Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2647 0 пікір 10 Қыркүйек, 2012 сағат 14:17

Айтақырға айналған Алатау

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов, былтыр 17 мамыр және 27 маусымда дүлей құйын шыршаларын сұлатып кеткен Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғат паркіндегі табиғат апатының зардаптарын жою, сондай-ақ құлаған шыршалардың орындарына жас көшет отырғызу жұмыстарын барып көрді. 

Алматы облысындағы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің (МҰТП) аумағына жататын «Мохнатка» жотасында қызу жұмыс жүріп жатыр. Медеу мұзайдынынан Шымбұлаққа қарай көтерілетін тау беткейінде орман шаруашылығының 81 жұмысшысы өртенген ағаштарды кесіп, тауды айналып өтетін жолға қарай домалатып жатыр. Жиналған кеспелтектер автокөліктерге тиеліп күресінге шығарылады. «Мохнатка» тауында 22 тамыз күні түнде өрт шығып, таудың сәнін келтіріп тұрған шыршалар екі күн бойы сатырлап жанды. Бұл беткейдегі былтырғы құйын жапырып кеткен шыршалардың 70 пайызы жиналып алынған. Осы оқиға бойынша жұмыс істеген комиссияның мәліметтері бойынша, негізінен, өртенген жердің жалпы аумағы 77,6 гектар, соның ішінде орманмен қамтылған алқап 47,6 гектар болған. Өрт келтірген залалдың жалпы сомасы 388 млн теңгеден астам.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов, былтыр 17 мамыр және 27 маусымда дүлей құйын шыршаларын сұлатып кеткен Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғат паркіндегі табиғат апатының зардаптарын жою, сондай-ақ құлаған шыршалардың орындарына жас көшет отырғызу жұмыстарын барып көрді. 

Алматы облысындағы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің (МҰТП) аумағына жататын «Мохнатка» жотасында қызу жұмыс жүріп жатыр. Медеу мұзайдынынан Шымбұлаққа қарай көтерілетін тау беткейінде орман шаруашылығының 81 жұмысшысы өртенген ағаштарды кесіп, тауды айналып өтетін жолға қарай домалатып жатыр. Жиналған кеспелтектер автокөліктерге тиеліп күресінге шығарылады. «Мохнатка» тауында 22 тамыз күні түнде өрт шығып, таудың сәнін келтіріп тұрған шыршалар екі күн бойы сатырлап жанды. Бұл беткейдегі былтырғы құйын жапырып кеткен шыршалардың 70 пайызы жиналып алынған. Осы оқиға бойынша жұмыс істеген комиссияның мәліметтері бойынша, негізінен, өртенген жердің жалпы аумағы 77,6 гектар, соның ішінде орманмен қамтылған алқап 47,6 гектар болған. Өрт келтірген залалдың жалпы сомасы 388 млн теңгеден астам.
- Орман шаруашылығының инспекторлары, шамамен елу шақты адам түнгі сағат 22.10 минутта өрт сөндіруге кірісті. Артынша Алматы қаласының өрт сөндіру қызметтерінен 12 техника мен 200 адам келді. Талғар жақтан да бір экипаж өрт сөндіру техникасы көмекке жетті. Ең бастысы, шыршаның жас көшеттері егілген 55 гектар жерге өрттің жалынын жеткізбедік. Онда өрттің шығыны тіпті көп болар еді. Әрбір шыршаны біз питомникте төрт жыл бойы өсіріп, бағып-қағамыз. Содан кейін оны апарып отырғызатын жер дайындаймыз. Тау-тасқа балапан шыршаны отырғызу да оңай жұмыс емес. Оның өзіндік технологиясы бар. Былтыр құйын жел құлатқан аумақтардың тазарған 20 гектар тау беткейлеріне шырша еккен болатынбыз. Қазір олар тамыр алып, өсіп жатыр. Енді он-он бес жылда бой көтеріп алса әрі қарай тезірек өсіп кетеді. Осы уақытқа дейін құлаған шыршалардың 20 текше метрі жиналды, - дейді Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғат паркіндегі Орман қорғау бөлімінің бастығы Дархан Исабеков.

Жалпы, орман өртін сөндіруге Іле Алатау МҰТП, Қазавиаорманқорғау, Алматы және Алматы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, Қорғаныс және Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктердің әскери бөлімдері, Қазавиақұтқару сияқты мекемелердің қызметкерлері қатысты. Оған барлығы - 448 адам, 12 АЦ, 9 арнайы техника, 41 көмекші техника және бес тікұшақ жұмылдырылды. Екі күннің ішінде өрт ауыздықталып, сөндірілді. Кейбір шыршалар қазірге дейін бықсып жатыр. Орманшылардың айтуынша, қылтан жапырақты ағаштардың түбірі бір тұтанып алса, қар жауғанша іштен бықсып, түтіндеп тұратын көрінеді. Сондықтан оларды өшіру үшін әрбір жұмысшы тауға шығарда өзімен бірге 5 литр суды көтере барады. Кейбір ағаштардың от кеулеген түбі босап, төмендегі плотинаға баратын жолға құлау қаупі бар. Қазір 9 гектар жердегі құлап жатқан шыршаларды, от шалған түбірлерді жол бойына түсіріп, қоқыс төгетін жерлерге шығаруда. Тазалау жұмыстары кезінде жолдың бұл кесіндісіне екі жағынан жол полициясы тосқауыл қойған. Тезірек бітіру үшін тазалау жұмыстарымен айналысып жатқан төтенше жағдайлар қызметкерлеріне қосымша ұлттық парктің қыз­меткерлері жұмылдырылған.
- Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз. Біреулер қасақана өртеді ме, жоқ басқадай себептер болды ма, оны нақты айта алмаймыз. Қазір «Мохнатка» жотасында күн сайын 60-80 адам тазалау жұмыстарымен айналысып жатыр. Барлық жұмыстарды келесі жылы бітіруіміз керек. Түргеннен Каскелеңге дейінгі орман шаруашылықтарының бәрі жұмыл­дырылды. Өрттен келген залал 388 млн теңгені құрайды. Бүгінде Қа­зақстанда ғана емес, әлем бойынша қатты ыстық болып, өрт қаупі жиіледі. Ресейде соңғы жылдары миллион гектар орман алқабы өртеніп кетті. Семей өңіріндегі ормандарда өрт көп шығып жатыр. Қазір Іле Алатау МҰТП өртенген алқаптың шыршаларын қалпына келтіру үшін Үкіметтен 86 млн теңге бөлуін сұрап отырмыз. Өртенген жердегі шыршалардың қалпына келуі үшін кемінде 25-30 жыл уақыт керек. Ол үшін алдымен күлге айналған жерге шөп егіледі, одан кейін бұталы өсімдіктер, жапырақты ағаштар өсіріледі, содан кейін қылтанды ағаштарды егеді. Бұл өте ұзақ процесс. Былтырғы жылы құйыннан құлаған шыршаларды да беткейлерден төмен түсіруіміз керек. Кейбір адам аяғы жетпейтін құлама құздар болмаса, жоталардағы желсұлатпаны (ветровал) тазалауға күшіміз де, тәжірибеміз де жетеді. Өткен ғасырда бүкіл Қазақстанда мұндай құйындар болған емес. Сондықтан алғашқы кезде біз тау беткейлерінде қалай жұмыс істеу керектігін білмедік. Қазір қолымыз үйренді, тәжірибеміз бар. Қазір желсұлатпаның шеті 500-700 метр биіктікте. Бәрін қолмен істеуге тура келеді. Бұл оңай шаруа емес. Дегенмен қыс кезінде құлаған шыршаларды мұз астаулармен төмен сырғыту оңайлайды. Сол кезде жоспарды орындаймыз, деген үміт бар. Қалай болғанда да Медеу шатқалын желсұлатпадан толықтай тазартуға міндеттіміз, - дейді Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев.
Шындығында, орман, дала өрттері жылдан-жылға көбейіп, етек алып барады. Мысалы, Павлодар облысының мамандары орман мен далалық алқапта тұтанған өртпен бес тәулікке жуық алысып, кеше толықтай сөн­дірілді. Павлодар облысының Железинск ауданындағы ірі орман өрті 1 қыркүйек күні кеште басталған. Тілсіз жау жалпы 144,9 гектар алқапты, соның ішінде орманның 125,2 гектарын жалмаған. Көп жағдайда өртке адам факторы себеп болады. «Мохнатка» тауындағы өртке де адамдар себеп болған сияқты.
- Менің қызметім осы болғандықтан осында арнайы келдім. Тау беткейлерінен құлаған шыршаларды басқа жасыл желектерге зиянын келтірмей түсіруге қазір жұмысшылар үйреніпті. Алғашқы кезде төмен домалататын шыршалардың діңгектері жолындағы ағаштардың бәрін түбірімен жұлып әкететін. Қазіргі істеліп жатқан жұмыстарға көңілім толады. Ал «Мохнатка» тауындағы өртке келсек, оны біреулер қасақана өртеген деген ойдамын. Өйткені өрт үш жерден тұтанған. Ол жерге турис­тер де, малшылар да бармайды. Тік құламаға түнгі сағат ондарда кім баруы мүмкін?! Оны құзырлы органдар тексерсін. Демек, біреулерге ажиотаж туғызу керек болған. Қолдан жасалған өрт. Менің нақты, жүз пайыздық тұжырымым осындай. Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғат паркі - бұл әкімшіліктің де, ешқандай министрліктің де құзырлығында емес, ол мемлекеттік ұлттық парк. Сондықтан оған барлығымыз кө­мектесуіміз керек. Қазір жалаңаш қалған тау жотасы жүргіншілерге қауіп төндіреді. Төбеден тас домалауы мүмкін, қыста қар көшкіндері жүреді. Олай болса, оң жақ беткеймен өрлейтін жолды уақытша жауып тастау керек, - деп «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов өзінің ойын айтты.
Табиғат қорғаушысы Мэлс Елеусізов Төтенше жағдайлар министрлігі және АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне «Ерікті өрт сөндірушілер» қоғамын құру туралы ұсыныс жасаған көрінеді. Ерікті өрт сөндірушілер дружиналарын осы құзырлы органдар қаржыландырып отырса, орман, дала және басқа өрттердің алдын алуға болар еді, деген пікірін айтып, комитет басшысына тың ой салды.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

"Айқын" газеті

0 пікір