Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 9375 0 пікір 19 Сәуір, 2022 сағат 15:54

Қазақ отбасындағы гендерлік теңдік мәселесі

Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету әлемдік қоғамдастықтың бірқатар негізгі даму индекстеріне енгізілген және кез келген заманауи мемлекеттің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Қазақстанда бұл бағытта елеулі жұмыстар атқарылуда, іргелі халықаралық актілер ратификацияланды, тиісті ұлттық заңнамалық база құрылды, іске асыру құралдары енгізілді.
Қазақстанның 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының мақсаттарының бірі мемлекеттік сектордағы шешімдер қабылдау үдерістеріне тартылған әйелдердің үлесін арттыру болып табылады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1325 қарарында және оған ілеспе бағдарламалық құжаттарда әйелдерді қақтығыстардың алдын алу және шешу, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысына белсендірек тарту ұсынылды.
Гендерлік саясатты іске асырудың басқа да маңызды құрамдас бөліктері гендерлік көзқарасты қалыптастыру және қоғамда, оның ішінде қазіргі қызметкерлер арасында теңдік идеологиясын насихаттау болып табылады.
Гендерлік теңдікке қатысты өте қызық жағдай қалыптасты. Әрбір төртінші ер адам әйелдер мен ерлердің құқықтары мен мүмкіндіктері тең болуы керек деген тұжырыммен келіспейді. Ал бұл пікірмен келіспейтіндер өздерін терең діндар санайтын еркектердің арасында көбірек: діндар ерлердің 36 пайызы әйелдің отбасында ер адам сияқты құқықтары мен мүмкіндіктері болмауы керек деп санайды. Бұл Қазақстанда жасалған арнайы зерттеуде шыққан нәтиже.

Бұл мәселе бойынша ең жоғары көрсеткіштер Түркістан облысы, Шымкент қаласы және Батыс Қазақстан облысында кездескен. Әйелдер мен ерлердің көпшілігі жақсы әйел күйеуінің пікірімен келіспесе де, оның пікірі мен шешіміне ешқашан күмән келтірмейді деген ойда. Әйелдердің 61 пайызы және ерлердің 80 пайызы күйеуінің айтқанымен келісу керек деп есептейді. Қалған 36 пайыз әйелдер мен 18 пайыз ер адамдар бұл пікірмен келіспейді. Олар отбасында әйелдің де өз пікірін білдіру және шешім қабылдау құқығы болуы керек деп санайды. Бала күтімі ананың міндеті деген пікірді көпшілік ерлердің 68%, әйелдердің 64% құптайтын көрінеді.

Ең өкініштісі: «Әйел өз отбасын сақтап қалу үшін зорлық-зомбылыққа төтеп беруі керек» деген пікірді әйелдердің тоғыз пайызы айтады, яғни әрбір оныншы әйел «жанұясын сақтап қалу үшін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзе білу керек» деп есептейді.

Бірақ сонымен бірге ерлер мен әйелдердің абсолютті көпшілігі (ерлердің 68 пайызы, әйелдердің 83 пайызы) Қазақстанда әйелдер мен ерлердің теңдігіне қол жеткізу үшін одан әрі жұмыс істеу керек деп санайды. Ерлер мен әйелдердің көпшілігі отбасында жақсы қарым-қатынаста екенін атап өтті. Бірақ әлі де проблемалар бар және отбасылық өмірдегі ең көп кездесетін мәселелер қаржылық қиындықтар екенін де айтқан.

Осылайша елімізде отбасылық жағдайдағы гендердік мәселелер бар, алайда оларды шешу жолдары мен әдістері қаралуда.

Abai.kz

0 пікір