Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2466 0 пікір 7 Қараша, 2012 сағат 08:41

Есбол Өміржанов. Мемлекеттің дін ісіне араласуы орынды ма?

Англияның тұман басқан көңілсіз күзін жатырқап жүрген менің назарымнан  өзге елдегі әрбір ұсақ-түйек нәрселер де тыс қалмады. Өзге ағылшын қалалары секілді Бирмингемдегі де жергілікті халықтың сырттан келушілерді жақсы қабылдауы, қаланың тазалығы, қызмет көрсету сапасының жоғарылығы, автобустардың асықпай, өз уақытында жүруі (Алматыдағы автобус жүргізушілерінің бассыздықтарынан әбден запы болғандар үшін мұндағы автобус жүргізушілерінің кішіпейілділігі таң қаларлық жағдай болып көрінуі мүмкін) және т.б. жағдайлар біздің әлі де европадан үйренеріміздің көп екендігін аңғартқандай болды. Бірақ, мұнда да этникалық топтардың нақты бір аудандарда мекендеуі, дін таратушыларға шек қойылмауы сияқты мен үшін ұнамсыз жағдайлар көрініс беріп жатады екен. Бірде автобуста отырған маған қоңырқай қыз күлімсіреп келіп кішкене парақшаны ұстатты, онда «Егер сіз бүгін өлер болсаңыз баратын жеріңіз жұмақ па, әлде тамұқ па?» деген сөздер үлкен әріппен жазылған екен. Әлгі қыз маған парақшада көрсетілген адресті көрсетіп өзге ештеңе айтпастан алғысын білдіріп ары қарай өтіп кетті. Осыдан аз ғана бұрын университет саябағында отырғышта отырғанымда қоңырқай студент жігіт күлімсіреп келіп, әдемі безендірілген буклет ұсынған болатын. Онда да сол Иса пайғамбардың ұлылығы жайлы баяндалады, астында міндетті түрде телефон мен адрес көрсетілген.

Англияның тұман басқан көңілсіз күзін жатырқап жүрген менің назарымнан  өзге елдегі әрбір ұсақ-түйек нәрселер де тыс қалмады. Өзге ағылшын қалалары секілді Бирмингемдегі де жергілікті халықтың сырттан келушілерді жақсы қабылдауы, қаланың тазалығы, қызмет көрсету сапасының жоғарылығы, автобустардың асықпай, өз уақытында жүруі (Алматыдағы автобус жүргізушілерінің бассыздықтарынан әбден запы болғандар үшін мұндағы автобус жүргізушілерінің кішіпейілділігі таң қаларлық жағдай болып көрінуі мүмкін) және т.б. жағдайлар біздің әлі де европадан үйренеріміздің көп екендігін аңғартқандай болды. Бірақ, мұнда да этникалық топтардың нақты бір аудандарда мекендеуі, дін таратушыларға шек қойылмауы сияқты мен үшін ұнамсыз жағдайлар көрініс беріп жатады екен. Бірде автобуста отырған маған қоңырқай қыз күлімсіреп келіп кішкене парақшаны ұстатты, онда «Егер сіз бүгін өлер болсаңыз баратын жеріңіз жұмақ па, әлде тамұқ па?» деген сөздер үлкен әріппен жазылған екен. Әлгі қыз маған парақшада көрсетілген адресті көрсетіп өзге ештеңе айтпастан алғысын білдіріп ары қарай өтіп кетті. Осыдан аз ғана бұрын университет саябағында отырғышта отырғанымда қоңырқай студент жігіт күлімсіреп келіп, әдемі безендірілген буклет ұсынған болатын. Онда да сол Иса пайғамбардың ұлылығы жайлы баяндалады, астында міндетті түрде телефон мен адрес көрсетілген. Екі жағдайда да олар маған парақшадағыларды түсіндіріп, жол көрсетуге тырыспады, мүмкін адамдардың құқықтарына қол сұқпау жағын да жадында ұстағандары шығар.  Мұндай жағдайға етім үйреніп кеткен маған оның ешқандай әсері де болған жоқ, тек миссионерлердің өз мақсаттарынан айнымай қай жерде болса да адамдарды өздеріне тартуды жалғастыра беретіндігіне қайран қалдым. Әлгі діни парақша таратушылардың біздің елдегі өзге дінге кіріп, дін таратушы солдаттарға айналған қаракөз қарындастарымыз бен әпке, аналарымыздан басты  айырмашылығы олардың адамдардың мазасын алмайтындығында, олар тек жарнама таратушылар секілді парақшаны ұсынады, алу, алмау адамның өз еркінде және бұл ешқандай да адам құқығына қол сұғу болып табылмайды.  Алматыда үйіме есік қағып келіп, телефон шалып, көшеде жеңімнен тартып тоқтатып өз құдайы жайлы әңгіме бастайтын қандастарымыз адамның құқығы жайлы еш бас қатырып жатпайтын, мүмкін оларды даярлықтан өткізгенде біздің азаматтарымызға қатысты құқық мәселесін ойланудың қажет еместігі де айтылатын болар. Сәйкесінше, адамдар да оларға қатысты әртүрлі қатынаста болатын, өз басым оларға  қаншама ренжіп, наразылық білдіріп жатсам да күлімсіреп  тыңдап тұрып сен сөзіңді аяқтаған сәтте өз әңгімесін жалғастыра кетуші еді. Мен олардың ар-намыс пен адамдық ұстанымдардан қалай айрылып тек дін таратушы робот күйге енгеніне қарап ішім ашитын еді. Шындығына келгенде жеке өміріңе қол сұғып, демалыс уақытыңды дұрыс өткізуіңе мұрша бермейтін діни ағымдардың теріс әрекеттері 11 қазан 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданғаннан кейін ғана сап тыйылды. Қаншама адам сол өзгерістер енгізілгенге дейін арсыз діни ағымдардың салдарынан зардап шекті,  ең бастысы дін таратушылардың жеке адам құқықтарын таптап, олардың дем алуға деген құқықтарын бұзғаны, тұрғын үйлерге кіріп олардың меншік құқықтарын аяққа таптағаны жайлы еш жерде айтылмайды.

Жалпы дін туралы сөз қозғағанда барлық нәрсе сияқты, оның екі жағы барлығы назарда болуы шарт. Дін - қоғамдағы тұрақтылықты, тәртіпті, кішіпейілділік пен мейірімділікті қамтамасыз ете алады, тіпті заң мен дінді қатар алсақ, адам үшін маңыздысы дін екендігі даусыз. Себебі, заңды бұзғаны үшін ол мемлекет алдында жауап берсе, дінді бұзғаны үшін құдай алдында жауапты. Сәйкесінше, заңды ешкімге білдірмей бұзуға болатын болса, дінді бұзу ісін құдайдан жасыра алмайсың. Осыдан да болар адамдар үшін діннің маңызы аса зор. Мемлекеттің заң мен дінді ұштастыру тәжірибесі мұсылман елдерінен мәлім, тіпті, өсімге қарыз бермеу қағидасы мұсылман елдерінің қаржылық дағдарысты бастан кешірмеуіне сеп болғанын кезінде бүкіл әлем мойындаған болатын.

Діннің құдыреттілігі сол, ол бірге туған бауырлардың әртүрлі дінге бас ұрып, өзара дінге байланысты араздасып, бір-бірін өлтіріп, тұқымын жойып жіберуіне дейін жеткізе алатын құдырет. К.Маркс кезінде дінге бас айналдыратын апиын ретінде баға бергендігі тегін емес, шындығында да дін адамның санасын түгел жаулап алған кезде оны басқару дін таратушылар үшін оңай шаруаға айналады. Әрине, ол елдің аумағына кең тараған дін болса, бұл мемлекетті басқару  үшін үлкен көмек болар еді. Ал, ол - басты мақсаты ұлттық мүддемен сай келмейтін деструктивті күштер тарататын дін болса ше?

Жалпы жер бетіне діндердің таралу тарихына көз жүгіртсеңіз, олардың басым көпшілігінің тарату аймағында бейбіт түрде жүзеге асырылмағанына куә боласыз, көпшілік жағдайда қан төгілді, кей елдер екіншілердің боданына айналды, ал бодан болғандар біртіндеп күшпен өзге дінге тартылды. Жаулап алушылар жергілікті халықты өз еркіне бағындырудың ең оңай тәсілі ретінде дін таратуды таңдап отырды. Себебі, басқыншылардың діні мен тілін, ділін қабылдаған ұлттар мен ұлыстар біртіндеп азаттық алу идеясынан өз еркімен бас тартатындығы айқын еді. Тарихта отарлаушы мемлекеттер өздеріне қарсы шыққан қандас туыстарды бір-біріне жау ету үшін дінді пайдаланғанын жақсы білеміз, кезінде Үндістанның екіге бөлінуі мұның нақты дәлелі бола алады. Діннің құдыреттілігі сол біте қайнасып жатқан туыстас халық екіге жарылып, бір-бірін аямай қырып, бітіспес жауға айналды. Бұдан кейінгі кездері АҚШ өзіне ұзақ жылдар берілмеген қас дұшпаны Иракты да осы дін арқылы тізе бүктірді, мұнда тіпті бір мұсылман дінінің екі тармағы бір-біріне қарсы қойылды. Яғни, бір діндегі адамдардың өзі  өзара жау бола алатындығы тәжірибеде дәлелденді, ол үшін тек ақпараттық, қаржылық, идеологиялық қолдау болса жеткілікті. Мұның өзі халықтың әртүрлі ағымдар мен секталарға бой ұруының болашақта сыртқы күштердің қолдауымен үлкен қантөгістерге алып келе алатындығына дәлел бола алады.

Бүгінгі күні де дін тарату ісі әлі жалғасын табуда, әртүрлі мемлекеттер, діни ұйымдар нақты бір аумақтарда өз ықпалын күшейтіп, сол аумақты өз бақылауында ұстау үшін, тіпті бір мемлекеттің аумағын бөліп алу үшін де қаншама қаржы салып, дін тарату ісін жүргізуде. Бұрын өзге елдерді жаулап алу қара күштің ісі болса, ендігі жерде түрлі қулық сұмдықты игерген жаулап алушылар өздерінің жаңа аумақтарды игеру бағдарламаларына дінді басты құрал ретінде енгізді. Әсіресе, бұл іс өз діні мен ділінен, тілінен ажырап қалған ұлттар мен ұлыстар тұратын аймақтарда мықтап қолға алынуда. Мұндай аймақтың бірі өзіміздің қазақ елі де азаттық алған жиырма жыл ішінде қаншама діни ағымдар мен секталардың меншікті мекеніне айналып үлгерді. Кезінде атын білмейтін нешеме діни ағымдар мен секталар біртіндеп қазақ қоғамына кірігіп, олардың ортасында өз қауымдастықтарын құрып алды. Бүгінгі күні дінге байланысты сөз қозғалғанда өз құқықтарының жерге тапталғаны жөнінде аттандай жөнелетін де өзге дінге ілескен қандастарымыз екендігі көңілге кірбің ұялатады.

Дін мәселесі, ұлтты сақтау мәселесі тіпті ғасырлар бойы өзгелерді жаулап алып, өктемдік жүргізген, тілі әлемдік тілге айналған ағылшындар үшін де өзекті мәселе екендігін білгенде мен біраз таңдандым. English Defence Leagua (EDL), British National Party (BNP) сияқты ұйымдардың ағылшын елінде құрылып, ағылшындар тарапынан қолдауға ие болуы, өзге діндердің өз жерінде орын алуына байланысты әртүрлі наразылық акцияларын ұйымдастыруы қарапайым ағылшындардың өз ұлтының болашағына алаңдаушылығын, бүгінгі демократиялық мемлекеттің діни бейтараптық саясатына наразылығын көрсете алады. Мұның өзі күндердің күнінде бұл елде де билік басына аталмыш ұйымдардың ұстанымдарына оң көзбен қарайтын адамның келуі біраз нәрсенің өзгеруіне алып келетіндігіне меңзейді. Бұл елдердің мемлекет құраушы ұлтының негізгі мақсаты өз елінде өзге діндердің, әсіресе исламның көп таралып, өзге ұлттардың көпшілікке айналмауы болып отыр.

Жетпіс жыл бойы тілі мен ділі, діні аяққа тапталып, ұлттық рухы мұқалып, Яссауидің кім  екенін ұмытып дүбәрә күйге түскен қазақ қоғамы үшін бостандықпен бірге демократия, адам құқықтарының абсолюттілігі сияқты ұғымдар қатар келді. Қаншама уақыт құдайдың барлығына күмән келтіріп, атеистік бағытта тәрбие алған қазақ тілді қандастарымыз ендігі жерде өз ата діндеріне бас қоя бастады. Бірақ, қазақ халқы үшін сан ғасырлар серік болған Әбу Ханифа негізін салған мектеп жамағаты ендігі жерде ислам деп ата-бабамыздан бізге жақындығы жоқ өзге ұлттардың ұлттық ерекшеліктеріне сай құрылған мектептер мен ағымдарға, секталарға бас ұрды. Діни сауаттың болмауы қарапайым халықты өз бағытынан адастырды, мұсылмандыққа бас ұрдық деп елімізде бұрын атын естімеген ислами діни ағымдардың жетегінде кеткен қандастарымыз ендігі жерде бір-бірін жат көріп, ата-бабадан қалған салт-дәстүрлерден жерініп жүр. Тіпті айдың күннің аманында мақсат-мүддесі қазаққа жат діни ұйымның мүшесі болған ұл-қыздар ата-анасы мен бауырларынан безіп, өздерін хақ діннің жолындағы тақуа санап, пайғамбар дәуіріндегі өмірді насихаттап жүргені жасырын емес. Жалпы діннің басты қағидаларының сақталып кейбір мәндік емес формалық  тұстарының ұлттың ерекшеліктеріне байланысты бастапқыда дін таратушы ұлт ұсынған сипаттан өзгеріске ұшырауы табиғи құбылыс. Осы тұрғыдан алып қарағанда ғасырлар бойы Әбу Ханифа мектебін басшылыққа алған қазақ қоғамы үшін өзге мектеп өкілдерінің сын айтуы, болмаса ата-бабадан қалған салт-дәстүрлерді жоққа шығаруы үлкен қателік деп тұжырымдауға болады.

Ал кеңестік саясат салдарынан тілі мен ділінен, дінінен толықтай ажырап мәңгүрт қалпына түскен қазақтар болса батыстан келген миссионерлер тарапынан жүргізілген үгіт насихатқа ұйып, бөтен діндер мен секталардың жамағатына айналып үлгерді. Осы жағдайларға саралау жасасақ осыншама дін мен діни сектаның елімізде кең қанат жаюына халықтың діни сауатының төмен болуы әсер еткеніне көз жеткізесіз. Дінге қатысты ақ парақ сияқты күйдегі адамдар санасына әртүрлі діни ұйымдар өз жазбасын енгізіп, ендігі жерде елімізде өз жамағаты бар іргелі діни ұйымдарға айналып үлгерді. Қазақ ұлтының ұлт ретінде сақталуының басты шарты оның тілі, ділі мен дінінің біртұтастығы екендігін ескерсек, ендігі жерде ұлттың нақты ата баба ұстанған діни жолға бірігуін қамтамасыз ету басты міндет болып тұр. Қазақстан өз алдына мемлекет болған уақытта елді басқарушылардың діни сауатының төмен болуы, діннің алапат күш екендігін мойындамауы бұл саланың бейберекет, өз алдына дамуына жол ашты. Зайырлылық қағидасына сүйеніп, мемлекеттің дін ісіне араласпауы, дінге бақылау жасамауы Қазақстан сияқты тарихи қалыптасқан дәстүрлі дінінен ажырап қалған ел үшін тиімсіздігін дәлелдеді. Нәтижесінде, қазақ қоғамында бұрын тек теледидардан көретін шаһидттардың орын алуы (Тараздағы оқиға) біздің халықтың да өзге халықтар сияқты дінге беріліп, жекелеген діни ағымдардың жеке мақсаттарының құралына айнала алатындығын дәлелдеді. Бүгінгі күні қазақ қоғамында орын алып жатқан дінмен байланысты түрлі қайшылықтар мен түсініспеушіліктер бұл араға мемлекеттің міндетті түрде араласуын талап етеді. Сондықтан, бетімен кетіп бара жатқан діни ахуалды түзеу үшін жаймашуақ, жайбарақат саясат ұстану халықтың болашағына немкетті қараумен тең. Мемлекет бұл мәселеде өзінің өз елінде қожайын екендігін көрсетіп, қатаң саяси ұстанымда болуы тиіс. Бұл ең алдымен әртүрлі сорақы әрекеттері үшін өзге елдерде жұмыс жасауына тыйым салынған түрлі діни ағымдар мен секталарға байланысты. Егер өзге елдер олардың қызметін өз ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп тапса, олар қалайша біздің халық үшін тиімді жұмыс жасауы мүмкін.

Елімізде дінді жамылып әртүрлі пиғылда жұмыс істейтін ағымдардың қазақ жастарының басын айналдырып, оларды тек берілген бұйрықты орындаушы кейпіне түсіруі, көптеген отбасылардың мүшелерінің әртүрлі діни ағымға кіріп, бір бірінен ажырасып жатуы, қаншама адамның діни секта мал мүлкін тартып алуы, ең ақыры қаншама адамның террорист ретінде көздерінің жойылып жатуы бізде жүргізілген бейтарап діни саясаттың нәтижесі болып отыр. Кезінде  марқұм Жағда абыз біздегі діни саясатты «бір дастархан басына қойдың, иттің, шошқаның басын қатар қойып, ал енді тамақтанайық дегенмен тең» деп сипаттаған еді. Шындығында да дін адамдарды бір-бірінен алшақтатады себебі, әр діннің өз мақсаты, өз ұстанымы бар ол өзге діндермен өзара кірігіп кетуді үндемейді. Әртүрлі діндегі адамдардың бейбіт қатар өмір сүруіне мемлекет қана кепіл бола алады. Ал олардың арасындағы араздық шарықтау шегіне жеткенде мемлекеттің өзі де дәрменсіз қалыпқа түсері сөзсіз. Ұзақ уақыт бойы адам қоғамына кіріккен дәстүрлі діндер қан төгуге, төзімсіздікке шақырмайтындығы анық, дегенмен, бір адаммен байланысты өріс алып мақсаты пайда табу, үстемдік орнату, мемлекетті жою сияқты діни ағымдар діни төзімділік мәселесін уақытша пайдаланғанымен кезі келгенде өз мақсаты жолында ашық күреске шығатыны анық.

Еліміздегі діни ахуалды түзеу үшін мемлекет өзінің зайырлылық қағидасынан бас тартпастан дін ісіне белгілі шекте араласу арқылы (11 қазан 2011 жылғы №483-IV «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң) бұл салада жаңаша модель қалыптастыруға бет алды. Дәл қазіргі жағдайда еліміздегі орын алған жағдай өзіндік қайталанбастығымен ерекшеленеді, сондықтан дін турасында өзге елдердегі нақты бір модельді пайдалану қателікке ұрындыруы мүмкін. Бұл мәселеде мемлекет зайырлылық қағидасы шегінде қазақ ұлтының басын біріктіруші дінге  заңмен нақты басымдық бере алмаса да өзінің ұстанған саясатында аталмыш діннің ерекшеліктерін негізге алуы тиіс. Жалпы алғанда көп ұлттылық сипаттағы қазақ еліне үңіле қарасақ ондағы халықты  ұлттық сипатына қарай екіге бөлуге болады бірі түркі тілдес ұлттар болса екіншісі славян ұлттары, ал қалған ұлттар мен ұлыстар пайыздық өлшеммен алғанда азшылық болғандықтан мемлекет те осы негізгі ұлттардың ұстанатын діндеріне арқа сүйегені абзал. Яғни қанша жерден қарсы тұрып, өз уәжін ортаға саушылар болса да саны басым, мемлекет құраушы қоғам мүшелерінің мүддесі мемлекет үшін алдыңғы орында тұруы тиіс. 11 қазан 2011 жылғы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның кіріспе бөлігінде мемлекеттің исламдағы ханафи бағытын және православтық христиан діндерінің халықтың рухани және мәдине өмірін дамытудағы мойындайтындығы жазылды.Дегенмен, бұл аталмыш діндерге ешқандай артықшылық бермейді, бұл осы заңдағы алтыншы бап, діни сараптама мәселесінде айқын көрініс табады, онда діни сараптаманың дінтану саласында нақты білімі бар тұлғалармен, қажет болса мемлекеттік органдар қызметкерлерін немесе өзге мамандарды тарту арқылы жүзеге асырылатыны белгіленген. Біздің ойымызша, діни сараптама жасауда ислами әдебиеттер үшін орталық мешіт мамандары міндетті түрде қатыстырылатыны заңмен бекітілуі тиіс еді. Жалпы еліміздегі ханафи мектебінің маңызын арттыру үшін мемлекет оған жанама болса да қолдау жасауы аса қажет мәселелердің бірі болып саналады. Ол әсіресе орталық мешіт жанынан ханафи мектебінің теориялық байытылуын қамтамасыз етіп, оның ұстанымдарының халыққа насихатталу жолдарын қарастыратын ғылыми зерттеу институтын ашып, осы институт мамандарын діни сараптамаларға тарту, олар жүргізген зерттеулерінің нәтижелерін мемлекеттің діни саясатында негізге алып отыру сияқты мәселеде аса қажет. Нақты бір дінге мемлекет тарапынан жанама түрде басымдық беру өзге діндер мен діни ағымдарды шеттетуді меңземейді, тек мемлекет өз ішкі саясатында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тарихи қалыптасқан дәстүрлі дінге арқа сүйеп, сол дінмен диалогқа түсіп отырады. Ал, өзге діндер өз жамағатымен дербес жұмысын жалғастыра берері сөзсіз. Сондықтан, бұл тұста демократия қағидаттарының аяққа тапталуы, адамның діни бостандығының шектелуі жайлы сөз қозғау артықтау болар еді. Себебі, адамның діни бостандығы оған өзі қалаған дінді таңдауға мүмкіндік береді, яғни, кез келген адам өз қалаған дінді қабылдай алады. Бұл тұста ешқандай да өзге дінді қабылдауға тыйым салатын норма қабылданбайды, сәйкесінше адам құқықтары аяққа тапталмайды. Біздің мемлекеттің  мемлекетті қалыптастырушы ұлт мүддесіне сәйкес дін мәселесіне араласып, оны өз бақылауына ұстауға тырысуы, сәйкесінше сол дінге қамқорлық көрсетуі оның зайырлылық сипатына қайшы келмейді. Себебі, тарихта өзге зайырлы елдердің халқы ешқашан өз дінінен ажырап біздегі сияқты діни сауапсыздыққа ұрынған жоқ, сол себепті олардағы билік дін ісіне тікелей араласпаса да халықтың дәл біздегідей ахуалға түсуі мүмкін емес еді. Қазіргі  діни ахуал турасын тоқталсақ, қазақ ұлтының өзі түрлі діндер мен діни ағымдар жамағатына айналған, дін жағынан бір-бірінен алшақтау үстіндегі ұлт қалпына түсіп отыр.

Елде діндер мен діни ағымдардың санының ұлғаюы, халықтың дінге байланысты бөлшектенуі мемлекет үшін де, ұлт үшін де, жеке адам үшін жақсылық әкелмейді. Себебі, көп дінді мемлекет азаматтық соғыс, діни жанжалдар, қантөгістер мен қақтығыстардың ықтимал орны, мұндай мемлекеттің тыныштығы мен бейбіт өмірі нақты күштердің көңіл-күйіне тәуелді болады. Яғни, кез келген уақытта ішкі немесе сыртқы күштер мемлекетті өз дегеніне көндіру үшін әртүрлі қитұрқы әрекеттерге баруы мүмкін. Мемлекет қоғамның дамуы мен алға басуына тікелей жауапты, сол себепті, кез келген мәселеде қоғам үшін зияны бар құбылыстардың орын алуын болдырмау үшін ол барын салуы тиіс. Мемлекетті билеуші топ қоғамның тек бүгінгі тыныштығы үшін емес оның болашақтағы бейбіт өмір сүруі үшін қызмет жасауы тиіс. Айта кетерлігі, қазіргі кезде елімізде ұсынылып жатқан мемлекеттің дінге байланысты ұсыныстары, әсіресе діни ұйымдарды қайта тіркеуден өткізуге байланысты жұмыстар биліктің кеш те болса бұл мәселені қолға алуға талпынысын көрсетуде.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2120
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2529
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2242
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1637