Жұма, 17 Мамыр 2024
3033 1 пікір 31 Наурыз, 2022 сағат 21:14

Шағын қаладағы ірі өндіріс

Алматы облысындағы шағын қала Жаркентте Қазақстан мен Орта Азияны өз өнімдерімен қамтып отырған  «Универсал» компаниялар тобының ірі өнеркәсіп орындары жұмыс істейді.  Бірі – аудандағы Кеңес одағынан бері келе жатқан жүгері өсіру шаруашылығын дамытып, дақылдан түрлі өнім алатын Жаркент крахмал-сірне зауыты, екіншісі - еліміздегі полипропилен қапшықтарын шығаратын ең ірі зауыт. Жаркенттің орталығы Панфилов ауданында қаз-қатар орналасқан қос зауытты Закиржан Кузиев атты білікті кәсіпкер басқарып келеді.

Қалада 43 мың гектар егіншілік жер бар, соның 29 мың гектар жеріне жүгері егіледі. Осыдан-ақ бұл аймақтың жүгері  шаруашылығына әбден машықтанғанын көруге болады. Жүгері өндірісін қолға алған зауыт өнімдерінің 40 пайызын оңтүстік Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты көрші елдерге экспорттап, 60 пайызын ел ішінде сатылымға шығарады. Зауыт шикізат көзін Панфилов ауданымен бірге, Ұйғыр Еңбекшіқазақ, Іле аудандарының шаруаларынан сатып алады. Аудандар зауытқа ірі көлемде жүгері дақылын өткізеді.

Зауыт жүгерінің 98 пайызын пайдаға асырып, одан 26 түрлі өнім алады. Мұнда крахмалдың екі түрі: тағамдық және техникалық крахмал өндіріледі. 18 типті модификацияланған крахмал, мальтоза және глюкоза сироптары, глютен, жүгері майы, ұрық, кебек, түйіршікті құрама жем өндіріп шығарады.

Тағамдық крахмалды күрделі өңдеуден өткізгенде, одан сірне алынады. Крахмал сірнесі балға ұқсайтын, тәтті, сұйық өнім. Оны кондитерлік фирмалар, нан шығаратын зауыттар, сыра мен тәтті сусын өндіретін компаниялар тұтынады. Мысалы, біздің дүкеннен алатын карамель кәмпиттің салмасы осы жүгері сірнесінен жасалғанын көпшілік білмеуі мүмкін. Қазір зауыт осындай крахмал сірнесінің 5 түрін шығарады. Ал, техникалық крахмал: клей, қағаз, тоқыма, құрылыс материалдарын дайындауда кеңінен пайдаланылады.

«Алғашқы крахмал-сірне зауыты тәулігіне 50 тонна жүгері өңдейтін. Жүгеріден жаңа өнімдер алуды, оның сапасын арттыруды мақсат еткен өнеркәсіп ұжымы 2013 жылы бұрынғыдан үлкен әрі заманауи жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген жаңа зауыттың жұмысын бастады. Бастапқыда өндіріс орны тәулігіне 115 тонна жүгері өңдеп шығарған болса, қазіргі күні бір тәулікте 320 тонна жүгері өңдейді. Жылына 150 мың тонна өнім шығарады»,- дейді “Универсал” компаниялар тобының басқарушы директоры Вильям Халықов.

Өнеркәсіп орны 1250 адамды жұмыспен қамтыған. Зауыттың арнайы оқу орталығы бар. Мұнда жұмыс іздеген азаматтарды оқытып, маман етіп дайындап әрі қарай жұмыспен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, әрдайым қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға көңіл бөледі.

Крахмал-сірне зауытымен қатар орналасқан полипропилен қапшықтарын шығаратын «Универсал» ЖШС 25 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алғаш Алматы облысы Іле ауданындағы кішігірім цехтен бастау алады. 2010 жылы Панфилов ауданында жаңадан зауыт салынып, әлемдегі алдыңғы қатарлы австриялық техникамен жабдықталады. Бүгінде зауыттан бір айда 5 миллион қапшық шығарылады. Әсіресе, ұн, қант, тыңайтқыш өндіретін Қазақстанның солтүстік аймағы зауыттың басты тұтынушысы екен.

ЖШС 500 кг-нан 2 тоннаға дейін ірі көлемде өнімдер тасымалдайтын компанияларға қапшықтар тігіп береді. Полипропилен шикізаты Ресей, Қытай, Үндістан елдерінен әкелінеді. Зауытта барлығы 380 адам, 3 ауысыммен жұмыс істейді. Мекемелер қызметкерлеріне арнайы киімді өздері тіктіріп береді.

«Менің мұнда істегеніме бір жарым жыл болды. Қапшықтарды тесіп, тігіп отыратын арнайы құрылғымен жұмыс істеймін. Жұмыс орныма көңілім толады. Ешқашан еңбекақым кешіккен емес. Бәрі уақытында беріліп отырады. Мейрам кездерінде басшылық сыйлық таратып, үстеме еңбекақы береді. Мекеме тегін тамақтандырады. Жұмыс киімімізді кетерде осында жууға қалдырып кетеміз», - дейді зауыт жұмысшысы Рафхатхан Халилов.

Қос зауытты бірдей басқарып отырған білікті басшы Закиржан Кузиевті қолы ашық, жомарт жан деп сипаттайды әріптестері. Олай дейтін себебі, осы уақытқа дейін басшылық ауданның бірнеше отбасына баспана алып берген. Соның бірі – Жазира есімді көп балалы ана.

«Үйге 14 ақпанда көшіп келдік. Әлі де сене алмай жүрміз. Закиржан Кузиев «балалары жас екен, кредит алып сандалып жүрмесін» деп алып берді. Өзіміз қуанғаннан «шок» болдық. Алдыңғы иелері 4 ай ғана тұрған. Үйіміз жап-жаңа, алты бөлмелі.Бірінші Алланың, екінші сол кісінің арқасында үйлі болдық», - дейді Жазира.

Зауыт басшысы көп балалы отбасына Панфилов ауданынан 8 миллионның үйін сыйға тартыпты.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2120
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2529
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2242
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1636