Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5246 0 пікір 19 Қыркүйек, 2012 сағат 08:19

Қарлыға Ибрагимова. Бүгінгі ең мықты прозаик кім?

Бір басылымға берген сұхбатында үлкен жазушыларымыздың бірі: «Қазақәдебиетінің алтын ғасыры енді тумайды», - деп қынжылды. Біраз өткесін Бексұлтан Нұржекеұлы:Бұлай деп кесіп айтудың астарында «біз қазақ әдебиетін жасадық, биікке көтердік, бізден кейін жазушы тумайды» деген ұғым жатқан секілді. Менің мұндай сөзден денем тітіркенеді. Жастар аға буын мен әлем әдебиетін терең меңгеріп, қазақтың шұрайлы тілін игеріп, бәлкім, бізден артық дүние жазатын шығар?!» деп жұбатқандай болды. Көп өтпей Мереке Құлкенов сұхбат беріп: «Қазақ әдебиетінде тоқырау бар» деп маңдайдан ұрғандай тағы тарс еткізді. Әдебиетке көңіл толмаушылықтан осындай әңгімелер әр-әр жерде айтылып қалып жүр. Дулат Исабековтің де «жас жазушы Асқар Алтайдың...» дегенін оқып, ойпырым-ай дедік. Әрине, өзінің өкше басар інісі ретінде Асқар Алтай Дулат ағамыздың көзқарасында жас. Жалғыз Дулат Исабеков емес, аға буын өкілдерінің көпшілігінен кейінгі проза өкілдері туралы сұрағанда, Асқар Алтай мен Нұрғали Оразды атайтынын байқаймыз. Олардың өзі елудің есігін ашты. Үлкендерге жас көрінгенімен, олар орта буынға ойысты, мойындауымыз керек. Өйткені, жоғарыдағы жазушылардың соңында «өздерінше жазып-сызып жүрген» Бейбіт Сарыбай, Дархан Бейсенбекұлы, Мақсат Мәлік сынды жиырма бес-отыздың арасындағы жігіттер бар.

Бір басылымға берген сұхбатында үлкен жазушыларымыздың бірі: «Қазақәдебиетінің алтын ғасыры енді тумайды», - деп қынжылды. Біраз өткесін Бексұлтан Нұржекеұлы:Бұлай деп кесіп айтудың астарында «біз қазақ әдебиетін жасадық, биікке көтердік, бізден кейін жазушы тумайды» деген ұғым жатқан секілді. Менің мұндай сөзден денем тітіркенеді. Жастар аға буын мен әлем әдебиетін терең меңгеріп, қазақтың шұрайлы тілін игеріп, бәлкім, бізден артық дүние жазатын шығар?!» деп жұбатқандай болды. Көп өтпей Мереке Құлкенов сұхбат беріп: «Қазақ әдебиетінде тоқырау бар» деп маңдайдан ұрғандай тағы тарс еткізді. Әдебиетке көңіл толмаушылықтан осындай әңгімелер әр-әр жерде айтылып қалып жүр. Дулат Исабековтің де «жас жазушы Асқар Алтайдың...» дегенін оқып, ойпырым-ай дедік. Әрине, өзінің өкше басар інісі ретінде Асқар Алтай Дулат ағамыздың көзқарасында жас. Жалғыз Дулат Исабеков емес, аға буын өкілдерінің көпшілігінен кейінгі проза өкілдері туралы сұрағанда, Асқар Алтай мен Нұрғали Оразды атайтынын байқаймыз. Олардың өзі елудің есігін ашты. Үлкендерге жас көрінгенімен, олар орта буынға ойысты, мойындауымыз керек. Өйткені, жоғарыдағы жазушылардың соңында «өздерінше жазып-сызып жүрген» Бейбіт Сарыбай, Дархан Бейсенбекұлы, Мақсат Мәлік сынды жиырма бес-отыздың арасындағы жігіттер бар. Асқар Алтай мен Нұрғали Оразды аға буынның жас жазушы деп жүргені жаңадан қалам тартып жүрген жастардың «жаңалық болар», «құбылыс болар» дүние тудырмай жүргенінен болар, бәлкім?! Аға буынның өзінен кейінгі буынға көңілі толмай ма, қалай? Үміт артпайтын сынды ма өзі? Әйтпесе «Әдебиеттің алтын ғасыры енді тумайды» деген әңгіме айтылмас еді ғой...

Үлкен жазушылар Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақтар өзінен кейінгілердің аяқ алысына разы емес. Мұны сұхбаттарында, әңгімелерінде айтып жүр. Алайда «Алтайдың алқызыл модағайын» жазған Асқар Алтай осал жазушы емес еді ғой?! «Талтүсті» жазған Таласбекті қайда қоямыз? Думан Рамазанның «Көшін» күні кеше үздік шығарма деп шұрқырамап па едік? Нұрғали Ораздың «Биiктегi сұлулық», «Түнгi жалғыздық», «Даладан қалаға келгендер», «Аяқталмаған ертегi» атты бірінен кейін бірі шыққан жинақтарын бір жаққа жиып қоймақпыз ба? Үлкендердің көңілі толса да, толмаса да олар жазып жатыр, әдебиет жасап жатыр. Тек олардың өз ортасында өзара шығармашылық бәсеке жоқ секілді. Осы оймен кейінгі орта буын мен жас

жазушылардың арасындағы өндіріп, жандырып жазып жүрген жазушыны анықтамақ болдық.

Өткен санда «Бүгінгі күннің ең мықты ақыны кім?» деген сауалнама ұйымдастырып, мықты ақынды анықтағанбыз. Бұл жолы прозадағы мықтыны табуға талаптандық. Тағы да сауалнама жүргіздік. Кілең журналистер мен жазу-сызудың, әдебиеттің ауылынан алыстамаған көзі қарақты жандардың арасында. Бүгінгі күнгі ең мықты прозаик кім? Мұны 22 мен 55 жас аралығындағы 100 адамнан сұрап шықтық.

Кейінгі орта буыннан Таласбек Әсемқұлов, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай, Жаңабек Шағатай, Думан Рамазан, Роза Мұқанова, Заря Жұманова, Дидар Амантай, Айгүл Кемелбаева сынды тоғыз жазушының, жастардан Аягүл Мантаева, Бейбіт Сарыбай, Лира Қоныс, Дархан Бейсенбекұлы, Мәдина Омар, Қанат Әбілқайыр, Мақсат Мәліктен тұратын жеті жазушының шығармашылығын оқырманның талқысына салдық. Одан бөлек респонденттердің өз жазушысын ұсынуына да мүмкіндік бердік. Сонымен...

КІМ ҚАНДАЙ ПІКІРДЕ?

«Ақ желкеннің» бұл сауалнамасы мені қуантып отыр. Жазушылар жайлы жиі айтылып, лайықты баға беріліп тұрса, олардың шабытына қамшысалар ма еді? Мен орта буыннан Асқар Алтай мен Нұрғали Оразды жоғары бағалаймын. Жас буыннан Лира Қоныстың жазғандары тез баурап алады. Лираға дауыс беремін. «Ғасырдың соңғы көктемі» деген бір әңгімесімен-ақ оқырманын баурап алған Қанағат Әбілқайыр тізімде жоқ екен. Мен Қанағатты ұсынамын. Ауылды жерлерде көріне алмай жүрген жас таланттар жайлы да жиі сөз қозғалып тұрса құба-құп болар еді», - дейді Шымкенттегі жергілікті газеттердің біріндегі журналист Аман Жайымбетов. Ал Жомарт Айтқазы есімді журналистің пікірі бұған қарама-қайшы. «Бұл тізімге қарап мықты мынау деп көрсету мүмкін емес. Әркім өзінше мықты. Әркім өзіне ұнаған, жанына жақын авторды оқиды. Сондықтан ең мықты деп сауал қою және оған жауап беру ыңғайсыздау сияқты», - дейді ол. Оқырман болғасын оның ойы да орынды. «Таласбек Әсемқұлов пен Асқар Алтайды мойындаймын, берері көп деп. Жастардан Бейбіт Сарыбай мықты. Жақсы жазады деп кез келгенін айтуға болады. Тазы мен төбетті жүйріктігіне қарай салыстырсаң, тазы мықты. Ал қара күшке салсаң төбет мықты. Шығармашылық та сондай». Бұл - «Алматы ақшамы» газетіндегі журналист Жандос Смайловтың жауабы. «Ой, қалқам, бұлардың барлығы классиктер ғой, «сен тұр, мен атайын» шетінен. Оларды қатарға тізіп не қыласыңдар, өздері-ақ ретімен тұр екен ғой...», - деп кейіді мықты жазушыны сұрағанымызда Қойшыбек Мүбәрак.

«Орта буыннан меніңше, бәрі де деңгейлес. Ерлерден: Таласбек Әсемқұлов, әйелдерден: Роза Мұқанова көбірек ұнайды. Ал жастардан: Бейбіт Сарыбай,

Лира Қоныс жақсы. Жаңадан қанат қағып келе жатқан Алмас Нүсіп бар сосын», - дейді ҚазҰУ-дың филология факультетінің магистранты Нұрдәулет Нұрәділ. Ал Анкара университетінің докторанты Дінмұхамет Келесбай Дидар Амантай мен Лира Қонысты таңдады. Жастардың арасында жақсы көрініп жүрген Аягүл Мантаеваның есімі жиі аталатын шығар деп ойлағанбыз о баста. Алайда Лира Қоныс пен Бейбіт Сарыбай жайлы жағымды пікірді көп естідік.

Бүгінгінің мықты жазушысын іздеп, шарқ ұрып жүрсек, ақын Бауыржан Қарағызұлы: «Ешқайсысы мықты емес! Бүгінгі күнгілердің бәрін оқып шықтым, орташа бәрі», - деп төбеден бір-ақ ұрғандай болды. Талғамға талас жоқ деген осы.

Ал ақын ағамыз Нұртас Исабаев үлкендерден Таласбек Әсемқұловты, жастардан Мадина Омарды атады. «Шынымды айтсам қазіргі прозадан толық хабарым жоқ. Шыңғыс Айтматов менің ең жақсы көретін жазушым. Оның шын мәнінде дарынды жазушы екеніне ешкім күмән келтірмейтін шығар. Адамзаттың Айтматовы ғой. Нұрғали Ораз, Дидар Амантайдың бірен-саран әнгімелерін оқығам. Лира Қоныстан хабарым бар. Қазір көбіне Мархабат Байғұтты оқып жүрмін, оның жазу стилі ерекше. Нұрғали Оразға дауыс берейін. Ең үздік жазушы мен үшін Ш.Айтматов, М.Байғұт. Жастардан мынау мықты дей алмаймын, себебі шығармаларымен толық таныс емеспін», - деп шынын айтты Нұрлан деген мұғалім. Біреудің сөзі жақсы, біреудің көзі жақсыға салмай, оқығандарын ғана атап, шынын айтып ақтарылған оқытушыға риза болдық. Ал «Жұлдыздар отбасындағы» журналист Марфуға Шапиян Нұрғали Ораз, Айгүл Кемелбаева, Қанат Әбілқайырды ұсынды да: «Асқар Алтайды жақсы деп айтады, бірақ онша көп оқымағам. Лираның шығармалары да алғашында жақсы еді. Кейін ұнамай кетті», - деп кесімді сөзін айтты. Саламат Омаш болса, Нұрғали Ораз бен Бейбіт Сарыбайды мықты деді де, «Алмат Жалбағайды мықты жазушы деп есептеймін. Бірақ соңғы кезде мүлдем көрінбей кетті. Орта буынның басты кемшілігі - шығармаларында шынайылықтың жоқтығында. Кіші буынның кемшілігі - прозаға татымайтын күйкі дүниелерді жазуында», - деп өзіндік ойын айтты.

Сәкен Сыбанбай: «Орта буыннан Нұрғали Ораз. Жастардан ешқайсысын атай алмаймын, бәрі де «мықты» деуге әзірге лайық емес», - деп қайырды. «Үлкендерден Жаңабек Шағатай, жастардан Дархан Бейсенбекұлы. Думан Рамазанның да шоқтығы биік. Қазіргі біраз прозаиктерде шұрайлы тіл жоқ. Тағы бір Әбіш Кекілбаев керек боп тұр қазір бізге. Әлібек Байбол деген жас жазушыдан үлкен үміт күтем, ізденісі мол, көп оқыған жігіт. Жастардан үмітті бір ақтаса, сол ақтайды», - дейді «Дарабоз» журналындағы Олжас Қасым. «Халық сөзі» газетінің сарапшысы Дүрәлі Дүйсебайдың пікірін естіп, қазіргі әдебиеттің жайын аңғарғандай болдық. «Тізімдегілердің ең үздігі Нұрғали Ораз. Нәзік, сезімтал жан. Соңғы кезде шықпай жүр. Әңгімелері сезімге толы. Бізден бір курс кейін оқыды. Студент кезден жазатын. Мөлдіретіп. Кезінде Мұқан Иманжанов, Үміт Тоқмағамбетова деген жазушылар болған. «Ақбілекті» жазған Жүсіпбек Аймауытов секілді. Сол бағыттағы азамат қой. Солардың жаңарған,

терең өрілген рухани шәкірті іспетті. Асқардың құлашы кеңдеу. Романист. Думан кейін қосылды ғой. Қазіргі әңгімелерді оқысаң тық-тық, сезім аз. Мөлдіремейді, елжіретпейді. Ой бар, білім бар, тереңдік те жетеді, бірақ сезім, мөлдір сезім жоқ. Роботтар секілді. Мүмкін мен оқымай жүрген біреулер бар шығар. Бірақ көріп жүргенім осы. Сондықтан Нұрғалиларды сағынам. Жастардан Бейбіт туралы көп айтады. Бірақ толық оқымадым. Лираны, Қанатты оқып жүрмін. Екеуі жақсы жазады. Мәдина туралы да жақсы пікір бар. Бірақ бұл үздік дегенге келе ме? Жастардан кешір, «мынау керемет» деп айта алмаймын!», - дейді ол.

Бір байқағанымыз респонденттердің көбі жастардың шығармашылығына разы емес. «Жастардан ешқайсысын атай алмаймын, бәрі де «мықты» деуге әзірге лайық емес»,- деген Сәкен Сыбанбайдың пікірін көп адамнан естідік.

СЫНШЫЛАРДЫ СӨЙЛЕТКЕНДЕ...

Ең мықты прозаик кім екенін кәсіби сыншылардан да сұрап едік, Әлия Бөпежанова: «Сен айтып отырған жазушылардың шығармаларын қадағалап оқып жүргенім жоқ. Әдеби процесті бақылап отырмын дей алмаймын. Өйткені қазір мен әдебиет сынына емес, театр сынына көшіп кеттім. Тізімдегі жазушылардың бірінің шығармасын оқысам, бірін мүлде парақтап жүргенім жоқ. Өзімнің оқып жүрген жазушымды айта салып, сол мықты десем, обьективті пікір болып кетеді. Сондықтан бірдеңе дей алмаймын» - деді. Одан соң Амангелді Кеңшілікұлына хабарласқанбыз. Сыншымыз салған жерден: «Мен «Кім мықты?» деген сауалға жауап бермеймін. Басқа сұрақтарың болса жауап айтатын едім, кешір, айналайын», - деп ат-тонын ала қашты...

ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ ӨЗДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Бүгінгі күннің мықты жазушысын тізімде бар жазушылардың өздерінен сұрадық. Таласбек ағамыз Асқар Алтай мен Думан Рамазанды, Дидар Амантайды атады. М-агенттен көре қалып, сауалнамамызды Думан Рамазанға жіберіп едік, ол кісі жауап бермей, үнсіз қоя салды. Мәдина Омар орта буыннан Нұрғали Ораз бен Дидар Амантайды, жастардан Бейбіт Сарыбайды мықты деді. Лира Қоныс: «Роза Мұқанова апама «сынамын» дейді. Дархан Бейсенбекұлы болса: «Орта буындағылардың барлығы мықты. Ал ішкі потенциал, талант тұрғысынан алғанда, олар да өздерінің мүмкіндіктерін, бір - бірінен артықшылығы мен кемшілігін сезінеді, біледі деп ойлаймын. Ал жастарда менен басқаларының барлығы да «сен тұр, мен атайындар» ғой. Бәрі де мықты, меніңше», - деген жауап айтты. Қалай ойласаңыз да, өзіңіз білесіз енді.

ОРТА БУЫННАН НҰРҒАЛИ ОРАЗ,

ЖАСТАРДАН - БЕЙБІТ САРЫБАЙ МЫҚТЫ!!!

Бүгінгінің мықты прозаигін анықтаймыз деп табанымыздан таусылдық. Қойшы әйтеуір, жүз адамның пікірі жүзге жарылып, ең соңында біз ұсынған тізімнің үздігі былай түзілді. Сауалнамаға 100 адам тартылғанымен, орта буынға берілген дауыс саны - 116. Өйткені бір емес, бірнеше жазушыны қатар ұсынып, мықты дегендер болды. Ал жастарға берілген дауыс саны - 77. Жүз респонденттің 23-і жастардың шығармашылығын жаратпай, қалыс қалды. Сонымен орта буыннан Нұрғали Ораздың есімі отыз рет аталып, топ жарса, жастардан Бейбіт Сарыбай мықты жазушы саналды. Біз ұсынған орта буындағы 9 жазушының тізімі былайша түзілді (жақшадағы сандар жазушының есімі қанша рет аталғанын білдіреді):

1. Нұрғали Ораз (30)

2. Асқар Алтай (16)

3. Таласбек Әсемқұлов (14), Роза Мұқанова (14)

4. Думан Рамазан (12)

5. Дидар Амантай (10)

6. Айгүл Кемелбаева (9)

7. Жаңабек Шағатай (8)

8. Заря Жұманова (3)

Жастардан мықты жазушылардың тізімі былайша тізілді:

1. Бейбіт Сарыбай (17)

2. Лира Қоныс (16)

3. Қанат Әбілқайыр (13)

4. Дархан Бейсенбекұлы (11)

5. Мәдина Омар (8), Мақсат Мәлік (8)

6. Аягүл Мантаева (4)

Респонденттер ұсынған жазушылардың есімін де жариялауды жөн көрдік. Қойшыбек Мүбәрак (2), Есей Жеңісұлы (2), Әлібек Байбол (2), Мәди Алжанбай (1), Алмат Жалбағай (1), Талғат Кеңесбаев (1), Серік Нұғыман (1), Қанағат Әбілқайыр (1), Бағдат Мәжитұлы (1), Өміржан Әбдіқалық (1), Бану Дәулетбаева (1), Алмас Нүсіп (1).

Сауалнама жүргізіп, жұртты дүрліктірудегі біздің мақсат біреуді - біреумен жарыстыру, шағыстыру емес. Оқырманның құлағын қайшылау, көркем шығарманы қаншалықты оқып жүргенін байқау, қала берді күйкі тірліктің қамымен ұмытылып бара жатқан жазушыға назар аударту болатын. Әрі жазушылардың өз арасындағы шығармашылық бәсекені қоздыру еді. Қаншалықты әділ шешім шығардық, оны патша көңілді оқырман, өзіңіз бағамдарсыз. Біздің тізіммен келіспесеңіз, сіз мықты санаған жазушы өз көңіліңізде мықты боп қалады. Оған талас жоқ!

«Ақ желкен» журналынан алынды

0 пікір