Жұма, 26 Сәуір 2024
Ақмылтық 2585 3 пікір 28 Наурыз, 2022 сағат 13:03

Авторитарлық қоғамдағы білім мен ғылым

Білім мен ғылым адам капиталын, инновация, мәдениет, экономиканы дамытып, елдің қорғанысын күшейтуде шешуші рөл атқарады.

Жапондықтар жылына жүз, еуропалықтар 10-15, азиялықтар (оның ішінде ҚР) бір кітап оқиды. Жапонияның еңбек өнімділігі бізден 9-10 есе көп, өмірлері 18-20 жасқа ұзақ, еуропалықтардікі 6-8 көп және 15-17 жылға ұзақ.

ҚР ғылымға Жалпы Ішкі Өнімнің 0,19%, ОСЭР елдерінде орташа 4,0% (бұл көрсеткіш 3,0%-дан төмен болғанда қоғам дамымайды). ҚР инновацияның экономикадағы үлесі бір пайыз, АҚШ-51%. Швейцария-62%... Қазақстанда кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі-6%, АҚШ-31%...

Бұл дамыған және дамушы елдердің негізгі айырмашылықтары.

Тәуелсіздік жылдарындағы білім мен ғылымның жалпы динамикасын сараласақ, оның бір қорытындысын 2022 ж. қаңтарда 8000 қазақстандықтардың БҒМ Аймағамбетовтың қайтадан тағайындалуына қарсы Президентке жазған ашық хатынан (петиция) көреміз.

Шаяхметов, Жүрінов, Школьник сияқты 90-шы жылдардағы саусақпен санарлық министрлер болмаса, осы 30 жылда бастаған реформаларын ағына  дейін жеткізбеген жиырмадай министрдің ауызға толтырып аларлық істері болмағанын ел көріп отыр.

Шаяхметовтың кезінде бұрынғы орысшадан аударылған оқулықтардың орнына негізгі пәндерді қамтыған, тәуелсіздік кезеңдегі қазақтың ең сапалы оқулықтары жазылды. М.Жүрінов мектеп және ЖОО оқулықтарының екінші буынын жазуда және және жаңа бағыыттағы мектептер ашу т.б. оң істер атқарды. В.Школьниктің кезінде КИМЭП ашылды және ол бірнеше жыл бойы «Зерде» («Білім және еңбек») т.б. жорналдарға қаржы тауып қамқорлығына алып отырды. Ол кеткеннен кейін қазақтың ғылыми-көпшілік жорналдары да құрыды.

Осы жолдардың авторы 1989-1992 ж. республикалық физика-математика мектебінде биологиядан сабақ беріп, сол жылдары Т.Қасымбаева, Л.Аманжолова, Р.Сәтімбекұлымен бірге, Білім министрлігінің маманы Шаймарданованың жігерімен мектептің жоғарғы сыныптарына арналған «Тіршіліктану» («Жалпы биология») оқулығын жазды. Осы оқулықтың үлгісімен 2000 ж. Чехияда және 2005 ж. академик Захаровтың басшылығымен Ресейде оқулықтар дайындалды.

1991 ж. физика, математика, химия, биология пәндерін телеарна арқылы қашықтықтан оқытуды ұсынғанымызбен, ол толығымен іске аспады.

1996 ж. Президент жанындағы мемлекет басқару Академиясында (Қ.Тақуов, Ж.Әкім) «Қазақстан мемлекеттілігінің эволюциясы» атты халықаралық ғылыми конференцияда «Мәңгі Ел» т.б. тәуелсіздіктің актуальды мәселелері алғаш рет көтерілді.

1997 ж. жеті облыста физика-математика мектептерін ашуға атсалыстық.

2007 ж. «Тіршіліктану» оқулығының орнына «әлеуметтік биология» деген, оларды жазған авторлардың өздеріне түсініксіз оқулықтар келді. Оған дейін Ұлттық ғылым Академиясы жабылып, білім саласындағы деградацияның кең қанат жайып, нағыз педагогтардың орнына білімдері жоқ сылақшы-штукатурлар оқулықтар жазатын кезең болды. Содан бастап сылақшы тағайындайтын (негізінен Қарағандыдан) министрлердің шеруі әлі жалғасып келеді. Елдегі бетке ұстар универсситеттер мен Алматыдағы Ұлттық Академияның ғимаратын «қасіретті отбасы» жекешелендіріп, оқу орындары диплом сататын дүңгіршектерге айналып білім мен ғылым жайына қалды.

2006 ж. Қазақстан Азия және Африканың 54 елімен бірге білім саласындағы Болон процессіне кірді. Бұл процесстің біздің тәуелсіздік үшін негізгі теріс жағы, оны қабылдағаннан кейін университеттердің оқу бағдарламаларынан ұлттық тәрбиенің діңгегі - оның дәстүрі, өнері мен мәдениеті алынып тасталуда. Университеттердің басшыларын жинаған бір конференцияда шетел профессоры өз лекциясында біздегі білім беруді Африка ауылдарындағы балалардың тақыр жерде тізерлеп оқитынымен теңестіргесін жиыннан біздің проректорлардың тұрып кеткенін айтқан. Соқыр тауыққа бәрі жем. Біздің білім саласы 16 жылдан бері «тарының кебегімен», ал жастар «салафизм, сатанизм... ілімдерінен рухани азықтануда».

2010 жылдары Мемлекеттік университеттер мен Ұлттық кітапханаларда Қытай орталықтары ашылып, оларға қазақ зиялылары арнаулы лұқсатпен кіретін жағдайға жетті. Жылда лұқсатпен өтетін мемлекеттік тіл күніне арналған митингілерге студенттерді жібермей, оларды жатақханалардан шығармауды профессорлар күзетті. Ондай «білім ордаларынан» ел қамын ойлайтын саналы жастардың орнына, білімсіз мәңгүрт мешкейлердің шығатыны белгілі.

2009-2011 ж. Ақорда мен Қазақстан халықтары Ассамблеясы «Доктрина...» деген мемлекеттік бағдарлама дайындап, ол құжаттың жобасы бойынша «бұл елде қазақ деген халық жоқ» екен. Оны тоқтату үшін М.Шаханов бастаған ұлт париоттары билікпен екі жыл алысты.

2012-2014 ж. Халықаралық КОНКОРД Академиясының (Фр.) президенті, Еуроталант комиссиясының мүшесі Г.Томский «Үкімет, құқық органдарына айтып «Дарынды» жаптырмасаңдар, мында жарысқа әкелген оқушыларға медаль алу үшін көрінгенге пара беруден тайынбайды» деп бірнеше рет арызданды.

2010 ж. құрылған Халықаралық Адам институты, «Қазақ тілі елдегі адам капиталын дамытудың негізгі құралы» атты тұжырымдама дайындап, 2011ж Президенттен бастап Үкімет, әкімдерге тектеріндегі «ов», «ев» сияқты құлдың таңбасын алып таңдауды ұсынды... олар әлі күнге ойлануда.

2012 ж. елдегі ғалымдар, ректорлар, кәсіпкерлер т.б. творчестволық одақтар, «Атамекен» кәсіпкерлер қауымдастығы, «Самрұқ-Қазына», партиялар, опозиция т.б. біріктірген «Қазақстан Альянсы» (ҚА) қауымдастығы құрылды. Оның белсенді араласуымен 2012 ж. Үкімет «Мемлекеттік тілді дамыту туралы» қаулы қабылдады. Ол қаулы бойынша 2020 ж. қазақстандықтардың 95% қазақ тілін меңгеруі тиіс еді. Бірақ ол қаулы әлі күнге орындалған жоқ.

ҚА 2013 ж. Үкіметтің алдында «20 жылда мемлекеттік тілде бір оқулық, не монография жазбаған университеттер жабылсын» деген талап қойып, үш айда 46 университет жабылды.

2014 ж. ҚА талабы бойынша Президент әкімшілігі мен БҒМ жетім балалар үйлері, аралас және орыс мектептері, ЖОО қазақ тілін оқу мен білім деңгейін анықтау мақсатында республика бойынша мониторинг жүргізді. Сол кезде басқа ұлт өкілдерінің ішінде қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс жақсы еді. Мониторинг соңғы 15 жылда 1,5 миллионнан астам басқа ұлт өкілдерінің жастары қазақ тілін үйренгенін анықтады. Сол есепте білім деңгейі туралы мардымды ештеңе болмады. Ол түсінікті еді?!

2014 ж. ҚА Бас прокуратураның ұлттық тәрбие, білім және ғылымдағы жоғарыда көрсетілген заңсыздықтармен күреске қауқарсыз және оған бүкілхалықтық сенімсіздік танытамыз дегеннен кейін, бұл орган ЖОО жан-жақты тексеруді бастады.

2015 жылдан бастап ондаған жылдар бойы әкімдердің жоғарыдан келетін басшыларды жол бойы жалау ұстап қарсылайтын т.б. қолбаласына айналып, беделден айырылған мұғалімдердің статусын көтеру және білім саласындағы мәселелерді ашық талқылау мақсатында ҚА бастаған ұйымдар республикалық сайт құрып, оны қоғам белсендісі-ұстаз А.Сағидуллаева жүргізіп келеді.

2016 ж. бастап білім мен ғылым саласындағы Сағадиев дегеннің шырғалаңы басталды. Ол, оқулықтан «Әліппені» алып тастап, қазақ мектептерінің жоғарғы сыныптарында физика, математика, химия, биологияны оқытуды ағылшын тіліне аудару, қазақтың көне, орта ғасырлық тарихын мектеп пен ЖОО бағдарламаларынан алып тастау... сияқты диктатордың 2007 ж. айтқан, «қазақта шегара яғни мемлекет болған жоқ, оның негізін мен салдым» (ол, осы қалаймақанын кіші Бушпен және Финляндия Үкіметіндегі кездесулерде қайталаған еді), «Қазақстанның тарихы 1991 жылдан басталады»... деген биліктегі надандардың ұстанымын білім саласына енгізуші еді (автордың «Невежество не знает границ» мақаласын қараңыз. Abai kz сайты).

Көсеуші (кочегар) мамандығын Украинаның ПТУ-нан алған адам елді 30 жыл басқаруы және оны «поэма жазып Маврға, барлық пайғамбарлар, Ай мен Күнге...» теңейтін тобырлар қаптаған қоғамның жағдайы қалай болатын еді?! Өткен жылы А.Мамин, «Елбасына Марсқа ескерткіш қоюға Илон Маскпен $12,5 млрдқа келістік» деп хабарлады. Бұдан, білімсіз, мәдениетсіз, көнбіс яғни ар-намыссыз қоғамды осындай нақұрыстар басқаруға лайықты екенін көресің. Келесілер одан асып кетіп жүрмесіне кім кепіл?!

2017 ж. ҚА министр Сағадиев «өз халқына фашистер жасамаған қасақаналық істеуде, ол  отставкаға кетсін» деген талабына Ақорда бастап, билік түгелдей қарсы болды. Олар, «Сағадиев білімге жаңалық әкеліп жатқан реформатор» дегенге дейін барды. Ол түсінікті де. Себебі, ол құны 30 млрд тг тұратын «Бөбек» қорын үш млрд тг сатуға келіскен болатын. Ғылымға қатысы жоқ Сағадиев солардың қазақты мәңгүрттендіру саясатын іске асырып отырды.

2017-2018 ж. Сағадиев бюджеттен ғылымға бөлінген 200 млрд теңгені мақсатына пайдалануға бермей отырды да, ақырында 94 млрд теңгені ұрлап АҚШ-қа қашып кетті. Оның алдындағы БҒ министрі Бектұрғанов та сондай қаржыны ұрлап АҚШ-тан пана тапты. ҚА 2021 ж. сол екі коррупционерді елге қайтару керек дегенде әзірге ресми органдардың ешқайсысы қимылдамай отыр.

Қазіргі білім мен ғылым саласындағы негізгі кемшіліктер:

- Оқу орындарында ХХІғ. ғылым, технология және экономиканың дамуын айқындайтын кванттық (-физика, -химия,. -биология, -психология, -сана), инновацияның (-IT, -биотехнология, -жасанды интеллект, -робототехника…) салалары мен БҰҰ 54 критерийі бойыншы адам капиталын дамыту пәндері өтілмейді. Оқу бағдарламалары өткен ғасыр деңгейінде қалған;

- 30 жылда ЖОО мен ҒЗИ өндіріске бірде-бір  рацинальдық ұсыныс енбеген;

- 95%-дан астам ғылыми жобалар атқарылып болғасын пайдасыз болғандықтан архивке кетеді;

- 80%-дан астам оқулықтар тиісті талаптарға сай емес;

- Мемлекеттік тіл үйренудің тілашар және әмбибап методикасы дайындалмады;

- БҒМ мен әкімшіліктер балалар бақшасы мен оқу орындарында мемлекеттік тілдің дамуы мен аралас мектептердің қазақ тіліне көшуіне жағдай жасай алмай отыр. Министр Аймағамбетов басқаратын БҒМ, ректорлар, мектеп және бала-бақша директорларының жауапкерсіздігі, сауатсыздығы, мәдениетсіздігі мен жігерсіздігінен бала-бақшадағы қазақ балаларының үлесі 85-87%, оқу орындарында 77-82% болғанымен соңғы жылдары қоғамда қазақ тілінің қолдану аясы жүйелі түрде тарылуда яғни мемлекеттік институттың дамуына кедергі болуда екені;

- Мемтілдің дамуы басқа тілдердің қолданылуына кедергі болмау яғни тілдерді бір-біріне қарсы қоймау керек. БҒМ Халықаралық Адам институтының 2011 ж. «Мемтіл адам капиталын дамытудың негізгі құралы» тұжырымдамасы негізінде дайындалған Үкімет қаулысы (2012) т.б. іске асырудың орнына, әлі күнге «тілдер соғысында жүр» яғни мемтілді тәрбие және білім құралына айналдырған жоқ. Сондықтан, он жыл оқыған шәкірттер қазақша он сөздің басын құрай алмауда;

- PISA-ның соңғы зерттеуінің нәтижесі бойынша қазақстандық оқушылар әлемнің 100 елінің арасында 96-шы орында тұр. Ангола, Камерун, Камбоджа, Судан рейтингінде біздің елмен қатарлас. "Оқушылардың жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарламаның" жаһандық рейтингінде Қазақстан Ливан мен Мьянманың арасына орналасып, оқушылардың білім сапасы бойынша әлемнің 73 елінің арасында 70-орынды иеленді;

- БҰҰ деректерінде 12-18 жасар қазақ қыздары суицидтен әлемде 1-ші орын алады. Бұл зұлматпен күресуде БҒМ нақты шара қолданып жатқан жоқ;

- ҚР білімі «бақытсыз ұрпақ тәрбиелейді» (Аким Ж.М.  Развитие человеческого капитала Казахстана. Bulletin de l'Académie Internationale CONCORDE (France), 2014, N 3. http://academie-concorde.blogspot.com, g.tomski@gmail.com). Осы кемшіліктердің себептері мен оны түзетудің жолдары осы мақалада көрсетілген.

Мен министрді көрмеппін және оның жеке басында шаруам жоқ.

А.Аймағамбетов басқаратын министрліктің кемшіліктері, оның жеке басына байланысты сыбайлас жемқорлық, оның гейлерді қолдайтын Ахлокома университетіне М.қозыбаев атындағы СҚО мемлекеттік университетін 10 жылға жалға беріп, оған бюджеттен 30 млрд теңге бөлгені т.б. өткен қаңтардағы 8000 адамның петициясында толық жазылған. Ол петицияны жазғандардың талаптары орындалмаса, онда білім мен ғылым саласындағы кемшіліктерді Президент өз мойнына алады?! (Петиция мәтіні мақаланың соңында берілген).

Білім мен тәрбиедегі осы уақытқа дейін жіберілген кемшіліктерді ел қорғайтын жастардың өткен қаңтарда қиратқан мемлекеттік нысандары мен өртеген жүздеген автомобильдері, тоналған дүкендер, қару қоймалары және банкоматтардан көреміз.

Халықаралық Адам институты (ХАИ) жоғарыдағы кемшіліктерді түзетіп, әлемде озық білім мен ғылым, инновация мен экономиканы дамытудың тиімді жолы ретінде Әлемдік инновациялық қор (онда соңғы жарты ғасырда ғылым, инновация, экономикадағы жаңалықтардың 70% ашқан 3500 атақты ғалымдар, оның ішінде ТОП-500 және 87 Нобель лауреаты істейді), әлемдегі ТОП-50 технологиялық компаниялар, ЖОО бірге (бұдан әрі ХАИ&K) «Адам капиталын комлексті дамыту және инновациялық экономикаға көшу» (Жоба) халықаралық жобасын дайындады. Жобаның тұсаукесерлері БҰҰ (Нью-Йорк, 2014), ЮНЕСКО (Париж,2015) т.б. жерлерде өтіп, 2017-2018 ж. Президенттің Қазақстан халқына жолдауларына енді, оны Парламент пен Үкімет қабылдады. Жобаның, Халықаралық КОНКОРД академиясымен (Франция) дайындаған «Талантты математиктерді дайындау» бөлімі Сингапурда, басқа бөлімдері Түркия және Францияда ендірілуде.

Осы Жоба бойынша елде Швейцарияның халықаралық университетінің (ISU) филиалын ашып, онда әлемдегі ТОП-500 ғалым кафедра-лабораториялар ашып (Халықаралық «Болашақ» ұйымымен келісілген), кванттық пәндер, адам капиталы БҰҰ 54 критерийі бойынша және инновацияның 20-23 саласы бойынша оқылған лекциялар ҚР барлық университеттеріне тарап, жоғарғы білімді бір уақытта көтереді.

ISU-ХАИ&K жобасы - ол бір өзі жүз ЖОО міндетін атқарып, біздің жастарды әлемде алдыңғы қатарға шығаратын үздік университет. ХАИ&K жобасы бойынша 2030-2031 ж. білімнен келетін қаржы мұнайгаздан түсетіннің 60-65%, 2038-2040 ж. – 160-170%-ке жеткізу көзделген.

ХАИ&K Жобасының білім мен ғылым саласында:

- балалардың интелллектісін ерте дамыту;

- талантты математик, инноватор, рационализаторлар... дайындау;

- ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасын теңестіру;

- орта және жоғарғы білім сапасын түпкілікті жақсарту;

- 35 жасқа дейінгі мектеп директорларының үлесін 80%-ға жеткізу;

- біздің жастардың магистратура мен PhD оқуын әлемдегі ТОП-500 ғалым мен 87 Нобель лауреаттарында шетелде және елде оқуына қол жеткізу т.б. барлығы 18-20 комплексті шара қаралған.

Жанұзақ Меңдешұлы Әкім,

Қазақ Ұлттық жаратылыстану және Халықаралық КОНКОРД (Фр.) Академияларының корр.-мүшесі, Еуропа жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі

Abai.kz

3 пікір