Сенбі, 18 Мамыр 2024
Африкалықтың арманы... 3761 14 пікір 28 Ақпан, 2022 сағат 11:05

Мен президент болсам не істер едім?..

«Президенттің орнында болсаңыз 5-6 қаңтар күні өзіңіз не істер едіңіз?»
Сұрақ қою - оңай, жауап беру – қиын...

Абдірейім Өміров есімді баурымыз 30-қаңтар күні «Президентке сын айтып жатқандарға» деп, жоғарыдағы сұрақты қойды. Нақты сұраққа – нақты жауап.
Мен, ең алдымен «20 мың шетелдік террорист басып кірді» деп, қасақана үрей сепкен ҰҚК төрағасына «дәлелің кәне?!» деп, үнін өшірер едім.

Сыпатай батыр мен Рүстем төре сатып кеткен Кенесары ханның кебін киіп, жалғыз қалып, жаным қысылса да Путинге қарыздар болғанша, Ердоғанның екі жыл бұрынғы жарқын үлгісімен тікелей эфирге шығып, қалың қазаққа: «Тәуелсіздікке қатер төнді, бәріңіз көшеге шығыңыздар, тек тәртіп сақтаңыздар!» деп Үндеу тастар едім, полицияға дамыған елдердегідей «шеруші халықты арандатушылардан қорғаңдар!» деп бұйрық берер едім. Сыртқы күшке емес, өз халқыма сенер едім! Миллиондаған адам көшеге шыққанда террористер тұрмақ, тұтас армия артын қысатыны белгілі. Сол кезде кінәліден бұрын кінәсіз көп жанның ғұмырын жұлып кеткен «ескертпестен оқ атыңдар!» деген бұйрық та берілмес еді, бейбіт басталған митингілер де Жаңаөзендегідей бейбіт аяқталар еді!.. Одан бөлек, Президент болсам, бір минут созбай, мемлекеттің ең жоғары мәртебелі, бірақ, жалдамалы қызметшісі ретінде биліктің «Қаңтар қырғынына» жол берген бейшаралығы үшін халықтан кешірім сұрар едім. Онымен де шектелмей халықаралық және отандық қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан құзырлы комиссия құрып, оның бір ай ішінде шынайы нәтиже беруін талап етер едім.

«Нұрекең қалай халықтан кешірім сұрады?..»

Жалпы, «Президент болсам не істер едім?» деп ойланған, ойланып жүрген көзі ашық, көңілі қарақты азаматтар аз болмаса керек. Мен де «ұсынбасаң – сынама!» деген ұстаныммен, өз ой-пікірімді талай рет жариялап жүрсем де, көп жыл маза бермеген ойды қорыта, 2019 жылдың ақпан айында елді жардың басына әкеп қойып, өзі кетуге бет алған Нұрекеңе алдымен оның өзі үшін - ия, алдымен оның өзі үшін! – сосын ел үшін «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» алып шығатын жолды көрсетіп, Нильс Бор айтқандай «сумасшедшая идея» ұсындым: «Нұреке, ел қаймағын жинап, төтенше жиын өткізіңіз-дағы, әлемдік алпауыт телеарналарды қосып, тікелей эфирден халыққа былай деп жариялаңыз» дедім: «Бүгінгі елдің тұйыққа тірелген жағдайы үшін бірден бір кінәлі адам - осы жемқор жүйені құрған менмін! Қатемді мойындап кешірім сұраймын! Кешірім сұрап қана қоймаймын, оны өз қолыммен түзетемін: сырттағы 73 млрд.доллар ақшам мен дүние-мүлкімді де қайтарамын және менің мемлекеттің мүлкін бөліп бергенімнің, «алғашқы капитал адал жолмен жиналмайды» деп ұрандатып, ұрлаған-тонағандарын үш рет заңмен «жуып-тазалап» бергенімнің арқасында шетінен «миллионер» болып отырған биліктегілер мен бизнесмендердің ақшасын қайтартамын. 70 млрд.долларымды ел экономикасына құйып, 1 млрд.долларды ауылдардағы ел бойынша ең тұрмысы төмен 200 мың отбаысыға 50 қойдан сатып алуға шығарамын. 200 мың отбасы үш жылдан соң ол 50 қойдың басын түп-түгел өзі секілді басқа бір отбасыға өткізіп, өзі үш жылда алған төлімен ары қарай күн көруі тиіс. Бұл – қайтарымсыз қаржы, «кредитке екі сиыр алыңдар да байыңдар» деген орынсыз қалжыңымның өтеуі. Қалған 2 млрд.долларын 4 жылда бір рет 1 млрд. доллар көлемінде, өзім сияқты қатесін түзеген саясаткерлерге, ғалымдарға, т.б. берілетін сыйлыққа құямын».

Нұреке, осылай етсеңіз, онда сіз атыңыз - қазақ тарихына жақсылы-жаманды атпен онсыз да кіріп тұрсыз - адамзат тарихына алтын әріптермен жазылатын болады. Әрбір төртінші жылды бүкіл әлем «биыл Назарбаев сыйлығы кімге бұйырар екен?» деп күтумен өткізеді» дедім.

Бұл ұсынысты «Қассақия қағанаты қалай құрылды?» немесе «Ертең жайлы ертегі» деген 33-беттік қияли-ғажайып хикая түрінде республикалық газеттер мен сайттардың бәріне жібердім. Ешкім, тіпті «Дат!» та баспады!.. Сосын 2019 ж.14-наурызда фейсбук бетіне төрт бөліп бердім. «Мақпал Жүнісова әнші емес» деген постыма қырылып қала жаздаған қазақ – әсіресе, жастар – бұл сөзімді шыбын шаққан құрлы көрмеді. Жарайды, менің міндетім – ұсыну, мемлекет, қоғам керек етпесе «өз сөзім өзімдікі». Сонымен.

Мен президент болсам не істер едім?

Ең бірінші, күні ертең, 2022 жылдың 1-наурыз күні қазақтың сүйегіне таңба болып басылған Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заңның күші жойылатынын хабарлап, сонымен қатар жоғарыдағы ұсынысымды Тұңғыш Президентке – бұл жолы алдымен ел үшін, сосын ол кісінің өзі үшін - тағы ұсынамын. Рас, бүгінгі жағдай 2019 жылдың наурызы емес, дегенмен, әлде де кеш емес! Президент Қасым-Жомарт мырза ұстазына деген құрметін көрсетті, сірә, Мұхаммед пайғамбардың «ұстазың – ата-анаңнан артық» деген сөзін ұстанса керек, ал, Нұрекең шәкіртінің жақсылығына осылай жауап қайтарса жөн болмақ. Әділет қағидасы, ең жұмсақ түрін алып отырмыз, соны талап етеді, ал, римдіктер мақалы «әділеттіктің салтанат құруын қамтамасыз ете алмаған ел ертелі-кеш күйрейді» десе, қытайлар «әділетті патша тұсында өмір сүр» дейді. Ең бастысы – жартыкеш реформалар ешқашан жақсылықпен аяқталған емес, Горбачев та жұрт «жартыкеш жасама!» десе де тыңдамай, ақыры тұтас елдің тас-талқанын шығарды, чехтар мен словактар секілді дау-дамайсыз ажырастыруға да шамасы келмеді...

Ұсыныс қабылданбаған жағдайда заң талабына сай жауап беруіне тура келеді.

Екінші. Күні ертең, 2022 жылдың 1-наурыз күні:

- дұрыс құрылым еместігі әуелден белгілі қос палаталы Парламент;
-заңсыз құрылған Қазақстан халқының ассамблеясы;
-барлық сяси партиялар таратылады.
Саяси партиялар шынайы түрде, төменнен бастап құрылатын болады; бір палаталы, 40 депутаттан тұратын Парламент сайлауы «Қазақстанның Тәуелсіздік Декларациясы күнінің» құрметіне осы жылдың 25-қазанында өтетін болады.

Жер туралы Кодекстің күші жойылады, қазақ жері ешкімге сатылмайды, тек өз еліміздің азаматтарына 49 жылдан 99-жылға дейін жалға беріледі, және келісім-шарт әр жыл сайын АҚШ-тағыдай ұзартылып отырады.
Негізін Қазақстанның 1993 жылғы Конституция құрған жаңа Конституция мен Жер туралы Кодекстің жаңа редакциясын жаңа Парламент қабылдайды. Жаңа Конституцияға сәйкес көптеген заңдар, бірінші кезекте Азаматтық және Неке туралы, қайта қаралады. Мемлекеттің ресми атауы «Қазақ Республикасы» мен «Қазақия» болып бекітіледі, «Республиканың тілі – қазақ тілі» деп көрсетіледі.

Үшінші. Күні ертең, 2022 жылдың 1-наурызы күні Министрлер кабинеті, Бас прокуратура, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мен Жоғарғы Сот толық құрамда доғарысқа жіберіледі. Министрлер кабинеті бір айдың, қалғандары үш айдың ішінде, 2022ж.1-маусымына дейін олардың басшылық құрамы жас та жаңа құраммен алмастырылады. Оларды қабылдауға қойылар шарт: қазақ тілінде өзінің кәсіби болашағы жайлы шығарма жазу, Қазақстан тарихынан және қазақтың мәдениеті, өнері мен әдебиетінен, салт-дәстүрінен емтихан тапсыру. Ескі құрамнан абыройын кір шалмаған, қолы, ары таза сот, прокурор, тергеуші, экономист, инженер, т.б. мамандар табылса, олар кеңесшілікке шақырылады.

Премьер-министр әрі аса маңызды Су және мелиорация министрі болып Су комитетінің бұрынғы төрағасы, бюджетке бөліске түсуі үшін қасақана артық салынған 1 триллион 368 миллиард теңгені үнемдеп, қазынаға қайтарғаны үшін «пара алуға оқталды(?)» деген айыппен 5 жылға сотталған Ислам Әбішев, «Қазатомөндіріс» Ұлттық компаниясының төрағасы болып түрмеде жазықсыз он жыл отырған М.Жәкішев тағайындалады. Әрине, олар өздеріне тағылған жалған айыптан толық ақталады. Бұл шара – әділетсіздіктің зардабын аяусыз тартқан халықтың билікке деген сенімін оятуға қызмет етеді.

Төртінші. Білімді түгел қазақ тілінде беруге өту үдерісі мектептердегі 1-4 сыныптарда 2022-2023–оқу жылында басталып (бұл сыныптарда баға қойылмайтын болады және балалар мектепке осы оқу жылынан бастап 7 жастан баратын баратын болады, себебі «бала ойынмен өседі», біздің олардың қайталанбас бақытты шағын қысқартуға ешқандай хақымыз жоқ!), 5-8 сыныптарда 2023-2024-оқу жылында жалғасып, 9-11 сыныптарда 2024-2025-оқу жылында аяқталатыны; арнайы орта және жоғары оқу орындарында бұл үдеріс 2025-2026-оқу жылында аяқталатыны жария етіледі. Мектептің бәрінде меншік түріне қарамастан бірегей Ұлттық білім бағдарламасы бойынша сабақ беріледі.

Мемлекеттік іс қағаздар 2025 жылдың 1-қаңтарына қазақ тіліне толық өтіп болады. Президент ретінде алдыма келген құжат қазақша болмаса, үн-түнсіз кейін қайтара беремін. Отыз жылда қазақ тілін іс жүзінде мемлекеттік тіл етуге асықпағандар енді тәулігіне Наполеонша төрт сағат қана ұйықтап, бел шешпей жұмыс істейтін болады.

Бесінші. Биліктегілер мен бизнесмендер бір айдың ішінде, 2022-жылдың 1-сәуіріне дейін ақшасы мен мал-мүлкі нақты көрсетіп, «байлық» декларациясын өткізуге міндеттеледі. Толтырған соң оларға бір ғана талап қойылады: арнайы құрылған Мемлекеттік комиссияның аудандық (қалалық) бөлімінің мүшелері алдында: «Мен осы жазғанымның бәрінің растығына Алла-Тағалаға жанымды беруге дайынмын» деп мәлімдеуге міндетті. Құдыреті, шеберлігі шексіз Құдай өзіне сөз берген адам уәдесін бұзса, көп ұзатпай оның жанын алады. Біз Алла-Тағаланың осы шексіз әділеттілігін пайдаланып қалуға, жұмысымызды шексіз жеңілдетуге тиіспіз! Комиссияның төрағасы болып Ә.Қажыгелдин тағайындалады.

Мал-мүлкін жасырмай жариялаған: а) бизнесмендердің байлығының 50 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылады, 25 пайызы оған заем сату арқылы 25 жылға қарызға алынады, 25 пайызы өзінде қалдыралады; б) биліктегілердің байлығының 90 пайызын мемлекет меншігіне қайтарылып, 10 пайызы өзінде қалдырылады. Бұл жерде бизнесмендердің байлығы бөліске түскен мемлекеттік меншіктен құралғаны, жемқорларға 10 пайызын қалдырудың негізінде оларды басымызға шығарып, білгенін істетіп қойған өзіміздің, халықтың да кінәлі екендігі ескерілді. Біз де осылай өз жазамызды тартуға тиіспіз, сонда бұдан былай бұндай бассыздыққа жол бермейтін, заңсыздыққа төзбейтін боламыз.

Алтыншы. Күні ертең, 2022 жылдың 1-наурыз күні ауыр қылмыс істеген кәнігі (рецидивист) қылмыскерлерден басқаның бәріне (бұл – шамамен қылмыскерлердің 85-90 пайызы), оның ішінде саяси себеппен сотталғандарға да (Ә.Қажыгелдин, М.Әбләзов, т.б.) жаппай амнистия жарияланады және олар медициналық тексеруден өткізіліп, аурулары емделген соң ғана бостандыққа жіберіледі. Тек оларға (саяси тұтқындардан басқа) қойылар бір шарт бар: олар түрме басшылығының алдында «мен қайтадан қылмысқа барар болсам, жанымды Аллаға беруге дайынмын» деп дауыстап айтуы тиіс.

Жетінші. Күні ертең, 2022 жылдың 1-наурыз күні сырттағы 10 млн-ға жуық қандасымыздың жағдай жасасақ ертең келуге дайын 5 миллионын алдағы 5 жылда әкеліп, солтүстік және шығыс шекаралық аймақтарға орналастыру үшін құзыры кеңейтілген Көші-қон министрлігі құрылып, оның басына бұл істе тәжірибесі мол, Өзбекстаннан бір ауданның 25 мың халқын түп-түгел Шымкентте сол оралман халықтың өз күшімен салынған «Асар» мөлтекауданына көшіріп әкелген Ибадулла Қалыбеков тағайындалады. Ол әрі вице-премьер болып та қызмет ететін болады.

Бұл жерде тәуелсіздік алған Алжирде қалып кеткен 6 млн.француз азаматын елге әкелу үшін президент Шарль де Голль 1968 жылы арнайы министрлік құрып, 2 жылдың ішінде оларды әкеліп, баспанамен де, жұмыспен де қамтамасыз еткен; 1,5 млн. грек пен жарты миллиондай армянды өз еліне жіберіп, олардың орнына сол екі елден соншама мұсылманды Түркияға көшіріп әкелген Ататүріктің тәжірибесін біз де Ресей мен Өзбекстанға қатысты пайдаланатын, қолданатын боламыз. Өйткені, осылай жүре берсек 30 жылдан кейін Ресей түгілі Өзбекстан мен Қытайдан «төбеңнен алтын құямын» десең келетін қазақ таппай қаламыз.

Сегізінші. Еліміздің аумақтық құрылымы мен олардың атауы өзгертіледі. Енді онда 17 өлке:1.Жетісу, 2.Өр Алтай, 3.Семей, 4.Баянауыл, 5.Көкшетау, 6.Сары-Арқа, 7.Ұлытау, 8.Солт.Қазақстан, 9.Қостанай, 10.Ақтөбе, 11.Ақ Жайық, 12.Атырау, 13.Маңғыстау, 14.Ақмешіт, 15. Торғай, 16.Түркістан, 17.Тараз өлкесі және Астана, Алматы және Шымкент қаласының әкімдігі, барлығы 20 әкімдік құрылады. Қазақи мәйекті үш өлкемен қатар, 1990-жылдары екі желеу, бір сылтаумен таратылып жіберілген барлық шекаралық аудандар да шұғыл түрде түгел қалпына келтіріледі.

Тоғызыншы. Әліппе – өркениет дамуының ең негізгі көрсеткішінің бірі! Әлемде бар-жоғы 15 шақты ғана әліппе бар. Ендеше, бұдан 2-3 мың жыл бұрын ата-бабаларымыздың өз жазуының болуы - олардың даму деңгейі қандай биікте болғанының бұлтартпас дәлелі. Сондықтан, ұлттың езілген еңсесін тіктеп, жаншылған рухын көтергіміз, отансүйгіштігін оятып, жас ұрпақты патриотизмге баулығымыз келетіні шын болса төл жазуымызға - ойма (руна) әліппесіне 2026–жылдың 1-қыркүйегінен қалмай көшкеніміз жөн. Нағыз «Рухани жаңғыру» дегеніміз - осы! «Өлі разы болмай, тірі байымайды», төл жазуды тірілтсек әруақтар бізге риза болып, әрбір ісімізді қолдап, жебеп отырар еді! Израилдің бүгінгі деңгейге жеткеніне 1948-жылы өлі иврит тіліне қайта жан кіргізгені де себепкер болғаны сөзсіз. Премьер-министр Бен-Гурион бастап, барлық жөйт күніге жұмыстан соң екі сағат ивритті оқумен, үйренумен болған. Әліппені тірілту біздің де өз қолымызда! Жоқ әлде біз жөйттерден кем болып жаратылғанбыз ба?..

Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу аулындағы Б.Нұрлыбеков ат.мектептің ұстазы Ботакөз Мошқаловада төл әліппеміздің бір ізге түсірілген жүйесі, қалай оқытудың әдістемесі, шәкірттерінің ғылыми еңбектері де дайын тұр.

Ал, латын қарпінің, ұлтымызды екіге бөлгеннен басқа, рухымызды көтеру жағынан бізге берер түгі жоқ! Солай екенін түсіну үшін ағылшын тілі мемлекеттік тілі болып саналатын елдің саны әлемде 16, ресми тілі болып саналатыны 26, ал, дамып кеткені 5-6-ақ екенін еске алсақ та жетер.
Оныншы.Күні ертең, 2022 жылдың 1-наурыз күні қарағандылық ғалым С.Жетесовтің сынақтан өтіп қойған теңдессіз қару-жарақтарын – оғының жылдамдығы ұшқан сайын күшейетін(!) пулемет-пистолетін, 3 келі ғана келетін зеңбірегі мен төрт жағына бірдей оқ бората алатын танкісін, олардың оқ-снарядын жасап шығаратын, ең жоғары деңгейдегі техникалық және технологиялық үлгімен жабдықталған қару-жарақ зауыты салынаты туралы шешім жария етіледі.

Бұл саяси шараның барлығы «ревоюцияға дейін құл едім, революциядан кейін құлдың құлы болдым» деп қытай ойшылы айтқандай, өз жерінде патшалық Ресей мен кеңес дәуірінде 200 жыл екінші сортты, Тәуелсіздік кезінде 30 жыл үшінші сортты ұлтқа айналып, рухы езілген елдің рухын көтеру үшін! Ал, рухы көтерілген елдің алмайтын қамалы жоқ, оны жеңе алатын күш жоқ! Бабаларымыздың саны өздерінен 100 есе аз болса да, олардан қорыққандар бұдан 2 мың жыл бұрын 7 мың шақырымдық қорған салып еді. Қылыш пен найзаның заманында! Ол кезде рухымыз асқақ болатын. Бүгін – санымыз тағы да 100 есе ғана аз – енді біз олардың аты аталса бұтымызға жіберіп қоя жаздаймыз. Неге? Рухымыз өліп қалған. Ал, рухы өлмеген шешендер өзінен жүз есе көп орыстарды іс жүзінде жеңіп шықты. Олардың бүгінгі жағдайы жеңіліс емес, уақытша кейін шегіну ғана. Ол ертең-ақ күні туған сәтте Тәуелсіздік алатын елдердің алдыңғы сапынан табылады.

Бұдан басқа экономикалық блокқа қатысты да бірқатар шұғыл шаралар жоғарыда жазылғандармен қатарласа қолған алынады, «мынау - бүгін, мынау – ертең» делінбейді. Бұл өз алдына үлкен тақырып, оны таратып жатпай-ақ қояйын. (Мүмкін, ертең жариялармын). Бір-екеуіне ғана тоқталайын. Күні ертең, 2022 жылдың 1-наурыз күні Мемлекеттік жалпы ішкі өнімнің ғылыми-зерттеу мақсатына бөлінер үлесін – ал, мемлекет дами алатын болу үшін бұл үлес оның 3 пайызынан кем болмауы тиіс - айтуға ұят 0,27% деңгейінен 3 пайызға көтеру үшін бюджетті қайта қарауға нұсқау берілетінін айтсам да жетер.

Біз кәзір 5 мың жылдық тарихы бар халқымыздың «болар ия жоғалар», ең шешуші кезеңін бастан кешіріп жатырмыз. Бұл ешқандай да әсірелеп айтылған, асыра сілтенген сөз емес. Бүгінгі күннің қаупінің қасында жоңғармен арадағы жүз жылдық Отан соғысы да, Ашаршылық та ойыншық. Себебі, ол кездің бәрінде де жау сырттан келген ашық жау еді. Бүгінгі жау – ішімізде! «Қаңтар қырғыны» - соның қаншалықты қатерлі екенінің айғағы! Біз бүгін тіл мен діннен екі айрылған (астанасынан көшесінде қазақша сөйлейтін адам табылмайтын!), рушылдығы асқынған (бір рудың өкілдері 24 министрлік деңгейдегі мансапты иеленген), ұлттық салт-дәстүрі нықталып, мықтылана түсудің орнына өршелене шайылып, жойылып жатқан, есесіне азғындыққа мемлекеттік деңгейде даңғыл жол ашылып, қолдау көрсетіліп, қорғалып жатқан арман-бермен, әрі-сері күй кешіп жатқан, болашағы бұлдыр ұлтпыз. АҚШ мемлекетін қалаушылардың бірі Т.Джефферсонның «жақсы заңың болғанша жақсы салт-дәстүрің болсын!» деген өсиетін білмейтін, білгісі келмейтін ұлтпыз.

Осындай кезде Президент Тоқаевтың мойнындағы жүктің салмағы қара жердей ауыр екені түсінікті. Қателеспейтін тек – Алла! «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш!» дейтін қазақтан Президент Тоқаевтың да қатесі үшін кешірім сұрауға асықпауы түсініксіз. Сұраса абыройы тек асқақтар еді ғой, көмекші-кеңесшілерінің соны айтуға да жарамағаны ма?.. Азаптау да тыйылар емес, полиция басшылығы «қардың түсі - қап-қара» дегендей «бізде азаптау жоқ» десе, Бас прокуратура өкілі «азаптағаннан алты адам өлді, бірақ, бізде жаппай азаптау жоқ» дейді. Орыстар екеуден асса көпше түрге жатқызады, бізде «көпке» жатқызылуы үшін қанша болу керек екен?..
Шыдамдылығы шексіз қазақ сонда да Президент Тоқаевтан теріс айналған жоқ, оның «ескертпестен қаруланған бандиттерді атыңдар» дегенмін» деп, айыбын жуып-шаймақ болған әрекетін ісінің дұрыстығына өзі де күмәндана бастаған екен ғой» деп, Наурыздағы Жолдауынан кейін шынайы өзгеріс жасауға кірісетін шығар деп үміт артып отыр. Ресейден арнайы келген премьер-министр Мишустинді Тоқаевтың «құр қол» қайтарғаны, Украинаға басып кірген Ресейге әскери көмек бермейтін болғаны, оның алдында қуыршақ екі республикасын танудан бас тартқаны үміттің шоғын қоюлатып отыр. Біздің жазбамыз да сол мақсатқа бағытталған. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады», артық кеткен, кем соққан жеріміз болса, айыпқа бұйырмассыздар. Кедір-бұдыр жерін түзетуге ат салыссаңыздар, алғысымыз шексіз болар еді...

Өмірзақ Ақжігіт

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2140
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2547
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2324
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1653