Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2995 0 пікір 23 Қазан, 2012 сағат 15:32

Берік ОСПАНОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары: Облысқа 80 жыл толса да, өңір тарихы мыңдаған жылдарға кетеді

- Берік Серікұлы, өзіңіз білесіз, биыл оңтүстік жұртшылығы үшін үлкен мереке. Облыстың құрылғанына 80 жыл толды. Әрине, Оңтүстік Қазақстан облысы бұл мерейтойға тәуір табыстармен жеткендігіне сеніміміз мол. Ал сіз не дейсіз?

- Берік Серікұлы, өзіңіз білесіз, биыл оңтүстік жұртшылығы үшін үлкен мереке. Облыстың құрылғанына 80 жыл толды. Әрине, Оңтүстік Қазақстан облысы бұл мерейтойға тәуір табыстармен жеткендігіне сеніміміз мол. Ал сіз не дейсіз?

-Рас айтасыз, биыл Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына
80 жыл толды. Егер тарихи тұрғыдан қа­растырсақ, бұл қас-қағым ғана сәт. Оның үстіне Шымкент шаһарының да, киелі Түркістанның да, Сайрамның да, қыс­қасы, бұл өңірдегі кез келген қаланың тарихы мыңдаған жылдарға жетеді. Дегенмен бұл аймақтың облыс болып құрылғанының мәні ерекше. Шын мә­нінде, Оңтүстік Қазақстан облысы жер көлемі жағынан еліміздегі аймақтар арасында көш бастап тұрмағанымен, демографиялық көрсеткіші жағынан, қазақ ұлтының шоғырлануы жағынан алдына қара салмайды. Егер облыс өзі­нің 80 жылдық мерейтойына қандай табыстармен жеткеніне тоқталар бол­сақ, өз басым Оңтүстік Қазақстанның
ең басты жетістігі ретінде ұлттың ұйт­қысы болып, ана тіліміздің абыройын асқақтатып, демографиялық өсімді сақ­тап отырғандығын айтар едім. Қазақ­станның ең басты байлығы адам десек, біздің облыс - осы байлықтың қадірін білетін өңір. Ал одан соң аймақтың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени жетістіктерін атап өткен жөн.
Жалпы, облыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмалары нақты ықтияттылықпен орындалып келе жатыр. Облыс әкімі де өңірдің әлеумет­тік-экономикалық дамуы үшін аянбай тер төгуде. Облыс халқы да еңбек­қор. Егер қандай да бір табыстарға қол жеткізсек, оның сыры облыс басшы­лығының жүйелі жұмысы мен бұқара­ның қажырлы еңбегінде жатыр. Үс­тіміздегі жылдың сегіз айының қо­ры­тындысы бойынша, облыстың өнеркәсіп орындарында 279 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда нақты көлем индескі - 102,7 пайыз.
Егер бұл көрсеткішті жіктеп-жі­ліктейтін болсақ кен өндіру өнеркәсі­бінде 64,2 млрд теңгенің өнімі шығарыл­ды. Бұл қоян жылғы көрсеткіштен 9,8 пайызға артық. Ал өндеу өнеркәсібінде 187,2 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Үдемелі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасы аясында 13,9 млрд теңгенің 29 жобасын іске қосу жос­парланған еді. Жыл басынан бері олар­дың бірқатары іске қосылып та үлгерді. Жалпы, бұл бағдарлама бойынша жү­зеге асырылып жатқан жобаларды об­лыс әкімі Асқар Мырзахметов тиянақты бақылауында ұстап отыр. Облыс әлеу­меттік-экономикалық даму серпіні жа­ғынан ел бойынша алдыңғы қатарда келеді. Облыста шағын кәсіпкерлік те қарқынды дамып, «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Облыста шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны артып келеді. Жыл басынан бері шағын және орта кә­сіп­керлік субьектілері 198,2 млдр теңгенің өнімін шығарды. Жыл басынан бері шағын кәсіпкерліктің 492 субьектісі­не «Даму» қорынан 16,9 млрд теңгенің несиесі берілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 9,2 млрд теңге көлемінде 53 жобаға қолдау көр­сетілді. Жыл аяғына дейін олардың са­ны 100-ге жетпек. Қысқасы, өнеркәсіп са­ласы жақсы дамып келеді. Ал білім беру, денсаулық сақтау сынды салаларға тоқ­талсақ, бұл бағытта да мерейтойға то­лайым табыстармен жетіп отырмыз. Бір ғана мәселені алар болсақ, облыста 104 764 бала балабақшамен қамтамасыз етілген. Жалпы, балабақшалардың саны 1039-ға жетті. Облыста білім ор­дасының саны да артты. Қазір үш ауы­сыммен оқитын мектептердің саны сау­сақ­пен санарлықтай ғана қалды. Алайда облыс тұрғындарының санының өте жедел өсіп келе жатқандығын ескеру керек. Мәселен, биыл облыс бойынша 1 қыркүйекте оқушылардың жалпы са­ны 547 мың баланы құрады. Бұл тіпті кей­бір облыстардың тұрғындарының саны­нан да көп. Енді бір қызықты қа­раңыз, өткен оқу жылында біздің об­лыс­та 38 мың оқушы мектеп бітірсе, бірінші сыныпқа 57 мың бала барды. Айыр­машылық 19 мың бала. Бұл дегеніңіз, орта есеппен 15 мектептің оқушысы деген сөз. Әрине, білім беру мекемелеріне мұқтаждық азая қоймас. Дегенмен облыс басшылығы да қол қусырып қа­рап отырған жоқ. Біздің облыста мем­лекеттік «100 мектеп, 100 аурухана» бағ­дарламасы аясында 39 мектеп тұрғы­зылған. Жалпы, облыста 2010 жылы 60, 2011 жылы 54 мектеп пайдалануға бе­рілді. Биыл 74 мектепті пайдалануға беру көзделген болатын, қазір олардың 23-інде қоңырау сыңғырлап, оқушылар жайлы ғимаратта оқып жатыр. Облыс­та 2012 жылдың өзінде 17, 7 млрд теңге мектеп құрылысына арналған болатын. Үстіміздегі жылы облыста 238 оқушы «Алтын белгімен» бітірді. Ал респуб­лика бойынша жоғары оқу орнына түсу үшін грант алғандардың саны 38 615 оқушы болса, оның 9 301 немесе 24 пайызы облыстың үлесінде.
Қазақстан Республикасы Үкіметі­нің 2012 жылғы 29 наурыздағы №394 қау­лысымен бекітілген «Үздік педагог» ата­ғын беру қағидаларына сәйкес биылғы жылы «Үздік педагог» конкурсына республика бойынша 4000 мыңға жуық педагог қатысып, соның ішінде об­лысымыздың үш мұғалімі «Үздік педа­гог» атағын жеңіп алып, оларға 1 618 000 тең­ге көлемінде қаржылай сыйлық берілді.
Бұл да біраз жайдан хабардар етсе керек.
Денсаулық сақтау саласы да дамып келеді. Облыста өлім-жітім көрсеткіші 10 пайызға төмендеді. Соның ішінде туберкулезден қайтыс болатындар саны 15 пайызға, қан қысымының кесірі­нен туындайтын өлім-жітім 2 есеге төмендеді. Медициналық мекемелер санитарлық автокөлікпен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Оңтүстік Қазақстан облысында 2010 жылы 3,2 млрд теңгеге 75 денсаулық сақтау нысаны салынды, 2011 жылы - 3,4 млрд теңгеге 59 нысан салынды, оның ішінде «сақалды» денсаулық сақтау нысандарының құрылысы да аяқтал­ды. 2012 жылға жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге 59 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған болатын, оның 51-і жергілікті бюджет қаражаты есебінен - 2,01 млрд теңгеге салынатын болады. Сонымен бірге бүгінде Денсаулық сақ­­тау министрлігімен бірлесіп, медицина ұйымдарының құрылысын салуда мем­лекеттік-жекеменшік серіктестіктің механизмдері жасалуда. 2009 жылдан 2012 жылға дейін облыстың аудандары мен қалаларының 111 медициналық ұйымдарында күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Ағымдағы жылы 22 денсаулық сақтау нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Күрделі жөн­деудің арқасында денсаулық сақтау нысандарының ғимараттары мен үй-жайларының ресурстары ұзартылды, оларды ұстау анағұрлым үнемді бола­ды. Алдағы уақытта әлі 50-ден астам ден­саулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуден өткізу қажет. Денсаулық сақтау нысандарын салу және күрделі жөндеуден өткізу бойынша негізгі, сал­мақ облыстық бюджетке түсуде. Тек соңғы 3 жыл ішінде облыстық әкімдік пен мәслихаттың қолдауымен бұл мақсат­тарға 17 миллиард теңгеден астам қара­жат бөлінді.
Әлеуметтік салаға қысқаша тоқта­лар болсақ, аз қамтамасыз етілген аза­маттар саны 22,6 пайызға төмендеп, 10 мыңнан сәл ғана асады. Егер облыста 2 млн-нан астам тұрғын бар екендігін ескерсек, бұл көрсеткіш жаман нәти­же емес деп ойлаймын. «Дипломмен -ауылға» бағдарламасы аясында 250-ге жуық маманға мемлекеттік қолдау көр­сетілді. Оларға жалпы көлемі 170 млн теңгеге жуық несие беріліп, 71 маман баспаналы болды.
«Қамқорлық» акциясы аясында 93 мыңға жуық адамға 2 млрд-қа жуық теңгенің моральдық-материалдық жәрдемі жасалды.
Ал ауылшаруашылығы саласына тоқталар болсақ, жыл басынан бері об­­лыс дихандары мен бағбандары 60 мил­лиардқа жуық теңгенің өнімін өндірді. Егістік алқаптардың көлемі 2012 жылы 2009 жылмен салыстырғанда 96,7 мың гектарға артып, 738,0 мың гектар көлемді құрады. Оның ішінде басымды дақыл­дар бойынша, дәнді дақыл 305 мың гек­тар, майлы дақыл 121,7 мың гектар, мақта 147,8 мың гектар, картоп 14,7 мың гектар, көкөніс 32,5 мың гектар, бақша 54,3 мың гектар, мал азықтық дақыл 179,3 мың гектар жерге егілді.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Облыс тұрғындарын қысқы және ерте көктемгі мезгілде қолжетімді бағада жеміс-көкөніс өнімдерімен қамтама­сыз ету үшін 2010 жылы 50 мың тонна, 2011 жылы 67 мың тонна, 2012 жылы сыйым­дылығы 28 мың тонналық қоймалар жөндеуден өтіп және жаңадан салы­нып, жалпы қоймалардың сыйымдылығы 145 мың тоннаға жетті. Бүгінгі таңда осы қоймаларда бірінші кезектегі әлеуметтік маңызы бар картоп, пияз, көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін сақтап, жыл бойына облысымызды сапалы ар­зан бағадағы өнімдермен қамтама­сыз етуге толық мүмкіншілік беріп отыр.
Облыста мал шаруашылығы да жақ­сы дамып келеді. Мәселен, биыл ірі қара малдың саны 837,6 мың басты, қой мен ешкі 3848,2 мың басты, жылқы 182,8 мың басты, түйе 19,0 мың, шошқа 42,6 мың басты, құс 2480,4 мың басты құрады.
2009 жылмен салыстырғанда ірі қара малдың басы 11,8%, қой мен ешкінің мал басы 7,8%, жылқының саны 20,4%, түйенің саны 11,5% және шошқаның саны 22,7%, құстың саны 8,7% артты.
Сонымен қатар 2009 жылмен са­лыстырғанда мал шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлері: ет (сойыс салмағында) - 10,5% артып, 91,8 мың тонна, сүт - 7,2% артып, 650,9 мың тонна, жұмыртқа - 7,7% артып, 266,2 млн. дана өндірілді.
Облыста 170 асыл тұқымды мал ша­руашылықтары жұмыс істейді, оның ішінде 16 шаруашылық ірі қара, 95 - қой-ешкі, 32 - жылқы, 16 - түйе, 8 - шошқа және 1 - шаруашылық құс өсірумен, 2 ша­руашылық ара өсірумен айналысуда. Осы шаруашылықтарда асыл тұқымды 23,3 мың бас ірі қара, 308,8 мың бас қой, 12 мың бас жылқы, 4,6 мың бас түйе, 253 мың бас құс, 13,7 бас шошқа өсірілуде.
«Сыбаға» бағдарламасы шеңберін­де фермерлік шаруашылықтарды дамы­туға 2012 жылы 4200 бас аналық ірі қара мал сатып алыну жоспарланса, бүгінгі күнге 4330 бас ірі қара сатып алынды. Сонымен қатар құс шаруашылы­ғын дамыту мақсатында 4 инкубатор, 3 құ­рама жем дайындау цехы ашылды.
Жыл басынан бері 4 ет өңдейтін, 3 сүт өңдейтін, 2 көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын ашылды. Облыста жасанды ұрықтандыру жөніндегі 2 дистрибьютерлік орталық жұмыс істейді. Олар үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бері 61 мың бас мал қолдан ұрықтандырды. Міне, бұлардың барлығы оңтүстік облысының қазіргі жетіс­тіктері.
- Берік Серікұлы, ауыл шаруашылығы демекші, Оңтүстік Қазақстан облысын­да бұл салаға инновациялық технология­ларды енгізу қаншалықты деңгейде жүргізіліп жатыр?
- ХХІ ғасырда еліміздің даму бағы­тын инновациялық технологиялар айқындайтыны қазірден-ақ белгілі бо­лып отыр. Тіпті инновация әлемдік деңгейде қолданылып жатыр. Мәселен, қазір нанотехнология деген бар. Ол да -инновация. Өндірістің шығынын азайтып, өнімдерін сапалы һәм сұраныс­қа ие қылып өндіру де бір сөзбен айт­қанда - инновация. Өйткені мұндай деңгейге жету үшін заманауи құрал-жабдық, жаңаша көзқарас керек. Осы мысалдарға сүйене отырып, иннова­ция деген ұғымды қарапайым тілмен жаңа­лық деп қана бағаласақ, онда Оңтүс­тік Қазақстан облысында ауыл шаруа­шылығында тамшылатып суғару тәсілі кеңінен қолданыла бастады. Бұл әдістің артықшылығы ұшан-теңіз. Бұрын бау-бақшаларға су арықпен жеткізіліп, су көп ысырап болатын еді. Бұл өзі көнеден
келе жатқан дәстүр болатын. Ал қазір тамшылатып суғару арқылы ең алдымен судың ысырабы азайса, екіншіден, өнім көлемі артып жатыр. Облыста биыл тамшылатып суғару әдісі 20 мың гектар жерге қолданылды. Соның нәтижесін­де 13 млрд теңгенің өнімі алынды. Бұл тәсіл мақта өсіруде де, бақша, көнөніс өсіру саласында да қолданылып жатыр. Сонымен бірге облыста жылыжайлар құрылысы қарқынды дамып келеді.
Қазір жылыжайлар тіпті мектептердің жанынан да ашылып жатыр. Облыста 1017 мектеп болса, солардың 443-інің жанынан жылыжай салу жоспарлан­ған еді. Қазір 415 мектептің жылыжай құ­рылысы аяқталып қойды. 28 мектептің жылыжайы салынып жатыр. Жалпы, облыста жылыжайлардың көлемі 2009 жылы 124,0 гектарды құраған болса, бүгінгі күнге бұл көрсеткіш 4 есеге артып, жалпы көлемі 507 гектарға жетті. Үс­тіміздегі жылдың басынан бері салынған жылыжайлардың көлемінің өзі 118,4 гектар болды. Жалпы, еліміз бойынша жылыжайлардың көптігі жағынан Оңтүстік Қазақстан облысы алда ке­леді. Облыстағы жылыжайлар республика­лық көрсеткіштiң 85 пайызын құрайды.
- Биыл бақша дақылдарынан рекорд­тық көрсеткішке қол жеткізіпсіздер...
- Шынында да биыл облыста бақша дақылдарынан рекордтық деңгейде өнім жиналды. Дәлірек айтқанда, 1 млн 10 мың тонна өнім алдық. Әрине, бұл жерде дихандардың қажырлы еңбегін айрықша атап өткен жөн.
Дегенмен егістік жердің азуы, жердің сорлануы, жылдан-жылға ауру түрлерінің көбеюі, техниканың, қар­жының жетіспеушілігі және су тап­шылығы сияқты түйінді мәселелермен кездесіп отырған бақша өсірушілер­дің жағдайына қазір Мемлекет басшысы­нан бастап, Үкімет те, облыс әкімдігі де ерекше назар аударып, қажетті қолдаулар көрсетіп жатыр. Әйтпесе биылғыдай құрғашылық жылында қомақты табыс­қа жету оңайға соқпас еді. Ал мемлекет тарапынан қолдау болған соң, төгілген тердің де ақталғаны рас. Егер нақты қандай қолдау болғандығына тоқталар болсақ, Мақтаарал ауданында су сорғы стансаларының іске қосылуын, Үкімет тарапынан тауар өндірушілерге же­ңілдетілген бағамен берілген жа­нармайдың, тыңайтқыштардың бері­луін, ағын су жеткізіп беру құнының арзандатылуын, әр гектарға 12,0 мың теңгеден субсидия төленуін айтуымызға болады.
Сонымен қатар 2009 жылы ауыл шаруашылығы жерлеріне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 104 мың гектар суармалы жердің айналымнан шығып қалғаны анықталған болатын. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 8,9 млрд теңге «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 6,0 млрд теңге (жалпы 14,9 млрд теңге) қаржы бөлініп, 2009 жылы 44,0 мың гектар, 2010 жылы 33,0 мың гектар, 2011 жылы 27,0 мың гектар жер қайта айналымға қосылып, жалпы 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орында­ры ашылды.
Биылғы ауа райының шаруалар­ға жайсыздығына қарамастан, бақша дақылы өткен жылдан 16,3 мың гектарға артық егіліп, жалпы көлемі 54,3 мың гектарды құрады. Өнімділік те жаман болған жоқ. Өнімділік гектарына 21 центнерге артып, әр гектар алқаптан 186 центнерден өнім алынды. Нәтижесінде бұрын-соңды болмаған 1 млн 10 мың тонна өнім жиналды, бұл өткен жылдан 275 мың тоннаға артық. Бақша дақы­лының республика тұрғындарына қажеттілігі 400,0 мың тонна болса, облыста өндірілген бақша қажеттіліктен 2,5 есеге артық. Бұл үлкен жетістік.
Қазір облыста жиналған бақша өнімдері республикамыздың қажеттілігін өтеумен қатар, тіпті сонау Еуропаға дейін экспортталып жатыр. Бұл жерде біз солтүстіктегі көрші Ресей нарығы туралы айтып отырған жоқпыз. Қазір ОҚО-дан жиналған дақылдары Германия, Франция сынды Еуропа елдерінің су­пермаркеттерінен, дүкендерінен табуға болады. Меніңше, бұл тек біздің облыс үшін ғана емес, республика тұрғын­да­­ры үшін де мақтаныш. Өйткені бізде отандық тауарлар дамыған елдерде шығарылатын өнімдермен бәсекеге түсе алмайды деген жаңсақ ұғым бар. Оның үстіне еуропалықтар да бақша дақыл­дарын жақсы өсіреді. Оларда технология бар. Ал бізде табиғи таза өнім бар. Дегенмен 1 млн 10 мың тонна өнім де біз үшін соңғы меже емес, облыстың әлеуеті одан да көп өнім жинауға жетеді. Міне, қысқаша айтсақ, облыстың азды-көпті табысы осы.
- Бұл дұрыс екен. Енді рухани салаға қарай ойыссақ...
-Менің ойымша, елдің дамуында экономикамен қатар руханият пен мә­дениет те маңызды орынға ие. Оңтүстік Қазақстан облысы­ның аумағы тұнып тұрған тарих. Біз облыс­­тың құрылғанының 80 жылдығын атап өтпекшіміз. Алайда бұл өңірдегі кез келген елді мекеннің тарихы әрісі мыңдаған, берісі жүздеген жылдарға кетеді. Осыдан оншақты жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 2000 жылы ел болып, жұрт болып Түркістан қаласының 1500 жылдығын тойлаған болатынбыз.
Алайда Түркістанның тарихы 1500 жылдан да әріге кетеді. Сол сияқты Сайрам, Сауран сынды қалалардың да тарихы терең. Қазірдің өзінде Шым­кент шаһарының тарихы 2200 жылға ба­ратындығын тарихшылар дәлелдеп отыр. Демек, оңтүстік өңірі мәдениеттің, ру­ханияттың бесігі деген сөз. Бұл өңірде Арыстан баб, Ысқақ ата, Қожа Ахмет Иассауи сынды әулие-әмбиелер де өмір сүрді. Түркістанда қазақтың хандарының басым көпшілігі жерленген. Біз бұл мәселелерді де естен шығармақ емес­піз. Облысымыздың 80 жылдық мерей­тойы қарсаңында, Құрбан айттың алғаш­қы күнінде Оңтүстік Қазақстан жерінде дүниеге келген және осында жерлен­ген 300-ге жуық әулие-әмбие, абыздар, хандар, би-шешендер, батырларға, қоғам және мемлекет қайраткерлеріне, ақындар, жазушылар, композиторларға арналып үлкен ас берілмек. Он күн бұрын Құран хатым түсіріліп жатыр. Менің­ше, бұл шара да маңызды. Өйткені өткен күн мен бүгінгінің арасында ру­хани сабақтастық болуы қажет. Одан бөлек, Алаш қайраткерлері Ахмет Бай­тұрсынұлының 140 жылдығына, Жа­һанша Досмұхамедовтың 125 жылды­ғына арнап жыл аяғына дейін ғы­­­лыми-тәжірибелік конференция өткізу ойымызда бар. Себебі ұлтқа қызмет
еткен тұлғаларға құрмет тек олардың туған жерлерінде ғана көрсетілмеуі керек. Қазақ даласының кез келген жерінде ұлт зиялыларын ұлықтап, олардың өмірі мен елге сіңірген еңбегін насихаттап отыру жастардың тәрбие­сі­не оң ықпал ететін іс. Тіпті жас түгілі жасамысқа да қажет дүние бұлар.
- Мұны облыс басшылығының алға қойған жоспарлары деп бағалайық. Ал жеке азамат ретінде басқа қандай істердің атқарылғанын қалар едіңіз?
- Әрине, мемлекеттік қызметкер ретінде емес, жеке азамат ретінде де көкейге көптеген ойлар түйіп жүре­тінімізді жасырмаймын. Ашығын айтқанда, рухани-мәдени салаларға қатысты жоба-жоспарларымыз болса, олардың біразы жеке азаматтардың ойынан туындап жатады. Елбасы да ұлттық құндылықтарды ұлықтау мә­селесіне келгенде ешкімнің қолын қағып отырған жоқ. Облыс әкімі Асқар Иса­бекұлы да ұлт тарихына, мәдениетке, руханиятқа бейжай қарамайтын аза­мат. Шымкент қаласында Кеңес Одағы­ның батыры, генерал Сабыр Рақымовқа ес­керткіш ашылды, Бәйдібек бабамызға
да ескерткіш қойылып жатқаны соның айғағы. Өз басым мүмкіндік болса облысымызда қазақ журналистерінің форумын өткізген дұрыс болар еді деп ойлаймын. Негізі, бұл идеяны бірқатар азаматтар көтеріп те жүр. «НұрОтан» ХДП хатшысы Ерлан Қариннің де, белгі­лі саясаттанушы Айдос Сарымның да, танымал журналист Дәурен Қуаттың
да осы мәселені көтергенін білемін. Өкінішке қарай, әзірге идея жүзеге аса қойған жоқ. Қазақ журналистерінің форумын Оңтүстік Қазақстан жерін­де ұйымдастыру оның беделін түсіре
қой­мас сірә. Ресей Федерациясының азаматтары орыс журналистикасының халықаралық форумын бірнеше рет өткізгендігін білеміз. Олардың бірі
тіп­ті Қазақстанда өткенінен де хабардар­мыз. Өзім журналист емеспін, бірақ мемлекеттік тілде ақпарат тарататын отандық және шетелдік БАҚ өкілдері­нің басын қосқан абзал деп ойлаймын.
Оның үстіне Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сынды алаш арыс­тары шығарып тұрған «Қазақ» газетінің 100 жылдығы келе жатыр. Қателеспе­сем, «Қазақ» газетінің тұңғыш нөмірі 1913 жылдың 2 ақпанында жарық көрген болуы тиіс. Демек, келер жылы ұлттық журналистиканың үлкен мерейтойы деген сөз. Ал Оңтүстік Қазақстанда
ана тілімізде ақпарат тарататын рес­публикадағы барлық газет-журналдың тең жартысына жуығы жарық көреді. Республикада қазақ тілінде жарық көретін басылымдар саны 400-ден сәл асса, оңтүстікте олардың 192-сі шығады. Демек, ұлттық журналистика фору­мын бізде өткізгеннің айыбы жоқ.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

- Құптарлық ұсыныс екен. Бұл пікірді облыс басшылығының ресми көзқарасы деп ұғамыз ба, әлде жеке пікіріңіз ретінде қабылдаймыз ба?
- Бұл менің жеке көзқарасым. Сөз басында айтқанымдай, әрбір азамат­тың жеке пікірінен жақсы-жақсы бастама­лар дүниеге келіп жатады. Мәселенің осы қырын да естен шығармаған абзал. Екіншіден, мемлекеттік қызметкер өз ұлтының құндылықтарын қадірлемесін, халқына, халқының тарихына жаны ашымасын дегенді естіп пе едіңіз?
- Жоқ, әрине...
-Олай болса мен де қазақ халқының бір ұлымын. Ел басқарып отырған кез келген азамат та солай. Сондықтан біз де қоғам тынысын сезініп отырамыз. Өкініштісі, әкімқаралардың бәрін ұлтқа жаны ашымас жандар сияқты сипаттау кездесіп қалады кейде. Әдетте мемлекеттік қызметтен қолымыз көп босай бермейді, әйтпесе мен де ұлтқа,
ана тілімізге, тарихымыз бен салт-дәстүрімізге қатысты мәселелерді назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Сол себепті көкейге түрлі ойдың ора­латыны бар. Мүмкіндігіміз болса, оларды жүзеге асыруға да болатын шығар. Бастысы, қандай істе де ниет керек.
- Әдетте көптеген азаматтар ұлы тұл­ғарлардың қанатты сөздерін өздеріне ұс­таным ретінде бағалап жатады. Сіз ше?
- Шынында да талай ғұламаның бірауыз сөзі біз сияқты қарапайым адамдарға өмірлік ұстаным, бағыт-
бағдар беріп тұратыны жасырын емес.
Өз ба­сым Алаш көсемі Әлихан Бөкей­ханның «Жұртына, халқына қызмет ету - білімділіктен емес, мінезден» деген сөзін ұстаным етемін.

Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

0 пікір