Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2727 0 пікір 6 Қараша, 2012 сағат 16:51

Ныспымыз ұлтымызды білдіріп тұратын болсын

«Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін рәсімдеуді реттеу мәселелері» дөңгелек үстеліне қатысқандар осындай тұжырым жасады

«Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін рәсімдеуді реттеу мәселелері» дөңгелек үстеліне қатысқандар осындай тұжырым жасады

Қостанайда «Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін рәсімдеуді реттеу мәселелері» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Қазақстан тәуелсіздігінің елең-алаңындағы ұлттық рух аспандаған жылдары жұртшылық өздерінің ныспысынан орыс отарлауынан қалған «-ов, -ев»,-ова, -еваны» алып тастап, сонау 1924 жылы-ақ Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов айтқандай, «аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты» жаздыруды ойлай бастады. Кеңес Одағы кезінде Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы сияқты тұлғалардың бастаған дәстүрін тәуелсіздік жылдары Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай сияқты ұлт зиялылары жалғастырды. Кейін олардың қатары да көбейді. Бірақ бүгінде ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін жазуда бірізділік сақталмай отыр. Тіпті осы рәсімге «-овты, -евті» алып тастаған соң, әкесінің аты, өзінің аты қайсы екенін білмей шатастырып аламыз деп қарсы өре түрегелетіндер, қазіргі «орысша» дәстүрде жазылған ныспысынан айырылғысы келмейтіндер де жеткілікті. Аты-жөнді жазуда грамматикалық қатесіне байланысты да шұбарлық жетіп артылады. Қайткенде де азаматтардың аты-жөні қазақ тілінің заңдылығына бағынуы керек. Сондықтан тіл мамандары, ғалымдар дайындаған «Қазақ азаматтардың аты-жөндерінің емлесі жайлы» нұсқаулықты ғалымдар талқылады. Оған қостанайлық зиялы қауым өкілдері де өз пікірлерін қосты.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жантас Жақып модераторлық еткен «дөңгелек үстел» мәжілісіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары Б.Әбдіуәлиұлы, Ж.Ағабекова, Халықаралық бизнес академиясының прфессоры С. Иманбердиева, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының онамастика бөлімінің меңгерушісі Қ.Рысберген, ҚР Үкіметінің «Онасмастикалық хабаршы» бюллетенінің редакторы С.Шүкірұлы, Қостанай педагогика институтының профессоры А.Күзембайұлы , М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетнің доценті З.Құламанова қатысты. Олар қазақ азаматтарының аты-жөніндегі жазылуын бірізділікке түсірудегі түйткілдерід тілге тиек етті. Аты-жөніміздің жазылуын дұрыстау тұрғысында айтар ой көп. Алдымен, адам аттарында жазуда грамматикалық емле ережелері сақталмайды. Ғалымдар бір «Әйгерім» деген аттың 14 түрлі жазылып жүргенін айтты. Қазір қазақша сауатсыз адам жоқ. Мұның өзі ұлттық сананың ақсауынан туып отырған көрініс екенінде сөз жоқ. Көптеген есімдерде, мысалы, «Сәлима - Салима» деген сияқты «ә» әрпінің орнына «а» әрпі жазылады. Ғалымдар «ә » әрпі аты-жөнімізге ұлттық реңк беретінін ескертті. Ат қоюда қазекем еліктеу-солықтаудан әлі арылып болған жоқ. Баяғы «Колхозбек, Совхозбек, Шофер» деп ат қойған қазақ, бүгінде де көңіл-күйдің көк дөненін тоқтатпай, жаңа туған нәрестені «Саммитхан» деп атап жіберді. Қыз балаларға Бразилия, түрік көп сериялы фильмдерінің кейіпкерлері, өзге ұлттар атын немесе «Аяна, Даяна» сияқты мән-мағынасыз есімдер беру көбейіп кетті.
- Кісі аты - мәдени мұра, - деді Жантас Жақып. Бала - бүгін нәресте, ертең - еліміздің азаматы. Бала тағдырымен ойнауға болмайды. Сондықтан оған лайықты, ұлттық бояуымыз білініп тұратындай ат берген мақұл.
Аты-жөнімізді бірізді жазуға байланысты отарлық психологиядан әлі батпақтап шыға алмай жүргеніміз жөнінде ақын Ақылбек Шаяхметтің де өз пікірі бар.
- Қазақ қыздары тұрмыс құрғаннан кейін күйеуінің ата-тегін алып жатады. Фамилия деген сөз нәсіл, тек деген мағынаны білдіреді. Фамилия ауыстыру көбінесе некеқияр рәсімі жасаларда жүзеге асады. Ертеде қазақ баласынан ұл болсын, қыз болсын, «кімнің баласысың?» деп сұрайтын. Ол әкесінің атын айтып, «соның ұлымын, не қызымын» демей ме? Ата-тек ешқашан айырбасталмайды. Оны айырбастау сүйекті сатқанмен бірдей. Ендеше осы тек ауыстыру қайдан шықты деп ойланып жатқан қазақ жоқ. Бұл Кеңес заманында орыс халқына еліктеу-солықтаудан пайда болған жаман дағды. Сүйген жарынан міндетті түрде өзінің фамилиясын алуды талап ететін есерсоқ жігіттер де жеткілікті. Отбасы бақыты екеуінің бір фамилияда болуына қарап тұған жоқ. Мұның өзі текті білдіруде жөн-жосықсыздыққа ұрындырады, - дейді ол.
Фамилияны жазуда да бір ізділік жоқ. Оның үстіне «бояушы дегенге сақалын бояп», ныспысының алдына араб тілінен кіріккен «әл» деген артиклді қосатындар немесе ныспысы етіп алған атасының біріккен сөзден тұратын есімін бас әріптермен бөліп жазатындар кездеседі. Нұсқаулықты талдай келе, мәжіліске қатысқандар қазақ азаматтарының аты-жөнін «Арман Қалабекұлы Оспан» деп үш мүшеден бе, әлде «Арман Қалабекұлы» деп екі мүшеден жазу керек пе?» деген мәселені талқылады. Сонымен қатар бірізділік болу үшін адамның аты бірінші, фамилиясы екінші жазылу керектігі де айтылды.
Міне, нұсқаулықтың төртінші талқылануында аты-жөнімізге байланысты көптеген мәселелер көтерілді. Олардың барлығын да пісіріп, нұсқаулыққа енгізіп, алдағы уақытта оол құжаттармен жұмыс істейтін мемлекеттік қызмет көрсету орындарына таратып берілетін болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2115
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2527
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2226
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1629