Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Ақмылтық 4329 1 пікір 1 Сәуір, 2022 сағат 10:55

Дэн Сяопин және Қытайдың дипломатиялық стратегиясы

Құдайшылдығын айтар болсақ, Назарбаев дәуіріндегі тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық жетістігі қомақты болды. Әрине, «әттеген-ай» жерлері де аз болған жоқ. Мұнда Тоқаев дәуіріне мұраға қалған Еуразиялық Экономикалық Одақты атауға болады. Бұл одақ Қазақстанды Ресейге белгілі бір деңгейде байлап-матап бергенмен пара-пар тірлік. Соның кесірінен Ресей азаматтары Қазақстанға ешқандай шектеусіз келіп, еңбек нарығындағы жағдайды күн өткен сайын күрделілендіріп барады. Мұндай жағдайдың ұлттық қауіпсіздігімізге төндірер қатері де салмақты. Демек, жаңа Қазақстанда қазақ дипломатиясының бағыт-бағдарын қайта қараудың қажеттілігі туындап отыр. Еліміздің алдағы болашағына, ұлттық қауіпсіздігімізге және әлемдік аренадағы дипломатиялық қарым-қатынаста өз стратегиямызды қайта қараудың уақыты келген сияқты. Мүмкін, биліктегілерге және жаңа Қазақстанның дипломатиялық бағыт-бағдарын жасаушыларға мысқалдай болса да пайдасы тиер деген үмітпен «Қытай реформасының  бас жобалаушысы» Дэн Сяопиннің Қытай дипломатиясындағы тың реформасы хақындағы зерттеуімді ұсынуды жөн көрдім.  

ҚКП билікке келген соң ғаламдық саясаттағы ұстанымын 3 түрлі кезеңге бөлуге болады:

  • Бірінші. 50-60 жылдардағы Мао Цзэдуңның «екі лагерь» теориясы. Кейін Қытай мен Кеңес Одағы қатынасы тығырыққа тіреліп, жаулыққа ұласқан соң, социалистік  лагердің тоз-тозы шығып, шаңырағы ортасына түскен болатын;
  • Екінші. 70-жылдар ғаламшарды үш түрлі әлемге жіктеу теориясы қалыптасты;
  • Үшінші. Дэн Сяопиндік қалып. Батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік теориясы деп аталды.

Бұл туралы Дэн Сяопин: «Қазір әлемде іс жүзіндік және ең басты мәселе бүкіл ғаламдық стратегиялық мәселенің бірі -   бейбітшілік мәселесі. Енді бірі – экономикалық мәселе. Оны даму мәселесі деп қарастыруға да болады. Мен бейбітшілік мәселесін батыс пен шығыстың мәселесі, ал даму мәселесін оңтүстік пен солтүстік мәселесі деп атар едім. Қорыта айтқанда, бұны төрт сөзбен батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік деп атаған жөн болады», - деді.

Батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік теориясының басты ерекшелігі халықаралық қатынаста саяси ойлау жүйесі мен экономикалық ойлау жүйесін лайықты түрде бөліп қарауды көздейді. Батыс пен шығыстың қатынасы бейбітшілікке ұмтылу арқылы соғысты болдырмау. Бұл жерде Дэн Сяопиннің негізгі стратегиясы әлемдік бейбітшілікті қорғау арқылы алпауыт елдердің баса билеуіне жол бермеу. Бір кездері Қытай премьері Жоу Ынлай үнемі дәріптейтін бейбіт қатар тұрудың бес принципі негізінде әлемдік геосаясаттың жаңа тәртібін орнату, сол арқылы Қытайға дербес, өз-өзіне қожа болудың жаңа дипломатиялық кеңістігін қалыптастыру мақсатын көздейді. Ал оңтүстік пен солтүстік қатынасы дамыған елдер мен дамушы елдердің өзара қарым-қатынасы негізінде құрылған. Бұл жерде Дэн Сяопиннің негізгі стратегиясы оңтүстік елдердің өзара береке-бірлігін нығайту арқылы оңтүстік пен солтүстікті келіссөзге шақырту. Сол арқылы дамыған елдер мен дамушы елдер күллі жер шарында қатар дамудың ортақ мүмкіндіктерін іздеу арқылы ғаламдық экономикалық қарым-қатынастың жаңа тәртібін қалыптастыруды көздейді.

Мао Цзэдуңның ғаламшарды үш түрлі әлемге жіктеу теориясы тек қана оңтүстік пен солтүстік қарым-қатынасы негізінде шектелсе, Дэн Сяопиннің ғаламдық саясаттағы көкжиегі батыс пен шығыс қарым-қатынасы негізінде кеңейіп, Қытайдың 80-жылдардағы батысқа ден қоюына негіз қалады.

Маодың үш түрлі әлемге жіктеу теориясы Қытайды тек үшінші дүниеге жататын дамушы елдердің қатарына қосу арқылы Азия, Африка, Латын Америкасындағы үшінші дүние елдерімен қарым-қатынасты жақсарту арқылы екінші дүниеге жататын елдермен ынтымақтасып, бірінші дүниеге жататын АҚШ пен Кеңес Одағы сынды екі алып мемлекеттің баса билеуіне қарсы тұруда аса маңызды стратегиялық мәнге ие болғанымен, сыртқы қарым-қатынастың басымдықтарын тек қана үшінші дүниеге жататын дамушы елдермен ғана шектеу Қытайдың болашақ дамуы үшін айрықша тиімсіз болатын. Бұл ең алдымен Қытайдың үшінші дүние елдеріндегі кедей достарының алдындағы міндеттемелерін көбейтіп жібереді. Ол өз кезегінде Қытайдың осы замандағы дамуына тұсау болады. Ал бүгінгі күнде Қытай бүкіл әлеммен, әсіресе, дамыған батыс әлемімен қарым-қатынас жасауға ерекше мүдделі. Бұл реформа мен сыртқа есік ашудың ең басты қажеттілігі.

Үш дүниеге жіктеу теориясында Қытай өзін бейшара, әлсіз елдердің қатарына жатқызу арқылы күштілерден белсенді қорғану стратегиясын қолданып келді. Рас, сол дәуірде Қытай экономикалық тұрғыдан мешеу дамыған елдердің қатарына жатқандығы даусыз. Бірақ ол саяси және әскери жақтан соншалық бейшара күйде емес болатын. Тіпті, әлемнің төрттен бір жан санын иелейтін көптігімен де  айналасына айбар шеге алушы еді. Әрине, халықаралық қатынаста белсенділік танытып, өз ықпал-күшін арттыруда үшінші дүние елдеріндегі ескі достарымен ынтымағын үзбегені мақұл. Бірақ ол өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, үшінші дүние елдері шеңберінен шығып, тіпті де кең ауқымда халықаралық сахнада аса маңызды рөл атқаратын зор мүмкіндігі бар екендігі даусыз. Дэн Сяопиннің батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік теориясы Қытайды әлемдік сахнада үшінші дүниелік шеңберден шығып, барынша дербес, икемді дипломатиялық стратегиясын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін.

Батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік теориясы Қытайды осы екі түрлі қатынаста өз орнын айқындауға итермелейтін. Мұнда Қытай батыс пен шығыс қарым-қатынасында өзін шығыстықтардың санатына жатқызады. Ал оңтүстік пен солтүстік қатынасында өздерін оңтүстіктің қатарынан көреді. Ол Қытайдың халықаралық рөлінде қос рөлді қатар ойнауға тиіс болатын. Мұның Қытайға қандай пайдасы бар деген сұрақ өз-өзінен туындайды. Америкалық әйгілі саясаттанушы Джонатан Поллак ол туралы: «Не себепті Қытай Вашингтон мен Мәскеудің дипломатиялық стратегиясында соншалық маңызды рөлге ие, ал, әлемнің басқа елдері де оның әр қимылын жіті бақылап отырады? Оның жауабы Қытай өзін көбінде қауіп-қатер астындағы езіліп-жаншылған елдердің образында көрсеткісі келеді, бірақ ол өзінің әлемдік геосаясаттағы саяси-экономикалық және әскери тәсілдерін шебер қолдана біледі. Соның нәтижесінде  Қытай әлемдегі барлық елдер үшін ерекше маңызды елге айналары даусыз», - деген болатын.

Шынында, Қытайдың нақты майданы айқын көрінбейтін. Бірақ,  өте икемді дипломатиялық рөлі оны ХХ ғасырдың 80-жылдары және 90-жылдардың басында жан-жақтылы дербес, өз-өзіне қожа болудай бейбіт дипломатиялық табысты саясатының сыры деуге болады.

Соғыс қаупі сейілген жоқ, бірақ Дүниежүзілік соғыстан сақтануға болады

Дэн Сяопин дәуірі басталғанда Қытай ғаламдық геосаясатты қалай бағалау керек, соғыс қаупі төніп тұр ма, әлде бейбітшілік басты құндылыққа айнала ала ма, сыртқы әлемге қалай қарау мәселесі бір мемлекеттің сыртқы саясатының бағыт-бағдарын айқындайтын ең басты тетік саналады. Қытайдың сол кездегі жан саны АҚШ, Жапония, Кеңес Одағы және тұтас Еуропа елдерінің жан санының қосындысымен парапар болатын. Ал экономикасы дамыған елдермен салыстырғанда қайыршы халде десе де болады. Осындай жағдайда  бейбіт даму үшін соғыс пен бейбітшілік мәселесіне бейжай қарауға әсте болмайтын еді.

Қытайдың әлемдік геосаясатқа негізгі межесі Мао Цзэдуңның дәуірінде «соғыс қаупі төніп тұр. Ерте бастан алапат соғысқа қамдану керек» деген ұранмен өмір сүретін. ХХ ғасырдың 80-жылдарының басында «соғыс қаупінен сақтану мүмкін емес, бірақ оны кешіктіруге болады» деген көзқарас үстем орынға шықты. ХХ ғасырдың 80-жылдарының орта шенінде Дэн Сяопин өзінің жаңа пайымын ортаға салып: «Соғыс қаупі әлі сейілген жоқ. Бірақ дүниежүзілік соғыстан сақтануға болады», - деген ойын айтты.

Шынында, соғыс қаупі күні бүгінге дейін сейілмепті. Тіпті ол Қазақстанның іргесінде қоламтасы қоздап, түтіні бықсып жатыпты. Империяның ең соңғы диктаторларының көзі құрымайынша, ғаламдық соғыстан сақтану мүмкін емес екен.

Дэн Сяопиннің пайымдауы мына шындықтарға негізделген болатын. Әлемдік соғысты бастауға тек екі алып империяның мүмкіндігі бар. Ал енді Кеңес Одағы мен АҚШ бір-бірін жер бетінен жоқ қылып жіберетіндей құдіретке ие. Сол себепті екеуара террорлық теңдік қалыптасқан. Ешкімнің де алдымен қару жұмсауға жүрегі дауаламайды. Одан қалса, екеуінің де әлемдік стратегиясы сәтсіздікке ұшырап, соғыстың құйғынына терең батып кетті. Екі жақ та қарулану бәсекесін тоқтатпағанымен, Кеңес Одағы ауыр дағдарыстық жағдайға тап келді. Тағы бір әлемдік соғыс ашуға мүмкіндігі шектеулі. Тіпті келісімнің жолдарын іздеуге беттеп барады. Бұдан тыс, әлемде соғысты тежеп, бейбітшілік үшін күресуші күштер соғысқұмарлардан құдіретті бола түсуде.  Ядролық соғысты аңсайтын әпербақан ақымақтар азайып келеді. Әлемде жаңа технологиялық төңкеріс қарыштап дамуда, болашақтағы ғаламдық бәсеке негізінен экономика мен ғылым-техниканың қуаттылығына байланысты болады. Әскери қуат екінші орынға ығысады. Кеңес Одағы мен АҚШ бұл жағдайлармен санаспауы мүмкін емес.

Бүгінгі Путиндік Ресейдің ең үлкен қателігі де экономика мен ғылым-техниканың соғыста шешуші фактор болатындығын ескермеген әпербақандығымен байланысты болатын.

Қытайдың дипломатиялық стратегиясы соғысу ма, әлде бейбітшілік пе? Түбірінен алғанда, оның өмір сүруі ғаламдық тәртіпке қалай қарауда жатыр. Қытайдың позициясындағы өзгеріс оның сыртқы дипломатиялық саясатындағы жаңарумен байланысты болатын. Атап айтқанда, реформа жасау, есік ашу, басқа әлеммен бейбіт, белсенді қарым-қатынасқа түсу. Бұрынғыдай ескі әлемді төңкеріп тастау деген стратегия енді жүрмейді. Бұл өзгеріс Қытайды әлемдік төңкерістегі өз миссиясынан теріс айналдырып, мемлекеттің нақты мүддесін шығар түйін етіп ойлануға мәжбүрлеген болатын.   Осыдан соң, сырттан жау іздеуде, батыс әлеміне болған жаулық пиғылдан айнып, күллі әлемге құшағын ашатын «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұстанымға  нақты бет бұрды. Осыған сәйкес Қытай ақпарат құралдарындағы «империализм» деген сияқты қатқыл идеологиялық терминдер біртіндеп қолданыстан алынып, «баса билеу», «зорлықты саясат», «дамыған елдер» , «аса ірі елдер» деген сияқты біршама жұмсарған саяси терминдер қолданысқа енді. Содан бастап, қарапайым халықтың құлағына да «Америка - қағаз жолбарыс», «қандай соғыстан да тайсалмаймыз», «күллі әлемдегі езілген халықты азат етеміз!» деген сияқты саяси ұрандар қолданыстан шығып, біртіндеп ұмытыла бастады. Оның орнына «қажет болса, Ібілспен де тіл табысайық» деген сияқты капиталистік әлеммен де еркін барыс-келіс жасауға есік ашылды.

Дэн Сяопиннің ғаламдық геосаясатқа бағытталған дұрыс пайымы Қытайдың дипломатиялық саясатын соғысқа дайындалудан бейбіт келіссөзге қарай бұрылыс жасатты. «Соғыс төңкерісті тудыра ма немесе төңкеріс соғысты тежей ме?» деген сияқты мәселе ендігәрі Дэн Сяопинді қызықтырмайтын болды. Ол үшін ең маңыздысы Қытайдың дамуы үшін бейбіт және орнықты халықаралық саяси орта қажет. Сол арқылы барлық назарды осы замандандыру құрылысына аудару қажет. Бұл туралы Дэн Сяопин: «Қытай тым кедей. Өзімізді дамыту тек бейбіт саяси орта болғанда ғана мүмкін болады. Бейбіт саяси ортаға қол жеткізу үшін әлемдегі барлық бейбітшілік сүйгіш күштермен бірлесуге тиіспіз» - деп атап көрсетті. Бейбіт дипломатиялық саясат бұдан кейін тек қана  көзбояушылық үшін айтыла салатын ұран емес, Қытайдың стратегиялық мүддесінен бастау алатын ең негізгі саясаттарының біреуіне айналды. Соғыс - ол уақытты ұрлап,  байлықты судай шашатын  қорқынышты апат. Әскері көп, жер көлемі алып Қытай үшін соғыс соншалықты қорқынышты болмауы да мүмкін. Бірақ, соғыс басталып кетсе, оның өртін өшіру өте қиынға соғады. Сонымен бірге онсызда неше он жыл бойы  экономикасы туралаған Қытайдың осы замандандыру үрдісін одан бетер туралатып, тіпті тоқтатып тастайды. Бұл онсыз да сіңірі шыққан Қытайды тығырыққа тіреп, дамудың бар мүмкіндігінен айырады. Керісінше, жан-жақтылы бейбіт дипломатиялық қатынасты дамытып, күллі әлеммен белсенді істестік орнатқанда ғана Қытайлық осы замандандыру құрылысы үшін шұғыл қажет технология мен капиталды қолға келтіруге болады.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2092
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2506
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2172
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1617