Сенбі, 27 Сәуір 2024
Деп жатыр 3018 0 пікір 20 Желтоқсан, 2021 сағат 16:56

Құмтөр ісі: Ақаев ақталды. Бакиев ше?

Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың үстінен қозғалған барлық айыптаулар алынып тасталып, қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы оның әріптесі болған Бекболот Талғарбеков мәлімдеген.   

Оның айтуынша, бұрынғы мемлекет басшысына тағылған барлық айыптар жойылды. Ақаевқа қатысты қылмыстық іс – қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Тергеу ісі Ақаевтың және оның туыстарының «Құмтөр» жобасынан ақша алмағанын анықтады.

«Асқар Ақаевтың Centerra Gold Inc те бірде-бір акциясы жоқ. 2003 жылы Үкімет Centerra құру туралы шешім қабылдады. Келісімді дайындағанда оның құрамына «Қырғызалтын» кірген мемлекеттік комиссия, Үкімет пен парламент өкілдері, соның ішінде Ақылбек Жапаров та кірді. Үкімет тек келісімді мақұлдады. Бұл келісімді бекітілмес бұрын Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының сарапшыларына жіберілді. Олар келісімді дұрыс деп тапты. Асқар Ақаев бұған дейін мемлекеттік комиссияны тексермей, оған сеніп қалғанын өз қателігі деп есептеп халықтан кешірім сұрады», - деді Бекболот Талғарбеков.

Асқар Ақаевқа қатысты қылмыстық істің зерттелуі кезінде сұрақтар туындаса оны тергеуге куәгер ретінде шақыруы мүмкін.

2005 жылдан бері Мәскеуде тұратын Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев бұған дейін де тамыз айында Бішкекке шақырылып, елдегі ең ірі «Құмтөр» алтын кен орны ісі бойынша жауап беруге келген. Бұл іске бұрынғы премьер-министрлер, депутаттар мен шенеуніктердің де қатысы бар.

Елдің бұрынғы президенті басқа шенеуніктермен бірге 1992 жылы «Құмтөр» жобасы бойынша бас келісімді жасасу кезінде, 1994 жылы оған өзгеріс енгізу барысында, сонымен қатар 2003 жылы «Камеко» компаниясымен бас келісімді қайта құрылымдау кезінде сыбайлас жемқорлық фактісіне жол бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын.

Айта кетейік, Қырғызстанның алғашқы президенті 2005 жылғы төңкерістен соң елінен кетіп қалған. Асқар Ақаев қазіргі күнде Мәскеудің тұрғыны. Ол өткен жылы өзінің ел басқарып тұрған кезіндегі қателіктері үшін Қырғызстан халқынан кешірім сұраған болатын. Қазақстанның экс-президентімен құдандалық қатынасы бар Асқар Ақаев биыл 10 қарашада жетпіс жасқа толды. Ол 1990 жылдан 2015 жылға дейін Қырғызстан билігінде болды.

Айжан Темірхан

Abai.kz

0 пікір