Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 4052 8 пікір 24 Наурыз, 2022 сағат 12:16

Шойгу қайда жоғалып кетті?..

Бүгін Украинада соғыс басталғалы, Кремль басқаруындағы Ресей армиясы Украина территориясына ашық шабуыл жасай бастағалы тұп-тура бір ай.

Кешелі-бері орыс һәм орыс тілді жұрт Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгуды іздеп жүр. Шойгу 11 наурыздан бері көпшілік алдына шықпаған, БАҚ-та көрінбеген. Бір айдан бергі соғыстың тең жартысында (16 күні) Ресейдің Қорғаныс министрі қайда жүр? Оның бұл «жолағысы» жайлы пікірлер де әртүрлі. Солардың бірсыпырасы, мінекей:

Украина Президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк: «РФ күштік блогының басты фигуранттарының көпшілік назарынан жоғалып кетуі көпшілікті қызықтырады. Соңғы екі аптадан бері министр Шойгу мен Бас штаб басшысы Герасимов ел көзіне көрінбей кетті. Жария протоколларда да олардың аттары көрінбейді», - дейді. Подляктың айтуынша, қазір Путиннің маңайындағылардан жағы талмай жария сөйлеп жүрген жалғыз – Лавров екен.

Ресейдің тәуелсіз «Медиазона» мен «Агентство» журналдары да Шойгу мен Герасимовтың үшті-күйлі жоғалып кетуі жайлы жазыпты. «Сергей Шойгу – ел алдына жиі шығып жүрген шенділердің санатынан. Ол РФ Қорғаныс министрлігін тізгіндегеннен бастап, аталған министрліктің баспасөз қызметіндегі штат санын өсірген. Сол арқылы өзінің және министрліктің имиджін көтеруге едел-жедел кірісіп кеткен адам. Ол соғыс тасталғалы бері Шойгу БАҚ-қа жиі шығып жүрген. Алайда, 11 наурыздан бері мүлде көрінбей кеткен», - деп жазады «Агентство».

Аталған басылымдардың ақпаратынша, Сергей Шойгудың денсаулығы сыр берген көрінеді. Ол 18 наурыздағы РФ президенті Владимир Путин өткізген Қауіпсіздік кеңесінінің жиынына да қатыспаған. Кремль таратқан ақпаратта министр Шойгудың аталған жиынға қатысқаны туралы дерек айтылмаған. Олар таратқан фото, видео құжатарда да Шойгу көрінбейді.

Ресейлік журналист Роман Супер: «Көптен бері Сергей Шойгу көрінбей кетті. Мүмкін ол қазір еңбек демалысында шығар», - деп жазған.

Ал Украина Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов: «Біздің мемлекетіміз жайлы егжей-тегжейлі білмей тұрып, осындай авантюраға барғандарды, сол арқылы Путиннің мақтаған армиясын жерге қаратқандарды анықтау жүріп жатыр. Қазір өз күштік құрылымдары арасында дауласып жатыр. ФСБ – әскерилерді, әскерилер – өзге күштік құрылымдарды айыптап, араларынан кінәлілерді анықтауда», - деп жазыпты.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, осыдан біраз бұрын (7 наурызда) Америкалық журналист Жеймс Пачилео: «Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу дегеніңіз жуық арада мемлекеттік төңкеріс жасап, Путинді тақтан тайдыруы мүмкін», - деп болжам жасаған еді.

Оның пікірінше, Путин Туваның тумасы Шойгудан тегі сақтанып отыр. Келесі аптада «мемлекетке сатқындық жасады», деп соттауы да мүмкін.

Айта кетейік, Сергей Шойгу қазір 66 жаста. Ресейдің Қорғаныс министрлігін 2012 жылдан бері басқарып келеді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

8 пікір