Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3556 0 пікір 14 Қыркүйек, 2012 сағат 14:36

Қымбат Слямбеков. Майқы баба түсінен ойтүйіткіл

«Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар», - дейді дала абыздары. Қарағайдың басын әумесер шортанның шалуы, сірә, табиғаттың тектілік заңының бұзылуы, астаралап ақтарғанда -  адамзаттың азуы болар. Абылай да, Бұқар да өз ұрпағының ұсақталатынын сезді де, түйсінді де ғой. Дәл Абылайдың түсіндей. Бұқар өзегін өксікке толтырып Абылай түсін жорып, Қорқыттың қобызындай күңіренді, көкірек толтырып күрсінді.

Мұнан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң түзіп, жаман болар.

Ұлың, қызың орысқа бодан болып,

«Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар», - дейді дала абыздары. Қарағайдың басын әумесер шортанның шалуы, сірә, табиғаттың тектілік заңының бұзылуы, астаралап ақтарғанда -  адамзаттың азуы болар. Абылай да, Бұқар да өз ұрпағының ұсақталатынын сезді де, түйсінді де ғой. Дәл Абылайдың түсіндей. Бұқар өзегін өксікке толтырып Абылай түсін жорып, Қорқыттың қобызындай күңіренді, көкірек толтырып күрсінді.

Мұнан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң түзіп, жаман болар.

Ұлың, қызың орысқа бодан болып,

Қайран ел, есіл жұртым сонда нетер?! - дейді Асан Қайғы шордай шомырланған шерін шертіп. Үйсін Майқы бабамыз: «Еліміз енді мың жеті жыл кейін жүнбас шегір сарылар басқарар болар. Оларға жаркүшіктенер де өз ұрпағымыз болады... Көзі қысық, тісі қисық, көзі шегір, өзі жемір жаудан үрім-бұтақ көп қорлық көріп, көп азап шегеді екен. Тілін де, дінін де құртады екен. Мажалы алғашқы бағыну-жағынуды, шағынуды да өз тұқымымыз бастайды екен. Әттең...», - деп қансыраған қаралы күннің туарын түсінде көріп еді.  Құдай-ау, бұл зағип зар сонау Майқы заманынан запыран қозғап Асан, Асаннан Бұқар зарына сарнасты. Кеуденің көр кенебіне айналған зар ақыры заузатына зауал боп тиді. Күн тәңірісі Майқы бабамыздың түйсігі болжағандай, түсі де мың жеті жүз жылдан кейін тура келді. Шегір көздердің шыршық шырғалаңында шырмалды, бұғауында буынып, ажырығына шоқынып кете жаздады. «Өзі жемірлердің» шен-шекпеніне желігіп, келешегін шелге толтырды. Абайша айтқанда, «Мақтанды іздеп қайғы алды». «Мақтаны» - шен-шекпен, жалған намыс, жадағай ұран. Қайғысы - ұлттық болмысынан жұрдай болуы, ұлттық санасының сансырауы, қайсар рухының жадылануы. Бүгінгі заманда да сол «мақтан» мен «қайғы» үстемдік етіп тұр. Сонда бұған кім кінәлі? Әлде құлыққа құм түсірген қатыгез капиталистік қоғам ба? Жоқ. Онда бүгінгі нарқынан парқы өктем тұратын нарық заманы мүлдем қағынып кетер еді. Әлде өзгенің ыңғайына жығылған дәрменсіздігі кінәлі болар? Жоқ. Дәрменсіздік танытатындай себеп керек емес пе? Орыс отарының жылымыс, сұмпайы саясаты болар қазақты дуалаған? Ол да бар. Онсыз да орыс отарының сұрқия, жәдігөй саясаты жағымсыз, қазаққа тән емес індеттерді сеуіп, егіп, қанға сіңдіріп кетті. Бірақ олардан бұрынғы себеп - қазақ тағдыры тұзаққа түсейін деп тұрған заманда өз мінезін ақылға жеңдіре алмады. Мінезіне тізгін беріп, ақылын шаужайына жармастырып қойды... Кезінде  қытайдың да сый-сияпатын мен торған-торқасына тояттап үйсін күнбиі мен ғұн қағандары да алданып, ақылын мінезіне жеңдіріп алды. Бұл қытайдың көшпенділерді ішінен іріту үшін істелген жіпсіме, зымиян саясаты еді. Ақыры қаһарлы ғұндардың түп-тұқиянына жетті. Ол түрік қағандығы кезінде де қайталанды. «Табғаш халқының сөзі тәтті, ақығы асыл. [Олар] тәтті сөзі, асыл қазынасымен арбап, жырақтағы халықты өзіне соншама жақындатар еді. [Олардың] тәтті сөзі, асыл дүниесіне алданып түркі халқы өлдің» (Күлтегін). Орыс екештер де көшпенділерге ойсыратып одырлық көрсете алмай тағы да іштен арандатты. Орысты обадай жайлаған құлқынқұмарлықты орысекең қазекеңе әкеп екті. Еккенде қандай - жемісін жер-көктен бір-ақ алды. Құлқынын тығындап, көнгендерге көпшік қояды, көнбегенге көнтек кигізді. Қанша қаһарлы, айбынды болса да, іштен күйдіргі күбірткідей жемірген жау жастандырмай қоймады. Тегінде ақылға тізгін бермеген қазақ та кінәлі. Сөйтіп, «қазаққа жау қазақ» болып шыға келді. Бірлігі боркемік болғаннан кейін, қазақ қазаққа жау болып шықпай ма?! Ахаң да «ұлт намысы дегенді қазақтың көбі - екі ауылдың, екі топтың, я екі рудың намысы деп ұғады: басқадан кемшілік көрсе - намыстанбайды, жатсынбайды, кектемейді, бір-бірінен кемшілік көрсе - кегін жібермейді» деп қынжылған еді. Қазақ барлық болмысынан айырылды, үлектей жампоз ұрпақтың үрімі ұсақталды. Қылышынан қан тамған құрсаулы кеңестер де қазақтың кескекті, сұңғыла тұлғаларын қан қасап қырғынға салумен болды. Ұйып келе жатқан қаймағын қағып түсіріп, қылғытып жіберді. Текті тұлғаларымыз бұтарланғаннан кейін, қазақ қаны да ұшынды, ақыры ұрпақ ұсақталды. Бірақ бірлік бірдей болмаса да, азаттыққа деген түйсігіміз бар екен. Ең соңғы арынды ардалы ұрпағымыз желтоқсанда бусанып, шиыршық атып шыға келді. Қазақ тегін халық емес екенін орысекеңдер де сезген. Үнемі үрім-бұтағын бұтарлаумен, ұлы ұлдарын түбінен кескен шынардай сұлатумен болды. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде де қазақты көп қырғынға ұшыратты. Үш жүз жыл бойы ұлтты құртудың зымиян пиғылы жүйелі жүргізумен болды. Әрине, орыстар қазақтың тегін халық емес екенін терең түсінді және де осынау ержүрек халықты құртуды ғана ойлады. Ол пиғылдың паршасын шығарып, азаттық алдық. Бірақ ұрпақ әлі санасыз. Ұлттық намысымыз жоқ. Неге? Әлде ұлттық намысымыз орыс еккен жалған мақтанға айналып кеткен бе? Әйтеуір, кеңес кезіндегі кеудемсоқ, кер мақтау деген елес бүгінгі елімізді де кезіп жүр. Ұлттық намыс дегеніміз «қара бастың қамы емес, рудың не тайпаның зары емес, адамзат баласы - ұлтымыздың ұлықтығы үшін, теңдігі мен елдігі үшін өтейтін әр пенденің қарызы мен парызы» (М. Қозыбаев) емес пе? Әлде Абай өмір сүрген өтпелі шақ  қазір де туып тұр ма? Мен  солай ойлаймын. Әйтпесе, текті ұрпақтың шілдің тезегіндей азып-тозып кетуі мүмкін емес қой. Әлде батыстың көкжал көшпенділерді «кембағал, тағыға» теңеген тоғышар санасы біздің де рухымызды тұқыртып тастады ма? Біз - айберен, айбынды түркілердің айбарлы ұрпақтарымыз. Осыны түйсінсек болғаны ғой!..

Майқы би бабамыздың Тәңірден келген түсін, түбін түсіндіре алмаған түсін, біз елдікке жеткен ер ұрпағымыздың айбынды рухқа ие болуымен аяқтасақ игі еді...

Қымбат Слямбеков,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің

Филология, Әдебиеттану және

Әлем тілдері факультеті 2-курс студенті

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1457
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1307
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1061
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1110