Жұма, 26 Сәуір 2024
9512 18 пікір 13 Қаңтар, 2022 сағат 14:02

Назарбаева не дейді?..

Бүгін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаева елдегі жағдайларға қатысты Facebook-тегі парақшасында шағын жазба жариялады. Ол өз жазбасында өзі және әкесі Н.Назарбаевқа моральдық қолдау білдірген азаматтарға алғысын айтып, «қаңтар оқиғасы» кезінде қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.

Әлия Назарбаева не деді?

«Құрметті достар! Біздің елімізде болып жатқан трегедиялық жағдайлар жүрегімді ауыртады. Қаза тапқандар мен құрбан болғандар үшін қаншалықты қайғыратынымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтамын.

Осы бір ауыр сабақ бәріміз үшін тарихымыздағы соңғы оқиға болсын. Бейбіт күнде адамдар өлгені дұрыс емес.

Сіздерге қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Және дәл қазіргідей сәтте менің әкеме білдіріп жатқан моральдық қолдауларыңызға рахметімді айтқым келеді. Ол қазір еліміздің әр аймағынан көптеген хаттар алып отыр. Қазақстанға бейбітшілік пен гүлдену, қазақстандықтарға денсаулық пен амандық тілеймін», - деп жазды Әлия Назарбаева.

Нұрсұлтан Назарбаев қайда жүр?

Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «қаңтар оқиғасына» және елішілік саяси оқиғаларға, ҰҚК басшысының және онымен бірге бірнеше адамның тұтқындалуына, Үкіметтегі ауыс-түйістер мен президент Тоқаевтың мәлімдемелеріне қатысты жария түрде пікір білдірген жоқ.

Ең соңғы рет 28 желтоқсан күні Петерборда өткен ТМД мемлекеттерінің бесресми кездесуінде көрінді. Содан бері баспасөзге шыққан жоқ.

Тек 5 қаңтар күні президент Тоқаев Қауіпсіздік кеңесін өзі тізгіндейтінін мәлімдеді. Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәлімдемеге қатысты да үнсіз қалды. Тек оның баспасөз қызметкері Айдос Үкібай: «Кейінгі уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне қатысты көптеген жалған қауесеттер мен арандатушылық жазбалар таралуда. Қазіргі жағдайда мұндай әрекетті саяси жағдайды тұрақсыздандыру және мемлекеттің конституциялық негіздерін бұзу әрекеті ретінде қарастырамыз. Бұрын мәлімдегенімдей, Елбасы осы күндерде Нұр-Сұлтан қаласында болып, Мемлекет басшысына қолдау көрсетуде. Алайда, жағдай өте қиын болды, сондықтан Елбасының өзі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын Президентке беру туралы шешім қабылдады. Өйткені ол елде болып жатқан тәртіпсіздіктер мен террорлық істер Мемлекет басшылығынан жедел, қатаң және ымырасыз жауап талап ететінін жақсы білді», - деп түсініктеме берген.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл үнсіздігі шын мәнінде ел ішінде түрлі қауесеттердің пайда болуына себеп болды. Алып-қашпа әңгімелерде оның Қытайда жүргені туралы немесе денсаулығы нашарлап, ем қабылдап жатқаны т.б. болжамдар айтылды.

Осыдан кейін Қытай Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Назарбаевтың Қытайда жүргені туралы ақпаратты терістеді.

«Бұл жалған ақпарат. Біз Қазақстанның бұрынғы президентінің баспасөз қызметінің Назарбаевтың қазір ел астанасы Нұр-Сұлтанда екені туралы мәлімдемеге назар аударамыз», - деп хабарлады ҚХР Сыртқы істер министрлігі.

8 қаңтар күні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай «Твиттерде» жазба жариялап: «Елбасы қазір Қазақстан, Нұр-Сұлтан қаласында. Жалған және бұрмаланған ақпараттарды таратпауларыңызды сұраймыз. Елбасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен тікелей телефон арқылы байланысып, консультативтік кездесулер өткізіп жатыр», - деп мәлімдеген.

Артынша, сол күні тағы бір жазба жариялап: «Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, Қазақстанмен серіктес бірнеше мемлекеттің басшыларымен де телефон арқылы сөйлесуде. Елбасы мемлекетіміздің амандығы үшін баршаңызды Қазақстан Президентінің маңайына топтасуға шақырады», - деп жазды.

Дариға Назарбаева қайда жүр?

Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы әрі Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева 11 қаңтар күнгі Мәжілістің жалпы отырысына қатыспаған. Мәжілістің баспасөз қызметі Дариға Нұрсұлтанқызының денсаулығына байланысты жұмысқа келмегенін мәлімдеген.

Orda.kz сайты Дариға Назарбаеваның көмекшісі Жанна Ермековамен сөйлескен екен.  Ермекова Назарбаеваның Алматыдағы үйінде екенін, коронавируспен ауырып қалғанын жеткізген.

Болат Назарбаев қайда жүр?

Сонымен қатар, кеше Қырғызстандық 24.kg сайты Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың Бішкек арқылы Дубайға ұшып кеткенін хабарлады.

«Болат Назарбаев 6 қаңтар күні Қырғызстан территориясына кірді. Алайда, сол күні-ақ, «Манас» әуежайынан Бішкек-Дубай бағыты бойынша ұшып кетті», - деп жазды.

Abai.kz

18 пікір