Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Жаңалықтар 1986 0 пікір 19 Қазан, 2012 сағат 08:36

Ұларбек Дәлейұлы. 300 млрд. теңге қалай үнемделді?

Су ресурстары комитетінің басына қара бұлт үйірілді

Алтайдағы ағайынның ыстық ықыласына бөленіп, ақ батасын алып Астанаға аттанған Ислам Әбішев Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетіндегі былық-шылықтардың үстінен түсті. Қол астына қараған мекемелер мен су шаруашылығына қатысты ірілі-ұсақты компаниялардың басшылары халықшыл шенеуніктің басын дауға іліктіріп отыр. Осы даулы мәселеге орай Астана қаласында И. Әбішев журналистерге арнап баспасөз конференциясын өткізді.

Су жаңа қызметіне кіріскен Әбішев мырзаның ең алдымен қолға алғаны - бұрын да жүзеге асырылған және жоспарда тұрған оңтайландыру (оптимизациялау) жұмыстарын жүргізу болды. Республикалық су шаруашылығы нысандарының реконструкциясы мен жөндеу жұмыстарының тиімділігін анықтау мақсатында комитеттің қызметкерлері әр аймақтағы нысандарды аралап шығады. Сондағы мекемелердің мамандарымен бірлесе отырып, бюджеттен кететін қаражаттың ысырапсыз мол жұмсалып отырғанын анықтайды.

Су ресурстары комитетінің басына қара бұлт үйірілді

Алтайдағы ағайынның ыстық ықыласына бөленіп, ақ батасын алып Астанаға аттанған Ислам Әбішев Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетіндегі былық-шылықтардың үстінен түсті. Қол астына қараған мекемелер мен су шаруашылығына қатысты ірілі-ұсақты компаниялардың басшылары халықшыл шенеуніктің басын дауға іліктіріп отыр. Осы даулы мәселеге орай Астана қаласында И. Әбішев журналистерге арнап баспасөз конференциясын өткізді.

Су жаңа қызметіне кіріскен Әбішев мырзаның ең алдымен қолға алғаны - бұрын да жүзеге асырылған және жоспарда тұрған оңтайландыру (оптимизациялау) жұмыстарын жүргізу болды. Республикалық су шаруашылығы нысандарының реконструкциясы мен жөндеу жұмыстарының тиімділігін анықтау мақсатында комитеттің қызметкерлері әр аймақтағы нысандарды аралап шығады. Сондағы мекемелердің мамандарымен бірлесе отырып, бюджеттен кететін қаражаттың ысырапсыз мол жұмсалып отырғанын анықтайды.

Бұл туралы Ислам Әбішевтің өзі де: «Мен 300 млрд. теңгенің үнемделгенін өзіме жарнама жасау үшін жариялап отырған жоқпын. Бұл Мемлекет басшысының бізге - мемлекеттік қызметкерлерге берген тапсырмасы болатын. Елдің ішкі проблемасын шешіңдер деп сұраған қаржыны да бөлді. Бірақ ол қаржыны үнемді, тиімді жұмсаңдар деді. Осы жылдың 25 мамырында Елбасы оңтүстік өңірді дамыту жөніндегі жиын өткізгенде «су төңірегінде қаржы ұрлағандарың болса, түрменің түбінде шірисіңдер» деді.

Ал Парламент сессиясын ашқанда сөйлеген сөзінде дағдарыс әлі 5-6 жылға созылатынын, олай болса, біз қаржыны өте тиімді жұмсап, үнемдеуіміз керек екенін тағы да қадап айтты. Ал ол қаржыны Президент пен Премьер-министр жұмсамайды ғой. Қаржыны түрлі бағдарламалардың басқарушылары ретінде біздер жұмсаймыз. Сол себепті біз де өзіміз басқаратын 19 жобаны қарап, сараладық. Нәтижесінде, 300 млрд. теңге көлеміндегі бюджет қаражатын үнемдеуге болатынын анықтадық», - дейді. Мәселе осыдан келіп шығады, ел қаржысын талан-таражға салмай, үнемдеу жолында артық қаражатты қысқартқан шенеунікке қай компанияның басшысы риза бола қойсын?!

Әрине, оларға мұндай «майшелпектен» оңай айырылу ұнамайтыны анық. «Жауыр атқа қамшы ауыр» дегендей, бағынышты мекеме басшыларымен компания иелерінің қираң ете түскені бесенеден белгілі. Сондықтан да олар Су ресурстары комитеті басшысының үстінен шағым түсірген екен. Қол астына қараған мекемелердің де айдың-күннің аманында ақша жымқырып қалудың сан түрлі әдісіне басқан. «Ең бірінші көзге түскені «Қ. Сәтбаев» су арнасы болды. Себебі бұл өте маңызды стратегиялық нысан саналады. 1-нысан бойынша үш су қуатын насос қондырғысын ауыстыруға 3 млрд. теңге жұмсаған. Мен инженер болғандықтан, бұл саладан түсінігім бар. Қатты таңғалдым. Егер сізге «Запорожец» көлігін 100 млн. долларға сатып алдық десе сенбейсіз ғой. Бұл да сондай жағдай. Екінші жобада 4 насосқа 6 млрд. теңге жобаланыпты.

Содан бірден күдік пайда болды. Насостар сатып алынған Ресейдегі зауытқа хабарласып, бағасын білдік, олар айтқан баға мүлдем басқаша. Осы кемшілікті түзеуге «Қ. Сәтбаев» су арнасы басшысына тапсырма бердім. Арада төрт ай өтсе де, нәтиже болмады», - деді И. Әбішев. Ол ол ма, «Қ. Сәтбаев» су арнасының электр энергиясына жұмсайтын жылдық шығыны 2 млрд. теңгеден де көп. Мұндай күдікті жайтты тексерген комитеттегілер электр энергиясына кететін шығынды үнемдеудің тұжырымдамасын жасау аталған мекеме басшысына тапсырылған болатын, бірақ олар тапсырманы орындамаған.

 

Мәліметтерді қолдан жасау фактілері көп

 

Жобалардың құнының мұнша «қымбаттау» себебін Су ресурстары комитетінің мамандары былайша түсіндіреді: кейбір топтық су құбырлары бойынша карта мен статисткада бар барлық ауылдық елді мекендер қосылған, бірақ бұл жерлерде бірде бір адам тұрмайтындығы анықталған. «Мәселен, су құбырын тарту жобасын жасарда су пайдалану көлемі есептеледі. Ол мәліметтерді жоба жасаушы мекемелерге жергілікті әкімшілік береді. Яғни бұл жерде басты кемшілік жобалаушыда да, комитетте де емес, сол ауыл-аймақтағы мәлімет беретіндерде. Неге? Өйткені ауылда қанша адам тұратыны туралы мәліметті сұрасаңыз, ертең бәрібір халық саны өседі ғой деп, 2 мың адам тұратын ауылдың әкімі 4 мың адам тұрады деген мәлімет береді. Мал басын да көбейтіп айтады.

Су құбырын тарту жобасын жасаудың нормативі бойынша, сол өңірдегі автокөліктер, тіпті тауыққа дейін есепке алады. Бұл жерде әкімдерді де жазғыра алмайсыз. Себебі әр әкім өз аймағына судың мол келгенін қалайды. Міне, сол мәліметтерге сай құбыр көлемі есепке алынады. Бұл - бір, екіншіден, ол жобаның 20-50 жылдық перспективасы ескеріледі. Мысалы, Арал қаласында 30 мың халық бар болса, 10 жылдан соң тағы 30 мың адам қосылады деп есептеледі. Содан келіп, шығын да ұлғая түседі. Ал мен сізге айтайын, Арал қаласында осыдан 10 жыл бұрын да 30 мың халық тұрған. Қазір де 30 мың адам тұрады. Бірақ соған қарамастан, ол маңға тартылатын су құбыры бойынша жасалған есеп нормативке сай жасалады», - деп тиянақтады өз ойын комитет басшысы.

Елді мекендердің барлығы Аралдағыдай емес, адам саны көбеймек түгілі, кей жерлерде керісінше, азайып барады. Соңғы бес жыл ішінде динамика бойынша кейбір ауылдық жерлерде, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысындағы халық санының төмендеуі байқалған. Сонымен қатар мал басының саны да негізсіз, жалған көрсетілгені де бөлінетін қаржының «құнын арттырған». Бұл тұрғыда мемлекет қаржысы тек тиімді жобаларға ғана бөлініп, тиімсіз, қаржыны босқа шашатын өлі жобаларды тоқтатуды құп көретінін жеткізді. Шығынды халқы көп, болашағы мол ауылдық жерлерге жұмсаған әлдеқайда тиімді екені даусыз. Осы жайында да И. Әбішев былай дейді: «Біз қазіргі сұраныс пен осыдан 10 жыл бұрынғы тұтынушылық деңгейдің динамикасын жасадық. Алдағы 10 жылға да жоспарлап көрдік. Сонда құбыр диаметрі екі есеге қысқарды. Егер халық саны екі есе көбейіп жатса, жанынан тағы бір құбыр тартуға болады. Арал-Сарыбұлақ су құбырын сол жоба бойынша салып жатырмыз».

 

Сұғанақтықпен жасалған жобалардың келешегі қандай?

 

Бір ғана Қ. Сәтбаев су арнасы ғана емес екен, қаржы сұратқан басқа да мекемелерде мәселелер баршылық. Айталық, «Бартоғай су қоймасын қалпына келтіру жұмыстарының жобалық сметасы 250 млн. теңгеге жасалыпты. Мен осы су қоймасын бір емес, екі рет барып көрдім. Сосын жобалаушыны шақырдым. «250 млн. теңгеге жоба жасап жатырсың, ал жобаңның құны қанша болады?» дедім. Сөйтсем, 9 млрд. 250 млн. теңге дейді. Меніңше, бұл ақшаға су қоймасын бұзып, қайта салуға болады. Сондықтан оны Астанаға шақырып, бәріміз қайта есептедік. Сөйтсек, олар 9 млрд. теңгенің 7 миллиардын су қоймасының түбіне тұнып қалған лайды тазартуға жұмсамақ екен. Ол лайдың көлемі 18 млн. текше метр. Ал су қоймасының сыйымдылығы 400 млн. текше метр.

Содан Бартоғайдың басшысына қоңырау шалдым. Сұрастыра келе күзде су таусылған кезде, қоймада 70 млн. текше метр су қалып қоятынын анықтадық. «Олай болса, 70 млн. текше метр су қалатын болса, 18 млн. текше метр лайды тазалаудың қажеті бар ма?» деп, 7 млрд. теңгені қысқартып тастадым. Тағы да осы жобаға 6 мың тонна цемент керек деп жоспарланыпты. Оны да анықтай келе 6 мың килограмм екенін білдік. Содан 250 млн. теңгеге жасалған жобаның құны 500 млн. теңге ғана болып қалды» дейді. Келіні тонна деп көрсеткен бартоғайлықтардың бұл қылығы түймені түйедей етіп көрсету емей немене?! Әйтпесе, бастауыш сыныптың баласы білетін келі мен тоннаның айырмасы жер мен көктей ғой. Білмей, жаңсақтықтан жасалды дей алмайсың, асап үйренген, қарпып жеген ауыздың дәмесі осы. Қызметін алаяқтыққа, сұғанақтыққа айналдырған адамдармен күресуді бастаған комитет басшысы олардан тайсалмайтынын жеткізді. «Мен қаржысы 3-4 есе қысқарған жобаларды жеңіп алғандарды кәсіпкер деп айта алмас едім.

Себебі ол жобаларды анау-мынау компания ұтып ала алмайды. Ол компаниялар бұл жобалар жасалмай тұрып дайындалғандар. Шынын айту керек, бұл жобалар сатып алу тендерлеріне шығарылғанда, оған шағын және орта бизнес өкілдері жолай алмайтын кезінде. Ал қазір Булаев топтық су құбырын жөндеуге шағын және орта бизнестегі 14-15 мекеме жұмылдырылып отыр. Олардың ешқайсысы - тендер ұтып көрмеген компаниялар. Енді олар «Қазсушаруашылығы» мемлекекеттік мекемесінің қосалқы мердігері ретінде жұмыс істеуде. «Қазсушаруашылығы» мемлекеттік кәсіпорны жүйелі түрде қажетті жабдықты өндіруші зауыттардан көтерме бағамен сатып алып, жобаны жүзеге асырушы компанияларға беріп отырады.

Осылайша, сапасыз құбырлардың іске жаратылуына жол берілмейді әрі отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетіледі» деген И. Әбішев күрмеуі қиын тағы бір мәселенің шетін шығарды. Мемлекеттік тендерді шынайы жолмен ұтып алмайтындардың қылығын әшкерелеген соң, олардың тек жатпай, «қарымта шабуылға» шығатыны айдан анық нәрсе.

«Судың да сұрауы бар» дейтін қазақтың тәмсіліне бүгінде келіспейтін жан болмас. Қазір дүниеде  су үшін қырғиқабақ елдер бар. Су үшін жан қиятын ерлер бар. Қырқыстар да осындай бір тамшы су үшін болып жатыр. Осыны ескерген комитет басшысы: «Мені түн ортасында тұрғызып сұраса да, Қазақстанда қай өзеннен қай кезде қандай су келеді, оның көлемі қанша екенін нақты болмаса да жобалап айтып бере аламын. Өзендердің жағдайын өзімнің организмім сияқты сезінемін. Ағып жатқан судың әрбір тамшысы алтынмен тең. Бірақ біз әлі судың қадіріне жете алмай келеміз.

Сумен қамту мәселесі өте өзекті. Біз қазір өнбес дауды қуғанша еліміз үшін одан да маңызды мәселені шешіп алғанымыз абзал» дейді. Қарап отырсаңыз, Ислам Әбішев бекерде шыр-пыр болып отырған жоқ. Ұлттың қажетіне қорған болуды мақсат тұтқанын аңғару қиын болмас. Осыған қарап, оңай пайдаланылып келген су ертең қиынға әрі қымбатқа түсетінін білген ол алда суға таласып, бірнеше ел бөліске түсетін заман туатынын сезіп отырған жоқ дей алмайсың.

Комитет басшысының және бір мәлімдегені - суармалы жерлерді көбейтуге қатысты. «Біздің Шығыс Қазақстан облысының өзінде Ертіс өзенінің бойындағы 130 мың гектардай жер пайдаланылмай тұр. Алматы облысында да 80 мың гектар жер кәдеге аспай жатыр. Ал ол жерде егін салып, еңбек етсе, жемісі мол болар еді.

Ол тұрмақ, Оңтүстік Қазақстан облысында дайын тұрған 100 мың гектар суармалы жерді пайдалана алмай отырмыз. Ертең су бөлісетін заман келеді. Сол кезде қиындық тууы мүмкін. Себебі біз қазір суды кеңес заманындағы келісім бойынша алып отырмыз. Ал 2014 жылы қытайлармен су бөлісеміз. Сол үшін нақты есеп-қисабымызды жасаудамыз. Негізі су бөлісудің бірнеше жолы бар. Бірі - тарихи қалыптасқан жағдай, екіншісі - бүгінгі қалыптасқан жағдай бойынша бөлу. Біз тарихи жағдаймен бөлейік дейміз, өйткені одақ кезінде судан алған үлесіміз көп. Ал егер олар қалыптасқан жағдаймен бөлеміз десе, онда біздің суармалы жерлеріміз аз болғандықтан, еншімізге аз мөлшердегі су бөлінуі мүмкін», - деді.

Бұл дегеніміз - өмірдің көзі болып саналатын су тапшылығының алдын алу, болашақта аса маңызды іс болып қалатын, яғни елдің келешегіне өте-мөте қатысты шаруа болмақ. Суармалы жерлердің көлемін арттыру арқылы әр қазақ отбасы 10 гектардан жер алып, еңбектенетін болса, 70 мың отбасы шағын және орта бизнесті дамыта алады екен.

Кеңес уақытында елімізде 2 млн. 300 мың гектарға жуық суармалы жер болса, қазіргі күні 2 млн. 80 мың гектар суармалы жердің 1 млн. 400 мың гектарын ғана пайдаланады екенбіз. Осы есеп бойынша сонда 700 мың гектар жер иесіз жатыр деген сөз. Егер үкімет осы мәселені дұрыс жолға қоятын болса, алаш қайраткерлері айтқандай «өмір мен өлім мәселесінің ең зоры» тұтастай болмаса да, біршама деңгейде шешілетін еді. Мұндай ұсыныстарды Су ресурстары шаруашылығы комитеті Үкіметке жолдаған.

Біз бұл мақаланы жазу арқылы бір ғана Су ресурстары комитетінің сойылын соғайық деп отырғанымыз жоқ. Шынайы фактілерді алдымызға жайып cалған ведомоства басшысына орынсыз кінә артып отырғандармен дауласатын жайымыз да жоқ. Тек құлағы бір елең еткен халайыққа болған жайтты түгел айтуды парыз тұттық. Өмірдің көзі ғана емес, өзі болып саналатын су шаруашылығына қатысты ақпаратты қалың алаштан жасырып ұстау - қылмыспен тең. Қазақ үшін қат дүниеге бөлінген қаржының діттеген жеріне жетпей, орта жолдан сап тыйылатындығы жайлы біз естіп-біліп қоймай, алаш баласы тегіс құлақтансын деген ізгі ниет қана бар.

Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ,

Заңғар КӘРІМХАН

Астана қаласы

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2146
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2551
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2364
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661