Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2509 0 пікір 13 Қазан, 2012 сағат 11:50

Ованес Григорян. Көппартиялық жаназа

Ованес Григорян. Бұл есімді бертінге дейін мен де естімеген едім. Алғаш естірткен Лена болды. Өзі ақын, өзі аудармашы - Елена Шуваева-Петросян. Оның Мәскеудегі Краун Плаза қонақ үйінің ат шаптырым фойесінде оқыған «Армения» өлеңі жастар форумына барған бізді расында да тәнті етті. Тәнті еткені емей немене, армян бауырлардың декламациясынан кейін Григорянның өлеңі басылған парақтарға сондағы үш-төрт қазақ таласқандай болып қалдық... Қарап отырсам, содан бері де бір жылға жуық уақыт өтіп кетіпті. Құдайға шүкір, Ованес ақын «табыстырған» Еревандағы қыз-жігіттермен содан бері аралас-құралас болып кеттік. Әрине, ғаламтор деген құдіреттің арқасында...   Неге екенін қайдам, әйтеу өзім Ованес Григорянды бүгінгі армян поэзиясының патриархы көрем. Былтыр шайыр ағамыз қатты ауырғанда, оған бүкіл Армения боп көмектесіп жатқанын айтып еді Асмик пен Леналар. Азаматтығы өлеңінен көрініп тұратын ақынға тілекші ретінде мен де осы өлеңдерді алаш баласына жеткізуге асықтым. Қара өлең болмаса да, біз қаузай алмаған біраз дүниенімен осы кісінің шығармашылығынан тапқаныма бек қуаныштымын!

Ованес Григорян

Күн райына шолу

Көктемде ағаштар гүлдейді,

көктемде біз президентті сайлап, үміттене

жазға салым бір өзгеріс күтеміз.

Жазда жеміс-жидек піседі.

Жазда біз парламентті сайлап, үміттене

қысқа салым бір өзгеріс күтеміз.

Қыста қар жауады.

Қыста бәрі өледі, бәрі көз жұмады.

Біз де өлеміз,

ана өмірде бір өзгеріс болатынына үміттеніп.

Полиция мәліметі

Назар салыңыздар,

тағы бір қызықты мәлімет:

жиырмасыншы ғасыр түгесілер шақта,

сағат он төрттен он бес минут кеткенде,

өз елінен шыққан армян халқы

жоғалып кетті...

Түр-түсі: ежелгі, әбден қажыған,

талантты, еңбекқор, шыдамды,

көзі - мұңлы,

жүрегі - тілім-тілім...

Өтініп сұраймыз, көріп қалған адам болса,

дереу парламентке хабарлассын,

жаңа сайлаудың жақындауына байланысты

оған бірнеше күнге

халық керек...

Көппартиялық жаназа

А партиясы халықты жақсы көреді

және халықтың әл-ауқатын көтеру үшін

жанын салып күреседі.

Б партиясы халықты өте жақсы көреді

және халықтың әл-ауқатын көтеру үшін

А партиясына қарсы жанын салып күреседі.

В партиясы халықты ерекше жақсы көреді

және халықтың әл-ауқатын көтеру үшін

А мен Б партиясына қарсы жанын салып күреседі.

Г партиясы халықты бәрінен артық жақсы көреді

және халықтың әл-ауқатын көтеру үшін

А, Б және В партияларына қарсы жанын салып  күреседі.

Барша партиялардың іңкәр  махаббатына ие -

көзі мәңгіге жұмылған

халықтың жүдеу жүзі

сән-салтанатты гүл шоқтарының арасынан

көзге әрең шалынады...

Конституция

1.     Мен, АР азаматы Ованес Григорян, күннің шығыстан атуы үшін,   бұлттардың жел соққан бағытқа ұшуы үшін және тереземнің тұсындағы құстар сөзі мен музыкасын бүкілхалықтық референдум бекіткен әнді айту үшін биліктегілер қолынан келгеннің бәрін істеді деген сеніммен күнде  таңертең мемлекет қайраткерлерімен бірге

оянуға қақылымын...

2. Менің қаланың қай бұрышына баруға да қақым бар. Ең абзалы, жаяу барған. Десе де, менің «Мерседес», «BMW»

һәм басқа да джип мініп жүрген ағайындар жайлы

өз пікірімді ойша ашық білдіруге қақым бар.

Кеңінен қолданылатын түрі, әлбетте, ашық боқтау...

3.Менің мейрамхана, бар, казинолардың терезесінен емін-еркін қарауға,оның интерьері мен асай-мүсейлеріне тамсануға, перделердің ашық қалған тұсынан саяси һәм

бизнес элита өкілдерінің көңіл көтеріп жатқанын көруге қақым бар.

Сондай-ақ, олар Конституцияда көрсетілген құқықтарын пайдалана отырып, мені оққағарлары арқылы желкемнен сүйреп, сыртқа айдап шыққанда, олардың әрекетіне айқайлау арқылы өз көзқарасымды білдіруге қақылымын.

Ең абзалы, әрине, тыныш қана кетіп қалу...

4. Мен мемлекеттің мені қартаю құқымен  толық  қамтамасыз ететініне сенімдімін,

соңғы күндерімді қарттар үйінің бірінде өткізетініме де күмән жоқ

және менің бұдан басқа:

қарттар үйі ауласының бір шетінде

көмілуге де толық құқым бар.

Ал мен үшін ең бастысы -

өмір мен өлімді таңдау құқын пайдаланар

сәт туғанда

мен, әрине, өлімді таңдаймын.

Кеңінен қолданылатын түрі, әлбетте,

ит өлім...

Осылай болған

Сонда Тәңір сенің жеріңе -

бір шетінен екінші шетіне

БЕРЕКЕ

деп жазбақ болды, бірақ, өкінішке орай,

бұл ұзақ сөз сенің еліңнің ауқымына сыймады...

Содан Тәңір сенің жеріңе

ТЫНЫШТЫҚ

деп жазбақшы еді,

алайда, бұл сөз де тым ұзақ болып шықты.

Ұзақтығы сонша,

тіпті жартысы да сыймады бұл жерге...

Тәңірде не қалды сонда?

Қалғаны - қысқа ғана МҰҢ еді,

Қалғаны - қысқа ғана ШЕР еді,

Қалғаны - қысқа ғана ЗАР еді.

Өйткені осы бір жерге

тек осы сөздер ғана сыятын...

Мұра

Амал қайсы, бұл күнді де көз көрді,

шалажансар планетамызда

бәрі де таусылуда:  өзендер мен көлдер тартылып, мұхит біткен теңізге, ал теңіздербатпаққа айналуда,

ормандар шырпы сияқты лап етіп жанып,  күл боп жатыр,

ол аз десеңіз, біреулер енді

мұнай мен газ да таусылуға жақын дейді...

Амал қайсы, еш мұра қалмады мен кейінгі ұрпаққа тастар -

сатып, я болмаса банкке салып қойып,

үстеме пайызбен алаңсыз өмір сүре беретін дым жоқ қой, дым жоқ.

Аз да болса құны бар

қалған жалғыз нәрсе болса,

ол - көтерем ат сияқты

күннен-күнге жүрісі баяулаған

біздің қабағы қатулы жер-анамыз,

ерте ме, кеш пе, оның да жүрісі тоқтар,

сол сәтте мен оны қуана-қуана

жылжымайтын мүлік ретінде

мұраға сендерге қалдырам.

Армения

Менің елім бұл. Ол -

алысқа жол тартқанда еш қиындықсыз өзіммен

бірге алып кете алатындай соншалықты кішкентай.

Жаңа туған шақалақ сынды кішкентай.

Шүйкедей ғана кемпір сияқты ол бір уыс.

Дүниежүзілік картада

бір түйір жас сияқты жылтырайды

менің Севаным.

Менің елім бұл. Оның кішкентайлығы сондай,

жоғалтып алмас үшін мен оны

жүрегіме жасырып қойдым.

Аударған - Дәурен Берікқажыұлы

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2119
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2528
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2233
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1634