Сенбі, 4 Мамыр 2024
Билік 5557 0 пікір 2 Маусым, 2022 сағат 16:39

Абай шығармаларының ойы мен идеясы қандай болған?

 

 

 

 

 

«Қазақ әдебиеті», «қазақ роман-эпопеясы» десек,  іштей «Абай жолы», «Ұлы Абай» деген жаңғырық пайда болады. Ішкі сезім бойынша, қазақ әдебиетінде одан өзге ақын, ғұлама жоқ сыңайлы күй кешеміз? Ол неліктен? Абайдың осыншалықты қазақ әдебиетінде ерекше орын алуының себебі неде? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Әрине, қазақ әдебиетінде ауыз толтырып айтарлықтай ақын-жазушылар жетерлік. Әрқайсының ойып тұрып алған орындары ерекше. Барлығында болмаса да, іліп аларлықтай ой мен идеясын жеткізе алған, сүйіп оқитын оқырмандарын тауып, әдебиетте өзіндік даралығын паш ете алған қаламгерлер де жоқ емес. Дегенмен, тек қазақ қоғамы емес, көзі қарақты бүкіл ел оқырмандарын елең еткізген Абай Құнанбаевты мойындамасқа болмас. Себебі, алғаш поэзияның тек ауыз әдебиетінде кең таралған уақытында жеке жанр санатында бөліп бергені, қазақ тілінің, бүтіндей ұлттың болашағы үшін күш салғандығы, ел билігіне араласа отырып, аңғал қазақты арашалап қалуға тырысқаны, өлеңнің жаңаша үлгілерін жасап, өзінің стилі мен идеясын төтесінен жеткізе білгенді және одан өзге де сантүрлі әрекеттері еріксіз мойындатады.

Өзіңіз ойланып көріңізші, Абай ауқатты отбасыдан шыққан. Бірақ не үшін соған сеніп, қазіргі кейбір тұлғалар сияқты өз қара басы үшін қызмет етіп, «ішкені алдында, ішпегені артында» боп жүре бермеген? Өйткені, ақында намыс, еліне деген сүйіспеншілік, қайрат-жігер мен ақыл-ой, сана сезімінің жоғарылығы мен көкірек көзінің ояу екендігі ондай әрекетке итермелемеді. Үнемі «оқысам-білсем, қалың ұйқыдағы қазағымды оятып, адамгершілік, имандылықты дәріптеп, өмір мәніне жетелесем» деген асқақ арманмен тоқтаусыз қызмет атқарды. Шетел классиктерін, философтарды оқи отырып, елі үшін, артында қалған ұрпағы үшін поэзияны да, прозаны да жазып қалдырып кетті. «Жазғандарым біреуге болмаса да, біреуге ой салсын, көзі ашылсын» деген ниетпен тоқтамады. Ал бүгінде біз не істеп жүрміз? «Абайдын тілі күрделі», «іш пыстырарлық», «менің жасым «Абай жолын» оқуға жеткен жоқ» деген сылтаулармен өзімізді алтын қазынадан алыстатып жатырмыз. Анам айтатын еді: «Білемін, «Абай  жолы» күрделі, мен оны бірінші рет оқып шыққанда толық түсінбегенмін, кейін екінші мәрте қайталап оқығанда ғана ішіне үңіле бастағанымды сездім. Сол үшін ниетің бар болса, бір оқып қоя салма. Әрекеттен! Түсінбеген сөздеріңді іздеп, қара. Қазақтың сөздік қоры бай. Сол үшін оларды білу саған артық болмайды». Бұл сөздерді мен оныншы сыныпта естіген едім, бірақ әлі күнге дейін жадымда сақталып қалды. Сол себепті, өмірдің мәнін ойлана бастаған, басты мақсатын айқындап, түзу жолды қалаған адам Абайды оқуы тиіс.

Абай шығармашылығы несімен ерекшеленеді? Абай бұрын-соңды көтерілмеген тақырыптарды ашық қозғаған. Бұрын-соңды әдебиетте болмаған жанрларды енгізді. Адамның сыртқы бейнесі емес, ішкі жан дүниесіне үңілетін, болмысты қалыптастыруға күш салатын философиялық лирикалар туғызды. Егер Абай болмаса, кемелділікке, адамгершілік пен толысуды дәріптейтін Абай мектебі қалыптаспас па еді?

Дала философының шығармаларын оқи отыра мен мына дүниені түйдім. Әрине, Абай бала күнінен әділетсіздікті, мансапқұмарлықты, Ресейдің озбырлығын көріп өскен. Сол үшін де ұйқыдағы қазағын оятып, әділдікке, парасаттылыққа жетелегісі келді. Ол үшін бәрін ашық айтып, халықты көтеріліске шақыруына да болатын еді. Не болмаса өзге елге көшіп кетуді жөн көріп, жарылардай болып отырған жұрт ішіне алауыздық салса болатын еді. Бірақ Абай ол жолды таңдамады. Ол жағадан алып жұлысып кетуден мән жоқ екендігін аңғарып, халқының білім алу арқылы көзін ашып, бодандықтан шығу қажеттігін түсінді. Әрі сол үшін де бар ғұмырын арнады. Бұл пікіріме дәлел, ақынның ғақлияларына үңілейік. Солардың ішінен алауыздықты дәріптеген, не болмаса соғысуды құптағандығын байқадыңыз ба? Әрине жоқ. Ғасырдың ғаламат туындысы болған ғақлияның әрқайсында адамды білімге, жан бағуға, өмір мәніне, мақал-мәтелдердің түпкі ойына, есеп беру сынды жақсы әрекеттерге шақыратыны көрініс береді.

«Абайға айтқызсаңыз: «әуелі мал тап» - дейді. Өйтпесе: «Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім, өнер керек екен...»

Өнер-білімді қайдан іздеген жөн?

Абайға айтқызсаңыз: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр... Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті. Оны білгенге дүние арзанырақ түседі» («Абайтану». Таңдамалы еңбектері. І том , 2015 .- 10-11-беттер).

Бұл үзіндіде байқайтынымыз: Бұл сөздердің түпкі тереңінде орысша оқуды үгіттеп тұрған жоқ, өзінің көзін ашып, сондай ерекше философиялық ойға жетелеген орыс тіліндегі білімді алып, қаракөз қазақтың біліммен теңесуін қалаған. Қазіргі күні де «Білекке емес, білімге сенген заман» деген тіркестерді қолданып жатамыз ғой. Ал сол ақылды ғұлама ақын өз заманында-ақ ашып көрсетіп берген. Себебі, өз дұшпаныңа күшіңді көрсеткендік – әлсіздік.

Байқағанымыздай, Абайдың ойы мен идеясының тереңіне бойлау арқылы өмір мәнін, түзу, адал жолды табуға тигізер әсері мол. Абай жырын жаттаған дұрыс. Абай қара сөздерін ұғынып оқып, көңілге тоқыған жөн. Әрі көңілге тоқыған білімді өз өмірімізде қолдана отырып, тірлігімізде бір кірпіш болып қаланса одан өзге артығы жоқ. Оның үйреткен тағылымы мен көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің, әділет пен парасат ұстазы алдындағы перзенттік парызымызды тереңірек түсініп, өтей алғанымыздың бірден-бір әрекеті осы болмақ.

Әр істің өз нәтижесі болады. Бол сияқты ақынның жазып қалдырып кеткен бұл құнды жазбалары да өз нәтижесін беріп келеді. Істің нәтижесінен үміт үзбеу жайлы: «Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседен баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді», - деген екен Абай атамыз.

Жібек Құдайбергенова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1229
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1125
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 864
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1007