыздары «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» депті ғой. Япырай неткен «тежеусіз кеткен кері төңкерісшілдік» десеңізші! Сол «азғындық» ережелерімен сотты да шектеп, өлсе де айтарын айтып өледі екен. Соттары «шіріктесіп» кеткен ғой. Әділетісіз шектеліп, сол даугер кері төңкерісшілердің пікірлерін де шімірікпей тыңдайды екен. Үкімге қарсы дау бастай бергендерінде-ақ сіздерше бас салып, тілдерін кесе салса, көсемдері мен заңдарына кір жұғар ма еді! Панасыз қалған жап-жас қыздың шырылдаған дәрменсіз үнін де шығармай өшіріп, аппақ, пәп-пәк болып отыра қалуды бірден-бір коммунизмші сіздерден үйренбей, адамзат қылмыстан тазара қоймас!

Ал, сіздердің осыншалық ғылыми әділеттеріңізден тәрбие алып, адамзат қоғамынан безіп кеткен сол жабайыларды адам қатарына қайта шақырып жүрген менің кері төңкерістік қылмысым үшін қай мүшеден кесіп тастасаңыздар рауа болар екен?

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2119
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2528
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2238
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1636