Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Мәдениет 5136 51 пікір 28 Желтоқсан, 2021 сағат 19:21

«Сарай сыры»: Жәңгір хан ең мықты реформатор болды

Күні кеше Алматыдағы Ұлттық кітапханада Тәуелсіздік мерейтойына арналған тарихи телехикаялардың таныстырылымы өтті. Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған. Биыл 9 тарихи туынды түсірілген. Оның ішінде, Жәңгір хан туралы «Сарай сыры» телехикаясы да көрерменге жол тартпақ.

Іс-шараға ҚР Мемлекеттiк хатшысы Қ.Көшербаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева, медиаменеджерлер, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.

«Кино – ұрпақ санасын қалыптастыратын идеологиялық құрал. Жаһандану дәуірінде өмір сүріп, әлемдік мәдениеттің мың сан бояуы бір арнада араласып кеткен заманда есік-тереземізді қымтап, өркениеттен бөлектеніп өмір сүре алмасымыз анық. Осы ретте ұлттық идеологиямызды насихаттауда, ұрпаққа ұлағатты тәрбие беруде, ұлттық сипатымызды танытуда кино өнерінің алар орны ерекше. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында аталған салаға айрықша басымдық берді. Президент мақаласында: «Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын», - деген болатын» - деді Мемлекеттiк хатшы.

«Телевизия тек қана ақпарат тарату көзі ғана емес, ұлттық идеология мен қоғамдық тәрбиенің өзі екенін үнемі айтып келеміз. Бұл – біздің ұрпақ тәрбиесіндегі басты назарда ұстайтын дүние. Өзіміздің ұлттық ұғымға, халықтың мінез-құлқына сәйкес келетін өнімдер жасау басты міндет. Сондықтан 2020 жылы мемлекеттік телеарнадағы шетелдік өнімдер үлесін 30 пайызға қысқарту туралы шешім қабылданған болатын. Одан кейін босаған ақпараттық кеңістікті лайықты, сапалы өніммен толтыру мәселесі тұрды. Бұл ретте Қазақстан ұлттық арнасы, Хабар арнасы, Абай арнасы, Ел арна бүгінде қоғамның рухани және мәдени талғамын көтеруге зор үлес қосты», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Тарихи сериалдарға бөлінетін қаржыны көбейту керек!

Сонымен бірге министр, Үкімет деңгейінде шешуді талап ететін кино саласындағы телехикая түсіруге бөлінетін қаржының жетіспеушілігі, уақыт пен кадр тапшылығы, тарихи фильмдер түсіруге қажетті реквизиттердің жетіспеушілігі сияқты бірқатар мәселелерді атап өтті.

«Аталған мәселелер бойынша келесі шешімдерді ұсынуға болады: отандық телесериалдарды түсіру жобасына Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының әлеуетін пайдалану. Бұл бірінші кезекте қаржы мәселесін шешуге бірден-бір септігін тигізер еді. Екіншіден, мемлекеттік ақпарат тапсырысы шеңберінде бөлінетін қаржыны үш жылдық бюджет форматына ауыстыру. Бұл тарихи туындыларды түсіруге жеткілікті уақыт беріп, түсірілім барысында туындаған мәселелерді сапалы шешуге оң ықпал етер еді. Тағы бір атап өтетін мәселе тарихи туындылар түсіруге қажетті реквизиттердің жетіспеушілігі жиі орын алады. Бұл ретте, «Қазақфильмнің» балансындағы костюмдер мен декорацияларды жеңілдікпен немесе тегін пайдалану мүмкіндігі қарастырылса. Бүгінде оларды сериалдарға қолдану үшін қомақты төлемақы талап етіледі. Бұл де өз кезегінде бөлінген қаржыға айтарлықтай салмақ салады», - деп сөзін түйіндеді министр.

Ұлттық жобалардың бірі ретінде мемлекеттік арнада жарық көрген 9 фильмнің ішінде ерекше атап айтпағымыз – «Сарай сыры» телехикаясы. Неге? XIX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында Бөкей ордасын билеген Жәңгір хан туралы көркем туынды тарихтағы шиеленіске толы кезеңді ұтымды бейнелей алды ма? Хан Жәңгір билеген тұста қазақ шаруалары бірте-бірте шұрайлы жерінен айырылады. Шабындығы мол, шөбі шүйгін, өзен-көлді аймақты орыс пен қазақтың байлары және казактар иелене бастайды.

Қарапайым бұқараның жағдайы бай-манапты уайымдатпады. Сол кездері халық арасынан шыққан, елге беделді ақын-батырлар Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы қол бастап, Жәңгір ханға қарсы шығады. Біздің тарихтан білеріміз осы. Ал, Бөкей ордасын зерттеген «Сарай сыры» атты туындының басты идеясын құрастырушы Арман Сқабылұлы бұл турады не дейді?

Бұл жұмысқа кіріспес бұрын он жылдай зерттедік

Арман Сқабылұлы:

Мен 2010 жылдары «Хабар» арнасында жұмыс істеп жүрген кезімде Бөкей хан туралы деректі фильм түсірдік. Сценарийін өзім жаздым. Бөкей хан – Жәңгір ханның әкесі. Туындыға арқау болар деректерді кеңінен іздестірдік. Ресейге барып, Омбы, Орынбор қалаларындағы архив материалдарын ақтардық. Сол кезде Бөкейдің баласы Жәңгір туралы бірталай тарихи деректер алдымнан шықты.

Естеріңізде болса, түріктің «Сұлтан Сүлеймені» әлемге кеңінен таралып, дүркіреп тұрған кезі болатын. Жәңгір ханның ордадағы өмірі, сарай ішіндегі отбасының тіршілігі осы түрік сұлтандарының өміріне, сарайдағы шытырман оқиғаларына қатты ұқсас екенін байқадым.

Жәңгір хан Қазанның татар муфтиінің қызы Фатиманы төртінші әйелі етіп алады. Фатима 7 тіл білетін білімді, өзі сұлу, өзі ақылды екен. Ханның ерекше махаббатына бөленеді. Фатима келген соң, ордада түрлі шытырман жағдайлар басталады. Жәңгір ханның бір әйелі кейін ұлы қайтыс болады. Олардың неден қаза болғаны белгісіз. Ел аузында әйелдердің қызғанышы себеп болған не улап өлтірген деген әңгімелер тараған. Зейнолла Қабдоловтың «Махамбет» романында да Фатима туралы айтылады. Бірде Фатима патша сарайында болып, патшамен би билейді. Екеуі французша сөйлеседі. Фатиманың біліміне таңғалған патша «мына жабайылардың арасында қалай жүрсіз», дейді қазақтарды меңзеп. Фатима «олар жабайы емес, олардың мәдениеті өте жоғары», деп жауап береді.

Міне, осындай қызықты деректер көркем сериал түсіруге сұранып тұрды. Фильм шығару деген ой болған жоқ, бірақ іштей дайындық болды. Он жылдай зерттедік. Осыдан екі-үш жыл бұрын Қазақстан арнасына ұсындым. Арна қабылдағанымен, қаржы жағынан мәселе туындады да, мен бас тартқанмын. Биыл келісімге келіп, фильмді бірлесе түсірдік. Жәңгір хан сарайындағы оқиғаларды 50-60 сериалға дейін жеткізуге болатын еді. Оған қаржылық мүмкіндік болмады. Қазір 12 сариясын түсіріп қойдық. Түсіретін оқиғалар әлі де көп.

Кейбір киногерлердің «тарихи» деп түсірген киносын айтуға аузың бармайды

Біз бұрынғы Омбы, Орынборды, Петербург қалаларын, Бөкей ордасын көрсету үшін компьютерлік графика қолдандық. Қазақ тарихи сериалдарында бұрын-соңды компьютерлік графика қолданылмаған.

Бізде бір қатып қалған қағида секілді бір мәселе бар. Тарихи кино түсірсек, қазақтарды жыртық шапанмен, көшіп-қонып, ат соңында ілбіп жүрген халық секілді ғана қылып көрсету керек сияқты. Анау кейбір киногерлердің «тарихи» деп түсірген киносын айтуға тіпті аузың бармайды.

Түрік сериалдарын қараңызшы. Сол замандағы Сүлеймен патшалары тап осы сериалдағыдай боп киініп жүрді ме екен? Жоқ, әрине. Бірақ, түріктер өздерін әлемге қалай көрсету керектігін біледі. Аузымыздың суы құрып көрген «Сүлеймен Сұлтандағы»  әйелдердің ғажайып киімдері Осман империясы тұсында болмаған да екен. Сериалдың костюмерлері 17 ғасырдағы еуропалық әйелдердің киімдерінің прототипін ала салған. Не үшін?  Ұлы түрік халқын жақсы жағынан әлемге паш ету үшін!

Ал, Жәңгір ханның сарайында мұның бәрі болған! Дәлеліміз жетеді. Мұражайдағы Фатиманың киген киімдері сақтаулы. Киімді жоғары талғаммен, арнайы тіктіріп кигені сезіледі. Сарай ішінде пианино болған. Еуропаша шанышқымен тамақ жеген. Біз сарайдың декорациясын жасадық. Барлығы 12 бөлме болды.

Жәңгір қазақ хандарының ішіндегі ең мықты реформаторы болды

Шындығында да, Жәңгір - көшпелі қазақ даласына өркениеттің тамырын алғаш тартқан тұлға ғой. Бүгінде Елордамыздың сәніне айналған Ботаникалық саябақ сол заманның өзінде Бөкей ордасында болған. Біз Жәңгірді тек жаман жағынан жаттап өстік. «Хан емессің қасқырсыңнан» басқаны білмей келдік. Соңғы жылдары тарихшылардың зерттеуіне қарасақ, Жәңгір хан қазақ хандарының ішіндегі ең мықты реформатор хан болған. Қазақ даласына тұңғыш мектеп салдырған адам. Ең бірінші болып банк ашқан. Фельдчерлік пункт салдырған. Түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпені де қазақ даласына алған боп әкелдірген хан Жәңгір екен. Өте білімді, өзі 5 тіл, жары Фатима 7 тіл білген. Қазіргі «Болашақ» бағдарламасы сияқты, жастарды шетелге жіберіп оқытуды да Жәңгір хан алғаш болып қолға алған. Қазақ жастарын Петербург, Омбы сияқты қалаларға жіберіп, Ресейдің Думасына да Бөкей ордасынан шыққан білімді азаматтар сайланған. Алаш үкіметінің 3 өкілі Бөкей ордасынан білім алған. Осы жағынан алып қарасақ, ол құрметке лайық. Бірақ, қайшылықты тұлға.

Жәңгірді ұлықтау үшін, Махамбетті түсірудің қажеті жоқ

Мемлекетті басқарған адамды жүз пайыз керемет не жүз пайыз жаман деп айтуға болмайды. Жәңгірдің кезінде Ресей қазақ жерін жаулап, бекіністер салып, Жайықтың жағасына ентелей енді. Қазақтың жайылымы қысқарып, халық қиналды. Ресейдің қысымына төтеп беретін күш жоқ, әрі халықты қырып алмау керек, жерден айырылып қалмау керек болды. Жәңгір екі оттың ортасында қалып, бірақ одан жол тауып шығады. Мен айтар едім, Жәңгірдің заманында халықтың көңілінен толық шығу мүмкін болмады. Біз оқыған тарих «бай» мен «хан» жаман деген кеңестік идеологияға негізделді, ал, фильмде қолданылған деректер – бұрын-соңды болмаған тың деректер. Соны барынша көрсетуге тырыстық.

Халықтың жүрегіндегі Исатай мен Махамбеттің образы олардың ақындығы мен батырлығы сол қалпында қалуы керек. Олардың ерлігі өшпейді. Бірақ Жәңгірді ұлықтаймын деп Махамбетті түсірудің қажеті жоқ. Махамбет өз биігінде қалуы керек. Адамды бірқалыпты сипаттауға болмайды. Оң жағын да, теріс жағында көрсету керек. Жәңгірді реформатор ретінде көтерсек, Исатай мен Махамбетті батырлығы үшін көтереміз. Исатай да, Махамбет те, Жәңгір де өз биігінде қалатын тұлғалар.

Махамбет пен Жәңгір әуелде дос болған. Араларына от түсіп, екеуі ренжіседі. Бұл туралы да түрлі деректер бар. Кейбір мәліметтер оқиғаға Фатиманы араластырады. Қазір түсіріліп болған көркем сериалдың 12 бөлімінде жер мәселесі көтеріледі. Яғни, Исатай мен Махамбеттің күш біріктіре бастаған кезі, Махамбеттің Бөкей ордасынан кеткен кезіне келіп тоқтадық.

Тұлғалардың өмірбаянын тізіп шығу  - көркем фильм емес!

Біз көбінесе қатып қалған көзқарасты өзгертуге тырыспаймыз. Тарихи көркем фильмдер түсіргенде тарихи фактілерге жүгініп, автобиография сияқты, тұлға өмірін бастан-аяқ баяндап шығуға құмармыз. Бұл деректі фильмге тән нәрсе. Ал, көркем фильм бөлек дүние. Туынды қызық болуы үшін тарихта болған не болмағаны белгісіз образдар қосылуы мүмкін. Барынша көркемделе түсуі керек. Мысалы, жақында жарық көрген Мұрат Есжанның «Ұлт ұстазы» сериалындағы Әліби Жангелдин төңірегінде талас-тартыс болып жатыр. «Әліби Жангелдин Ахмет Байтұрсыновқа олай айтпаған, күні мен жылы сәйкес келмейді», деп біз сериалдың көркем туынды ретінде түсірілгенін ұмытып кеттік. Ол фильмде патриотизм бар. Көзіңе жас алып отырып көресің.

Мен сізге айтайын, орыстың Колчак туралы «Адмирал» деген фильмін көріп шықтым. Колчак тарихта елді қырған жауыз, озбыр, қазақ революционерлерінің біразына қорлық көрсеткен. Ал, кинодағы образына ғашық боласыз. Оны жағымды кейіпкер етіп берген. Сол сияқты көзқарас қалай болғанда да керек.

«Сарай сыры» телехикасының режиссері Бақыттас Сәнитас фильмнің түсіру процесі туралы һәм алдағы уақытта тарихи сериалдың екінші маусымын түсіру ойда бар екенін айтып берді.

Біз Махамбет пен Исатай тұлғасына баға бере алмаймыз

Бақыттас Сәнитас:

Түсірілім уақыты жалпы 40 күнді алды. Туынды жарыққа шыққанша Қазақстан телеарнасымен тығыз байланыста жұмыс істедік. Сериалды екі кезеңге бөліп түсірдік. Алматы облысының «Қараой» ауылында арнайы декорация тұрғыздық. Қызық сәйкестікті айта кетейін, Махамбет батырдың қайтыс болар алдында тұрған жерінің аты «Қараой» екен. Өзім кино түсіру барысында Еділ мен Жайық атты екі ұлы бар бауырымыздың үйінде тұрдым.

Тарихи көркем фильмнің негізгі мақсаты – ол көрерменді қызықтыру. Сериалды көре отырып көрермен, фильмдегі кейіпкерге қызығып, оның өмірбаянын, атқарған ісін зерттеп, тарихи фактілер іздейді. Әрі қарай тарихты оқуға құлшынысы артады. Көркем фильм көрерменін баурай отырып, оның білім алуына сеп болады. Бұл дүниежүзіндегі кино әлемінде таралған үрдіс. Көркем фильмде барлығы «тарихи фактіге» негізделе бермейді. Өткен оқиға ауыздан-ауызға таралып, бастапқы мән-мағынасы өзгеріске ұшырайды. Сондықтан көркем фильмнен нақтылықты талап ету көп жағдайда дұрыс емес.

Біз кино жасаушы ретінде Махамбет пен Исатай тұлғасына баға бере алмаймыз. Кеңестік дәуірде «хан» жаман, кедей «жақсы» деген пропоганда көп болды. Біз бір тұлғадан екінші тұлғаны биік қоюдан аулақпыз. Құдай қаласа, екінші маусымы болуы мүмкін. Сол жерде оқиға әрі қарай өрби түседі. Жәңгірдің жасаған қадамдарына туындыгер ретінде жауап табуға тырысамыз.

Айжан Темірхан

Ескерту!

Аталған мақалада аттары аталған адамдардың жеке басына, ар-ұжданына тіл тигізетін және бейәдеп, бәдік пікірлерге жол берілмейді. Abai.kz ақпараттық порталы еркін алаң. Мұндай ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның кез келген азаматы құқылы.

Жоғарыдағы материалға қатысты айтар уәждеріңіз болса, сауатты пікір қалдыруға немесе порталымыздың электронды поштасына жеке материал ретінде жолдауларыңызға болады.

Abai.kz

51 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2169
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2571
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2450
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1672