Дүйсенбі, 28 Қараша 2022
Алашорда 1849 6 пікір 30 Наурыз, 2022 сағат 14:35

Саяси қуғын-сүргіндер: Голощекин туралы...

Басы: «Алаш партиясы әділдікке жақ, жебірлерге жау болды»

Жалғасы: Голощекин және репрессияның екі толқыны

Қазақстандағы саяси репрессиялардың тілге тиек етілген алғашқы толқыны 1928 жылғы күзге салым, Қазаткомның әйгілі декретіне сәйкес «жартылай феодалдардың мал-мүлкін кәмпескелеу» науқаны қызған тұста басталған-тын. Эмиссар Ф. Голощекин тәркілеу үдерісіне «кедергі келтіруге ниеттенген» ұлтшылдар ұясын талқандау операциясын жүргізуді құпия қызмет мекемесіне тапсырған.

Көкірегінде сәулесі бар-ау дегендердің баршасын бақылауында ұстап, қилы мәліметтер жиып отырған «чекистер» аялдамай іске кіріскен-тін. Алғашқы тұтқындаулар байларды тәркілеу науқанының соңына қарай жүргізілді. 1928 жылдың қара күзінде, әуелі мемлекеттік жоспарлау комитетінің қызметкері Халел Ғаббасов, сосын Ұлт театрының директорлығынан кейін жұмыссыз жүрген Дінмұхамед Әділов және оның бауырлары мен ауылдастары тұтқындалды. Одан «Еңбекші қазақ» газетінің қызметкерлері Міржақып Дулатов, Ахметсафа Юсупов, сосын Қазақ университетінің профессоры Ахмет Байтұрсынов, Шымкент педагогика техникумының оқытушысы Жүсіпбек Аймауытов, ақын Мағжан Жұмабаев, әдебиетші Әбдірахман Байділдин, басқа да азаматтар қамауға алынды.

Қызылордада, Алматыда біраз тергелгеннен кейін, 1929 жылдың ортасынан өте жасанды айыптар тағылған 44 азаматтың ісі Мәскеуге жөнелтілді. Тұтқындардың өздері де сол жылдың күзінде бірнеше топ боп  Мәскеу түрмелеріне жеткізілді. Сонда қосымша тергеулер жүргізіліп, 1930 жылғы 4 сәуірде ОГПУ алқасының үкімі шығарылды.

Ахмет Байтұрсынов бастаған он бір азамат ату жазасына, қалғандары түрлі мерзімге лагерьлерге жіберуге ұйғарылды. Солардың іштерінен төртеуі (мәдениет қайраткері Д. Әділов, жазушы Ж. Аймауытов, әдебиетші Ә. Байділдин, журналист А. Юсупов) екі аптадан сәл өте, 21 сәуірде атып тасталды.

Бұл шешімнің бас тапсырыс беруші Ф. Голощекинді қанағаттандырып әм қанаттандырғаны сондай, сол жылы Қазақстанның он жылдығына арнап өткізілген салтанатты жиналыста Ахмет Байтұрсынов басында тұрған алашордашылардың «жойылған ұлтшылдық ұйымы» жөнінде масаттана хабарлап,  Мұхамеджан Тынышбаев бастаған тағы бір ұлтшылдар ұйымы жойылу алдында тұр деп мәлімдеді. Осылай республика партактивіне «революцияның қаһарлы қаруы» құдіретін паш етті.

Алайда ұзамай, 1931 жылғы 8 қаңтарда, ОГПУ алқасы 1930 жылғы 4 сәуірдегі үкімін қайта қарап, жазаның жоғарғы шарасы берілгендердің (үкімнің қайта қаралу нәтижесін тоспай, қандай себеппен екені белгісіз, шұғыл атып тасталған төртеуден басқа) бірқатарын атылудан құтқарып, он жыл лагерьге айдаумен алмастырды.

Бәлкім кіндік жазалаушы мекеменің осы шешімі, әлде басқа да ауызша пікірі әсерін тигізген шығар, қазақстандық чекистер 1931 жылғы 29 қазанда құпия қызмет абақтысында өткен жылдан бері жатқан 18 тұтқынды тергеу «№ 2370 іс бойынша сотқа беруге жеткілікті дерек болмағандықтан» тоқтатылатыны жайында қаулы алды. Сөйтіп Қоңырқожа Қожықов, Садық Өтегенов, Әзімхан Кенесарин, Серікбай Ақаев, Алдабек Мангелдин, Иса Қашқынбаев, Дәлел Сәрсенов және солардың қатарындағы тағы он бір «ұлтшыл» айыпталушыны тергеу «іс бойынша жиналған дәлелдің жетімсіздігіне байланысты» доғарылып, бәрі түрмеден шығарылды да, қолдарына қамауда ұстаған мерзімдерін көрсеткен анықтама берілді.

Сосын  «іс бойынша жеткілікті дәлел жиналған» Әлімхан Ермеков, Мұхамеджан Тынышпаев бастаған 20 адамға қозғалған № 2370 істің «үш негізгі тергеу томы, 9 том қосалқы істер және 40 дана фотосурет» 1931 жылғы 21 желтоқсанда Мәскеудің қарауына, яғни ОГПУ Алқасының 1930 жылғы алғашқы толқынды репрессиялағандай шара  қолдануы үшін жіберілді. (Мұның алдында, 1931 жылғы 11 желтоқсанда, «ОГПУ Алқасы жанындағы Ерекше Кеңеске» М. Тынышпаев пен басқаларды айыптайтын № 2370 іс бойынша 3 том және солармен байланыстырылған істер, барлығы 12 том жолданған болатын).

«Бұрын «Алаш-Орда» құрамында және контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымда болған... қазақ  ұлтшылдары тобына ашылған  № 2370 іс бойынша» 44 беттік Айыптау қорытындысы жасалған-ды. Оның «Тарихи анықтама» деп аталған алғашқы тарауы «Февраль революциясынан кейін ұлтшыл «Алаш» партиясы құрамына кірген, «Алаш-Орда» үкіметінің құрамында болған, сөйтіп орыстың ақгвардияшыл казактарымен және генерал Колчактың контрреволюциялық армияларымен бірге Совет өкіметіне қарсы ашық күрескен, содан соң  к-р армиялар мен үкіметтер тас-талқан болғаннан кейін амнистия жасалған қазақтың буржуазиялық-ұлтшылдық интеллиген-циясының өкілдері контрреволюциялық кіндігін сақтап қалды да, өздерінің антисоветтік қызметін жалғастыра берді» деген тұжырымды сөйлеммен басталған.

Одан әрі «бұрынғы алашордашы Ермеков Әлімхан 1921 жылдың басында Мәскеуде болып, (қазұлтшылдардың астыртын к-р ұйымы туралы іс бойынша 1930 ж. ОГПУ Алқасы соттаған) көрнекті ұлтшыл Байтұрсыновпен бірге башқұрт ұлтшылы Валидовпен астыртын к-р ұйым құру туралы келіскен» дейді. Ұйымның орталығы ретінде Орынбор қаласы таңдалғанын, көп ұзамай Досмұхамедов Халел мен ОГПУ Алқасы соттаған Дулатов Міржақып осы ұйымның Ташкенттік филиалын құрғанын айтады.

Ішінде Мұхамеджан Тынышпаев, Жанша Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов те бар ұйым мүшелерінің 1922 жылы ашаршылыққа ұшыраған халыққа көмек беруді ұйымдастырғанын, сол іс барысында ұйымға жаңа мүшелер тартқанын, 1923 жылы болған 12-ші партсъезге ұлт мәселесі жөнінде талаптар әзірлегенін, Қазақстандағы 2-ші Советтер съезінде тек қазақ делегаттармен жеке мәжіліс өткізіп, «отаршылдықтың өршуі және онымен күрес түрлерін» талқылағанын баян еткен.

Басмашылық жойылғаннан кейін ұйым тарқады, бірақ оның мүшелері бір-бірімен байланысын үзбей, «партия мен Совет өкіметінің мақсатын бұрмалау мақсатымен» Совет және партия аппараттарына кіріп алуға ұмтылды деп, «дәлелдер» келтірген...

Айыптау қорытындысының «Ұлтшылдық контрреволюциялық қызмет» деп аталған екінші тарауындағы алғашқы тармақта ұйымның жер мәселесінде «Алаш» партиясы бағдарламасының аграрлық бөлігін жүзеге асыруға тырысқаны айтылады. Яғни олар «бірінші кезекте жермен жалпы туземдік халықты, әлеуметтік қабаттарға шектеместен, жерді ру болып пайдалану шартымен қамтамасыз етуді» көздеген. «Бұл жұмысты ұлтшылдар мен к-р ұйым мүшелерінен тысқары аса көрнекті ұлтшыл, жер халкоматының қызметкері Мұрзин Мұқтар жүргізген» деген түйіні бар.

«1928 жылғы бай мүліктерін кәмпескелеу жөніндегі науқанға қарсы әрекет» деп аталған тармақта астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерінің «еңбек шаруашылығын анықтайтын мал санының шектеулі нормасын көбейтуге, сөйтіп жойылуға тиіс бай шаруашылықтарының санын қысқартуға тырысқанын» көрсеткен.

«Шаруашылықтарды ұжымдастыру жөніндегі науқанды бұрмалау» тармағында олардың ұжымшарларды мақұлдамаған көзқарастары айтылған. «Ет әзірлеу» тармағында айыпталушылар ет дайындауға берілген тапсырманы большевиктердің «отаршылдық» саясатының бір түрі деп есептеді дейді. «Мәдениет майданы» атты тармақта ұйым   мүшелерінің оқушы жастарды ұлтшылдық рухта тәрбиелегені әшкереленеді. «Бандаларға» арналған тармақта 1930 жылы репрессияланған Әділовтер ісін тағы талдап көрсетіп, жер-жердегі бандалардың бас көтерулеріне бұрынғы ұйым мүшелерінің қатысын әшкерелейді де, одан әрі тұтқындарға жеке-жеке айып тағады...

Бірақ ССРО Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы (ОГПУ) қазақ мемлекетіндегі диктатор (Сырдария губкомының төрағасы Ыдырыс Мұстанбаевтың бағасы) Голощекиннің үш ұйықтаса түсіне кірмеген, тап солай болар-ау деп ешқашан күтпеген мінез көрсетті. Іс екі айдан кейін «осы 20 айыпталушы үстінен  қосымша тергеу жүргізілсін немесе бәрі де босатылсын» деген ұсыныспен Қазақстандағы өкілдікке кері қайтарыллы.

Ол аздай, «ОГПУ-дің Толық өкілетті Өкілдігін қадағалау жөніндегі  ҚССР Прокуроры Столбова жолдасқа ССРО Жоғарғы Сотының Прокурорынан» құпия түрде 1932 жылғы 8 наурызда шұғыл хат келді. Онда «ҚК-тің (Қылмыстық Кодекстің) 58/7, 11, 59/3 бабтары бойынша айыпталған Ермеков Әлімханды, Досмұхамедовтерді, Омаровты, Ақпаевтарды және басқаларды, барлығы 20 адамды, ОГПУ Алқасына мәні бойынша қарау үшін» Қазақстандағы ОГПУ-дің Толық өкілетті Өкілдігі  жолдаған істің осы 1932 жылғы ақпанның аяғында  кері қайтарылғаны хабарлана отырып, сол іс бойынша жасалған айыптау қорытындысында Прокурор Столбованың келісім бергені  туралы қорытындысы бар екені, сол себепті оның өзіне тікелей хат жазылып отырғаны  ескертіліпті.

Қазақстандағы ОГПУ-дің Толық өкілетті Өкілдігі  «тергеуді бір жарым жыл бойы жүргізгеніне қарамастан», жұмысын сапасыз қорытқаны ССРО Жоғарғы Соты Прокурорының осы хатында атап айтылды. Сөйтіп Орталыққа жіберілген № 2370 істі тексеріп қарау оны мән-мағынасы жөнінен ОГПУ Алқасында тыңдаудың мүмкін еместігін көрсетіпті.

Мұндай қорытынды жасауға екі түрлі себеп болған. Біріншіден, айыпталушылардың «Қазақстандағы саяси бандитизмге қатысы, олардың ұйымдастырушылық және жетекшілік рөлі дәлелденбеген». Сонымен бірге «айыпталушылар және орталық ұйым мен нақты бандиттік жасақтар арасындағы байланыс» буындары айқындалмаған. Екіншіден, айыптау қорытындысы негізінен айыпталушылардың «1918–22-ші жылдарғы контрреволюциялық өткеніне» сүйенген. Ал істе жинақталған соңғы жылдар материалдары, Прокурордың ойынша, олардың өткендегі контрреволюциялық қызметін жаңғыртуын танытатындай ешқандай нақты көрсету бермейді, олар, мықтағанда, «ұлтшылдық көзқарастар мінездемесі ретінде ғана» қарастырыла алады.

Сондықтан мәскеулік прокурор: «Осы іс бойынша тергеудің қанағаттанғысыз жүргізілгеніне Сіздің назарыңызды аудара отырып, оны өте қысқа мерзімде аяқтау үшін Өзіңіз тікелей бақылауға алып,  қажет шара қолдануды ұсынамын», –  деп қатаң түйген.

Сонымен бірге алматылық әріптесіне: «Қылмыстық іске тартылғандар-дың бірінің, атап айтқанда, шал және мүлдем ауру Ақпаев Жақыптың арызын осымен бір мезгілде жібере отырып, оған және басқа айыпталушыларға да қолданылған алдын кесу шарасын (яғни түрмеге қамап қоюларын – Б.Қ.) қайта қарауды ұсынамын» деп тағы бір ұсыныс айтыпты. Солардың орындалуынан хабардар етуді сұрап, хатына Ж. Ақпаевтың 9 беттік арызын қоса тіркеген.

Хатқа 1932 жылғы 21 наурызда алматылық лауазымдылардың бұрыштамалары соғылып, соңына қызыл сиямен «Полит. скандал» деген сөз түсіріліпті.

Бұл шынында да «саяси масқаралық, масқарапаздық жанжалға» ұшыраудың тап өзі еді. Голощекин, шамасы, өзінің аса маңызды тапсырмасын құпия қызметтің осынша оралымсыз орындағанына күйіп-піссе керек. Әрине,  ол ОГПУ өкілдігінің басшыларымен де, Мәскеудегі бұған  қатысы бар орталық мекемелердің қызметкерлерімен де тиісті әңгімелер жүргізді.

Нәтижесінде Совет Одағының ОГПУ алқасы жанындағы айрықша уәкіл Владимир Фельдман мен ОГПУ-дің Қазақстан бойынша толық өкілетті өкілінің орынбасары, сонымен бір мезгілде өкілдіктің Құпия-оперативтік басқармасының бастығы Сергей Наумович Миронов (шын аты-жөні – Мирон (Меер) Иосифович Король) Алматыдан 1932 жылғы 4 сәуірде Мәскеудегі Біріккен мемлекеттік саяси басқарма төрағасының орынбасары Иван Акуловқа мынандай жеделхат жіберді: «Мәскеу. ОГПУ. Акуловқа. Ұлтшылдар ісі бойында қосымша тергеу жүргізу нақты нәтиже бермейді. Оларды бостандыққа жіберу қазақ ұлтшыл элементін белсенділендіріп жібереді үтір Өлке басшылығына және ОГПУ органдарына шабуылдардың жаңа толқынын туғызады. Осыған және Өлкенің саяси жағдайына сүйене отырып, қазіргі уақытта айыпталушыларды Қазақстан шегінен тысқары жақтарға жер аудару мақсатымен істі ОГПУ Алқасының Көшпелі Сессиясында қарауға санкция беруіңізді өтінеміз. Шұғыл жауап тосамыз».

Алайда оң жауапқа шұғыл қол жеткізе алмағандықтан, Голощекин Алматыға келген Орталық бақылау комиссиясы төралқасының мүшесі, партия алдында беделі зор байырғы коммунист Арон Сольцті қатыстырып, чекистермен маңызды мәжіліс өткізеді де, өз ойын мақұлдатқан шешім шығартады.

Артынша, 1932 жылғы 20 сәуірде, ОГПУ-дің Қазақстандағы толық өкілетті өкілі Василий Каруцкий «Сольц, Фельдман, Голощекин қатысқан кеңестің шешімін жүзеге асыру ретімен» Алматыдан Мәскеуге, ОГПУ төрағасының орынбасары И. Акуловқа арнайы жеделхат жолдайды. Бұл телеграммада «Өлкедегі саяси ахуалды, ұлтшылдар ісі бойынша тұтқындалғандардың бәрін беталды босата салудың зияндылығын   ойлай отырып», Толық өкілетті өкіл Каруцкий аталған мәжілісте келісілген шараны айыпталушыларға өз тараптарынан қолдану үшін кіндік басқармадан рұқсат сұраған екен. «ОГПУ Толық өкілетті Өкілдігінің мына шешіміне санкция беруді өтінемін» деп, № 2370 істе қозғалған 20 адамға Қазақстандағы Өкілдік тарапынан қолданылмақ шараларды  үш топқа жіктеп жазыпты.

Біріншіден, «Орта Азия мен Батыс Сібір республикаларында тұру құқынан айырып, концлагерьге қамау шарасы Қазақстан шегінен тыс жаққа бес жылға (алдын ала тұтқындалған мерзімін есепке алып)  жер аударумен алмастырылсын» деп ұйғарылған 15 адамдық үлкен топ (Тынышпаев Мұхамеджан, Мұңайтпасов Әбдірахман, Кемеңгеров Қошмұхамед, Күдерин Жұмахан, Досмұхамедов Халел, Досмұхамедов Жаһанша, Қадырбаев Сейдазым, Үмбетбаев Алдаберген, Ақпаев Жақып, Қожамқұлов Нәшір, Омаров Әшім, Бұралқиев Мұстафа, Тілеулин Жұмағали, Ақпаев Абдулхамит, Мұрзин Мұхтар) тізімін берген.

Екіншіден, «Омаров Уәлихан, Сүлеев Біләл, Ысқақов Даниял алдын ала қамалған уақытын есепке алып, біржолата босатылсын» деп көрсетіпті.

Үшіншіден, «Ермеков Әлімхан, Әуезов Мұхтар концлагерьге шартты қамауды қолданып, немесе идеологиялық тұрғыда қарусызданып декларация жария еткендіктерін, өз кінәсін мойындағандықтарын және адал қызмет етуге міндеттеме алғандықтарын есепке алып», қамаудан босатылсын деген көрінеді.

Өкілдіктің үкімімен жер аударылатындар жіберілетін аудандарды атап айтуды Мәскеуден өтіне отырып, олардың Шығыс Сібір, Орталық Қаратопырақты облыс, басқа да ішкі аудандар болғанын қалайтындарын да айтыпты. Айыпталғандардың «әрқайсысына жеке-жеке санкция беру мәселесі Голощекин жолдаспен келісілді» деп хабарлай келе, осыларға қатысты кіндік мекеменің шешімі жайында өздеріне шұғыл телеграфпен хабарлауды сұрапты.

Көп ұзамай Мәскеуден «барлық тұтқындалғандарға қатысты белгіленген шаралармен келісетіндіктерін» айтқан жеделхат келді. «Жер аударылатын орын – ЦЧО (Орталық Қаратопырақты облыс)» деп көрсетілді. 1932 жылғы 10 сәуірде Акулов та: «Қарсылық жоқ» деп хабарлады. Алматыдағы Толық өкілетті өкіл Каруцкий қызметкерлеріне: «аялдамастан Үштіктің қаулысы рәсімделсін», «екі күндік мерзімде жүзеге асырылсын», «ЦЧО-ға ерекше хат, дербес меморандум жазылсын» деген тапсырмалар берді.

1932 жылғы 30 сәуірде Қазақстандағы ОГПУ ТӨ (ПП) Үштігі отырысының жоғарыда аталған 15 тұтқынды «бес жылға концлагерьге қамау, жазаны сол мерзімге ЦЧО-ға жер аударумен алмастыру», қалған бесеуін түрмеден босату жайындағы қаулысы шықты.

Ұлт қайраткерлерін бұл жолғы жазалау шарасы Голощекиннің алғашқы көздегеніндей болмағанмен (тіпті 18 «ұлтшыл» түрмеден сотқа жеткізілмей босатылса да), ұлттық мүддені ойлайтын қайраткерлерді белгілі дәрежеде ауыздықтап, жұртшылықты ұдайы үрей шеңберінде ұстап тұруға едәуір қызмет етті...

Жалғасы бар...

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Әне, көрдің бе?

Орыс патриотизмі және яхта

Есбол Үсенұлы 1501
Қазақтың тілі

Қазақтың тілі өлмесін десек...

Камшат Тасболатова 1582
Соғыста жүрген сұлулар

Майдандағы Украина арулары: Маргарита Ривчаченко

Айжан Темірхан 1747