Жұма, 26 Сәуір 2024
1799 11 пікір 17 Мамыр, 2022 сағат 13:33

Құлекеев: «Елбасының жақсы атын сақтап қалған дұрыс»

Бұрынғы Экономика және сауда, кейіннен Білім және ғылым министрі қызметтерін атқарған экономист Жақсыбек Құлекеев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты ойын айтып, «Елбасының жақсы атын сақтап қалған дұрыс», - деп пікір білдіріпті. 

Бұл туралы Құлекеев мырза «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұқбатында айтқан.

Экс-министрдің пікірінше, халықтың Назарбаевқа кешірімді болғаны жөн. Ал, оның отбасы мүшелері мен жақындарына қатысты күдік, қылмыстық тексеру әділ жүру керек.

- «Қолымыздан келетін болса, егемендік үшін, келешек ұрпақ үшін о кісінің жақсы атын сақтап қалған дұрыс. Елбасы мен оның айналасында жүрген адамдардың озбырлығын немесе қылмысын бөліп қараған жөн деп ойлаймын. Президенттің ұстап отырған саясаты да сондай. Мемлекет үшін, болашақ ұрпақтар үшін, егемендіктің туын берік қылу үшін Назарбаевтың атқарған рөлі өте жоғары. О кісіні қазір қорлайтын болсақ, ол – егемендікті қорлағанмен бірдей нәрсе. Сондықтан бұл тұрғыда мен халықтың елбасыға кешірімді болғанын қалар едім.

Ал, отбасының жақын мүшелері мен отбасыға жақын азаматтар, сол кісінің жанында жүріп көп пайдасын көрген азаматтарды кешіру-кешірмеу жасаған іс-әрекеттеріне, қылмысына байланысты», - дейді экс-министр.

Сондай-ақ ол, экс-президенттің де қоғамдық пікірге алаңдайтынын айтыпты.

- «Елбасы да пенде, ол да әке. Ол да ата. Немере, шөбере сүйіп отыр. Отбасының айналасындағыларға қатысты қоғамда айтылып жатқан пікірлерге о кісі алаңдамайды екен, қынжылмайды екен деп айту өте қиын. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам ғой. Меніңше, о кісіні дәл қазір табалаудың қажеті жоқ», - дейді Құлекеев.

Одан бөлек, экс-министр Қасым-Жомарт Тоқаевпен байланысы туралы да пікір білдірген. Айтуынша, Құлекеев түрмеден шыққан уақытта (2008 жылы пара алу мен қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін үш жыл бас бостандығынан айырылған) сол кездегі Сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев үйіне шақырып, қонақ еткен.

- «Мен түрмеден шыққан уақытта қазақ болған соң, әрине, жақын туыстарым, айналам шақырып шай беріп жатты. Ал бұрынғы қызметтес болғандардың ішінде үйіне шақырып бірінші шай берген азамат – Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол кезде Тоқаев Сенат төрағасы еді. Түрмеден шығып келген мені үйіне шақырып дастархан жайды. Екеуміз кешкі сағат 6-дан түнгі 2-3 ке дейін ұзақ отырып әңгімелестік. Содан кейін мемлекет мәселелері, қабылданып жатқан шешімдер бойынша пікірімді сұрады», - деп еске алды ол.

Айта кетейік, 2020 жылдың наурыз айында Президент Тоқаев  «Қазмұнайгаз инжиниринг» компаниясы бас директорының кеңесшісі Жақсыбек Құлекеевті қабылдап, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі мәселелерді талқылаған болатын.

Abai.kz

11 пікір