Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Билік 2554 4 пікір 30 Мамыр, 2022 сағат 16:16

Тежегіш тетік, бәрібір, керек

Бүкіл халықтық таңдау – референдум өткелі жатыр. Соған үн қосайық деген ниетпен қолымызға қалам алдық.

Әуелі, Ата заңды не үшін өзгерткелі жатырмыз, соның басын анық ашып алуымыз керек. Сонда бәрі дұрыс болады.

Мен қателеспесем, алда болатын өзгеріс жаңа Қазақстан құрудың көкейтесті сұранысынан туындап отыр. Алда үлкен саяси реформалар жүргізілу үшін жаңа конситуциялық негіз керек, соның қажеті. Соған бола жасалып жатыр бұл ауқымды редакция. Демек, көне Қазақстанның саяси шешімдеріне құқықтық негіз болған мемлекеттік құрылыстың кейбір тармақтарында бұған дейін артық-ауыс бірдеңелер кеткен. Нақтап айтсақ, президенттің қолына шектен тыс билік жинақталып қалған. Соны өзгертіп, шексіз құзыретке тежеу қою үшін Ата заңға түзету керек. Мұны президент Қасым-Жомарт Тоқтаев биылғы жолдауында анықтап айтты. «Суперпрезиденттіктен бас тартамыз».

Сұрақ туындайды, халық назарына ұсынылып отырған жаңа редакцияда біз суперпрезиденттің биліктен бас тарттық па? Ата заңға жасалған айтақалсын өзгерістерде президент құзыретінің кемуі, әлсіреуі нақты көрініс тапты ма?

Біздің пікірімізше, ондай жағдай болған жоқ. Ондай өзгерістің өзі тұрыпты, көлеңкесі де көрінген жоқ. Қайта әлсіретеміз, басқа билік тармақтарына бөліп береміз деген президенттің тегеуріні одан сайын күшейіп, тағы бір тетікпен толыға түсті.

Өзіңіз білесіз, қолданыстағы Ата заңда президент ел үкіметінің басшысын тағайындайды. Әрине, қос палаталы парламенттің келісімімен. Орынбасарлары, министрлері соның аясында. Жоғарғы соттың төрағасы, бас прокурор, сайлау комиссиясының төрағасын айтпай-ақ қоялық, парламенттіңіздің бір емес, қос палатасының да төрағасын президент ұсынады. Еш қарсылықсыз өтетіні анық. Тағайындау дегеніміз сол. Ал енді не қалды? Ештеңе де қалған жоқ. Облыс әкімдерін орнына қою, орнынан алу деген алдыңғылардың қасында бәкін-шүкін бірдеңе. Көріп отырсыз, тұтас билік бір кісінің (билік тармағының) қолына шоғырланған. Содан барып, алдыңғы биліктің жойдасыз қателігі –  басқасын былай қойғанда, жеке басқа табынудың нақты белгілері көрініс тапқан орынсыз оспадарлық төбе көрсетті. Енді сол тектеусіз кеткен өкілеттіліктің алдын алудың зәрулігі айқын білініп, өзгеріс енгізуге қам жасалып жатыр. Әрине, біздің ойымызша.

Жасырып керегі не, президент Қасым-Жомарт Тоқтаев саяси реформа жасайтынын айтқан алғашқы мәлімдемелерінің бірінде, тұңғыш Ата заңда болған, кейін Назарбаев өзіне тиімсіз болғандықтан, негізгі заңға кезекті бір өзгеріс кезінде бақырайтып қойып көзін жойған «Конситуцилық сотты қайта қалпына келтіреміз» дегенде, қол шапалақтап қуанған едік. Алдыңғы билік тұсында бір қолға шоғырланған тежеусіз құзыретке лайықты тосқауыл қойылатын болды деп. Сонда бекер-ақ қуанған екенбіз.  Көп жылдан соң қайта айланып соққан конситуцилық сот президент билігіне тежеу емес, керісінше пәрменіне пәрмен қосып беріпті. Мемлекет басшысының өкілеттілігін бұрынғыдан бетер күшейтіп, әлеуеттендіре түскен. Қалай дейсіз ғой?

Айталық. Жаңа жобада «Конситуциялық соттың төрағасын президент тағайындайды» депті. Төрағасын ғана емес, төрағаның көрсетуімен төрағаның орынбасарын да. Президент онымен ғана шектелмейді екен, конситуциялық соттың тағы үш мүшесін тағайындайды екен. Қос сатылы парламентке қалғаны –  үш-үштен алты мүше.

Негізі, президенттің шексіз билігін тежейтін жалғыз тетік осы конситуциялық сот болатын. О баста ниет болмады ма, әлде негізгі заңға өзгеріс жасайтын жұмысшы тобының мүшелері Тоқаевты дұрыс түсінбеді ме, бұл мүмкіндік қолдан кетіпті. Ата заңның жаңа жобасындағы осы бап «өткелден» өтіп кетсе, «суперперезиденттіктен бас тартамыз» деген уәде бос сөзге айналады. О бастағы үміт желге ұшады. Әуелдегі алға қойған мақсат та орындалмайды. Сөз басында айттық қой, бұл өзгерістердің неге керек болып отырғанын.

Демек, жаңа жоба өтіп кетсе, президенттің шексіз билігінің сол күйі бір қолда қалғаны. Қатардағы тұңғыш президенттен, яғни, Назарбаевтан, елі сүйген, елін сүйген «Елбасы» жасап шыққан құдіретті мизам – мемлекеттің бас құжаты болашақта, екінші, үшінші, тіпті, мыңыншы «Елбасыларды» сомдап, тұлғалап, соғып шығып жатса, ешкімге ренжемеңіз, ағайын! Өйткені, әтеурлі Ата заңыңыздың кезекті редакциясы да, дәл бұрынғысындай, соған жол ашып тұр.

Қазақстан республикасының бір азаматы ретінде біздің ойымызша бұл бұлай болмауға тиіс. Конситуцияның ісжүзінде орындалуын қадағалайтын тегеуірінді билік тармағы – конситуциялық соттың төрағасын тағайындаудың билігін президентке емес, парламентке беру керек. Өйткені, ол (парламент) халық билігінің жүзеге асып, халық үнінің естілетін жері. Халық өкілдері бас қосқан құзытетті орда. Онсыз да оның (қос палаталы парламенттің) төрағасын президент ұсынады, яғни, тағайындайды. Қайда барады президенттен асып? Олар онсыз да «Үлкен кісінің» сызған сызығынан шыға алмай, қол бала болып келді емес пе осыған дейін. Оған аз да болса өзіне сай билік берілуі керек. Бұл осы жолғы үлкен мақсаттардың бірі «ықпалды парламент» тұжырымына да сәйкес келеді.

Ата заңның орындалуын қадағалайтын Конситуциялық соттың төрағасын тағайындауды парламентке беру керек деуіміздің тағы бір себебі, Ата заңды кім бұзуы мүмкін? Қазіргі жағдайда, бүгінгі күнге дейін, оны жалғыз ғана билік тармағы бұза алатынына көзіміз анық жетті, және одан аузымыз оңбай күйді, ол –  ең жоғарғы атқарушы билік. Алдыңғы биліктің не істегенін еске алсаңыз, бәрі түсінікті болады. Басқа тармақтар бұзған күннің өзінде, салдары кем, жарасы жеңілдеу. Бұзау мөңкіп не істемек тал түсте?!

Бұл жердегі әңгіме қазіргі президент Тоқаев туралы емес. Ол кісіге мұның ешқандай қатысы жоқ. Білулеріңіз керек, біз «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз», одан кейінде талай-талай президенттер келеді. Олардың кім екенін, пенде болған соң дандайсуы мүмкін, билікті алған соң кім болып құбылатынын қайдан білесіз? Ал бір кісідей білеміз деген, тұтас ел болып үміт артқан, қолымызды ұшпаққа жеткізеді деп жаппай қолдау білдірген алдыңғы кісі кім болып шықты соңында? Ойлану керек. Қалай болғанда да, президенттің құзыретін тежеу керек.

Солай болғанда, бәрі оң болады. Солай болса, жаңа ғана айтқанымыздай, болашақта парламенттің ықпалы артады. Биліктің үш тармағындағы осыған дейін тым әлсіз болып келген заң шығарушы орғанның құзыреті аз да болса кеңейеді. Ең бастысы, президенттің халыққа берген уәдесі орындалады. Оған деген көптің сенімі орнығады.

Шынын айтуымыз керек, қазіргі парламенттің күні күн емес. Президент әкімшілігінің бір бөлімі секілді. Оның жол-жорығынсыз не белден басып заң қабылдай алмайды, не ел үкіметін алдына шақырып алып, есеп ала алмайды. Үкіметбасын орнынан алу балай тұрыпты, министрдың орынбасарын жылы орнынан жылжытуға қауқарсыз. Бар болғаны, ескерту жасап, ұсыныс енгізумен шектеледі.

Ақыр парламент туралы сөз қозғадық қой, жаңа Ата заңның жаңа редакциясындағы оған қатысты тармақтарға да тоқтала кетейік. Бұл тараптағы біздің көзімізге түскен жалғыз жаңалық –  бұрынғы Есеп комитеті енді Есеп палатасы болып қайта құрылып, парламентке жылына екі рет есеп беретін болыпты, осы ғана. Парламент үшін тым мардымсыз өзгеріс. Қолдауға болмайды мұны.

Біздің ұсынысымыз, үкімет халық өкілдерінің бас қосқан жері ретінде парламентке де бюджеттің орындалуы, басқа да істер туралы тікелей есеп беруі керек. Сонда ғана бюджетті қабылдаған орғанның атқарушы билік алдындағы беделі артады, десі жүреді, ықпалы күшейеді. Әйтпесе, ренжімеңіз, үкіметтің бұған дейін істеп келгеніндей, депутаттардың сұрағына сырғытпа жауап беріп, жүре тыңдағаны тыңдаған.

Есеп комитеті кезінде, парламент мүшелерінің заңдық, экономикалық, есеп-қисаптық сауаты төмен кезде құрылған аралық орған болуы мүмкін. Өзге елдерде бұл жұмысты парламенттің әлеуметтік істер жөніндегі комитеті арқарады. Олар бюждеттің атқарылуын бақылаудай аса маңызы қызметті өліп бара жатса басқаның қолына бермейді. Оларды сондықтан да кәсіби парламент дейді. Біздің парламент те келешекте сондай кемелділікке ұмтылуы керек. Заң шығару жұмысымен ғана айналысып, құлақ молдасы болып отыра бермей, Ата заңды редакциялау ісіне де белсе аралысып, өзінің заңды құқығын қорғауы, жоқ болса, талап етуі керек. «Жыламаған балаға емшек қайда?» деген қанатты сөз осындайда айтылады. Біздің парламент дүниедегі ең можантомпай парламент екені белгілі. Ал ұмтылмаса, серпілмесе, сол босбелбеу, пәрменсіз қалпында қалғаны қалған.

Сол үшін біз, екінші кезекте, парламентті ықпалды етеу үшін, халық өкілдерінің бас қосқан жері ретінде, оған сайлау комиссиясының төрағасын тағайындау құқын беруді ұсынамыз. Әрине, төраға ұсынып, қалған халық қалаулылары дауыс беру арқылы анықтауы керек. Сонда сайлау комисиясының беделі көтеріліп, сайлаушылардың дауыс беруге деген тым сұйылып кеткен ынтасы қайта оралады, белсенділігі артады. Бұлай еткенде, және, ана-мынаны сылтау етіп тақта тым ұзақ отырып алған алдынғы биліктің қателігіне жол ашқан тарихи олқылықты түзеп, әділеттілікті орнына келтіруге болар еді. Сталин айтыпты деген «Дауысты кімнің бергені маңызды емес, бюллетеньді кімнің санағаны маңызды» деген коммунистердің «ұлттық ұранын» ешқашан ұмытуға болмайды.

Енді «есеп беретін үкімет» тұжырымдамасына келейік. Үкімет президентке есеп береді. Айтып жату артық. Өзін зор лауазым ғана емес, елдегі екінші, қолынан нақты іс келетін, қиын күрмеулерді шеше алатын құзыреті бар қызметке ұсынған кісіге есеп беріп, не болып жатқанын баяндамай көрсін, қане, бір-ақ күнді төрт аяғы көктен келсін. Болды. Басқа ешкімге есеп бермейді. Тек бюджетті өткізетін кезде ғана сәл кішірейіп, парламенттің алдына барып, сұрағандырына хал-қадірінше жауап беріп, көз майын таусып жасаған бас жоспарын өтікіп алса, болды, одан кейін құйрық ұстатпайды. Бұл, әрине, дұрыс емес. Әлгінде де айттық, ол (үкімет) парламент алдында да, бір жылда екі рет болмаса да, бір рет есеп беруі керек. Ал Есеп комитетінің сырттай жасаған жанама есебі есеп емес, бос сөз. Үкіметтің өз аузынан тікелей жауап алу керек.

Сөзді қорыта келе айтарымыз, қолданыстығы қазіргі Ата заңның авторы Назарбаев болса, қаласын, қаламасын, өзгеріс енгізілген Конситуцияның авторы Тоқаев болады. Өйткені, бұл сол кісінің билігі кезінде, сол кісінің бастамасымен өңделіп, «өткелден» өткелі тұр. Заң тармақтары қатысты мамандардың қолымен жазылып жатқанымен, жұмыс сол кісінің ниетімен, жол-жорығымен атқарылуда. Егер жоба сауатты, кемелді жазылмай, келер ұрпаққа жүк қалдырып кетсе, құдды бүгінгі Назарбаевтың үлкен жауапкершілік арқалап, сүйкімі кетіп жатқаны секілді, ол кісі де жауапкершілік арқалап қалады. Сондықтан, алдынала ойланып, ұзақ болашақты назарда ұстап, көрегендік танытуы керек – жұртқа зарбады тиетін қажетсіз әурешіліктен аулақ болуға тиіс.

Жоғарыда айтқан ұсыныстарымыздың маңызын толық түсіне алмағандарға мына жайды мықтап есте ұстауды ескертеміз. Құқықтану ғылымының тарихымен танысып шыққан кез келген адам бір ақиқатқа анық көз жеткізеді екен: демократия, сөз бостандығы, адам құқы атаулының жалғыз жауы ежелден бері билік болып келе жатыпты. Билік көрпенің шетін өзіне қарай тартқан сайын, бұқара халықтың еркіндігі шектеліп, қысыла түседі екен. Содан барып көптің қарсылығы, заңды талабы туындаса керек. Бір сөзбен айтқанда, адамзаттың ұзына тарихы – қара халықтың өзіне тиесілі құқығын, бостандығы, еркіндігін өз қолына алуға деген талпыныс тарихы екен. Біз де, басқалар да ешқашан қаперден таса қылмайтын-ақ жағдай.

Серік Нұғыман

Abai.kz

4 пікір