Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Ақмылтық 4510 14 пікір 25 Ақпан, 2022 сағат 11:03

Талтүсте тонау!

«Атың шықпаса, жер өрте», деген кешегі қазекемнің бүгінгі ұрпағы қолына сіреңке алмаса да, аты әлемнің алыс-жақын талай еліне өртсіз-ақ тарады. Биыл. Ресми жолмен. «Қалайша?» дейсіз бе? Былайша: Англия парламентінің мүшесі Маргарет Ходж ақпанның 3-і күнгі мәжілісте «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» сөйлеп, Қазақстанның арамақшалы    28 байына санкция салу керектігін айтып, аттарын тізіп берді. Оның теңжартысы – елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әулеті. «Көшбасы», әрине, Әбішұлы. Үш қызы және күйеубалалары: Тимур Құлыбаев пен Қайрат Шәріпбаев, інілері: Самат Әбішев пен Қайрат Сатыпалды, ең кішілері – Дәриғаның ұлы Айсұлтан.

Назарбаевтардың бір ғана Англиядағы дүние-мүлкінің жалпы сомасы 330 миллион фунт стерлинг екен!  1 ф/с = 626 тенге.

Интернетте жалпы Назарбаевтар туралы көп. «В Лондоне призвали к санкции против «казахских клептократов» – семьи и приближенных Назарбаева» делінген бір шолу мақалада. Оның халықаралық тілдерге аударылып, алыс-жақын елдерге тарап кеткені шүбәсіз.

Міне, қазақ, сенен өзге халықтың бұлайша «атаққа жарығанын», мысалы, мен естіген емеспін.

Әйгілі миллиардер Т.Құлыбаевтың «жомарттығы» соншама, принц Эндрюдің 12 миллион фунт стерлигке сатылмақ үй-жайы мен жерін 15 миллион фунт стерлигке ала салыпты! Әйелі – Динара Нұрсұлтанқызы екеуі де миллиардер болған соң (әрқайсысында 2,5 миллиард доллар бар көрінеді), сірә, ақшасының есебінен жаңылып қала беретін болған ғой...

Н.Назарбаевтың ел президенті тағына отырар алдындағы қимылы менің де әлі көз алдымда. Мәдениет сарайымыздың республика туы ілінген сахнасына қасқалау басты сымбатты жігіт шығып (бұрын көрмегенмін), мінберге барды (салтанатты жиналыстың мәні – еліміздің бірінші президентін сайлау екені жарияланған). Зал толы жұртшылыққа сәлемдесу ишарасын жасап, мінбердің оң жақ шетіне таман қойылған Құран-кітаптың бетіне оң алақанын төсеп тұрып: Қазақстанға әрқашан адал қызмет ететініне, бүкіл өмірін, күш-жігерін халықтың мүддесіне жұмсайтынына, көпұлтты елдің ынтымағын нығайта түсуде әділ болатынына... ант берді. Мүдірмей сөйлейді екен. Дуқолшапалақ...

Иә, алғашқы шапалақ ауыл-селоға тиді.

Еркін елдігіміздің Көк туын алақайлап көтеріп, даңғыл жолға түскенімізге мәз болып, шалқи бастадық. Жаңа өміріміздің бірінші жаңалығы болып «Ауыл шаруашылығын приватизациялау туралы» қаулы шықты. Президенттік басшылық бұрында «мемлекетке масыл» болған саланы жекеменшікке айналдырды. Ұжымшар (колхоз) мен кеңшардың (совхоздың)  барша техникасы, малы апыл-ғұпыл сатылды, немесе несиеге берілді. Қалталылар қарық болды, қалтасыздар зарық болды.

1980-жылы-ау деймін, КСРО басшысы Л.Брежнев Алматыға келіп, үлкен жиын алдында сөйлеп тұрып: «Қазақстанда қазірде 33 миллион қой бар екен, Димаш Ахметович, алдағы он жылда 50 миллионға жетеді деп ойлаймын» дегенінде  Лекеңнің ежелгі досы, біздің басшымыз Д.Қонаев қол соға құптап: «Жетеді, Леонид Ильич, жеткіземіз!» деген. 1990-жылы  36,2 миллионға жеткен сол қой да бөліске түсіп кете барды. Олай болмаса,  қайда кетті?

Ауыл  қазақтың азық-түлік қоймасы емес, алтын бесігі еді, сол бесік аударылды. Кеңестік дәуірде: «Қаладан – ауылға!»; «Қала мен ауылды  қатар дамытайық!» деген бағыт болды. Облыстық гәзет редакциясының журналшысы кезімде сол игі ниетті қолдаған мақалалар жазылуына атсалысқандардың бірі болдым. Ауыл-село өзінің тіршілігіне қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіліп, жан-жақты дамыды.

Тіршілік өзгерді. Кеңестік дәуірде  түтіні түзу шығып тұрған 2 мыңнан астам ауыл-селоның «тарихи реформадан» соң 2 жүздейі қалып еді, тәуелсіздігіміздің «Ой-хой!» 30 жылында олар да туталақайға ұшырап, қаңқалары ғана қалды. Әріректегісін ақтармай, бүгінгісін,  2022-жылғысын, айтсақ: гәзеттерде анау ауылға ауызсу, мынау ауылға газ  жеткізілгені, жылу жүйесінің іске қосылғаны, медпукт, аурухана ашылғаны... туралы хабарлар шығып жатыр. 30 жылдағы «ересен табыстарымыздың нәтижесі».  Есту де ыңғайсыз «жаңалықтар».

Өнеркәсібіміз де Назарбаевтық: «өз күніңді өзің көр», «бай бай болады, кедей кедей болады» деген «ғұламалық  тұжырымға» тап болды.

«Ғасыр ғұламасының» ол тұжырымы рухани өмірімізді де өзекке тепті. Егер жаңылыспасам, 1994-жылы болар, президент Н.Назарбаев АҚШ-қа алғашқы ресми сапарын жасап келіп: - Америкада, жалпы капиталистік елдерде «шығармашылық одақ» деген жоқ екен, - деді де, жазушылар, журналшылар, композиторлар, суретшілер, сәулетшілер... одақтары мемлекеттік бюджеттен шеттетілді. Рухани өсіп-өркендеу «жоспарының артығымен орындалғанына» көздері жеткен ғой.

Көп ұзамай, «жығылғанның үстіне жұдырық» болып, қай жылы екені есімде қалмапты, Мәдениет министрлігіміз жабылды. Есімде қалғаны – 2010-жылы «Жас алаш» гәзетінде «Мәдениет министрлігі қажет» деген мақаламның шыққаны. Ол жұртшылықтың талабын билікке жеткізу әрекетім еді.

Бұл мәселелердің табысар, ортақ оң шешім табар арнасы – экономика  десек, Қазақстанның экономикасы дамудың шырқау шегіне жеткеніне мына екі үзінді куә:

«...Бүгінде азаматтық қоғамды қалыптастырған Қазақстан бүкіл әлемді қызықтырып, таңдандырып, үлгі-өнеге болып тұр. Әлемдік экономиканың ғұламалары «Қазақстандық дамудың кодын білуге құлшынулы» (Мырзатай  Жолдасбеков. «Егемен Қазақстан» гәзеті).

«...В Казахстане построена успешная современная экономика, основанная на рыночных принципах и названная в мире «Моделью Назарбаева» (Олжас Сулейменов,  Газета «Свобода слова»).

Енді осы «екі сипаттамаға сай»  цифрлар сөйлесін:

1994-жыл. 1 кило еттің бағасы 7,4 теңге; 1 литр сүт – 1,5 теңге; 1 бөлке нан – 53-58 тиын (қалып түрлеріне қарай).

2021-жыл. 1 кило еттің бағасы 3500–4000 теңге; 1 литр сүт – 280-300 теңге; 1 бөлке нан – 180-320 теңге.

Киім-кешектің, дүние-мүліктің, пәтерақының, электр қуатының  жыл сайын қымбаттауы – өз алдына.

1994-жылы 1 доллар – 4,5 теңге болса, бүгінде – 465 теңге.

Республика бойынша азық-түлік, дүние-мүліктің бағасын жинақтап, орта есепке айналдырғанда бұл мерзімде жалпы баға 78 есе өскен. Халық: «арзандады» деген сөзді ұмытты, еститіні – «қымбаттады».

Осындай жағдайдағы Қазақстанда экономикалық даму болды деу – сонау көкезу Хрущевтың: «1980-жылдан бастап коммунизмді көре бастаймыз!», «Совет халқының бүгінгі ұрпағы коммунизмде өмір сүретін болады!» дегеніңдей қыздырмалы қызыл сөз!

Әлде... анау «код» пен «модель» еліміздің экономикасы өз ішінде емес, шетте дамығанын көріп-білгендіктің нышаны ма? Әй, солай-ау, солай! Маргарет Ходж дәлелсіз сөйлемеген болар. Интернетте қазақстандық ондаған миллионер-миллиардердің шет елдерде қабат-қабат үйлері, аумақты саяжайлары, ұшақтары, кеме-қайықтары, тіпті көлдері мен аралдары бары айтылып, бейне-көрініспен дәлелденуде. Бәрін тізбелемей, оларға «ақ батасын берген» Н.Назарбаевтың ғана шет елде жиырмаға жуық сәулетті сарайларының әдрестері, бағалары жазылып  көрсетілді («Азаттық радиосы» сайтында). Англиядағыларының құны қанша екенін оқып білдіңіздер. Ол ол ма, «ДАТ-ОП» гәзетінің жақындағы, ақпан айының 24-күнгі, санында (5-бетінде) жарияланған: «Назарбаевтың Ұлы Британияда 8 миллиард доллар бизнес империясы анықталды», «Назарбаевтар иеленген, құны 100 миллион евро (1 евро = 451 теңге, - автор) мүлікті тәркілеу сұралды» (Германияда) деген тақырыпты екі материалды оқып, жағамды, ұстамақ тұрғай, жұлып ала жаздап: Әй! Мына Нұрсұлтан Назарбаев пен Тимур Құлыбаев Қазақ елінің байлығын талтүсте тонау үшін туған ба?!. Назарбаевтың  құран  ұстап тұрып берген анты  қайда қалды?!. Құлыбаев «қатын алма, қайын ал» дегенді құрсақта жатып жаттаған ба?! –  күйіндім... Мен ғана ма?..

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2146
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2552
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2368
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661