Жұма, 26 Сәуір 2024
Қоғам 10772 0 пікір 13 Сәуір, 2022 сағат 15:49

2022: Қазақстан халқының саны мен құрамы қандай?

Еліміздегі басты мәселенің бірі халық санының аздығы. Қазақстан өз тарихындағы халқының бірнеше мәрте күрт азайып кетуінен үлкен зардап шеккен мемлекет. Алысқа бармай соңғы бір ғасыр ішіне назар аударатын болсақ, қолдан жасалған аштықтан екі мәрте ел халқының саны екі есе азайған. Ал Сталиндік қудалау мен Кеңес-Герман соғысының нәтижесінде халық саны тағы азайып, артынша елге өзге ұл өкілдерін күштеп депортациялау саясатының негізінде титулды ұлт көрсеткіші түсіп кетті. Тәуелсіздік алып, КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстаннан бірнеше жыл ішінде үш миллионға жуық халық көшіп кетті. Бұл экономикалық жағдайға тікелей байланысты болды.

Қазақстан халқының көбею саясаты елімізге қандастарды көшіру мәселесі брйышна шешім қабылданған сәтте орын алды. Бағдарлама аясында бір миллионнан астам қандас көшіп келді. Бұгінде олар қазақы ортаны қалыптастыруға үлес қосуда. Мемлекеттік саясатқа байланысты елімізде халық санағы үш мәрте ұйымдастырылды. Соңғысы 2021 жылдың күзінде өтті, ал нәтижесі енді жарияланады.

Наурыз айында Қазақстандағы халыққа қатысты ақпараттар жарияланды. Қазақстан халқының саны 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 19 млн 160 мың 700 адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 11 млн 405 мың (59,5%), ауылдықтар – 7 млн 755,7 мың (40,5%) адамды құраған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылдың 1 наурызымен салыстырғанда халық саны 243,5 мың адамға немесе 1,3%-ға өсті. Орта есеппен Қазақстан халқы жыл сайын 200 мыңнан жоғары өсім көрсетіп келеді. Бұл орташа. Бала туу көрсеткіші 350 мыңнан жоғары болса да, өлім көрсеткіші де 150 мыңнан жоғары болып отыр. Әрине, өлімнің көптігі түрлі себеппен түсіндіруге болады. Оның ішінде жол көлік оқиғасының көптігі, түрлі жұқпалы аурудың көптігі мен созылмалы дерт санының азаймауы, обыр мен қант диабеті, жүрек ауруының көптігі де демографияға кері әсерін тигізуде. Сондай-ақ, Қазақстан суицид және аборт жасау бойынша да алдыңғы қатарда. Аталмыш мәселелерді медицина, білім беру және әлеуметтік мәселені реттеу арқылы шешу негізінде демографияға да үлес қосу мүмкіндігі бар.

Бұл ретте әйелдер 51,4%, ерлер 48,6% құрайды. Ұлттық статистика бюросының айтуы бойынша 2022 жылғы қаңтар-ақпанда республика халқының табиғи өсімі 2021 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда (42,1 мың адам) 15,1%-ға төмендеп, 35,7 мың адамды құрады. 1000 халыққа шаққандағы табиғи өсімнің жалпы көрсеткіші 11,50 адамды құраған.
АХАЖ мәліметтері бойынша 2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында туғандар саны 62,8 мың адамға жетті, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (65,7 мың адам) 4,5%-ға аз. Туудың жалпы коэффициенті 1 мың адамға шаққанда 20,20 туылған. Бала туу көрсеткішінің азаюы пандемиямен де түсіндіріледі.

Бұл ретте қайтыс болғандар саны 27,1 мың адамды құрап, 2021 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда (23,7 мың адам) 14,4%-ға артық. Жалпы өлім көрсеткіші 1 мың адамға шаққанда 8,70 өлімді құрайды.

Сонымен қатар, жыл басынан бері екі айда бір жасқа толмаған 537 нәресте қайтыс болған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (517 нәресте қайтыс болды) нәресте өлімі 3,9%-ға өсті. Нәресте өлімінің көрсеткіші 1000 туылғанға шаққанда 8,55 жағдайды құрады.

Қазақстан демографиясы маңызды мәселе болып табылады. Ел ішіндегі тұрғылықты халықтың саны, жасы және жынысы, ұлттық құрамын да анықтау маңызды.

Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты демографиялық мәселені реттеу және түрлі қауіпке қарсы тұру әсерін арттыру да аса маңызды. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың салдарынан Ресейден 3.8 млн, ал Украинадан 7 млн адам өзге елге шығып кеткен. Қазақстанға қаңтар айынан бері 210 мыңнан астам ресейлік азамат келген. Олардың арасында азаматтық алуды ойлайтындары да бар. Сонымен Қазақстаннан тарихи отанына (Ресей, Украина, Германия және Беларусь) кетуді ойлайтындар саны да азайған. Бұл демографияға оң әсері болса да, ұлттық мүдде тұрғысынан кері әсер беруі мүмкін.

Abai.kz

0 пікір