Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Ақмылтық 6360 30 пікір 11 Ақпан, 2022 сағат 15:00

Біз білетін бұрынғы Бердібек пе бұл?

«Обрусевшие инородцы всегда
пересаливают по части истинно
русского настроения.»
В.Ленин

Бердібек мырза 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан (бүгінгі Түркістан) облысына әкім болып келді. Ол Шымкентте газ, жарық, жылу жоқ (қыстың күнінде!), Алтай, Арқа, Атыраудағы достарымыз «мүмкін емес!» деп сене алмайтын (олар Шымкентте бәрі мүмкін екенін, мұнда шексіз шыдамды, теңдессіз төзімді, барынша бейімделгіш, адам айтса нанғысыз алғыр нағыз қазақтың ұрпақтары тұратынын ұмытып кете береді ғой) көп қабатты үйлердің тұрғындары ауладағы жер ошақтағы қазанға тамағын пісіріп жүрген заман еді. Себебі, газ, жарық, т.т. бәрі елден біздің облыста елден бұрын сатылып кеткен болатын. Бердібек Сапарбаевтың үш жыл бойы соның бәрін мемлекетке қайтару үшін арыстанша алысып, жолбарысша жұлысумен күні өткен болатын. Бізге келгенге дейін қандай адам, қандай басшы болғанын ол төрт жыл әкім болған Қызылорданың халқы білер, ал, бізге келгенде өте қарапайым, еңбекқор, жемқорлық жүйе әлі «бұзып» үлгермеген (кесіп айту қиын, бірақ, «бұзылса» да бізден кеткесін болды-ау ол эволюция), батыр адам еді.

Бір ғана дәлел. «Ақсақал» деген атқа сай келетін аз ғана азамат ағаларымыздың бірі, облыстық телекомпанияның сол кездегі бастығы Байдулла Қонысбеков өзі жүргізетін тікелей «Бетпе-бет» хабарына әкімді шақырып, газ, жарық не болып жатқаны жайлы сұрады. Сонда Сапарбаев, облыстың әкімі:

- Біз соттасып жүріп ол нысандарды мемлекетке қайтарамыз, ал біздің жігіттердің не апаратынын қайдам, Жоғарғы Сотқа барады-дағы облыстық соттың шешімін бұздырып келеді. Біз онымен келіспейміз, қайта сотқа береміз. Соныменен өміріміз өтіп жатыр, - деді!..

Енді, сол Сапарбаев – оны ақтауға тырысу ойымызда да жоқ – кеше итінің өлігін алып, облыстық әкімдіктің алдына келген, аты-жөні қазақ болғанымен орыстанып кеткен бір әйелмен кездесіп қалыпты. Кездейсоқ па, жоқ па, мәселе онда емес. Мәселе облыс әкімінің не дегенінде. Ал, ол «шаш ал десе бас аласыңдар...» деп ұрсып, қарамағындағыларды ана әйелге жығып берді. Қазақты жығып берді (қазақ әйел үйінде ит ұстамайды). Меніңше, жетпіс жыл бойы қазақты өз жерінде екінші сортты ұлт санаған кеңестік саясаттан зардабы сансыз есе зор болған, қазақты үшінші сортқа түсіріп тастаған отыз жылдық назарбаевтық саясаттың зардабы Сапарбаевты ойландыруға шама бермей, оның түпсанасынан автоматты түрде атып шықты деп ойлаймын. Неге? Орыста «профессия накладывает отпечаток» деген сөз бар. Отыз жыл бойы билікте келе жатқан адам, сол саясатты отыз жыл үздіксіз жүргізуге мәжбүр болса, саясат оның санасына теріс әсер етпейді деп ойлайсыз ба?

Ақтөбеде жергілікті қазақты бұрынғыдай «А,Құдай!» деудің орнына «А,Қытай!» дегізген қытайдың шексіз озбырлығына шамасы келгенінше қарсыласқан Сапарбаев емес пе еді? Бұрынғы Бердібек болса ол – жазықсыз жандар азапталып, ішкі жағдай ұшығып тұрғанда - иттің өлігін мәселе етіп, билікті басынып, ұялмастан келіп тұрған әйелге: «Итіңізге ие болмайсыз ба? Үйіңізге кіріп өлтірмеген шығар?» деп, оның бәлдір-батпақ жауабын тыңдап жатпастан қасындағы нөкерлеріне: «Барыңыздар, анық-қанығына жетіңіздер!» деп, екі-ақ ауыз сөз айтып бұрылып кетер еді ғой...

Баяғыда бір аңқау атамыз: «Менің Құдайдың алдында жалғыз күнәм бар – Құдай сияқты мен де адамның ойында не бар екенін біліп қоямын» деген екен. Бізде ондай қасиет жоқ, қам сүт емген күнәкар пендеміз, ой-пікірімізді ғана жазып отырмыз. Қазақты қор тұтқан, өзгені зор тұтқан саясат келмеске кетуі тиіс! Қазақ өз жерінде өзі қожа болуы керек. Біз ешкімді кемсітіп отырған жоқпыз – әлемдік тәртіп, Адами тәртіп сондай. Сондықтан біз «отарсыздандыру саясатын» ертерек жүргізуге тиіспіз. Африка елдері оны 1960-жылдары жүргізіп қойды, Тәуелсіздік алғанымызға да 30 (отыз) жылдан асты. Нені күтіп жүрміз?..

...Бір баспасөз-конференциясында марқұм Ислам Каримовке орыс журналист:

- Сізді Өзбекстанда өзбектің мүддесі алдыңғы орында тұруы керек деп айтады дейді, сол рас па? - деп сұрапты.

И.Каримов қарандашты алып, бір-екі минут үстелді тықылдатып отырыпты-дағы:

- Сіз сұрақты тіке қойдыңыз, мен де сізге тіке жауап берейін, - депті. – Мен Өзбекстан Республикасының Президентімін! Ендеше, мен өзбек ұлтының мүддесін бірінші орынға қоймасам, менің Президент болуымда қандай мән-мағына бар?!..

Менің өз ойым, өз ұғымымда ауылдық әкімдіктің маманынын бастап, Президентке, Жоғарғы Сот төрағасына, Парламенг төрағасына дейін қазақтың мүддесі алдыңғы орында тұруы керек. Өйткені, «қазақтың мүддесі – қазақстандықтардың мүддесі!». Ешқандай қайшылық жоқ бұл жерде. Өзгені кемсіту – қазақтың табиғатына жат нәрсе! Тарихты оқиық, айналаға қарайық, не көреміз?..

Өмірзақ Ақжігіт

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1800
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1801
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1513
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1406