Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2652 0 пікір 10 Қыркүйек, 2012 сағат 14:14

Темiрхан МЕДЕТБЕК. Ит жоқта емес, ит барда да – Шошқасы үретiн заман бұл!

ҚАТЫГЕЗ ЗАМАН
Қабағы қырау,
Сақалы мұз -
Мына заманның
Қатыгезiн-ай!
Құбыжық секiлдi
Өн бойын түк басқан,
Сұп-суық ызбарлы
Басы-көзiн-ай!

Қылғытып
Бiр-ақ жұтардай
Өшпендiлiкпен
Қарайды адамға.
Әне бiр жерлерде
Тiкенек погонды
Жын менен перiлер
Ақиқат, шындықты
Шыңғыртып сабауда.

Қатыгез заман бұл.

Бiрде тартылып,
Бiрде iседi.
Қабырға, омыртқаларыңды
Күтiрлетiп шайнап
Қып- қызыл қаныңды
Сораптап iшедi.

Бұл заман, -
Түңiлiп барамын -
Алтын басыңды
Қара бақырға
Сататын секiлдi.
Егер сен
Шындықты айтып
Көрiңе кiрiп кетсең,
Өлi денеңдi
Көрiңнен суырып ап
Ататын секiлдi.

Қатыгез заман бұл.

АСҮЙДЕГI БАТЫРЛАР

Осы бiр асүйде
Батырлар отыр.

Кiм-кiмдi де
Жалынды сөздерiмен
Жасындай жасқайтын,
Iрiген мына қоғамды
Бұтарлап,
Бұтарлап
Бұзып тастайтын
Осы бiр асүйде
Батырлар отыр.

(Ет асулы
Шәйнек қайнап тұр..
Есесi кеткендей
Бiр- бiрiне
Төнiп сөйлейтiн,
Қақыратып
Сөгiп сөйлейтiн,
Асүйдi
Аударып тастардай
Неткен қайрат бұл,
Неткен айбат бұл?!
Ет асулы,
Шәйнек қайнап тұр.)

Тыңдап қарасаң
Лағнет атқыр

ҚАТЫГЕЗ ЗАМАН
Қабағы қырау,
Сақалы мұз -
Мына заманның
Қатыгезiн-ай!
Құбыжық секiлдi
Өн бойын түк басқан,
Сұп-суық ызбарлы
Басы-көзiн-ай!

Қылғытып
Бiр-ақ жұтардай
Өшпендiлiкпен
Қарайды адамға.
Әне бiр жерлерде
Тiкенек погонды
Жын менен перiлер
Ақиқат, шындықты
Шыңғыртып сабауда.

Қатыгез заман бұл.

Бiрде тартылып,
Бiрде iседi.
Қабырға, омыртқаларыңды
Күтiрлетiп шайнап
Қып- қызыл қаныңды
Сораптап iшедi.

Бұл заман, -
Түңiлiп барамын -
Алтын басыңды
Қара бақырға
Сататын секiлдi.
Егер сен
Шындықты айтып
Көрiңе кiрiп кетсең,
Өлi денеңдi
Көрiңнен суырып ап
Ататын секiлдi.

Қатыгез заман бұл.

АСҮЙДЕГI БАТЫРЛАР

Осы бiр асүйде
Батырлар отыр.

Кiм-кiмдi де
Жалынды сөздерiмен
Жасындай жасқайтын,
Iрiген мына қоғамды
Бұтарлап,
Бұтарлап
Бұзып тастайтын
Осы бiр асүйде
Батырлар отыр.

(Ет асулы
Шәйнек қайнап тұр..
Есесi кеткендей
Бiр- бiрiне
Төнiп сөйлейтiн,
Қақыратып
Сөгiп сөйлейтiн,
Асүйдi
Аударып тастардай
Неткен қайрат бұл,
Неткен айбат бұл?!
Ет асулы,
Шәйнек қайнап тұр.)

Тыңдап қарасаң
Лағнет атқыр
Мына қоғамды
Бордай үгiтiп,
Ағаштай жонады.
Қағаздай умаждап,
Шалғындай орады.

Бiрiне бiрi
Сөз бермей
Жұлқынып сөйлейдi,
Тап қазiр
Өлiп кетердей
Булығып,
Қылқынып сөйлейдi.

Көздерi
Үрлеген шоқтай
Жалт-жұлт етедi.
Қолдағы қасықтар
Қылыштан бес бетер
Жарқ-жұрқ етедi.

(Ет асулы.
Шәйнек қайнап тұр.)

Осынау асүйде
Мына қоғамды
Бұтарлап сындырып
Жiлiктей шағатын
Бiр топ
Батырлар отыр...
Пақырлар отыр.

(Ет асулы.
Шәйнек қайнап тұр.)

САРЫАЛА ЖАПЫРАҚТАР

Сарыала жапырақтар,
Сарыала жапырақтар, -
Сарыала кәмпиттер мен
Сарыала шоколадтар құсап
Ескен желменен -
Үстiме! -
Шашу боп шашылып тұр.
Көңiлiм
Көлдей шалқып,
Ал төбем
Көктен де асып
Тасынып тұр.

Төгiлiп жатқан
Сарыала кәмпиттер мен
Сарыала шоколадтарды
Жерден терiп ап
Аузыма салып
Сорғым кеп тұрғаны-ай!
Тағы бiр күздi
Жедел жеткiзген
Заулаған жылдар-ай,
Заулаған жылдар-ай!

Үстiме
Шашу боп төгiлген
Сарыала жапырақтар,
Сарыала жапырақтар...
...Күн ашық.
Таза ауа...
Алайда
Өн бойын мұң басып
Неге тұр
Қалтырап тал...

Құлақ сап тыңдасам
Тап-таза ауада
Қылдай жiңiшке,
Тiндей нәзiк
Бiр үндер бар.
Байқап қарасам,
Тұла бойымда
Бiр түрлi
Дiрiлдер бар...

Сол бiр үн,
Сол дiрiл
Бiр түйiр мұң болып
Түбiнде
Менiң жанымды -
Шаншылып түсiп! -
Ойып алады-ау...
Шамасы,
Көпке ұзамай
Бiздiң үйде де
Қарттықтың
Тойы болады-ау...

Сарыала жапырақтар...
Сарыала жапырақтар...
Сарыала шоколадтар мен
Сарыала кәмпиттер құсап
Сол тойға
Шашу боп
Шашылғаны ма екен?!
Мәртебемдi көтерiп,
Мерейiмдi
Асырғаны ма екен?!

...Сонадай жерде
Кемпiр мен шал
Батар күнге қарай
Таяққа сүйенiп
Қалтылдап кетiп барады...
...Қайран өмiр-ай,
Бiлдiрмей жылжып
Өтiп барады...

Сарыала жапырақтар,
Сарыала жапырақтар...

ЖИIРКЕНIШТI

Ақыл айтатын
Ақсақалдарының
Милары
Шалап боп кеткен;
Табағы итаяқ,
Итаяғы
Табақ боп кеткен
Заман бұл.

Азамат деп жүргенiң
Азалы үйде отырып
Қарқылдап күлетiн;
Ит жоқта емес,
Ит барда да -
Шошқасы үретiн
Заман бұл.

Құласаң -
Досың да бұрылмайтын;
Аппақ шашты
Қайнағалары
Келiндерiне қырындайтын
Заман бұл.

Жиiркенiштi!

ОСЫЛАЙ КЕТЕ БЕРСЕК...

Осылай кете берсек -
Жiңiшкемiз үзiлiп,
Жуанымыз қылдай болады;
Қызымыз күңдей,
Ұлымыз құлдай болады.

Осылай кете берсек...
Ойласам,
Өзегiм өртенiп,
Жаным тұншығып,
Демiм алқынады.
Осылай кете берсек -
Ойдағы суат тартылып,
Бойдағы қуат сарқылады...

Осылай кете берсек -
Түптiң түбiнде
Не болып,
Не қоярын -
Кәмiл бiлемiз:
Киiм таңдамайтын
Диуанадай,
Тиын талғамайтын
Қайыршыдай
Өмiр сүремiз.

ОСЫЛАЙ КЕТЕ БЕРСЕК...

Соңыма түскен бұлт

Өгем тауының басында
Құрттап кеткен
Қар көрдiм.
Сол бiр
Құжынаған құрттарды
Бұл бiр ем ғой деп
Терiп жеген жан көрдiм...

Айтпағым бұл емес.

Сол таудың басында
Шөмеледей бiр бұлт
Соңыма түсiп бердi:
Оңға жүрсем,
Оңға жiбермейдi;
Солға жүрсем,
Солға жiбермейдi.
Алып еменнiң
Бұтақтарындай
Ұзын-ұзын
Найзағайларымен
Жон арқамнан
Тiлем дейдi.

Мен бұған -
Темiрхан басыммен -
Қалай көнермiн.
Таудың төбесiнен
Салбырап тұрған
Арқан-жолдан
Ұстап ап
Төменге жөнелдiм...

Ашу-ызадан
Iсiнiп кеткен
Сол бiр бұлт
Түндей түнердi.
Суығы мен дымқылын
Менiң үстiме
Дем салғандай
Бүркiп-бүркiп жiбердi...

Бiлемiн:
Сол сәтте мен
Қатерлi сорға тұтылдым...
...Әупiрiмдеп жүрiп
Сол бiр
Найзағайлы бұлттан
Әйтеуiр
Зорға құтылдым...

Құтылдым ба ?..

ӨСЕККЕ ОДА

Оған тең келмес
Қандай бiр таралым да...
Ол бүгiнде -
Ешқандай құралсыз- ақ! -
Ауызекi, ауызша
Миллиондаған
"Тиражбен" таралуда.

Оған түк емес,
Жапан түз, қиырың да...
Автобустарыңа да,
Пойыздарыңа да,
Ұшақтарыңа да
Кiрген-шыққанмен,
Ұялы телефондармен
Үздiксiз құйылуда.

Ең бiр күштiмен де
Тең тұрып
Сөйлесе беретiн
Өрелiсiн-ай,
Кiм-кiмдi де
Арбап жiберетiн
Қызыл-жасылды әлемiшiн-ай...

...Мына бiр өсектiң
Күнiңдi қараң етердей
Қап- қара бұлттай
Түйiлуiн-ай.
Мына бiр өсектiң -
Тәттiлiгi сондай! -
Таңдайыңды тамсантып
Үйiруiн-ай.

Мына бiреуiнiң
Бұзығын-ай...
Әне бiреуiнiң
Қызығын-ай...

Әне бiреуi -
Оқ сияқты -
Әлдекiмдердi жаралап жүр.
Мына бiреуi -
Үкiмнен бетер! -
Ақ-адал адамды
Қаралап жүр.
Ұлы мәртебелi
Өсек ханымға
Бар есiк ашық қой:
Парламент дәлiздерiн де,
Ақорда кабинеттерiн де
Сылаңдап аралап жүр.

Аты Өсек болған соң
Бәленiң бәрiн
Ұғып тұрады.
Бәленiң бәрiн
Бiлiп тұрады.
Басқасын былай қойғанда
Темiрбетонды! -
Түрмелерiңе де -
Ешқандай кедергiсiз! -
Кiрiп-шығады.

Апыр-ай,
Оның да соңынан -
Сығалап! -
Күдiк пен Сезiк жүредi.
Өсек оны неғылсын!
Өйткенi ол
Сөз бостандығы тұсаулы
Елдердiң де
Қуыс-қуысына кiрiп,
Тамыр-тамырларын қуалап
Желдей есiп
Кезiп жүредi.

Неткен еркiндiк!

IШIМ КҮЙIП БАРАДЫ

Қарап тұрсам
Көкесiнiң үйiнде жүргендей
Елiмнiң iргесiн
Түрiп қарайтындар;
Несiбе, байлығыма
Емешектерi езiлiп,
Таңдайлары тақылдап
Құлқындары
Құрып қарайтындар
Көбейiп барады.
Соларды көргенде
Керiлген кеудем
Кепкен көнектей семiп,
Жан-жүрегiм
Шөмиiп қалады.

Жүрiстерi суыт,
Жүздерi суық.

Соларға қарасам, -
Қатерлi
Қауiп көргендей болам;
Мойныма киiлер
Қамыт кигендей болам.
Олар түбiнде
Ұйып тұрған
Ормандарымды
Түп-тамырымен отап,
Отын ғып
Жарып кетердей.
Жарқырап жатқан
Зерең-зерең көлдерiмдi
Көтерiп
Алып кетердей.

Әйтеуiр олар
Бiр оңнан,
Бiр солдан шығып
Жалмаңдап жүр.
Солардың берген
Тәттi-пәттiсiне
Алданған
Әне бiр сорлы қазақтар
Асты-үстiне түсiп
Қалбаңдап жүр.

Ендi олар
Мына түрлерiмен -
Көкорай шалғынымды
Батпақ қып
Илеп кетердей;
Пойыздардай
Созылып жатқан
Тауларымның өзiн
Күндердiң-күнiнде
Состав-составымен
Елдерiне қарай
Сүйреп кетердей...

Iшiм күйiп барады.

НЕТКЕН БАҚЫТ!

Бала кезiмде
Сырдария менi
Суына шомылдырып
Қаратаудың өзi
Арқалап
Өсiрiп едi...
Құдайдың нұры түскен
Әуелдегi аймақ қой.
Содан ба,
Әлi де сақтап келедi
Кесапат,
Кесiрден менi.

Қайран Маңғыстау,
Күн-түнi
Ұйтқып соғатын
Желiне орап ап,
Каспийдiң
Толқындарына салып
Тербететiн едi.
Содан соң менi
Ағысқа қарсы айдап
Желбезегi
Түңлiктей желбiреген
Бекiре балықтай
Едiл мен Жайыққа
Өрлететiн едi.

Барған кезiмде
О шетi мен бұ шетiне
Жел соғып жете алмайтын
Ұлы Сарыарқам
Жауырынына жатқызып
Қырат-қырат
Омыртқаларының үстiмен
Жүргiзген болатын.
Сонан кейiн ол
Көкшетауға апарып
Сексен көлiне
Сексен күн бойы
Жүзгiзген болатын.

Ұрандай естiлер
Алып Алатауым-ау,
Саған менiң
Өлең-өмiрiм мен
Бүкiл ғұмырым
Байланып өткен.
Жетiсу - жетi өзенiң
Әлдеқашан-ақ
Жетi мүшеме
Айналып кеткен.

Кей кезде
Одан шығып ап
Шығысқа қарай
Қасқайып тартатыным бар.
Әп-сәтте-ақ
Азуы бiр қарыс,
Түгi түрпiдей,
Көздерi қып-қызыл
Көк бөрiге айналып
Алтайдың
Ақ бұлттарынан шығып,
Қара бұлттарына кiрiп
Қан сорпа болып
Күн-түнi жортатыным бар.

Неткен бақыт!

ҚЫРАНМЕН СУРЕТКЕ ТҮСКЕННЕН КЕЙIНГI ОЙ

Көкшетауға барғанда,
Абылай алаңында,
Хан тағының қасында
500 теңге берiп
Томағалы қыранмен
Суретке түскен едiм.
Апыр-ай,
Бұл жердi де
Базар етiптi-ау
Саудаға кiрген
Iскер елiм.

Суретке түскен едiм!

Оң бiлегiме
Қонған қыраннан
Несiн жасырам!
Жан-жүрегiме
Нұр енiп тұрды.
Өйткенi
Қайран қыран
Көкке кеткiсi кеп
Қайта-қайта талпынып
Тiленiп тұрды...
Бiрақ менiң
Оған қылар
Не амалым бар?!
Қандай құрал,
Қандай жарағым бар?!

Тағдырын көрiп
Қаным атқақтап
Басқа шабуда...
Опасыз дүние-ай!
Бостан рухым -
Қайран қыраным
Келгендермен де,
Кеткендермен де
Суретке түсiп
Ақша табуда...

ЖIК

"Жерден жiк шықты
Екi құлағы тiк шықты"...

Бiреулер оңға кеттi,
Бiреулер солға кеттi.
Бiреулер құмға сiңiп,
Бiреулер сорға шөктi.

Бiреудiң бiреуге
Атарға оғы болмады.
Әне бiреулер
Айнымас достарын
Ежелгi дұшпандарындай көрiп
Тепкiлеп қорлады.
Сонан соң
Түрмеге тығып
Тiкенек сымдармен торлады.

Кешегi ыстық құшақтар
Көкпеңбек
Мұз боп қатты.
Апыр- ай,
Бiрiне бiрi
Өмiрi жiбiмес
Қара тас -
Құз боп қапты.

Бүтiн тарылды.
Жолдар көмiлдi.
Қақпа, есiк жабылды.
Бауыр iрiдi,
Өкпе қабынды.
Дүние қағынды.

Соларға қарап тұрып
Өзiм де
Қақ бөлiндiм.
Өзiме-өзiм
Жат көрiндiм.
Қазiр мен
Оңға жүрсем
Сол жағым жiбермейдi,
Солға жүрсем
Оң жағым жiбермейдi...

Дүние жыртылып,
Айырылып жатты;
Мойыны
Астына түсiп
Қайырылып жатты...
Жiк шықты.
Елiм тұншықты.

ОЙ, ӨМIР-АЙ!

Ет қашып,
Сүйек жұқарды,
Күш, қуат жұталды.

Тамырларым
Құрғақшылық кездегi
Өзендер құсап
Тартылып барады.
Жiлiк майым да
Жiптей жiңiшкерiп
Сарқылып барады.

Кейбiр кездерде
Лап ете түсем де
Жалп етiп сөнiп қалам.
Шынымды айтсам,
Сұп-суық мына тiрлiктен
Жерiп барам...

Неткен тiрлiк бұл! -
Жүрсем де
Абайлап жүрем.
Күлсем де
Абайлап күлем.
Тiптi құдай-ау,
Құласам да
Абайлап құлаймын.
Жыласам да
Абайлап жылаймын...

Мен қазiр! -
Ойдан да шаршаймын, -
Е, құдай,
Өзiң кешiре гөр! -
Тойдан да шаршаймын.
Сонда да... сонда да
Әлдене күтемiн,
Әлдененi аңсаймын!..

Ой, өмiр-ай!

БАҚА БАС, ЕШКI СИРАҚТЫЛАР

Бақа бас,
Ешкi сирақты
Әне бiреулер
Бiзде ғажап... деп
Ескен желдей желпiнуде.
...Ал қазақтар
Бiрiн бiрi тонап,
Бiрiн бiрi өлтiруде...

Өлтiруде!
Сонда да
Бақа бас,
Ешкi сирақтылар
Бiзде ғажап... деп
Желдей боп желпiнуде.

Ендi олар
Алға да, артқа да
Қарар емес.
Жақтары -
Токқа қосылғандай! -
Толассыз сарнаудан
Талар емес.

Ал елiм
Үзiлiп кетердей боп
Жан бағуда.
Бастарын
Бiрде тасқа,
Бiрде тауға соғып
Сандалуда,
Зар қағуда.
Мұнымен iсi жоқ
Бақа бас,
Ешкi сирақтылар
Бiреуi маңырап,
Бiреуi бақылдап
Бiзде ғажап.. деп
Миымызды шағып
Жар салуда.

Темiрхан МЕДЕТБЕК

"Жас Алаш" газеті

0 пікір