Жұма, 26 Сәуір 2024
Деп жатыр 4072 12 пікір 3 Маусым, 2022 сағат 13:05

Путинге қастандық жасалған ба?

«Қатерлі ісікке шалдыққан Ресей президенті Владимир Путин биыл сәуірде ем қабылдаған. Наурыз айында оған қастандық жасалды. Бұл мәліметтер АҚШ барлау қызметкерлерінің құпия баяндамасында жазылған», - дейді Newsweek ағылшын журналы.

Басылым деректерді АҚШ барлау қоғамдастығының төртінші құпия баяндамасымен таныс АҚШ Ұлттық барлау директорының (ODNI) өкілі, отставкадағы әскери - әуе күштерінің аға офицері және Пентагон барлау бөлімінің (DIA) қызметкерінен алған.

Ақпарат берушілердің айтуынша, Путиннің күні бітуге жақын, оны бәрінің іші сезіп отыр. Путиннің шетелдік мемлекет басшыларымен кездесулері азайған. Оның бұлай оқшаулануы ақпарат алуға кедергі келтіріп отыр. Украинамен соғыс басталғалы бері, мәлімет алу тіпті қиындап кеткен.

Ресейдің Украинамен соғыс жүргізіп жатқанына 3 айдан асты. Әзірге кескілескен майданның тоқтайтын түрі көрінбейді. Путин бір келісімге келуден бас тартып отыр. Ол әлі де болса Ресей әскерінің күштілігіне сеніп отырғанға ұқсайды. Бүгінгі күні Украинадан 12,8 миллион адам үй-жайын тастап, босып кетті.

Луганск әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдайдың айтуынша, Ресей Луганск облысындағы Еуропалық деңгейдегі 400 км-ден астам жолдың, 70-ке жуық заманауи мектеп пен 50 балабақшаның, 33 аурухана мен 237 ауылдық амбулаторияның тас-талқанын шығарды. Бұл тек бір облыстағы жағдай.

Бұрынғы Ресейлік банкир, миллиардер Сергей Пугачев Ресейдің Украинадағы ойранын Үшінші дүниежүзілік соғысқа теңейтінін айтыпты.

«Соғыстың ұзаққа созылатынын білген едім. Себебі бұл соғыс ататын оқ таусылғанда бір-ақ тоқтайды. Бұл дегеніміз белгілі бір мағынада үшінші дүниежүзілік соғысқа тең, ал дүниежүзілік соғыс үш айда тоқтай қоймайды. Әсіресе, екі елдің президенттерін қоса алғанда, кадрлық өзгерістер болған жоқ... Бұл соғыс әлемнің құрылысын үш-ақ айда өзгертіп жіберді. Бұл өте жылдам болды», - дейді ол.

Ресейлік журналист Александр Невзоров Еуропаның әлі Путинді тани алмай жүргенін айтады.

«Украинаның бір бөлшегін беріп, Путиннің аранын толтырамыз дейтіндер қателеседі. Макрон сияқтылар, Путиннің қанды азуына Херсон мен Донецкіні іліп берсек, агрессор соған риза болып, шалқиып жатады деп ойлап жүр. Бұл Макрондардың психиатриядан хабары жоқ екен. Олар қанішерлердің ойында не бар екенін білмейді. Сіздерге белгілі, азамзат баласы ядролық қаруға тартылып тұратын қанішерлер туралы сансыз фильмдермен тәрбиеленді. Ендеше құттықтаймын. Қанішер шын өмірде соған жетті.

24 ақпанда өткен шақтың қанды әлемінен келген келімсектер Жер шарын қаптады. Олар бұл әлемді жан-тәнімен жек көреді. Олар бұл әлемді қорғағысы келмейді. Украинадағы өліктердің саны оларды қорқытпайды, керісінше шабыттандырады. Оларға 100 мыңдап өлген адамдар мен қиратылған қалалар әлі де аздық етеді», - деп сипаттады Невзоров Ресейдің ылаңын.

Айжан Темірхан

Abai.kz

12 пікір