Сенбі, 18 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3225 0 пікір 18 Қазан, 2012 сағат 06:14

Қажығұмар Шабданұлы. ХИКМЕТТІ ҚАРА ҚҰЙЫН (жалғасы)

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

 

ХИКМЕТТІ ҚАРА ҚҰЙЫН

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Кесіммен жазаланған лаугайлармен қосақталып, мылтықпен қоршалып істеп жазды өткіздім. Биіктегі автоматтан айқайлап рұқсат сұрап, қосағымдағы лаугайдың арт жағына ғана дәреттенемін де, мәселені ап-аман шешкендігімді тағы да айқайлап мәлімдей түрегелемін. Дәретте не «туғаныма» дейін мәлімдегендей адалдықпен істеп күзді өткізсем де қайту мәселемнің не болғандығынан жауап шықпады. Он мың лаугай жиылған бұл майданның басшылары тіпті нән екен. Іштеңе білмейтінсіп жауап бермей талайы өтті. Мен тұрған су құрылысы әтіретіне, лаугайлар мақтап жүретін, майдан штабының бір ұйғыр кадры келгенін естіп жүгіріп, соған барып шағындым. Менің ісімнен хабары бар сияқты.

- Білеміз, бірақ қазір бүкіл қоғамда социалистік тәрбие жүргізіліп жатыр,- деп түйілді ол. - Бұл науқан уақытында қалпақ алудың нұсқауы жоқ!

- Менің қалпағым жоқ, қалпағы жоқ адамды жазалау орнында ұстап тұратын принцип те жоқ қой, осыны жазып қана бұрынғы орныма қайтарып беріңіздер!

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

 

ХИКМЕТТІ ҚАРА ҚҰЙЫН

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Кесіммен жазаланған лаугайлармен қосақталып, мылтықпен қоршалып істеп жазды өткіздім. Биіктегі автоматтан айқайлап рұқсат сұрап, қосағымдағы лаугайдың арт жағына ғана дәреттенемін де, мәселені ап-аман шешкендігімді тағы да айқайлап мәлімдей түрегелемін. Дәретте не «туғаныма» дейін мәлімдегендей адалдықпен істеп күзді өткізсем де қайту мәселемнің не болғандығынан жауап шықпады. Он мың лаугай жиылған бұл майданның басшылары тіпті нән екен. Іштеңе білмейтінсіп жауап бермей талайы өтті. Мен тұрған су құрылысы әтіретіне, лаугайлар мақтап жүретін, майдан штабының бір ұйғыр кадры келгенін естіп жүгіріп, соған барып шағындым. Менің ісімнен хабары бар сияқты.

- Білеміз, бірақ қазір бүкіл қоғамда социалистік тәрбие жүргізіліп жатыр,- деп түйілді ол. - Бұл науқан уақытында қалпақ алудың нұсқауы жоқ!

- Менің қалпағым жоқ, қалпағы жоқ адамды жазалау орнында ұстап тұратын принцип те жоқ қой, осыны жазып қана бұрынғы орныма қайтарып беріңіздер!

- Социалистік тәрбие дегеннің не екендігін түсінемісің өзің!- деп, менің «надандығыма» қынжылды жез түймелі кадр. - Бұл, социализм мен капитализмнің парқын айырып, тап жауларына пролетариат дектатурасын жүргізетін науқан. Қиянат, ұрлық, көп ішіп, көп жеу мәселелерін анықтайды!... Кедейлер мен төмен орта шаруаның бірлескен қосынын құрып, таптық күресті барлық істің арқауы етеді. Сөйтіп, таптық күрестің қақпағын ашады... Дәл қазір қайтып барсаң, алдымен сен көресің көргілікті!..

- Таптық күрестің қақпағы «енді ашылса» тіпті жақсы. Көргілікті енді мен емес, таптық жаулар көреді!- деп осы түсінігіне қасақана жармаса түстім. - Ол қақпақты буржуазия жалпақ құйрығымен басып отырғанын партиямыз анық білген болса... менің барлық тілеп жүргенім осы еді, кожаң[1]! Обалыма қалмай, дәл осы кезеңде қоя беріңіздерші, осы науқанға қатынасып, бар мұңымды айтып алайын!... Кедей іздесе ең кедейі де, адал іздесе, осы қоғамның ең адалы да мен едім. Дектатура астында помещиктер мен буржуазияның жаласымен ғана түскенмін. «Пәле-жаланың бәрінен партия құтқарып», қалпағымды 64-ші жылы алды. Қоя берсеңіздер социализм үшін ең пайдалы қызмет істеп бере аламын!

Кадр күліп жіберді бұл сөзіме.

- Сен атағы бар оңшылсың, дәл қазіргі кезеңде осы майданға аман-есен келіп алғаныңа ғана қуан!- деп тағы күліп алып, тыжырына сөйледі. - Қоғамнан мүлде артта қалыпсың!... Азаттықтың алғашқы жылдарындағы, жер реформасындағы белсенді қызмет көрсетіп жуапты кадр дәрежесіне көтерілгендердің қазір қызметтен түгел тоқтатылып, социалистік тәрбиенің күрес нысанасына айналғанын білемісің?... Олармен салыстырғанда сен кім?... Оңшы, жерлік ұлтшыл аталып қалған сендер қазір ең алдыңғы күрес объектісіңдер!

- Мен енді оңшы емеспін, деломды көрген кадр маған мұны қайталап айтпайды. Ал, азаттықтың алғашқы кезеңінде партия қатарына тартылып, лауазымға ие болғандардың көбі алдамшылықпен кіріп алған орайшылдар болатын. Қазіргі көріліп жатқан қиянат, ұрлық, сырапшылдық солардың қылмыстары екендігінде сөз жоқ. Социалистік тәрбиенің бұл қызметі де мені қуантатын игілікті қызмет!...

- Сендер, шіріген жұмыртқасыңдар!... Қазір ауыздан не шықса да баспен жауап беретін уақыт, біліп қой!

- Білемін, мен де өзіме сеніп сөйлеп тұрмын. Ақиқи социализмге мен ешқашан шіріген жұмыртқа бола алмаймын! Қате сөйлесем басым міне, дап-дайын тұр! Тезірек қайтып, социалистік тәрбиеге қатынасуы ма, барлық мәселені ашып тастауыма рұқсат етіңіздер!

- Қоғамда соғыс дайындығының жүріліп жатқанын түсінемісің?... Соғыс дегенің сөйлесу-дауласу емес екендігін түсінемісің?

- Мұндай істеріңіз болса да түсіндіру міндеттеріңіз бар. Мұндай соғысқа менің титтей де іліктестігім жоқ. Сондықтан дауласатын хақым бар!... Қазір мен қалпақтан, жаладан құтылған соң лаугайға қосылған себебімді тіпті де түсінбеймін. Бұл Жұңхуа халық республикасының заңында жоқ!

- Сенің бұл ахуалыңды шындығында біз де түсінбейміз,- деп кексе кадр қайта жұмсара қалды. - Сұрастырып жатырмыз. Бірақ, жоғарыдан қайтару бұйрығы келмей жатыр. Қазірше тып-тыныш қана істеп тұр!- деді де, түсінік беру орнына қолындағы газетті беріп қайтарды.

Бұл газетте социалистік тәрбие қызметінің жоғарыда айтылған міндеттерінен сырт мен естімеген қызметтерден «жер асты үңгірлерін терең қазу», «су қоймаларын жасау», «үшті көтере беру» дейтін сөздер ғана бар екен. Сырластар ара сыбырласып талқылай келе «жер асты үңгірлерін терең қазу» дегені, соғыс дайындығы, яғни, өздерінің тығылатын үңгірлері екендігін айқын түсіндік. «Су қоймаларын жасау» дегені - жерді көтереге беру, өндіріс құрал-жабдықтарын көтереге беру, мал мен жайылымды көтереге беру деп, қоғамнан жаңа келген бір лаугай ұқтырса да мұның кімнен, қалай шыққанын түсіне алмадық. Өйткені, бұл көтереге берулер «үш қызыл туды», оның ішінде әсіресе халық коммунасы мен зор секіріп ілгерлеуді керексіз ететін, қарама-қарсы шара. Өндірісті қалпына келтіріп, апаттардан құтылуға тиімді шара болғанымен мұны Маузыдұң қабылдар ма!... Ішкерілеп талқылауды да тоқтата салдық сөйтіп. «Үш қызыл туға» шек келтіру, бұл шақта мұсылмандардың құранға-иманға шек келтірсе, кәпір қауымында кетеді дейтіндей ең қорқынышты кері төңкеріске жататын сөзге айналған. Бұл көтереге берулер, қалай да қазіргі «оңшыл оппортонизмші» аталатын саналы коммунистердің ісі деп ішімізде ғана сақтадық. Бұлардың орталық комитетте жасырынып қалып, саясат белгілеуге қатынасып отырғандары әлі де недәуір санға ие сияқты. Мұнымен социалистік тәрбие қызметінің де баянсыз-тиянақсыз тоқтап қалып, тағы бір аласапыран ауыр тергеуге қалдыратындығын мөлшерлегендейміз. Өйтетіні, бұл науқан қызметтерінің арасындағы өзара қайшылық ашық көрініп тұр. Орталық комитеттегі әскери зорлық күш пен саналы саяси күш иық тіресе қалғандай. Мұндайда өз бөгетіне мүйіз шайқамай қара күші қояр ма!... Осы көтереге берулер арқылы коммуналардағы тажал тайқазандарын шақырып қояр ма екен?

Осындай қайшылықтарды ойлап жатып, көзім таңға жақын әрең ілініп еді. Бір жағымда қатар жатқан Ысқақ атты қызай шал «астағыпралласын» күңірене шұбыртып көтеріліп оятып жіберді.

- Ұйықтаңыз Ысқа, әлі ерте!- дедім. Сырттағы күшті шырақ жарығынан ұзын қызғылт сақалы мен көзін жауып тұратын ерекше мол қасының дірілдеп тұрғанына көзім түсті. Үңіле қарадым. - Не болды, түсіңізден шошыдыңыз ба?

- Оятып қойдым ба Биғаш, ұйықта, ұйықта, кейін естірсің, ұйықтап ал! - Қамқор қарт, ашылып қалған көрпемді түзеп жауып, қымтай сала түрегелді де сыртқа шығып кетті. Мен қайта ұйықтап қалыппын. Даладағы жуан тораңғыға асылған жартыкеш қазан ломмен ұрылғанда ыршып тұрдым. Тұру қоңырауы еді бұл. Ұйқыдан тұруу мен еңбекке шығудың арасында белгіленген мүддет жоқ еді. Киімімді апыл-құпыл кие сала сыртқа шықтым. Күз соңының елең-алаңдағы суығы бет қариды. Екеуіміз сүйрейтін қол арбаны Ысқақ шал жыңғыл қоршау қақпасының алдына апарып, әтірет түгендеуіне тізіле қалған екен. Артына барып тұра қалып жоқтамадан өттім де арбаны мен алып сүйредім.

Қалың жыңғыл қоршаудың төрт бұрышының сыртындағы төрт мұнара үстінде құрулы төрт пулемот астынан шыққан соң ғана сөйлесе алатынбыз. Ұзыннан ұзақ тізбекті айдайтын әскерлер, сыртқа шыққан соң бізден алыстап, оқшау жүретін. Ысқақ шал бүгінгі шошытқан түсін сонда ғана сөйледі.

- Ауылдары жайлауға шыққан шақ екен. Осы майданнан қайтыпты. Өзіне таныс асулардан не түрлі машақат қиыншылықпен жаяу асып, ауылы енді көрінгенде бір түрлі түтек қараңғылық төңірегін қоршай қалыпты. Байқаса бұлт емес, түн түнегі де емес, қап-қара қою шаң үйріліп көтеріліп, күн жүзін қаптай бастапты. «Япырай, біздің тауларда мұндай тозатын топырақ жоқ еді ғой, қайдан келе қалды?» дегенінше қара құйын киіз үйлерін жұлмалап көтере жөнеліпті. Кенже қызы ұшып бара жатқан үйден шыға жүгіріп, әкесінің ерттеулі атына міне шауыпты өзіне қарай. «Әке, әке, бұқ-бұқ! Жата тұр сол жерде, мынау тажал құйын!» дей сала ғайып болыпты. Сұрапыл қара құйын қызын ғана емес, бүкіл жайлауды жұтып ала қойғандай, дүлей қараңғылығымен ешнәрсе көрсетпей тастапты. Ысқақтың өзі де тұншығып, бір шұқанаққа етпеттей құлаған екен. «Біз құйын емес, мәңгі соғатын дауылмыз!»,  «біз, бұрынды-соңды көрілмеген киелі дауылмыз!» десіп сақ-сақ күліп, тұс-тұсынан үйрілген құйын құтыра жұлмалапты. «Құрыдық, құрыдық!... Қырылдық!» десіп шу көтеріпті төңірек. Сол шуыл ішінен бала-шағасының аянышты дауысы анық естілгенде ыршып түрегелген Ысқақ қайта құлапты!...

Осы түсті екінші рет көріп, тағы да шошып оянған соң қайтадан ұйықтай алмапты. Сөйлеп болып, жалтақ-жалтақ қарай берді маған. Жору сұрағандай. Оқымаса да сезімі аса сергек шалдың көп адамға бітпейтін өскелең қасы мен ұзын сақалы түсінде көрген сол құйыннан әлі де ұйтқып келе жатқандай туталақай, арық сарғыш жүзі сұрланып алған.

Адам біткенге мейірімді, қолында барымен қормалдық істеп, өзі аш қалса да басқаны құтқарғысы келіп тұратын осы аяулы қартқа мен де аянышпен қарай бердім. Мына қорқынышты түсінен қобалжытпай, сендіріп, сезімін әлдилейтіндей жақсы жору тапқым келеді. Өз тәжірибесі бойынша жорысам, сирек көрінетін сұмдық түс екендігі анық. Тынштандырарлық пәтуә таба алмай көп ойланып қалдым.

Зор су қоймасын жасауға екі аптадан бері алыстан сорсыз топырақ тасып, қас жасап жатқанбыз. Арбамызға басқалармен таласа-тартыса топырақ бастық. Төпелеп ұрып төбедей үйме етіп баспасақ, айдаушымыз жүргізбейді. Тізіліп жүретін көп арбаны тоқтатып қойып пәлеге қамау үшін тілегенінше тиедік те, екеуіміз қосарлана жегіліп, сүйрей жөнелдік. Менен әлі де жауап шықпаған соң қосарымдағы қарт тіпті жүдеді. Салалы қасы көзін мүлде жауып алыпты. Мені ойлату үшін мықшия сүйреп, арбадағы зілді маған түсірмеуге тырысып келеді. Мойнындағы арқаннан тамырлары адырайып, атылып шығуға айналғандай. Дәл қазір бала-шағасының амандығы жөнінен дәтке қуат жауап табу үшін осы зәл арбаны сүйреуден мойны үзіліп кетсе де дайын сияқты. Жаным ашып барады. Бұл қиналыстан қартты қазіргі ғылымның түс көру жөніндегі шешімі бойынша азат ете тұрғым келді.

- Өрге шығарда болмаса, сіз күшемеңіз, Ысқа!... Бұл көрген түсіңізде шошынарлық түс емес екен, жоруын таптым!- дегенімде жадырап, үміттене қарады маған. Арбаны өрден-өрге ұзақ сүйреп әкеліп, кешегі үйілген топырақтың үстіне шығарып төңкердік. Көзімізге құйылған ащы терді сүртіп, бос арбаны қайта сүйрей жөнелгенде ғана сөзге келдім. Сұрау қойдым қартқа.

- Кешегі газетті оқып талқылағанымызда не түсінік алып едіңіз?

- Апаттар «енді тіпті ерегесіп, қан жаудырар ма екен» дегендерің маған қайғы түсіріп еді. Ұйықтауға жатқанымда сол қайғы қайта шырмап, аунақшып жатып әрең ұйықтағанмын.

- Міне сол қайғыңыз, ұйықтағаныңызда түс болып көрінген! Түс, өңіңізде ойлағаныңызды тіпті өсіріп бейнелеп көрсетеді. Мұндай сандырақ түсті өз тәжірибеңізден де көп көрген шығарсыз?

- Мұның рас. Бірақ, анық түс пен танық түстің парқын да білуші едім. Осындай анық көрген түсім жазбай келуші еді. Түскер болатынмын. Мына сұмдық екі ретінде де анық көрініп, өзімді алжастырып жібере жаздады: бала-шағам бір жақта, өзім бір жақта тозып, мәңгі көрісе алмай жоғаларма екенбіз деп шошып қалдым, Биғаш!... Тоса тұр! Осы түсімде сол сұмдықтың дәлелі де көрінгендей болды. «Біз құйын емес үзілмей, мәңгі соғатын дауылмыз, киелі дауылмыз» деді ғой құйынның өзі!...

- Біздің кешегі газеттен хауіптенген құйынымыз, бір ауыл емес, бір аймақ емес, бүкіл қоғамға келетін хауіп еді ғой. Сіз сонда өз ауылыңыз жөнінде көбірек хауіптенгенсіз де, түсіңізде бар пәлені өз ауылыңыздың үстінен ғана көргенсіз. Кең төскейдегі айранын ұрттап, қойын құрттап жатқан момын аулыңызда бұл құйынның жеке ойрандайтын ештеңесі жоқ. Ал, сіз өңіңізде көріп жүрген науқандардың «дауылмыз, үздіксіз төңкеріс жүргіземіз, бізді тоқататын ешқандай күш жоқ, киелі дауылмыз» демей келгені бар ма еді. Маузыдұң: «социализм дәуірінде үздіксіз төңкеріс жүргізіледі» дегеннен бері лекциялардың барлығы осылай емес пе!... Құйынбыз, алатынымызды қазір ғана алып өте шығамыз деп келген бірі бар ма!... Сана-сезіміңізге солай «үздіксіз» болып сіңген қаранауқандар, қиялыңызды хауіп жеңген күні түсіңізге шетсіз-шексіз қара құйын көрінбес пе!... Ал енді өз тәжірибеңіз бойынша «айқын түс» ретінде жорығанда да бұл оншалықты жаман түс емес. Сол құйынның сізді өз жайлауыңыздағы шұңқырдан жұлып әкете алмағанына қуаныңыз! Түсте көрінген өзіңіз, өз үйіңіз болады. Балаңыздың «әке-әке, бұқ-бұқ» дегені, аулыңыздың да бұққан күйі аман қалатындығын хабарлағаны. Бұл түстен ерекше хауіптенетін дәлеліңіз жоқ!

Аз уақыт ойлана қалған Ысқақ серпіле күлді.

- Әй енді сендірдің-ау Биғаш! Көкейіме осы екінші рет айтқан түсінігіңнің бәрі қонды, көп жаса!... Жынды деген жынды, құйын деген - құйын ғой баяғы, пәтуә барма, бәрінде де мәңгілікпіз деп төніп келе мәңгіріп қалып жатпай ма!- дегенінде борбаста сүйреп жүрген зілдей арбамыз жеңілдей сала берді.

Айланасы отыз шақырым келетін осы су қоймасының жұмысында әлсіреп барып арбаға жаншылып, талай адам өлді. Жаңа жыл басталған шақта менің жіліктерім 62-ші жылдағыдай қайта шидиіп, сіңірлерім ғана қалып еді. Құйрығым қайта үңірейіп, шошыта бастады. Енді қайта ісітіп, өзім сүйреген арбаға өзімді жаныштырмақ қой!..

Қасымдағы қартым талтаңдап арбаға ілесе алмай қалды. Ана жылғы өзімше ісіп, умасы пұтына симай бара жатқанын мөлшерлесем де намыскер қарт айтпайды. Кадрларға мен бірнеше мәлімдеп дохтырға жіберте алмай қойдым. Ал, бала-шағасынан анда-санда келетін майын көп көтеремге қалақтап тасып, лезде тауысатын өзі де бір «жомарт» шал болды.

Лаугайлар арасындағы қалпақсыздармен кесімді мүддеті біткендердің талабы күшейгендіктен жаңа жылдың январы соңында «түрмеден шығу әтіреті» дейтін бір әтірет құрыла қалды да мен соған алдымен баратын болып тізімделдім. Ауру Ысқақ қартқа бір жеңілдік әпере кеткім келді. Қолтықтап-сүйемелдеп апарып әтірет штабына кіргіздім.

- Баугау дүйжаң!... мына қартың енді екі жылдық мүддеті бар, үш жылын әрең өтеді. Егер ауруханаға қабылданбаса екі айлық өмірі де қалмады. Советке қашады деген күмәнмен ғана нахақ қолға алыныпты. Жан біткенге жан ашып алданғанынан басқа жазығы жоқ момын шал еді! -дегенімде көзімнен жас ыршыды. Бұл әтіретте қазір біраз абырой өндіре бастаған кезімдегі мына жыласыма кадрлар үңірейе қарады. - Ысқақ, «ауруын жасырғанды өлім әшкере қылады» деген. Мына кісілерге көрсетіңіз!

- Ұйбай-ау мынау не дейді?- деп Ысқақ қарт талтаңдай жөнелді есікке қарай. - «Ұят бар жерде иман бар» ғой!...

Ұстай алып дауалға қараттым да екі қолын қоса құшақтап, бір қолыммен штан бауын шештім.

Ұжмаққа жеткізетін иман умаңыз да болса да көрсет!... Қане, зыдауян, дүйжаң, көрмей сенбейсіздер, көріңіздерші мынасын!

Сөз ұғатын ұлттық кадрлар күліп жіберді де бір-бірден келіп қарады. Төрде бажырая қарап отырған зыдауянға ым қақты, көріп қайтқан біреуі. Ол келіп үңіле қарады да шәугімдей болған уманы закүн таяғымен астынан көтере қарап қайтты.

- Тездетіп емдетпесе бұл ісік жүрекке енді екі-ақ күнде жетеді де өлтіреді!- деп зыдауянға ханзуша сөйлеп ұқтырдым.

Зыдауян екеумізді суық қана ымдап қайтарды. Күбірлесіп сөйлесе бастағанын ести шығып едім. Түскі демалыстан жұмысқа шығар шағымызда.

- Ысқақ Абдолла!- деп шақырды бір ұйғыр кадр. - Киініп, таза көрпеңді ала кел!

Ауруханаға жатқызуға апаратындығын біліп, қолтықтап апардым алдына. Қолында әтірет таңбасы басылып, зыдауян қолы қойылған ханзуша қатынас қағазы тұр екен. Отыншының арбасы жетіп келіп, қартты арбаға жайлап отырғызды да жылжи жөнелді.

- Бұл қайғымнан да құтқаратын болдың Биғаш, бата-тілегім сенің соңыңда болар!... Басқа әтіретке ауысып кетсең, аман бол!- деп өксіп қалды қарт.

- Сонда да көрісіп тұрамыз, қашан жазылғанша қамсыз жатыңыз, үйіңізден хат келсе, жеткізіп беріп тұра алатын біреуіне тапсырып кетемін!...

Содан екі күн өткенде түрмеден шығу әтіретіне сол арбамен көшіп мен де кеттім.

Түрмеден шығу әтіреті де Қарашаһардағы саяси мектепше «қуаңшылық апаты» мен «шужыңжуидің қылмыстарын» оқытты. Бұл курстың мүддеті де үш ай екен. Лаугай әтіретіндегіше күндіз тыным таптырмай, тіпті жауынды күндерде де тың жер ашқызып, ыңғай түнде «оқытты». Әйтеуір еңбек майданында лаугайдағыдай автоматпен айдап жүрмей, еңбекпен өзгергендігімізді сынау сылтауымен істетеді екен. «Жақсы істесек, үйлерімізге қайтарар» деген үміттің мылтықтан артығырақ қузайтындығын білетін қу әтірет болып шықты.

Үш ай бітісімен қайғы бұлты қайта торлады басымызды: «жоғары жақтан жаза майдандарына жаңа бұйрық түсті»- деп жариялай қойды жаңа сұмдығын. - «Кесім мүддеті біткен қыылмыстылардың ешқандайы үйлеріне қайтарылмайды. Өздерін өзгерткен майдандарына «кәсіпке орналасушы» болып істеп тұрсын, толық өзгермегендерінің қалпағы алынбайды. Ал, лаугайлықтан шыққандықтары айқын түсіндіріліп, шынсың[2] әтіреті болып құрылсын!...»- деген жарлық екен.

Сөйтіп, «түрмеден шығару әтіреті» лаугай әтіреттерінің зыдауяндарын шақырды да тізім бойынша бөліп-бөліп, алдыларына қайта салып жөнелтті.

Мен де «кәсіпке орналасушы» деген «лауазыммен» су құрылыс әтіретіне қайтарылдым. Іле-шала Үрімжі маңындағы түрмелерден шыққандар келген соң лаугайлардан «шынсың әтіреті» болып бөліндік.

Бөлінсек те бәрі-бір лаугай миқынаты. Ерте шығып кеш қайту, түнде істеп «зор секіру» жақтарынан одан қиынырақ тиді бізге. Айлық еңбек ақы ретінде беретіні, лаугай-лаужяу уақыттамыздағы тамақ пен киім расхоты ғана. Үкіметтен одан артық ешқандай қаражат шықпайды екен. Сөйтсе де арқамыздан автомат төндіріп әскер айдамай, өзімізді өз арамыздан сайланған группа бастықтары басқарғаны, біраз еркіндік болып сезілді өзімізге.

Мен тіпті де жаза майданынан жаралып «жаңа туған» емес екендігімді дәлелдеп арыз жаздым. Қылмыссыз адам қылмыс қалпағын кимейтіндігін, бұрыннан қылмыссыз, төңкерісші кадр қатарынан жаламен лаужяу болғандығымды, одан 64-жылы ағарған хабарым Қарашаһардағы саяси мектепте ұқтырылғандығын, бұрынғы қызмет орныма қайтар шағымда Сауху лаужяу майданы жабылып қалғандықтан Тарым майданынан жолдау қағаз алу үшін келіп қалғандығымды, лаугай әтіретіне заңсыз қосылып, солармен бірге тағы бір жыл ең жапалы жағдайда миқнаттанғандығымды баяндап арыз жаздым. Жоғары орындарға жолдағаным тағы да үнсіз жоғалып, осы майдан басшылығынан ауызша «жұп-жуас» қана жауап шықты: «пролетарияттың зор мәдениет төңкерісі басталып кетті. Бұл төңкеріс аяқтағанша арыздарыңа жауап қайтаратын және сендерге бізден басқа ие болатын ешкім жоқ. Қоғамда қазір ешкімді ешкім танымайды. Бар жерде буржуазияға қарсы аласапыран күрес болып жатыр. Осы майданның сыртына шықсаң-ақ жанышталасың. Төңкеріс толық жеңіске жеткенше соңын күтіп, тып-тыныш істеп тұр!» деді.

Енді білдім, былтырғы Қарашаһардан Үрімжіге қайтуыма жол ашпақшы болған орын «оңшыл оппортонизм» екен де, ал, қайтармай алдап әкеліп Тарымға қамаған, осы науқанға даярланушы әсіресе солшыл күш екен... Ысқақ қарттың түсі дәл келе қалғанына таңдандым. Қызы, «әке, бұқ-бұқ» деген ғой!

Мен де «бұғып» еңбектеніп, соңын күтейін десем, «жаңа өмірге шығушыларға» беретін жиырма юан айлығы киім түгіл тамағыма да жетпейді. Оның үстіне бала-шаға, туыс-туғанымнан дерексіз айрылуым, басыма тыныштық берер емес. Жындандырып, өзімді-өзіме жұлғызып жейтіндей. Не істеуім керек?... «Ешкімді ешкім танымайтын» осы қарақұйын астында «бұғып жатып», тұншығып өлуім қажет пе?... «Жоқ, жоқ, тым болмағанда семьямның дерегін білуім қажет!... Қоғам жынданғанда мен сап-сау тұра алармын ба, әйтеуір одан бәсеңірек жындансам болмады ма! Табылса, семьямды тауып, табылмаса соны іздеп мүлде жоғалмай, нерві азабынан құтыла алмаспын, кетуім дұрыс!...»

Менімен бірге «жаңа туылған» Тоқты Баситпен келістім де группа бастығымыз болып сайланған Қапас арқылы мұндағы аға-бауырдың бәріне сәлем жолдап, хош айттым. Зытамыз деген уағдалы түннің іңірі түсіп, киімімді ауыстыра бастағанымда әтіреттің солтүстік жақ тұсындағы Шаяр жолынан мылтық атылды. Сол-ақ екен, жақын іргедегі лаугай әтіретінен әскери бұйрық үні сақылдап, тапыр-тұпыр жүгірген аяқ дыбысы естілді. «Қашты! қашты» деген дыбыс көтерілді өз әтіретімізден. Тораңғы, жыңғыл пұтақтарымен жабылған балағандарымыздан үдере шықтық сыртқа. Кадрлар ақырып қайта қуып тықты. Дүрліктірген мәселені жасыру үшін, кешкі үйреніс уақытын сырап қып қойғанымызды жазғыра ақырды. Тоқты Баситті бүгін-ертеңгі жүрістен әрең тоқтатып қайтып, жатаққа кіргенімде қыли зыдауянымыз қуа кірді соңымнан.

- Үйренуді бұзып сыртқа бастап шыққан кім? - Ешкімнен жауап шықпаған соң группа бастығымызға сыртқа ең алдымен шыыққандарын жазып беруді тапсырды да қатарымыздағы группаларды аралай жөнелді. Бәрінен де сұрап, тапсырып жүргені осы екенін ести отырдық.

Жасалып жатқан су қоймасының солтүстік қасы жақтан бірнеше мылтық қатар атылды да шырылдаған бірнеше адамның жан дауысы естілді. Бір жағында «зәнжу!... зәнжу»[3] деп зекірісіп әскерлер әлі қуып бара жатқандай.

- Біздің әтіреттен қашқаны үшеу ғана деп еді, мыналар көп сияқты ғой?- деп күбірледі. Бір ұйғыр сырттан. Оған тағы бір күбір жауап қатты.

- Мына су құрылысы әтіретінен қосылған лаугайлар бар ұқсайды!

- Ей ағайындар, өз жатақтарыңа барып сөйлесіңдер!- деп дауыстап Қапас қуып жіберді оларды.

Шырылдаған дауыстар жақындай түсті. Сүйретіліп келе жатқан сияқты. Үзіліп-үзіліп естіліп жақындады  да, бірден-екіден өшіп, лаугай әтіреті жаққа өткенде біреуінің ғана шыңғырғаны естілді: «бұлай қинағанша жүректен атыңдар!» деген ұйғырдың үні, күрс еткізіп тепкендей бір дыбыстан шорт тоқтады.

- Өлді!- деп күбірледі Зарықбек. Қапас маған қарап күрсінді. Қаны қашып, сұрланып алыпты. Жақан, Ақбай, Асылбек те жалтақтайды. Жасаураған көздерінен «сіз қашпай тоса тұрыңыз!» дегендей қимастық жалынышы байқатады. Барлық зілмен басқан ауыр қараңғы түн, лашығымызды тұншықтырып өлтіргендей, жым-жырт. Қалың масаның ызыңы мен жын шырағымыздың жылтылы ғана қалғандай. Тыңдап байқасам, «жаңа өмірге шығушылар әтіреті» түгел қырылып қалғандай жым-жырт. Соңғы шырқырап барып, үні шорт өшкен адамның осы әтірет «шынсыңы» екендігін осы тұншығуларынан білдім. Лаугай әтіретіндегі дәретке шыққандардың «баугауы» мен постағы әскердің одағай-оспадар зіркілі ғана естіліп жатты.

Майдан штабы жақтан келген автомобильдің гүрілі естілді бір шақта. Тоқтағанда да маторы өшпей гүрілдеп тұрып, біраздан соң борбасты жолда қайта бырылдай жөнелгеннен әлгі қашқындарды әкеткені сезілді.

Бұл іңірде шінсіңнің үшеуіне үш лаугай қосылып қашып, екеуінің өлгені ертеңіне анықталды. Басқалардың жүрегін алып, қашудан тию үшін, қолға түскен соң өлмейтін жерлерінен бәрі атқан екен. Мойындарына арқан салып сүйреткенде екеуі жолда өліпті де, төртеуі өлміші болып, жансыз қайтыпты. Зыдауянымыз, «оларға қашып бара жатқандарында оқ тиді» деп жариялады бізге. «Тоқта дегенде тоқтамағандықтан бәрінің сирағын шағып ұстапты» деді. Сөйтіп өздерінің барлық ісін заңдастырып қорқытып, екі сағат сөйледі. «Өлгілерің, иә, өлімтік, мәйіп болғыларың келмесе қашпаңдар!» деп зекірді сонсоң. «Қазір аспанға тор, жерге қақпан құрылып болғандығын», «ешкім қашып құтыла алмайтындығын» дәлелдей берді. Осы сөзін талқылап, қашу мақсатындағылардың өздерін-өздері әшкерелеп, кешірім алуға екі күн уақыт берілгендігін, жасырушыларды әшкерелеуге екінші сатыда рұқсат етілетіндігін жариялады соңында. «Қашпақ болып жүргендерің бізге әлдеқашан мәлім болған. Енді өздеріңді-өздерің әшкерелеп тәубаға келулерің, өздерің үшін ғана қажет!»...

«Жаңа туғандардың» аса қуланып, берік ынтымаққа келіп алғандықтары осы жиында көрінді. Әшкерелеудің орнына басшылықтың өзіне талап қойды: «партияға бірқанша жыл жұмыс істеп берген аяғымызды жаза ажырғысынан енді құтылғанымызда шақтыруға разы емеспіз. Өзімізге-өзіміз қас қылмаймыз. Бірақ, үйімізге барып, амандығын біліп қайтпай көңіліміз орнығар емес. Ет жүректі адамбыз, сағындық. Кесімді мүддетіміз біткенше үйге барып қайтуға рұқсат сұрау заңсыздық еді. Міне енді бітіріп, «жаңа өмірге» шықтық. Заңды рұқсат алу құқығына ие болдық. Үйге бір-бір рет қана барып, көрініп қана қайтып келеміз. Рұқсат ету сіздерден, қайтып келу бізден!» десті. Осылай жұмсақтап қана шарт қойды да, бірге кетуге уәделескендер өзара сыбырласа берді.

Совет одағына қашып өтіп қуылып қайтқандар жеке-жеке келіп, менімен сөйлесті: шекарадан өткенде ол жаққа атағы бар, кепілдікке жарарлық тамыр-танысы көп адамды қумайды екен. «Биғабіл қайда» деп арғы беттің шекара күзетіндегілердің бірнешеуі өздерінен сұрапты. Соны айтып, әрқайсысы мені бастап әкетуге тырысты. «Ол жаққа өткенде өз иемізді тауып алғанымызша сіз ие бола тұрсаңыз қуылмас едік!» деп бәрі жалынады. Екі рет, үш рет өтіп барып қайтарылғандар мені ешқандай көз түгіл дүрбіге іліндірмей, ап-аман өткізетіндіктеріне қайталап-қайталап ант айтып өтінді.

Егер ол жаққа өз семьяларым түгел өтіп алғандықтары анықталса, осы зарланған панасыз сорлыларға түгелімен-ақ ие болып әкетуге уәде берер едім. Амал не, кеткендіктері жаңсақ жорамал болып, Мақпал мен Асқарды тастап қашсам, ол жақта тірі жүруім мүмкін бе!...

Осындай жіпсіз байланып отырған жайымды түсіндірдім оларға. Мені шекара сыртынан сұрастырушылар барын ауыздарынан шығармауларын өтініп, өздеріне жалындым. «Шужыңжуйшылар»[4] жоқтап жүргенін мына «төңкерісшілер» естісе жоқтауымды асырмай ма! Шынжаңда кімімнің қалып, кімімнің кеткенін білмей шекара аттамайтындығымды бәріне айттым сөйтіп.

Жасырын радио тыңдайтындар бір стансаның мені аштан өлді деп аза тұтып жариялап жатқанын айтып келді. Бұл жайт тіпті тынышсыздандырды мені. «Бұл хабарды естіген шешем мен Мақпал өлмей ме! Туысқандарым қандай күйге түсті екен?... Бәріне әаянышты ауыр қазаның күйігін артып, ажалдарынан бұрын өлтірмек болғаны ма, мына стансаның!... Қастығы ма, достығы ма?... Жаза майданында әрең тірі тұрған адамды жауларына «жауың әне» деп жар салып әшкерелейтіндей, естері дұрыс па өздерінің!» -осы ызадан жынданып кете жаздадым. Тоқты Басит екеуіміз ақылдаса сала қашуға дайындалдық.

Әшкерелеу жиынының мүддеті бітісімен әтірет зыдауянынан үйіме барып амандығын біліп қайтуға қасақана ресми рұқсат сұрап едім, құйрығына шоқ басқандай тулады.

- Осындай бұрынды-соңды болып көрілмеген «ұлы төңкеріс» уақытында рұқсат сұрайтындай жындымысың, ақымақпысың?- деп зекірді.

- Жынды да ақымақ та емеспін зыдайуян, сіздің нағыз коммунист екендігіңізге сеніп сұрап тұрмын. Коммунистер қол астындағы басқа адамның басына түскен қиыншылыққа өз басындағы қиыншылықтай қарап, қамқорлық етеді! Егер өз үйіңізден бірнеше жыл хат-хабар келмей қалса, өзіңіз де барып көріп қайтқыңыз келеді, күндіз-түні ұйықтай алмас едіңіз!

Зыдауянның екі көзі бір-біріне қайшы болғанымен, өзін «нағыз коммунист» деп сенетіндігімді білдірген соң сәл жұмсарып, шешіле түсіндірмек болды.

- Қазір ешкімге рұқсат берілмейді. Мен рұқсат еткеніммен майдан басшылығы рұқсат етпейді. Майдан басшылығы рұқсат етсе, одан жоғары үкімет рұқсат етпейді. Үкімет орындары қазір Маужушидан басқа ешкімді танымайды. Пролетарияттың зор мәдениет төңкерісі басталғаннан бері осылай. Бұл төңкеріс, тап жауларын әр бастың өз ішінен тауып жоятын төңкеріс, түсінемісің?... Бірден-бір ұлы көсеміміз «буржуазия слиңбуын[5] зеңбірекпен атқылау» жөніндегі ұлы бұйрығын жариялағаннан бері осылай қатал тәртіп орнатты, түсінемісің?... Төңкерістік жеңіспен аяқтағаны жарияланғанша ешқайда шығамын деп сұрап басты ауыртпаңдар!

- Зыдауян, «қазір ешкімді ешкім танымайды» дегенсіз ғой, осы кезеңде ғана ешкімге білдірмей ғана барып келе қояйын, өзіңіз басқаларға жарияламай ғана, тек өзіңіз ғана, бір рет қана, тек бір рет қана рұқсат ете қойыңызшы!

- Бар жұмысыңа!-ақырып қалған зыдауянның екі көзі бірдей ағарып, қарашықтары кеңсіріктің астына кіріп кеткенде шыға жөнелдім. - Сөз ұқпайтын неткен ақымақ!- деп кіжініп қала берді.

«Сылиңбуды атқылау» туралы мен жаңа естіген сөзін толық ұқпасам да қайталап сұрамай, білмей-ақ кетуге тырыстым. Өздерінің «оңшыл оппортонизм» атаған жауларының үлкен басшылары мен оның ордасын атқылауға кіріскені, бұл соғысты «мәдениет төңкерісі» желеуімен бастағаны жалпылық жағынан белгілі болды. Мұны анықтап сұрап, түсініп алып қашсам, жазатайым қолға түсе қалғанымда кері төңкеріс мақсатымен қашты деген зор қылмысқа қалармын деп сақтандым.

Тоқты Басит екеуміз сол күннің ақшамында зыта жөнелдік. Қашатын бағдарымыздан адастыру үшін, керісінше, Тарым өзенінің оңтүстік жағына өте шықтық. Майдан малынан ептеп жиған жол расхоттық малымызды да, жолға керекті мүлкімізді де Тоқты Баситтің сол жақтағы ұры достарының үйлеріне жіберіп қойғанбыз. Сол жақтағы қалың жыңғыл мен тораңғы орманына ішкерілеп барып жаттық.

Малшы достардың айран-шалабымен сусындап, қой сойып сорпаландық. Қалаға да, сахараға да бөтен көрінбейтін, ұйғырша көне тоз киімдер тауып, айырбас жолымен мықтысынан екі есек алдық. Артылған малымызды ақшаға айналдыру ісіне бір спор саудагер жүріп тұрды.

Ең қызығы, Тарым дәриясының екі жағы екі дүние екен. Такламакан жағы аса бейпіл. «Мәдениет төңкерісінің» жын ойнағын алыстап көріп, «аятул күрсіні»[6] оқып қана қоятын тәрізді. «Хұңуй бең», «ху шяубең»[7] аталған ағаш мылтықты, найзалы жасақтардың ізі де түспепті. Әр түкпірде бір шарбақ үй. Мал жайылымына қарай қоныстарын жиі ауыстыратындықтан, тіпті баспанасыз тораңғы түбінде де жата береді екен. Ал, сондай бола тұра радио қабылдағыш арқылы бәрін тыңдап, бәрін біліп жатыпты. Маузыдұңның бас суреті сызылған знакты омырауларына төрттен-бестен қадап алып, қаперсіз жүре береді екен. Тек, коммунаның әтірет бастықтары сияқты кадрларымен кездескенде ғана «мәдениет төңкерісінің» дәстүрі бойынша «сәлемдесетінін» жыңғыл арасынан сығалап жатып көрдік.

Сәлем беруші сәлем орнына «Маужуши жасасын!» деп ұрандайды да сәлем алушы әлкі алу орнына «мың-мың жасасын» деп қостайды. Мұнан соңғы хал-жай сұрасу орнына сыпыра Маузыдұң сөздерінен жаттаған үзінділер оқылады. «Халық үшін істелік!» деп бірі, «белді бекем байлап, құрбан болудан қорықпай, барлық қиыншылықты жеңіп, үздіксіз жеңіске жете берелік!» деп екіншісі зулатады. Қысқа үзінділер ауыздарына түспей қалса, амандасушылар тіпті аянышты халге түседі екен. Ондайда, әрең жаттаған ұзақ мақаласын былдырлата жөнелуден басқа лаж жоқ. Оны тыңдамай кетуге қарсы жағында құйрық та жоқ. Сөйтіп жан терлерін сорғалатып әрең құтылады бірінен-бірі. Екі «саясатшы» иенде кездессе де өзара сеніспей аңдысады. Бұл дәстүрден жаңылса, кері төңкерісші болғаны.

Осындай дәстүрлерінен бір қаншасын үйреніп, «Маужуши сөздерінен үзінді» атты қызыл кінешке мен қызыл знактарды біз де таптық. Мұнан соңғы қорғаушымыз да, жолхатымыз да осы сияқты.

Бір апта жатып, лагердегі бізді іздеген абыр-сабыр басылды деген шақта қозғалдық. Мен бір шоқ қана ақ сақал, көк бурыл қаспен, балдаққа сүйеніп шойнаңдап, Тоқты Басит қаба қара сақалын желкілдетіп, екі есекке міне жөнелдік.

Омырау толы қызыл знак, шінсің әтіретін жара кеуделеп өте шыққан тері бөрікті «екі шалды» кадрлар мен әскерлер түгел өз жолдастарымыз да танымай қалды.

Шәяр қалашығына жеткенімізше шаңытқан буалдыр көкжиекке күн еңкейді. Жол жөнекей молырақ үзіндіден және бір-екеуін жаттап алып едік. Кіре беріс көше аузында қызыл шашақты найза ұстап, қызыл жең белгі таққан екі бала көрінді. Кезекші хұңшяубең екенін таныдық. Кеудемізде ең семіз бастан бірнешеуі бадырайып тұрғанда тиісе қоймас деген оймен батылданып өте бергенімізде екеуі жолдың екі шетінен қатар шақылдады.

- «Ең жоғары нұсқау?»- десті. Тоқтай қалдық. Маужуши сөздерінен үзінді оқуымызды талап еткенін түсініп, жаңа ғана жаттап алған ұзынырақ біреуін зулата жөнелдім. Біреуі маған бас изей сала Тоқты Баситке қарады. Одан «сәлем бергендей» ғана қысқа бір үзіндіні естіп үңіле түсті. - «Ең жоғары нұсқау?»- тағы сұрады біреуі.

- Бірінші қиыншылықтан қорықпайық, екінші өлімнен қорықпайық!» деген надүрістеу үзіндіні Тоқты Басит тағы да шолтаң еткізді де өздерін сөге жөнелді. - Ұлы көсеміміздің теңдессіз данышпандық нұсқауларын ұзын-қысқа, жақсы-жаманы деп таңдайсыңдар ма?... Маужуши сөзінің де сіздерге жақпайтыны бар ма еді?

Жеңілгендей бір-біріне қызарақтай қарасқан екі бала күліп жіберіп шегініп жол босатты. «Роталарыңа қайтып барғанда осы идеяларыңды тексеріңдер!»- деп түйілген Тоқты Басит тебіне жөнелді есегін.

Қызғыш қоңыр, қалың жүзін түк басқан, балуан денелі досымның жүрегі де түкті екендігі айқындала түсті. Кішкене есіріктердің осы жеңілуінен осал жерлерін тапқандай болдым.

Көше-көшеде ағаш мылтықты «қызыл қорғаушылар» халыққа қырғидай тиіп жүр екен. Әр есекті тепкілеп-соққылап шағып тінтіп, «төрт көнені»[8] құртуға кірісіпті: оюлы текемет, шытыра нақысты сандық, өрнекті шкаф, европа скамейкасы, әйелдердің өрілген бұрымы мен біз өкше туфлиі, кестелі, әшекейлі көйлектер сияқты өнер бұйымдары әр жерге үйіліп, құралды әскерлер күзетінде өртеліп жатыр. Көнеге есептелетін дін кітаптары ғана емес, славян жазуындағы химия, физика, астрономия, анатомия, биология сынды жаратылыс ғылымдарының оқу құралдары да көзіме оттай басылды. Көбі өртеуге лайықталып-жұлмаланып үйілген екен. Ғылым мен мәдениеттің Шаярға әрең жеткен асыл қазыналары «пролетарияттың зор мәдениет төңкерісінің» жауына айналыпты! Менің неше жыл бойына тер төгіп құрастырған оқу құралдарым әлдеқашан өртеніп болды деші!...»- жүрек жара күрсіндім.

Базар көшесінің бәр жерінен осы улы түтін ғана көрінді көзіме. Жаңа дүние қарайып күйіп, будақтап-морлап жатыр! Кідірмей өте шықтық. Қалашықтың солтүстік жақ сыртына шыққанымызда алдымыздан сөлекет сойдақтаған ұзын қағаз қалпақтылар тізбегі көрінді. Оларды «кішкене қызыл батырлар» шақылдап найзалап қуып келеді. Бауырларын "қырандыққа" баулып жүрген «қызыл қорғаушылар» да борбас жолдың екі жақ шетімен жүгіріп келеді.

Қалпақтылардың бет-жүзі мен киімдері адам баққысыз, сатпақ-сатпақ. Кигізген қағаз қалпақтарына қара бояу мен баттасып қылмыстары жазылыпты. Помещик, бай диқан, кері төңкерісші, жерлік ұлтшыл, құқықты, кертартпа ғылым беделдісі, сасық зиялы деп аталыпты. Айдағардың, түлкінің, қасқырдың суреттері тұла бойларына сау жер қалдырмай сызылған. Мойындарына сүйек, тозған шелек, тесік легендер асылыпты. Салдырлатып-күлдірлетіп, шаңғырлатып, алуан-аласапыран, әлемтапырақ үнмен жүгіріп келе жатқандықтан арт жақтарындағы әйелдердің бажылы әрең естілді. Сәукілдеген тізбекке ілесе алмай, ең қатты найзаланып келе жатқаны - құрсақты екі әйел екен...

Өз бойынан екі есе ұзын қағаз қалпақ кигізілген бір кәрі кемпір үлкен жол үстінде құлапты. Кесілген ақбурыл бұрымын қос қолдап қысып, таласқан екі хұңшяубеңге бермей жығылған екен. Тартып алмақ болып, қарт ананың кеудесіне бір «батыр» қона түсті де екінші «батыр» қолына жармасты. Ана екпеттей аунап түсіп, бауырына басты бұрымын. Тізбекті қуалап бара жатқандардың ересектеу екеуі қайрылып келіп, найзаларын кемпірдің құйрығына, шонданайына сұққылады.

- Бұның ісімі «мәдениет төңкерісі» болыпты!- деп гүр ете түсті Тоқты Басит.

- Үн шығарма!- деп тоқтаттым оны. - «Төрт көнеге» жатқызып жасанды сақалымызға жармасса біткеніміз! Жан-жағыма қауіптене қарадым. Жиырма-отыз метрдей кеңдіктегі ойран топырақты жол шетінде қалшылдап тұрып қалған екенбіз.

Кемпірдің бөксесінен шыққан қан іш киімі мен ақ мата көйлегінің сыртына қып-қызыл болып шыға келді. Қайсар ана үн шығармай қатып қалған сияқты. Төрт хұңшяубең қанша жабылса да бұрымды тартып ала алмады.

Қалпақтылар тізбегін қуалағандар недәуір ілгерілеп кетіп еді. Біздің қарсы жағымызда жолдың арғы шетінде жүрелеп әскер киімді бір дәу біздің хұңуйбең отыр екен. «Батырларына» түсірген бұйрық үні қаттырақ шыққанда көрдім.

«Шалқалатыңдар!»- деді ханзу тілінде. «Білегіне ұрыңдар!»... «буындырыңдар!»... «шешеңнің бәтегін...», «екі қолын екі жаққа айырыңдар!»... «неткен пәле қақпас!»...

Тарамыстары тартылып сіресіп қалған кемпірдің уысындағы бұрымды төрт «батыры» жабылып ала алмаған соң шыдамнан айрылған хұңуйбең сыбанып түрегеліп жалтақ-жалтақ қарады маңайына. «Кетіңдер!» деп бізге ақырды. Ашудан жасанды сақалы құйын соққандай ұйтқып кеткен Тоқты Басит, атылғалы тұрған арыстанша көз алмай қадалды оған. Бір шатақ шығарғалы тұрғанын біліп, балдағыммен есегін ұрып айдай жөнелдім. «Әттең-әттең!» деп бар дауысымен кіжінген палуан жігіт өзін-өзі шапалақтап-шапалақтап жіберді де қайта бұрылды. Мен есегін қатты ұрып қуа жөнелдім. Қанталап кеткен көзін сонда да ол жақтан аударар емес.

Хұңуйбің жан жағына қарап тұрды да өлген кемпірге қарап жолдың борпылдақ топырағын кеше ұмтылды. Келе тепкілеп бірнеше домалатты да табанымен алқымынан басып тұрып, шірей тартты бұрымды.

Тоқты Басит есегінен ыршып түсіп, белдік қынынан пышағын суыра ұмтылып еді. Хұңуйбең ысқырық тартты. Арт жағына бұрылып жедел ысқырды. Әскер шақырғандығын сезіп, жұлқынып бара жатқан жолдасымды тез қуып жетіп ұстадым да есегіне мінгізіп қуа жөнелдім. Соңымыздан әскери қуғын түсетіндігін естіген соң есін ол да тез жиып, есегін сабалай жөнелді.

Батқан күнді қуалағандай күншығыс жақтан қара түтек шаң көтеріліп аспанды бүркеп келе жатыр еді. Такламаканның құм бораны екен, Шаяр қалашығы көзден лезде ғайып болды. Қарғылақтаған екі есектің адымы мандымағанынан сонда да қатты састық. Ысқырыққа төрт хуңшяубең қосыла шу көтерді. Оларды да құйын жұтып бүркегенмен айқай-шуы соңымыздан қалар емес.

Біз, батыс-солтүстікке беттеген қанжолдан шығыс-солтүстікке қарап, кілт бұрыла қаштық. Құм боран келудің алдында ол жақтан қалың жыңғыл мен тораңғы тоғайы көрінген. Сол жаққа Күшарға төте жететін жалғызаяқ жолдар барын да естігенбіз.

Үлкен жолдан қараборанды жарып екі мылтық қатар атылды. Қуғыншы әскерлер екендігін білдік. Осылай бұлтара қашқанымызға қуанып келе жатқанымда Тоқты Басит есегінен түсе қалып, шылбырын маған ұстата салды.

- Анау тоғайға кіріп тоса тұрыңыз!

- Сен қайда бармақсың?

- Мына қараңғылықтан пайдаланып, анау жындардың бірін соға кетейін!

- Тоқта!... Соңымыздан қалмайтын қуғын таппақсың ба!

- Ақыр өздері де түсті ғой соңымызға, сөйтіп жүректеріне тие кетпесек соңымыздан қалмайды!

- Кісілері өлсе, бар жерде алдымыздан тоспай ма, қой бұл тәуекелшілікті! Жүр тез, қоршауға түспей алыстап кетелік!...

Жортақтата жөнелдік. Оқ әр тұсқа атылды да, бір-екеуі үстімізден зу ете түсті. Біздің беталысымызды енді тапқандай, іле-шала бірнеше оқ өтті үстімізден. Түнек түн жарылғандай ыңыранып, маңымызды қатер тінткіледі. Оңды-солды үшкүрген қою құйын тораңғы тоғайға кіргенімізде де бөгетсіз ұшықтай берді. Қуғын бері бұрылғандай, мылтық дауысы енді жақыннан естілді. Осы тоғайды тінтпей кетпейтіндігін сездім. Шағын ғана елсіз тоғай екен. Күншығыс жақ сыртынан жалаңаш алаңқы байқалды. Сол жалаңаш борбасқа шыға жөнелгенімде Тоқты Басит бір үлкен тораңғының түбіне түсе қалды. «Оқ тиеді, көрініп қаламыз!» деп дыбыстады маған. Қайта оралып келдім де бұл тоғайдан қоршалып қолға түсетіндігімізді асығып айта жетектедім.

Екі сұр есекті сұп-сұр борбасқа шығарып шаужайлап екі жерге жата қалдық. Сарт-сұрт аяқ дыбысы тоғайдың күнгей-теріскей екі жағынан да естілді. Дүлей боран, жынды құйын есектерімізді тәлтіректете бүріп, өзімізді көз аштырмай көмді. Қатер тінткілеп, ажал піскілеп, қойнымызда сумаңдап жүргендей. Қарға адым жер көрінер емес. Тоғайдың тұс-тұсынан атылды мылтық. «Тұрыңдар!» деп ақырысады. Лезде тораңғыларды аралай соққылауға кірісті.

Бір-екеуінің тоғайдан бері өтіп, бізге жақындап қалғандығы аяқ дыбыстарынан естідік. Отыз метрдей жақындап келіп, үңіле қалғандықтарын байқадым. Жүрегім қара құйыннан бетер ұйытқып, қасқырша жұлмалады. Есектерді көріп жетіп келсе екеуміз екеуіне сырттарына атылудан басқа амал жоқ қой. Үндерін шығармай баса алсақ!...

- Бұл жақта жоқ!- деді бірі аздан соң.

- Жиналыңдар!- деп артына қайрыла айқайлаған бірі тоғайға қарай жығыла-сүріне жөнелді. Тораңғы сүзе қаңғырласа-даңғырласа жиналып тізіліп, санақтан өтті де ары қарай алыстай берді. Санына қарағанда тұп-тура бір завот әскер екен.

- Әулие екенсің Биға, осы жолы қол қойдым!- дей түрегелді Тоқты Басит.

- Достым сен қанша күшті болғаныңмен ыза-ашудың алдында ең осал жігіт екенсің!- деп мен кінәладым.

Жүз метрдей ғана жердегі тоғай далдасына қайта кіріп, есектердің желқомын алып арқандадық. Тораңғы түбіне құм бораннан ықтай жатып, досымның бүгінгі қылмысын қазбалай сындадым.

Әділетті тергеушім, Тоқты Басит атты осы қылмыскерді сындауды былай қойып, пышақ сұқсам да рауа екенін енді түсінген шығарсыз. Өлген кемпірді тепкілеп ескіліктен арылтпақ болған сауапты ісі үшін ғана Маужушидың қызыл қорғаушысына пышақ ала жүгірген азғындығын адамзат кешірер ме! Мұндай арсыз тепкіні бүгін ғана көргендей ызаға шыдамай шыңғырып, қашып шыққан бірінші күніміздің өзінде-ақ қанды қолға түсіре жаздағанын қараңызшы! «Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көр» дегендей мұндай сұмдықтың әкесін өзіңізге жақындаған сайын көрмейміз бе. Әлден бұлай құтырса, сіздің өз «төңкерісіңізге» несін ала жүгірмек бұл! Жауыздық пен жыртқыштықтың теңізіне сүңгуге «белді бекем байлап» келе жатқан азаматтан бұдан зор қылмыс табу мүмкін бе! Осы шыдамсыздығын өлтіре сындап шектемесем, өзін де мені де теріс азуларыңызға түсіріп, шайнатпай жұтқызбай ма!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Кожаң (ханзуша) - бөлім бастығы.

[2] Шынсың (ханзуша, қысқарған атау) - жаңа тума, жаңа өмірге шығуды.

[3] Зәнжу (ханзуша) - тоқта, табжылма деген бұйрық сөз.

[4] Шужыңжуий - ревизионизм - түзетімпаздық.

[5] Слиңбу (ханзуша) - қолбасшылық штап.

[6] Аятұл күрсі - «жын-шайтан аластайтын» құран дұғасы.

[7] Ху уй бең (ханзуша) - қызыл қорғаушы. Ху шяубең - балалардан құралған «кішкене қызыл қорғаушы»

[8] Төрт көне - 1. Көне идея және дін уағыздарына сену. 2. Ғұрып-әдет, салт-сана. 3. Ұлттық көне және европа мүліктері. 4. «Сары» ән, «сары» кітап.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2134
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2541
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2300
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1646