Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2623 0 пікір 11 Қыркүйек, 2012 сағат 06:48

Қажығұмар Шабданұлы. Есіркеу (жалғасы)

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

ЕСІРКЕУ

І

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Абыланың көзі адырая қалды бір күні маған. Бөлмесіне тағы да шақырып алып тергеді. Қылмысымды әнеу күнгідей сұрау емес, суырып аламын дегендей адыраяды.

- ... Өздігіңнен әшкерелеймісің, жоқ па?

Жоқтығына нандыру ниетіммен бірнеше рет қайтарған жуас жауабымнан жуандап келіп осылай ақырғанда, менің де адыраймасыма болмады.

- Әшкерелейтін мәселем жоқ болған соң, жоқ! Егер тапқан болсаң, мойныма қой да, додаға салып талата бер!

- Олай болса тыңда!...  Дөрбілжінде мектеп тексеріп жүрген кездеріңде малшылардың үйіне қонып, жалпы елу қой жегенсің! Рас қой!

- Жолаушылап, жүргенде қонған үйің, тамақ бермей жатқызушы ма еді! Мал шаруашылығындағы халық қонағына ет асып бермей тоқтамайтын. Даяр еті болмаса, қонағының еркіне қоймақ қой соятын. Себебі, басқа тамақтарын тамақ деп есептемейді. Ал, мен, соншалық зорланғанда бір кило етті әрең жей аламын. Басқасы түп-түгел, өз үйінде қалады.

- Бір килодан... демек, қиянат деген міне осы емеспе!

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

ЕСІРКЕУ

І

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Абыланың көзі адырая қалды бір күні маған. Бөлмесіне тағы да шақырып алып тергеді. Қылмысымды әнеу күнгідей сұрау емес, суырып аламын дегендей адыраяды.

- ... Өздігіңнен әшкерелеймісің, жоқ па?

Жоқтығына нандыру ниетіммен бірнеше рет қайтарған жуас жауабымнан жуандап келіп осылай ақырғанда, менің де адыраймасыма болмады.

- Әшкерелейтін мәселем жоқ болған соң, жоқ! Егер тапқан болсаң, мойныма қой да, додаға салып талата бер!

- Олай болса тыңда!...  Дөрбілжінде мектеп тексеріп жүрген кездеріңде малшылардың үйіне қонып, жалпы елу қой жегенсің! Рас қой!

- Жолаушылап, жүргенде қонған үйің, тамақ бермей жатқызушы ма еді! Мал шаруашылығындағы халық қонағына ет асып бермей тоқтамайтын. Даяр еті болмаса, қонағының еркіне қоймақ қой соятын. Себебі, басқа тамақтарын тамақ деп есептемейді. Ал, мен, соншалық зорланғанда бір кило етті әрең жей аламын. Басқасы түп-түгел, өз үйінде қалады.

- Бір килодан... демек, қиянат деген міне осы емеспе!

- Жоқ, бұл қиянат емес!... Қонақтың өзі бұлап, иә, ұрлап жемей, үй иесі сыйлап-зорлап жегізген тамақты адам баласы қиянат деп есептемейді. Ал, қонаққа мал сою әдеті жаңа үкімет жағынан шектелгеннен бері мен де шектей алатын болғанмын. Нанбасаң қонған үйлерімді тізімдеп берейін, өздерінен сұра!

- Хош, мұны кейін көрелік. 1951-ші жылы 4-ші айда «буаз әскер көргенім осы» деп партияның әйел кадрларын масқаралағаның рас қой?

- Мұны қалжың ретінде айтқаным рас, «масқаралағаным» өтірік. Әйел әскердің буаз болғанын көргенім 1-ші рет болғандықтан таңданыспен қалжыңдағанмын. Мұны сол «буаз әскердің» ерінің алдында да айтып күлдіргенмін. Бұған қанша ақша алатындығыңызды парткомнан баға шыққанда болмаса, айтпауыңыз, намысыңыз үшін қажет! Бұл қалжыңым, кері төңкерісшілерді жаныштау» науқанында да ортаға түсіп, әшкерелеушіге ешқандай абырой әпере алмаған болатын. Бұл науқанға әкеліп тағы салатындай, қаншалық қиянат болып, қаншалық қазыналарыңды шығындатқандығымды үлкен жиынға салыңыздар, төлеуін дәл сол жиында қайтарып берейін!

- Бұл мәселе де тұра тұрсын! -деп түйілді Абыла. Қорқыта алмағаннан қорланғандай, танауы ашудан керіле түсті. - Сен партияға кіруді талап етіп жүргендігіңді ұмытпай жауап бер!

Компартияға қазірше мүше болып өтудің өз ар-намысыма қаншалық масқара жүк артатындығын мөлшерлеп болған едім, ішімнен күле, мысқылмен айттым жауабын.

- Бір секундта ұмытқан жерім жоқ!

- Олай болса, атылған кері төңкерісшілер үшін қайғырып, жылайтын себебің не?

- Кері төңкерісшілер үшін емес, Шәуешекте нахақ атылған нағыз төңкерісші екі ұстаз үшін жылағаным рас. Жылау ғана емес, оларды ақтап орталық комитетке арыз да жазғанмын.

- Хош, осыған қазіргі, қиянатын жасырып қалу мақсаты мен өліп алған жолбарыстар үшін жылайтын себебіңді қосып жауап берші, қане, қай майданның оқымыстысы екендігіңді көрелік. Компартия мүшесінің майданы ма бұл.

- «Коммунист» деген меніңше адамгершілік санасы толық, нағыз адамға берілетін ең ардақты атау. Осы өліп жатқан «жолбарыстарың» сияқты өлтіру жазасына толмайтын оқыс ахуалдан өзің өліп қалсаң, саған да жылар едім! Бұл, менің компартия жөніндегі майданыма нұқсан келтіре алмайды!

- Партия мәнпағатын ұмытсаң, партиялы болуыңа нұқсан келмей ме! -деп зекіріп қалған Абыланның томпақ көзі әйнектей жарқырады.

- Партия мәнпағатын ұмыту емес, партия мәнпағаты үшін қайғырған коммунистің майданы қайда кетпек! -деп мен тесірейдім. - партиямыз дәл қазір экономистерге, тәжірибелі мықты бұғалітрлерге мұқтаж болып отырғанда, олардың қиянатын бұғалтір иә заңымен жіңішкелеп тексермей, мұрнын жұдырықпен бұзып, көзін саусақпен тесіп мойындатамыз деп өлуге мәжбүр етсек, бұл террорлығымыз партия мәнпағатын - партия абройын сақтағандық болмақ па!

- Ы...һы... партияның нұсқауы бойынша жүргізіліп отырған науқанды террорлық десең, партияның өзін кім демексің, бұл кімнің майданы!

- Науқан, партияның нұсқауы бойынша жүргізілген, еңі жақсы, қасиетті науқан. Ал, қайткенде де мойындатамыз деп ұру мен қинау-жеке өз террорлығымыз. Мұны партияға арта алмаймыз. Себебі, соны істеген қол біздікі. Компартия мүшесі болу дегеніміз ақиқат пен әділетке шын жүрекпен жолдас болу деген сөз. Бұларға жаман жолдас бола алмаған «партия мүшесі», марксизм шығармаларына тоғыз қабат оранып алса да коммунист бола алмайды!

- «Ақиқат», «әділет», «адамгершілік» деп базарға салған немелеріңнің кімнің малы екендігін түсіндіреміз әлі, тұрып тұр! -деп сүзе қараған тасыр көзді Абыланың жуан тұмсығы тіпті ісініп, талаурата қалды. Көзін ғана емес, күре тамырларын да бадырайта сөйледі енді. - Табын ұмытып, буржуазияның құлына айналған оппортонистердің екі құлағын төбесіне жеткізіп тұрып түсіндіреміз әлі!

- Оппортонистігім рас болса, екі құлағымды өйтіп мұратына жеткізбей-ақ жұлып тастап түсіндіруге болады, -деп мен де жымидым. - Бірақ, алдымен ақиқат пен әділеттің кімнің малы екендігін түсіндіріп жұлатын да міндетіңіз бар. Ақиқат пен әділет орнату үшін болмаса, не үшін коммунист боламыз? Мәнсап алу үшін бе, иә, құлдық пен оппортонизм үшін бе?

- Қазір буржуазияның құрғақ пәлсапасын талқылауға уақытым жоқ! -деп зекіп қалды Абыла. - Одан да мәселеңді расшылдықпен тапсыр, ақиқат пен әділет деген міне осы!

- Мәселе деп танитын қателіктерімді өзім айтып болғанмын. Дөрбілжіндегі Сәрсеннің жіберген осы материалы бойынша сұрап анықтайтын мәселелерің болса, тағы сұрай бер!

- Кімнің материалы дейсің? -деп Абыла алдындағы қағазына үңілді.

- Сәрсеннің материалы деймін, гоминдаң шпионының! -деп күліп жібердім. - Мұндай жүзі қалың материалды Дөрбілжінде одан басқа ешкім жазбайды!... Менің үстімнен енді оның әшкерелейтін «әйелдерді қорлады» дейтін бір ғана мәселесі қалды. «Әйелдер» дегені бір жезөкше ғана. Оны жазып тапсырғанмын. Тек, ақшаға шаққанда қанша болатындығын ғана білмеймін дедім ғой!

Абыланның көзі қадалып отырған материалынан жалт етіп маған төнді.

- Одан басқа жоқ па?

- Жоқ!

- Әлі көп! -деп зірк ете түсті тергеушім. - Жоқ дегенін!... Сөйле!

- Өзім, «жоқ» деп сөйледім. Бар десең сөз сенікі, мархамат!

- Ойланыңыз, мен сөйлесем, ауыр келеді өзіңізге!

- Ауыр болса, әрине қылмыскердің өзі көтереді, сөйлей беріңіз!

- Ұмытып қалған шығарсыз, есіңізге біреуін түсірейін, мәселен делік: осы сапарда үйленіп келгенсіз, тойыңызға сегіз қой, бір өгіз сойғансыз. Шашу деп шашылған бауырсақ пен қант-конфет бүкіл көшеге шашылған рас қой? Кедей семиядан шықсаңыз осыншалық көп малды қайдан алдыңыз? Халық таба алмай тұрғанда мұншалық сырап еткен «молшылық пара болмаса қайдан келді? Алдымен осы факттерге толық жауап беріңіз!

- Шашуды шаттықтарын білдіру үшін тойға жиылған достар мен туыстар әкеліп шашқан. Оны ырым үшін тойшылардың өздері теріп жейді. Жерде бір түйірін де қалдырмайды. Ал, тойыма өзім бір қой ғана союды тапсырғанмын. Басқа қанша мал сойылса да осы материалды жазып жіберген Сәрсеннің өзі біледі. Өзі жауапкер, мен білмеймін.

- Өз тойыңа сойылған малды қалайша білмейсің! -деп Абыла шүйліге сұрады да, мен сондағы болған бар ахуалды түйіле сөйлеп бердім. Жауабымның толық дәлелді, айқын сөйлегеніне қарап, енді құтылған-ақ шығармын деген сенімге келіп тоқтап едім. Құтқармайтын сенімге келгенін сездіре Абыла бұйырды.

- Осыларыңызды қалған мәселелеріңізбен қосып, толықтап жазып тапсырыңыз!... Тегінде обалыңыз менде қалмасын, ескертіп қояйын, жазғанда расы бойынша бір мәселеңізді де қалдырмай толық мойындап жазбасаңыз құтылуыңыз мүмкін емес!.. Қылмысты жеңілдетуді өз танымыңыз - жуастығыңыз белгілейді.

Осыдан басқа растығымның жоқ екендігін қайталап айтып көрдім де, сенушімнің де жоқ екендігін білген соң, айғақ-куәларды тартып, жалақордың өзіне дәлелімен артып жаза салғым келді. Заң орындарына ұсынуға да осындай жазба түрдегі тура жауаптың дайын тұруы қажет қой.

Әсіресе, тойдағы сойыс малдың күнәсін маған артқанымен жолы болмайтындығын ескертіп, алдымен Сәрсенге хат жолдадым. Бір түннің ішінде бейнетті жауап материалым да жазылып бітті. Өзі оқи салып шиыршықтап, қолтығына қыса жөнелді Абыла. Нюханбеңге әкеткендігі сезіліп еді. Іле-шала қайтып келіп, қалдық жолбарыстардың үстінен күрес жүргізіп жатқанда телефонға шақырылды. Енді ерекше бадырая қарап кірді маған. Бадырая-бадырая отырып, түскі демалыс кезінде тағы шақырды.

- Дайындал, түстен кейінгі жиынға кірмей ойлан, мәселең ертең таңертең көпшілік алдында тексерілетін болды! -деп шығарды.

Күреске-додаға түсесің дегені еді мұнысы. Ханбеңдердің солай зорлап мойындатпақ болғаны ғой! Сол жарым күн мен түні бойы ойлағаным, додаланбаудың қамы ғана болды. Енді Әлия түгіл сонау дәуірдегі көк борми мен сиырдың да қылмысын өзіме дарытпай, себептерін ғана сөйлеп тастап, ашық айтысуға ғана бекіндім. Мұндайда күреске түспей, белсенділерге талатпай, заң сарабына ғана түсудің қажеттігі көрініп болып еді. Кейбіреу додадан осылай құтылған. Аянбай ашық айтысқа түскен де қолы желкесіне қайрылып байланып, түрмеге айдалған. Қазір заң тергеп жатқанын естігенмін. Батыл болмай мимырттасам-ақ мылжаланатыным анық. Қылмысты-қылмыссыз жолбарыстардың бәрі де қарсы тұруға батылдық ете алмаудан соғылып жатпай ма. «Ал, мен ондай төтенше батылдықпен батырлықты тәуекел ретінде ғана қолданып, қиналып қалмауым үшін әдіс істетуім керек. Бар жауабымда белсенділерді өзіме тартып, тіс ырситпайтын етуім қажет. Ол үшін өздерін нандырып-бағындырып әкететін өткір шыншыл сөз қажет!... Әй, бірақ, әнеу басы жоқ кеуделер оныма көне қояр ма екен!...»

Таңертеңгі тамақтан соң бір белсенді жатағыма келіп, жиынға шақырды. Тас түйін болып, қанды майдан залына кіріп бардым. Көпшілік тып-тыныш, тым-тырыс. Абыла баяу ғана сөйлеп тұр екен. Маған жайшылықси ғана қарап, «отырыңыз!» деді. Мен де жайшылықсып, салмақты қадаммен ең артқы орындыққа барып қойдым.

- ... Хош, бүгін солай, Әбілемитті қазір шығарып әкеліп, қайта сөйлетіңіздер! -деді Абыла. - Зорламай тексеріп, мәселесін бір-бірден анықтап сұрап, жауап алыңыздар!... Хатшы алдымен оның өз жауабын, онан-соң көпшілік пікірін жазсын! Жиынды Биғабіл жолдас басқарады. Биғабіл жолдас, мұнда келіп отырыңыз!... Мен парткомдағы бір жиынға баратын болып қалдым. Бұл іс бүгін сіздің міндетіңізге қалды. Әбілемит тезірек анықталып болса, Ошырды шақыртып тексеріңіз!

Мен орнымнан қозғала қоймадым.

- Мақұл-ақ болсын, бірақ, осы «жолбарыстарыңның» мәселесін қайта анықтап, «кескін тиянақтату» құқығы қалай берілді маған? -дегенімде көпшілік күліп жіберді де, мен сұрауымды айқындап, қайталай тастадым. - Өзім күреске түскелі отырғанымда «жолбарыстарыңыздың» қылмысын маған қайта тексертпек болған себебіңіз не екендігін түсіндіріңізші?.. Оларды ақтатқызып алып, «міне майданың, кім екендігің енді анықталмады ма!» деп менің алқымымнан ала түспексіз бе?... Жоқ, бұл қақпаныңызға түсе алмаймын!

- Ә...ә... сіздің осылай күмәнданатын да себебіңіз бар екен ғой! -деген Абыла өсіп кеткен сақалын сипалай берді. «Жолбарыс» соғуға кіріскеннен бері қырылмаған сақалы басына апат орнаған жолбарыстарының сақалдарынан да асып, арасынан бит те өте алмайтын нуға айналып кетіп еді. Сонысын енді тұтамдап сылап тұрып қалды. Өзі қара адамның қызарғаны білінбесе де, біртүрлі жұмбақты мүсәпірлік халге түскені осы тұрысынан байқалғандай.

- Менің күмәнім сіз ойлаған себептен де ауырырақ! -деп салдым. -Көпшілік алдында өзімді тексергенде ортаға салармын. «Мәселелерім» тексеріліп анықталғанша бұл артқан міндетіңізді атқара алмаймын!

- Екеуміз кейін түсінісіп қалармыз! -деген «жолбарыс» қыраны партиялы біреу мен белсендінің біріне сыбырлай сала жөнелді. Жиынды сол екеуі қосақталып басқарды да, мен «ауа райының» бүгінгі өзгерген себебін іздеумен болдым. Екі-үш күннің алдында батыс-терістік әкімшілік районының секретары Ши жұңшүн деген кісінің Үрімжіге келгенін естіп едім. Себеп сол кісіден болғаны аңғарылғандай. Қос басқарушы қосарлана аңқылдап, Абілемит және Ошыр атты бөлім бастықтарына өздері зорлап мойындатқан қиянаттарын өздері қайта ақтады да отырды. Дауысқа салып жіберіп, абақтыдан үйлеріне қайтарып тынды. Соның ертеңіне төтенше қуанышты бір хабар көшені жайраң қақтырды. «Ши Жұңшүн орталық комитеттен үлкен міндет алып келіпті!». «Шинжаңдағы асыра сілтеушілікті естіп келгенін айтыпты!». «Орталық комитеттің саяси биросы оған Шинжаң қызметі жөнінде ең жоғары құқық беріп аттандырыпты!». «Айбатынан ай жасырынады деп сенетін ақырымпаз Уаңжынды келе сала бүре түсіпті!», «қыран секретарыңды селкілдетіп жіберіпті!» деседі.

Өлке қызметін тексеру, алдымен өлкелік партком ядросының өз ішінде болғандай, қала көшелері тына қалып тыңдаса да қаралып жатқан мәселелердің қай мәселелер екендігінен ешбір сыбыс ести алмай қалған екен. Онан соңғы бір-екі күнде партбюро мен өлкелік үкіметтің басшы қызметкерлері секретардың шағын жиын залында бас қосқан күбірлері естілді. Сондада сөздері ұғылмап еді. Сол жиын кеңейіп, үкімет мүшелері түгел жиылғанда ұқтық. Партбюроның әр сала қызметінен бір-бір жуанды жауапқа тартып, тексеріп жатыпты.

Күткен үмітіміз алыстан барандап, ноқаттан допқа, доптан күбіге айналып, жақындай келе нағыз өзі көрінді де зорая берді. Үкімет мүшелерінің жиыннан соң өлкелік мекемелердегі партия мүшелері түгел шақырылды. Жетіп келген ең сағыныштымызды қарсы ала шыққандай бізде алақайлай жүгірдік. Батыс сарайды сықа лық толтырыппыз. Сахнаның төр жақ бұрышынан орталық комитет уәкілі алдымен шықты. Залдың арт жағында тұрған менің бұлдыраған көзіме жүзі айқын көрінер емес. Әйтеуір бір сопақшаланған аумақты нұр сияқты. Өмірімде қолымды ең қатты шапалақтағаным осы-ақ шығар, қып-қызыл шоқты шапалақтағандай, алақандарым лапылдап жанып кеткендей болды. Сахнаға ере шыққан бірнешеудің ең соңындағысына сол нұр қолын сермеп қалып, тоқтатты да, сұқ саусағын қадап, сахнаның арғы жақ босағасын нұсқады. «Сол жерге тұр» деп бұйырғаны екен.

Өткен екі жарым жылдың алдында ғана Шинжаң халқының жаны уысымда дегендей жұдырығын түйе ақырып келген генерал-полковник Уаңжын, жазаға тұрған жай әскердей итағатпен сүмірейіп тұра қалды. Жұдырығын түймек түгіл саусақтарын жия алар емес. Сөйтсе де, «секретар селкілдеді» деген сөз бекер көрінеді. Жерге шаншылған шыбықтай шайқала тоқтап, қыбырсыз мүлгіді.

Орталық комитет өкілі сөйлей жөнелді. «... Шинжаңда жүргеізілген бұл асыра сілтеушілік пен қатігездік еліміздің басқа өлкелерінің ешқайсысынан да көрілмеді. Бұл, орталық комитеттің нұсқауымен істелген іс емес! Бұл апатты жойымпаздықтың бас қылмыскері - міне, мынау!» деп төр босағада тұрған Уаңжынды саусағымен нұсқап жіберіп бастады сөзін. Әсіресе мал шаруашылық райыондарына төнген қатерді толық сөйледі. Орталық комитет өзінің мал шаруашылығы жөнінде белгілеген саясатын ешқашан өзгертпегендігін нақтап түсіндірді. «Мал шаруашылығы тапқа айрылмайды, мал үлеске түсірілмейді, мал иесі мен малшыға тең байланыс жасалады. Бұл саясатты бұзуды саған кім тапсырды!» -деп Уаңжінге төне қарап жалғастырды сөгісін. «Халыққа жалпылай соққы бер, жауды көбейт деп қай кері төңкерісші, қайсы фащист үйретті!... Лауфың[1] айтса тыңдамайтын, Люлаудың[2] нұсқауына бағынбайтын қайдан шыққан немесің сен!... Сөйле, қайдан шықтың?»

Уаңжын төмен қарап үнсіз тұқырды да өкіл көпшілікке қайта бұрылып, ұзақ сөзге кірісті. Орталық комитеттің Шинжаң қызметі жөнінде белгілеп қойған жалпы нысана, бағыт-саясаттарын айқындап баяндады.

«... Шинжаңға ішкеріден келіп қызмет істеп жатқан кадрлар, тыңдаңдар!» -деп дауысын өрлете бұйырды бір шақта. - Қайсыныңда зор ханзушылдық идея болса, соның дереу қайтыңдар Шинжаңнан!... Қаншалық қабілеті, қаншалық стажы болса да, қаншалық еңбек сіңірген болса да зор ханзушылдардың көп ұлтты бұл өлкеге титтей де қажеттігі жоқ... орталық комитеттің тапсырмасы бойынша қайталап бұйырамын, өз идеясын өзгерте алмаған зор ханзушылдар кетсін Шинжаңнан!..»

Осы сөзбен ақырып-ақырып жіберіп, пролетарияттық интернационализмнен сәл болса да шеттеген коммунис сымақтардың коммунизмші еместігін, ондайлардың партиядан түгел айдалуы қажеттігін сөйлегенде зал дүр көтеріліп ұзақ қол шапалақпен алқады. Көз алдымда сөйлеп тұрған осы бір жазық маңдай, жарқын жүзді сұңғақ дене, адамзаттың өзімшіл санасын өзгерте аларлық партияның шынайы тұлғасындай аса зорайып, шұғыла шашып тұрғандай көрінді. Көз шанағыма жас толды.

Өкіл осы пікірін талдай келіп, Шинжаң қызметінің әр саласынан көрінген зор ұлтшылдықты сөз етті. «Әсіресе мәдени-ағарту саласындағы зор ханзушылдық, партияның ұлттық саясатына тікелей қарсы шабуылға айланған!» -деп, әлдекімді іздей қарады жан-жағына. «Басқа ұлттардың ұлттық дәстүрлерін, кертартпалық, кері төңкеріс» деп иянаттауға дейін жеткен! Әйелдер шашын кеспегендігі үшін ғана «кері төңкерісші», "феодал ханымы" аталып, саяси қақпайға ұшыраса, демек, ханзуласпаса, төңкерісші қатарына қосылмақ емес екен ғой!.. «Осы елде төңкерісшілдік ханзуға ғана тән болып, меншіктеліп беріліп пе еді!.. Туысқан ұлттарды солай қорлап, аяқ асты ету жағынан гоминдаңнан да асып түскен. Қорқытып зорлап ханзуластырмақ болған». Тағы да шошқа етін жемейтін адам төңкерісші бола алмайды-мыс!... «Жаң Жеші шошқа етін жейтін. Оның да төңкерісші - коммунизмші болғаны ғой!...», «Маханбең!» -деп дауыстап шақырды сонан соң.

- Бар! -дей сала жүгірді Маханбең есік жақтан. Мыңдаған көз осы қасқырдың қоянша бүгежектеген сорлы кейпіне қарап қалыпты.

- Тума Жыхүй жуиші[3] сұмырай! -деп зірк ете түсті зор дауысты партия өкілі. - Кет жоғал, шешеңді...!

Сахнаға жақындап қалған Маханбең кілт тоқтады. Артына әскери тәртіппен бұрылса да, оқ тигендей сенделе басты аяғын, жүзі бір қуарып, бір қызарды. Ешкімге қарай алмай тұқыра жөнелді сыртқа. Жирене қарап Нюханбеңді де шығарып салдым. Ол бұқпантайлап жан есіктен шықты. «Қайран басқалқаларыңнан айрылдыңдар-ау!» деп күлді біреу.

Өкіл енді орталық комитеттің жаңа нұсқауын оқыды. «... Уаңжын Шинжаңдағы қызметінен мүлде босатылсын! Өткізген қылмыстарынан есеп беру үшін Бижінге қайтарылсын! Оның қызметін генерал литенант Уаң Әнмау тапсырып алсын! Уаңжын солшылдығы ойрандаған барлық халықтан хал сұрасын! Мал шаруашылық райондарынан қолға алынғандар түгел қайтарылып, қалпына келтірілсін! Басқа делолар қайта қаралсын! Соққыдан зақымдалғандар түгел үкімет расхотымен емделсін, шашылғандары жиылсын, шағылғандары төленсін!».

Орталық комитет пен Маужушиға бар алғысымызды жаудыра ұрандап-ұрандап тарадық. Ертеңіне-ақ ұйымдастырылып тұс-тұсқа, аймақ-аудандарға «хал сұрау» - үгіт атреттері аттанды. Алтайға баратын бір зор атретке мен де шақырылдым.

Үгітші-шешендер, емші-дәрігерлер, күйші-әнші-бишілер, киношы-апаратшылар, есепші, кездемеші-қамдаушылар, сақшы-қорғаушылардан құралған зор керуен болып Алтайға жеттік те, тезірек бітіру үшін үш атретке бөлініп кірістік.

Ертегілердегідей «тылсыммен» байланған талай бәйшікештермен әділетті талап еткен ақтаушылар, қақас-жаңсақ жібергісі келмейтін халыстар көген мен қамаудан ағытылысымен енелерін көрген лақ-қозыдай жамырады бізді көргенде. Маңырасып-аңырасып жыласып көрісті. Күрес жиындарында жұлмаланған бешпет-сымдардың мақта жүндері де жаға-омырауымызбен, етек-жеңімізге жабыса шағынды. Аяғы шағылғандардың балдақ-таяқтары да, белінен күйрегендердің зуа-замбілдері де таласты бізге. Өлгендердің шешелері мен бала-шағалары шулап, құлағымызды бітірді.

Тірі қалғандарына той, өліп «құтылғандарына» ас, көкпар, ат жарыс, қыз қуар... тағы да немене-немене, әйтеуір, тау-дала жылаулы, күлкілі шуылға толды. Биік шыңдар, қарлы жондар, нулы шатқалдар, иен құмдар бұл шуылдармен қосыла жаңғырықты. Ашқан жиындарымыз тіпті айқайлы, азалы-қазалы-қаралы, жылаулы-жоқтаулы, ұранды-сүренді, жеңісті-желпіністі шуыл. Компартия мен Маужушидің қамқорлықтары бәрінен аса жырланып, аспандап шырқалды бұл шуылда. Жер-көкті қамтыған бұл «жеңіс» шуылы халыққа қиындағы бандыларды, қиырдағы қашқындарды жетектеп әкеліп қосып шұрқырастырды. Бізбен соларда құшақтасып-аймаласып жүргенін сезбей де қалған сияқтымыз. Сезсек те секемсіз сеніммен-кешіріммен құшақтастық. Олай болатыны, бұлардың қылмысы Уаңжынмен бірге қуылмады ма.

Осындай жиынның бірін Алтайдың «Үш тұйық» деп аталған төр жайлауынан асуға жақындап келіп қонған бір ауылында ашуға шықтық. Қарағайлы, ну орманды шатқалдан қиалап асып шыға келгенімізде, жондағы жасыл белестердің түсе беріс салаларына үйме-жүйме қонған көп ауыл екен. Күні бұрын хабарландыруымыз бойынша жиылған халық үдере жүгіріп қарсы алды. Үлкендеімен қос қолдап амандастық. Солшыл науқан жазасына ұшырап, айдаудан қайтқан азаматтарымен аймаласа құшақтасып, балаларының бетінен сүйдік.

Майып-кемтар болғандарын жиынға даярланған алаңдағы орындарынан басып, алдыларына бір-бірден жүгініп, құшақтап келе жатыр едім. Бар ете түсті бір жуан дауыс. Мені танып сау қолымен қолтығына тірей көтерілген сыңар балдағы тайып кетіпті де, сынық аяғы астына түсе құлапты. Үрімжідегі сабақтас-ұйымдас Шақан батырым!... Ыршып барып мен де өкіре құшақтадым... Сынғаны сол қолымен оң аяғы екен.

- Салғызғаныма екі апта болып еді, қайта үзілді-ау! -деп ол күңіренгенде.

- Не көрмеп едік, Шақа, -деп мен еңкілдедім. - Гоминдаңның темір қасқыры шайнағанда да үн шығармап едік қой, бас тісіңді тісіңе!

Бұрынғы тостағандай бет үштері қос төбедей теңкиіпті де, қалың еріндері жардай түріліп, науқан басталғалы қырылмаған сақал-мұрт қоғадай қаптапты жүзіне. Алыптың тұлғасы енді біткен екен. Әлгі сөзімнен соң үнсіз шалқалап жатып қалды. Өзіндей болмаса да өзгенің әйелдерінің жайнындай жайқалып қызыл келіншек отырды аяқ жағына, Шақанның соққыға неліктен ұшырағанын содан сұрадым. «Екі-үш жылдан бері оқытушылықтан ауылдық үкіметке ауысып, жүз басы болып еді. Елдің мал тізімі өз қолында болған соң... сонысын жайып салып, кей біреулердің бай қатарына жатпайтындығын айтып, ақтай беретін болған...» - Осыны ғана қалпымен сөйлеп келіп, боздай жөнелген келіншектің сөзі жоқтау сарынымен тұжырылды. - Байлардың малын жасырдың, пара жедің, қашырдың дейді-ау сұмырайлар!... и!»

Екі мықынын екі қолымен тірей шайқалып Ынтықбай келе жатты бір жағымнан. Сүзуге бейімделген қаратоқал бұқадай сүзіле қарап, жалаңбас мамырласа да жаңа пішілгендей талтаңдап, бөксесін әрең көтеріп келе жатқаны байқалды. Қарсы ұмтылдым. Әскери белгіден нысан жоқ. Көктайғақ бешпет сыртынан түте-түте мақталы бешпет киіпті.

- .... Саған не болған, Ынта? -дей жетіп, құшақтай алғанымда ышқынып қалды, мықшиып барып отыра кетті де, күрсіне сөйледі.

- Әйтеуір, аман қалыпсың-ау, Биғаш, мұндағы сабақтастарыңнан күйремегені жоқ!... Мен қалада жолбарыс болып соғылып жатқанымда мұндағылар далада бөлтірікше мыжылыпты. Салғыңның халы бәрінен мүшкіл! Бір көз, бір құлағын «қырандар» шоқып тастапты. Анау арғы ауылда. Жазылса шұнақ соқыр болып, әрең жазылатындай. Әсіресе, көзін ағызған сұқ саусақтың зардабы қинап жатыр екен!

Көзімді жұмып мелшиіп отырып қалыппын. Қартайған бейнемен ауыр күрсінген Ынтықбай, сөзін басқа тақырыпқа ауыстырды.

- Айтпақтайын, кейінгі Нұрияшыңды құтқару жайын тапсырып, 50-ші жылы жазда маған бір хат жазған екенсің. Биыл жазғытұрым ғана тиді. Сұрастырып көрсем, қалыңдығың құтылып, өзіңмен табысып та болған екен, хайырлы болсын!

- Оғанға дейін қайда болдың?

- Көктоғайда, Шіңгілде әскери міндетпен тұрып, осы жазғасалым «кәсіп ауыстырған соң» әрең қайтқанмын. Содан «өсіп» жолбарыстық дәрежеге жеткенім осы ғана. Бұл «дәрежеге» жаумен неше жылдық жан алқым шайқаста көрсеткен еңбегім қосылып әрең «жеткізіп» отыр...

Емдеу шатырлары тігіліп болысымен аурулы-жаралы мертік-шортықтарды сонда жидық. Екі атпен зузаға салып салықты да әкелді. Осы ауруханаға жатқыздық. Жайма шуақ ашық күнді лезде тұман басып, жонда жортқан тұнжыр бұлттар ішінде қалғандығымыздан хал сұрау жиыны ертеңіне ашылды.

Жиын жайын мен түсіндіріп ашып, алдымен күресте, айдауда өлгендердің қызыл бояу мен үлкейтіліп жазылған аттарына аза жариялап едім. Мархұмдардың шешелері мен әйелдері, әпеке-қарындастары зармен шу көтеріп, жыр-жоқтау айта жөнелді. Аза мен иілген басымызды поезия құдіреті қаншалық тұқыртып, қаншалық көз жасының төгіліп, қанша уақыт тұрып қалғанымызды сезбей де қалыппын. «Сағатыңызға қараңызшы!» деген бір бастықтың сөзінен оянғандай селт етіп көз жасымды сүрттім де, микрафонда жиынның аза уақыты біткенін ұқтырдым. Халықтың өксіп, күрсінісі мен сыңсу, еңіреулер, жігерлі де жағымды шыққан көңіл айту сөзімнен әрең тоқтады.

Хал сұрау атретіміздің бастығы Жау шужи сөйлейтіндігін жарияладым да, сөзге шақырдым. Егде тартқан жасамалы секретар кішкене столға салмақпен жетіп, көпшілікке бас иді де, бастама сөзін соза ойланып, асықпай түсіріп, тезис қағазын жайды. Қалың палтосын асықпай шешіп, желбегей жамыла баптанып отырды да, ресми баяндамаға кірісті. Аударушысы оң жағымда түрегеп тұрып аударды. Көшпелі елде орындықтың жоқтығынан сол жағында қақшиып мен тұрдым. Сақшыларымыз қоршаған жұрттың алдында қиқайып-шойқиып отырған жаралыларды ентелеген аңқау-аусар аяқтардан қорғау мен қарбаласта жүр еді. Аурулар қатарының арт жағына отырғызылған бір дудар бас қартаң әйел қолындағы шылауышын бұлғай түрегелді орынан. Екі сақшы екі жағынан келіп ұстап, қайта отырғызбақ болып еді. Екеуінің қолынан бір-ақ сілкіп босады да, мықын тіреніп тұра қала ақырды.

- Е, мені де жемек пе едің, жауыздар!... Қарашы қуларын, тағы да көгендеп тізіп қойып, бір-бірден соймақсыңдар ғой! Екі қозымды жеп болып, енді кәрі саулықтай мені табуын қарай көр, қанды қолдарыңа түссем-ау енді! -деп жыпылықтата сөйлеп жіберіп, иін тірескен жұртты қаға-соға жөнелді. Ұстамақ болғандардың ешқайсысына ілінбей сытылып шықты да, безгелдекше безілдей зытты. Жыртылған етек-жеңі, қолындағы шылауышы мен иығындағы өрім-өрім кимешегі ұйтқып, құйын қуған қаңбақша кейде домалап, кейде ұша жөнелгендей көрінеді. Жаяу қуған жігіттерді шаңына ілестірмеді де, атпен қуғандардың аттарын үркітіп, маңына жуытпай қарағай орманына кіріп кетті.

- Асқан кең жайсаң, көркем бәйбіше еді, амал не! -деп күрсінді қасымда тұрған бір қарт. Көз жасы мол бурыл сақалына төгіліп тұр екен. Жалт қарап, басымды төмен сала сұрадым.

- Не болған?

- Мал иесі болып нысанаға алынған жесір әйел еді. Екі ұлының бірі күрестегі қинауға шыдамай, жартастан құлап өлді де, үлкені оңтүстікке айдалып бара жатып, ауырып өліпті. Соның күйігінен жынданған. Келінінің бірі айдаудағы күйеуінің қазасын естісімен-алдыңғы күні қайтыс болды! Сөйтіп, кіші келіні мен 4-5 кішкене жетім қалды арттарында!...

- Болды, қумай-ақ қойыңдар! -деп сыңғырлады көп арасынан біреу. - Енді бой бермейді ол, әбден шаршап қалжаурағанда үйіне қайтып келеді өзі!

Жау шужи сөзін асықпай-саспай жалғастыра берді. Бұл реткі солшылдықтың кесірі мен кеселі ұзақ баяндалып, мұны партияның түгел жинақтап, толық түзететіндігін, ендігары мұндай қателіктің қайталанбайтындығын, оның объектив-субъективтік себепші негіздерін талдап-тараулата сөйлей келіп, «бай, бақытты, сәулетті болашағымызға» тамсанғанда, көпшілік те тамсанғандай үий тыңдады.

Ши Жұңшүн жетккізген орталық комитеттің жаңа нұсқауы осыдан соң сөйленді: Уаңжынның мұндағы қызметтен мүлде басатылып, қылмысы орталыққа тергелетіндігі, сөйтіп, жауапқа-жазаға тартылатындығынан бастап, зақымдалғандардың қашан жазаланғанша үкімет расхотымен емделетіндігі, халықтың шашылғандары, тіпті ине сабақ жібі де қалмай жиналып, шағылғандары үкімет жағынан түп-түгел төленетіндігіне дейін бұл да жеке-жеке тармақталып-тақырыпталып сөйленді. Жиындағы жұрт тіпті балқып, маужырай тыңдады. Жылы сөзге түстен ауған күннің жылы шуағы қосылып қалғыта бастады көпшілікті. Бұл қамқорлықтың барлығы Маужуши мен орталық комитеттен келгендігі қайтадан еселеніп сөйленді сонан соң. Маужуши барда біздің ешқандай жаудан жеңілмейтіндігімізді, ештеңеден күмәнданып қам жемеуіміздің қажеттігін қайтадан объектив-субъектив негіздерімен қортындылады. Сөзін осылай бітіріп, ұран шақыра көтерілгенде, тосыннан столымен бірге омақасып барып, екпетінен түсіт секретар.

Алғашында Жау шужидың бастаған ұранына ілесе «Маужуши жасасын!» -деп айқайлап көтерілген халық, іле-шала «өлтірді, өлтірді!... Ұстаңдар, ана жындыны ұстаңдар!» деп шу ете түсті.

Тігілген үйлер мен шатырлардың ара-арасымен жымп келген жынды артына ұстаған қайың тоқпағымен Жаушужиды шүйдеден қағып жібергенін сезбей қалыппыз. Екінші рет ұруға ұмтылғанда мен ыршып барып, тоқпағын жұлып алдым. Жынды кемпір екпеттеп жатқан Жаушужидың үстіне қона түсті. Үш-төрт сақшы енді жетіп ажыратқанда жерліктерден он шақты жігіт дүрсе қоя берді жындыға.

- Жау! Жау! -деді жынды кемпір алақ-жұлақ қағып шегіне берді. - Өздерің «жау» деген соң ұрдым ғой, ха-ха-һа-һа... жауды қорғайсыңдар ма! Ха-ха-һа-һа...

- Кім жау!... Жау сенсің!

- Бұл тап жауы, өтірік жынданған, аяусыз жазалау керек!

- Соттау керек!... ату керек!...

- Жіберіңдерші, қазір-ақ жаһаннамға жөнелтейін!...

Қоршап-қорғап тұрған сақшыларды екі-үш әпербақан кимелеп барып жұдырық салды жындыға. Енді қорғаушылар мен шабуылшылар кеңірдектесті. Сақшылар тоқтата алмаған шабуылшыларға көпшілік зекірісті. Халыққа өктемдік жүргізіп әдеттеніп қалған адырақбайлар тұс-тұстан ақыра түрегелген жұртшылық кегі от ала кетті, лап қойды адырақбайларға. Шуыл аспанға көтерілді.

Жаушужиды шатырға көтеріп апарып тексерген дәрігер мен сестралар мекрафонда шулады осы шақта.

- Жаушужи тірі! Тірі!... Тірі! Көзін ашты! Ештеңе болмапты! Ештеңе!... Ұрмасын дейді!... ұрмаңдар дейді жындыны!... Ұрмасын, қол тигізбесін дейді!...

- Ие, ие, ауыру жындыны ұрмаймыз! Сау жындыларды ұрмасақ, енді бізді жындандырады! -деп барылдады біреулер.

Арашаға түсіп ештеңе өндіре алмаған мен де жүгірдім микрафонға. Аспанды бөрік қып киіп дөңгелетіп жүрген жұртшылыққа жерді жара бақырсам да тыңдаған ешкім болмады. Жынды кемпірге ұмтылған алғашқы он шақты адырақбайды жиырмаға жеткізіп жығып, мертік-шортықтардың қатарына әкеліп сұлатқан жұртшылық жиындағы өзді-өз орындарын қайта тауып отыра қалысты да қарқылдай күлісті. "Міне енді рас тынышталамыз!" деп күлісті. Мықты діңгекке байланып, құралды екі сақшының қорғауында тұрған жынды кемпірдің екі көзі тіпті шадырайып кеткен екен. Адамзат шошырлықтай қатты қарқылдады.

Жиынның жалғасын ертең таңертең ашатындығымызды қарлыққан дауысыммен мекрафонда тағы да бір сыпыра айқайлап, халықты әрең тараттым. Жаушужи жатқан аурухана шатырындағы бір креуетке жынды кемпірді де жатқызып таңдық та, мықты күзет қойдық.

Саққұлақ тергеушім, жазған қылмыстарымның кейінгі екі тарауы көп шулап, шекедегі құлағыңызды тұндырып-ақ тастаған шығар. Алғашында уыс сыққандағы шуылымыз деп шыңғырсам, соңында уыстан шыққандағы шуылымыз деп қышқыра бермедім бе. Жоғарыдағы бір жауабымда қарыздар болған егіз қылмыс дегенім, міне, осы. Бұл қышғырудағы қаскүнемдік мақсатымды әрине түп-түбірімен түсініп отырған шығарсыз. Тыңдампаз, естігіш құлағыңызды осылай шыңғырып, кереңге айландырсам, «ендігі қылмыстарымның сыбдырын естімей қаларма екен» деген далбасам еді бұл. Ал, қылмыс іздегенде құйрығыңыз да құлаққа айналатындығы есімде болсашы!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Лауфың - фаң екең (үлкенсіп құрметтеген атау) - Фың Дыхуай.

[2] Лаулю - Лю екең (үлкенсіп құрметтеген атау) - Лю.

[3] Жыхүй жуии (ханзуша) - оппортонизм.

0 пікір