Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3136 0 пікір 11 Қыркүйек, 2012 сағат 09:23

Оюмен ой айтқан елміз

Шөкең - Шөптібай Байділдинмен таныстығыма да біраз жыл болып қалыпты. Ол кездері Қостанай облысындағы Амангелді ауданында тұратын. Сол уақытта-ақ ою-өрнекті терең меңгеріп, есімі елімізге әжептәуір белгілі болып қалған еді. Қазір ол Арқалықта тұрады. Сондағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының баспаханасында қызмет істейді.

Шөкең - Шөптібай Байділдинмен таныстығыма да біраз жыл болып қалыпты. Ол кездері Қостанай облысындағы Амангелді ауданында тұратын. Сол уақытта-ақ ою-өрнекті терең меңгеріп, есімі елімізге әжептәуір белгілі болып қалған еді. Қазір ол Арқалықта тұрады. Сондағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының баспаханасында қызмет істейді.

Жақында облыстық шығармашылық үйіне қа­расты көркемсурет галереясында Шөкеңнің «Оюмен ой айтқан елміз» атты көрмесі ұйымдастырылды. Оған 200-ден астам ою үлгісі қойылды. Бұл көрмеге өңірдегі мәдениет пен өнерді бағалайтын көпшілік қауым қатысып, автордың ізденісі мен жетістіктеріне жоғары баға берді.
Бір ғажабы, ою-өрнектердің қай-қайсысының да өзіндік айтары бар. Мән-мағынасы өте терең. Оюшы­ның қиялынан туған дүниелер кімнің болсын назарын өзіне еріксіз аудартады. Осы көрмені тамашалап, Шөптібай ағаның өткен жылдар ішінде 1500-ден аса ою-өрнектің түрінің авторы екендігін білдім. Шығармашылықта өзіндік орны бар тұлғаның жылдан-жылға кемелденіп, ұлттық құндылықтарымызды өркендетуге лайықты үлес қосып келе жатқандығын айқын байқадым.
Шөптібай аға қазір 66 жаста. Қазақ халқына Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ғафу Қайырбеков секілді біртуар тұлғалар берген Жангелдин ауданының тумасы. Айса Нұрманов ауылында кіндік қаны тамды. Дәл бұл ауылдан қазіргі руханиятымыздағы өзіндік ерекше орыны бар қаламгер Қоғабай Сәрсекеев, Төлен Әбдіков, Қойшығара Салғарин және Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілев дүниеге келіпті. Олардың әрқайсысын мақтан ететін кейіпкеріміз кезінде мемлекеттік қызметтерде де болып, халқының сүйіспеншілігіне бөленді.

Ол кісінің ізденімпаздығында шек жоқ. Әсіресе, ою-өрнек жасауға құштарлығы шексіз. 1999-2008 жылдар аралығында қазақ ою-өрнектерінің шығуы мен жасалуы жөнінде зерттеу жұмыстарын шындап қолға алды. Соның нәтижесінде ою-өрнектің көптеген түрін жасап шығарды.
Шөкеңнің кішкентайынан аң-құс аулау, ою ойып, кітап оқу ең бір жаны рақат тауып атқаратын сүйікті ісі болғанынан хабардармыз. Оған жақын-туыстарының да белгілі дәрежеде өзіндік ықпалы болған секілді. Мәселен, әкесінің інісі Сейітқасымның өз ортасына сыйлы, кәдімгі жылқының терісін илеп, торсық жасап, таспа өретін өнері бар-ды. Сонымен қатар ағаштан шана, уық, кереге де жасайтын қырларымен көпке танылған еді. Бауыры Шөптібайды да жастайынан ағаштан түйін түйетін шеберлікке үйретті. Сол елдегі аса қат етікшілікті меңгеруге де өзінің тікелей септігін тигізді.
Осындай жанашыр ағаларының жанында жүрген зерек бала кәдімгі жылқыға арналған әбзелдерді жасауға да әбден қанықты. Сондай-ақ жіп өрімінің түрлерін жасау мен сақина соғуға да баулыды. Осының бәрін өз көзімен көріп, қолымен ұстап өскен Шөптібайдың өсе келе ұлттық құндылықтарымызды шебер меңгермеуі де мүмкін емес еді.
Сонымен қатар мұны шеберлікке баулуда ерекше орын алатын адамның қатарында Самұрат деген ағасы да бар. Оның зерделілігі және дарынының өзгешелігі сондай, шамалы уақыттың ішінде қол сандықты еркін жасап, үйіне келген кісілерге тарту етіп жататын көрінеді. Осы кісінің де бойындағы барлық ізгі де асыл қасиеттері бұған да жұқты.
Сондай-ақ Шөкеңнің өмірінде өзінің жарқын ізін қалдырған біртуар тұлғалардың бірі - көрнекті этнограф, сатирик-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы еді. Ол да мұның өзгеше қабілет-қарымын дер кезінде көріп, оны ұштап, шыңдай түсуіне ағалық ақыл-кеңесін аяған емес. Оның парасатты ойлары бұған қанат бітіріп, өзінің қаншама жылдар бойы жасаған ою-өрнектерін жинақтап, бір жүйеге келтіруге ықпалын тигізді.
Арқалықтық этнограф-оюшының ою-өрнектері осы кезге дейін біраз жерге мәлім болды. Оған тоқталар болсақ, ою-өрнек көрмесі 1992 жылы Түркияда өткен дүниежүзілік жасөспірімдер фестивалінде, 1996 жылы Америкада өткен Атланта олимпиадасында, сондай-ақ Алматы, Астана, Қостанай, Арқалық секілді қалаларда қойылып, жұртшылық тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Оның мәдениетімізді өркендетуге сіңірген елеулі еңбегі жоғары бағаланып, Қостанай облысы меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының және Абылай ханның 300 жылдығына арналған халықаралық конференцияның алтын медалінің иегері атанды.
Ол өткен кезеңдерде жинақтаған еңбектерін көптің игілігіне айналдыруға аянбай тер төкті. Соның бір жарқын айғағы ретінде 2006 жылы Алматыдағы «Өнер» баспасынан «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Қазақтың ою-өрнектері» деп аталатын кітабы күллі елімізге тарады. Осы еңбекпен жан-жақты танысқан адам өнердің ежелден келе жатқан осы түрінің халқымыздың өмірінде қаншалықты орын алатындығын жете түсінері сөзсіз.
Сондай-ақ «Ою ой, өрнек сал» атты еңбегі де Екібастұз қаласындағы баспадан басылып шықты. Бұл да өзінің оқырманын тауып, ұлттық құндылықтарымызды бағалаушы ағайындарға пайдасын тигізгендігі аян. Басқа да шығармашылық табыстары халықтың жадында сақталып қалды.
Кейіпкеріміздің ою-өрнектері Астана қаласындағы Президент мұражайында, елордамыздағы бірқатар мектептерде, Қостанай облысы күндерінде де қойылып, онда келушілердің дүниетанымдарын кеңейтуге игі әсерін тигізді.
Өзі Арқалық секілді болашағы жарқын қалада ғұмыр кешіп жатса да, тынымсыз ізденісі, еңбекқорлығының арқасында есімі елімізге танылды. Бұл - үлкен шаһарларда тұрмай-ақ, дарынының арқасында өз ұлтының мақтанышына айналуға әбден болатындығының айқын дәлелі.
Ол кісінің осы кезге дейін жарық көрген еңбектері Арқалық шаһарындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтта арнайы пән ретінде де оқытылады. Сөйтіп, атадан балаға мирас болып келе жатқан өнеріміздің өркендеп, дамуына айрықша үлес қосып отыр.
Сондай-ақ аталған қаладағы жастардың «Жас ұлан» деп аталатын ұйымына да әдістемелік көмек беріп, дәріс оқуды өзінің басты парызы деп түсінеді. Жан сарайы бай, сан қырлы азаматты түрлі қызықты да тағылымды кездесулерге шақырушылар да жеткілікті. Ондай басқосуларда бұл өзінің алдына келген үлкенді-кішілі қауымға ою-өрнектер жайлы сыр шертіп, әңгіме айтудан еш жалықпайды.
Шөптібай аға еліміздің болашағы бұдан да нұрлы болатынына, ою-өрнек секілді ұлттық құндылықтарымыздың өркендей түсетіндігіне нық сенімді. Сол себептен алдағы уақытта да өзі қаншама жылдардан бері аса бір ыждаһаттылықпен, шын беріле жасап келе жатқан ою-өрнек жайлы тағы да «еңбектерімді баспадан шығарсам» деп армандайды.
Шөкең отбасында да бақытты. Ол - алты ұл мен екі қыздың ардақты әкесі. Осы перзенттерінен 20-дан астам немере сүйді. Қос шөбересінің алақанынан су ішкен бақытты ата.
Оның Шоқан, Ержан есімді ұлдары да әке жолын қуды. Есімдері суретші ретінде көпке танымал. Осы балаларының шығармашылық табыстарына ол қуанып отырады. Немерелерінің арасында да өнер десе ішкен асын жерге қоятындары да бар.
Ұзын сөздің қысқасы, мақаламыздың басында айтып өткендей, Қостанайдағы облыстық шығармашылық үйіне қарасты көркемсурет галереясындағы «Оюмен ой айтқан елміз» деген көрмесі жоғары деңгейде өтті. Бұл жайлы галерея меңгерушісі Сая Нұрлыбайқызы бізге аса бір толғаныспен айтып берді.
Өнердің шыңына көтеріліп, биікке самғай беріңіз, асыл аға!

Оразалы ЖАҚСАНОВ

"Айқын" газеті

0 пікір