Жұма, 26 Сәуір 2024
Білгенге маржан 4223 1 пікір 19 Сәуір, 2022 сағат 13:59

Кеңес Одағына қарсы күрес...

Басы: Дэн Сяопин және Қытайдың дипломатиялық стратегиясы

Жалғасы: Баса билеуге қарсы тұрып, әлемдік бейбітшілікті қорғау

Жалғасы: Қарсыласу - достықтан, одақтасу - елдіктен айырады!

Жалғасы: Дэн Сяопиннің АҚШ-қа сапары

Қытай мен Кеңес Одағының қырғиқабақтығы екі түрлі себептен бастау алатын. Оның біріншісі – екі коммунистік партияның идеологиялық алауыздығынан бастау алады. Мұнда кім Марксизм-Ленинизмге табанды болды деген айтыс-тартыс болатын. Екіншісі  - тарихтан жалғасып келе жатқан жерге талас. Қытайлар Кеңес Одағын Ресей патшалығы кезінде Қытайдан 1,5 миллион шаршы километр аумақты теңсіз келісімдер арқылы бөліп әкетті. Және ХХ ғасырдың 60- жылдарынан бастап Қытай Кеңес шекарасына миллиондаған әскер топтап, Қытайдың қауіпсіздігіне қатер төндірді дегенге саятын.

Дэн Сяопин Қытай мен Кеңес Одағының ара-қатынасында Кеңес Одағына қарсылығымен ерекше көзге түскен қайраткер саналатын. Мао Цзэдуң оның бір кездегі Кеңес Одағының басшысы Н.С.Хрущевпен бетпе-бет айтысқан ерлігін жоғары бағалайтын. Хрущевтің өзі Дэн Сяопин туралы: «Бабы қиын пәкене» - деген әйгілі сөзі жұрт арасына тарап кеткен болатын. 1974 жылы Дэн Сяопин БҰҰ мінберінен бүкіл әлемге Қытайдың халықарадағы саяси майданы туралы: «АҚШ-пен салыстырғанда басқа елдерді басынуда социализмнің тонын теріс айналдырып киіп алған ана бір шектен шыққан ел бәрінен де қауіпті», - деген болатын. Дэн Сяопин өз басы Францияда білім алғандықтан орыс коммунистерін о баста суқаны сүймейтін. Олардан көрген қорлығы да аз емес.

Кеңес Одағының АҚШ-пен салыстырғанда Қытайдың басты жауына айналуы оның Марксизм-Ленинизмге қалай қарағандығы немесе социалистік түзімінде емес, оның Қытайдың қауіпсіздігіне Америкадан анағұрлым үлкен іс жүзіндік қауіп тудырып отырғандығында еді. Егер идеологиялық алауыздықты алсақ, оның капитализммен салыстырғанда идеологиялық жақтан Қытайға бір табан жақын екендігі даусыз. Мәдениет төңкерісі аяқталған соң, ҚКП өзіндегі идеологиялық қателіктерді жөнге салған соң, идеологиялық жақтан КОКП-ға бір табан жақындай түсіп,  Кеңес коммунистерінің қолдан жасалған сүйкімсіз образы автоматты түрде жойылғандай көрінетін. Екі елдің қарым-қатынасы біршама жақсарып, келісімге келуге де бір табан жақындап қалған сияқты еді. Бірақ күтпеген жерден тарихи бетбұрыс бұл үміттің де күлін көкке ұшырды. Кеңестер Одағының қарт билеушілері екі ел қатынасына екі үлкен кедергіні көлденең тартты:

- Біріншісі - Вьетнамның Камбоджаға әскер кіргізуіне қолдау білдіруі;

- Екіншісі - Ауғанстанға әскер кіргізіп, Қытайды «С» формасындағы стратегиялық қоршауға алуын жалғастыруы.

Қытай мен Кеңес Одағы қарым-қатынасының ушығып, соғыс қаупінің күшеюі Дэн Сяопинді Мао Цзэдуң өмірінің соңғы кезіндегі АҚШ-пен бірлесу Кеңес Одағының ірге кеңейту  пиығылын ауыздықтаудай халықаралық стратегиясын жалғастыруға мәжбүр етті. Бұл жүріс айтарлықтай нәтиже берді. 1979 жылдың басында Дэн Сяопиннің АҚШ-қа сапарынан кейін Қытайдың Вьетнамға соққы беруі кезінде Кеңес Одағы бейтарап майдан сақтауға мәжбүр болды да, Вьетнам-Қытай соғысы Қытай мен Кеңес Одағының тікелей қақтығысына ұласқан жоқ.

Дэн Сяопин орыс коммунистерін суқаны сүймесе де, мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан Кеңес Одағымен бейбіт келісімге келуді іштей армандайтын. Себебі әскери тұрғыдан құдыретті Кеңес қарулы күштерімен соғысып, жеңіске жету сол кездегі Қытай үшін мүлде мүмкін емес болатын. Тіпті, соғыспаған күнде қауіпсіздік үшін сан миллион армияны жасақтап, бағып-қағу да Қытай үшін оңай салмақ емес еді. Осы замандандыру құрылысы басталғаннан кейін Дэн Сяопиннің Кеңес Одағына қаратқан стратегиялық саясаты мүмкіндігінше текетіресті бәсеңдетіп, соғыс қаупін азайту болатын. Шындап келгенде Қытайдың Кеңес Одағымен әскери бәсекеге  түсетіндей қауқары да жоқ еді. Сондықтан да Дэн Сяопин бейбіт, орнықты сыртқы жағдайдың болғанын қалады. Сол арқылы барлық ынта-пейілімен осы замандандыру құрылысын жүргізіп, мемлекетті бай-қуатты етсем деп армандады. Кеңес Одағымен ара-қатынас жақсартудың тағы бір маңызы Кеңес Одағынан төнетін қауіп-қатердің салдарынан Қытай АҚШ-қа арқа сүйеуге шамадан тыс мүдделі болмаса деп ойлайтын. Егер солай болып екі алып империяның ортасында ырықты жағдайға жететін болса, Қытайдың әлемдік сахнада өз салмағы да арта түсері даусыз еді. Іс жүзінде жағдай Дэн Сяопин армандаған бағытқа қарай жылжып бара жатты. 1979 жылғы дағдарысты жағдайдан соң, ХХ ғасырдың 80-жылдарының басынан бастап, Қытай мен Кеңес Одағы қатынасы біртіндеп жақсара бастады.

Әрине, Кеңес Одағының әлемді баса билеу ниетінен қайтуы арман ғана болатын. Оны сыртқы бір күштің өзгертуі қиынның қиыны еді. Ең бастысы,  Кеңес Одағы өз мүмкіндігін таусып, іштен ірігенде ғана оның сыртқы әлемге айбар шегуі бәсеңдейді. «Бөрі арығын білдірмес, итке жүнін қампитар» дегендей, Кеңес Одағы әлемге қожа болуы үшін АҚШ-пен арадағы әскери бәсекесі оны әбден титығына жеткізген болатын. 80-жылдарға келгенде Кеңес Одағы бұрынғы арыннан қайтып, біртіндеп сабасына түсіп келе жатты. Қытайдың бейбіт сыртқы саясаты мен ішкі жақтағы реформасы социалистік Кеңес Одағы үшін ойланар, сабақ алар үлгі сияқты еді. Мысалға, Қытайдың бейбіт, өз-өзін дамыту  саясаты мен Кеңестер Одағының сыртқа ірге кеңейту саясатының ортасында қайсысының таңдаған жолы тиімді деген мәселе Кеңестік басқару элитасын да ойландыра бастап еді.

1980 жылдардан бастап социалистік елдердің реформа толқынында Қытай реформасының ең табысты болғандығын ешкім жоққа шығармайтын. 1982 жылдың өзінде Қытайдың ауылдық жерлердегі реформасы аса табысты болғандығын күллі әлем мойындады. Осымен бір уақытта  Кеңестер Одағы мен Қытайдың арасындағы сауда да біртіндеп жандана бастады. 1982-1986 жылдар аралығында  екі ел саудасы 6 есе өсті. Реформаның шынайы табыстары баяғы заманда Хрущев ұрандатқан «картоп пен сиыр еті қуырдағына» қарағанда әлдеқайда тартымды еді. Бір кезде бәріне аға болған орыс ағайындар кейбір жақтан кеше інісі болған Қытайға еліктеуге мәжбүр болды. 1985 жылы басталған Горбачев реформасынан кейін Кремльдің жаңа қожайыны реформада Қытайдың бас жобалаушысын шаң қаптырып кете ме деп ойлады. Екі ел реформасының табыстары бірдей болмаса да, қатып қалған жүйені қиратам деген армандары өзара тоғысып жататын. Сол себепті де екі елдің жиырма жылдан астам уақытқа созылған жаулық қарым-қатынасына нүкте қоюға мүмкіндік болды.

Дэн Сяопиннің ойынша Кеңес Одағы  қандай жолмен жүріп, қандай реформа жасайды, - ол оның өз шаруасы. Ең бастысы, шекарада қақтығыс тудырып, Қытайдың қауіпсіздігіне қатер төндірмесе болды. Басқасы Қытайға қызық емес. Қытайлар өз шаруасын жөндеп алса да, жетіп артылады. Ал АҚШ-тың құлқыны мүлде басқа сияқты. Ол енді Кеңес Одағы мен АҚШ-тың ортасындағы шаруа. Кеңес Одағының әлемге төндіретін қаупі ме, оның артықшылығы ма, ол түгелдей Кеңес Одағының әскери қуатына байланысты. Екі жақ та келіссөз арқылы өз әскери қуатын кеміте бастады. Демек, АҚШ пен Кеңес Одағы бір-біріне әскери қауіп төндірмейтін болса, Қытайға төнген қауіп те табиғи сейілетіндігі шындық. Кеңес Одағының өзі АҚШ-пен арадағы қырғиқабақ соғысты аяқтауға ниетті болса, оның Қытаймен жауласуының қажеті қанша?! Осындай өзгерістерден кейін Қытай мен Кеңес Одағы арасындағы қарым-қатынас мәселесінде Кеңес Одағы белсенді бола бастады. 1986 жылдың басында Кеңес Үкіметі Кеңес мамандарының Қытайға барып, көмек көрсетуі жөнінде ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс Дэн Сяопинді қуанта қойған жоқ. Сол жылы шілдеде Горбачев Кеңес Одағының Амур өзенінің негізгі арнасын  шекара ете отырып, Қытай-Кеңес Одағы шекарасын нақты бөлуді және Кеңес Үкіметі кез-келген уақытта, кез-келген деңгейде ерекше мұқияттылықпен, шынайы достық ниетте қосымша шаралар қабылдай отырып, таяу болашақта Қытай мен Кеңес Одағы шекарасын бейбітшілік пен достық аймағы етіп құруды үміт ететіндігін жеткізді.

Горбачевтің аталған ұсынысына Дэн Сяопин: «Сақтықпен қарсы аламыз!» - деп жауап берді. Қарсы алатыны - Горбачевтың ұсынысында шын мәнінде жаңалықтар бар еді. Бұл 20 неше жылдан бері кездеспеген жағдай. Сақтықпен қарайтыны - Дэн Сяопин Кеңес Одағы сыртқы істер министрлігінен басқалай ақпарларды естіген болатын. Ол ақпарат құралдары арқылы Кеңес Одағының тарапына өз ойын былай жеткізді: «Екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартудың алғышарты  Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы үш түрлі кедергіні жою қажет. Бірінші – Кеңес Одағы Моңғолия мен Қытай –Кеңес шекарасынан өз әскерлерін шегіндірсін. Екінші – Ауғанстаннан өз әскерін әкету қажет. Үшінші – Вьетнамның Камбоджадан әскер шегіндіруіне мұрындық болсын» - деп талап қойды. Горбачев сол жылы шілде айында сөйлеген сөзінде Кеңес Одағының Моңғолиядан бір бөлім қарулы күштерін шегіндіруді ойласып жатқанын, сондай-ақ, 1989 жылдың аяғынан бұрын Ауғанстаннан 6 полк Кеңес әскерін шегіндіретіндігін мәлімдеді. Бірақ ол  Камбоджа мәселесін ауызға алған жоқ. Бұл туралы Дэн Сяопин: «Үш үлкен кедергінің ең бастысы – Камбоджа мәселесі. Вьетнамның Камбоджаға басып кіруі Кеңес Одағы мен Қытайдың іс жүзіндегі қақтығыс нүктесіне айналды. Бірақ ол Вьетнамның қолымен Камбоджадағы әскері арқылы  Қытайға қарсы майдан ашып отыр», - деп кесіп айтты.

Қытай мен Кеңес Одағы қатынасында Кеңес Одағы шекара аймақтардан өз әскерін әкету жеткіліксіз, ол өзінің одақтастарын да үшінші бір елдің аумағынан қарулы күштерін әкетуге көндіруі шарт. Кеңес Одағы өзі жаққан соғыс өртін қандай жолдармен болса да, өзі өшіруге міндетті. Дэн Сяопиннің талабы тым жоғары және қатқыл болды. Ол Кеңес Одағы аталған кедергілерді жоятын болса, өзінің 82 жасқа келіп, шет елге шығу жоспарының жоқтығына қарамастан, ешқандай әрі-сәрі болмай Кеңес Одағының кез-келген жерінде Горбачевпен кездесіп, екі ел қатынасын қалыпты арнаға бұруға дайын екендігін жеткізді.

1989 жылы мамырда 86 жастағы Дэн Сяопин мен 59 жастағы Горбачев Кеңес Одағының кез-келген нүктесінде емес, Бейжіңде кездесті. 1961 жылдан кейін Қытай мен Кеңес Одағының ең жоғарғы лауазым иелері іс жүзінде ешқандай байланысқа шықпаған болатын. Содан 30 жылға жуық уақыт өткенде қайта кездесті.

Аталған кездесуде Дэн Сяопин  осы кездесуден соң, екі ел қарым-қатынасын қалыпты арнаға бұруды ұсынды. Бірақ, Қытай мен Кеңес Одағының ара-қатынасында болашаққа кең жол ашу мақсатында Дэн Сяопин Горбачевтің көзінше екі ел арасындағы ескі есеп-қисапты, қақтығыс пен қантөгісті, өкпе мен ренішті ешбір бүкпесіз түрде жайып салды. Ол патшалық Ресейдің Қытайдың 1 миллион 500 мың шаршы шақырым жерін бөліп әкеткендігін, Кеңес Одағының ұзақ жылдар бойы Қытайды стратегиялық қоршауға алғандығын, Қытайдың мемлекеттік мүддесінен ең үлкен пайдаға кенелген Жапониядан кейінгі шапқыншы ел Ресей екендігін, 30 жылға жуық уақыттан бері Қытайдың ұлттық қауіпсіздігіне ең үлкен қатер төндіріп келген елдің де Кеңес Одағы екендігін оның бетіне шыжғырып басып, ашық айтып салды. Дэн Сяопин тағы өз сөзінің ешқандай арыз, шер тарқату немесе мәлімдеме еместігін, өзінің бұл көзқарасына ешқандай жауап беруді талап етпейтіндігін, бұл туралы талас-тартыс жасауға да зауқы жоқ екендігін, тек Кеңес Одағындағы жолдастарының Қытайдың өз өткенін қалай танитындығын, санада қаншама запыранның сартап болып жатқандығын айтқысы келгендігімен түсіндірді. Мұндай «болашаққа жол ашу үшін» деп аталатын мәлімдеменің айтылуындағы мақсат Қытайдың өткен істерге салауат айтқысы келетіндігі, бірақ, өткен тарихта көршіден көрген қорлығын ұмыта алмайтындығын, тек болашақ үшін бәріне көніп отырғандығын елдің есіне салу еді.

Ғаламдық күштердің үш бұрышы

Халықаралық қатынаста әлемдегі мемлекеттер 200-ден асқанымен, зерттеуші ғалымдар ғаламдық күштер үш бұрыш болып қалыптасқан деседі. Дэн Сяопин де осы көзқараспен келісетін сияқты. Себебі ол бұл туралы әлденеше рет айтқан болатын. Бір рет Жапон делегациясын қабылдағанда: «Адамдар халықаралық жағдайға байланысты ғаламдық күштердің үш бұрышы бар деседі. Шындығын айтайыншы, соның біз жақ бұрышының күш-қуаты тым әлсіз болып тұр», - деп АҚШ, Кеңес Одағы және Қытай сынды ғаламдық күштердің ара-қатынасында Қытайдың салмағының тым жеңіл екендігін, алға ұмтылмаса, тырыспаса – көш соңында қалып қоятындығын айтқысы келгендегісі еді. Ол және: «Бүкіл әлемде АҚШ, Кеңес Одағы, Қытай - ғаламдық күштердің үш бұрышын құрайды дейтіндер көп. Біз мұндай көзқарасты дәріптегіміз келмейді. Біз өз күш-қуатымыздың қаншалық екендігін жақсы білеміз. Бірақ біз Қытайдың халықаралық істерде өзіне тән салмағының бар екендігіне де сенімдіміз», - деген болатын.

Өзі кенже дамыған, кедей ел болса, оның қандай салмағы болуы мүмкін?! Дэн Сяопиннің айтып отырған салмағы - Қытай жер көлемі жағынан алып мемлекет, жан саны жағынан әлем елдері ішінде бірінші орында. Оның үстіне, үшінші дүние елдеріне жататын қолдаушылары да жеткілікті. Мүмкін, бұл да маңызды емес шығар. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» дегендей, ғаламдық күштердің бір орталығына айналу үшін мемлекет бай-қуатты болуы керек қой. Меніңше, ең бастысы Дэн Сяопиннің ірі елдермен ара-қатынасты қалай шешудің тетігін терең меңгерген, үш бұрыш теориясының қыр-сырын жетік білгендігінде.

Ірі елдермен екі жақсы қарым-қатынас мәселесінде Дэн Сяопин Қытай мен Америка ара-қатынасы немесе Қытай мен Кеңес Одағының ара-қатынасы болсын, текетірестен гөрі татулықты басты орынға қойды. АҚШ-пен тату болу осы замандандыру құрылысындағы сыртқа есік ашуға пайдалы. Батыс елдерінен көптеген пайда табуға болады. Ал Кеңес Одағымен ара-қатынасты жақсарту шекаралық аймақтардың жүктемесін жеңілдетеді, соғыс қаупінен сақтануға болады, сол арқылы алаңсыз осы замандандыру құрылысымен айналысуға мүмкіндік туады. Сол себепті Дэн Сяопин АҚШ-пен де, Кеңес Одағымен де ара-қатынасты жақсартуға бар күшін салды. Бірақ ешқандай алып мемлекеттің қанатының астына тығылған жоқ, одақтас та болған жоқ.

ХХ ғасырдың 70-жылдарының соңында Дэн Сяопин Кеңес Одағының баса билеу саясатын тежеу мақсатында екеуіне бірдей қарсы тұрудан бой тасалап, белсенді түрде АҚШ-пен жақындасты. Бірақ, онымен ауыз жаласып, ішек-қарны араласып кеткен жоқ. 1979 жылдың басындағы Дэн Сяопиннің АҚШ сапарындағы құшақтары айқасқан, қызу достықтың шоғы маздап тұрған шақта да, Дэн Сяопин бір бармағын ішіне бүгіп, өзіне шегінерге жол қалдырып отырды. Мысалы ол Джимми Картермен болған әңгімеде АҚШ-пен Қытай Кеңес Одағына тежеу салу кезінде іс-қимылдарын өзара үйлестіріп отыруды қуаттағанымен, ресми түрде одақ құрудың қажеті жоқ деп шешті. Екі ел басшыларының табысты кездесуінен соң, өзара қатынасты әлемге әйгілеп, жалаулатқанымен, ресми құжатқа қол қоярда тек бірлескен ақпараттық хабар тарату формасын таңдап, дипломатияда үнемі қолданылатын екі ел үкіметінің бірлескен мәлімдемесін жасаудан бас тартты. Бұлай жасаудың маңызы - ақпараттық хабар ресми құжат емес. Оның міндеттемелері де шектеулі болатындығында.

Дэн Сяопин АҚШ-пен қарым-қатынаста тым ауыз жаласып кетуден сақтанып, біршама салқын қарым-қатынас жолын таңдады. Мұның себебі АҚШ-тың Қытайды өзіне жалынышты, халықаралық аренада пәлендей салмағы жоқ ел екен деп ойлап қалуынан сақтанып еді. ХХ ғасырдың 80-жылдарынан кейін Дэн Сяопин тіпті АҚШ-ты жиі сынап, оның АҚШ-Тайвань қатынасындағы әрекеттеріне көңілі толмайтындығын ашық айтумен болды. Рональд Рейган  билікке келген соң, Қытай тарапы АҚШ-тың Тайваньға қару сату ісін қатты айыптап, егер АҚШ бұл ұстанымын өзгертпейтін болса, АҚШ-Қытай қарым-қатынасының дәрежесін төмендететіндігін ашық мәлімдеді. 1982 жылы Дэн Сяопин ақапрат құралдарына берген бір реткі сұхбатында Тайвань мәселесі АҚШ-Қытай қарым-қатынастарындағы үлкен кедергі екендігін атап көрсетті. Америкалық журналист Майк Уоллес одан: «АҚШ бұл мәселеде қандай рөл атқара алады?» - деген сұрағына Дэн Сяопин: «АҚШ Тайвань мен ұлы құрлық арасындағы үш түрлі барыс-келісті ынталандырып, оларға ақыл-кеңес айта алады. Бұл өз кезегінде бейбіт бірігудің келіссөздерін бастауға мүмкіндік береді», - деген болатын.

Бұл жерде Дэн Сяопин АҚШ-қа қырын қарап, оларды сынап-мінеуден бір жалықпайды екен деген жаңсақ ұғым тумауға тиіс. Бұл жердегі басты мәселе дербес, өз-өзіне қожа болу, бейбіт қатар тұрудың принципі негізінде өкпе-ренішті де жасырмай айту деп түсінген абзал. Егер тырнақ астынан кір іздеп, көрінген жерден пәле теріп,ара-қатынасты тым салқындатып алуға да болмайды. Олай болса біртіндеп жаулыққа ұласып кетуі де ғажап емес. Тиан Ан Мын қырғынынан соң, Қытай-АҚШ қарым-қатынасы ат ізін салыспайтындай араздасып, ең төменгі шекке түсті. Сол кезде АҚШ бастаған батыс елдері Қытайға санкция салып, жағдайды тіптен ушықтырып жіберді. Қытай да өз әлінше батыс елдерін айыптап, қарсыласқандай кейіп танытты. Жарты жыл өткен соң, жағдай біртіндеп қалпына түсіп, қамалғандар босатылып, қудалау тоқтап, жағдай ағайын арасындағы араздық сияқты қалыпты өмірге қайта оралған соң, Дэн Сяопин: «АҚШ-Қытай қарым-қатынасының түптің түбінде жақсара түскені жөн» - деген пікірін айтып, сол кездегі АҚШ президентінің ерекше елшісі арқылы Президент Джордж Герберт Уокер Бушқа өзінің шын жүректегі сәлемін жеткізуді өтініп: «Шығыстағы Қытайда зейнетке шыққан бір шал АҚШ-Қытай қарым-қатынасының жақсаруы мен дамуын ойлап жүр екен дегейсің», - деді.

Бір кездері АҚШ саясаткерлері Қытай  Кеңес Одағының қысымына төтеп беру үшін Тайвань мәселесінен безіп кетеді деп ойлағандығын Дэн Сяопин тамыршыдай дөп басып білді. Ол АҚШ-тықтарға әдеппен ескерту жасап, мұндай достық қарым-қатынасты пайдаланып, Қытайды қыспаққа алмауды ескерткен болатын. Қытай Кеңес Одағымен неге жауласуы керек?! Мұндағы мәселе екі елдің де бес бересі, алты аласы жоқ, тек Кеңес Одағы  өзінің құдыретті әскер күшін пайдаланып, өзіне қырын қараған елді қыспаққа алу мақсатында Қытайдың қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғандығында болатын. Іс жүзінде ХХ ғасырдың 80-жылдарының басынан бастап Кеңес Одағының Қытайдың қауіпсіздігіне төндіретін қатері біртіндеп сейіле бастады. Ал күнде дауласып, қызылкеңірдек болып жатқан АҚШ пен Кеңес Одағы. АҚШ өзінің әлемдік стратегиялық қажеттілігі үшін Кеңес Одағын тұқыртуға пейіл. Ал Қытай мен АҚШ қарым-қатынасында Қытайдың АҚШ-тың сойылын соғуы ендігі жерде мәнсіз нәрсе. Бұл жерде АҚШ-тың Қытайға Кеңес Одағын көзір етіп пайдалануы Дэн Сяопинді қызықтырмайды. Керісінше, ендігі жерде Қытай Кеңес Одағын АҚШ-қа көзір ретінде пайдаланса, әлдеқайда жарасады.

ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта шеніне келгенде Қытай мен Кеңес Одағының қатынасы жақсара түскендігі айқын көрінді. Осы кезде Дэн Сяопин Кеңестік көзірді шебер пайдалана бастап, Кеңес Одағымен өзара татуласудың шарттарын талқылай бастады. 1988 жылдың қазан айында Дэн Сяопин Қытай мен Кеңес Одағы 1989 жылы екі елдің отыз жылдан соң ең жоғарғы басшылардың алғашқы кездесуіне дайындалып жатқандығын жариялады. Батыс дипломаттары Дэн Сяопиннің келесі жылы болатын кездесуін жарты жылдан аса бұрын жариялауының мәнін бірден түсіне қойды. Себебі бірнеше айдан соң АҚШ-та президент сайлауы болады. Соған байланысты Дэн Сяопин  АҚШ-тың болашақ басшыларына Қытайдың бұдан былай халықаралық қатынаста белсенді рөл ойнайтындығын, Қытайды көзір ретінде пайдаланудың бұдан былай мүмкін еместігін әйгілеу еді.

1989 жылы мамырда Дэн Сяопин Горбачевпен ресми кездескенде осы орайды пайдаланып, Қытай мен Кеңес Одағы қатынасының қалыпты арнаға түскендігін жариялауды ұсынды. Осыдан кейін батыс елдерінде алаңдаушылық белең алды. Кеңес Одағы мен Қытайдың татуласуынан кейін батыс әлеміне қауіп төндіретін жаңа бір коммунистік лагерь қалыптаспай ма деп. Қытайды жақсы білетін саясаткер Ричард Никсон: «Бұлай болуы мүмкін емес! Дэн Сяопин Қытай-Кеңес Одағы қатынасын жақсартуға мүдделі екендігі дау тудырмайды. Бірақ 50-жылдардағыдай жағдай қайта оралуы мүмкін емес. Қытай ендігәрі Кеңес Одағының қанатының астындағы сары ауыз балапан бола алмайды», - деп кесіп айтты. Ол тағы: «Егер Қытай күллі батыс әлемінен сырт айналмаса, солтүстіктегі қорқынышты көршінің қойнына тығылмайды», - деп ескертті.

Сөзіміздің басында ғаламдық күштердің үш бұрышы жөнінде әңгіме қозғағанбыз. Дэн Сяопин бұл туралы өз пікірін айтқан кездегі уақыт ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта шені болатын. Реформа мен есік ашудың нәтижесінде Қытайдың мемлекеттік қуаты айтарлықтай өсті. Әлемдегі сүйкімсіз образы да жақсара түсті. Осыны байқаған Дэн Сяопин Қытайдың дипломатиялық стратегиясында үлкен бұрылыс жасауға бел байлады. Бұл туралы ол: «Өткен бір мезгілде Кеңес Одағының баса билеу қатерінің кесірінен бір бағыттағы дипломатиялық стратегияны қолдандық. Бұл бағыт Жапониядан Еуропаға дейін, одан АҚШ-қа дейін тұтасып жатты. Біз енді бұл стратегияға өзгерістер енгізуге тиіспіз. Бұл өзгеріс өте ауқымды болары сөзсіз», - деп түсіндірді.

Бұл стратегиялық өзгерісте Қытай бір жақтылы АҚШ-қа арқа сүйеуден бойын аулаққа салуды көздеген еді. Мұнда байырғы ағасы Кеңес Одағының қанатының астына кірейін деп те ойлаған жоқ, әрине. Бірақ, онымен татуласудың сәті түсіп тұр. Енді сол баяғы  өз-өзіне қожа болу, ешкіммен жауласпау, ешкіммен дауласпау, ешкімге арқа сүйемеу стратегиясын толыққанды жүзеге асыруға болады.

АҚШ, Кеңес Одағы, Қытай сынды ғаламдық күштердің үш бұрышында Қытай жақ бұрыштың әлсіздеу екендігін Дэн Сяопин жақсы түсінетін. Қытай алдыңғы екеуінің қайсысына арқа сүйесе де, олар оны өзімен терезесі тең әріптесі ретінде қарамайды, басынан сипап, баласынатыны  даусыз. Қытай өз ырықтылығынан айырылады. Әуелі біреудің қолындағы көзірге айналатындығы да күмән тудырмайды. Оның тағы екіжақты тиімсіздігі де бар. Біреуімен одақтассаң, екінші жағын ренжітіп, өзіңе жоқ жерден жау тауып аласың. Ал екінші жақтан үшінші дүние елдеріне жататын достарың да сенен теріс айланады. Ақыры, соқа басың сопиып, жалғыз қаласың. Содан амалсыз біреудің қанатының астына тығылуға мәжбүр боласың. Оның үстіне, мынау опасыз жалғанда кімге сенесің?! Кім сенімен ақырына дейін бір майданда қалады?! Сенген досың сатып кетсе, мүлде жалғыз қалғаннан басқа шара жоқ.

Дэн Сяопин үш бұрышты қарым-қатынастың заңдылығын жақсы біледі. Егер бір жүйеде екі бұрыш қана болса, онда қатып қалған қарсылық оңайшылыққа жібімейді. Жауласқан екі жақ бір-біріне жол бергісі келмейді. Ал ол үшеу болса, онда жағдай басақаша. Онда, әйтеуір бір үшінші жақ пайда табады. Ал күшті екеуінің біреусі әлсіз біреуін қосып алса, онда жағдай сол баяғы қатып-семген күйде қалады. Сен өзіңді қосып алған жақтың соғыс кемесіне біржола байлап бересің. Өзің біреудің арқасында күн көріп жүргесін оған жалыныштысың, оның қас-қабағын бағасың деген сөз. Керісінше, ешкімге арқа сүйемей,  екі жақпен де аралық сақтап, өз бетіңше күн көрсең, тәуелсіз ғұмыр кешесің, екі жақ та бейтарап тұрған елге жалынышты болады. Ал үшінші бір жаққа жалыңды күдірейтіп, қыр көрсеткің келсе, екінші бір жағына болмашы ауытқысаң жетіп жатыр. Үшінші бір жақтың жаны  мұрнының ұшында тұрады. Егер шебер пайдалансаң, рақат сенікі, өз билігің өз қолыңда, ешкім Қытайды көзір етіп пайдалана алмайды. Ал сен алдыңғы екеуін бір-біріне көзір қылып жұмсайсың.

Адамдар оның Мао Цзэдуң дәуірінен не айырмасы бар деп сұрауы мүмкін. Себебі, ол кезде де Қытай екеуіне де жақындаспай, бейтарап өмір сүрді ғой. Бұлай деудің де өз қисыны бар. Бірақ, мұндағы әдіс-тәсіл мүлде басқаша. Маодың заманында олармен жауласу, дипломатиялық қатынасты үзу, есікті тарс бекітіп, мүлде қарым-қатынас жасамаудай томаға тұйық саясат жүргізілді. Ол кезгі саясат, дау жоқ, ақымақтың тірлігі болатын.  Айналаң анталаған жау, жанашыр досың жоқ, өзің сияқты кедей елдермен тапқаныңды бөлісіп, түлкі құрсақ күй кешетінсің. Ал Дэн Сяопин екі жақпен де байланысын жақсартып, «сен жақсыда – мен жақсымен» күн кешіп келеді. Анда-санда кімнің әлемді баса билегісі келсе, соған қарсы тұрам деп қояды. Анауың дұрыс емес, мынауың дұрыс емес дегенді ешкім де жақсы көрмейтіні белгілі. Бірақ, жақсы көрмегенде не істей қояды? Екі жақтың да одан айырылғысы жоқ. Міне бұл Дэн Сяопиннің ешкімді ренжітпеу, ешкімге арқа сүйемеу саясаты болатын.

Бейтарап тұрып, анда-санда ірі елдерге көріністе болса да айбар шегіп қойғанның әбестігі жоқ. Көптеген елдің көзіне Қытай басы билеуге қарсы тұрушы, әділетті жақтаушы, бетің-жүзің демей ақиқатты айтушы бейне ретінде көрінеді. Көптеген әлсіз елдер қанатыңның астына тығылып, айналаңа топтаса бастайды. Міне бұл Қытайдың халықарадағы абырой-беделін көтереді. Әлемдік қауымдастықта Қытайдың пікірімен санаса бастайды. Міне солай, Қытай ғаламдық күштердің үш бұрышында білінбей әлсізден күштіге айналады. Дэн Сяопиннің геосаясаттағы ойын тәрбінің ұтысқа шығар бір тұсы осы болды.

Өткенге салауат айтып, болашаққа бастар жол іздейік!

Қытай-Жапон қатынасы Дэн Сяопиннің дипломатиялық стратегиясында маңызды орын алады. Қытай мен АҚШ, Қытай мен Кеңес Одағына қарағанда, Қытай мен Жапонның ортақтығы әлдеқайда көбірек. Қытай мен Кеңес Одағында сан мыңдаған шақырымға созылған шекара қақтығыстары бар. Ал АҚШ пен Қытай қатынасында ең сезімтал Тайвань мәселесі бар.  Ал Жапон мен Кеңес Одағы арасында солтүстіктегі төрт аралға байланысты территориялық тартыс сол беті шешілген жоқ. Ал Қытай мен Жапон арасында қауіпсіздік туралы келісім болғанымен, экономикалық жақтағы бәсекелестік, сауда саласындағы келіспеушілік барған сайын ауырлап барады. Бұл екі мәселенің де оңай шешіле қоятын түрі көрінбейді. Жапония экономикалық жақтан қуатты ел болғанымен, соғыстан кейінгі халықаралық істерде жеңіліс тапқан елдің деңгейінде қалып қойды. Жапония әлемдік геосаясатта өз орнын алу үшін Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесінің бірі Қытайдың рөліне бейжай қарай алмайды.

1978 жылдың қазан айында Дэн Сяопин Қытай-Жапон бейбітшілік-достық келісімінің ратификацияланған нұсқасын ауыстыру мақсатында Жапон еліне сапарлай барып, Жапония патшасымен кездескенде: «Қытай мен Жапонияның бейбітшілік-достық шартына қол қоюы біз күтпеген терең мәнге ие», - деген болатын. Қытай үшін Жапония Кеңес Одағы сияқты соғыс қаупін тудырмайды. Бірақ онда АҚШ-тан қалыспайтын экономикалық-технологиялық мүмкіндіктер бар. Ал Қытай мен Жапонияның бейбітшілік-достық шартына қол қоюы Кеңес Одағының Қытай мен Жапонияға төндірер қаупін тежей алады. Сонымен бірге осы замандандыру ісінде Қытай АҚШ пен батыс елдеріне шамадан тыс кіріптар болмайды. Мұндай қарым-қатынас Қытай үшін таптырмайтын мүмкіндік.

1972 жылы АҚШ пен Қытайдың сеңді бұзып, алғашқы қарым-қатынас жасауы Жапония мен Қытайдың қарым-қатынасына қарағанда сәл ертелеу болды. Кейін Қытай мен Жапонияның өзара қатынасының қалыпты арнаға түсуі АҚШ-Қытай қарым-қатынасының қалпына келуінен бұрын жүзеге асты. 1978 жылғы Дэн Сяопиннің Жапонияға сапары Дэн Сяопиннің АҚШ сапарынан үш ай бұрын жүзеге асып, Қытайдың реформа жасап, есік ашу саясатының ақпарларын алғашқы болып Жапонияға жеткізді. Дэн Сяопиннің Жапонияға сапарында Қытай мен Жапония екі тарапы экономикалық-технологиялық істестікке ерекше қызығушылық танытты. Жапония Қытайдың алып базарының ашылуын тағатсыздана күтіп отырған болатын. Өз бәсекелесінің алдына түсіп кетуі АҚШ-тың да дегбірін қашырды. Ол кезде АҚШ-Қытай қарым-қатынасының қалыпқа түсуіне әлі де біраз тер төгу қажет болатын. Қытайдағы өзгерістерді қалт жібермей бақылап отырған капитализм әлемі Қытайдың алып базарына алдыңғы болып ат басын тіреуді армандайтын. Сол себепті АҚШ өзінің Тынық мұхиты аймағындағы экономикалық бәсекелесінің алдыға түсіп кетуіне алаңдамай тұра алмады. Жапониямен тату көршілік қатынас орнату Қытай үшін АҚШ-пен қарым-қатынасты шешуде, Тынық мұхиты аймағындағы Қытай, Америка, Жапонияның үш жақты қарым-қатынасында ырықтылыққа қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Дау жоқ, бұл шахмат тақтасындағы сәтті жүріс болатын. Жапониямен жақсы қарым-қатынас орнағаннан кейін, Қытай Америкамен, тіпті күллі батыс әлемімен қарым-қатынасы қаңтарылып қалса да, Жапония елінің мүмкіндігі арқылы Қытай сыртқы әлемнен қалауынша үйреніп, экономикасы мен технологиясын дамытуға мүмкіндік алары сөзсіз еді.

Тарихтағы есеп-қисапты ақтарар болса, Қытайдан ең көп пайда тапқан елдер Жапония мен патшалық Ресей. Одан қалса, Кеңес Одағы болатын. Кеңес Одағы мен Жапония арасында  күрмеуі қиын, шешілмеген есеп-қисаптар баршылық. Оның ең бастысы - солтүстіктегі төрт арал дауы. Кеңес Одағына төтеп беру жағынан Қытай Жапониядан қалыса қоймайды. Жапония Кеңес Одағымен ашық жауласуға жүрегі дауаламаса да, ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта шенінен бұрын Кеңес Одағының баса билеуіне қарсы біріккен майданның бір мүшесі болуы күмәнсіз еді. 1978 жылы Дэн Сяопиннің Жапонияға сапары кезінде Токиодағы мемлекеттік резиденцияда Дэн Сяопиннің құрметіне арнап жайылған дастарқанға Жапонияда тұратын 28 елдің елшісі шақырылды. Жапония жағы Қытайдың ұсынысына сәйкес тек қана Кеңес Одағының бас елшісін шақырған жоқ. Дэн Сяопин осы қонақасы мінберін пайдалана отырып, Қытай-Жапон достық келісіміндегі баса билеуге қарсы тұру жөніндегі тармақты тәптіштеп түсіндіруге тырысты. Ол өз сөзінде: «Бұл тармақты Қытай мен Жапония өз іс-қимылдарын тежеуден тыс, кез-келген мемлекеттің баса билеуіне қарсы тұрады» - дей келіп, күллі әлем тілшілерінің алдында: «Зорлықшылдыққа, баса билеуге қарсы тұру – Қытай мен Жапония бейбітшілік-достық келісімінің өзегі саналады», - деп баса билеуге қарсы тұруда Жапония мен Қытайдың бір майданда екендігін шегелеп айтты. Үш айдан соң Дэн Сяопин Кеңес Одағының оңтүстік Азия елдеріне бағытталған ірге кеңейту саясатына тежеу салу үшін АҚШ-қа сапарлап қайтар жолда Жапонияға қысқа мерзімге аялдағанда Жапония басшыларына баса билеуге бірлесіп қарсы тұру мәселесін тағы қозғады.

Дэн Сяопин Қытай-Жапон халықтары ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға дос болып қалуын армандайтындығын айтудан жалықпайтын. Ол осы жақтағы орайлы сәт пен пайдалы мүмкіндіктерді жіпке тізіп айтып отыруды ұнататын. Мысалға, екі мемлекет те Азия құрлығындағы елдер, аралығын бір ғана су бөліп жатқан көрші ел, екеуі де сары түстілерге жатады, шығыстық мәдениетпен тәрбиеленген, тарихта 2000 жылдан аса достық барыс-келісте болған деген сияқты. Дэн Сяопин мұндай бағалы адами мүмкіндіктерді екі ел қатынасы үшін шебер пайдаланатын. Мысалға, ол Жапонияға іссапары кезінде Нара қаласына арнайы ат басын бұрып, Тосёдай пұтханасына саяхаттап, Қытайдың Таң патшалығы дәуірінде Жапонияға қоныс аударып, Будда тәпсірлерін насихаттаған және Жапония еліне Қытайдың құрылыс өнері мен медицинасын таратқан ғұлама Гандзин монахтың басына тауап етті. Одан соң, екі елдің экономикалық-технологиялық істестігіне байланысты күрделі келіссөздер жүргізілді. Мұнда Қытай тарапы Жапонияның озық өнеркәсіп тауарларының Қытайға тасқын судай қаптап кетпеуіне ерекше ден қойды. Ал екінші жағынан Жапонияның жоғары технологиясы мен капиталына есікті айқара ашты. 1988 жылы Жапония Қытайға 800 млрд йен көлемінде қарыз беруге шешім қабылдады. Осыған байланысты Дэн Сяопин сол кездегі Жапония премьер-министрі Нобору Такешитаға ерекше алғыс білдірді.

Қытай-Жапония қатынасында қандай кедергілер болуы мүмкін? Мұндағы ең басты жасырын кедергі – Қытай-Жапония соғысының екі халықтың жүрегіне салған жарасы деп айтуға болады. Әсіресе, Қытай халқы бір кездері Жапония самурайларының Қытайға салған қырғынын оңайшылықпен ұмыта алмайтын еді. Бірақ бұл кедергілер Дэн Сяопиннің шебер дипломатиялық қызметінің арқасында екі ел қатынасын дамытудың маңызды факторына айналды. Сапар барысында Дэн Сяопин Жапония императорымен кездескенде  Жапония үкіметінің лауазымды тұлғалары Дэн Сяопин императордың алдында екі елдің соғыс жауапкершілігін оның бетіне шыжғырып басуы мүмкін деп қатты алаңдады. Бірақ Дэн Сяопин Горбачевпен кездескендегідей басқыншылардың қылмысын жіпке тізіп бетіне басқан жоқ. Керісінше, ерекше кеңпейілдік танытып, императордың өзін өткенді айтып, ақталуына орай бермей, ерекше ашық-жарқын бейнеде: «Өткеннің бәріне салауат, бұдан кейін біз белсенді түрде болашаққа бет түзеуге тиіспіз», - деді ағынан жарылып. Мынадай ізгі пейіл, ақжарқын көңіл кешегі соғыс қылмыстыларының ұрпақтарын ерекше толқытты. Екі жақтың да көңіл-күйі сабасына түскен соң, император да дайындаған сөздерін сол майданда түзетіп үлгеріп, «екі ел арасындағы бақытсыз оқиғалар» деген сөзді қосу арқылы соғыс қылмыстары үшін кешірім сұрағандай кейіп танытты. Одан кейін  пермьер-министр Ясуо Фукуданың қонақасында сөйлеген сөзінде де бұрын дайындалған мәтіннен ауытқып, Жапонияның бір кездері Қытайға соғыс ашқандығына өкініш білдірді. Дәл осы жағдай Дэн Сяопин күткен жауаптар болатын. Дау жоқ, Жапонияның Қытайға жасаған шапқыншылық соғыстары Қытайға орны толмас ауыр апат әкелді. Бір ғана адам шығынының өзін айтсақ – аталған соғыс ондаған миллион адамның өмірін жалмады. Соғыстан кейін Қытай Жапониядан соғыс шығындарын талап еткен жоқ. Енді міне, екі ел қатынасы қалыпқа түскенде өткеннің бәріне салауат айтып отыр. Бұл, әрине, Қытай тарапының бетін жарық етіп, рухани жақтан үстем орынға шығарды. Қытайдың кешегі соғыс қылмыстыларының ұрпағына достық құшағын ашуы жапондықтардың Қытайдың алдындағы ұятты сезімдерін оята білді. Мұндай борыштылық сезім Қытай-Жапон достық қарым-қатынасына ерекше пайдалы екендігін Дэн Сяопин жақсы түсінетін. Себебі, Қытай сол мезгілде елдің осы замандандыру құрылысында Жапонияның көмегіне зәру болып отырғандығы шындық. Ал жапондар Қытайдың алдында рухани қарыздар болатын. Бір тарапы көршінің көмегіне ерекше зәру болса, екінші тарапы жомарттықпен көмек көрсету арқылы өз қылмыстарын жуып-шаюға тырысады және алып Қытай базарынан қыруар пайда да табады. Екі жақтың да есебі түгел.

Өткенге салауат айту, дау жоқ, дұрыс шешім. Кек қуалап, бітіспес жауға айналу ешкімге де пайда әкелмейді. Бірақ, бұл өткенді ұмыту деген сөз емес.  Дэн Сяопин Қытай-Жапония достық қатынасын сақтаудың басты алғышарттарының бірі  Жапонияның Қытайға шапқыншылық жасап, қылмыс жасағандығы жөніндегі тарихи шындықты өзгертуге болмайтындығында деп білді. Сондықтан Қытай-Жапония қатынасы қалыпты арнаға түскен соң Дэн Сяопин Сенкаку (Дяоюйдао) аралына байланысты территориялық таластардың өзіне онша мән бермегенімен, Жапония милитаризмнің қайта бас көтеруіне ерекше сақтықпен қарады. Қытай бір кездері Жапония білім министрлігінің  оқулықтарға өзгерістер жасап, Қытайға шапқыншылық соғыс ашқандығы жөніндегі шындықты бұрмалағандығына қатаң қарсылық танытқан болатын. 1985 жылы Жапонияның министрлер кабинеті мүшелерінің Жапонияның Мэйдзи императордың реформасынан кейін Жапония үшін (Жапонияда және шет елдерде) құрбан болған жауынгерлер рухына арнап салынған  Ясукуни қабірстандығына тауап еткендігіне байланысты Дэн Сяопин Жапонияға қатаң ескерту жариялады. Соған жалғас Қытайдың Бейжің және Шиан қатарлы қалаларында студенттер Жапонияның 1931 жылы 18 қыркүйекте Қытайға басып кірген қаралы күнді еске алуға байланысты ереуілге шығып, Жапония милитаризміне қарсылығын білдірді.  Қытай билігі студенттердің ереуіліне әркез өте сақтықпен қарайтын. Бұл жолы Дэн Сяопин керісінше оларға қолдау білдірді. 1987 жылы Жапония өзінің қорғаныс шығынын бір пайызға арттырған болатын. Дэн Сяопин осының өзіне де бейжай қараған жоқ. Жапония милитаризмінің қайта бас көтеруінен сақтанудағы мақсат Жапония күшейіп, Қытайға қайта шабуыл жасайды деген алаңдаушылық емес, жалпы Азия, Тынық мұхиты елдерінен бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне алаңдаудан туғаны шындық. Бірақ Дэн Сяопиннің бұл мәселелерге ерекше сақтықпен қараудың түпкі мақсаты Жапонияның Қытайға шабуылындағы шынайы тарихты бұрмалауын болдырмау үшін жасалған болатын.  Тарих қаз-қалпында жазылса, жапондықтар осы бір қан қарызды мәңгіге арқалап жүруге мәжбүр болады. Бұл екі ел қатынасы үшін тек қана пайда әкеледі.

Осы жерде орыс отаршылдарының қазақ халқына жасаған қиянаты жөнінде де айта кеткенді жөн көріп отырмын. Өткен жылдарда ашаршылық хақында аз айтылған жоқ. Бірақ біз тарихи шындыққа тура қарауға дайын болмай шықтық. Әрине, Қазақстан үкіметі аштық пен репрессиядан қынадай қырылған сан  миллион қазақтар үшін  Ресейден құн даулай қоймайтын шығар.  Бірақ, тарихи шындық салтанат құруға тиіс. Бұл - орны толмас қасірет. Әрбір қазақтың ұрпақтан ұрпаққа отаршылдық үстемдіктің қалай болатындығын, азаттық пен тәуелсіздіктен айырылудың қандай қасіретке ұрындыратындығын ұғындыруға тиіспіз. Тарихи шындық дәл сол үшін керек.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

1 пікір