Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4287 0 пікір 22 Қазан, 2012 сағат 07:21

Мұнайдар Балмолда. Орал қаласының тарихы қай кезеңге жатады?

Ел-жұрттың жадында, тәуелсіздігіміздің қарсаңында сонау 1991 жылдың қыркүйегінде бұл Оралда орыс-казактары жергілікті компартиялық басшылықпен бірігіп, өздерінің Ресей империясының билеушісі, патшаға қызмет етуінің, яғни қазақ жерін отарлау саясатын жүргізуінің 400 жылдығын салтанатты түрде атап өткісі келді. Халық, қазақ қарсы тұрып, олардың діттегені болмады. Бір қауіп-қатерден, масқарадан солай аман қалғанбыз. Содан бері айлар аунап, жылдар жылжып жатыр. Жыл сайын өзге қалалар сияқты Оралдың да төл мерекесі «қала күні» аталып өтеді. Әлі желігі басылмағандар мен ата тарихын шала-шарпы білетіндер биыл да «Орал қаласының күні» мейрамы қарсаңында: «Біздің қаламызға биыл 399 жыл, келесі 2013 жылы 400 жыл толады» деп тағы даурығып барып басылды. Оны «Орал апталығы» сияқты орыс тілді басылымдар мен «ТДК-42» жеке кәсіпкер арнасы мақала жазып, сюжет әзірлеп, жалаулатып та тастады. Бірақ бұрынғыдай емес, бұқара ол желікке самарқау қарағандай, саябыр тапқандай көрінді. Бұл халық санасының сергектігін байқатады.

Ел-жұрттың жадында, тәуелсіздігіміздің қарсаңында сонау 1991 жылдың қыркүйегінде бұл Оралда орыс-казактары жергілікті компартиялық басшылықпен бірігіп, өздерінің Ресей империясының билеушісі, патшаға қызмет етуінің, яғни қазақ жерін отарлау саясатын жүргізуінің 400 жылдығын салтанатты түрде атап өткісі келді. Халық, қазақ қарсы тұрып, олардың діттегені болмады. Бір қауіп-қатерден, масқарадан солай аман қалғанбыз. Содан бері айлар аунап, жылдар жылжып жатыр. Жыл сайын өзге қалалар сияқты Оралдың да төл мерекесі «қала күні» аталып өтеді. Әлі желігі басылмағандар мен ата тарихын шала-шарпы білетіндер биыл да «Орал қаласының күні» мейрамы қарсаңында: «Біздің қаламызға биыл 399 жыл, келесі 2013 жылы 400 жыл толады» деп тағы даурығып барып басылды. Оны «Орал апталығы» сияқты орыс тілді басылымдар мен «ТДК-42» жеке кәсіпкер арнасы мақала жазып, сюжет әзірлеп, жалаулатып та тастады. Бірақ бұрынғыдай емес, бұқара ол желікке самарқау қарағандай, саябыр тапқандай көрінді. Бұл халық санасының сергектігін байқатады.

Тағы да төрт жүз? Бұл не қылған бітпейтін төрт жүз дерсіз. Алдыңғысы «ақ патшаға» адал қызметтерінің бодауы болса, соңғысы «орыс-казактары іргесін қалаған» Орал қаласының ғұмыр жасы... Ол ғұмыр жасты жергілікті орыс-казак тарихшылары 1613 жылдан тарқатып жүр. 2002 жылы құрылып, осы өңірдің арғы-бергі тарихын зерттеп, қазба жұмыстарын ұдайы жүргізіп келе жатқан Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының ғалым мамандары бұл деректермен келіспейтіндігін айтып, зерттеу жүргізді. Нәтижесінде елдің де ғалымдардың да күмәні расқа айналып, шынайы тарихтың ұшығы көрінді, ақиқаттың ауылы «мен мұндалай» бастады. Тәуелсіз еліміздің ғалымдары жуықта «Ежелгі және қазіргі Орал» атты қомақты, іші тарихи деректер мен фотосуретке толы кітап шығарды. Аталған еңбекке көз майын тауысқан ғалымдарды атай өтсек: ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, археография және деректану Ұлттық орталығының ғылыми қызметкері, орта ғасыр және қазіргі заманғы Қазақстан тарихы бойынша маман Ирина Ерофеева, өлкетанушы, Батыс Қазақстан облыстық мұрағат және құжаттама басқармасының бастығы, тарих ғылымдарының кандидаты Светлана Кривобокова, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықов. Міне, осы оқымысты ғалымдар айтулы ұжымдық еңбекте Орал қаласының тарихы 1613 жылдан емес, одан да әріден басталады деп ой қорытады, тұжырым жасайды. «Ұзақ уақыттан бермен Орал қаласының негізі 1613 жылы қаланған деп саналды. Алайда бұл тұжырым сол заманғы көптеген деректерге қайшы келеді. Дерек көздері сол кездің өзінде бұл жерде ел-жұрттың қоныс еткенін көрсетеді. (деректе бұл ара алғаш рет 1580 жылы аталады) Сондай-ақ барлық еңбекте қалашықтың орны әлденеше қайтара ауысқаны айтылады. Көп деректің ішінен осы - 1613 жыл жай ғана таңдап алына салынған, оны айғақтайтын ешқандай да негіз жоқ» деп ой қорытып, оған айқын дәлел келтіреді. Сонымен 1613 жыл қайдан шыққан десек, оны 1964 жылдың 30 сәуіріндегі №284-ші: «Батыс Қазақстан облысының Орал қаласының 350 жылдығын атап өту» шығарған қаулысына сүйеніп жалаулатып келеді екен. Расыменде бұл ресми құжаттың артында ешқандай да ғылыми зерттеу, белгілі бір тарихи дерек көзі жоқ, ойдан құрап шығара салған сол кезгі биліктің құйтырқы бір айласы ғана. 1964 жылы, яғни кешегі қызыл кезеңде қолда күш тұрғанда шығарған да тастаған бір қаулы. Және оны кім шығарған дейсің ғой, сол, соның өзі - Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Кеңесі. Соның өзі дейтініміз бұл билік 1991 жылдың қыркүйегінде орыс-казактардың патшаға қызметінің 400 жылдығын тойлап бермекші болған, яғни ежелгі дағдысынан таймай халықтың басын қатырып, әйтеуір бір дүрбелеңді қолдан жасап, тарихты бұрмалауға шебер-ақ. Жарар, араға уақыт салып, шындық, әділдікке біртіндеп қол жеткізіп жатырмыз. Десек те компартия салып кеткен сүрлеу даңғылымызға шығармай, әлі де көп тұста қисықауыздардың қаруы болып келеді. «Оралдың іргесін біз қаладық, біздің ата-бабамыз салған» дейтін кешегі кірменің баласы өз пікірін таңып қоюдан қажымайды.

Оларға қала іргесінен табылған орта ғасырғы Жайық қаласы жауап емес пе? Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Наурызғалиұлы бастаған ғалымдар соңғы он жылда осы мәселемен айналысып келеді. ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақов: « Бұл арадағы қаланың нақты атауы әлі анықталмаса да қолда бар деректерге сүйеніп, біз оны Шакафни деп отырмыз. Итальяндық жиһангездер жасаған, 15-16 ғасырдағы карталар сақталған, сонда Жайық бойғы шаһарлардың атаулары көрсетілген. Онда Сарайшық қаласы да бар, ол жер хандарды жерлеген қорым саналады. Шакафни атауы бізді қайран қалдырады. Атырау маңында Лаяти атты және бір қала бар, ол да Алтын Орда замағы, бірақ түркі тілінен ондай қала атауын тауып, түсіне алмадық. Сол сияқты бұл қаланың атауын болашақта анықтай жатамыз. Бұл қала Жайықтың сағасында орналасқан. Жан-жағында су бөгеттері болған. Қала тұрғындары сауда-саттықпен, қолөнермен айналысқан. Кірпіш соғылып, күйдірілген. Үйлер әр тұста ауқымды орындарды алып жатқан. Ірі моншаның, хамамның болуы, мешіттің орны бәрі-бәрі Алтын Орда дәуірінде гүлденген әдемі қаланың сипатын береді. Әрине, бұл Шакафни шаһары Алтын Орданың өзге қалалары Сарай-Бату, Сарай-Береклермен салыстырғанда шағын, небәрі 8 гектар жерді алып жатыр. Дей тұрғанмен қаланың аты қала.

Бұл көне шаһардың өмір сүруін қашан тоқтатқанын әзірге дәл анықтағанымыз жоқ, 14 ғасырда өмір сүргенін білеміз, негізі 100-150 жылдай түтін түтетіп, шаңырағын көтерген деп білеміз. Бұл арадан тоғызыншы, одан да арғы ғасырғы қабаттарды тауып жатсақ, онда көп нәрсе анықталады. Сол кезде бұл қаланың жасы 200-300 жылға әріге кетуі мүмкін» деген болатын. Осы сияқты Ресей ҒА этнология және антрополгия институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Эмма Зиливинская,  тарих ғылымдарының докторы, профессор (Челябинск, Ресей) Генадий Зданович және өзге де атақты ғалымдар бұл жерде орта ғасырғы қала мәдениетінің болғанына әбден көз жеткізді және қазіргі Оралдың тарихын сөз еткенде табылып жатқан археологиялық жәдігерлермен санасу қажеттігін алға тартты. Айтылғандай, археологиялық орталық он жыл ішінде қазақ тарихын дұрыстап танып-білуге бетбұрыс жасады десек, жалаң мақтағандық болмас, себебі табылып жатқан жәдігерлер өте құнды, олардың дені: Жайық, Жалпақтал, Сарыөзен ескерткіштері, «Алтын әйел» жерленген Тақсай, Сегізсай, Қырық Оба, Ілекшар, Бұлдырты сияқты кешендерден алынуда.  Басқасына тоқталмай Жайық қалашығына зер салсақ, сол орта ғасырғы мәдениеттің өз заманының жоғары технологиясымен дамығанын көреміз. Қала үйлері, кесенелері қазіргі кезгідей кірпіштермен қаланған. Жатқан есеп, математикалық жүйе. Жерасты пешімен қыздырылатын монша құрылысы тіптен керемет. Су жүретін жүйелер бір-біріне жалғанған арнайы түтіктерден тұрады. Осы сияқты ас қалдықтарын төгетін орын, кірпіш күйдіретін пеш т.б. құмыралар мен өзге де ыдыстар сынығы, олардағы көк-жасыл бояу реңі мен «Алтын Орда» теңгелері көз тартады. Негізі осындай жәдігерлер сақталуы мүмкін мұсылман қабірлері тонауға түсіпті. Қабір кірпіштері бұзылып алынғаны да анықталған. Оны тонаушылар осы өлкеге аяқ басқан қарақшы казак жасақтары. Оралдың Куреней ауданы қаладағы «алғашқы құрылысы басталған тұс» ретінде айтылып жүр, оны салған орыс-казак кірмелері, міне, сол арада ескі шіркеу тұр, сол шіркеудің іргетасына тоналған қабірлердің тастары пайдаланылыпты. Арапша жазуы бар құлпытастардың да сол маңайдан шыққаны бір кездері айтылған еді. Ащы да болса, бұл тарих. Мұны Жайықтың суын бірге ішіп отырған «тамырға» қаратып, жаман пиғылмен айтып отырғанымыз жоқ. Шындықтың жүзін білу үшін ғана мұндай «ұсақ-түйекке» де мән бердік. Түсінікті болуы үшін. Ал ақиқатында казак деп жүргендеріміз ұлт емес, әскериленген құрылым ғана, және ол бастапқыда Ресейден қашып-пысқан қарақшылар тобыры болса, кейін келе оның құрамына әр түрлі ұлт өкілдері еніп, түр-түсі, тегі далалықтарға едәуір жақындады. Жақындағаны емей немене, әрі-беріден соң басқа-басқа олар бұл далаға қашқын қарақшы болып еніп, «казак» атанды, бұл атау қазақ атауы ғой, біз амалсыз орысшада «казах» болдық. Сөйтіп атымызды да олжалады. Осы жолы Оралға келген тарих ғылымдарының кандидаты Ирина Ерофеева да:«Казакпын деп жүргендер өздерінің арғы тегін білмейді, бұлардың түп-тұқияны мырзалар ғой, мұрағат солай дейді» деп қалды. Тарихшының «мырзалар» дегені көшпенділерді, өзіміздің ноғай-қазақты меңзегені. Ал керек болса? Қан араласты, сүйек жаңғырды, бәрі де мүмкін нәрсе. Таза орыспен казак-орысты сырт сипатынан оңай аңғаруға болады. Казактың көбінің шашы мен көзі қоңыр, қара болып келетіні және аты-жөндері мен қолданыстағы біраз сөз тіркестерінің қазақы қалыпқа жақындығы аңғару қиын емес. Бұл жерде оларды таза көшпендінің бір ұлысы деп жатқанымыз жоқ, бірақ тегінде ұлы даланы мекен еткен қазақтай ұлттың белгілері барын ойға түйгеніміз.

Тағы бір жайт еске түседі, бұрындары кемеде атжалмандар қаптап кеткенде матростар оларды ұстап алып, топырлатып бір жерге қамап тастайды екен. Содан әбден ашыққан атжалмандар бірін-бірі жей бастайды. Ең соңында ешқайсысына жем болмай, жеңімпаз біреуі ғана қалады екен. Оны «Крысалов» атайды. Және оны кемеге бос қоя береді. Тек қана өз қандастарын жеп дәніккен көзі қызыл пәле кемені кеміргіштерден тазартуға кірісіп кетеді. Матростардың ең сенімді көмекшісі болады. Міне, сол сияқты ғой бұл тарих, орыстың патшасы Ресейден қашқан қарақшы топтарды Орта Азия елдерін, Қазақ жерін, Сібірді жаулауға шебер пайдаланды. Әсіресе, қазақтың ұлан-ғайыр жеріне ие болу үшін жаңағы матростар әдісін жүзеге асырды. Аты бізге ұқсас, заты тағы сәйкес, ат құлағында ойнап, қылыш сермеп, атыс-шабысқа қазақтай бейім мұндай әскери жасақ патшаның империяны ұлғайтудағы басты күшіне айналды. Оған қалауынша жер берді, қару-жарақпен қамтамасыз етті. Ат мініп, айдар қойған кірме ақ патшаға арқа сүйеп, қыр баласынан Жайықтың суын да, нуын да, балығы мен аң-құсын, жеміс-жидегін, шұрайлы қара топырағын да қызғанып, күні кешеге шейін тасынып келді. Орыс-казактың «Орал қаласын салған біз және патшаға адал қызметіміздің 400 жылдығын тойлаймыз» деп желігіп, дүрбелең жасағаны да соның салдары. Қазір шүкір, татулығымыз артқан, бір-бірімізге құрметпен қарап, өткенді бетке баспай, аспай-таспай дәм-тұзымыз жарасып ғұмыр кешудеміз. Құдайым осыдан айырмағай. Бүгін бізде «Көршіңмен татусың ба?» дейтін қияметтік сауалға екі жақ болып дайын барармыз деген үміт пен сенім басым. Оқырман тарих, ақиқат үшін айтылған бірлі жарым томпақ сөзімізді басқаша қабылдамағай деп және бір қатерге саламыз да негізгі ойды тиянақтауға қам жасаймыз.

Тарих ғылымдарының докторы, Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалының директоры Зейнолла Самашұлы: «Бұған дейін Алтын Орда дәуірі зерттелмеді, тіпті «бұларда қала мәдениеті мүлде болмаған, жабайы халық» деген  идеология үстемдік етті, енді, міне, соның бәрі жалған екендігін заттық айғақтармен нақты дәлелдеу үстіндеміз.Он үшінші ғасырдағы Жошы ұлысы кезіндегі мәдениеттің жұрнағы көз алдымызда сайрап жатыр. Сондықтан бұл араға 17 ғасырда орыстардың келуімен алғашқы қала пайда болған деген дерек негізсіз, зерттеу жалғасуда, әрі қарай оғыз, қыпшақ заманына қарай кетуіміз ғажап емес, сонда Орал тарихы тереңде жатыр деген сөз » деп ой қорытты.

Биылғы жылдың аяғына қарай Германияның Бохум қаласында халықаралық көрме өтеді. Соған Қазақстан тарихының құрамдас бөлігі ретінде Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы дайындаған: осы өңірден табылған сақ, сармат тайпалары кезеңгі жәдігерлер мен Жайық (Шакафни) қаласы туралы көрме еуропа жұртшылығы назарына ұсынылмақшы. Бұл ғылыми айналымға ене бастаған біздің ата тарихымызға осыған шейін таңылып келген қасаң көзқарастардың тінін сөгіп, сеңін бұзатын құбылыс. Бүгінде Алматы қаласының да тарихы мыңжылдықтың шаңын қағып жатыр, оның іргесінен де көне шаһар орны табылды. Бұл «Қазақ даласына өркениетті біз әкелдік» деп кеудемсоқтық көрсетер кейбір империяшыл көзқарастан әлі арыла қоймаған орыс ғалымдары мен соған сенетіндерге қарсы жауап, тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтатар, ұрпақ танымын, рухын өсірер ұлы іс.

Алда көне Жайық қалашығын аспан астындағы кешенді музей қылу міндеті тұр. Ғалымдар Оралдың ғұмыр жасын әзірге нақытыламағанменен оның 17 ғасырдан басталмайтынын құзырлы орындардан бастап, бұқараға дәлелдеді. Кім білген, Оралдың да жасы Алматымен шамалас, тіпті одан да егде болып қалуы кәдік. Кейінгі сөз тарихшы ғалымдарда. Қайтеміз, күтеміз. Уақыт бар. Бірақ алдағы жылы әлгі даурығушылар «төрт жүз жыл» деп тағы шықпасына кім кепіл? Қазірдің өзінде іргеміздегі Жайық қалашығын көрсе де көрмейтіндер, соңғы ғылыми жаңалықтарды білсе де білмейтіндер қисық ауыздарын түзеуге ықылас білдіріп отырғаны шамалы. Сондықтан тезірек қаламыздың тарихы қай кезеңнен басталатыны туралы, яғни нақты жылы анықталып, және ол кеңінен насихатталып, семіз сұраққа дырау жауап берілсе, сөз соңына көп нүкте емес, бір ғана нүкте қойылса екен. Қазақстанның батыс қақпасы көне Оралдың арғы-бергісін түгендеп, айқындап алу - елдігімізді күшейтудің бір жолы.

Орал қаласы

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1569
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1460
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1206
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1191