Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2543 0 пікір 10 Қазан, 2012 сағат 06:12

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

Егіндігінде жусап жатқандардан ауыстырылып, қыстаулығында қаусап жатқандарға келіппін. Мені қажыдан келгендей қауқалақтасып қарсы алған бауырлардың ортасында аулада отырғанымда көк есекке қауға қара сақалды біреуді өлікше көлденең өңгеріп қызылсары жігіт келді. «Енді өлімтіктерін артып өлтіретін болды ғой!» деп түтіге жетті де теріс жағына аудара салды өңгергенін. Өліктей сылқ ете түскен қарасақал, жерге бас тигенде ыңқ ете түсіп ыңырсыды. Тірі екен, жүрегім зырқ ете түсті. Қатты терлеп балқып отырған денем, қалтырап кетті. Ыршып тұрып барып, шала өліктің басын сүйеп, тіземе алдым.

«Кісім әлі мұсылман екен!- деп сырт жағымнан мұртты қазақ күбірледі де - «қайтсын, азаматтық әдеті ғой!»- деп кәрілеуі құптады. Сылдыр-сұйық мына мұсылмандықтың өзі де суық естілді маған.

- Жерге қоя салыңыз Биға, оны енді мамыққа орасаңыз да өлгені-өлген!- деп Қапас күлімсіреп еді, Тоқбай ашық күлді.

- Өлгенімізді бұлай құрметтей берсеңіз, күндіз-түні бас құшақтарсыз! Мұншалық тасбауыр болып кеткендіктеріне таңдана қарадым. Қиыншылық көрген соң естерінен азып кеткен бе деуге өңдерінен оншалық айрыла қоймапты. Ойшыл көздері жайнап тұр. Хал үстінде жатқан адамға болатын мейірімнен қалай айрылғандықтарына аңырып отырғанымда, арт жағымдағы мұртты енді сықақтай күлді.

IV

Егіндігінде жусап жатқандардан ауыстырылып, қыстаулығында қаусап жатқандарға келіппін. Мені қажыдан келгендей қауқалақтасып қарсы алған бауырлардың ортасында аулада отырғанымда көк есекке қауға қара сақалды біреуді өлікше көлденең өңгеріп қызылсары жігіт келді. «Енді өлімтіктерін артып өлтіретін болды ғой!» деп түтіге жетті де теріс жағына аудара салды өңгергенін. Өліктей сылқ ете түскен қарасақал, жерге бас тигенде ыңқ ете түсіп ыңырсыды. Тірі екен, жүрегім зырқ ете түсті. Қатты терлеп балқып отырған денем, қалтырап кетті. Ыршып тұрып барып, шала өліктің басын сүйеп, тіземе алдым.

«Кісім әлі мұсылман екен!- деп сырт жағымнан мұртты қазақ күбірледі де - «қайтсын, азаматтық әдеті ғой!»- деп кәрілеуі құптады. Сылдыр-сұйық мына мұсылмандықтың өзі де суық естілді маған.

- Жерге қоя салыңыз Биға, оны енді мамыққа орасаңыз да өлгені-өлген!- деп Қапас күлімсіреп еді, Тоқбай ашық күлді.

- Өлгенімізді бұлай құрметтей берсеңіз, күндіз-түні бас құшақтарсыз! Мұншалық тасбауыр болып кеткендіктеріне таңдана қарадым. Қиыншылық көрген соң естерінен азып кеткен бе деуге өңдерінен оншалық айрыла қоймапты. Ойшыл көздері жайнап тұр. Хал үстінде жатқан адамға болатын мейірімнен қалай айрылғандықтарына аңырып отырғанымда, арт жағымдағы мұртты енді сықақтай күлді.

- Мұндай бас «алтын табаққа салса шоршып түседі» деуші еді, мынауың қыбыр етпейді ғой тіпті!

Алдымдағының ненің басы екендігін осы мақалдан сездім. Арыздасып-қоштасар шақта итке теңелуі бекер емес қой, бұл да бір шағымпаз жалақорлықпен көптен айрылған сақал болса керек. Басын жерге қоя салып түрегелгенімде менің мөлшерімді Зарықбек анықтады.

- Биға, бұл пәленің өтірік шағымынан, өзі ашаршылықтан жығылған соң ғана құтылып едік, оқыс боп қайта тіріліп кетпесін!

- Бұл ит түгіл нелер асыл азаматтарымыздан да айрылдық!- деп күрсінді тағы бір қазақ...

- Көрші жатақтан екі ұйғыр жігіт шықты да өлімтіктің екі қолынан сүйреп ала жөнелді. Олар да менің мына «тасжүректерімше» күлімсірейді. Мұның өліміне олар да қуанатын тәрізді. Дауал түбіне жатқызып, бірдемемен жаба салды да жатағындағы орнына өлмей тұрып-ақ адалап сыпырып шығарып тастады.

- Шырағым Биғабіл, бізге қарай бердің, жүрек-бауыры жоқ, қайдан келген қазақтар деп, осындағы жасы үлкен бізді кінәлайтын шығарсың, мен сөйлеп берейін,- деп салалы қара мұрттысы бастады сөзді.

Студенттерден басқасы түгелімен Алтайдың Көктоғай ауданынан келіпті. 58-ші жылы коммуна құрылып, «зор секіріп ілгерлеу» басталғанда секіріп көтеріліп тауға шығып кеткен «бандыға ілесушілер» екен. Қылмыстары заң кесіміне толмай, Лопнорға сол жылы айдалып келген жетпісінен қазір жиырмасы ғана қалыпты.

- Көбі осы жылдың басынан бері қарай қырылды!- деп күрсінді мұртты. - Марқұмдардың әрқайсысының өліміне жендеттік-тасбауырлық себеп болған. Оны қазірше айтып қайтейік, сенің мына бауырларың келіп қосылған соң ғана жандайшап жендеттерден теңдік алдық. Қалғандарымыздың буындарымыз қазірше беріктеу сықылды. Мұнан соң не боларымызды кім білсін, өлім-жітім қазір ұйғыр туыстарда көбірек болып тұр!

Бұл өлімге бірінші әтіреттегіден басқаша бір себеп барын сезе сұрадым.

- Қазір жаздық орма уақытында тауық болып теріп жеп тұруға болады екен. Тым болмағанда шөже болуға да өнерлері жетпей қалғаны ма?

- Шөже түгіл қораз, тіпті, қасқыр болып алғандар да өліп жатыр. Биыл дымды жерге еккен бидайымізді қамыс басып түншықтырып өлтірді. «Секіреміз» деп қағынып, қағыр далаға шаша берген көп бидайымыз өспей, көде боп бас жара сала солды. Қамысына да, көдесіне де әулекілеріміз орақшылық өнер көрсетіп, үш-ақ күнде сыпырып қырманға өткізіп бере салды да тоған қазуға қуылды. Қазір қырманға да, жүгері тақталарына да жолай алмай құртылып отыр. Бір ай болды тотиғанымызға!

- Биылғы жауыннан үй құласа да «қуаңшылық апат келді» деп жариялап, айлық тамақ нормамызды он төрт килодан тоғыз килоға бір-ақ түсірді!- деп біреуі күңкілдеді.

- Басқаларынан көрі сіздердің өңдеріңіз тәуір екен. Несібелеріңіз үзіле қоймаған сияқты ғой?

- Бұл, бірлік-ынтымағымыздың арқасы еді. Мына бауырлар қырман мен жүгері күзеттеріндегі ханзу-дүңгендермен байланысып жүр еді. Басшылығымыз соны сездіме екен, қырманында қалған екі қап дәнін клеткаға кіргізіп ала қойды да атыздағы жүгері күзетін дүңгендермен көбейтті. Бірін-біріне күзеттіріп, екі-үш күннен бері тынысымызды бір-ақ буды сөйтіп!

Жаңа табысқандағы қуанышымыз осымен тоқтады. Кешкі тамақ болып келген сасық сары сықбасы мен соның суын іше салып қамыс сүтіндегі орнымызға бүрісе-бүрісе құладық. Қасымда жатқан Қапасқа қалыңдығының жынданып кеткен хабарын айтудан шектелдім. Мынадай халде жүргенінде оны естіртуге қарағанда өзін «пері» болып соғуым жеңілірек сияқты...

Өлімімен қуантқан қара сақалдыны таңертең екі жігіт зәмбілмен көтеріп, дөңге әкетті де қалғанымыз кетпен-күрек көтеріп шұбай жөнелдік. Ендігі істеп жатқан жұмыстары төменгі сортаң сазды егіндіктің арасынан сорын тартатын сорғытқыш тоған қазу жұмысы екен. Аяқтарын мұзда келе жатқандай сүйрете ілбіп ауладан тұнжырай шыққандардың алдына тізіліп едік. Арт жағымыздан күрс-күрс құлаған дабыс естілді. Жалт қарасам, жол шетіндегі жар қабақтан екі лаужяу қатар құлапты. Жардың жарылып тұрған кенересі үстілеріне құлап, лезде көміп те үлгерді. Аласалау жерінен секіріп түсіп құтқаруға жүгіргенімде Қапас пен Асылбек атты дазужаң[1] ұстай алды. «Оны қайтесіз» деседі! «Бұлай жығылғандардың біреуін де құтқара алған емеспіз», «құлаған соң-ақ өлді дей бер!»- екеуі екі қолымнан тарта жөнелді.

Сонда да қайрылып қарай бердім. Арт жағымызда шұбай келе жатқан екі жүзден көбірек лаужяудың бірде-бірі көз қырын да салмады құлағандарына. Соңымыздан айдап келе жатқан екі кадрдың бірі аулада қалғандарға дауыстап қойып қана өте берді.

Қазып жатқан сорғытқыш тоған майдан штабының дәл тұсында екен. Бес километр жол жүріп, түске жақын әрең жеттік. Емханасының қайда екендігін сұрасам, біздің әтіреттің ар жағында осындай жерде «көне майдан штабында» десті.

Аға-бауырлардың ең ықыласты жұмысы, қазылып жатқан тоғанның ішінен қамыстың қатпаған ақ тамырын суырып жеу болды. Бұл кәсіпке де бажырая қарап қалғанымда Қапас бір уыс алдыма әкеліп қоя қойды. «Өңештен өткеннің бәрі тамақ, алып жіберіңіз!» дейді. Өңешімнен расында да тамақ тәрізімен өтті.

Түскі келген тамақтан қамыстың осы ақ тамыры жағымдырақ сезілді. Бір күрек топырақ лақтырған болып мен де екі тұтам тамыр суырдым да тұрдым. Кеште аш адамша қиралаңдамай, тік жүріп қайттым да ертеңіне тіпті дәндеп, саздан шұбалшаң суырған қараторғайша суырып, қылғи бердім. Ал, шыңына жетіп қалған лаужяулар қайтар жолда бірнеше жерге отырып, қойындарындағы осы жолазықтарымен «қона-түстене» жылжып, ымырт жабылғанда әрең жетеді. Айдаушы кадрлардың мұндайда көк есектегі жидашы зужаңға тапсырудан басқа амалы жоқ. Бірінші әтіреттегідей сүйреп әкетуге жол ұзақ екен.

«Өзі өлгісі келіп жығылып өлетіндерді» есепке алмағанда, әйтеуір күз маусымын «аман» өткіздік. «Ап-аманмын, алаң болмаңдар, денсаулығыма бұл жер тіпті жақты» деп Мақпалға үшінші рет хат жазып жөнелттім. Одан жауап хат келмесе де, хатым жетсе де, жетпесе де ай сайын жазып тұрмасам, жеген қамысым өңешімнен өтер емес. Тым болмағанда қырылып жатқан қанды майданға әдейілеп айдап салған сақшы назараты ескере тұрсын деп жазамын.

Жауған қарын тоқтатпай жұтып қоятын сорлы сахараның қара қысы қақап басталды. Өліп үлгере алмай қалғанымыз әлі де жүз елудей бар едік. әтіреттің қожасы, Ма фамилиялы бір қақа тұяқ зыдауян[2] келді де қазып жатқан сорғытқышымыздың жарымын басқа бір әтіретке өткізгендігін айтып, жарымымызды алыстағы бір жерден қазылатын сорғытқышқа айдап жөнелді. Менің бауырларымнан Асылбек, Зарықбек, Тоқбай, Ақбай, Жақан, Шайза да соған бөлініп кетті.

Сөйтіп бұл сорғытқыштың қалған жарымын зор секіріп бірінші айдың соңына дейін бітіру міндеті бізге артылғаны ұқтырылды. Кадрлар мен әскерлер келіп жетпісіміздің желкемізде қыдиып тұрып алды. Екі күннен соң-ақ олардың талабының керісінше, лаужяулардың көбі отырып қалды. Қыр көрсету үшін емес, кәдімгі көтерем малша жер тіреп шоңқиды. Түртіп қалса құлай кетіп, қалшылдаған иектерін жалғыз-ақ қағатындардың көбейгені көрінді. Алақтай қалды кадрлар. Қайтарда бәрін көтере алатын көк есек барма, түнгі суыққа қалса, түгел қырылғаны. Соны ойлап олар да шоңқиды. Тіп-тік қалпымда мен де қисая кетіп, «ал секірт!» дедім. Қаза берсек, осы жыраға өзіміз көмілетіндігіміз көрініп болған.

Майдан штабындағы бастықтар тұсымыздан көріп отырыпты. «Жалқаулығымызды» жойып, мықтап секіртудің жаңа бұйрығын жариялай қойды ертеңіне. Қырылса маңымызды сасытпай, алыста қырылсын деген сияқты: «мұздың қатқан шағынан пайдаланып, көл қасындағы кейін басталған сорғытқышты алдымен бітіріп алыңдар» депті. Сөйтіп алдыңғы кеткендердің соңынан бізді де айдай жөнелді.

Бірінші әтіреттен көшіп келгендегі қиыншылықтан зәтте болғандығымнан төсенішім мен көрпемді ғана иін ағашқа іліп көтердім. Қашып шығу орайы келе қалса керек болар деп жеңіл батинкамды ғана алыппын.

Жиырма шақты автомат айдаған жетпіс лаужяу жығыла-сүріне жылжып, түс ауа құм шағыл төбелер арасындағы  бір әтіреттің жыңғыл қорғанына әрең жеттік. Асхана тайқазанына капуста түбірін қайнатып қойған екен. Ыдыстарымызға екіден-үштен санап салып берді. Арт жақтағы ошақ аузына айланып барып отыра кеттім. Мұздап қалған жалғыз сары сықпамды қоламтаға қоя салып, капуста түбірінің бірін кеміре бастадым.

Кеудесін түк басқан жалаң төс бырысқан тері бөрікті, үйітілген қалың күрең сақалды бір дәу екі көзі өрттей тұтанып қарсы алдыма келіп қалғанын бір-ақ көріппін. Құтырған қасқырдай сиқынан шімірігіп сәлем беріп едім, тыңдар емес. Жұтып жіберердей, кірпік қақпай қадалып ентелей түсті. Екі аяғымның арасындағы ыдысыма қарап қойып жылжыды. Алқымымнан ала түсердей арбиған екі шеңгелін бүркітше ыңғайлап алыпты. Тоқта дегендей қолыммен ишаралағаныма да қарар емес. Адамдық сезімнен мүлде айрылған аса жыртқыш көзінен нақтылы құтырған адам көрінді. Сескенерме деп мен де қадала қарадым. Бассалуға ыңғайланып еңкейе төнді. Жалпақ тері шақайлы аяғының ұшы ыдысыма тиді. Аяғымды жиып, ыдысты бір қолыма ала түрегелдім. Қос шеңгелімен жармаса кетті ыдысқа. Бір қолыммен кеуідесінен итеріп қалдым. Жай итеру емес, сасқанымнан бар күшіммен түйіп жіберіппін. Арт жағындағы үйген күлге сылқ етіп құлай кеткен «дәу дию» кішкене балаша шыр ете түсті. Бүйімтайын сонда түсіндім:

- Мен бұл жайыңызды білмей, қолымды қорыққанымнан жұмсап қалдым!- деп сүйемелдеп отырғыздым да қолымдағы ыдысты ұстата қойдым. Капустаның қатты екі түбірін тісімен қарсылдатып жіберіп жұта салды. Сары кебек сықпамды көрмеген екен. Жартысын сындырып аузына тыққанымда сүйінген де, күйінген де рай көрінбеді жүзінен. Көзі сол өшіккен қасқыр қалпында шатынап қадала берді. Сықпаның қалған жарымын өз аузыма салдым да ыдысымды алып жүріп кенттім. Жылап барамын, тамсана шайнаңдап барамын. Ошақ аузынан алыстаңқырап барып қарасам, дәуім әлі сол қадалған - «жауласқан» қалпы, құтырған көзін менен аударар емес. Асхана бұрышына барып мен де қарап тұрып қалыппын.

- Осы сырттан жылаған баланың дауысы естілді ме?- деп сыртымнан көктоғайлық мұртты келіп сұрады. Мен, бала емес, «дию» екендігін көрсете тұрып, болған оқиғаны сөйлеп бердім.

- Ой бейшара-ай, бұл да біткен екен ғой, осы әтіреттің отызыншысы болатын!- деді мұртты ағай.

Көп көргендігі әңгіме-кеңесінен білініп тұратын бұл кісінің аты Дәмелқан еді. Мен тебірене айтқан бұл оқиғаны солай тұжыра салды да өзімді кінәлай сөйлеп, ерте жөнелді.

- Сіз өте көңілшек екенсіз, біз өзіміз де осы халде жүрміз ғой, өлім алдындағы бәріне жаныңыз ашып, аузыңыздағыны жырып бере берсеңіз, бәрінен бұрын өзіңіз кетесіз! Тастай қатты мына тұрмыста темірдей беріктік қажет. Таптырған әкеге де қарасып-қайрылысатын кез емес!... Ал, бүгін баратын жерімізге жете алмайтын болған соң осы әтеретте қонып қалатын сияқтымыз. Басқалардан бұрынырақ барып, бос үйдің біріне орналаса қоялық!

Осыны айта сала менен оза ұмтылып, ең шеттегі жер үйге кіріп кетті. Мен жеткенде қамыс төселген орындарға түгелімен бір-бір нәрсесін қойып үлгеріпті. Шапаны қойылған өз орнының қатарындағы тымағы қойылған орынды маған нұсқады. Белдігі қойыған орынды «Қапастікі» дей сала тымағын қолына ала жүгіріп, сыртқа қайта шықты. Асхана жақтан көрінген қазақтың бәріне сол тымақты үнсіз бұлғап  қойып тұр екен. Сөйтіп, басқа сапарластардың бәрінен бұрын, екі ғана бос үйдің бірін иелене қойыппыз. Жетпіс лаужяудың қырық ауруы түгел далаға қисайды.

- Үй жылытатын отын тереміз деп әуіре болмаңдар, сағи бағана кеткен!- деді сонсоң. Мына шақта бір адамның әкелген отыны бір түнге жетпейтіндігін айтып, мен де шығуға ұмтылып едім.

- Жететіндігін қазір-ақ көресіз, төсенішіңізді жай да тынық!- деп бұйырды.

Бұтарлап сидалап байланған, атан түйенің теңіндей қу жыңғыл күрс ете түсті есік алдына. Қыр мұрынды қараторы сұлу жігіт екі иығына төрт адам мінгескендей зор денесін екі бүктеп кірді жер үйге. Сағи дегені осы жігіт еді. Әтіреттің  отынын тасып, арбакештермен бірге жататындықтан сирек кездесетінбіз. Керейше шошақ тымағын бусанған басынан алып, есік жақтағы бос орынға тастай салды. Ұзын көпісін шешіп жатып, от жағуға кіріскендерге тойтарыс айтып қайтарды.

- Өзім жағамын, тынығып жата беріңдер!

- Жақын маңда мұндай отын жоқ, недәуір алыстан әкеліпсің, рахмет, енді сен кіріспей-ақ қой!- деп Қапас отын алып кіріп еді. Сағи оны қолынан тартып апарып, орнына отырғызды.

Бәріңнен кіші мен тұрғанда отын-су жұмысына күш шығармаңдар!

Қапас, сықақшыл көзін күлімдете қадап тергеді оны.

- Сен біздікінен артық қанша кебек, қанша томар жеп едің?... Бұл жерде кішілігіңді айтқанша соны айт! Норма тең болған соң, тең ғана күш шығар, әйтпесе тырапай асасың! Жаңа түскен келіншегіңнің тірі қайтады деп күтіп отырғанын ұмыттың ба?

- Менің мына сүйегімнің қаншалық жуан екендігін сіз де ұмыта көрмеңіз, «жуан жіңішкергенше жіңішкенің үзіліп кететінін» білмейсіз бе, енді бұдан да азайып кетпесек екен ағалар!... Үкіметтің зорлық жұмысынан басқасын маған-ақ артыңыздаршы!

Мен елжірей қарап жаттым жүзіне. Ол жер үй түңлігінің дәл тұсына отын үйіп тұтатты да, екі шелекті ала жүгірді. Су әкеліп, қара шелекті отқа асты. Ыстық үйде былқытып ет асып жатқандай-ақ күңкілденіп едік. Крушкамызға бір-бір шымшым шай салып, құрдай құрық-құрық ұрттағанымызда ғана «кедейлігімізді» еске алып тұқырастық. Дәмелқан менің жұтаған жайымды сонда сөйледі басқа ағайындарға. Әсерлендіре әңгімелеп еді. Олардың көңілін босатып есіркетпек екен де оларға татырмайтын дәмін маған беруге разылықтарын алмақ екен: беліне байлап жүретін шай дорбасының ішіндегі кішкентай дорбадан бір шымшым бидай алып, ішіп отырған шайымның бетіне себе қойды.

- Япырай Дәке, Биғаңның бүгін-ақ шиқылдайтындығына қабырғамыз қайысып отыр еді, бәрімізді қуанттыңыз-ау, рахмет, рахмет! -десті бірнешеуі. Еділбай атты таңқы мұрын шой қара тіпті ақтарыла жаудырды алғысын.

Ертеңіне ерте түрегеліп, қатып қалған сары кебек сықпадан (жаңа жүгері ұны шыққаннан бастап соның кебегін жейтін болғанбыз.) Бір-бірден үлесіп алдық та тағы ілбідік. Бетіміз күншығыс. Құм, таусылмайтын тырбық сары қамыс, қатпайтын борбас, сары аурудай салбыраған сарғылт сұр аспан. Қанша шағылдан айланып өтсек те ұп-ұқсас осы көрініс. Егер күн мен жұлдыз көрінбесе, қайдан келіп-қайда тұрғанымызды білмей, әудем жерде-ақ адасар едік.

Жансебіл қазақтарымның белдеріне байланған «қарулары» да ұпұқсас: құйрық жақтарында қап-қара мескейі мен крушка. Оң жақ мықынында шай дорба мен өңештен өтетін бірдемені тауып сала жүретін запас дорбасы. Сол жақ мықынында ине-жіп, жамаулық шүперек, қиқым былғары, тері салған дорбасы. Су құйып алған құмырасы болады. Арқаларындағы жүк екі иыққа ілмектелген жіппен асылған. Екі қол запас, жолында кезіккен шөмшекті де қалдырмай тере жүреді.

Арттағы лаужяулар ілесе алмай, әр жерге шоңқиып, бізден басқасы қалып болғанда, тұсымызда жүретін бір автоматтан бес минуттық демалыс жарияланады. Жансебілдерім иықтарындағы арқан ілмегін ағыта салып, жүктен сол секунтта босайды да терген шөмшектеріне от тұтата қояды. Мескейлеріне су құйып, жалынға орай сала быж еткізеді. Шай қайнады деген осы жалын жұтқан қожалақ кебек сықпамызға бар ауызды бір-ақ салып, ғашықтың ерніндей құшырлана сорамыз. Лезде бітіп кетеді. Ләззәт деген осы. Екі-үш минуттан соң-ақ түк көрмегендей қайта аңсаймыз...

Арттағы автоматтар көтеремдерді қақпалап жетісімен жүгімізді біз көтере түрегелеміз. Өйтетініміз, олар өзді-өз «ғашықтарын» әлдеқашан бітеу жұтып қойғаны белгілі.

- Мал дауысын естігендерің бар ма? -деп сұрастырады, Заман атты ұрымызбен Дәмелқан:

- Оңтүстік жағымыздан аңыраған бір есектің дауысы әрең естілді!

- Ол шошқаның дауысында шек бар ма, тым алыстан болғаны ғой!...

Үмітсіздік жеңді бәрімізді, үнсіз ілби бердік. Шағыл төбелер сиреп, қамыс жиылей түсті де, ойдым-ойдым көлшік көрінді. Күн екінтіге жете нар қамысқа оранған ірірек қарын көл көрінгенде, жеттік десті білетіндер. Мұзы күрсілдеп жарылып, ыңыранып-ышқынып қарсы алды. «Жаз болса, балық көп-ау, ә!» деп тамсанысады жігіттер. Солтүстік жағында екі-үш шақырымдай келетін жалаңаш жазықтық бар екен. Біздің қазатын сорғытқышымыз, көлдерден сол жазықты бөліп, дегдітетін терең тоған болып табылды. Бергі шетінен көрінген түтінге туралап тарттық.

Жүгімізді алдымыздан шыққан бауырлар көтеріп әкетті де біз артымызды асхана алдынан күттік. Күн бата тізіммен шақырып түгендегенде тоғызының «өздігінен жығылып өліп қалғанын» Халық азаттық армияның кіші командирі мәлімдеді. «Аллаһу әкбар» айтысып, күрсіне тарадық. Шығарған жаназамыз осы болды. Оларды тауып теріп көміп қайтатын, екі-үш сықпа жеген Лаужяу бар ма!... Сол сықпа кебектің үнін жезелекпен елетіп, майға пысыртып жейтін кадрларымызда үн шығармады. Қалтыраған ауыздардан шыққан күңіреністі «Аллаһу әкбарға» азаттық армиямыз ыржыңдасып, дөңестегі өз шатырларына кетті.

Бұл асханамызда баяғы сол бір-бір кебек сықпа мен капустаның қураған сары жапырағын қайнатып берді. Содан Сағи әкелген екі шелек жапырақ суын өкпелей отырып ішіп болысымызбен отын әкелуге дайындалып едік. Сағи тоқтатып, тағы да өзі кетті. Мені қымырламастай тіпті шектеп кетті.

Қатып қалған таяз көкшіл үстіндегі «жатақ-орныма» барып құлай кеттім. Асты мұз болса да қамысы қалың төселіпті. «Басқа жерден ықтасындау болған соң осында қоныстандық» деді Ақбай ақын су тоқтата алмайтын болған түп-түзу танауынан бірдеңесі жылтың-жылтың ете түсті. Сақал-шашы жуан басына жараспайтын қазынасын бұл жолы жылтыңдатқан күш ішіндегі күлкісі екен.

Жеңгейдің салған төсегі де мұншалық жұмсақ сезілмеген шығар!- деп мырсылдады.

- Қапиядан еш хабар айтпадыңыз ғой?- деп енді сұрай қалды Қапас.

- Сендер осылай кеткеннен үш ай өткенде Қапия  жөнінен естігенім амандық қана. Аман болғанда да Ақияға титтей  ұқсастығы жоқ, мызғымайтын амандық. Сенен шекара айыруға мүлде көнбей, үміттерін үздіріпті. Мақпал маған Қапия жөнінде осыны ғана айтып, былтыр күзде бір көріскен соң қайтып келе алмады. Жазысқан хаттарымызды да тигізбей жөнелтті мені! Сен хат жазсаң, енді Қобыққа, үйінің әдрісі арқылы жаз!...

- Ал, Ақияға не бопты?..

- Ақияны Құлжан әлде не бір жаламен қорқытып-қаймықтырып ертіп жүр деп естідім. Мақпалмен де сөйлесе алмайды екен!..

Біз жатқан көлшіктің арғы жағасынан Тоқбай мен Жақанның дауысы естілді. Жалт қарастық. Қол бұлғап шақырды біреуді. Ымырт үйріле бастаған шақ.

- Екеуіңізге дайындап қойған ерулігіміз бар еді, соған шақырып тұр!- деді Ақбай. - Мына топ қамыстың далдасымен өтіп кетсек, күзетші әскерлерге көрінбейміз!

Қалай да бір мал тауып әкеліп сойған екен деген қуанышпен сырғып өте шықтық. Қараңғыда қарбиып, жыңғыл тіктеп қоршалған қотан көрінді. Ешкім жоқ, иен қотан. Әлгі екеуінің ыңырсып салған әндері естілді. Қотанның арғы шетіндегі бір жырашықтағы жер ошаққа от жағып, істік жасай отырып әндетіпті. Кең маңдайлы сары Жақанның екі езуі екі құлағында. Бұрынғы бейғам, көңілді, әнші-домбырашы қалпына келе қалғандай. Мен де қалжыңдай жеттім.

- Өздерің соғым сойып жырғап қалған сияқтысыңдар ғой!... Келіндер қайда?

- Келіндеріңіз кер есекке мініп, төркіндеп кеткен!- деп ыржиды Жақан. - Ал, малымыз, қансыз-сөлсіз мал болса да әйтеуір қазіргі әлімізге жарай, «барға мәзір» дейміз ғой!

- Соншалық арық па?- деп Қапас сұрады. Маяковскиге еліктеп жазатын тура мінезді Тоқбай, төтесіне бірақ тартты.

- Мал емес, тері, әйтеуір пұшпақтарында жылтыраған шелі бар, семіз қойдың терісі!- деді де жолдастарына қарап қалжыңдады. - Биғаңды еттен дәмелендіріп, емісітіп алмайық!

Бұрын маған бұлай қалжыңдамайтын жас жігіттер қарқылдап күлісе жөнелді. Осыдан бастап құрдас болатындығымды біліп мен де күлдім. Ақбай барып, көмілген жер ошақтан төрт қойдың терісін суырып шығарды.

- Байқа, етімізге мұрныңның суын тамызып қойма!- деген Жақанның қалжыңына тағы күлістік.

Ұят-намыс жоқ, кеуіп бырысып қалған терілер екен. Бүктеп-жұмарлап көмілген соң тіпті құрысыпты. Қонақ иелері қонақасыларын созғылап-кергілеп, сілкіп-қағып, бір үйме топырақ шығарғанына мен тіпті күлдім.

- Сорға бөгіп, иі әбден қанған терілер екен, біріңе өлшеп тон пішіп берейін!- деп бәкімді суыра күлдім. - Талай ит жұлмалап, тістерін батыра алмаған байқұсты тағы жұлмалап қайтесіңдер!

- Жоқ Биға, айта көрмеңіз,- деп Тоқбай сасқалақтай қарады маған. - Бұл қотан біз көшіп келген күннің ертеңіне көшті. Онда анау шарбақ үйдің дөдегесіне жайулы тұрған жас терілер болатын. Жиып алмай ұмытып кетіпті. Өз қолыммен жиып бүктеп, жерошаққа көмген, мен! Қайта келіп алып кетпесін деп көмдім!

- Тап-таза, міне май дегеніңіз!- үшеуі шелінен арылмаған пұшпақтарынан кесіп-кесіп, стіктерге шаныша берді. Шиқылдаған аш түн, құйқаның күйігін иісін де зая жібермей, ызғарлы лебімен оуып, талап-таратып әкетіп жатыр. Жайраңдаған жас күлкі түнек басқан қарт Лопнорды да жадыратқандай, ғасырдың жаңа әндері айтылып жатыр. Мәз-майрам болдық та қалдық. - Міне Биға мынаны асап жібер, майы ішіне іркіліп тұр! -десіп, кеуектеліп құрысқан қара күйкі теріні кезек-кезек ұсынады маған. Ауыздарынан сілекей шұбырып, өздері жұтына-жұтына ұсынады. Дәмін татқан соң мен де құныға түстім.

- Өздерің жеңдер!- деп қойып тартқылаймын теріні. - Үй, мен төрт теріні жалғыз жейтіндей, аю алған «бөрі басар» емеспін ғой, «жолдаяқ», «мойнақ», «шұнақ» жеңдер, жеңдер!- бәріміз күлеміз бұлай аталуымызға. Түгел оқымысты, аттары шығып қалған жазушы, ақындар!... Жоғары мектеп бітіре салып, осындай «мәртебеге» жету оңайма, шынымен-ақ масаттана, сүйіне күлісетіндейміз. Күндіз-түні қайралып жетілген тістеріміз қарш-қарш етеді. Мына қарын көлдің қарсылдаған мұзындай, іштерінен кернеп сығылысқан сырлы кереметтерін паш еткендей қаршылдайды.

- Япырай, әлгі «таусоғар» мен «тайкүреңге» не болды, келмеді ғой!- Зарықбек пен Шайзадаға лайық аттың табылғанына бір күлісіп едік. Соңынан Асылбек дазужаңға қойған атымыз тіпті күлдірді.

- «Саққұлақтың» қасында жататындықтан ол екеуін шақырмадық!- деді Ақбай.

- Терінің қалың жондарын соларға қоя салыңдар, айыра алмай арсылдасын да жатсын! Ха-ха-ха-һа..а..

«Сауық кешіміз» қыза келе төрт терінің пұшпақтары мен жұқа шаптарын түгел жеп болыппыз. Әлі күлкі. Тоқбай темекі түтінін  аспанға қарап бұрқыратты. Бар қасіретімізді сонымен бірге үрлеп, жұлдыздарға жөнелтетін үлкен жауапты қызметте отырған сияқты. Өз мекенінде жымыңдап, күлісе қарайтын жұлдыздар ауыр қайғыға батқандай жүдеп-жадап әрең көрінеді. Арғы жақтарындағы шексіз үрейлі түнектен қорыққандай тітірейді.

- Құдай тағала сонау түнектің қай тесігінен сығалап отыр екен, ә?- деп күрсінді Тоқбай. - Сыңар көзімен осы қылмысымызды да көре қойған шығар!

- Бұйырып жегізген - өзі, жеген - біз!- деп мен де қарадым аспанға. - Жаламен өтірікті харамға санайтын ол кісі қайтер дейсің, адал  асына санайтын меңді иек пен оның Жаубасары көрсе, әке-шешеміздің терісін пысырып жеп қойды деп соттатуында шек жоқ, кеттік! - Күлдіре түрегелдім орнымнан. Мұздан ақырын ғана сырғып өтіп, орнымызға келіп жата-жата қалыстық.

- Осы тастаған бұғалығынан қалай аман құтылар екенбіз? - Қапастың бұл сұрауына жауап қайтпады. Қазіргі шешуі қиын жұмбақ, өткелі табылмай тұрған өзен осы ғой!...

Түн ортасында байланған екі адамның қиналыс үнін естісек те қайта ұйықтап кетіппіз. Таң бозында соғылған қоңырау мен бірге қамыс үстінен етігімізді сұға сала мұзға сырғып-сырғып түсіп, сырғанай жөнелдік. Алыпқашқан атымыздың басын әрең бұрғандай айланып келіп, жаппаға шықтық. Кетпен-керкеміздің үйілген жеріне барғанымызда асхана жақта әлі зарлап жатқан сол қос дауыстың бірі таныла кетті. Өзіміздің таңқы мұрын Еділбай екен. Асхана алдына үйілген көк лобыға барып ұсталыпты. Қолы желкесіне қайрылып, шектен аса қатты байланған көрінеді. Жөбішенкі байлауға қыңқ етпейтін піліміз бебеу қаға зарлайды.  Оның ар жағында жатқан ұрының дауысы алғашқыдан әлсіреп, қырылға көшкенде айқындалды Еділдің дауысы. Екі жағында «Халық азаттықтан» екеуі тұр. Олардан арашалап кешірім әперу мүмкін емес. Мен Асылбек дазужаңға ымдап едім, Дәмелқан жауап қатты: «ұрының серігі деп ұстап, өзімізді тінтеді!» деді де Заманға біздің орын жақты нұсқады.

Жорғалай жүретін жіңішке мұртты тықыр қара Заманның ептілігі бәрімізге мәлім еді. Ол, Еділбайдың төсенішінің астынан бір дағар лобыны өз көрпесімен орады да ықтасындағы біздің орын жаққа қолтықтай жөнелді. Аз-аздан бөліп әркімнің астындағы қамысқа сүңгітіп, босаған дағарды қайтадан Еділдің орнына әкеліп төсей салды. Кетпенін ала жорғалап, біздің алдымызға түсе жөнелді сонсоң. «Бір дағарын толтырып әкелген соң Еділдің ұрлыққа қайта барар жөні жоқ тіпті!» деп күбірледі дазужаңымыз.

Сорғытқыш тоғанның бізден бұрын қазылған жері жоққа сәкін, қатты тоңды әр жерден жыралап-жыралап, қотырлап қана қойыпты. Маузыдауянның өзі еркелеп, зекіре бұйырды бізге: «күнделік жұмыс нормасы екі текше метр. Кешке жақын нақпа-нақ өлшеп аламыз. Егер кім орындамаса, кешкі тамақ берілмейді!»- деп бастап, «зор секіру» жөнінен екі минутта «екі текше метр» сөйлеп тастап қайтты. Кіші кадрмен дазужаң әркімге жер өлшеп сызып бере берді. Керкемен шақылдатып ал шапқыла тоңды. Тас болса тым болмағанда жұдырықтайы опырлар еді. Сіресіп қалған мына сары сағыз шімігер емес. Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті.

- Үй бұлай істеп не жаның қалады, анда-санда бір тақ еткіз де тұра бер!- дейді Дәмелқан.

- Япырау тым болмаса бір аяқты тыға тұратын шұқанақ қажет қой!

- Кешке дейін екі аяқ тығатын жер қазылады әлі, асықпа, күн жылынсын!...

Сөйтіп тықырлатып тұрғанымызда сенделектей басып Еділбай келді. Қасындағы ұйғыр жігіт өліп кеткендіктен босатыпты. Мәйтті жаназалап көмеміз деп он нешесі жылай жөнелді.

Кешікпей таңертеңгілік тамағымыз жетті. Бұрынғыдай сықпа емес, жұдырықтай-жұдырықтай сары момы тиді қолымызға. Жаңа жүгері ұнының кебегі бір айдан бері көзге таныс болып қалған, сүп-сүйкімді. Әдейгідей ауыз толтыра асадық та дәмі қайда кеткен дескендей бір-бірімізге бажырая қарастық.

Кеше асханадан бірнешеу шығып, күйреуіктің бүрін жиып әкеліп қайнатып жатқанын көргендер түсіндірді дәмінің жайын.

Майдан басшылығы нормамызға жетпіс процент күйреуік бүрін қосып беруді белгілепті. Жиын ашып, «аш көз лаужяулардың көздері тоймағандықтан қырылып жатыр» деген қортынды шығарған екен. Жүгері кебегі мен күйреуік бүрінің түрі ұп-ұқсас болғандықтан момыны сонымен үлкейтіпті.

- Нандарың үлкейді, енді жақсы істеңдер!- деп тәлім-тәрбие гансы мәт сопы шыға келді бір жағымыздан. Әр группаның тұсынан «қуанышты хабар» ретінде жеткізіп, нәсихат айтып шықты.

Майдан басшылығының сол жиынында «лаужяулардың көздері емес, тұп-тура өздері тоймағандықтан қырылып жатыр» деп шынын айтқан бір доғдырғаң сол жерде байланып қолға алынғаны, мәт сопы өтіп кетісімен естілді. Мұндай сөздің «заңға толатын» нақтылы қылмыс болатындығын осы хабардан түсініп, наразылық айтудан тиыла қалды. Күйреуік бүрінің азықтық емес, сақар екендігін ұқтырып қоймақ болдым да оны да сарыжапырақ «сорпасымен» бірге жұта салдым.

Екі текшеметр тоң қазудың орнына екінтіге дейін екі текше дестеметр[3] жерді әрең қазыппын. Бұған егер жалаңаяқтанып, башайларымды бүктеп тықсам ғана екі аяғым сияр еді. Жұмысты сонымен доғара қойдым. Сол сағатта жұмыстан екі лаужяудың іркес-тіркес жығылғанын көзіммен көріп тоқтаттым. Жұмыс үстінде адам өлген күні тамақ берілмейтін жазаның тоқтап қалатыны, талай рет көрініп болған.

Сөйтіп әр күні бірден-екіден құлай берді лаужяулар. Ешқайсынымызды тамақтан жазалай алмай шиыршық атып Маузыдауян жүрді. Қолында қалған жүз лаужяудың бірін өз жазасымен өлтірген болса, бұлай құсаланбас еді. Шыдамы бір аптаға әрең жетті де өлік артатын көк есекке өзі мініп майдан штабына жөнелді. Біз енді Сағидың әкелген отынын тоқыртып қалап, жұмыс майданында қақталатын болдық.

Күйреуікке тойып алып малдас құра қақталған сол күннің бірінде көл жаққа дәретке кеткен Ақбай ақын асыға жетіп, мұрнының суын иығына тамызып жіберді, құлағыма сыбырламақ екен. Өзі барып қайтқан тұсты ұқтырып, дереу сол жреге «дәретке» баруымды асықтыра айтты. Тегін асықтыру емес екендігін байқап, қарнымды сипалай жүгіріп барсам, биік өскен бір топ қамыстың далдасында Тоқты Баситім отыр.

- Үй қалай таптың? -деп сұрағанымша жіңішкеріп қалған қолымнан қос қолдап ұстап сілкіледі. Өзі бұрынғыдан өңейіп таралып қалыпты. Әтіреті біздің осы қазып жатқан сорғытқышымыздың аяқ жағына келіп шоңқиған екен. Бүйімтайын бөгелмей, тез айтты да тездете басып қайта жөнелді.

«Мұндағы жолдастарың сенімді ме?... Әнеу үш түп жыңғыл өскен құм төбені көрдің бе?... Түнде барып соның күн жақ етегіндегі екі түп жыңғылдың дәл ортасынан құмды тартып түсіре бер, бос құм!»- оның сөзінен ұстап қалғаным осы ғана болды. Әйтеуір ет барын сезгендеймін. «Жолдастарың сенімді ме?» деп сұрағанына қарағанда шикі ет.

Көрсеткен шағылына қарай-қарай қайттым. Екі шақырымдай жерден көзіме оттай басыла берді. Жымиып келіп отыра қалдым от басына. Еңкейген күн құламай тұрып алғандай, екі сағат екі жылдай сезілді. Көк жиекке барып тіреле қалды бір шақта. Жатын орнымызға қайтып келіп, күйреуік момы мен «жапырақ сорпа» ішіп болғанымша қас қарайды. Тісі шыққан, сырға ең бергі де, жортуыл жөніне ең маманы да осы кісінің өзі шығар деген бағам бойынша Дәмелқанды ерттім. Қайта қайрылып, қотанды ошаққа отын-су жеткізіп қоюды Тоқбайға сыбырлап едім.

- А, Құдай!- деп қалды даңғойым. Төрт саусағыммен аузымды бір-ақ басып ымдап, изектете кеттім.

Дәмелқан екеуміз қамыс сыбдырын шығармай, шағылға жақындап барып тың тыңдап біраз отырдық та бара салып қопардық құмды. Теріге қолы тиісімен жасамыс, салмақты Дәкең қуанғанынан «сиыр!» деп серппедей секіре түрегелді. Тартып суыра алмады да кеңінен ашуға кірісті. Желкесіндегі құмнан недәуірін сырғытып түсіріп алып аштық. Семіз дөнен өгіздің омыртқадан балталап бөлген тұп-тура жарым еті екен. «Осыныңмен-ақ осындағы жиырма шақты туысыңды бір жолғы өлімнен құтқардың Биғаш!»- деді Дәмелқан жеңілдегендей күрсініп. Саны мен қолын ғана алдық та,  басқасын сол шағылдың сырт жағына көміп, із қалдырмай өшіріп қайттық.

Екі шелекте түнімен семіз ет қайнап, таңға жақын бәрімізге май кекіртті. Бірақ, қайдан келгенін көбі білмей, Биғабілдің «сиқырынан» басқа ешбір қисын таба алмай, барлық разылық алғыстарын маған ғана жаудыра берді.

- Мына қарын көл қанша шиқылдаса да енді үш-төрт күнсіз жұтқыза қоймаспыз!- деді байлаудан әлсіреп қалған Еділбай, көзіне жас алды да, Асылбек дазужаң түсінбегенін сөз астарымен сұрап жымиды.

- Оғанға дейін осы малдың қотаны қайда екенін Биғаң біліп берер!

- Биғабіл қайдан біледі оны, құлағыңның өнерін өзің бір көрсетсеңші!- деп Тоқбай қойып қалды. - Бекерге «сақұлақ» сайлап па едік сені!...

- Далаға үрмей үйге үретін саққұлақты көргеніміз осы! - Жақанның бұл сқағына Асылбек күреңітіп, ширыға қарады да көпшілікпен бірге күлді. Ақтала берді сонсоң.

...Басқа қандай қалпақ кигізсеңдер де «саққұлақ» атамаңдаршы ағайындар, тағы да нахақ таңбаланбайын!

- Олай болса айт, кімдердің үстінен шағым жүргізіп дазужаң бола қалдың?- деп Ақбай тергей жөнелді. - Биғаңның алдында мойында!

- Дәл осы өзіміздің үйге қарап үрген болсам, ант атсын!

- Көршілердің үйлеріне қарап үріп қойған сияқтысың ғой?- деп мен қарқылдап күліп едім. Дәмелқан арашаға түсе кетті.

- Ондай мәселе өтті. Бірақ сонысы арқылы бізге теңдік әперді. Анау ар жақ шеттегі көршілерден шыққан сақұлақтар, біздің марқұмдардың көбінің қандықолы болған! (хұйзу тыңшыларын меңзегені екенін түсене қойдым). - Кадрларға жалқау деп жеткізіп қойып, ол марқұмдар дәрменнен айрылып жатып қалғанда кеуделерін топырақ толған зәмбілдермен бастырып өлтірген. Ол саққұлақтарға Асылбектердің саққұлақ болып тиіп, жарып беруі, дұп-дұрыс адалдық!... Теңдікті осы бауырлардың әперді деп, келісіңмен айтқанымыз сол болатын.

- Ол рас!- деді Қапас. - Бұл ісіне мен де көмектесіп жардемдесіп бергенмін.

- Мәселесі солай ғана болса, аса құрметті дазужаңымыз болғаны!- деп едім.

- «Олай болса, сырттан деп аталық!», «құтпан болсын!», «құтты аяқ болсын!»[4]- деген қалжыңдар қайта көтерілді.

- Кепкен тері жегенде болмаса, осы иттің аттарымызды тасталық!- деп келісіп тарадық.

Содан үш күн өтіп, күлкіміз тағы да таусыла бастағанда Дәмелқан екеуіміз қалған етті түпқотара кәкеліп, «күлкі уколын» екінші рет бердік. Семіз дөнен өгіздің қайдан табылғанын біле алмай, басқа ұрылардың ғана емес, менің де санам санға бөлініп еді. Іле шала майдан басшыларының лаужяу қанымен борлаған соғымдық өгізі жоғалған хабары жетіп, алал ақымызды дәл тауып жегендігімізге сүйіндірді. Ізделіп тексеріліп жатқанда онысының терісін де ыстық сумен жидітіп тазалап қайнатып жеп болғанбыз.

Көп өтпей әтіретіміз бестен-алтыдан қаурт қырыла бастады. Көміп үлгере алмай, шағыл үстіне сүйреп шығарып тастай бердік. Күйреуік жегеннен бергі жығылғандар алдымен ісіп «семіріп» алып жығылатын болды. Жұмысқа тақыстық істей алмайтын қайраттылары мен қомағайлары алдымен жығылды. Біз де алдымен қамданып, артық жұмыстан Сағи мен Шайзаданы шектеп едік. Шайзада біраз іркілсе де Сағи көнбей істей берді. «Әнеу күнгі сендерден екі есе артық жеген қалжам міне, қарнымда әлі тұр» деп күлдіріп қойып жөнелді.

Февраль айы басталғанда әтіреттің қалған елу шақты лаужяуы түгел ісіді. Сағидың да беті «семіре» бастады. Түнде жортып ештеңе таба алмай қайтып жүрген ұрыларымыз буындарынан айрылып қалды. Сырттан ештеңе таба алмай, түгелімен асхананы айландырды. Жуан сым темірден қармақ жасап, жыңғылдан тоқылған кілеттен ілінгенін тарта берді. Күйреуік момы да, кейде кадрлардың майшелпегі де ілініп тұрды. Көк лобы таусылған капустаның қураған сары жапырағы көп ұрланды.

«Жұқпалы ісік ауруы тарады. Суды аз ішіп, отырып алмай көбірек әрекеттеніңдер!» деп мәт сопы, «астық - гауһардың гауһары, біздің мына істеп жатқан ісіміз, сол гауһарды осы жазда көп өндірудің бірден-бір шарасы» деп Мазыдауян сарнайтын болды. Мұзды далаға дірдектетіп отырғызып қойып, іңір бойы кезектесе сайрайды. Шешендік жарысқа түседі екеуі.

Барлық қинауынан бізге осы шешендіктері қатты тиді. Олар сөзбен жарысқанда біз жөтелмен жарыстық, түп-түгел тымау. Аш лаужяулар суықтан аяқтарын жия алмай, жатын орындарына әрең жетіп жығылып, таңертең орындарынан тұра алмай қалатын болды. Біздің группадан жығылған Жақан. Өкпесіне суық тиіп, ыстығы өрлеп кетіпті.

«Даяужыңға қарсы жалқаулар» көбейіп кеткендіктен шабуылға әрине «халықазаттықтар» өтінбесін бе. Бір-бір шалма жіп әкеліп, аш аурулардың қылдай мойындарынан іліп-іліп ала сүйреді жұмыс майданына. Сол сүйреткілердің ең соңында сүйрелген Жақанның үні шықпай қалды. «Өлді-өлді» деп шу көтере біз ердік соңынан.

Сүйреуші мықтының алдын тоса қалдым мен. Қайран басымды қасқырға иіп, өзіміз көтеріп апаруды өтіндім. Талықсып қалған Жақанды тұзақтан босатып көтере бергенімде өзім етпетімнен түстім. Төрт аяқтап жіберіп қайта түрегелгенімше артымыздан көзі бұлаудай Сағи жүгіріп жетіп, ауруды көтеріп әкетті. Жұмыс басына апарып, шапан жайып жатқыздық.

Сыртымыздан қарап тұрған Маузыдауян дедек қағып жетіп, маған төнді. Көсе қара сұр қатпарлы жүзі жыбырлап, қанталаған тік көзі ойнақтай төнді. Бірақ, не деп кінә тағарын білмей, иығымнан тартып апарып, керке ұстатты.

- Бір айдан бері шапқан жерің осы ма?... Өзің істемегеніңмен қоймай, басқа жалқауларды қорғайтын неме екенсің, ал, шап!... Анауыңның міндетін де сен орындайсың, істетемін бүгін саған!

- Баугау зыдауян![5]- деп пікірімді тәртіппен тіктеле тұрып бастадым. - Осы әтіретке келген «ауруды» да сексен процентінің қырылып болған себебін де сіз білесіз, толық білесіз, мұндағы ең жоғары жауапты кадрымыз - сіз! Мен, мына ауру өліп бара жатқанда бәнжаңнан[6] сұрап алдым. Маған сіздің өшіккен себебіңіз осы ма, басқа қылмысым бар ма? Ең болмағанда осы ауруды ғана бір тексертіп көріңізші, егер жеңіл ауру болса, мені де жазалаңыз!... Таңертеңгі сәл жеңілдейтін уақыттың өзіндегі ыстығы қырық градус...

- Онда сенің не жұмысың бар?- деп сақ ете түсті зыдауян.

- Егер осы далада сіз ауырып қалсаңыз да қолымнан келісінше болысатын міндетім бар! Өліп қалсаңыз, әрине жылайтын да борышым бар!

Һы-һы деп Маузыдауян ышқынып қалғанда Дәмелқан қазақша сөйлеп, маған тоқтау айтты:

- Айтарыңды айтып болдың, енді салғылас па! Бұл ит бір өшіксе соңыңнан қалмайтын ит!

- Немене, немене?... Мынау не айтты?- сұқ көзі Дәмелқанға ауысты бастықтың. Ханзушаға аударып бер дегендей жалтақ-жалтақ қарады маңайына. Оған жауап берілгенше бір кадры келіп, сүйреліп келгендердің жолда үшеуі өлгенін айтты да, зыдауян дедек қағып солай жүгірді. Кеңшілік алғандай бой жазып қалдым. Төртіншісін өлтіртпей мен алып қалмадым ба!...

- Әй мынаны өзіңе өшіктіріп алдың-ау!- деп Дәмелқан отыра кетті қасыма. Қапас мені қуаттады.

- Нағыз жауапкерге майша сіңіріп айтылған мықты ескерту болды, бұдан зиян жоқ!

Бес-алты жерден жағылған от басына әтіреттің қалған қырық жеті көтеремі түгел отырыпты. Мүлдем құрығандай дағдарыс, түп-түгел қырылғандағы жым-жырттық басыпты. Қарын көлдің ышқына жұтынып шиқылдағанынан, алып кеңірдегімен күрс-күрс жөтелгенінен басқа дыбыс жоқ. Күннің көзінен де жан кетіп, сұрлана түсті. Ұрлана қарап кіші кадр ғана айланып жүр. Делбе болған малша шыр көбелек айланады. Жұмысқа қузаудан мүлде қалыпты. Келген таңертеңгі тамақсымағына лаужяулардың күндегідей таласа ұмтылатын талапкерлігі де жоғалғандай, бәрі нарау. Төрт аяқтап әрең түрегеліп, әрең жылжиды.

Маузыдауян да қайтып көрінбеді. Көк есекке тағы мініп, жықбыл-жықбылмен жөнелген сияқты. Кешке дейін тапжылмай отырдық.

Ертеңіне бір топ дәрігер жетті. Басқа орыннан келген шұқшиыңқы тәріздері бар. Жатып қалғандарды алқын-жұлқын тексеріп, Жақаннан бастап көтертті де қос аяқ арбаға шығартты. Тоңқалаңдатып дереу жөнелтті емханаға. Аяқ басып тұрғандарымызды жиып алып, жалғыз-ақ бұйрық түсірді біреуі: «жылы жатақтарыңа қайтыңдар, кеш қалмай дереу жүріп, жетіп алыңдар! Нәрселеріңді арттарыңнан арбамен жеткізеді!»

Тексеру группасы асығып, басқа әтіретке беттегенде жұртта күзетте қалатын болған Асылбекке жүгімізді өткізіп беріп, біз де жөнелдік.

Шамамызға қарай екіден-үштен бет-бетімізбен жылжып, кешке дейін қыстаулық тамымыздың жарым жолына әрең жетіп едік. Кадрларымыз әр шағылдан қарауылдап тұр екен. Мәт сопы сол түстігімізден, Мазыдауян оңтүстігімізден айқайлап шақырып жиып алды. Түгендеп жіберіп, төрт адамымыздың тағы да жолда қалғанын ести сала екеуі екі тұстан жүгірді. «Халық азаттықтан» жеті-сегізін ерте жүгірді. Жауапкерліктерін енді танығандықтарын сезіп күрсіністік.

Гансылер бастап бізді келген жолымыздағы капуста түбірін беретін әтіретке әкеліп тоқтатты. Мұндағы құтырған қызылкөз түгіл жаудырап тұрған қаракөздердің де көбі өліп, шағылға шығып болған сияқты. Қалғанын кадрлар бізбен қоса санап, тоқсан екі санды әрең құрады. Бұрынғы алты жүз шамалы лаужяуы бар екі әтіреттің жұрнағы осы санмен бір әтірет есебінде әрең-пәрең қалқиып тұра қалыппыз. Группаға қайтадан бөлгенде бұрынғы екі әтіреттегі қазақтар іргелес екі жер үйге бұрынғы қалпымызбен бөліне салдық. Екі жақта қалған мүлкіміз ертеңіне екі жақтан жетіп құралды.

Аспаздар группасын асханадан қуып шығып, кадрлардың өздері аспазға айнала қалыпты. Бұрынғы өздері ғана жеп жүрген майшелпектері бізге де жеткеніне күлісіп едік. Түнімен ұйықтамай шедеу тақылдатып, таңертеңгілік тамағымызға адам жейтін тәп-тәуір азық даярлағандықтары тіпті қызық көрінді. Таң ата қазандарын шыж-пыж еткізіп, әдейгідей қуырдақша қуырды.

- «Жатақтарыңа отты мол жағыңдар, отынды арбамен тасытамыз!», «сыртқа шықпаңдар, суық тиеді!», «жұқпалы тұмау мен ісік ауруының улы микробтары қаптап кетті, дәретке шықсаңдар аузы-мұрындарыңды орап, қалың киініп шығыңдар!»- деп өсиеттейді Мазыдауян. Іле-шала мәт сопы кіріп, мұндай «шапағатын» молынан төгіп шығады. Екеуі шетелден келген мейманның күтушілерінше аспаздық аппақ алжапқыш байланып, кезек-кезек жүгіріп жүр.

- Осыларға осы қамқорлықты үйретіп отырған кім екен, білгендерің бар ма?- деп Дәлелқан күле сұрады бір шақта.

- Әйтеуір бас аспаз сары текенің өзі!- деп күңгірлей салған Сағидың Мазыдауянға лайықты ат тапқанына күліп жіберіп едім. Тағы да күңгірлеп айқындады. - Еті мен беті қара болғанымен тері жүні сары ғой, ал, оның бізді аңдып жүретін қиыннан тауешкіден басқа хайуан өте алмайды!

- Сөйтіп асханада бөтеннен ешкім жоқ па? - Қапас қайталап сұрады, Дәмелқан білмек болған жайтты.

- Ескі қара шапан киіп сүмірейген біреу отыр, басқа бір әтіреттің лаужяу запхозы сияқты.

- Олай болса, шаған уақыты да емес, әйелдердің 8-ші мартына ұқсаған, лаужяуларға да бір мереке күн белгілене қалғаны ма?...

Бұл сұрауымызға жауап соның ертеңіне табылды. Укол қойып, дәрілеуге келген Ләтипа аппай айтып келген хабардан түсіндік: Үрімжідегі сахшы назаратының еңбекпен жазалау мекемесі лажысыздықтан шығарған ойын екен: қарамағындағы лаугай-лаужяулар ашаршылықтан төтенше көп қырылып жатқандықтан халық наразылығы күшейіп кетіпті. Соны басу үшін төтенше қамқорлық бейне көрсеткен бола отырып, қылмыстарын «жұқпалы ауру» мен «қуаңшылық апатқа» аудармақ екен.

Күншығыс жағымыздағы «Ділпар» майданындағы жазаланушылар түгелге жуық қырылыпты да осы Сауху майданындағы үш мыңнан артық лаужяудан жеті жүзге жуығы ғана қалыпты.

- Бұл қалғанның көбі әлі де қатер астында!- деп күрсінді Ләтипа. - Сол үшін бұл екі майданның міндетті басшыларын сотқа тапсырмай, сақшы назаратының өзі жауапкерліктен құтыла алмайтын көрінеді. Назараттың үлкенірек бір бастығы келіп, майдан бастықтарын тықсырып жатыр.

- Мына құйып жатқан уколдарыңыз қандай аурудың шипасы?- деп сұрағанымда Ләтипа күліп жіберді.

- Бұл, алдампаздықтың «көңіл аулау» дейтін уколы. Мерзімі әлдеқашан өтіп, күшінен айрылып болған дәрілер. Мені бақылауға келген мына қара сұр тізімді ұстап отырып ұрғызады да, мен ұра беремін!

- Менің көңілімді де осылай аулайсыз ба?

- Сіз соңына таман келіңіз!...

Мен дереу шығып кетіп, екі адам қалғанда соңынан тұра қалып едім. Ләтипа дәретке шыққан болып, әтірет штабының сыртындағы шағылды айланып кетті. Қайта келіп қолын жуды да, менің алдымдағы екі лаужяудың көзіне қарап, тамырын ұстап тексеріп, сол уколын қоя-қоя салды. Мені де солай тексеріп көрді де шприсын ауыстырп, басқа укол қойды.

- Мен жаңағы барған төбенің сыртындағы үлкен жыңғыл түбіне көмдім!- деп күбірлей салды сонсоң. Айтқан жеріне іле-шала барып, бір сауыт түйршік «С» витамин мен екі қапшық глюкоза таптым. Қазіргі бізге ең қажетті дәрі осы болатын.

Асханада сөлмірейіп жүрген бейтаныс қара киім мен Ләтипаның соңындағы бақылаушы да Үрімжіден келіпті. Киімдерін өзгертіп киген сақшы назаратының бір-бір кожаңы екен.

Кадрларымыз өздерінің запас тамағына қонақтатқан сол бес күннің ең соңғы күні үлкен бастық та қарапайым киіммен келді. Тірі қалғанымызды сыртқа шығартып көріп, бір-бірден тартқызды суретке. Ірі әріппен жазылған атымызды кеудемізге жапсыртып қойып тартқанына қарағанда, «апаттар» алқасының бұл сатыда қайсымызды жойып, қайсымызды қойғанын біліп, таптық төңкерістік идеясына баға бермек сияқты.

Ал, өз әтіретіміздің басшылары қайсымызға болса да «жылы киініп шық», «тез кіріп кет» дейтіндей «қормалдықтарын» әйгілеп тұрды. Кеше ғана өткен мұз үстіндегі қырғындары естерінен шығып кеткен бе, иә естерінің өзі шығып кеткен бе, шімігер емес.

 

Кереметті тергеушім, «сасқан үйректің алдымен де, артымен де сүңгитіндігін» білуші едім. Бірақ, сасқан сайтанның қайтетіндігінен хабарым жоқ екен. Осы қылмысымды ғана кешіре көріңіз! Тегі, пұттарыңызды керіп шаттарыңызбен де, шалқалап екі бүктеліп те сүңги аласыздар ғой деймін. Ал, жетілген, жоғары сатыдағыларыңыз ғой ет пен терінің арасына, адам ғауратының панасына сіңіп кете алатындықтан, сарала қамшы төнгенше киімін ғана өзгертіп сазарып-бедірейіп тұра беретіндігін аңыздардан ғана еститінмін.

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»



[1] Дазужаң - әтіреттегі группалар бірлестігінің бастығы (үлкен группа бастығы).

[2] Зыдауян (ханзуша) - нұсқаушы. (әтіреттің саяси жетекшісі).

[3] Текшедестеметр - текшеметрдің мыңнан бір бөлігі.

[4] Бәрі де итке қойылатын аттар.

[5] Баугау зыдауян - Баяндауыма рұқсат етіңіз, нұсқаушы.

[6] Бәнжаң - онбасы (өзін күзетуші әскерді жазаланушылар осылай атауға міндетті).

0 пікір