Сенбі, 18 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2544 0 пікір 19 Қазан, 2012 сағат 07:23

Амангелді Кеңшілікұлы. Парасат майданы (жалғасы)

***

«Адамның нағыз өмірі, оның бойында ақыл-парасаттың санасы ояна бастағанда ғана басталады» дейді ұлы Толстой. Ал қоғамның аспанын зұлымдықтың қара бұлты торлап, адамшылықтың не екені ұмытылып, елім деп еңіреген азаматтардың құйрығына шала байланып, аузына темір сулық салынып, жауыздық салтанат құрған заманда, адамның бойындағы Алланың нұрындай жарқыраған ақыл-парасат сәулесінің сөнбеуі мүмкін бе? Қанша күшті дегенімізбен, Құдай жаратқан пенденің әлемдегі ең нәзік құрақтан да әлсіз екенін данышпан Паскаль баяғыда дәлелдеген жоқ па еді. Ендеше сол Алланың әлсіз пендесіне, тағдырдың алапат дауылы соғып, дүниенің астаң-кестеңін шығарып, ескі дәуір мен жаңа дәуір беттесіп, бір-біріне өткел бергісі келмеген өмірдің өліарасында,  бойындағы адамдық қасиетін қалай жоғалтып алмауына болады?  Қалай?

Төлен Әбдікұлының шығармашылық кемелдігінің ең биік шыңы болып табылатын «Өліара» романын оқығаныңда, осындай бір мазасыз сауалдар жаныңның тыныштығын бұзып, байыз тапқызбай қояды.

***

«Адамның нағыз өмірі, оның бойында ақыл-парасаттың санасы ояна бастағанда ғана басталады» дейді ұлы Толстой. Ал қоғамның аспанын зұлымдықтың қара бұлты торлап, адамшылықтың не екені ұмытылып, елім деп еңіреген азаматтардың құйрығына шала байланып, аузына темір сулық салынып, жауыздық салтанат құрған заманда, адамның бойындағы Алланың нұрындай жарқыраған ақыл-парасат сәулесінің сөнбеуі мүмкін бе? Қанша күшті дегенімізбен, Құдай жаратқан пенденің әлемдегі ең нәзік құрақтан да әлсіз екенін данышпан Паскаль баяғыда дәлелдеген жоқ па еді. Ендеше сол Алланың әлсіз пендесіне, тағдырдың алапат дауылы соғып, дүниенің астаң-кестеңін шығарып, ескі дәуір мен жаңа дәуір беттесіп, бір-біріне өткел бергісі келмеген өмірдің өліарасында,  бойындағы адамдық қасиетін қалай жоғалтып алмауына болады?  Қалай?

Төлен Әбдікұлының шығармашылық кемелдігінің ең биік шыңы болып табылатын «Өліара» романын оқығаныңда, осындай бір мазасыз сауалдар жаныңның тыныштығын бұзып, байыз тапқызбай қояды.

Шығарманың «біссімілләсында» біз әуелі, ешкімге соқтығыспай, барақат тіршілік кешіп жатқан  қазақтың өмірін көреміз. Міне, жаны жомарт, адамдық мұратты темірқазық етіп ұстаған және сол жолдан өмірдің мұз-айдынында тайғанап кетпеген Асқар оқудан келген бауыры Бәйтенді тай сойып, дүркіретіп той жасап, қарсы алып жатыр. Мәре-сәре болған ағайын мен ата-баба дәстүрімен тіршілік еткен халықтың қуанышында шек жоқ.

Бір кезде өмірге жазмыш араласты. Парасат күнін зұлымдықтың тұманы тұмшалап тастады. Батырлық пен әділеттіліктің туын биік көтерген қазақтың дәурені аяқталып, базары тарқады. Адамның бойындағы сүйіспеншілік, имандылық, бауырмалдық, парасаттылық секілді ең асыл қасиеттері күресінге лақтырылып, пенде баласының тағдырын жаңқа құрлы да көрмей ұшырып әкеткен, зұлым заманның долы дауылы ышқынып соқты. Ағайынның бауырмалдық сезімі жойылып, нағашылы-жиенді болып әзілдескен қалжың енді ерегеске, адамның бойындағы бір-біріне деген сүйіспеншік сезімі бірте-бірте жауыздыққа ұласты. Атақтының аяғынан тартып, білімдіні көре алмайтын, адам болып өмір сүрудің барлық мүмкіндігі сарқылған, ерлік есерсоқтыққа, әділеттілік қиянатқа орнын босатып берген, имани құндылықтардың құны жойылған, алмағайып заман орнады, қазақ даласына.

Қолыңдағы биліктің күшін пайдаланып, күні кеше ғана бір құдықтан су ішіп, бір дастарханнан дәм татқан замандасыңның қолына кісен салып  итжеккенге айдатып жіберетін зұлымдық та ұлы ерлік бола бастады, мына дүниеде. Біреудің сүйген қызын зұлымдықпен тартып алу да нағыз батырлық санала бастады, мына жалғанда.

Адамның ақыл-парасаты жауыздықтың түрмесіне қамалған өліарада зұлымдық пен ізгіліктің шекарасы жойылып кетті. Адамдық құндылықтардың бәрі шатасып кеткен заманда зұлымдық пен ізгіліктің не екенін кім ажыратып бере алады? Кім? Оның белгісі пен сипаты қандай?

Романның даралық сипатын анықтау үшін, ондағы суреттелетін кейіпкерлерге жеке-жеке тоқталып, олардың мінез-құлқын талдаудың қажеті шамалы. Мұндай тәсіл адасушылыққа ұрындырып, автордың айтпақ идеясы мен ойының тереңдігін түсінуге көп кедергісін келтіреді.  Және парасат майданындағы шайқаста жеңіліске ұшырап, адамдық жолдан адасқан кейіпкерлер романда өте көп болғандықтан, ондай талдауды жасау мүмкін де емес. Сондықтан да біз бұл мақаламызда жазушы Төлен Әбдікұлының айтқысы келген идеясына ғана тоқталып, шамамыз жеткенше шығарманың рухына бойлап, суреткердің әлемді танып, тіршіліктің ішіне еніп кеткен дүниетанымын көрсетуге тәуекел еттік. Өйткені осы уақытқа дейін оны жасауға талпыныс жасаған ешкім болған жоқ. Бір мақалының ішінде біз романдағы барлық кейіпкерлердің даралық сипатын әйгілеп береміз деп айта алмаймыз. Жазушының шығармасындағы бір-біріне ұқсамайтын жүздеген адамдардың образы туралы сезіміңді қалай жеткізесің. Біз өз мақаламызда романның  негізгі идеясын түсіндіріп беріп, қолымыздан келгенше жазушының өмірді танудағы жұмбағын ашуға тырыстық.

Суреткер Әбдікұлының дүниені танудағы ешкімге ұқсамайтын өз жұмбағы бар. «Өліара» романында жазушының өмірді танудағы сол жұмбағын, асқан шеберлікпен сомдалған Асқардың болмысынан танығандай боласың. Тағдырдың  найзағайы түсіп, пенделердің жаны отқа оранған дәуірдің өліарасында да зұлым заманның ноқтасын мойнына салғызбай, адамдық қасиетті талақ қылмай арпалысып өтуге болатыны Асқардың бейнесі арқылы асқан шеберлікпен ашылған.

Шығарманың басты кейіпкерлерінің бірі Асқар өмірдің рухани биігіне көтерілген азамат. Мұндай адамдарға барлық уақытта да қиын. Өйткені мына дүниеде санаулы адамдар ғана өмірдің рухани биігіне көтеріліп, қалың тобыр, оның етегінде қалып қояды. Уақыт тобырға қызмет етеді. Қоғамның заңдылығы да тобырдың сұранысын қанағаттандыру үшін салтанат құрады. Сондықтан да рухы кемелденген адамдар мен құмырсқаның илеуіндей құжынаған мәдениетсіз тобыр, қандай заманда өмір сүрсе де, еш уақытта да бірін-бірі түсіне алмай өтеді.

Бірақ қара тобырдың ортасында жүріп те, адамдық қасиетіңді жоғалтпай, жарқырап өмір сүруге болады.  Асқар - уақыттың дауылы сөндіре алмаған, қараңғы түнекте де күн сияқты жарқыраған -  өмірдің сәулесі. Оның жан күйзелісін көргенде, тобырдың надандығына назаланып, бас кейіпкердің рухани тереңдігін тани түсеміз.  Ол өлген күні жалп етіп, адамның жанына шуағын шашып тұрған, рухани өмірдің сәулесі де онымен бірге сөнеді. Сол сәуле сөне жаздап, жарығы әлсіреген шақта, картинаның қақ ортасынан, советтік дәуірде өмір сүре отырып, оның ұлтымызды қан қақсатқан зұлымдығына назаланған жазушының, түрлі кейіпкерлер арқылы жеткізген жан айқайы, қайта-қайта естіледі:

-         Мыңғырған малдан  бір үзім нанға қараған күнге түсу сорақылық емей не? Қазақтың кедейі де мұндай қайыршылықты бастан кешкен жоқ. Әлде сендердің мақсаттарың байлық емес, қайыршылық па?...

-         Сен бар болғаны қолшоқпарысың. Ал, қожайындар - басқалар, Тарихты жасайтындар да солар. Және олар өздеріне керек тарихты ғана жасайды..

-         Мен үшін ел сенің шындығыңнан да қымбат. Шындық үшін жеке адамдарды құрбан ет, бірақ елді құрбан етуге болмайды...

-         Оспан қожа елді алдаса, оған да дін кінәлі емес, діннің шариғатын сақтай алмай отырған Оспан қожа кінәлі. Екеуін шатастыруға болмайды. Шариғаттың үкіметке қарсы жерін көргем жоқ. Өтірік айтпау, ұрлық қылмау, адал еңбекпен күн көру, кісіге қиянат жасамау, байлыққа құнықпау, кедейге қайыр, ғаріпке көмек - осының бәрі шариғатта бар нәрсе. Ал мұның қай жері бұрыс?...

Заманның зұлымдығы шектен шығып, шарықтау шегіне жеткенде, жазушы тіпті, халықты қан қақсатқан советтік дәуірге бар қаһарын төгіп, оны қарғай бастайды. «Зорлықшыл мемлекеттердің бірін-бірі басып алғысы келетіні секілді, адамдар да бірін-бірі басып алып, биліктерін жүргізгісі келеді ғой. Бірақ бұл күресте әмәнда күші басым жеңе бермейді, кейде күштіні әлсіздер де жеңіп кете береді. Ол жолда әлсіздің ең үлкен қаруы - жағымпаздық».

Советтік дәуірдің ұлтымызға тартқызған тауқыметі мейлінше шынайы жырланған «Өліара» романы жиырмасыншы ғасырдың ауқымды эпопеясы ғана емес, барлық уақытта да құндылығын жоймайтын, байлығы ешқашан да сарқылмайтын әдебиетіміздің алтын қазынасы болып қала береді. Романда даралық сипаты бір-біріне ұқсамай кестеленген образдардың тұтас әлемі бар. Ал, аласұрған өмір теңізінің үстінде сеңдей соғылысып, жанталасқан адамдардың тағдыры туралы сезіміңді жеткізу тіпті де мүмкін емес.  Бәйтен мен Хадишаны бір-біріне  ынтызар еткен, ақсүйек ойнаған кеш қандай тамаша! Ал сол кештен кейін өмірі ажырамастай болған Хадишаның Бәйтенге жасаған опасыздығына күйінген ашу-ызаңды сөзбен қалай жеткізе аласың.  Өмірден тірек іздеген қаншама адам зұлым дәуірдің боранында адасып жүр. Жынды Хамзаның трагедиялық бейнесі  қалай әдемі сомдалған. Романның соңында өмірден түңілген Асқар өзіне-өзі қол салып өлмек болғанда, оны ажалдан құтқарған сол жынды Хамзаның ақылды адамдардың бәрінен де асқан кемеңгерлігіне қалай қайран қалмайсың.  Қоғамның сайтанына айналған Нұрбектің образын талдайтын болсақ, әңгімеміз тіпті ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Бірақ олардың бәрін жіпке тізе берудің қажеті жоқ.

«Өліара» романының сол жылдары жазылған басқа туындылардың барлығынан биіктетіп тұрған даралық сипаты тек сонда ғана емес. Оқырманның мүлгіп кеткен ойын түртіп, романды өміршең етіп тұрған құдіреттің ең ғажайып сыры мүлде басқада.

Шығармаға жан бітіріп, оның шырайын келтіріп тұрған ең үлкен құдірет - заманның зұлымдығын әшкерелеуден қаймықпаған, Төленнің ақындық жүрегі. Романның әр бетін парақтаған сайын, зұлымдықпан айқасқан сол ақындық жүректің дірілін айрықша сезіне түскендей боласың.

Ғажайып эпопеяны туғызған Төлен талантының даралығы  өмір топырағының астында көміліп қалған ақиқатты қазып алып, тарихи дәуірдің зұлым шындығын біздің санамызда қайта тірілте білген шеберлігінде жатыр.

Романның соңында «бірінші кітаптың соңы» деген түсініктеме берілгенімен, біздің ойымызша Төлен Әбдікұлының бұл шығармасы аяқталып, соңғы нүктесі қойылған туынды. Інісі оқудан келгенде тай сойып, той жасаған Асқарды, шығарманың соңында сол туған бауыры Бәйтеннің алдына салып айдап әкетіп бара жатқанынан кейін, дәуірдің зұлымдығын көрсететін басқа бір деталь іздеудің қажеті шамалы шығар.

Тақырыптың түйіні

Жазушы Төлен Әбдікұлы адамның рухын кемелдендіре түсетін парасат майданында толайым табысқа жеткен суреткер. Оқырмандардың зор сүйіспеншілігіне бөленген мұндай жеңіске ол, бойындағы таланты, жазу шеберлігі мен өнердегі ізденісінің арқасында ғана жеткен жоқ. Айласы шексіз, амалы шолақ ғасырда өмір сүрген суреткерді өнердің асқар биігіне көтерген екі қанаты болды - адал махаббат пен адамдық парасат.

Өнерді сүйген махаббатына адал болғандықтан,  «Өліара» романындағы Асқардай барлық уақытта да ол адам болып қалудың жолын іздеп, даңғойқұмарлықтан, жағымпаздықтан, екіжүзділіктен, өтірік пен өсектен бойын аулақ ұстады. Шығармашылық өмірінің қос қанаты - адал махаббат пен адамдық парасат оны ылғи өнердің аспанындағы шексіздікке қарай ұмтылдырды.

Өнерге ұлы мақсат қуып келгенімен, армандаған биігіне жете алмай қанаты қырқылып қалатын қаншама таланттар бар. Және олардың барлығы шығармашылық қуатының аздығынан ғана сол биікке көтеріле алмай қалған жоқ.  Өнерді сүйген махаббаты мен адамдық парасатын жоғалтып алғандықтан олардың қанаты сынып, шығармашылығы өлді. Жүректері таза кезінде біраз биікке самғағанымен,  уақытқа қызмет ете жүріп олар, парасат күнін тұмшалап тастаған бұлттардың арасында адасып кетті.

Жазушы шығармадағы терең ойды ізденіс пен кітаптан ғана емес, ең алдымен рухының тазалығы мен жанының тереңдігінен табады. Көп оқып, көз ізденгенімен, өмірдегі алаяқ, екіжүзді, даңғойқұмар, мақтаншақ, пысық, жағымпаз болып туған  адамдардың неге кемел дүниелер туғыза алмайтынының себебін ойланып көрдіңіз бе? Өйткені Алланың алтын сарайындай жарқыраған ұлы Рухтардың қақпасы, шығармашылығы былғанбаған, адал махаббаты мен адамдық парасатын жоғалтпаған адамдар үшін ғана ашылады.

Әдебиет - адамтануды ғана емес, адам болып қалуды үйрететін ұлы өнер. Міне, сондықтан да шын талант әдебиетке, адамдық бастаудың қайнарын лайлайтын қоғамның зұлымдығынан өмірді тазарту үшін келеді. Жүрегі оттай жанып, өмірдің зұлымдығымен күресе алмаған жазушы еш уақытта да адам жанының суреткері бола алмайды.

Өнерге берілген адалдығы мен адамдық парасатының арқасында Төлен Әбдікұлы адам жанының суреткері бола білді. Оның қаламынан туған шығармаларында зұлымдыққа қарсы парасат майданын ашқан оттың жалыны лаулайды. Сол жалыннан қуат алған біздің рухымыз да оның жазған әр шығармасымен бірге кемелденіп, адамдық жолдан тайғанап кетпей, парасат майданында жазушымен бірге жеңіске жетіп келеді.

Соңы

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2140
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2547
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2324
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1653