Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 3058 8 пікір 19 Сәуір, 2022 сағат 13:43

Кремль агрессиясы: Бейбіт өмірдің қадірін білейік

Бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы жақын арада толастайтын түрі жоқ. Путин өлермендікпен Киевті алмай, көңілі жайланбайтын секілді.

АҚШ пен Еуропа салған санкциялар Ресейдің экономикасын құлдыратқанымен, оған Путиннің мұрты да қисаяр емес. Өйткені ол орыс мұжығының менталитетін терең зерттеп, олардың осал тұстарын дөп басқан жырынды. Орыстың көшеде мас болып жатқан мұжығына «Әй, сен ұлы емессің бе? Неғып жатырсың? Әне, жау келіп қалды», - десең мылтығын іздеп, жан-жағын қарманып, еліріп шыға келеді. Осыны білетін Путин кімнен қымсынсын?.. Қатардағы солдаттардың құны ол үшін бес тиын, қара бақыр. Өздері керемет қолбасшы санайтын анау Жуков дегенің сол орыстың ұлы отан соғысында еш шіміркенбестен: «Русские бабы еще нарожають» деп, орыс мұжықтары миллиондап қырылса да беті бүлк етпеген. Мұны орыстардың ниеті дұрыс зиялы қауымы да мойындайды. Мәселен, солардың Афанасьев деген тарихшысы: «Мы их, немцев, закидалы трупами» деп, шындықты тайсалмайтын айтқан. Бір өкініштісі, қазір мұндайлардың аузын аштырмайды, бірдеңе десе не шетелге қуады, не түрмеге қамайды.

Мінекей, қанша қашсақ та құтыла алмайтын көршіміздің қазіргі жыртқыштық сиқы осы. Ал енді амалсыз тағдыры бірге өрілген осындай алпауыт елге деген көзқарасымыз қандай болмақ?

Біріншіден, біздің анау басқыншылық соғыстан жапа шеккен Украина халқына бүйрегі бұратындығы сөзсіз. Қолымыздан келгенше көмек те көрсетіп жатырмыз. Сонан соң, бұл бүліншікке бейтарап саясат ұстанғанымыз да түсінікті жайт. Біз 45 миллион халқы бар, артында Еуропа одағы секілді мықты тіреніші бар тегеурінді ел емеспіз. Іргеміздегі Қытай да алып империя. Оның өз мүддесі, өз саясаты бар. «Тұран одағы» деген қағаз жүзіндегі ұғым ғана. Бұған енді ешбір елде жоқ, Ресеймен арамыздағы ұлан-қайыр, ұзындығы 7,5 мың шақырымдық шекара аумағын қосыңыз. Сонда ғана біздің не себепті көп векторлық саясат ұстанатынымыздың сыры белгілі болады.

Міне сондықтан да қашанда іргемізді бекітіп, «Сақтансаң- сақтармын» деген ұстанымды берік ұстанған жөн. Ең алдымын біздің ішкі бірлігіміздің орны бөлек. Өйткені сырттан келген жаудан гөрі, өз ішіміздегі Ресей теледидарын ғана көріп, солардың судай өтірігіне сеніп, әбден зомбиланған адамдарымыз аса қауіпті. Және осылардың арасында өзге ұлт өкілінен гөрі өзіміздің қаракөздеріміздің жиі кездесетіндігін көріп, ел болашағы үшін амалсыз алаңдайсың.

Өзге өңірлерді білмеймін, дәл осы Қостанай секілді терістік аймақтарда Путиннің саясатын қолдайтындар жетіп артылады. Қазір бір бас қосуларда біреулері: «Ойбай, украиндар сондағы орыстарды бомбалаған екен ғой» деп, басқыншыларды ақтаса, екінші біреулері: «Өздеріне де сол керек. НАТО-ға мүше болғысы келетін көрінеді» деп, НАТО дегеннің не екендігі мұрнына исі бармаса да, өзінше сауегөйсиді, ал үшіншілері: «Олар таза нацистер мен фашистер ғой. Мұндайларды мүлде аямау керек» деп, өзінше өректеп жатқаны. Және, бұлардың барлығы дерлік ертең бірдеңе болса, елімізді қорғайды ғой деп сеніп жүрген өзіміздің қазақтар. Бұдан кейін ертеңгі күніңе амалсыз күдікпен қарайсың.

Бұдан кейін біздегі орыс ұлтының кейбір өкілдерінің «қазақтардан қысым көрдік» деп, Путиннен көмек сұрағандығына таң қалуға да болмас. Ал енді мұны аз десеңіз, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің көңіл-күйі қандай, олардың не ойлағаны бар екендігін де ой таразысынан өткізген ешкім жоқ. Олардың барлығы дерлік қазақтарға жаны ашиды, Қазақстанды отанымыз деп санап, мүддесі ортақ болар деген ұстаным ұстайтындығына үлкен күмәнім бар. Олай дейтініміз, кешегі қаңтар қырғынанда: «Ау, біз де қазақтарға көмектесейік. Сөйтіп, біріміз де демократиялық, әділ қоғамда өмір сүрейік» деген, ұранмен неге бізбен бірге митингіге шықтпады? Әлде оларға мұндай қоғамның қажеті жоқ, ескісін мақұл көре ме? Немесе, мұның астарында «сендер күл болмасаң бүл бол, бізге бірібір» деген жымысқы саясат ұстанды ма? Мен бұлай ойламайын десем, өзгесін былай қойғанда, ана дүнгендер мен ұйғырлар балаларын неге қазақ мектебіне емес, орыс мектептеріне қарай сүйрелейді? «Ортақ Отанымыз» деп ойлайтындар осылай істей ме? Түбі қазақ тілі емес, орыс мектептерінен шыққан түлектердің Ресейге қарай ынтасы ауып тұрмасына кім кепіл? Сосын күні ертең Путиннің ескі ауры қозып «Қазақстандағы орыс тілділердің құқықтарын қорғаймыз» деп, әскерін самсатып жетіп келсе, жаңағы қалың жұрт екі елдің қай жағынан шығады? Бұл да үлкен ойланарлық жайт.

Қазақстанға төнетін тағы бір қауіп - таза экономикалық тұрғыдан. Дүниежүзінің барлық елдері дерлік Ресейге бет қаратпас санкция салып жатқандығы белгілі. Енді бұлар шетелдерден келетін аса сапалы тауарлар мен заманауи озық технология өнімдерінен мүлдем қағылды. Егер де басқа да елдер, оның ішінде Қазақстан да бар, сол санкция тізіміне енген, алайда өзімізге деп алған тауарларды Ресейге беретін болсақ, санкцияның көкесін сонда көреміз. Ал енді мұны кім бақылайды? Күні ертең Ресейге қарай бүйегі бұрып тұрған өзге ұлт өкілдерінен тұратын кәсіпкерлер осынау қат дүниелерге көршімізге қарай астыртын түрде тоғытып жатса, қайтеміз? Мәселен, осы Қостанай облысындағы аса ірі компаниялардың тізгінін негізінен орыс ұлтының өкілдері ұстап отыр. Күні ертең бірдеңе болса, сол Ресейіне қарай тайып тұрады. Сосын - «Іс бітті, қу кетті». Бұларға пайдаға құныққан өз ұлтымыздың да азамататары қосылып кетуі де әбден мүмкін. Мұндайлардың әлгіндей сасық қулығы бүкіл елімізге аса зор зиянын тигізетіндігі кім бажайлап жатыр?.. Олар үшін бар мақсаты мен ынтасы-тек мына аласапыранды пайдаланып, бір қарпып қалу. Сосын біз «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шаптың» кейпін киеріміз сөзсіз.

Міне, осынау аса қауіпті жайды біздегі қауіпсіз комитеті ерекше назарға алғаны жөн. Бұл Марғұлан секілді ұлтжанды азаматтарды қудалаудан гөрі әлдеқайда күрделі де жауапты.

Бейбіт өмірдің қадірін біліп, ішкі ынытмағымызды нығайтайық, ағайын! Қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ.

Жайберген Болатов

Abai.kz

8 пікір