Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Айқай 3901 13 пікір 20 Қаңтар, 2022 сағат 13:56

Билік транзиті қалай жүрді?..

2019 жылдың 4 ақпаны тірідей өртеніп кеткен күнәсіз бес сәбидің аянышты өлімімен есте қалды. Әлеуметтік желі күңіренген азанамаға толып кетті. Жоқтау жырын жазғандардың қатарында Астана тойына, Елбасына ұзақ толғау, поэма арнаған «одакештер» де болды. Әлеуметтік жағдайы нашар топтар, көп балалы аналар ереуілге шығып, билікке нақты талаптар қоя бастады. 30 жыл ел билеген сақа саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев жұрт ауанының басқа арнаға бұрылғанын бірден сезіп, президенттік өкілеттігін тоттатуға шешім қабылдағанын жариялады.

Бірақ елдегі бірден-бір жетекші партия «Нұр Отанның», Қазақстан халықтары Ассамблеясы жетекшілігін, мемлекеттік Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқын сақтап қалды. Қолданыстағы заң бойынша, Сенат төрағасы Тоқаев уақытша президент болды. Артынша екі айдан кейін сайлау өтіп, ресми билікті қолына алды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы соңғы президент сайлауының Елбасының кезіндегідей емес, билікке наразылық айқын байқалып, сайлаушылар пікірінің қақ жарылып, тартысты текетіреспен өткенін айта кеткеніміз жөн. Оппозицияны қолдаушы топтың таңдауы, өз сөзімен айтқанда «30 жыл оппозицияда жүрген», «комсомолдардың 100 жылдық мерейтойына ескі саптастарын көруге барған» Әміржан Қосановқа түсті. Қосанов мырзаның сайлаудың ресми нәтижесі шықпастан жеңілісін мойындап, Тоқаевты құттықтауы оған сенім артқандардың ашуын тудырып, арты бітпес дауға ұласқаны көпке мәлім.

Президент Тоқаевтың саяси жүйені демократияландыруға, халық пен биліктің арасын жақындатуға бағытталған партиялар мен митинг заңына өзгерістер енгізу, ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру, құлақ асатын үкімет жобалары көпшіліктің көңілінен шыққанымен, іштен де, сырттан да күрделі сынақтарға тап болды.

2019 жылдың соңында Қытайда пайда болған коронавирустың кесірінен халықаралық қатынастардың жаңа тәуекелге тап болуы жалаң бағыттағы (шикізат экспортына арқа сүйеген) ел экономикасына тіке әсер етті. Халықтың өмірі қыл үстінде қалды. Жылдар бойы қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер сорпа бетіне шықты. Өткен жылы жазда көзіне қан толған борышкер ішінде құқық қорғау қызметкерлері бар бес адамды жайратып салды. Өмірден үміт үзген жас келіншек үш баласын тоғызыншы қабаттан допша лақтырып, өзі де секіріп, қоғамды түршіктірді.

Осы қайғылы жайттардан кейінгі Елбасы мен Президенттің қараша айындағы кездесуінде, Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы төрағасы лауазымын Тоқаевқа беретіні белгілі болды. Оның алдында Қазақстан халықтары ассамблеясының жетекшілігін де беретіні айтылған еді.

Жаңа кірген барыс жылының екінші күні Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының көтерілуіне қарсы ереуіл бұрқ етті. Бүкіл елді шарпыды. Бейбіт түрде басталған митингнің арты жаппай тәртіпсіздікке, қан төгіске ұласты.

Мемлекеттік телеарналардан төтенше жағдай кезінде Тоқаевтың мемлекеттік Қауіпсіздік кеңесі төрағасы лауазымын да қолына алғанын білдік. Басында хатшысы Айдас Үкібай Елбасының әскери құқықты Тоқаевқа өз еркімен табыстағанын жеткізсе, Нұрсұлтан Назарбаев кешегі үндеуінде 2019 жылдан бері зейнетте екенін, мемлекет пен халықтың тағдырын шешетін барлық биліктің президент Тоқаевқа өткенін мәлімдеді.

Осылайша Қазақстандағы билік транзиті Кеңес одағының құрамында болған өзге елдермен салыстырғанда өзгеше сценариймен жүзеге асты. Путин мен Медведевтің алмакезек ат ауыстыруына (президенттік пен премер министрлікті) ұқсамады. Мемлекеттік биліктің бір қолдан екінші қолға, Нұрсұлтан Назарбаевтан сенімді серігі Тоқаевқа өтуін елдегі экономикалық-саяси басқару жүйесінің тиімсіздігінен туындаған әлеуметтік қайшылықтар мен сыртқы геосаяси факторлардың тездеткенін байқаймыз..

Тоқаевтың Қауіпсіздік кеңесі төрағасы ретіндегі алғашқы шешімі «Варшава шарты ұйымы» негізінде құрылған ҰҚШҰ әскерлерін елге кіргізу болды. Бітімгершілік мақсатта келді деп түсіндірілгенімен, ел іші-сыртында түрлі пікір тудырды. АҚШ мемлекет істер хатшысы қазақ билігінен не үшін мұндай қадамға барғанын түсіндіруді талап етсе, Қытай тарапы алғашында бұл жолғы дүрбелеңді «Қазақстанның ішкі ісі», деп бағаласа, артынан Қазақстанға сыртқы күштердің килігуін қаламайтынын қадап айтты. Орыс басшысы Путин «бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған бірде-бір елді НАТО құрамына қабылдамайсың», деп АҚШ бастаған демократиялы елдерге ашық талап қойып отырғанда, Ресей әскерінің Қазақстанда бой көрсетуі сан қилы жорамалдарға жетелегені анық. БАҚ бетінен түспейтін депутаттар мен саясаттанушылар Тоқаевтың қатаң мәлімдемелерінен кейін «енді нағыз Президентті көрдік, «мінезі жұмсақ» деп қате диагноз қойыппыз», деп ағынан жарылса, халықаралық ұйымдар Президенттің «ескертусіз оқ атуға, жоюға бұйрық бердім», деген мәлімдемесін құп көрмей, адам құқын сақтауға шақырып отыр.

Кеңес заманынан саясатта келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтық толқулармен бетбе-бет келуі, саяси қарсылыққа жолығуы алғаш емес екені белгілі. Бұдан 20 жыл бұрын Үкіметті басқарып тұрған кезінде бүгінгідей көсемі жоқ митингшілерге емес, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған Ғалымжан Жақиянов бастаған бірі – әкім, бірі – министр, бірі – банкир «жас түркілермен» жүзбе-жүз келген-ді.

Өмірбаяндық «Беласу» кітабында 1989 жылы Қытайда жүз берген студенттер қозалысы кезінде көзімен көргендерін, әскерилердің өзі тұрған қонақүй терезесіне бағыттап оқ атқанын жазған еді. Сыртқы істер министрі болып жүргенде Назарбаевтың зөңгілестері Шеверднадзе мен Ақаевтың жаңашыл саяси күштердің қарсылығына тап болып, саясаттан кеткеніне де куә болған. Олар жеңілістерін «өз халқыма оқ атқым келмеді», деп түсіндіріп еді.

Қалай десекте президент Тоқаевтың қиын жағдайда қабылдаған шешімдері ел экономикасының ішкі-сыртқы атмосферасына, халықтың көңіл ауанына ала бөтен әсерін тигізбейді деп үміттенеміз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

13 пікір