Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3839 0 пікір 5 Қыркүйек, 2012 сағат 08:53

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ ЖӘНЕ ҮШ ТІЛ

Физиологиялық заңдылық неге есепке алынбайды?

 

Ұрпақ тәрбиесі - қай заманның, қай қоғамның болсын ең өзекті мәселелерінің бірі. Бала тәрбиесіне енжар қараған ата-ана ертең-ақ сан соғары сөзсіз. Демек, алдыңғы буын өкілдерінің кейінгі ұрпақ қамын ойлап, алдын ала жоспарлы түрде баланың денсаулығына көңіл бөліп, бала тәрбиесін бүгіннен бастап қолға алуы кезек күттірмес іс болуы керек.


Физиологиялық заңдылық неге есепке алынбайды?

 

Ұрпақ тәрбиесі - қай заманның, қай қоғамның болсын ең өзекті мәселелерінің бірі. Бала тәрбиесіне енжар қараған ата-ана ертең-ақ сан соғары сөзсіз. Демек, алдыңғы буын өкілдерінің кейінгі ұрпақ қамын ойлап, алдын ала жоспарлы түрде баланың денсаулығына көңіл бөліп, бала тәрбиесін бүгіннен бастап қолға алуы кезек күттірмес іс болуы керек.

Табиғатта тіршілік атаулы артында ұрпақ қалдырып, өз өмірін ұрпақ арқылы жалғастырады. Оның ішінде адам баласының кейінгі өз ұрпағының болашағына немқұрайды қарап, тағдырдың тәлкегіне қалдыруға еш құқы жоқ. Мемлекетіміздің күш-қуатының артып, халқымыздың әл-ауқатының жақсаруы, мәдениетіміздің өсіп, дүние жүзіндегі елдердің алдыңғы сапында жүруіміз үшін де оған дені сау, білімді және мәдениетті ұрпақ керек.
Осыған байланысты көңіл аударатын жайт - Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов биылғы қыркүйек айынан бастап Қазақстанда ЗЗ мектептің бірінші сынып бағдарламасына үш тілде оқыту жүйесі енгізілетіндігін мәлімдеді. Яғни оқушылар енді қазақ, орыс және ағылшын тілін жеті жастан бастап оқиды. Сондай-ақ ол 2020-жылға қарай биология, химия сияқты негізгі пәндер ағылшын тілінде оқытыла бастайтынын шегелеп айтты. Министр мырзаның сөзіне сенсек, бірінші сыныптан бастап үш тілде оқыған бала жаңа заманның талабына, сұранысына сай болмақ екен.
Естеріңізде болса, үш тілде оқыту саясаты осыдан тоғыз жыл бұрын көтерілген болатын.
Әрине баланың шет тілдерін меңгергені дұрыс. Жалпы, адам қанша тілді білсе де артық болмайды. Бірақ кез келген оқушы әуелі өзінің ана тілін толық меңгеруі тиіс. Ол педагогиканың ғана емес, сонымен қатар физиологияның да басты заңдылығы. Себебі жаңа туған нәресте миының салмағы орта есеппен 370-390 грамм ғана болады, бір жасқа толғанда мидың салмағы үш есе өсіп, орта есеппен бір килоға жетеді. Тек бес жастан асқаннан кейін ғана баланың миы толық жетіліп, миының салмағы да ересек адамдардың миындай (орта есеппен 1300 граммдай) болады. Ал бірақ ми қыртыстары нейрондарының (нерв клеткаларының) жетіліп дамуы, негізінен жеті жастан бастап жүре бастайды (Ю.И.Барашнев, 1971 ж.). Сол себепті дені сау баланы жеті жастан бастап әр нәрсеге үйретіп, білім беруге болады. Бірақ мұны бірте-бірте, миына көп салмақ түсірмей жүзеге асыру керек. Адамның миы анатомиялық және физиологиялық қасиеттеріне байланысты негізінен бес бөліктен тұрады. Ми қыртысының самай бөлігінде тілге байланысты өте маңызды сенсорлық орталық (сенсорный центр речи Вернике) бар. Ол орталық, оның қасиетін тыңғылықты тексеріп, дәлелдеген ғалымның атымен - Вернике деп аталады. Бұл орталықтың адам жарық дүниенің есігін ашқаннан бастап, өсіп-жетілуіне тигізетін қызметі өте зор. Ол орталық нәрестенің есту қабілеті мен сөзге үйрену қабілетін (естіген сөздерін ұғынып, еске сақтау) дамытатын орталық. Жапон ғалымдары электроэнцефалограммалық (ЭЭГ) тексерулер арқылы нәрестелер туғаннан кейінгі үшінші күннен бастап анасының даусын басқа дауыстардан ажырата алатындықтарын және анасының даусын естігенде қуанып, еміреніп, емшек емуге даярлана бастайтындығын дәлелдеді. Сондықтан кез келген ана баласын өз тілінде еркелетіп, сөйлеп отырып, еміреніп емшегін емізгені жөн. Сонда нәрестенің Вернике орталығы дамып, бірте-бірте анасының сөзін еске сақтап, айтқан сөздерді түсіне бастайды және сөз қорын жинақтайды. Сол себепті, ақыл-есі дұрыс дамыған, 5-6 айлық шақалақ айтқанға түсініп, сөйлей алмаса да, айтқан бұйрықты орындай бастайды. Осыны білген біздің ата-бабаларымыз бесік жырын тектен-текке айтпаса керек! Сол бесік жырларының арқасында қазақтың әйгілі Құрманғазы, Тәттімбет, Дина апамыз сияқты дарынды күйшілері (арнайы музыкалық білімсіз-ақ) дүниеге келген!
Енді 6-7 айлық бала үлкендердің аузына қарап (бет-әлпетінің қимылын бақылап), бірте-бірте сөйлеуге әрекет жасайды. Ол үшін тілді қимылға келтіретін артикуляциялық аппараттарын іске қосуы керек. Оларды іске қосатын орталық ми қыртыстарының шеке бөлігінде орналасқан және сол орталықтың қызметін дәлелдеген ғалымның атымен - Брок орталығы (двигательный центр речи Брока) деп аталады. Осы орталықтың көмегімен бала сөйлей бастайды. Әуелі бір-екі буынды сөздерді айтып, бірте-бірте сөз байлықтарын көбейте бастайды...
Осы екі орталықтың бір-бірімен сәйкес жұмыс атқаруының арқасында ғана баланың сана-сезімі дамып, дұрыс қарым-қатынасқа түсіп, сөйлей бастайды. Баланың сана-сезімі дұрыс дамуы үшін баланың ата-анасы балаға бір тілде, негізінен ана тілінде сөйлеуі қажет. Сонда ғана баланың миы, әсіресе тілді дамыту орталықтары (Брока және Вернике) дұрыс жұмыс істейді. Қазіргі қала балалары, мен орысша-қазақша араластырып сөйлейтін отбасылар сәбилердің тілдері кеш шығып, нашар сөйлейтіндігі де осыған байланысты. Себебі баланың сенсорлы орталығы (Вернике центрі) екі тілдегі сөз қорын есте сақтап, жинақтағанда орысшасы қайсы, қазақшасы қайсы екенін ажырата алмай, қатты қиналады. Сол себепті де маман логопедтер баламен оның миы әбден жетіліп, дамығанша өз ана тілінде ғана сөйлеуге кеңес береді. Сондықтан да, әдетте жақсы сөйлей алмайтын бүлдіршіндер балабақшаға барғанда өзі қатарлы балалардың сөйлегенін естіп, миында қорытып, тез жетіліп, жақсы сөйлеп кетеді. Осыған байланысты көп балалы үйдің де балалары, жалғыз баласы бар үйге қарағанда, тез және жақсы сөйлейді.
Осы нейрофизиологиялық заңдылықты білетін әрі ескерілген өркениетті елдерде ана тілінен басқа тілді баланың ми қыртыстарының клеткалары дамып, сана-сезімі әбден жетілгенде ғана үйрете бастайды. Мысалы: Жапонияда бала 12 жасқа дейін тек қана өзінің ана тілінде білім-тәрбие алады және өзінің ана тілінің құдіретін бойына сіңіреді. 12 жасқа толғаннан кейін ғана басқа тілді меңгеруге рұқсат алады.
Неге жеті жастан бастап басқа тілдерді оқытуға болмайды?
Бірінші сыныпқа барып алғаш рет партаға отырған балаға ана тіліндегі әліппені игерудің өзі оңайға соқпайды. Кез келген жоғарғы білімі бар педагог-психолог жақсы біледі. Білікті ата-аналар баласы 1-сыныпқа баратын болса, әдетте, жұмысынан бір айға демалыс алып, жас жеткіншекті әліппені ежелеп оқуға, жазуға дайындайды, күнделікті сабақтан үйге келген соң онымен бірге партаға отырып, тыңғылықты үйретіп, дағдыландырады. Педагогиканың тілімен айтқанда, жас жеткіншектің шартты рефлексін қалыптастырады.Осылайша бала анасының және педагог-мұғалімнің арқасында бірте-бірте әліппені оқуға үйрене бастайды. Оның өзі, бұған дейін ештеңені ойламай емін-еркін жүрген ойын баласына оңайға соқпайды.
Ал енді осы балаға қосымша басқа тілді үйретуге әрекет жасау баланың миына қосымша күш түсіріп, баланың ойын ойрандап, невроз немесе психоневроз ауруына шалдықтырады. Себебі бір әрібі бірнеше дыбысты беретін ағылшынның әліпбиі ойын баласына оңай соқпайды... Одақ кезіндегідей қазір балалардың барлығы балабақшаға барып, мектеп алды дайындықтан да өтпейді. Сонымен қатар қазіргі мектептердің оқу жоспарлары да қиындап кеткен. Оны да ескерген жөн.
Естеріңізде болса, өткен ғасырдың 80-жылдары бүкіл Одақ бойынша мектепке 6 жастан баратын болып, 4-5 жылдай балаларды сол үрдісте оқыта бастап, кейін қайтадан жеті жастан оқытатын болғанбыз. Неге? Себебі сол жылдары психоневрозға шалдыққан балалар одақ бойынша күрт көбейіп, педиатрлар мен невропатологтар шу көтеріп, әрең қойдырған. Соны да ұмытпағанымыз жөн!
Жастар арасында онсыз да жүйке дерті жылдан-жылға көбейіп бара жатқаны белгілі. Оған дәлел - «өз-өзіне қол жұмсап», асылып өліп жатқан жас жеткіншектердің жыл санап көбейіп бара жатқаны.
Қалай десек те, 1-сыныпқа келген жас бүлдіршін ана тілінде ғана білім алуға тиісті. Өйткені бұл - табиғи заңдылық. Тіл заңдылығы және нейрофизиологияның заңдылығы!
Біз осы мәңгілік педагогикалық заң­ды­лық­ты неге арзан саясатқа айырбастауымыз керек?

Әбдісабыр Өмешұлы,
Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін
жетілдіру институтының балалар
хирургиясы курсының меңгерушісі

"Түркістан" газеті

0 пікір