Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3418 0 пікір 29 Тамыз, 2012 сағат 12:25

Асылнұр Орынбек. Шырайы кірген шағын аудан

Әр мемлекет қолдан келгенше халқының жағдайын жасауға тырысады. Әсiресе, жырақта жүрген қазақтарды қайтару елiмiзде қарқынды жүрiп келедi. Тек үш елде ғана қандас бауырларын өз Отанына қайтаратын бағдарлама жүзеге асуда екен. Ол елдердiң қатарына Германия, Израиль және Қазақстан кiредi. Оңтүстiкте оралмандардың қатары көп, олардың денi Шымкент қаласының шетiндегi «Асар» шағынауданында қоныстанған. 2006 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында 300 гектар жер аумағына оралман бауырлар үшiн бiр және екi қабатты үйлердiң қазығы қағылды. Ал 2008 жылдың жазында асарлықтарды жаңа қонысымен құттықтауға Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi арнайы келiп, оралмандардың тұрмыс-тiршiлiгiн өз көзiмен көрдi. Нәтижесiне оң баға берiп, қандастарымызды елiмiзге көптеп тартатынын айтқаны барлығымыздың есiмiзде. «Асардың» негiзi қаланғанына жетi жылдың жүзi болыпты. Осы уақыт аралығында онда не өзгердi? Жаңа шағынауданның бүгiнгi жай-күйi қандай?

Әр мемлекет қолдан келгенше халқының жағдайын жасауға тырысады. Әсiресе, жырақта жүрген қазақтарды қайтару елiмiзде қарқынды жүрiп келедi. Тек үш елде ғана қандас бауырларын өз Отанына қайтаратын бағдарлама жүзеге асуда екен. Ол елдердiң қатарына Германия, Израиль және Қазақстан кiредi. Оңтүстiкте оралмандардың қатары көп, олардың денi Шымкент қаласының шетiндегi «Асар» шағынауданында қоныстанған. 2006 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында 300 гектар жер аумағына оралман бауырлар үшiн бiр және екi қабатты үйлердiң қазығы қағылды. Ал 2008 жылдың жазында асарлықтарды жаңа қонысымен құттықтауға Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi арнайы келiп, оралмандардың тұрмыс-тiршiлiгiн өз көзiмен көрдi. Нәтижесiне оң баға берiп, қандастарымызды елiмiзге көптеп тартатынын айтқаны барлығымыздың есiмiзде. «Асардың» негiзi қаланғанына жетi жылдың жүзi болыпты. Осы уақыт аралығында онда не өзгердi? Жаңа шағынауданның бүгiнгi жай-күйi қандай?

Бұл шағынаудан Елбасының өзi ерекше назар аударған «Нұрлы көш» бағдарламасының қанатқақты жобасы. Осы жоба аясында сәнi мен салтанаты келiскен «Асар» шағын ауданы Шымкент шаһарының шырайын келтiре түскен әдемi қалашық болып бой көтердi. Екi қабаттан тұратын бiркелкi зәулiм үйлерде бүгiнде 15 мыңнан астам оралман тұрады. Тарихи отанына оралған қандастарымыз баспана және жұмыспен қамтылды. Үйi жоқтың күйi болсын ба? Ал оралмандар үшiн қолдан келген барлық жағдай жасалды. Өз елiнде бөтенсiмей, тiршiлiгiн әрi қарай қиындықсыз жасау үшiн қанатқақты жобаның берерi көп болды. Оралмандар елiмiздiң демографиялық ахуалын көтеруiмен қатар, экономикамыздың дамуына да сүбелi үлес қосуда.

Мұнда мың жарым отбасы Өзбекстаннан, денi Сырдария облысынан көшiп келген. Солардың бiрi Бақтыгүл Дәуренова. Ол Асарға 2009 жылы қоныс аударып, отағасы және қос ұлымен өмiр сүрiп жатыр. Тоғыз бөлмелi екi қабатты әдемi үйде тұрады. Кiшi ұлы осындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте бiлiм алады.

«Бiраз уақыт Қазақстанға көшкiмiз келiп, ойланып жүрдiк. Шүкiршiлiк етемiн, мұнда жағдайымыз жақсы. Бiрден дайын үйге қоныстандық. Ауланың алдындағы жылыжайға қияр егемiз. Егiншiлiк бiзге таңсық емес қой. Өзбек ағайындардың ортасында отырған кезде қарап қалған жоқпыз. Ол жақта көкөнiстiң түр-түрiн егiп, базарда өзiмiз саттық», - дейдi Бақтыгүл.

«Асарлықтар» егiн егумен қатар, сауданың да көзiн тапқан. Шағынаудандағы дүңгiршектердiң бiрiне Айсұлу Бекмырзаева азық-түлiк түрлерiн тiзiп қойыпты. Айнала- төңiрегiндегiлер осы жерге келiп қажеттi затын алады. Айсұлудың төрт баласы бар. Тұңғышы Жетiсайда жоғарғы оқу орнында оқиды екен. Өзi бастауыш сыныбының мұғалiмi. Бiрақ мұнда көшiп келгелi ұстаздықпен қоштасуға мәжбүр болған. Өйткенi ол көршi елде өзбек тiлiнде дәрiс берiптi. Үйiнде қол қусырып қарап отырған ешкiм жоқ. Жолдасы таңның атысы, күннiң батысы жұмыста. Өзi сауда жасайды. Арасында жылыжайдың да жұмысын iстейдi. Бұл ретте балаларының көмегi зор. Қолқанат болып қалғандарын мақтан етiп отыр анасы.

«Асарға» көшiп келгенiмiзге 3 жыл болды. Қарап отырмайын деп, мына дүкендi ашып алдым. Көршiлерiм күнделiктi азық- түлiгiн сатып алады. Клиенттерiм де көбейдi. Қажет болған кезде жағдайға қарап, қарызға да беремiн. 0,3 гектар жылыжайымыз бар. Оған қызанақ ектiм. Жақсы пайда көрдiм. Бiзде барлығы да дайын. Тек ерiнбей еңбек етсең болғаны. Тiптi мен еккен қызанақтың көшетiне дейiн дайын күйiнде аламын. Ұрықты қайдан табамын, қайтып әкелемiн демеймiн. Жалпы айтар болсам, Өзбекстанда да жағдайымыз жаман емес едi. Елiмiзге оралсақ, балаларымыз Қазақстанда өмiр сүрсе екен деген арманымыз орындалды. Ендi олар өздерiнiң ана тiлiнде бiлiм алып, қазақ тiлiнде сөйлейтiн болды деп қуанып жүрмiз», - дейдi Айсұлу.

«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша «Асар» шағынауданында 1550 үй салынған. Бiр қабатты тұрғын үйлердiң аумағы - 101 шаршы метр, екi қабатты коттедждер - 200 шаршы метр. Қандас бауырларымыз «Қазақстанның тұрғын-үй құрылыс-жинақ банкi» арқылы жаңа баспанасының ақшасын төлеп отырады. Әр отбасының тұрақты табысы болу үшiн, айтып өткенiмiздей, әр аулаға бiр жылыжайдан салынған. Мұндағы халықтың барлығы да жер емiп өскендiктен, егiншiлiк олар үшiн қиындық туғызбайды. Әр жылыжайдан жылына екi рет он тоннаға жуық өнiм жиналады. Бiр маусымның өзiнде 5 мың доллар табыс табуға болады екен. Ал жыл соңына дейiн 9-10 мың долларға жетедi. Осылайша асарлықтар баспанасының қарызын өтеудi жоспарлап отыр. Шағынауданда жоспарланған 1550 баспана толығымен салынып бiттi. Алдағы уақытта шағынаудан тұрғындарының қатары 20 мыңға жетпек.

«Асар» шағынауданының тұрғындары осындағы мектепте, балабақшада және фельдшерлiк бекетте жұмыс iстейдi. Жылыжайға қажеттi құралдарды шығаратын елiмiздегi алғашқы зауыт салынды. «Асардың» iшiндегi жылыжайлардың қажетiн толықтырып болған соң, өзге де облыстардан тапсырыс түсе бастады. Мәселен, Алматы, Қызылорда және Жамбыл облыстарына да жылыжай жабдықтары жеткiзiлуде. Монтаждау бригадасының өзi тиiстi жерге барып, жылыжайларды құрастырып, оны iске қосады. Қазiр зауытта 25 адам жұмыс iстейдi. Денi жастар.

Қазiр шағынауданда көкөнiс сақтайтын қойма, пластикалық өнiм шығаратын және модульдiк үйлер өндiрiсi, бетон блоктарын шығаратын зауыттың құрылысы жүрiп жатыр. Бұл өндiрiс орындары «Асар» үшiн олжалы болмақ. Өйткенi, шағынауданның халқы жұмыспен қамтылатыны сөзсiз.

«Асарда» жаңа саябақтың құрылыс аяқталды. Демалыс аймағын «Ақ Ордасы» корпорациясы көпшiлiктiң пайдалануына тапсырды. 12 гектар аумақты алып жатқан саябақ «Асар» деген бағанадан бастау алады. Мұнда ардагерлер алаңы мен 2 орталық даңғыл бойына орналастырылған ұлттық нақыштағы қырықтан астам элемент алыстан көз тартады. 4 сквер және жастар алаңы тағы бар, сондай-ақ аймақта көпiр мен жерасты өткелi де салыныпты. Жергiлiктi бюджеттен бөлiнген 890 млн. теңге қаржы жұмсалған демалыс аймағы нағыз демалыс орны. Ерекше сәндi екi субұрқақ салқын сая болып тұр. Бұдан бөлек, шағынауданда 10 мың түп ағаш көшетi отырғызылған.

Саябақ, әсiресе ойын баласы үшiн сүйiктi орынға айналды. 4 сынып оқушысы Асылхан Жүнiсов мұнда ата-анасымен бiрге 2010 жылы көшiп келiптi. Қазiр жазғы демалыс кезiнде саябаққа субұрқақ үшiн келедi. Шағынаудандағы ойын және футбол алаңшаларында да өзге балалармен асыр салып ойнайтынын қуана айтып отыр. Достарының көптiгiн мақтаныш тұтады.

Өткен жылы «Асар» шағынауданында екi мектеп пен екi жаңа балабақша құрылысы республикалық бюджет есебiнен пайдалануға берiлдi. Таяу арада «Асар» шағынауданында 280 орындық балабақша пайдалануға берiлмек. Бiр жарым гектар аумақты алып жатқан мектепке дейiнгi мекеменiң құрылысы үшiн 351 мың 460 мың теңге бөлiнген.

«Асарлықтардың» арманы жоқ. Оралмандар өз отанына оралды, жұмыспен және баспанамен қамтылды. Шағынауданда тақтайдай түзу жол салынды, электр жарығы, көгiлдiр отын кiргiзiлдi. Әр аулада ауыз су ағып тұр. Ал жақында телефон желiсi тартылатын болды деп қуанып жүр жергiлiктi жұрт. Әлеуметтiк нысандар да жеткiлiктi. Әдемi өмiр сүру үшiн қажеттiнiң барлығы да бар. Тек, ерiнбеу керек. Шымкенттiң шет жағында орналасқан басқа шағынаудандардан «Асарлықтардың» жағдайы әлдеқайда жақсы. Бұл-кезiнде түрлi себептермен отанынан жыраққа кетiп, қайтып оралған бауырлар үшiн жасалынып жатқан зор игi жұмыстардың айғағы.

 

0 пікір